«Облыстық соттың қадағалау алқасы Жовтистің ісі бойынша шағымды қанағаттандырмады». «Тәулік бойы қазақша хабар тарататын үш телеарна ашылады». «Қазақ қайда барасың?». «Мұхтар Шаханов: Сөздерiне сенгенiм үшiн кiнәлiмiн»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 11 желтоқсан 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Облыстық соттың қадағалау алқасы Жовтистің ісі бойынша шағымды қанағаттандырмады”. “Желтоқсанның 10-күні құқыққорғаушы Евгений ЖОВТИСтің адвокаты Виталий ВОРОНОВтың шағымын қараған Алматы облыстық сотының қадағалу алқасы шығарылған аудандық сот үкімі мен

апелляциялық сот алқасының қаулысы заңды әрі негізді деп шешті. Осылайша, қорғанушы тарап Қазақстанның сот жүйесінің барлық сатысынан өтіп болды…”. “Белгілі адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис биылғы жылы қыркүйек айында Алматы облысы Балқаш аудандық сотының үкімімен қылмыскер деп танылып, 4 жылға бас еркіндігінен айырылған болатын. Қазан айында Алматы облыстық соты оның берген апелляциялық шағымын қанағаттандырмай үкімді күшінде қалдырды. Қазан айының соңынан бері Евгений Жовтис Өскемендегі түрмеде жазасын өтеп жатыр”, — деп қорытты Гүлмира ҚАМЗИЕВА.

Мердігер компаниядан 1,3 млрд теңге талап еткен Атырау әкімшілігі құлаған көпір құрылысын жалғастырмақшы”. “…– Мәскеуден арнайы шақырылған инженерлік институт ғалымдары көпір құрылысын ары қарай жалғастырмаса оның толық құлауы мүмкін екендігін айтып кетті. Сондықтан, құрылыс жалғастырылады және 2010 жылдың бірінші жартысында көпір пайдалануға беріледі, – деп мәлімдеді брифингте журналистерге Атырау әкімшілігі аппаратының жетекшісі Асқар КЕРІМОВ.

Оның айтуынша, көпірдің құлауы салдарынан келген шығын 1 млрд. 300 млн. теңгені құрайды. Бұл ақшаны өндіріп алу үшін облыс әкімшілігі көпір құрылысы дұрыс жүргізілмеген деген негізбен мердігер кәсіпорын – “Трансстроймост” компаниясын сотқа беріп отыр…Көпірдің құлаған аралық бөлігінің құны өте қымбат – 1 млрд. теңге тұрады. Ал оны жасап, Атырауға жеткізудің өзіне 3 ай уақыт кетеді. Мамандардың айтуынша, құлаған көпір бөлігі енді пайдалануға жарамайды, – дейді Асқар Керімов.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылғы қыркүйектің 12-сінде Атырау қаласындағы Баймұханов пен Мечников көшелерін байланыстырып салынып жатқан автокөлік көпірінің ортаңғы бөлігі аяқ астынан өзгенге құлап, апат салдарынан 8 адам қаза тауып, 1 адам орта дәрежедегі дене жарақатын алған болатын.

Жалпы ұзындығы 609 метрлік бұл көпірді салуға 6 миллиард теңгеден (40 миллион доллардан) астам қаржы жұмсалған. Ал “Трансстроймост” компаниясы осыған дейін Атыраудағы бұдан басқа бірнеше көпір құрылысын салып шыққан болатын”. Авторы: Сәния ТОЙКЕН.

AIKYN.KZ. “Тәулік бойы қазақша хабар тарататын үш телеарна ашылады”. “Ана тіліндегі ақпарат пен бағдарламаларға сусап, ақиқаты жарымай келе жатқан қазақ тілді аудиторияның “көз жасы” жоғарыға жеткен сынды. Құдай қаласа, таяу болашақта Қазақстанда тәулік бойы тек мемлекеттік тілде, яғни 24 сағат бойы тынбастан хабар тарататын 3 бірдей телеарна ашу көзделіп отыр. …Ақжолтай хабар Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры қамқоршылық кеңесінің екінші отырысында жария етілді.

Жиынға төрағалық еткен Мемлекеттік хатшы — Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВ аталған игі істің цифрлық телевидениеге көшу аясында жүзеге асырылатынын, соны арналардың ақпараттық-танымдық, әлеуметтік-мәдени және тарихи-патриоттық бағыттағы телеарналар болатынын жайып салды.

…Президент ұсынысымен құрылған мемлекеттік тілді дамыту қорының бір жылдық есебі мен “Қазтест” қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесі мәселесі кең талқыға түскен отырыста Қанат Бекмырзаұлы “арналардың біреуін “Мәдениет”, екіншісін оқу-ағартушылық бағыттағы “Зерде”, ал үшіншісін бүлдіршіндерге арналған “Балауса”” деп атау туралы ұсыныстардың қазірден бар екенін, оның әлі түпкілікті шешім емес екеніне тоқталды. “Келешекте өздеріңізбен бірге бас қоса отырып, жаңа телеарналардың аттарын жақсылап ойластыру қажет”. Сонымен қатар ол 2011 жылы мемлекеттік тілді үйрететін орталықтар саны 120 жететінін хабарлады. Бүгінде еліміздің барлық өңірінде жоғарыдағыдай 64 орталық жұмыс істеп тұр. “Қазір қазақ тілінде оқытатын орта мектептер төрт мыңға таяп қалды. Қазір 25 мыңнан астам ұлты қазақ емес оқушы қазақ мектептерінде білім алуда. 20 мыңы қазақ балабақшасына барады. Ал жексенбілік мектепте 7 мыңнан астам өзге ұлт балалары қазақ тілін үйренуде” деген Қанат Саудабаев, “соңғы екі жылда дағдарысқа қарамастан, тілді дамытуға республикалық бюджеттен 5 миллиардтан астам теңге бөлінді” деді сөзін шегелеп. “Мемлекеттік тілдің дамуы еліміздің болашағының баянды болуымен тікелей байланысты.

… Жиынға қатысқан Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ Мұхтар ШАХАНОВқа бағыттап сөз айтты. Елдік мәселені аштық жариялау арқылы шешу орынсыз екенін еске салды. Берік ӘБДІҒАЛИ болса, “Бұл қордың ерекшелігі бұл қоғамды жұмылдыру. Үкіметтің жұмысын қайталамай, қоғамның арасындағы қызықты-қызықты жобалар, әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарындағы жобаларды қолдау, ынталандыру. Сондықтан біздің жұмысымыз көбінесе қоғамның арасындағы жобаларды іздеу болды”, — дейді. Қор “Айқын” газетімен бірге “тіл инспекциясы” байқауын өткізіп келеді. Өзге де көптеген жаңа бастамаларды қолдап, грант бөліп келеді. Аталған мақсаттарға бір жылда 48 миллион теңгеден астам қаржы бөлініпті. Соның арқасында “Назар”, “Мінбер” сынды қазақ тіліндегі жаңа сайттар өмірге келді. Орыс тілді БАҚ арасында қазақ тілінің мәселесін көтергендер байқауы өтті. Қазақ альманағы болса, болмаса жұрт көңілінен шықты. Елбасы былтыр мамыр айында Сенат депутаттарымен кездесуінде, “Мен бір қор құрайын, ол қорға бірінші президенттің қорынан ә дегенде үлкен ақша саламыз, 500-600 миллион теңге мысалы” деген болатын. Қор бір жылда талай жұмыс тындырды. Жиында Қанат Бекмырзаұлы, қазақ тілін білу деңгейін бағалаудың “Қазтест” жүйесін енгізу бойынша нақты жұмыстар жалғасын табатынын айтты. “Соның ішінде азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін “Қазтест” жүйесі арқылы бағалау технологиясы атты мемлекеттік стандарттар бекітілмекші. Ол стандарттарға сәйкес, келешекте мемлекеттік қызметке келетін үміткерлерден мемлекеттік тілді білуді қатаң талап ететін болады”. Берік Әбдіғали бұл пікірді құптап отыр: “Бүгінгі күні мемлекеттік қызмет болсын, басқа да көптеген лауазым иелерін қазақ тілін талап ету керек. Ал қазақ тілін талап етудің бір тетігі — осы “Қазтест”. Қанат Саудабаев сонымен бірге “мемлекеттік тіл саясатын қазіргі заман талабына сай, ғылыми сараптай алатын әлеуметтік-лингвистикалық зерттеулермен айналысатын “Әлеуметтік-лингвистикалық ғылыми зерттеу орталығын” ашуды ұсынды”. Авторы: Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ.

Әлия Юсупова ақ босағадан аттады”. “Гимнасшы Әлия ЮСУПОВАны ата-анасы, жанкүйерлері сүйген жарының отбасына шығарып салды. Сұлулығына көз тоймайтын, мінезінен мін табуыңыз қиын, көркем гимнастикадан талай шыңдарды бағындырған ауру қызымыздың ұзатылғалы жатқанын естіген Елбасымыз оны таңдаған жігітімен бірге қабылдап, әңгімелесіпті.

Ұлтының намысын абыроймен қорғап жүрген Әлияның алдағы тағдырына бейжай қарай алмағандығынан шығар бұл. Шымкент қаласындағы сәні мен салтанаты жарасып тұрған “Қазақстан-2030” деп аталатын кең мейрамханада өткен Әлияны ұзату салтанатында облыс әкімі Асқар МЫРЗАХМЕТОВ Президенттің арнайы жолдаған хатын оқып берді. Соның алдында ғана Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрі Темірхан ДОСМҰХАНБЕТОВ Елбасымыз беріп жіберген “Тойота Rav-4” автокөлігін беріп кеткен болатын. Елбасының өзі осындай құрмет көрсетіп жатқанда, облыстың әкімі қалай қарап қалсын! Ол ең соңғы үлгідегі үй кинотеатрын тарту етті. Азия аруларының арасында беделі биік, қазақ қыздарының арасынан шыққан жарық жұлдыз, Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы беделін биіктетуге орасан зор үлес қосқан Әлия Юсупова 26 жасқа келіп қалыпты. Оның құдай берген мінезі сондай. Аз, бірақ саз сөйлейді. Халықаралық жарыстарда салмағы ауыр ондаған медальді жеңіп алғанына қарамастан, өзін қарапайым ұстайды. Әсіресе 2006 жыл Әлия үшін жемісті болды. Ол сол жылы Азия біріншілігінде алты алтын медальді қанжығасына байлады. Айта берсек, еліміздегі ең беделді спортшы қызымыздың табыстарын айтып тауысуымыз қиын.

Бір нәрсе ақиқат. Әлияға ғашық болмаған жігіт аз. Қазақ, қырғыз, өзбек, орыс, не керек бойдақтардың бәрінің түсіне кіріп жүрген сұлу 1978 жылы туған, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша үздік бітіріп шыққан Нұржан ӘЛТАЕВпен тағдыр қосуға келісім беріпті.

Бірден айта кетейік. Нұржан да қоғамдық өмірге белсене қатысып жүрген азамат. Ол Әлияға сырттай ғашық болып, телефон соғып, СМС хабарларын жіберіп жүріпті. Бірақ Әлия Нұржанның ұсыныстарынан сыпайы ғана бас тартып, оп-оңай құтылып кетеді екен. “Қыздың назы болады” деп түйген ол бәрібір Әлияға ғашық сезімін білдіргісі келіп, қай елде жарысқа қатысып жүрсе де, гүл шоқтарын жіберіп тұрыпты. Мүмкіндігі бар жерде жарыстарға өзі де барып, ару қыздың қуаныштарына ортақтасып отырыпты.

— Менің жүрегімнің лүпілін гүлдер жеткізді,-дейді Нұржан. Ол — қазір “Оңтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры. Жалақысы жақсы. Қызметі орнықты. Әлияны ата-анасы қазақтың ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрлері бойынша ұзатты. Тойға алыстан ат арылтып арнайы келген меймандар қазақтың мән-маңызы терең салт-дәстүрлеріне ризашылықтарын білдіріп жатты. Әншейінде анау-мынауға сыр беруі қиын әлем чемпионы, ресейлік Александра СОЛОВЛЕВАның толқып, көзіне жас алғанын көріп, оның жанына жақындадық. — Қазақ философ халық екен. Бұрын да қатты сыйлаушы едім. Мына жолы көзім бұрынғыдан да бетер жетіп тұр, — деді ол. “Әлия бақытты. Нұрсұлтан Әбішұлының өзі осы тойға шын жүректен қуанып, сыйлығын жіберіпті, ағынан жарылып, хат жолдапты. Мына тойда ресми адамдар көп екен. Әлия досым шынында да өте бақытты қыз” деп жалғастырды сөзін. Ал күйеу жігіт: — Мені Әлиямен қосқан — тағдыр. Маған екеуміздің жанымыз, рухымыз бір сияқтанып көрінеді, — деді толқып. Сол күні ару Әлия күйеу жігіттің ақ босағасынан аттады. Енді қыз алған жақ дүбірлетіп, той өткізгелі жатыр. Әлия ақ босағадан аттағанымен, көркем гимнастиканы тастамайтынын, әлі де жарыстарға даярлықты жалғастыра беретінін айтыпты”. Авторы: Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ.

Ел бірлігіне қарсы шығуға бола ма?”. “Қай мемлекеттің қандай саясат жүргізуі сол елдің мәдени-әлеуметтік әл-қуатына, жағырапиялық орналасу жағдайына, ішкі-сыртқы салмағына және ішкі тұтастығына тікелей байланысты. Осының бәрін ойластыра қарағанда, “Қазақстанның ел бірлігі доктринасы” — қазақ елі үшін қажетті және пайдалы құжат. Өйткені біздің халық тәуелсіздік алғалы бері “бірлік болмай, тірлік болмайтынына” әбден көзі жетті деп ойлаймын.

“Ырыс алды — ынтымақ” екенін, “бөлінгенді бөрі жейтінін” біздің халық ежелден білген. Ел талқысына ұсынылған осы құжаттың жобасында: “Орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда жүргізілетін іс қағаздарында мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің жұмысын қамтамасыз ету” қажеті, “мемлекеттік тілді қолданудың құқықтық базасын дамыту, оның ұйыстырушы рөлін нығайту” және “Қазақ тілін мектепке дейінгі мекемелерде, мектептер мен жоғары оқу орындарында оқыту сапасын жақсарту” керегі, сондай-ақ “Қазақстан этностарының мәдениетін әрі қарай өзара байыту” мәселесі баса айтылған.

Қысқасы, бұл құжат Қазақстанда тұратын қазақ халқы мен өзге этностардың өзара қандай негіздерді басшылыққа алу арқылы тату тұруы тиіс екенін жан-жақты қарастырған. Мұнда кейбіреулердің елді дүрліктіріп жүргеніндей, “қазақстандық ұлт” деген нәрсенің өзі тұрмақ көлеңкесі де жоқ. Тіпті ымы да, жымы да, астарлап та, алдап та отырған ештеңесі жоқ. Бұл — әлі жоба ғана, бекіген құжат емес. Сондықтан оны талқылау қажет, қатесі болса, сынау қажет, түзетуді талап ету қажет. Бірақ тіл үшін күресеміз деген сылтаумен сол тілдің иесі халқымыздың шаңырағын шайқап немесе тыныштығын бұзып алмауымыз керек. Ал ондай қауіп бар ма? Меніңше, ондай қауіп дәл кәзір ғана емес, ылғый, үнемі бар. Өйткені біз — тәуелсіз мемлекетпіз. Ал тәуелсіз мемлекеттің қамын тәуелсіз мемлекеттің өзі ғана жейді. Қытайдың да, орыстың да, өзбектің де біз үшін қабырғасы қатты қайысады екен-ау деп қателеспеуіміз керек. Себебі олар да ең әуелі өз елінің мүддесін ойлайды.

… Азбыз, оның үстіне алауызбыз, ол да бізді одан бетер азайта түседі. Мемлекетіміздің саясатын қай кезде қолдауды, қай кезде сынауды білмейміз. Және орынсыз сынап-мінеу елдігімізге нұқсан келтіретінін ойламаймыз да, ойланбаймыз да. Әйтеуір, ешкімді тыңдамайтын, ешкімге бой бермейтін бір-бір мықтымыз. Мықты екеніміз рас. Бірақ бірлігі жоқ жүз мықты бірлігі мықты мың осалдан оңбай жеңілетінін кәрі тарих талай рет дәлелдеген ғой.

Біз ең бірінші осы осал жақтарымызды жөндеп алуға тиіспіз. Көбеюіміз керек, ауызбірлікті болуды үйренуге тиіспіз, бала-шағасын, немере-шөбересін әлі қазақша оқытпай отырған бауырларымызды тәрбиелеуіміз керек, 67 пайыз қазақ түгел қазақша сөйлеп кеп қоя бергенде, көп нәрсе мәселе болудан өзі-ақ қалады. Қазір қазақша оқып, қазақша тәрбиемен сусындап жатқан бала-шаға, құдай бұйыртса, енді 10-15 жылда билік басына келе бастайды. Сонда елдің бағы да, тілдің бағы да жанатынына мен өз басым сенімдімін. Ал сондай күйге аман-есен жету үшін, бізге ең әуелі ұзақ мерзімді тыныштық қажет. Сондықтан өз мемлекетімізді өзіміз әлсіретіп, шындықты жөнсіз бұрмалап, жөнсіз тайталасқанша, ел бірлігін, ел тыныштығын ойластырған бағдарламаны жасап отырған мемлекетімізге көмектесуіміз де керек емес пе? Бәріне қарсы шығуға болар, бірақ ел бірлігіне қарсы шығуға бола ма? Естіген елден ұят-ты”, — деп өз пікірін білдіреді Бексұлтан НҰРЖЕКЕЕВ.

Ермек ТҰРСЫНОВ: Маған туған жердің тезегі жақын”. “Сценарист, кинорежиссер Ермек ТҰРСЫНОВтың “Келін” фильмі қазақ қоғамына түскен мәдени “бомба” тәрізді. Оның отты ұшқыны мен жарқылын күнделікті басылымдарда таусылмайтын сансыз мазасыз мақалалардан байқауға болады. Ал режиссердің өзі соншалықты бейқам әрі мамыражай. Ол кезекті кітабын шығарып, өмір жайлы толғанады.

Өмір — бір жаққа алынған билет:

— Егер өмірдің балалық шақ пен кәрілік сияқты кезеңдерін алып тастасыңыз, әрекет ететін уақыт тым шолақ. Оны әркім өзінше жұмсайды. Мысалы, біреу оны “Айқын” газетіне шығындайды. Енді біреу оны теледидар алдындағы диванда өткізеді. Мен үшін уақыт қымбат. Оны текке, қызықсыз іске жұмсағым келмейді. Өзіме ұнайтын іспен ғана айналысып, содан рақат табамын. Мен өмірден ләззат аламын.

— Баспасөздің барлығы “Келініңіз” туралы қызыл кеңірдек болып жатқанда, сіздің мына жайбарақаттығыңыз таңғалдырады?

— Мәселе — кімнің айтқанында. Бізде бәрі футбол мен саясатқа жүйрік. Сол сияқты киноға да бәрі жетік. Мен үшін пікірталас қай деңгейде өтіп жатқандығы маңызды. Маған ең бір төменгі деңгейдегі пікірталасты таңда. Сондықтан мұндай әңгімеге қатыса алмаймын, қатысқым да келмейді. Екіншіден, сын мен айтақтаудың аражігін ажырата білген жөн. Сын дерекке сүйенеді, айтақтау комплекске иек артады. Осыдан қарапайым тұжырым шығады: мұны көрмеуге тиіспіз және бұған тыйым салу керек. Енді мәселенің басын ашып алайықшы: тыйым салған кімдер?…

— Сіздің ойыңызша, көрерменнің шымбайына батқан не? Неге кино қоғамда сонша ашу-ыза шақырды? Қазақтың қай “қотырын” тырнадыңыз?

— Қазақтар сыртқы жау бар кезде бірігеді. Мысалы, жоңғарлар, қытайлар, моңғолдар. Әрдайым осылай болған. Ал сырттан жау табылмаған кезде олар өз ішінен жау іздей бастайды. Жаусыз қазақтың іші пысады. Абайдың өзін сабады емес пе? Неге? Ол көп ойланады, жалғыз. Жалғыздық қазақ қоғамында күдікті. Бізге — сүреңсіз сұрғылттық қымбат. Мысалы, концертке бәрі қара костюм киіп келіп, біреу ақ костюммен келсе, ол күдік тудырады. Сондықтан біз сұрғылт болғымыз келеді. Өйткені сұр болу — қауіпсіз. Егер мәселеге тереңірек үңілсек, кілтипан көшпендінің астындағы арғымағын тартып алып, жер жыртуға жеккен кезде басталды. Ал бұл іс — жер шұқылау оның қолынан келмейтін еді, әрі оған оның құлқы да жоқ. Одан гөрі оған шапқылап, көрші ауылға барып, біреудің малын тартып әкеткен жеңіл.

Исламға келсек, мен ұзақ жылдар бойы араб елдерінде тұрдым. Сонда байқағаным, қазақтар — мұсылман әлеміндегі ең мұсылман емес ел. Ислам — ең алдымен мойынсұну мен дұға оқу. Бұл отырықшылық пен мешіт тұрған жерге жерсінуді білдіреді. Көшпенділік — біздің рухымызға тән. Біз үйімізді атқа тиеп алып, көшіп кете аламыз. Ал мешітті атқа өңгере алмайсың ғой. Одан кейін Ислам кең мағынасында — 24 сағат бойы Аллаға ғибадат ету, біз басымызға іс түскенде ғана оны еске аламыз. Жалпы, бізде Құдайды іздеу — саналы түрде оған бару емес, сәнге ілесу сияқты. Бір жағынан бұл қисынды. Буддаға, Исаға, Мұсаға бармаймыз ғой. Әйтсе де Исламның Мұсаға, Исаға, Ибраһимге, Ааронға да көзқарасы түзу.

— Сіз өзіңіз кімсіз? Құдайға сенесіз бе?

— Маған келсек, жанымның түкпірінде — тәңіршілмін. Біздің негізіміз пұтқа табынуда жатыр. Біз Рухқа бас идік. Отқа, аруаққа табындық. Түркі мифологиясын оқыңызшы. Біздің ұлы құдайымыз Ұмай болды. Біздің оны ұмытқанымыз өкінішті.

— Сіз өзіңіз мешітке барасыз ба?

— Навои көшесінің жоғары жағында тұрамын. Президент резиденциясының қарсысында зәулім мешіт бар. Жұма күні көлік кептеліп, сол жерден өте алмайсың. Мешітке кейбіреулердің қандай сәнді мәшинелермен келетінін Алла көрсе, оларды дәлізінде ұзақ ұстамас еді деп ойлаймын. Бізде Алла салық полициясы сияқты қабылданады: жұма сайын мешітке барып, екі қойды сойып, қайыршыларға таратып берсең, бітті! Бәрі тамаша! Олар, сөйтіп, құдайымен келісімге келетін сияқты.

Дінге сенуді театрға айналдырып жіберген. Діннің мән-мағынасына тереңдей бойлап, түйсіне бермейді. Мысырда тұрғанымда, онда мұсылмандармен қатар, көптеген христиан арабтармен дидарластым. Иорданияда қара киінген христиан араб әйелдерін кездестіріп, ит өлген жерде бой көтерген шіркеуді көрдім. Оларға бәрібір: Құран ба, Інжіл ме, Тәурат па? Исус — Иса, Мойсей — Мұса пайғамбар… Діндарлар үшін Құран бөлек кітап емес, соңғы кітап. Бәрін “менікі, сенікі” деп бөлмей, біртұтас ілім ретінде қабылдайды. Өйткені олар Құдайды іздемейді, өздеріндегі тазалықты іздейді. Ал біз бәрін бөлшектей береміз. Бұл — ислам, бұл — қазақтікі, қалғанының бәрі — бөтен, бәрі — жау…

Қалай ойлайсыз, фильм “Оскар” жүлдесін ала ма?

— Мұны ешкім де білмейді. Бірақ кәсіби патриоттар картинаның төңірегінде ұйымдастырған лас тартыстан кейін оның ұпайы артады деп ойламаймын. Біздің еліміз үшін ұят нәрсе, міне, қайда жатыр.

— Кезінде “Соңғы аялдаманы” түсірген Серік Апрымов ақыры Америкаға аттанған. Сіз ше? “Келінмен” бірге елдегі болашағыңызды қалай елестетесіз?

— Ешқайда кетпеймін. Мен онсыз да көп елдерде өмір сүрдім. Туған жерімнің тезегі де маған жақын әрі түсінікті”. Әңгімелескен Айжан КӨШКЕНОВА.

EGEMEN.KZ. “Ермұхамет ЕРТІСБАЕВ: сайлауалды стратегиясы сайлаудан көп бұрын түзіледі”. “…– “Азат” Ұлттық бірлік доктринасын қабылдауға қарсылық білдірген Мұхтар ШАХАНОВтың акциясына қолдау жасады. Сіздіңше, бұл қағидатсыздықтың көрінісі ғана ма, әлде оппозицияның жаңа тактикасы, саяси тұғырнамалары мен сенімдеріне қарамастан, Президент НАЗАРБАЕВтың барлық қарсыластарын біріктіру әрекеті ме?

– “Азат” парламенттік сайлаудан көп бұрын-ақ стратегиялық қателік жіберді. Бұл қателік болашақ сайлауларда оның алдынан шығады. Қалай болғанда да біз, нұротандықтар, бүкіл көп ұлтты Қазақстан халқына олардың жасаған демарштарының мәнін түсіндіріп, әр сайлаушыға дейін жеке-жеке жеткізетін боламыз. Біз “Азаттың” ұлттық бірлікке қарсы, ортақ мемлекетті бірлесіп құруға қарсы, толеранттылыққа және ортақ азаматтық өзін-өзі біріздендіру мен міндетті түрде мемлекеттік тілді білуге қарсы болғанын айтамыз. Нақ осы өзекті құндылықтарды Президент Назарбаев Ұлттық бірлік доктринасында ұсынған болатын. Біз осы жолмен 18 жыл жүріп, жасырын да мүмкін болатын көптеген қақтығыстарға ұрынбадық. Біз ұлттық бірлік болмаса, толеранттылық және өзара түсіністік болмаса, ешқашан тиімді нарық реформаларын жүзеге асыра алмас едік…”. Әңгімелескен Петр КАРАВАЕВ.

TURKYSTAN.KZ. “Қазақ-британ” академиясының тұңғыш құрылтайы”. “Алматыдағы “Алатау” шипажайында Қазақ-Британ академиясының алғашқы құрылтайы басталды. Екi күнге созылатын кеңеске белгiлi мемлекет және қоғам қайраткерлерi, Қазақстан және Ұлыбританияның зиялы қауым өкiлдерi қатысуда. Осыдан екi-үш ай бұрын, яғни 1-8 қыркүйек аралығында қазақстандық бiр топ ғалымдар Кембридж университетiнде өткiзiлген “Шығыс-Батыс” атты халықаралық конференцияға қатысып қайтқан болатын. Осы халықаралық конференция кезiнде Ұлыбритания корольдiгi жанындағы Азия қоғамымен бiрлесе отырып, Алматы қаласында Орта Азия ғалымдарының қызметiн үйлестiрушi ретiнде Қазақ-Британ академиясын ашу туралы келiсiмге қол жеткiзген екен. Алғаш рет өткiзiлiп отырған құрылтайдың мақсаты – қазақ мәдениетiн, қазақ құндылығын Еуропаға шығару. “Әлемдiк аренада қазақ мәдениетiнiң Қытайдың, Үндiнiң мәдениетi сияқты өз рөлi болары сөзсiз” дейдi мәдени саясат және өнертану Институтының директоры Ерлан Саиров. Аталмыш құрылтайдың өтуiне мұрындық болып отырған Мәдениет және ақпарат министрлiгi, мәдениет комитетi, мәдени саясат және өнертану институты.

Құрылтайдың ең басты мiндеттерiнiң бiрi — “Мәдени мұра” мемлекеттiк бағдарламасын халықаралық дәрежеде насихаттау болғандықтан, кеңес өткiзiлiп жатқан конференц-залға қазақтың ұлттық аспаптары қойылыпты. Қазақтың киелi домбырасының түр-түрi, жетiген, қобыз дейсiз бе, халқымыздың қандай ұлттық жәдiгерлерiн көргiңiз келедi, осының бәрiн залдан табасыз. Ұлттық құндылықтарымызды залға қоюдың өзiнде де бiр сыр жатыр. Аталмыш конференцияға Ұлыбританиядан келген ғалымдар да қатысуда. Олардың қазақтың мәдениетiн, қазақтың жәдiгерлерiн өз көзiмен көрiп, тамашалап қайтуына мүмкiндiк болады. Жалпы, Қазақ-Британ академиясының құрылуы және оның қызметi Қазақстанның жалпыевропалық және әлемдiк академиялық және мәдени қауымдастық кеңiстiгiне ықпалдасу, елiмiздiң шетелге танылуына және алға жылжуына, қазақстандық интеллектуалдық потенциалының қалыптасуы мен насихатталуына ықпал ететiн болады дейдi ғалымдарымыз. Аталмыш құрылтай туралы материалдарды алдағы нөмiрлерiмiздiң бiрiнен оқитын боласыздар”.Авторы: Гүлзина БЕКТАСОВА.

Қазақ тiлiнiң үздiк оқулығы”. “…Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң Тiл комитетiнiң ұйымдастыруымен өткiзiлген “Қазақ тiлiнiң үздiк оқулығы (оқу құралы)” атты республикалық байқаудың жүлдегер деп танылған жұмыстарының тұсаукесер рәсiмi өттi. Үздiк оқу құралын анықтау негiзiнде iске асқан жобаның басты мақсаты – өзге тiлдi ересек тұрғындардың мемлекеттiк тiлдi меңгеруiн жеделдету және қазақ тiлiн үйренуде коммуникативтiк-бағдарлы оқыту әдiстемелерiн пайдалану. Сол сияқты қазақ тiлiн оқытатын оқулықтар мен оқу құралдарының көптеп жарыққа шығуын қамтамасыз ету. Жобаны ұйымдастырушы комитеттiң айтуынша, байқауға келiп түскен жұмыстар саны жетерлiк. Атап айтсақ, 28 оқу құралы байқауға өз еңбектерiн ұсынған. Нәтижесiнде, қазылар алқасының әдiл шешiмi бойынша бiрнеше оқулық үздiк деп танылды. Олар “Сарыарқа” ( М.СЫЗДЫҚОВ жетекшiлiгiмен) оқу-әдiстемелiк кешенi, “Ресми-iскери қазақ тiлi” (Э.СҮЛЕЙМЕНОВА жетекшiлiгiмен) оқулық кешенi, “Қазақ тiлi” (Г.ӘЛIМБЕК) үш деңгейлiк оқу құралы, “Келiңiз, сөйлесейiк” (Қ.ҚАРАБАЕВА) оқу құралы, “Қазақ тiлi” (Ж.НҰРШАЙЫҚОВА, Г.МҰСАЕВА) оқу құралы, “Мемлекеттiк қызметкерлерге арналған қазақ тiлi” (Н.МАШҚАН) оқулықтары жеңiмпаз атанды.

Сонымен қатар мемлекеттiк тiлдi заманға сай озық үлгiлер мен бағдарламалар әзiрлейтiн авторларды тарту мақсатында “Мемлекеттiк тiлдi оқытудың жаңа, баламалы, неғұрлым жетiлдiрiлген сапалы бағдарламаларын әзiрлеудi жүзеге асыратын мамандарды ынталандыру” атты республикалық байқау жүлдегерлерiн мараппаттау рәсiмiмен жалғасты. Аталмыш шараға “Басқару саласы”, “Құқық қорғау саласы” және “Қызмет көрсету саласы” бойынша 21 жұмыс келiп түскен. Байқауда 4 номинация негiзiнде бiрнеше оқулық таңдалды: “Сабақ үлгiлерi” (Ұ.ҚАЮПОВА, Ж.ТҰРЛЫБЕКОВА) мемлекеттiк қызметкерлердi оқытуға арналған көмекшi құрал, “Құқық қорғау органдары қызметкерлерiне арналған әдiстемелiк оқулығы” (Е.ҚОЖАБЕКОВ), “Медицина қызметкерлерiне арналған оқу құралы” (В.ЖАУМИТОВА, С.ИСАКОВА), “Кеден саласы қызметкерлерiне кәсiби қазақ тiлiн оқыту бағдарламасы” (С.ҚҰЛМАНОВ).

Қазақ тiлiн баршаның бiлуi бүгiнгi күн талабы. Кеш соңында мемлекеттiк тiлдi үйретудi қолға алған оқулық авторлары арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен мараппатталды”. Авторы: А. ОСПАНБАЙ.

Гүлшара ӘБДIХАЛЫҚОВА: қорсыз қалғандарға қиын”. “Алматыда өткiзiлген Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Түркия елдерiндегi әлеуметтiк ахуал, жұмыссыздықпен күрес, дағдарыстан кейiн атқарылуы тиiс шаралар талқыланды. “Түркiстан” газетiне сұхбат берген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықова ханым дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасын әлемдiк қауымдастықтың қалай бағалағаны, отандық және шетелдiк еңбек мигранттарының жағдайы, “Жол картасы” мен үкiметтiк шаралар туралы ой бөлiстi.

-Гүлшара Наушақызы, сiздiңше, экономикалық дағдарыс Орталық Азия, оның iшiнде, Қазақстанға қалай әсер еттi?

– Бүгiн БҰҰ мен БҰҰ құрылымдарының және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң бастамасымен, экономикалық дағдарыстың әлеуметтiк салаға әсерiн сараптау мақсатында екiкүндiк конференция өткiздiк. Шығыс Еуропа, Орталық Азия мен Түркияның iшiнен Қазақстанды таңдауы тегiн емес. Себебi, бiздiң елiмiзде банк саласы, қаржы жүйесi, жұмыссыздықпен күрес үшiн “Жол картасы” т.б. дағдарысқа қарсы шаралар дер кезiнде қабылданды. Әлеуметтiк саладағы көрсеткiштер де бiртiндеп көтерiлiп келедi.

-Көптеген елдiң басын қосқан бұл конференцияны Алматыда өткiзуге не себеп?

– Үстiмiздегi жылдың жазында Женева қаласында Халықаралық еңбек ұйымының 90 жылдық мерейтойына орай, саммит өттi. Аталған шарада қазақстандық делегация тарапынан Қазақстан Үкiметiнiң дағдарысқа қарсы бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы кеңiнен мағлұмат бердiк. Сарапшылардың бiздiң үкiметтiк бағдарламаны жоғары бағалауы БҰҰ-ның келесi кеңестi Қазақстанда өткiзуге ұсыныс бiлдiруiне себеп болды. Сол саммитте жұмыс орындары туралы Бас келiсiмге қол қойылды. Менiңше, қабылданып жатқан екiжақты, үшжақты, көпжақты келiсiмдер әлеуметтiк салада, жұмыссыздықпен күрес мәселесiнде кез келген елге көп көмектеседi.

… Елiмiздегi бейресми деректер Қазақстандағы жұмыссыздықтың 6,2 пайыз емес, 12, тiптi, кейде 25 пайыз екендiгiн айтады. Сандық көрсеткiштердiң соншалықты алшақ болуына не себеп?

— Қазақстандағы жұмыссыздар санын есептеуде бiз Халықаралық еңбек ұйымының тәсiлдерiне жүгiнемiз. Конференция барысында өздерiңiз естiдiңiздер, барлық елдер осы тәсiлдi қолданады. Басқа деректер мүмкiн сарапшылардың өзiндiк болжамына сүйене отырып шығарған көрсеткiштерi болар. Жалпы статистиканың есебi — осы. Ендi бiзде түрлi категориялар бар. Мысалы, өзiмiз қамтамасыз ететiн категориялар, уақытша жұмыс iстейтiндер, қысқа режимге көшкендер, өзiн өзi жұмыспен қамтамасыз ететiндер бар. Олардың барлығы да жұмыссыздар санатында жоқ. Өйткенi, белгiлi бiр кiрiс, табыс көзi бар.

— Әлемдiк экономикалық дағдарыс әлi толық ауыздықталған жоқ. Демек, қиындықтар да бiтпедi. Егер жағдай тағы да күрт ушығып, жұмыссыздық деңгейi өсетiн болса, халықты қолдауға Үкiмет қаншалықты дайын?

– Дағдарыс жалғасатын болса, Қазақстан кез келген қиындыққа әзiр. Өйткенi, “Жол картасын” одан ары iске асырумен бiрге әлеуметтiк саланы қолдауға қатысты қаражат жылдағыдан 150 миллиард теңгеге артық.

-2010 жылы Қазақстан, Ресей мен Беларусь ортақ Кеден одағын құрады. Бұл Қазақстанға қарай ағылатын еңбек мигранттарының санын көбейтуге ықпал етпей ме?

– Жоқ! Кедендiк Одақ еңбек мигранттарының күрт көбеюiне ықпал етедi деп есептемеймiз. Өйткенi, Беларусь және Ресеймен еңбек нарығына қатысты келiсiмшарттар бұған дейiн жасалған. Алдағы уақытта да осы құжаттар шеңберiнде жұмыс iстейтiн боламыз…”. Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

ZHASALASH.KZ. “Мұхтар ШАХАНОВ: Сөздерiне сенгенiм үшiн кiнәлiмiн”. “Айқын” газетiнiң 8 желтоқсан күнгi санында Қазақстанның халық әртiсi Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВтың “Менi “қол қойды” деп, сыртымнан тiзiмге енгiзiп жiберiптi” деген сұхбаты жарық көрiптi….

Досхан “ел бiрлiгi” доктринасына риза еместiгiн сездiре келiп, бұл мәселе төңiрегiнде өзiнiң бiзбен бiрге болатынын ашық айтты. Осы сөзiне сенгендiктен, Досханды аштық жариялаушы әдебиет, өнер қайраткерлерiнiң тiзiмiне ендiрген мен едiм. Сондықтан Досханға қол қойдырып алмағаныма және сөзiне аңғалдықпен сенiп қалғаныма кешiрiм сұраймын. Сол жиында Асанәлi ағамыз да бiзбен бiрге болатынын мәлiмдеген-дi. Қағазға қол қоймаса да ол сөзiнде тұрды. Ұлт мүддесi төңiрегiнде өтiп жатқан жиындардың бәрiнде бiзбен бiрге жүр.

Телефон арқылы маған келiсiмiн берген Рымғали НҰРҒАЛИЕВ деген тағы бiр академик ағамыз “Айқын” газетiнiң 9 желтоқсанындағы санында “Мен оларға қосылмаймын” деген түсiнiк жазыпты. Мейлi, екi-үш, тiптi он белгiлi адам билiктiң ыңғайына жығылып, ұлттық мүддесiн жеке мүддесiне айырбастаса, одан қазақ халқы үлкен зардап шеге қоймас. Ерте ме, кеш пе, уақыт әркiмдi өзiнiң табиғи орнына қояды”.

Ұлт жанашырлары билiкке төрт талап ойды”. “…Бiр топ ұлт тұлғаларының қатарына зиялы қауым өкiлдерi, саяси партия жетекшiлерi, мерзiмдi басылым басшылары, Желтоқсан көтерiлiсiне қатысушылар мен жас буын өкiлдерi белсендi түрде қосылып жатыр. Аштық жариялаушы топтың атынан келген белгiлi ақын Мұхтар ШАХАНОВ, танымал театр режиссерi Асанәлi ӘШIМОВ, жазушы-драматург Дулат ИСАБЕКОВ, филолог, ғалым Тұрсынбек КӘКIШЕВ, “Жас Алаш” газетiнiң бас редакторы Рысбек СӘРСЕНБАЙ, саясаттанушы Айдос САРЫМ мен “Желтоқсан ақиқаты” қоғамдық бiрлестiгiнiң жетекшiсi Бейсенғазы СӘДУҰЛЫ кеше журналистер үшiн баспасөз мәслихатын өткiздi.

Бастауын “американдық ұлттан” алатын доктринаға өз қарсылығын бiлдiрген ұлт тұлғалары билiкке төмендегiдей талаптар қойды:

1. Бастауын “американдық ұлттан” алатын, қазақ ұлтының мүддесiн маңсұқ ететiн, Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынған “ел бiрлiгi” доктринасын Алматы қаласында талқылау уақытша тоқтатылды. Республика көлемiнде де осындай қадам жасауды талап етемiз;

2. Қордаланып қалған ұлттық мәселелердiң шешiмiн табу мақсатында президент Н.Назарбаевпен дербес кездесу мәселесiн шешудi және бұдан бұрын қол қойылған Ашық хаттағы барлық талаптарды сөзбұйдаға салмай орындауды;

3. “Қазақстандық ұлт” идеясына бiржола нүкте қоятын, жаңа ұлттық доктрина жасау үшiн үкiметтiк, парламенттiк және қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың өкiлдерi енгiзiлген арнайы комиссия құру қажет. Ал ұлттық мүддеге жанашырлықпен қарайтын азаматтардың, қоғамдық-саяси ұйымдар мен зиялы қауым өкiлдерiнiң балама жобасы Қазақстандағы барлық ақпарат құралдарында жариялануы керек деп бiлемiз;

4. Желтоқсан көтерiлiсiне тарихи-саяси баға беру және көтерiлiске қатысушылардың құқықтық мәртебесiн шешу қарастырылуы керек.

Бұл талаптар орындалмаған жағдайда, Алматы мен Астана қалаларында және республикамыздың өзге де облыстарында ұлт жанашырлары мерзiмсiз аштық жарияламақ. Сонымен бiрге зиялы қауым өкiлдерi 17 желтоқсан күнi, сағат 11-де гүл шоқтарын қойып, Желтоқсан құрбандарын еске алу мақсатында Республика алаңына баратындарын хабарлады….”. Авторы: Жанболат МАМАЙ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Судың да сұрауы бар”. “Облыс су шаруашылықтары қазынаға 9224726 теңге өтемақы қайтаруы керек Оңтүстік Қазақстан облысы арнайы табиғат қорғау прокуратурасы Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы қызметі жануарлар әлемін қорғаудағы заңдылықтарға тексеру жүргізді. Нәтижесінде, Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің 2005 жылғы (№408-ші), 2006 жылғы (№66-шы) қаулыларымен жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тізбесін бекітіп, Созақ ауданындағы Қызылкөл көлі мен “Сайрам” ауданындағы Қарабұлақ көлі жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдынына берілгені анықталды…

…Атап айтқанда, облыс әкімдігінің 2006 жылғы қаулысымен Қарабұлақ көлі “Айжарық Ойл” ЖШС-не балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген. Облыс әкімдігінің 2002 жылғы қаулысымен жергілікті маңызы бар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізбесі бекітіліп, қаулының қосымшасында Сайрам ауданы бойынша “Көлкент” көлі, Созақ ауданы бойынша “Қызыл-Көл” көлі жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi санатына жатқызылды.

Ал, облыс әкімдігінің 2008 жылғы (№94-ші) қаулысымен “Көлкент” көлі “Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі” мемлекеттік мекемесіне, “Қызыл-Көл” “Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі” мемлекеттік мекемесіне тиесілі болды. ҚР “Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы” заңының 66-бабына сай мемлекеттік табиғи ескерткіштердің сақталуына залал келтіретін кез келген қызметке тыйым салынады. Мемлекеттік табиғи қорықтарға арнайы күзет қойылып, қорғалады. Осыған орай, “Көлкент” көлінің ерекше қорғалатын табиғи аумақ ретінде түзілген құжатында аңшылық жүргізу мен балық аулауға тыйым салынатындығы көрсетілген.

… Қадағалау органының тексеру нәтижесі бойынша аталған су шаруашылығы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың қызметінен бюджетке төленуге жататын төлемақылар мен оның өсімпұлдарын өндіру мақсатында 2009 жылдың қазан айында Оңтүстік Қазақстан мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына прокуратура талап-арыздар түсірді. Оңтүстік Қазақстан мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты прокуратураның талап-арызын қарап, ол толығымен қанағаттандырылды. Сөйтіп, су шаруашылығы кәсіпорындарынан бюджет пайдасына жалпы 9 224 726 теңге өндіруге шешім шығарылды”. “Бұл жағдай тек қана Оңтүстік Қазақстан өңірінде кездеседі десек, әлбетте қателескен болар едік. Бүкіл республикамыздағы су шаруашылығы кәсіпорындары жіті тексеруден өткізілуі тиіс. Халық байлығын талан-таражға салу деректері азайған жоқ. Оңтүстіктегі ахуал баршаға сабақ болса, кәнеки”,-деп тұжырымдайды Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ.

ABAI.KZ. “Қазақ қайда барасың?”. “Жаңатастағы бір мектепке қыркүйекте баламды бердім. Жоғары сыныпта оқитын. Қазақы қала болғанына керім қуанғанмын. Бұрын тәуір оқитын балам тез төмендеп кетті. Үйден шықпайды. Өтпелі кезең ғой деп қойғанмын…

… Сынып жетекшісіне бардым. Бейхабар. “Бұлар айтпайды. Қазір Жаңатаста ру-ру болып төбелесетінді шығарды. Бұрын шағын аудан болып төбелесуші ме еді. Өздері етінен ет кесіп алса да айтпайды. Пыс-пыс сөзден естиміз. Іргедегі бір таудың басына елсізге үйсін атаға бір белгі салып жатқан көрінеді.  Үлкендер жиылып жиын өткізіп, бұл жер біздің атанікі, белгі бітсе ас жасаймыз депті. Содан еліктеп балалардың істеп жүргені болар. Қояды ғой”, — деді жайбарақат. “Директор білмей-ақ қойсын. Өзім сөйлесем”, — деді сынып жетекшісі.

Милицияға барайын десем балам безілдейді. Осы жайды көршіме сырғып айтсам, “Бұл әңгіме жаздан басталды. Әр төбеге бір-бір белгі орната берсе қазақтың даласының бәрі қарақшы болып кетеді. Біз біреу не істесе қалыспай соны істейтін халықпыз. Балаларға не кінә? Оларды үлкендер улап отыр. Менің де оқитын қызым бар. Аңдып отырамын. Жаңатаста қазір ұлдар емес қыздар төбелесі өршіп тұр. Оны бүкіл ел біледі. Өткенде Елбасына бір ана дұрыс сұрақ қойды. Бірақ, министр де, сол кездегі облыс әкімі ЖЕКСЕМБИН де жуып-шайып жіберді. Жылы кабинетте отырып, олар не білсін. Оларға жалған ақпарат берді ғой жандайшаптар. Бір апта бұрын ғана ӘУЕЗОВ мектебінің он бірінші сынып оқушысы сыныптасына пышақ салды. Жаңатаста кеш бата жүру мүмкін емес. Милицияның өзі бой көрсетпейді. Шамасы қорқып тығылып жатады-ау”, — деді көршім.

Сөйтіп жүргенде “Нұр Отанның” “Дала мен қала” газетінде Болат ЖАППАРОВтың мақаласы шықты. Онда “бұл жер Ұлы жүз Тіліктің жері, Кіші жүз Шеркеш, Тама, Жағалбайлының жері — Жайық, Жем бойында. Сондықтан аудан атын Тіліктің ұрпағынан қою керек” дегенді меңзеген. Бұл аталған ру, жүз бөліскен мақала үлкендер арасында толқу тудырды.

Құрметті редакция! Мен бұл өңірге жүз, ру-бұру деп емес қазағым деп көшіп келген едім. Мынау не сұмдық! Руға белгі тұрғызуды доғарған жөн. Жер қазақтың жері. Әр ата ру жарыстырып қарақшы қоя берсек, төбе жетпес. Жолдың бойында бос жер қалмас. Жер бөліп беріп елді керістіріп қойған аудан әкімі қайда қарап отыр? “Жол бойында белгі болмасын” деген баяғы заң-закон қайда қалды?! Біздің — қазақтың көргеннен бәсекелесіп қалмайтын әдетіміз бар. Мұның арты ушығады, қара да тұр”. Авторы: Ж. ЕҢКЕБАЕВ,Өзбекстаннан келген оралман, Жамбыл облысы, Жаңатас қаласы,Сарысу ауданы (“ҚАЗАҚСТАН” апталығы, №46-47 (286-287), 10-желтоқсан, 2009).

ZAMANDAS.KZ. “Құлагер мәңгілік тұғырына мінді!”. 2009 жылдың қараша айының 27жұлдызында, Ұлы Даланың даңқты тұлпары Құлагерге арналған ескерткіш салынып бітті. Бұл ел өміріндегі айтулы оқиға болып саналады. Себебі, Құлагер ескерткішін бүкіл халық тосып жүрген болатын. Ескерткіш “Астана-Көкшетау” автобанының бойында орналасқан. Мүсіннің ұзындығы – 8 метр, биіктігі – 5 метр, салмағы – 5 жарым тонна, таза мыстан құйылған. Жалпы ұзындығы 11 метр. Ескерткіш салудың идеясының авторы, әрі ұйымдастырушысы Сәдібек ТҮГЕЛдің айтуынша, “Құлагер монументінің ұлт үшін, ұрпақ үшін мәні де, маңызы да өте зор. Өйткені, Құлагерді тұғырына міндіру арқылы зұлымдыққа тойтарыс берілді, ізгілік баянды етілді”. Халық ұзақ тосқан киелі ескерткіштің салтанатты ашылуы 2010 жылдың мамыр айында өткізіледі. Бағдарламада: 50 шақырымдық “Құлагер-Аламан” бәйгесі, 11 шақырымға құнан бәйге, 9 шақырымға Жорға жарыс, Көкпар, Қыз қуу, Теңге алу, Сайыс ойындары бар. Монументті салуға еліміздің көптеген атымтай жомарт, мырза азаматтары көмектесті. Соның ішінде Ақмола облысының әкімі РАУ Альберт да бар. Құлагерін құрметтеген халық, басқа құндылықтарын да назардан қалдырмаса керек. Бұл елдің елдігін, ұлттың ұлылығын көрсететін ірі шара болып отыр. Сонымен қоса, Құлагермен бірге қазақ рухы да мәңгілік тұғырына көтеріліп, өр қалпын сақтап қалсын деген тілек бар”.

KAZ.GAZETA.KZ. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-ның бұрынғы басшысы Мұхтар ЖӘКІШЕВке қатысты қылмыстық іс сотқа берілді. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет СҮЙІНДІКОВ бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...