«Қазақстандықтардың 10 пайыздайы – ауруханада». «Жаңа жылдан бастап жемқорлықтың аяғына «жем» түседі». «Қазақстандағы 858 шағын мектеп құрдымға кетуi мүмкiн». «Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту жұмыстарын іске асыруды жоспарлап отырмыз»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 10 желтоқсан 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Копенгагенде 192 елдің өкілдері ғаламдық жылыну проблемасын талқылауда”. “…Ғаламдық ауа-райының өзгеруіне қатысты Копенгагендегі халықаралық конференция осы аптада баспасөз құралдары жазып жатқан басты тақырыпқа айналған. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұндай саммиттерге қоғам онша назар аудармайтын. Себебі ғаламдық ауа-райының жылынуы мәселесі кеңінен талқыланғанымен оған қоғам шұғыл проблема деп қарамайтын. Енді жағдай түпкілікті өзгерді. Копенгагендегі конференция оның қаншалықты айтарлықтай өзгеріп жатқандығына дәлел болып отыр. Екіапталық конференцияға шамамен 15 мың адам жиналды. Олардың тек бірнеше жүзі ғана қатысушы 192 елдің өкілдері, ал қалғандары болса ғалымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қызығушылық танытып отырған топтардың мүшелері мен бақылаушылар боп табылады..”. Авторы: Саида БАБАМҚОЖА.

AIKYN.KZ. “Қазақстандықтардың 10 пайыздайы – ауруханада”. “…Оның үстіне қыс пен күйзеліс қос өкпеден қысқан қазіргі шақта дәрігерлердің қызметіне деген сұраныс еселеніп артып отырғаны анық. Сондықтан отандық медицина бастан кешкелі отырған кезекті реформа жайы, оған саланың әзірлігі Министрлер кабинетінің мүшелерін де қатты қызықтырады. Осы себеп болса керек, уақыттың тығыздығына (Үкіметтің кей мүшелері Қауіпсіздік кеңесінің отырысына асығып отырған-тын) қарамастан, олар кеше еліміздің «бас дәрігерінің» әр сөзіне құлақ қойып, мұқият тыңдады. Шындығын айтқанда, жаңарулар жайында қарапайым бұқара түгіл, сол реформаны мақұлдаған үкіметтегілердің де түсінігі терең емес. Сынақтан өткізуге алдымен «пилоттық жоба» түрінде байқауға үйреніп қалған кейбір шенділер тіпті денсаулық сақтау саласында сонау Кеңес кезінен келе жатқан, әбден құлақ сіңісті, көз үйреністі болып қалған ескі жүйенің жаңа жылдан кейін күйрейтіндігіне алаңдаушылықпен қарайтындай. Өйткені «жаңалықтың» бәрі бірдей жақсылық дегенді білдіре бермейтіні бар. Әйтсе де, Жақсылық ДОСҚАЛИЕВ әріптестерін жаңа жүйенің оң өзгерістер әкелетіндігіне сендіріп бақты…

… Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, Қазақстанның Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі 2010 жылдан бастап ендірілмек, оның мақсаты — сырқаттардың дәрігерді және емхананы өз еріктерімен таңдай алуы, осы салада жұмыс жасайтын медициналық ұйымдар арасында өткір бәсекелестік қалыптастыру, сондай-ақ медициналық қызметтерді көрсету үдерісінің ашықтығын, айқындығын қамтамасыз ету болып табылады….

Айтпақшы, жаңа жылдан бастап, Қазақстан екі славян елімен бірге жаңа, ортақ құқықтық өрісте — «Үштік одақта» тіршілік ете бастайтыны бар. Ал Ресей мен Белоруссияда медицина саласында көнерген кеңестік жүйе үстемдік құрып тұр. Олар — көпшілік, бізге еріп, жаңалығымызды қабылдауға бара қоймасы анық, демек, Қазақ еліне енді бір амалын іздеуге, сөйтіп, солармен үйлесуге тырысуға тура келетінге ұқсайды. Осы орайда Қазақстан Үкіметінің басшысы Денсаулық сақтау министріне тегін медициналық көмекті қамтамасыз етуді Кедендік одақ аясында бірыңғайландыру мүмкіндігі туралы мәселені бақылауға алуды тапсырды. «Осы мәселені сіз бақылауға алуыңыз керек, — деді Ж.Досқалиевқа бұрылған Кәрім МӘСІМОВ. — Құрылған Кедендік одақ шеңберінде медициналық жәрдеммен қамтамасыз ету мәселесін бірыңғайландыру қарастырылып отыр ма, жоқ па, айқындаңыз. Бұл бірінші кезекте Қазақстан мен Ресей Федерациясының арасындағы шекаралас аудандарға қатысты болмақ. Бізде меджәрдеммен қамтамасыз ету олардан біршама ерекшеленеді, бізге осы жайтты ескеру қажет» деп атап көрсетті Премьер”. Авторы: Елдос СЕНБАЙ.

ALASHAINASY.KZ. “Жаңа жылдан бастап жемқорлықтың аяғына “жем” түседі”. “Қазір бізде мемлекеттік сатып алу орталық web-портал арқылы іске асып жүр. Оған қоса, мемлекеттік органдар мен мекемелердің едәуір бөлігі мемлекеттік сатып алудың дәстүрлі түріне жүгінеді. Енді келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл жұмыс тек электрондық форматта ғана жүзеге асырыла бастайды. Осыған орай, ағымдағы жылдың соңына дейін жергілікті атқарушы органдар, орталық атқарушы органдардың аймақтық бөлімшелерінің жетекшілері белгіленген тәртіппен электрондық кілт алып, жүйеде тіркелуі тиіс. Бұл 1 қаңтардан бастап мемлекеттік сатып алуды заңға сәйкес жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Баға ұсыну тәсілі бойынша мемлекеттік сатып алу форматы елімізде 2008 жылдың маусымында енгізілген. Ал 2009 жылдың қаңтарынан goszakup.gov.kz порталы жұмысын бастағаны мәлім. Оған тілек білдірушілер сатып алу жөніндегі өз хабарландыруларын орналастыратын болды. Осылайша, сатып алудың жаңа түрі жылдам әрі жария түрде іске асырылды. Жүйеде қазір 23 мыңнан астам мүше тіркелген. Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, веб-порталды пайдалану арқылы 106 090 лот жарияланды. Бүгінде 58 лот бойынша қорытынды шығарылып, келісімдер жасалған. Электрондық сатып алуды енгізудің бір артықшылығы – шығынды азайтады. Мәселен, жеңімпаздардың жоғарыдағы лоттарға белгілеген сомасы бюджетте жоспарланған 12 млрд 24 млн теңгенің орнына 9 млрд 134 млн теңгені құраған. Бұл бюджеттің 24 пайызын үнемдеген көрінеді.

Мемлекеттік сатып алуға қатысу ережесі оп-оңай. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ЦОН) арнайы кілт, басқаша айтқанда, электрондық сандық таңба алған соң, жабдықтаушы сайтта тіркеледі. Сосын мәлімет базасында қажетті тауар, қызмет түрін таңдап, өз бағасын ұсынып, конкурсқа қатысуына болады. Заңда белгіленген 30 күн өткен соң веб-портал автоматты түрде сайтта лот қорытындысын жариялайды. Конкурстық комиссия мүшелері үшін өтініштерді қарап, дауыс беру қызметі ғана қалады. Осылайша, адамның қатысуы барынша шектеліп, мемлекеттік сатып алуды айқын, жария түрде өткізуге мүмкіндік туады. Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 18,3 мың тапсырыс беруші кілт алып үлгерген. Олардың ішінде 4,7 мың мемлекеттік мекеме бар.

Электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесін құру жаңа технологияны енгізумен қатар, жемқорлықтың жолын кеседі. Мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдетеді, кәсіпорындар үшін де тиімді. Сарапшылардың пікірінше, адамның қатысуынсыз баға ұсынушылық-электрондық төңкеріспен пара-пар. Тек баға ұсынысының онлайндық түрін енгізудің өзі қазақстандық мемлекеттік мекемелерде жемқорлықты 40-60 пайызға төмендетуге септігін тигізеді.

1993 жылы АҚШ Президенті Билл КЛИНТОН барлық мемлекеттік сатып алулардың тек электрондық сауда арқылы жүзеге асырылуы туралы тиісті жарлық шығарған еді. 1994 жылдан бастап сатып алулар АҚШ-та сәтті өркендеп, орасан үнем әкелді”. Авторы: Гүлнар АХМЕТОВА.

ZHASALASH.KZ. “Қазақстандағы 858 шағын мектеп құрдымға кетуi мүмкiн”. “Жақында ҚР Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт ТҮЙМЕБАЕВ былай деп мәлiмдедi: “Қазақстандық мектептердiң 56,6 пайызы немесе 4288-i – шағын жинақы мектептер. Бұл мектептердiң көбi, анықтап айтсақ, 96,5 пайызы ауылдық елдiмекендерде орналасқан. Бұларда 405 мың бала оқиды. Шағын жинақы мектептердiң 18 пайызы күрделi жөндеу жұмыстарын талап етедi. Ал екi пайызы, тiптi апатты жағдайда… Соңғы үш жылда шағын жинақы мектептер 143-ке немесе 3,3 пайызға, ал оқушылар саны 27 мыңнан астамға немесе 6,3 пайызға азайды”. “Қуырдақтың көкесi түйе сойғанда”. Мәселе өзектi, күйiп тұр. Қалайша? Ендi басқасын былай қойып, осы деректердi жiлiктейiк.

… Алдағы уақытта мұндай деректер әр өңiрден жиi кездессе, таңғалмаңыз. Егер министрдiң айтқаны алдынан келсе, олардың саны сегiз жүз елуден асуы әбден мүмкiн. Олай болса, мiнбердегi министрлер, парламентшiлер, тiптi, президенттiң: “Су жаңа мектеп салдық. Мынадай бағдарлама қабылдадық. Бiлiм беруде мынадай жетiстiкке жеттiк”, – деп бұлбұлша сайрағанының көк тиындық құны жоқ”, — деп өз пікірін білдіреді Дилара ИСА.

Әблязов алыстан айбат шектi”. “Көптен берi үнсiз жүрген “БТА Банкiнiң” бұрынғы басшысы Мұхтар ӘБЛЯЗОВ елдi елең еткiзердей мәлiмдеме жасады. Ол аса беделдi “Нью-Йорк таймс” газетiне берген сұхбатында түптiң түбiнде елге оралатынын және оның басты мақсаты — президент Н.НАЗАРБАЕВты тақтан тайдыру екенiн мәлiмдеген.

Американдық газет әңгiме ауанын тағдыры қыл үстiнде тұрған БТА-дан бастапты. Шын мәнiнде, басылым Әблязовтi сөзге тартпағаны болмаса, ешқандай тосын жайттың басын ашпаған, тек бұрыннан белгiлi оқиғаны тiзiп берген. …Бiрақ, Әблязовтiң өзi несие беруде ешқандай да заң бұзушылықтың болмағанын айтып, барлық айыптауларды жоққа шығарыпты. “Нью-Йорк таймс” Әблязов билiктiң бағзы қарсыласы екенiн, 2001 жылы Қазақстанның демократиялық қозғалысын құрғанын, артынша темiр тордың ар жағына тоғытылғанын бүге-шiгесiне дейiн баяндаған.

Экс-банкир банктi өзi басқарып тұрған кездегi жетiстiктерiн тiзiп берiп, егер билiк банктi күштеп тартып алмағанда, “БТА қарызын қайтарар едi” деген пiкiр бiлдiрiптi. Олай болса, Әблязовтiң өзi айтпақшы, танымал әрi табысты банк аз уақыттың iшiнде қалай дефолтқа ұшыраған? Банктiң өткен жылдың ақпанында Қаржы қадағалау агенттiгiнiң талабын орындай алмағаны оның қаржылық ахуалының сол кезде-ақ ушыққанын көрсетсе керек. Банктi тартып алғандарды ақтап алудан аулақпыз, әрине. БТА құтқарушылары әрекетiнiң де жетiсiп тұрғаны шамалы. Бiрақ, осы күнге дейiн 7 миллиард доллар құйылса да, қаржылық ахуалы жақсармаған банктiң қарызын Әблязов қалай қайтармақ болған?

Әблязовтiң бұған айтар уәжi дайын. Оның айтуынша, БТА-ға артылған көп қарыз президенттiң жымысқы әрекетi әрi оны тұқыртудың амалы. Әблязов өзiне тағылған айыптаулардың саяси астары бар екенiн тағы бiр шегелеп қайталапты. Газеттiң жазуына қарағанда, Әблязовтiң Лондондағы жағдайы жаман емес. Ол Ұлыбритания астанасының қақ төрiнен аумағы атшаптырым хан сарайындай үйдi жалдап тұрып жатқан көрiнедi. Британия сотының былығы көптеген жылдарға созылса да, Әблязов елге оралатынын және президенттi тақтан тайдыратынын айтыпты. Қазiргi режим мен билiк тұрғанда, Әблязов елге қалай оралмақ? Бұл жағы белгiсiз. Оның ар жағындағы дәмесi тiптi зор. Бiр банктi ұстап тұра алмай, уысынан шығарып алған оның президентке қауқары жете ме? Бiр сөзбен айтқанда, экс-банкирдiң мұнысы ашық айқасқа шығудан гөрi алыста тұрып айбат шеккенге көбiрек ұқсайды”. Авторы: Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.

ABAI.KZ. “Саусағын безеген Саудабаевты Оразалин орнына қойды”. “9-желтоқсан күні Астанада Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры Қамқоршылық кеңесінің ІІ мәжілісі өтті. Алқалы  жиынның әңгімесі аталған қордың атқарған жұмыстары мен қазақ тіліне қатысты мәселелерді айтудан басталған. Бірақ кезегі келіп сөз тиген жазушы Смағұл ЕЛУБАЙ сәтін тауып, “Ел бірлігі” доктринасының зиялы қауымды толғандырып жүрген тұстарын ортаға тастап кеп жіберді.

Қордың Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Мемлекеттік хатшы һәм Сыртқы істер министрі сынды қос мансабы бар Қанат САУДАБАЕВ мырза екенін айта кетейік…

“Доктринаның ішінде қазақ тіліне, жалпы тіл саясатына қатысты теңгермелілік ұстаным деген термин пайда болыпты. Бұны естіген кезде біздің төбе шашымыз тік тұрды. Өйткені, қазақ тілі елдегі 130 ұлтпен теңгерілетін болса, онда тіліміздің мемлекеттік мәртебесі қайда қалады? Бұл менің ғана емес, жалпы жұрттың ызасын тудырған жайт болды. Негізі, доктринанның шала тұстары өте көп. Және Қазақстанда Қазақстан деген мемлекеттің иесі жоқ сияқты. Мемлекет құраушы ұлт деген термин тіптен жоқ. Осыған көңіл бөлу керек”. Бұл Смағұл Елубайдың доктрина туралы айтқаны. Ал, “мемлекеттік тілді әрбір азамат білуі керек” деген Мемлекеттік хатшының жалаң сөзін Сымекең сыпайы ғана былайша сынады:

— Қанат Бекмырзаұлы, осыдан 3-4 жыл бұрын осы сөзге байланысты бір кәріс қыз: “Оу, ағайындар, мемлекеттік тілді білу керек дей бергенше, Конституцияға бір ғана пунктті енгізу керек қой “Қазақстан азаматы қазақ тілін білуге міндетті” деген бір-ақ пункт”, — деп еді. Меніңше бұл ойланатын және жасалуға тиісті нәрсе.

Доктрина әңгімесі басталғанда-ақ мем. хатшы елең еткен-ді. Әйткенмен, Смағұл Елубай сөзін қысқа қайырды. Смағұл Елубайдан кейін сөз алған Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан ОРАЗАЛИН: “… қазақ тілінің тағдырын біз осылай тартысқа салып қояр болсақ, қазақ мемлекетінің басына қара бұлтты өзіміз үйіп беретін боламыз”, — деп ашығына кетті. Оразалин тіл тағдырына қатысты осылай дей келе, доктринаға көңіл толмай алаңға шығудың, аштық жариялаудың қажеті шамалы деген бейтарап пайымын айтты. Бірақ, ШАХАНОВ бастаған топқа басқа әлемнен келгендер сияқты қарамай, бір пікірге, бір мәмілеге келіп, олардың көзқарастарын тыңдау керек деген ара ағайындық тілегін білдірді. Сөз осы тұсқа келгенде мем. хатшы микрофонды шиқылдатып, тоқтатпақ болды. Алдында регламентті сақтауды айтқаны бар-тын. Әйтсе де, Нұрекең енді үш тұғырлы тіл деген мәселеге ойысып: “Тұғыр біреу-ақ болады. Ол мемлекеттіліктің тұғыры, елдіктің тұғыры. Құдай үшін осы үш тұғыр деген сөзден құтылайық, қазақтың жүйкесін жеп бітті”, — деп тағы да ойын ашыққа салды. Жүйке демекші, сол кезде мем.хатшының алдындағы микрофон ұзақ шиқылдап, отырғандардың да жүйкесіне тие бастады. “Артық боп кетті ме, Қанеке?” деген сөз иесіне “Артық боп кетті” деп Кеңес төрағасы іле жауап қайырды. Әйтсе де, Нұрлан Оразалин тіл жайындағы бейбіт әңгімелерден бұрыла бере тағы да доктринаға ауысты. “Ертең аштық жариялап, айдай әлемге өзімізді ыңғайсыз жағдайға қалдырғанша, олармен диалогқа келуіміз керек”. Осы кезде Қанат Саудабаевтың шыдамы таусылды білем: “Сізге кім рұқсат бермей жатыр, соны айтыңызшы?”, — деп Оразалинге шұқшия қарады. Оразалин болса, “біз айтып жатырмыз” деп жауап бере бастап еді, тіл жайын айтып, патриот болып отырған Саудабаев бәрін ұмытып “Остановите!!!” деп айқай салғаны. “Сіз көп жылдардан бері Жазушылар одағының төрағасысыз, сіздің газеттеріңіз қайда? Үніңіз неге шықпайды? Неге әріптестеріңізбен сөйлеспейсіз?”, — деп мем.хатшы Оразалинға ашық төнуге кірісті. “Мен Шахановпен күнде сөйлесіп жүрмін, мен одан, ол менен жалыққанбыз”, — деген Оразалиннің уәжін мем.хатшы тыңдағысы да келмеді. “Микрофонды өшір, давай!” деп, саусағын шошаңдатып, бұйыра сөйледі. Бірақ Оразалин де оған қыңған жоқ. “Мен сізге “давай” керек болса айтайын, “давай” деген сөзді тоқтатыңыз. Бір кездері осы сөздерден әбден шаршағанбыз, мен халыққа жаным ашығандықтан, сізге жаным ашығандықтан, биліктегі жігіттердің абыройын ойлағандықтан айтып отырмын осының бәрін”,-деп сөзін шорт кесті. Саудабаев саусағын безеген күйі безеріп үнсіз қалды…

Сонымен не керек, отырыс ары қарай да ұзаққа созылды. Доктрина жайлы сөз алған Асылы ОСМАН ханым Қазақстан Халқы Ассамблеясының төрағасы Ералы ТОҚЖАНОВты сынады. Халық арасындағы зиялы, тіл мен ұлттың жанашыры ғалымдармен неге ақылдаспайды деген ойлар айтылды. Соңынан сөз тиген Мәулен ӘШІМБАЕВ доктринаның әлі де талқыланатынын хабарлады. Негізі аталған құжат ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету үшін арнайы жасалыпты. “Еліңнің саясаты қандай?” деп сұрғанда Батыстағыларға көрсетуіміз керек екен. Бірақ, оның сиқы мынау. Әшімбаев Алматыға осы мәселе бойынша Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің бастығы Дархан МЫҢБАЙ, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік СЕЙДУМАНдардың Алматыда кездесулер өткізгенін айтты. Тіпті, Тоқжанов мырза бір аптадан бері Алматыда Шахановпен кездесе алмай мысы құрып жүрген көрінеді. “Егер Дархан бауырларыңыз бен С.Сейдуманның деңгейлері төмен болса, әлі де кездесуге, әңгімелесуге болады”,-деді М.Әшімбаев. Кеңес мәжілісіне Ә.КЕКІЛБАЙ, Қ.СҰЛТАНОВ, О.ӘБДІКӘРІМОВ, М.ЖОЛДАСБЕКОВ, Т.ӘБДІК, Ә.АСҚАРОВ, Берік ӘБДІҒАЛИЕВ т.б зиялы қауым өкілдері қатысты. Отырыстан түйгеніміз, билік жағы доктринаға кір жуытқысы жоқ. Бірақ, кеткен қателікті мойындайтын секілді. Оны Әшімбаевтың жуып-шаймақ болып, “құжат әлі де талқыланады” деген емеурінінен байқауға болады. Ал, үлкен кездесулер мен доктрина туралы екі тараптың нақты әңгімесін алдан күткен жөн секілді…”. Дайындаған Жебе НОЯН.

Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ: мен қол қойған жоқпын”. “Мемлекеттік тіл” қоғамдық қозғалысының жетекшісі Мұхтар ШАХАНОВ бастаған бір топ азаматтар “Ел бірлігі” (қазақстандық ұлт) доктринасына қарсы баспасөз мәслихатын өткізгені белгілі. Олар өз талаптары орындалмаса, 17 желтоқсан күні аштық жариялайтындарын мәлімдеген. Оны қолдап, бір топ зиялылар Елбасы мен халыққа арналған Ашық хатқа қол қойған-ды. Сол қол қойған ұлт зиялыларының арасында сыртынан “қол қойды” деп, тізімге енгізіп жібергендер де бар болып шықты. Соның бірі — Халық әртісі Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ редакциямызға хабарласып, шағымын жеткізуімізді ұсынды.

— Сөздің қысқасы, “Ел бірлігі” доктринасына қарсылық білдірушілер “Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов та бізге қосылды” деп, сыртымнан менің фамилиямды енгізеді де жібереді. Мені бүйтіп жалаулатып, атымды жыртыққа жамау қылуға ешкімнің де құқы жоқ! Сондықтан мен бұған түбегейлі қарсымын. Әрбірден соң, бұл — өте ұят шаруа. Бас-аяғы жоқ, өзіммен келіспей, алып барып жапсыра салу — жақсылыққа апармайтын нәрсе. Жақсы үрдіс емес. Жігіт ағасы жасына келдік. Әр нәрсеге менің өзіндік пікірім бар емес пе?! Өз басым кезінде айтатын жерімізде айттық та. Әлі де айтамыз. Мәселен, кезінде, Желтоқсан оқиғасы кезінде, мені қамап та қоймақ болған. Әйтеуір театрдағы инспектордың арқасында аман қалдық. Бірақ соның қарымтасын 1986 жылы 19 желтоқсанда Жазушылар одағында болған басқосуда қайтардым. Менің сөзіме ақ адал бағасын берген марқұм Хамаң — Хамит ЕРҒАЛИЕВ еді. Әркім “жастарды өйту керек, бүйту керек” деп әртүрлі сөйлеп жатты. Содан мен сөйлеп жатқанда, таяғына сүйеніп тұрған Хамаң: “Мынау сөйлеп тұрған қай бала?” дейді. “ТЮЗ-дің актері Досхан Жолжақсынов” дегенде, ана кісі менің көзімше қолындағы таяғын ортағы қарай лақтырып жіберді. “Досханға дейін, Досханнан кейін сөйлейтіндердің сөзі сөз емес!” деп. Содан маңдайымнан сүйді. Ертеңіне Олжас ағамыз бен Роза апамыз үшеумізді КазГУ-ге апарды. Сол жерде сөйледік. Мұны мен сөйлейтін жерде сөйлейтінім үшін мысалға келтіріп отырмын.

— Ал енді өзіңізден рұқсат сұраған болса, сіз жоғарыдағы тізімге қосылар ма едіңіз?

— Жоқ, мен қосылмас едім. Шынымды айтсам, мен осы кезеңде қалада да болған жоқпын. Киноның шаруасымен шапқылап жүргенмін. Тіпті доктринаға қарсы шаруалардың жүріп жатқанын да естімеппін. Ал аштық жариялау, жалпы, бұл дұрыс күрес тәсілі емес!

— «Ел бірлігі» доктринасынан хабардарсыз ғой?

— Әрине! Доктрина жергілікті ұлтқа деген үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Үлкен жауапкершілік! Өзімізді ғана күйттеп, байбалам сала берсек, еліміздегі өзге ұлт пен ұлыс өкілдерін қайтеміз? Ұлты неміс Гер-ағамызды, қазақша түс көретін, ұлты әзірбайжан Асылы апамызды қайтпекпіз? Әрине, қазақтың тіліне келгенде әңгіме басқа!

— Сонда сіз «Қазақстандық ұлт» идеясын қолдайтын болдыңыз ғой?

— Әрине, қолдаймын! Мұның өзі жергілікті ұлт ретінде қазаққа айрықша жүк, жауапкершілік артып тұр ғой. Әрине, тілге келетін болсақ, барлық қазақстандық қазақ тілін білуі тиіс! Мен өзімнің де, бала-шағамның да құжатында ұлты «қазақ» болып жазылуын қалар едім, әрине. Бірлік — жергілікті ұлттың жауапкершілігінде жатыр. Жауапкершілік -тек қана бізде! Ұлт мүддесін қазір айтпасақ, айырылып қаламыз дегеннің бәрі далбаса! Тіл туралы айғайлағанымызға көп болды, ал содан не өзгерді? Біздікі әншейін көпірме сөз! Одан ештеңе өзгермейді. Ол үшін әрбір ағайын өзінің отбасынан бастасын! Мінбеде «Мен қазақпын!» деп кеудесін соғып жүргендердің талайының үйінде қонақта болдық, солардың әйелдері, балалары, немерелеріне дейін орысша сөйлейді. Жағамызды ұстадық! Менің өз ұлтыма деген жымысқы ойымның жоқтығын менімен араласатындардың бәрі де жақсы біледі. Ұлтыма деген сүйіспеншілігім болмаса, мен «Біржан сал» киносына барар ма едім. Мен саясаттың адамы емеспін. Жалпы, ұлтқа үлесін қосқысы келсе, әркім өз орнында қоссын. Ақынсың ба — өлең жаз, актерсің бе — ойна, режиссерсің бе — қой, әншісің бе — айт!..”. Әңгімелескен Төре ҒАЛИ.

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстанда 2011 жылы мемлекеттік тілді үйрететін орталықтардың санын 120-ға жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры қамқоршылық кеңесінің ІІ отырысында айтылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қамқоршылық кеңесінің отырысында Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының директоры Берік ӘБДІҒАЛИЕВ қордың жылдық есебі туралы, ал ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ ҚР БҒМ «ҚазТест» қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесін іске асыру барысы туралы хабарлама жасады.

Қордың баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, «қазір еліміздің аумағында мемлекеттік тілді үйрететін 64 орталық жұмыс істейді. Ал 2011 жылы олардың санын 120-ға жеткізу жоспарлануда. Бүгінде қазақ тілінде оқытатын орта мектептер саны 4 мыңға таяп қалды. Елімізде 25 мыңнан астам ұлты қазақ емес оқушы қазақ мектептерінде білім алуда. 20 мың бала қазақ балабақшаларына барады. 200 жексенбілік мектепте 7 мыңнан астам өзге этнос балалары қазақ тілін үйренуде«. Қордың қамқоршылық кеңесінің отырысында Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы, мемлекеттік хатшы — сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВ сөз сөйледі.

Ресми БАҚ-тардың хабарлауынша, Қанат Саудабаев өз сөзінде елімізде 24 сағат бойы хабар тарататын 3 бірдей телеарна ашылатынын жеткізген. «Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту жұмыстарын іске асыруды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде отандық телеарналарда мемлекеттік тілдегі хабарлардың үлесін арттыруға барынша маңыз берілді. Ең бастысы, Қазақстанда сандық теледидарға көшу аясында елімізде тек мемлекеттік тілде 24 сағат бойы хабар тарататын 3 бірдей телеарна ашу қарастырылып отыр«, деді ол. Мемлекеттік хатшының атап көрсеткеніндей, олар ақпараттық-танымдық, әлеуметтік-мәдени, тарихи-патриоттық бағыттағы телеарналар болады деп жоспарлануда. Арналардың біреуін «Мәдениет», екіншісін оқу-ағартушылық бағыттағы «Зерде», ал үшіншісін бүлдіршіндерге арналған «Балауса» деп атаған жөн деген пікірлер бар, деді кеңес төрағасы.

«Арналардың атауына қатысты айтарым, бұл — түпкілікті шешім емес. Келешекте өздеріңізбен бірге бас қоса отырып, жаңа телеарналардың аттарын жақсылап ойластыру қажет«, деді Қ. Саудабаев.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...