«Қазақстанды Қытаймен жалғайтын газ құбырының бірінші тармағы іске қосылды». «Қазақстанға келетін барлық кинолар қазақшаландырылады!». «Мемлекетқұраушы ұлтпен санаспауға болмайтындығын сезіне бастады»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 14 желтоқсан 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Қазақстанды Қытаймен жалғайтын газ құбырының бірінші тармағы іске қосылды”. “…Сенбі күні Астанаға Қытай төрағасы ХУ ЦЗИНЬТАО Орталық Азиялық жоба – “Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай” газ құбырының қазақстандық учаскесін ашуға өзі келді. Салтанатты шараға қатысқан екі елдің мемлекет басшылары бұл екі елдің экономикалық қарым-қатынасындағы ірі жобалардың тек басы ғана мәлімдеді.

Астана үшін бұл жоба қазақ газын шетелге шығаратын бірінші экспорттық газ құбыры болып саналады. Бұл трансұлтты жоба Орталық Азия табиғи газын Түркіменстаннан Өзбекстанға, одан Қазақстанға, қазақ жері арқылы Қытайға шығаратын болады. Қазақстандағы уческесі екі параллельді құбыр желісінен тұрады.

Бірінші құбырдың газ өткізу қабылеті – жылына 40 млрд. текше метр болса, ол бірден Өзбекстан шекарасынан Қытай шекарасына дейін жол тартады. Екіншісінің газ өткізу мүмкіндігі жылына 10 млрд. текше метрді құрайды. Бұл Бейнеу – Бозой – Қызылорда – Шымкент арқылы жүреді. Қазақстан аумағындағы газ құбырының жалпы ұзындығы – 1304,5 шақырым. Ол өзбек-қазақ шекарасынан бастау алып, одан Қазақстанның шығыс өңірі арқылы Қорғас бекетіне дейін барады.

… – Бірінші, екі ел арасындағы тығыз қарым- қатынас деңгейін сақтап қалу, өзара түсіністікті нығайту. Екінші, энергетикалық қарым-қатынасты біріккен жобаларды жүзеге асыру арқылы тереңдете түсу. Үшінші, шикізаттық емес сектордағы қарым-қатынасты кеңейту. Төртінші, қаржы саласындағы өзара ынтымақтатықты тереңдете түсу. Қытайдың Қазақстанға берген 10 млрд. доллар несиесін оңтайлы жұмсай отырып, өзара қарым-қатынасқа жағдай жасау. Бесінші, гуманитарлық саладағы қарым-қатынасты нығайту үшін қытай жағы ғылым мен техника мәдениет, туризм саласын дамытуға қолдау білдіреді. Осы бағытта Қытайдың жоғары оқу орындарында үкімет грантымен оқитын студенттер санын жүзден екі жүзге дейін көтереді, – деді Қытай төрағасы.

Қытай жағы Қазақстанның шикізаттық емес саласын дамытуына 3,5 млн. АҚШ долларын бөлуге дайын екен. Бұл жөнінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ мәлімдеді. Мұнан өзге Қытай мемлекеттік банкі шикізаттық емес саладағы түрлі жобаларды жүзеге асыру үшін 3 млрд. доллар бөлу жөнінде қосымша келісім шартқа келу мүмкіндігі бар екен…

… Келесі жылдан бастап, Қазақстан мен Қытай үкіметі арасындағы келісім шартқа сәйкес, қазақ бидайы Қытайға экспортталатын болады. Әзірге Қазақстан 3 млн. тонна астық тасымалдайды. Қазақстан президенті Назарбаев мұны да ерекше атап өтті. Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек КҮРІШБАЕВ Азаттық радиосы тілшісіне Қытай төрағасының бұл сапары барысында азық-түлік дақылдарын өсіру үшін қазақ жерін Қытайға жалға беру мәселесі қаралмағанын айтты.

– Бұл мәселе мүлдем күн тәртібінде болған жоқ. Қаралған жоқ, – деді министр. Еске сала кетейік, таяуда Астанада өткен шетелдік инвесторлардың кеңесінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың соя мен рапс өсіру үшін 1 млн. гектар қазақ жерін сұрап отырғанын мәлімдеген еді. Бүгінде екі мемлекет арасындағы сауда айналымы Қазақстан президентінің айтуынша, 15 млрд. долларды құрайды. Қазір Қытайдың жоғары оқу орындарында Қазақстанның үш мыңға жуық студенті білім алады”,-деп белгіледі Жұлдыз ТӨЛЕУ.

AIKYN.KZ. “Қазақстанға келетін барлық кинолар қазақшаландырылады!”. “Қазақстанға әкелінетін барлық фильмдер 2012 жылдан бастап міндетті түрде толық қазақшаландырылатын болады. Бұл туралы кеше Сенатта Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Ж.ҚҰРМАНҒАЛИЕВА жария етті. Бұл талап ендігі “Мәдениет туралы” бұрынғы заңнаманы өзгертетін жаңа заңның жобасына енгізілген.

Осы орайда өздерінің кешегі жалпы отырыстарында сенаторлар прокаттаумен айналысатын компаниялардың дайындығы турасында сұрастырған еді. Бұған жауап ретінде Жанна Құрманғалиева еліміздің белді бір прокаттау компаниясының дүкендері желісінде тіпті мемлекеті жоқ жұрттардың тілінде де “дыбыстық трек” табуға болатындығын алға тартты. Оның қасында аймақ көшбасшылығына ұмтылып отырған Қазақ еліне бұл қадамнан одан әрі шегіншектей беру — ұят нәрсе.

“Мәдениет туралы” жаңа заң жобасында Мәжіліс киноларды үстеме дыбыстай салуға қанағат қылыпты. Мұны байқаған сенаторлар бас шайқап, келіспей қойды. Осылайша, Төменгі палата бері ұзатқан заңжобаның: “Прокаттау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін барлық фильмдер 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақ тілінде дыбысталуға тиіс” деп келетін 1-бабы, 17)-тармақшасы, қырық төртінші абзацындағы “дыбысталуға” деген сөзді Жоғарғы палата “дубляж жасалуға” деп ауыстырды. “Сіздерге кіргенде, заң жобасында әу баста “озвучка”, яғни тек қана дыбыстау туралы норма болған, ал Сенатта бұл норма дубляж жасалуы керек деп кеңейтілді. Дубляж деген бұл толыққанды қазақ тілді фильм деген сөз. Бұл тек дыбысталған фильмдерді ғана емес, кәсіби тұрғыдан мемлекеттік тілде дубляж жасалған фильмдерді прокаттау үшін қолға алынып отыр” деп атап өтті Ж.Құрманғалиева. Ал сенатор Қуаныш АЙТАХАНОВ соңғы кезде сын тезіне алынып жүрген фильмдер сапасына қатысты мәселені көтерді”.

DMK.KZ. “Қытай төрағасының Қазақстанға сапары экономикалық байланыстарды тереңдетеді”. “Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге жұмыс сапарымен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы ХУ ЦЗИНЬ ТАОны қабылдап, екі ел арасындағы экономикалық мәселелерді талқылады. Ху Цзинь Таоның бұл жолғы сапарына екі елдің арасындағы достықты тереңдету, тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріне арналды. Ху Цзинь Тао Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВты ел Тәуелсіздігінің 18 жылдығымен шын жүректен құттықтап, достық пейілін танытты. Сапар барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ху Цзинь Тао кеңейтілген құрамда кездесу өткізіп, “Түрікменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай” газ құбырының қазақстандық бөлігінің жұмысын жан-жақты талқылағанын айта кетуіміз керек. Бұдан басқа ҚР Мемлекеттік хатшысы және Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВ ҚХР Сыртқы істер министрі ЯН ЦЗЕЧИмен кездесті. Бүгінде көршілес екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс жан-жақты даму үстінде. Жақында Үкіметте өткен селекторлық кеңесте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ ШӨКЕЕВ Қазақстан – Қытай аумағы арқылы Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне 3 млн. тоннаға дейін астық жеткізу турасындағы келісімге қол жеткізгені есімізде. Астық транзитін шешу ісі Қытайдың Ауылшаруашылығы министрлігі мен “Ковка” компаниясына тапсырылған. Бұдан басқа, Қытайдың ішкі тұтыну нарығына да астық сату мәселесі оң шешімін табуы мүмкін. Өз кезегінде Ө. Шөкеев: “Бұл өте маңызды шешім. Бізде астық экспортының жаңа бағыты пайда болды”, – деген болатын”.

ZHASALASH.KZ. “Құрметтi Шерхан аға!”. “Сiздiң 2002 жылы шығарған жинағыңыздың 6-томының 282-бетiнде: “Қазақстан жер көлемi жөнiнен әлемдегi 186 елдiң iшiнде 7-орында, зерттелген қазба байлығының қоры 10 триллион доллар (мұнай, газ, металдың барлық түрiнiң жерiмiздiң астында жатқан қорының көлемi жағынан алғашқы ондыққа кiремiз), жердiң үстiндегi төрт түлiк мал мен ешбiр елде жасалмаған рекордтық өнiм жиған дәндi дақылдардың иесi – Қазақстан, бiр миллиард жер халқын асырай алады”, – деп ғалымдардың зерттеу қорытындысына сүйенiп, тұжырым жасаған едiңiз. Бұл зерттеуiңiздiң шындық екенiне еш күмәнiм жоқ. Сiз зерттеген кездегiден қазiр бұл байлықтың бағасы еселеп өсiп те кеттi ғой. Тек күнде айтылып жататын бiр ғана мұнайдың бағасы 9-10 доллардан 70-150 долларға дейiн өсiп кеттi. Мұнайдың 1 баррелi (150 литрi) биыл орта есеппен 60 доллар десек, өткен жылы өндiрiлген мұнай – 70 миллион, биыл 76 миллион тонна болмақ. Қарапайым есеппен 1 тонна мұнай – 1400-1600 литр болады десек, яғни 1 тонна мұнайдың бағасы 600 доллар. Ал 76 000 000 тоннаның құны 45 600 000 000 доллар, немесе 6840 000 000 000 теңге екен. Бұл тек мұнай ғана, ал газ, алтын, күмiс, уран, көмiр, темiр, тағы басқа металдардан түсетiн қаржы қайда? Қазiр байларымыз, кеше ғана президент барып келген Араб елiнде, “бензиннiң бағасы 15 теңге екен, олар “Аллаһтың халқымызға тегiн берген дүниесiн халқым тегiн пайдалансын” дейдi екен”, – деп жүр.

Ата заңымызда “Жер, оның байлығы – халықтiкi” делiнген. Қазiр жердiң егесi кiм? Жерасты байлығының егесi кiм, жердiң нақты егесi егер шынымен халық болса, халық неге бiлмейдi, неге барлығы құпия?

Таяуда парламент “адамның жеке өмiрiне қол сұғылмаушылығы” туралы заңды жедел қолға алып, жүзеге асырып, халық пен шенеунiктер, депутаттардың екi арасына қытай қорғанын қалап, өздерiн қауiпсiздендiрмекшi болып жанталасып жатыр. Неге? Олар халықтан, журналистерден неге қорқады?

Шетелдегi 40 миллиард доллар тұрақтандыру қоры қайда, неге тұрмыс қиындаған кезде ол қаржы барлық сайлауды “ойдағыдай өткiзiп”, халықты ұйымдастырып 80-90-100 пайыз дауысты “сыйға тартып” берiп жүрген мұғалiмдерге, дәрiгерлерге, қарапайым қызметкерлерге уәдеге сай берiлмейдi? Әлде олар сайлау кезiнде ғана керек пе?

Шераға, неге сiз секiлдi, көзi ашық, көкiрегi ояу, ұлтымыздың беткеұстар зиялы патриот ақсақалдары мен қарасақалдары осы сұрақтарға жауап iздемейдi. Әлде сiздерге бәрiбiр ме?”. Авторы: Арман ЖӘКЕНҰЛЫ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Жоғары жалақы — адал қызметке кепіл бола ала ма?”. “…Заң бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамаға уақытша талон бірге тіркеліп, ол материалдармен қоса сотқа жіберіледі. Мысалы, пайдалануға сотпен тыйым салынған куәлікті сот ішкі істер департаментінің жол полициясы басқармасына жолдаған соң, ол көрсетілген мерзім біткенге дейін сонда сақталуы тиіс. Бар мәселе осы жерде, яғни, жүргізуші куәлігінің түпнұсқасы қайда, кімде екендігіне басқарма тарапынан бақылау жұмыстарының жүргізілмейтіндігінде болып отыр. Соның салдарынан жүргізушілердің көлік құралдарын түпнұсқадағы жүргізу куәлігімен жүргізе беретіні туралы деректердің жиілеп бара жатқанын Алматы облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі жоққа шығармай отыр. Мұндай жағдайда жол ережесі тәртібін жолға қоямыз деу екіталай. Жол полицейлері жалақысының өскенін, әрі оның қандай мақсатпен көбейтілгенін ескерсек, жоғары жалақының мемлекеттік қызметкерлердің өз істерін жауапкершілікпен, әділ орындауына ықпалы бар ма деген ой өз-өзінен туындайды. Өйткені бізде еңбекақы көп болса, сыбайлас жемқорлыққа бармайды деген қасаң түсінік қалыптасқан. Расында да қоғамымызда қомақты жалақы алатындар өз істеріне адалдық танытып, ал, айлығы шайлығына жетпейтіндер ел алдындағы міндеттерін жымысқы пиғылда атқара ма? Қалай дегенде де, Алла тағаладан пенделеріне ынсап беруін тілейік”. Авторы: Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

MINBER.KZ. “Мінбер”: мемлекетқұраушы ұлтпен санаспауға болмайтындығын сезіне бастады”. “Желтоқсан айының 12-сінде Алматы қаласында, Қаз жол қонақ үйінің “Самұрық” конференц залында Халықаралық Соғыс және бейбітшілік репортаждар институты мен “Мінбер” журналистерді қолдау орталығы” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен “Қазақтілді БАҚ бүгінгі хал ахуалы” атты бір күндік семинар өтеді.

Семинардың мақсаты – жаһандану жағдайындағы қазақ ақпаратының бүгінгі хал ахуалы жайында пікір алмасу, келесі жылдың басында өтуі тиіс Қазақтілді ақпарат құралдарының тұңғыш халықаралық форумында талқыға түсер мәселелер төңірегінде ой қозғау және бүгінгі қазақ баспасөзінің толғақты мәселелерін сөз ету.

Қазақстанда қазақтілді ақпарат құралдарынан гөрі, орыстілді ақпараттың жетекші рөл атқарып отырғаны жасырын емес. Бүгінде елімізде жарық көретін мерзімді басылымдардың 80%-ы орыс тілінде ақпарат таратады. Радио-теле эфирлердің прайм-таймының 80%-ын тағы да орыстілді ақпарат иеленеді. Әрине, қазақтілді БАҚ-тың бұл пүшайман халіне өз елінде өгейдің күйін кешіп отырған қазақ тілінің төрге оза алмай отыруы – басты себеп.

Бұл ретте әлеуметтанушылар билікке белгілі бір ұлт тарапынан әлеуметтік қысым жоғары болғанда, билік олармен санасуға мәжбүр болады деген ой айтады. Соңғы бір-екі ай көлемінде қазақ билікке өзінің саяси талабын қоя бастады. Билік елдегі мемлекетқұраушы ұлтпен санаспауға болмайтындығын сезіне бастады.

Сол себепті біз қазақтілді ақпарат құралдарының өкілдері күні бүгінге дейін қордаланып қалған ойларымызды талқыға салып, өзара пікіралмасып, қоғам дамуынан кенже қалып отырған ұлттық баспасөзді дамыту мәселелерін талқыға салуды жөн көріп отырмыз”.

KAZ.GAZETA.KZ. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы ұлттық компанияларға жаңа сатып алу жоспарларын 2010 жылдың 1 қаңтарына дейін таныстыруды тапсырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бүгін Алматыда «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры мен Алматы әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тапсырыс-2010» атты форум өткізіліп жатыр. Бұл форум қор құрамына енетін компаниялар тобындағы тауар, қызмет, жұмыс түрлеріне деген сұраныс туралы отандық өнім өндірушілерге ақпарат беруге байланысты өтіп отыр.

Форум аясында қор құрамына енетін компаниялар мен отандық өнім өндірушілердің арасындағы ынтымақтастық мәселелеріне арналған кеңес өтті.

….Қызмет көрсету, жұмыс беру, тауар сатып алуда қазақстандық үлестің артуы үшін Қор өте белсенді жұмыс атқарып отыр. Мәселен, қазақстандық үлес туралы корпоративті бақылау жүйесі құрылып, жұмыс істейді, қордан тапсырыс алушылардың ақпараттық базасы құрылып, уақытында ақпараттар жаңартылып отырады. 2009-2011 жылдар аралығындағы қор мен оның компанияларындағы тауар, қызмет көрсету, жұмыс беруде қазақстандық үлесті арттыру үшін жасалынған бағдарлама бекітіліп қазір сол бойынша іс жүргізіліп отыр. Қор құрамындағы компаниялардың сатып алу ауқымы елдің ішкі жалпы өнімінің төрттен біріне сай. Осы жылы тауар, қызмет көрсету, жұмыс түрлеріне деген біріктірілген шығынның сомасы 2 трлн теңгеден артады деген жоспарлар бар.

Қор құрамына енген компаниялардың соңғы 11 айдағы қорытындысы бойынша, 1, 444 трлн теңгеге сай 50 000 келісім-шарттар түзілген. Ал қазақстандық тауар өндірушілердің үлесі 62 пайызды құраған.

Оның ішінде Алматы қаласындағы кәсіпорындарға 343 млрд теңгеге сай тауар, жұмыс, қызмет көрсету түрлеріне тапсырыс болған (орташа есеппен алғанда онлдағы қазақстандық үлес салмағы 77 пайыз), ал сатып алынған тауар құны 215 млрд теңгені құраған.

«Бұл айтылған сандар Алматы қаласы кәсіпорындарының қор құрамына енетін компанияларды жабдықтайтын негізгі жабдықтаушылар екенін көрсетеді. Бұған қоса, үлкен мегаполистің тауар өндірудегі, жұмыс беру, қызмет көрсетудегі әлеуеті әлі де толық игерілген жоқ. Сондықтан әрі қарай да арта береді деп ойлаймын» — деді Қайрат КЕЛІМБЕТОВ.

Қазақстан парламентінің депутаттары бұрынғы балабақшалардың ғимараттарының иелерінен оларды қайтаруды сұрап, үндеу жариялады, деп хабарлайды Kazakhstan Today сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үндеуде былай делінген: «Біз қоғамда орын алып және халықты толғандырып отырған маңызды проблема — Қазақстанның балаларын мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерімен қамтамасыз етуге байланысты сіздерге жүгініп отырмыз.

Бүгінде мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерімен қамтылу 36,5 пайызды құрайды, 240 мың бала орын алу кезегін күтіп тұр. 820 мың бала үйде тәрбиеленуде.

Соңғы жылдары мемлекет қалыптасқан жағдайды жақсарту үшін көп шаруаның басын қайыруда: жаңа бала бақшалары салынып, қолда бар бала бақшалары реконструкциялануда, мектептердің жанынан шағын орталықтар ашылуда. 2001 жылдан бастап бала бақшалары жүйесі 750-ге ұлғайды, 56 бала бақшасы салынып, 564-і, оның ішінде бұрын жекешелендірілген 466-сы қалпына келтірілді. Таяудағы үш жылда тағы да 200 бала бақшасын салу жоспарланып отыр.

Алайда қажеттілікті қамтамасыз ету үшін әлі де шамамен әрқайсысы 280 орындық 800 бала бақшасын салу керек. Бұл үлкен міндет, оны тек үкіметтің күшімен және бюджет есебінен еңсеру мүмкін емес…”.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...