«1 миллион гектар жерді бөлшектеп берсек, өкінбейміз». «Қауіпсіздік кеңесінің рөлі күшейтілетін болды». «Дағдарыстың жаңа толқыны: қауiп пе, әлде дақпырт па?». «Ұлттық мемлекеттер дәуірі аяқталған жоқ, қайта туып келеді». «Неге біздің жолдар тез бұзылады?

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 9 желтоқсан 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Назарбаев жеке өмірге қол сұққандарды қылмыстық жазалайтын заңға қол қойды”. “Қарашаның 8-күні президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жеке өмірдің құпиясын ашқандарды қылмыстықжауапқа тартуды көздейтін заңға қол қойды. Бұл заң бойынша қылмыстыдеп танылғандарды 5 жылға дейін түрме жазасына кесу көзделген.

… Және де бұл заңға сәйкес, жедел-іздестіру материалдарын бұрмалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, азаматтардың жеке өміріне қатысты қол сұғуға болмайтын деректерді жария жасамауға байланысты жедел-іздестіру қызметкерлеріне қойылатын шектеулер ауқымы кеңейтілді. Сонымен бірге, байланыс желілеріне заңсыз қосылу ұғымы қолданысқа енгізіліп, ондай іспен айналысуға тыйым салынды.

Бұдан өзге, парламент депутаттарының бастамасы бойынша прокурорларға жедел-іздестіру қызмет субъектілерінің арнайы шараларды жүргізген кездегі, соның ішінде телекоммуникация желілері мен байланыс арналарындағы іс-әрекеттеріне қадағалау жасау өкілеттігі берілді.

Бұл жаңа заңның жобасын бұған дейін Қазақстан парламенті қысқа мерзімнің ішінде қарап, көпшілік дауыспен қабылдап үлгерген болатын. Журналистер, адам құқығын қорғаушылар мен оппозиция өкілдері бұл жаңа заңды елдегі сөз бостандығын шектеуге бағытталған кезекті қадам деп қабылдады. Олар жаңа заңда азаматтардың жеке өміріне қатысты деректерді жариялаушыға 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қолдану көзделгенін сынға алған болатын. Қазақстанда ақпарат жинауға қатысты жаңадан енгізіліп отырған бұл шектеулер ел президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат ӘЛИЕВ пен оның дұшпандары арасында “компроматтар соғысы” жалғасып жүріп жатқан кезде қабылданып отыр”. Авторы: Светлана ИСАЕВА.

AIKYN.KZ. “1 миллион гектар жерді бөлшектеп берсек, өкінбейміз”. “Таяуда Елбасымыз іргедегі көрші, алып Қытай Қазақстаннан 1 миллион гектардай жер “сұрап” жатқанын мәлімдеді. Ал бұған дейін Араб әлемінің алпауыттары да еліміздің аграрлық саласына инвестиция құйып, отандық азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасының ойдағыдай жүзеге асырылуына үлес қосу үшін жер “сұрағаны” белгілі.

Қазір Қазақстанның табиғи әлеуетінен жеткілікті мөлшерде хабардар болған талай мемлекеттің немесе талай ақшалы қалтаның келешекте де осында аграрлық саланы дамыту мақсатында инвестиция құюға жер “сұрауы” әбден мүмкін. Қысқасы, Қазақстан жеріне “құда түсушілер” көбеймесе, азаймайды.

… Келесі бір ойласатын тұс — Қазақстанның нарықтық экономика бойынша өмір сүруге көшкендігі. Елдің нарықтық қоғамда өмір сүріп жатқанын сырт көзге нақты мысалдармен дәлелдеу үшін де жеріміздің сатылатындығы жайлы заң қабылдадық. Қысқасы, Қазақстан жері осы уақытқа дейін де сатылған, жалға берілген, бұдан кейін де жоғары биліктің немесе орта буындағы аймақтық атқарушы биліктің өз еркіндегі жерді сатуға немесе ұзақ мерзімге жалға беруге құқы бар. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Қазақстаннан жер сұраушылардың “өтініші” қанағаттандырылуы әбден мүмкін деген ой көкейге толық орнығып, сонан соң “сұрағандарға қандай жерді береміз?” деген сұраққа өз білігімізше жауап беруді жөн көрдік….”. Авторы: Жұмабек ЖАНДІЛДИН.

EGEMEN.KZ. “Қауіпсіздік кеңесінің рөлі күшейтілетін болды”. “…Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың төрағалық етуімен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы болды. Отырыста үш мәселе – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін жетілдіру туралы, Қазақстан Республикасының дағдарыстан кейінгі даму стратегиясы туралы және Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге дайындық барысы туралы мәселелер қаралды.

… Қазақстан Президенті бірінші мәселеге қатысты тұрақтылықты қамтамасыз етіп, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуда Қауіпсіздік Кеңесінің рөлін барынша кеңейту қажеттігіне баса назар аударды. Мемлекет басшысының атап өткеніндей, елімізді дағдарыстан кейін дамытуда аса ауқымды міндеттер күтіп тұр. Ол қуат-күшті жұмылдырып, ресурстарды шоғырландыруды, мемлекет пен қоғамның барлық шараларын үйлестіре білуді қажет етеді. Президент, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі маңызды саяси орган ретінде тәуелсіз Қазақстанның алдағы кезеңдерде дамуы үшін аса іргелі және өзекті проблемалар бойынша стратегиялық жоспарлау мен саяси шешімдер дайындау міндеттерін өзіне алуы қажеттігін атап көрсетті.

…Қауіпсіздік Кеңесі тиісті мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын үйлестіретіндіктен, ол барлық ақпараттарды, ғылыми ресурстарды және басқарудың жаңа технологияларын мақсатты түрде белсенді пайдалануы тиіс. Осыған байланысты, деді Президент, Қауіпсіздік Кеңесінің жанынан жаңа ақпараттық және талдау құрылымы құрылатын болады. Сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы Сараптау кеңесі мен Ведомствоаралық комиссияның қызмет ауқымын кеңейту мәселесіне де назар аударылды. Бұл қазіргі заман жағдайларына мақсаткерлікпен қарап, дербес жауапкершілік қағидаттарына сүйене отырып, жүйелі жұмыс істеу үшін қажет. Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Үкімет әзірлеген 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарының жобасы да жан-жақты талқыланды…”. Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.

TURKYSTAN.KZ. “Дағдарыстың жаңа толқыны: қауiп пе, әлде дақпырт па?”. “Әлемдiк экономиканы дағдарыстың жаңа толқыны соға ма? Үкiметтердiң дағдарысқа қарсы бағдарламаларын қашан тоқтатқан жөн? Қытайдың 586 млрд. долларға тең қаржылық қолдауы әлемдiк экономика тұрақтылығына төнген қауiп болса, оның алдын алу шаралары қандай?

ТҰРАҚТЫЛЫҚ ҮШIН – 9 ЖЫЛ. Жуырда Дубайдың мемлекеттiк инвестициялық компаниясы – Dubai World 59 млрд. доллар көлемiндегi борышын өтеуге шамасы жетпейтiнiн айтып, кредиторларынан қосымша уақыт беру жөнiнде өтiнiш айтқан едi. Бұл инвесторлар арасында ғана емес, әлемдiк қор нарығында үлкен әбiгер туғызды.

… Қазақстанның 2009 жылғы жалпы iшкi өнiмге шаққандағы мемлекеттiк қарызы – 9,5 пайыз. Сондай-ақ, 2010 жылы – 11,9%, 2011 жылы – 13,1%. Үстiмiздегi жылдың 18 тамызында ҚР Қаржы министрi Болат ЖӘМIШЕВ 2009 жылдың 1 шiлдесiндегi есеп бойынша, Қазақстанның мемлекеттiк қарызы 1,346 трлн. теңгеге жеткенiн мәлiмдеген едi.

… Мамандар қауымы экономикалық ахуалы ушыққан сәтте АҚШ пен Батыс Қытайға юаньдi АҚШ доллары мен еуро бағамына сәйкестендiре отырып, күшейту үшiн қысым жасайтынын айтқан. 2009 жылдың 29 қарашасында еуропалық елдердiң бас қаржыгерлерi ҚХР Мемлекеттiк хатшысы ВЭН ЦЗЯБАОмен кездесiп, дамыған елдердiң экономикасын қалпына келтiруге үлкен кедергi жасап отырған қазiргi арзан юаннiң доллар мен еуроға шаққандағы бағамын көтеруге қолқа салған болатын. Алайда Пекин Еуропалық Одақтың бұл ұсынысын қабылдаудан үзiлдi-кесiлдi бас тартты. Аспанасты елiнiң қарқыны жуық арада бәсеңдей қоймайтын сыңайлы. Дүйсенбi күнi ресми Пекин Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiндегi ауқымы жағынан екiншi орынға ие Дубайдың дефолтқа ұшырауы Қытайдың алтын және мұнай активтерiн сатып алуына мүмкiндiк беретiнiн мәлiмдедi. Қазiр Қытайдың алтын-валюта қорының басым бөлiгi – 2,3 трлн. доллары АҚШ-тың мемлекеттiк құнды қағаздарына салынған. Қытай экономистерi билiктi ендi алтын-валюта қорын жер, кен орындары мен iрi компанияларды сатып алу мақсатында жұмсауға шақыруда”, — деп белгіледі Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

Башқұрт бауырлар бұғаудан босағысы келедi”. “Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап Ресей Федерациясының субъектiлерi титулды ұлттың тiлiнде бiлiм беру мүмкiндiгiнен айрылды. Ондағы бiлiм туралы жаңа заң бiлiм жүйесiнен ұлттық бiлiм беру компонентiн алып тастаған… Соңғы екi-үш жыл бойында аймақтарды өзара бiр-бiрiне қосу арқылы ондағы республикалардың егемендiгiне балта шабылды. Ресейдiң субъектiлерiнде ау баста жеке мемлекет болуға деген үмiт болған болса, ПУТИН ол үмiттiң барлығын су сепкендей басты. Қазiр егемен республикалар Ресей Федерациясының Конституциясын 1993 жылғы қалпына қайта келтiру үшiн күреске шықты.
Федералдық Конституция бойынша, Ресей Федерациясында 21 егемен республика бар болатын. Олар өз республикасында ұлттық мәдениетi мен тiлiн, дәстүрiн дамытуға құқылы, әрi Ресей Федерациясының мемлекеттiк тiлi орыс тiлi мен қоса әрбiр титулды ұлттың тiлi әр республикада мемлекеттiк дәрежеге ие-тұғын. Бiрақ, Ресей Федерациясының президенттiгiне Путин келгелi ол принцип өзгердi. Айталық, 2000 жылдан Башкирияның Мемлекеттiк жиналысы да Башқұрт Республикасының Конституциясы бiрнеше рет өзгерiске ұшыраған. Соның салдарынан, “Башкирия Ресей Федерациясының құрамындағы егемен демократиялық мемлекет” деген түсiнiк жойылған.

… Жақында бiздiң редакциямызда Башкирияның тәуелсiз “Көкбөрi” ұлттық ұйымының өкiлдерi қонақта болды. Олардың айтуынша, Башқұртстанда 4 миллион халық тұратын болса, оның 28%-ы ғана башқұрттар екен. “Көкбөрiнi” олар өздерiнiң тотемдiк символы ретiнде таниды. Ал, башқұрт тiлiн бiлетiн адамдар онда өте аз және ауылдық жердiң тұрғындары ғана көрiнедi.

“Көкбөрi” ұлттық ұйымының мүшелерiнiң айтуынша, елдегi башқұртқанды азаматтардың барлығы өздерiнiң ұлттық армандарын жүзеге асыруға мүдделi. Бiрақ, әркiм өзiнiң қарақан басының қамынан қорыққандықтан әзiрге ашық қолдай алмайды дейдi олар. Башқұрт билiгi Ресейдiң кәрiне ұшыраудан қорқып, саяси тұрғыдан қолдау көрсетуден қаймығатын көрiнедi. Қазақстанда 18 мың башқұрт бар екен. Жақында Алматыда “Ақедiл” Башқұрт мәдени орталығы құрылды. Оның төрағасы Азамат РЫСКЕЛДИН қазiргi башқұрт жастарының мақсаты түркiтiлдес елдердiң өзара ынтымағын күшейту болып отырғандығын айтады. Мәселен, башқұрттың рухани көсемi Заки ВАЛИДИ мен үлкен Түркiстан мемлекетiн құруды мақсат еткен Мұстафа ШОҚАЙ арасындағы хат әлi күнге дейiн жарық көрмеген екен. “Ақедiл” башқұрт мәдени орталығы осы хаттарды қазақ тiлiне аударуды мақсат етiп отыр. Сондай-ақ, башқұрт мәдени орталығы башқұрт тiлiндегi интернет сайттарды қолдауды көздеуде…

Сондай-ақ, өңiрлердi бiр-бiрiне қосу арқылы Ресейдi федеративтiк мемлекеттен унитарлы мемлекетке айналдыру iсiнiң қарқынды жүрiп жатқаны да оның субъектiлерiне қауiп төндiрiп тұр. Бұл ретте Башкирияны Орынбор мен Челябiге қосып, Оңтүстiк Орал атты аймақ жасақтау жайында жоспар бар екен. Бүгiнде Бурятияны Красноярскиймен, Чукотканы Краснодар өлкелерiмен қосу iсi жүзеге асып жатыр. Башқұрт жастары бұл мәселемен де келiспейтiндiгiн айтады. Бүгiнде олар бүкiлхалықтық референдум арқылы егемендiкке және башқұрт тiлiнiң мемлекеттiк дәрежесiне қол жеткiзудi көздеп отыр”. Авторы: Есенгүл КӘПҚЫЗЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Ұлттық мемлекеттер дәуірі аяқталған жоқ, қайта туып келеді”. “Тәуелсіздіктің 18 жылдық белесін өткерген Қазақстанның алдында толған мақсат, толған таңдау тұр. Өтпелі кезеңде Алаш арыстары аңсап өткен ұлттық мемлекет құрамыз ба, әлде жаһандану үрдісінде азаматтық қоғамға біржола бет бұрамыз ба? Әсілінде, азаматтық қоғам ұлттық мемлекет тұжырымдамасына қайшы келмеуі керек еді. Жоғары жақ азаматтық қоғамға бас қатырумен болса, қалың көпшілік ұлттық мемлекеттің негізгі атрибуттарын заңды түрде талап етумен келеді. Әлемдік тарихты бажайлап қарасақ, әдетте мемлекеттердің қалыптасу эволюциясы “әулеттік мемлекет – ұлттық мемлекет – азаматтық қоғам” шеңберімен ерекшеленеді. Әрине, бұл қатып қалған форма емес. Мемлекетқұраушы ұлт 67 пайызды құраған Қазақстан үшін ұлттық мемлекет (nation-state) тұжырымдамасын ешкімге жалтақтамай, батыл іске асыру қажеттігі туындап отыр.

“Бір ұлт – бір мемлекет” тұжырымдамасы Ортағасырлық қара түнектен серпілу үшін Қайта өрлеу дәуірінен кейінгі Еуропаға ұлттық мемлекет тұжырымдамасы ауадай қажет еді. Қасиетті Рим империясының құлауымен, абсолютизмнің (монархияның) күйреуімен буржуазия әлеуметтік-саяси қуатты күш ретінде саясат сахнасының төрінен орын алды. Еуропа төсіндегі бұрқ-сарқ еткен буржуазиялық төңкерістер діңгегі мықты ұлттық мемлекеттердің қалыптасуына ықпал етті. Қазіргі кезде ұлттық буржуазия тарих қойнауына кетсе де, ұлттық мемлекеттік құрылыс күні бүгінге дейін маңызын жойған емес. Ұлттық мемлекет құру үрдісін толық өткеріп, азаматтық қоғамға біржола бет бұрған Еуропа ұлттық бет-бейнесін ешқашан жоймақ емес. Дамыған елдерге пайда әкелген азаматтық қоғам жаңадан тәуелсіздік алған елдерге ә дегеннен залал тигізуі мүмкін. Шетелден қаржыландырылатын азаматтық қоғам институттарының көп жағдайда нені көздейтінін көзіқарақты жанның іші сезетін болар. Ұлттық мемлекет құрмайынша, отарсыздану үрдісін жүргізбейінше, азаматтық қоғам ел ішін ала тайдай бүлдірері, азаматтық белсенділіктің орнына азаматтық алауыздық бел алып кетері анық.

Егер ұлттық мемлекеттер құрылуының басында ұлттық буржуазия тұрған болса, азаматтық қоғамның қозғаушы күші ретінде жеке адам, қоғамдағы әлеуметтік топтар, ұйымдар қозғалыстар саналады. Сондықтан азаматтық қоғам құру үрдісі жоғарыдан да, сырттан да емес, табиғи түрде елдің ішінен бастау алуы қажет. Азаматтық мазмұнда әзірленген “қазақстандық ұлт” идеясын, “Ел бірлігі доктринасы” жобасын қоғамның жатсынуы, қарсылыққа ұшырауы осы сөзімізді дәлелдей түседі. Қытай, Ресей сияқты көпұлтты елдер азаматтық қоғамға талпыныс жасаудан бұрын “бір ұлт – бір мемлекет” тұжырымдамасын қош көріп отыр. Өйткені жеке адам бостандығын саясат құралына айналдырған алпауыттарға қолданар басқа амал жоқ. “Жаһандану жағдайында ұлттық мемлекет ебедейсіз басқару жүйесі болып қалады” дейді біреулер. Өркениетті елдер рухани азғындаушылық пен азаматтық толқулардан кейін ұлттық сана, салт-дәстүрге барынша ден қоя бастады. Демек, ұлттық мемлекеттер дәуірі аяқталған жоқ, керісінше қайта туып келеді деуге толық негіз бар.

Азаматтық ұлтшылдық керек: Ұлтты сүю, елге қызмет ету – азаматтықтың белгісі. Ұлттық мемлекет пен азаматтық қоғам үйлесім тапқан елдерде азаматтық ұлтшылдық ұлтқа қызмет етумен ұштасып жатады. Азаматтық ұлтшылдықтың басында көбінесе жас буын өкілдері жүреді. Азаматтық ұлтшылдық отарсыздануға дем беріп, ұлттық үрдістерді жеделдетеді. Бұған мысал келтірсек, Балтық елдері – неғұрлым демократиялы болғанымен, соғұрлым ұлтшыл мемлекет. Жоқ іздеген қазаққа керегі осы болса керек. Азаматтық қоғам – әртүрлі пікірлер мен бастамалардың жиынтығы ғана емес, моральдық құндылықтар мен әділеттіліктің үйлесімділігі. Осы тұрғыдан азаматтық қоғамның сипатты белгісі қоғамның өзін-өзі ұйымдастыруы мен реттеуі болып табылады. Алайда азаматтық қоғамның өзегі сырттан келген принциптер мен саяси технология емес, ізгілік пен адамгершілікке тұнып тұрған ұлттық дүниетаным болуы тиіс. Онсыз азаматтық қоғам тамыры жоқ ағаш болмақ. Азаматтық қоғам орнатамыз деп жүріп, көпшіліктің мүддесін азшылыққа жығып беріп жүрген секілдіміз. Елде көпшіліктің (қазақтың) өмірлік заңды мүддесінен гөрі, азшылықтың (өзге ұлт өкілдері, ҚХА) құқын көбірек желеу ете беру де, демократияға қайшы екенін ұмытпағанымыз жөн. Азаматтық қоғам ұлттық мемлекетке, мемлекетқұраушы ұлтқа қызмет еткенде ғана елге игілік әкелері анық…”.

“Ой-тұжырым: Жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды – елімізге Еуропа жолымен ұлттық мемлекет қалыптастырып барып, азаматтық қоғамға аяқ басқан абзал. Өйткені ұлттық мемлекет – тарихта қалған көмбе емес, келешегіміздің көкжиегі”, — деп тұжырымдайды Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ.

Қазақстанда шошқа тұмауына қарсы вакцина жасалды”. “Қазақстандық ғалымдар жарты әлемді жаулап алған шошқа және құс тұмауларына қарсы вакцина ойлап тапты. Соның арқасында еліміз ХХІ ғасырдың обасы аталған эпидемияларға төтеп бере алатын дәрісі бар әлемдегі он үш елдің қатарынан орын алды.

…Астанада өткен арнайы жиында A/H1N1 және А/H5N1 қатерлі вирустарына арналған отандық дәрілер клиникалық сынақтан өту үшін Ресей Ғылыми-зерттеу институты жанындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына қарасты ұлттық тұмау орталығының референц-зертханасына берілді. ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері ойлап тапқан Kazfluvac және Refluvac атты қос вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес жасалған.

Еліміздің білім және ғылым министрі Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВтың айтуынша, қатерлі індеттерге қарсы дәрілер арнайы қабылданған бағдарламаның арқасында дүниеге келген…”. Авторы: Жансая ӘБДІБЕКОВА.

JASQAZAQUNI.KZ. “Неге біздің жолдар тез бұзылады?”. “Біздегі асфальт жолдың тез бұзылуының әбден үйреншікті болғаны сонша, жұрт солай болуға тиістей қабылдайды. Жолдың тез бұзылуы кеңес кезеңінен жалғасып келеді, себебі жол салу технологиясы, нормативтері әлі түбегейлі өзгерген жоқ. Әзіргі заман талабына сай жаңа технология, жаңа материалдар пайдаланылмай жатыр. Мысалы, керемет жарнама жасалған Орал-Атырау күре жолы үш жылға да жеткен жоқ. Ал, Астана-Алматы жолы кезінде Елбасының өзінің сынына ұшырап, кейбір мердігер компаия ауыстырылған да болатын. Жол дүниежүзілік стандартқа сай сапалы салынып, оның өмірі ұзаруы үшін міндетті түрде барлық салынатын жолдың асфальттың астынғы қабатына 10-15 см қалыңдықта бентонит балшығы төселуі тиіс. Себебі бентонит ылғалды тез арада бойына тартып алады да өзінің көлемін 15 есеге дейін ұлғайтады. Сөйтіп барып асфальтқа астынан да, үстінен де ылғал өткізбейтін қабат құрайды. Бентониттің көлемі ұлғаятындықтан ылғал өтетін су көздерін өте мекем етіп жабатын қасиеті бар. Бұл технология аса қымбат та тұрмайды, ал бірақ бентонит төселіп салынған сапалы асфальт жол еш уақытта да бұзылмайды. Әзіргі кезде бұл тәсілді бүкіл дүние жүзі пайдаланып жатыр. Барлық су қоймаларына, бассейндерді салғанда міндетті түрде бентонит төсеу керек. Көксарай су қоймасын салушылар жобалау институттарының көне нормативтерімен жұмыс істеп, тек қана бетон құюмен шектеліп жатыр, бұндай қателіктерді су жіберілмей тұрғанда тезірек түзету керек. Кеңес Одағы кезінде Саяно-Шушенск ГЭС салынды, бірақ жобалаушылардың осындай қателігінен су шығыны 2 жыл толастамай қойған. Оны бентонит балшығын пайдалануы арқылы көп ғана әрең тоқтатқан. Бентонит экологиялық ортаны қорғауда, радиактивті және жаман иісі шығатын түрлі қалдықтарды көмуде өте таптырмайтын материал. Бентонит балшығының біздің Оңтүстік Қазақстан облысында өте сапалы да үлкен қоры бар. Оны кезінде Өзбекстан пайдаланып келді, ал қазір Қазақстандық мамандардың қолына өтті. Барлық жол салумен, қоршаған ортаны қорғаумен айналысып жүрген мекемелерге бентонитті пайдаланыңыздар дегіміз келеді. “Сахара-К” ЖШС сіздерді бентонитпен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етеді. Келісім шартқа тұрыңыздар”, — деп өз пікірін білдіреді Құрал ЕРЖАНОВ, инженер.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Құқықтық саясат тұжырымдамасы Берлинде талқыланды”. “7-8 желтоқсанда Берлин қаласында “Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасы 2010-2020: құқықтық және сот реформасы саласындағы тұрақты даму” атты халықаралық конференция болып өтті. Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы Мұсабек Әлімбеков бастаған еліміздің судьялар делегациясы сот жүйесін реформалау, азаматтық әкімшілік заңдылықты одан әрі жетілдірудің жалпы мәселелері, техникалық ынтымақтастық жөніндегі неміс қоғамымен одан әрі ынтымақтасу жолдары туралы мәселелерді талқылауға қатысты.

Бұл оқиғаның бірегейлігі сол, қазақстандық бағдарламалық құжат тұңғыш рет шетелде талқылау мәртебесіне ие болды. Форумда құттықтау сөз сөйлеген “Орталық Азия елдерінде сот құқық реформасын қолдау” GTZ жобасының жетекшісі, доктор Хирбод АМИНЛАРИ, ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь РОГОВ, Қазақстанның Германиядағы елшісі Нұрлан ОНЖАНОВ өз пікірлерін ортаға салды. Қатысушыларға арнап сөз кезегін алған Мұсабек ӘЛІМБЕКОВ бұл форум Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты мен Техникалық ынтымақтастық жөніндегі неміс қоғамы арасындағы байланыстың жемісті нәтижесі екенін атап айтты. Ол неміс әріптестеріне біздің еліміздегі сот жүйесін жетілдіру мен дамытуға қосып отырған үлесі үшін алғысын білдірді.

… Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда бүгінде сот жүйесі тұрақты түрде жетілдірілу үстінде. Осы тұрғыда М.Әлімбеков шетелдік соттардың бай тәжірибесін зерттеп, пайдаланудың бірегей мүмкіндігін атап айтты. “Еуропа елдерінің, соның ішінде Германияның сот жүйесімен барынша жақын танысу біздің көзқарасымызды өзгертуге, жүйені жаңа идеялармен байыта түсуге мүмкіндік береді”, – деді Жоғарғы сот төрағасы”.

Нашақорлыққа қарсы күрес тұралап тұр ма?”. “Әрине, жоқ. Бірақ соған қарамай осы бір қоғамды, оның ішінде, Қазақстанды жайлаған дерттің соншалықты етек алуында не сыр бар? Оның ем-домы табыла ма? Табылса қандай және оны нендей күрес жолдарымен жеңе аламыз?…

Ағымдағы жылы жүргізілген “Көкнәр” операциясы кезінде: “Ішкі істер органдары 3464 есірткі қылмысын, оның ішінде, есірткі сатудың 910, есірткі контрабандасының 42 фактісі анықталды, сондай-ақ, 7 ұйымдасқан есірткі тобының қылмыстық әрекеттерінің жолы кесіліп, заңсыз айналымнан 18 тоннадан астам әртүрлі есірткі құралдары, оның ішінде 60 келі героин алынды” деп мәлімет берген Ішкі істер министрі С.БАЙМАҒАМБЕТОВтың сөзіне қарағанда, елімізде әлі де болса нашақорлық пен есірткіге қарсы күресті қанша нығайтқанымыз-бен, оның жолы толық кесіле қоймаған сыңайлы. Әрине, аталған дерттің алдын алу мәселесінде, әлі де болса атқарылатын шаралар да, істер де мол-ақ. …Ел жайлаған дертке қарсы күрес барысында, оған деген өзінің немқұрайдылық таныта алмайтындығын білдіріп, оның қай тұстан, кімнен шығып жатқандығын айтқан азаматқа риза бола отырып, біз оның қорытындысын білсек-ау дейміз. Қалай дегенде де, нашақорлық пен есірткіге қарсы күрес елімізде бір сәтте тыйылмай тұрғаны анық-ау, бірақ, оны түсініп жатқан, одан қорытынды шығарып жүрген нашақор шіркін, бар ма екен, сірә”. Авторы: Аманхан ӘЛІМҰЛЫ.

ABAI.KZ. “Амангелді неге ат ауыстырды?”. “Ұлттық Қауіпсіздік Қызметінің басшылығында кезекті рет ауыс-түйіс болды. Таяуда ғана ұзынқұлақтан тараған әңгіме расқа айналып, Амангелді ШАБДАРБАЕВ Президенттің кеңесшісі болып тағайындалды. Естеріңізге сала кетейік, инсайдерлік ақпарат көздерінен “Шабдарбаев Президент НАЗАРБАЕВтың қабылдауына кіре алмай жүр екен, кіре қалса өтініш жасап қызметінен кетпек көрінеді” деген  сөз тараған болатын.

2006 жылдан бері ҰҚК-ні басқарып келе жатқан 59 жастағы генерал-лейтенант Шабдарбаевтың қызметінен не үшін босағаны туралы ресми ақпараттан өзге нақты мәлімет жоқ. Алайда, ҰҚК мен Қаржы полициясының арасындағы теке-тірес Шабдарбаевтың “түбіне жетті” деп болжам жасауға келетін сияқты. Өйткені, ҰҚК қызметкерлері мен қаржы полициясындағылар бір-бірін аңдып, бір-бірінің қалтасына есірткі заттарын салып жіберіп көптен бері ырғасып келеді. Ал, қаржы полициясының аржағында Президент Назарбаевтың сыралғы досы Сарыбай ҚАЛМЫРЗАЕВтың тұрғанын ескерсек, бұл деген екі күштік құрылымның басындағы фигуралар қақтығысының нәтижесі болып есептеледі. …Тағы мынандай да бір себептер бар. Тап осы Шабдарбаевтың тұсында Рахат ӘЛИЕВ тұзаққа ілінбей-ақ қойды. Қаржы алпауыты Мұхтар ӘБЛЯЗОВ “шабаданын” көтеріп тап осы Шабдарбаевтың танауының астынан өтіп кетті. Қазір ол Батыстың ықпалды басылымдарына сұхбат беріп өзін Назарбаевтың саяси оппоненті деп жариялап жатыр. Онысымен қоймай ел билігінің екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстаған Назарбаевты “тақтан тайдырамын” деп демігіп жүрген көрінеді. Бұның бәрі Шабдарбаевтың кеңесшілікке тағайындалуына “керекті болған” көп жайттардың бірі шығар, ал бастысы мынау сияқты: ҰҚК-нің тергеу абақтысында отырған Мұхтар ЖӘКІШЕВтің зайыбы Жәмилә Жәкішева желтоқсанның 2-сі күні шұғыл брифинг өткізіп баспасөз өкілдерін дүрліктірген мәлімдеме жасады. Оқырманның ойына түсіре кетейік. “Қазатомөнеркәсіптің” бұрынғы төрағасы Мұхтар Жәкішев YouTube видеопорталында өзінің не себепті тергеуде отырғаны туралы ашық айтқан еді…”.

KAZ.GAZETA.KZ. Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің қызметін жетілдіру мәселелері бойынша нақты шараларды қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Ақордада мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы болып өтті.

Отырыста Қауіпсіздік кеңесінің қызметін жетілдіру мәселелері, Қазақстан Республикасының дағдарыстан кейінгі даму стратегиясы, 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етуге дайындық барысы қаралды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша президент көмекшісі — Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы М. ТӘЖИН, премьер-министр К. МӘСІМОВ және мемлекеттік хатшы — сыртқы істер министрі Қ. САУДАБАЕВ баяндама жасады…

Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінде жаңа ақпараттық және талдау бөлімдері құрылатын болады. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысынан кейін журналистерге ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат ТӘЖИН мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

«Қауіпсіздік кеңесінің қызметін жетілдіруге қатысты айтатын болсақ, президент бүкіл әлем жаһандық деңгейде, өңірлік деңгейде соншалықты салмақты өзгерістерге ұшырап жатқан қазіргі заманғы жағдайда стратегиялық жоспарлуға, стратегиялық болжамға жауапты құрылымның ролі айтарлықтай ұлғаятынын атап көрсетті. Қауіпсіздік кеңесі ұлттық қауіпсіздік мәселесімен байланысты президентің басты саяси органы болып табылады. Сондықтан президент Қауіпсіздік кеңесінің, соның ішінде оның аппаратының қызметін жетілдірумен және нығайтумен байланысты тапсырмалар берді. Қауіпсіздік кеңесінің жанынан жаңа ақпараттық және жаңа талдамалық бөлімшелер құрылатын болады«, деді брифингте М. Тәжин. Оның сөзіне қарағанда, Қауіпсіздік кеңесінің ведомствоаралық комиссиясының қызметі біршама басқаша құрылатын болады. «Жалпы айтатын болсақ, мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік саласындағы үйлестірушілік және болжамдық функциялармен байланысты мәселелерді Қауіпсіздік кеңесінде шоғырландыру мақсатында барлық тиісті мемлекеттік органдарға өте айқын және нақты тапсырмалар берді», — деді М. Тәжин.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...