«Бір ғана ұту бар, ол – тәуелсіздік». «1986 жылғы 16 желтоқсан тәуелсіздік тарихындағы ерекше күн». «Экипажы Қазақстан азаматтарынан жасақталған, тонналап қару артқан ұшақтың иесі кім екені әлі белгісіз»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 15 желтоқсан 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Журналист Лұқпан Ахмедьяровтың үстінен миллиондаған теңгенің талап арызы қарша борады”. “…14 желтоқсан күні Алматыда өткен баспасөз-мәслихатында Батыс Қазақстандағы “Уральская неделя” газетінің журналисі Лұқпан АХМЕДЬЯРОВ облыс билігі одан және газеттен келтірген моральдық нұқсанның өтеуі үшін 102 миллион теңге (шамамен 680 мың доллар) ақша талап етіп жатқандығын мәлімдеді.

— Соңғы үш айдың ішінде маған қатысты талап арыздар қарша борады. Әрине, еті үйреніп кетпегенімен, талап арыздар журналистер үшін соншалықты жаңалық та емес. Оның үстіне біздің елде. Бірақ, бұл талаптар қысқа мерзімнің ішінде түсер болса, менің ойымша, мұнда барынша абсолютті талаптар қойылады. Бұл, әрине, алаңдауға себеп болады. Алаңдаушылық болғанда қалай? Меніңше, бұл талаптардың барлығының мақсаты біреу-ақ. Яғни, басылымды, журналистерді қаржы жағынан қысып, жазалау, – деді журналист Лұқпан Ахмедьяров.

Қазіргі уақытта “Тенгизнефтестрой” компаниясы одан және “Уральская неделя” газетінен моральдық нұқсан келтіргені үшін 70 миллион теңге (шамамен 467 мың доллар) талап етуде. Сотқа шағымдануға биылғы жылдың 6-тамызында “Уральская неделя” газетінде жарияланған “Тендер шымылдығының арғы жағында” атты мақала себеп болды.

… Естеріңізге сала кетсек, журналист Лұқпан Ахмедьяров сотқа Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісі Алпамыс БЕКТҰРҒАНОВтың ісі бойынша куә ретінде шақырылған. Ақырында, сотқа тіл тигізгені үшін Лұқпан Ахмедьяровты бес тәулікке түрмеге қамаған. Журналистің өзінің айтуынша, ол сотқа тіл тигізбеген. Бұдан бұрын журналист Лұқпан Ахмедьяров Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВке қолайсыз сұрақ қойғаннан соң “ТДК-42” телеарнасынан жұмыстан шығарылған”. Авторы: Дильбегим МАВЛОНИЙ.

Экипажы Қазақстан азаматтарынан жасақталған, тонналап қару артқан ұшақтың иесі кім екені әлі белгісіз”. “…Ұшақ 12 желтоқсан күні Бангкок әуежайында ұсталды. Таиланд полициясы Ил-76 ұшағының бортынан 35 тонна қару-жарақ тапқан. Экипаждың бес мүшесі ұсталды. Ұшақтың командирі белорус Михаил ПЕТУХОВ, қалған төрт адам Қазақстан азаматтары – Александр ЗРЫБНЕВ, Виктор АБДУЛЛАЕВ, Виталий ШУМКОВ және Ілияс ИСАКОВ.

Хабарларға қарағанда, жергілікті полиция оларды алты сағат бойы тергеудің астына алған. Оларға “заңсыз қару тасыған”, “жүктің сипаты туралы жалған ақпарат берген” және сол арқылы “тауарды Таиланд аумағымен заңсыз алып өтпек болған” деген айыптар тағылып отыр.

…Дүйсенбі күні экипаж мүшелері Таиландтың қылмыстық сотының алдында жауап берді. Сот Ил-76 ұшағының экипажын тағы 12 күнге ұстау туралы шешім шығарды.

– Бүгін Бангкокте соттың алғашқы тыңдаулары болып өтті. Бұл іске қатысты шешім 12 күннен кейін шығарылады, – деді Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс ОМАРОВ.

… Қазақстан бұған дейін Солтүстік Кореямен қару-жарақ саудасына қатысты бір жанжалға іліккен болатын. 1999 жылы Қазақстан Солтүстік Кореяға бірнеше әскери ұшақ сатпақ болғаны анықталған-ды. Оның арты халықаралық дәрежедегі дау-дамайға ұласып, сол кездегі Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай ӘБІҚАЕВ пен елдің қорғаныс министрі Мұхтар АЛТЫНБАЕВ отставкаға жіберілген еді. …Алайда көп ұзамай ол екеуі де жоғары билікке қайта оралып, мемлекеттік наградаларға да ие болды. Қазақстан сол жолғы даулы операцияның негізгі кейіпкерлерін болмашы жазалаумен ғана шектелген-ді”,-деп белгіледі Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

Рамазан Есіргеповтың шағымын қадағалау алқасы қанағаттандырмай тастады”. “Желтоқсанның 14-күні Жамбыл облыстық сотының қадағалау алқасы “Алма-Ата инфо” газетінің бас редакторы Рамазан ЕСІРГЕПОВтің шағымын қарап, оған шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды...”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

EGEMEN.KZ. “Қазақстан халқы ассамблеясының Қазақстан азаматтарын тәуелсіздік күнімен құттықтауы”. “Құрметті отандастар! Қазақстан халқы Ассамблеясы сіздерді Қазақстан халқының ұлттық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтайды.

Бұл күн – Қазақ елінің тарихындағы ең атаулы күн, қазақ халқының санғасырлық арманының орындалған күні. Алғаш рет қазақ халқы өз тағдырын өзі айқындап, шешу мүмкіндігін алды. Біз сан ғасырлар бойы Отанымыздың тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін күрескен, қазақ халқының өмір сүру құқығын сақтап қалған азаматтарды мәңгі есте сақтаймыз.

Біз қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы тұрған батырларының, отарлау жүйесіне қарсы шыққан ел ағаларының, коммунистік саяси террорға қарсы тұрған Алашорда мүшелерінен бастап 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың ерлігін мәңгі құрметтейміз. 1986 жылғы 16 желтоқсан тәуелсіздік тарихындағы ерекше күн. Жастар ашық түрде халықтың мүдделерімен санаспаған тоталитарлық режімге қарсы шығып, дәл осы күн кеңес жүйесінің құлдырауының бастауына айналды. Біз Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың батырлығын мәңгі есте сақтап, олардың ұмытылуына жол бермеуіміз қажет.

Біз қазақтың рухани негізі болып саналатын қазақтың тілі мен мәдениетін сақтап қалу үшін атқарған ерен ерлігі мен өнегелі істері үшін қазақ интеллигенциясының қоғамдағы тарихи орнының ерекшелігін атап өткенді қажет деп санаймыз.

Егемендік алғаннан бері Қазақстан өзін әлемге әйгілі және дәрежелі, бейбітшілікте өмір сүретін мемлекет ретінде танытты. Ядролық қарудан бас тартып, өзіндік бірегей этносаралық және конфессияаралық төзімділік моделін қабылдады. Оның негізінде тарих тәлкегімен Қазақстанға жер аударылып келген барлық этностарға өз жерінде жылы қабылдау көрсеткен қазақ халқының менталитеті мен бай дәстүрлі мәдениеті жатыр.

Тәуелсіздік күнінің қарсаңында біз барша Қазақстан халқын қазақ жеріндегі бейбітшілік пен тыныштықтың белгісі болып отырған осы айрықша мерекемен құттықтаймыз.

Қазақстан халқы Ассамблеясы барша отандастарына амандық, өсіп өркендеуді, өмірде сәттілік пен бақыт тілейді! Жер бетінде әрқашан бейбітшілік, достық пен келісім орнап, еліміздің болашағы жарқын болсын!”.

JASQAZAQ.KZ. “Базардан “бүлік” шықты”. “Өз кәсіпкерлерімізді қуып, өзгені алдырғаннан не ұтамыз?…Жаңа ғасырдың басында Алматыдағы “Жібек жолы” шағын ғана азық-түлік базары еді. Сол кезде “Ақсай” ықшамауданында тұратын мен аптасына бір рет базаршылап қайтатынмын. Осыдан екі-үш жыл бұрын бұл базар бұзылды. Орнына қазіргі заманға лайық базар салынып, пайдалануға берілгенде, біз “Жібек жолына” миллиардтаған қаржы құйылғанын сезіп-білдік. қожайынның тегін адам еместігіне де көзіміз жеткендей болды.

Базар дегеніңіз – қып-қызыл ақша, толағай-теңіз табыс. Ақша жүрген жер әманда тыныш болушы ма еді. Жақында “Жібек жолында” жанжал шықты. Анығында, қожайын бұл базарды сатты. “Сатылса, онда тұрған не бар?” дейсіздер ғой. Гәп осында. Жаңа қожайын көлікке қосалқы бөлшек сататын базарды басқа салаға ауыстырмақшы. Мысалы, бұдан былай “Жібек жолы” киім-кешек сататын орталыққа айналуы әбден мүмкін. Сөйтіп, базар жағалап, нәпақа тауып жүрген екі-үш мың адамға далада қалу қаупі туындады.

… Біреу білер, біреу білмес, “Мәскеу түбіндегі Котельникиде “Черкизовский-2” базары салынуда. Бұл туралы ақпаратты infox.ru сайты таратты. Мың жарым сауда орнының құрылысы аса қарқынды жүріп жатқанға ұқсайды. Сөйтіп, Мәскеудің оңтүстік-шығыс аумағына (МКАД) жергілікті халықтың есебі бойынша 24 мың ханзу қоныстанған. Люблин кинотеатрларында қытай тілінде кинофильмдер көрсетіле бастапты. Жолаушы тасымалдайтын көлік, такси атаулы қытай иероглифін меңгеруге көшкен. Ал жергілікті билік қосымша жұмыс орны ашылатынын айтады. Тағдыры тәлкекке түскен “Садовод” базарының сатушылары жергілікті биліктің айтып отырған уәжімен келіспейді. Соңғы жарты жылда бұл жерден бұрынғы кәсіпкерлердің 65 пайызы көшіп кетті” деп жазады Infox.ru. Бұған наразылық танытқан жергілікті халық екі рет Котельники қаласы әкімшілігінің алдында митинг ұйымдастырды. “Тура осындай жағдай біздің басымызға түсіп отыр. “Жібек жолы” сауда орталығын біз тастап шықсақ, біздің орнымызға қытай саудагерлерін әкеліп орналастырмақшы. Мәселен, мен қарыз алып, Қытайдан 15 мың долларға тауар алып келдім. Базар жабылып жатыр. Сонда мен қарызымды қалай өтемекпін”, – дейді кәсіпкер Сергей ЯКОВЛЕВ.

… – Шетелдік инвесторлардың сауда орталығына ақша құйғанына ешкімнің де қарсылығы бола қоймас. Ел ішінде қаржы тапшылығы байқалып жатқан кезде инвесторды белсенді түрде  тарту, бәлкім, дұрыс та шығар. Жақында ғана Астанада Қазақстан Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесі өтті. Сол басқосуда Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Белоруссия елдерімен арада 25 млрд доллар мөлшеріндегі инвестициялық жобаларды Қазақстан жерінде жүзеге асыруға келісім жасалғаны туралы айтылды. Бұл мәмілеге қуануға да болатын шығар. Дегенмен инвестиция салды екен деп инвестордың ойына келгенін істеуге жол бермеуіміз керек. Егер шын мәнінде “Жібек жолы” базарынан өз кәсіпкерлеріміз қуылып, қытай саудагерлерін әкеліп орналастыратын болсақ, ұлттығымызға сын, мемлекеттігімізге түсетін үлкен дақ, – дейді Асылбек РАХМАНБЕРДИЕВ. Демек, “Жібек жолы” сауда орталығынан бастау алған ереуіл бықсымасын десек, келімсектердің ел шетіне аяғы тимеуін қадағалау керек секілді”. Автор: Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ.

ABAI.KZ. “Қажет болса сотқа беремін”. “Интернет сайттарында мені ағаш атқа теріс мінгізіпті, тіпті “сатқын” деген атақ беріпті. Мұхтар ШАХАНОВпен арамызда “қазақстандық ұлт” туралы әңгіме болған кезде бастауын “американдық ұлттан” алатын, қазіргі билік тонын теріс айналдырып “Ел бірлігі” деп атаған масқараны қолдамайтынымды айтып, бірден қарсы шыққанмын. Содан бері баспасөз мәслихаттарына, осы дауға қатысты түрлі жиындарға Мұхтармен бірге қатысып келе жатырмын. Мен соңына дейін М.Шахановтың жағында боламын. Алдымен “Егемен Қазақстанда” (11.ХІІ.2009ж) жарық көрген кейіннен “Айқын” (12.ХІІ.2009ж) газеті көшіріп басқан мақаладағы “… Ал әр түрлі қағаз-үндеулерге қол жинап, болмағанды болды деп, сыртымыздан атымызды пайдаланғысы келіп жүрген азаматтарға айтатыным…” “… ұр да жық айқаймен, қоқан-лоқы жасаумен емес…” деген секілді сөздердің барлығы менікі емес. Айтпағанды айтты деп жала жапқан газеттерді, қажет болса сотқа беруге бармын”, — деп өз ұстанымын айқын білдіреді Асанәлі ӘШІМОВ.ҚАЖЕТ БОЛСА СОТҚА БЕРЕМІН

Айдос Сарым. Родино Отанынан айрылып қала жаздады”. “Жақында ғана қазақ-орыс-моңғол шекарасында Голливудтың, Түркия мен Бразилияның кинорежиссерлері мен сценарийшілерінің түсіне кірмейтін шым-шытырық оқиға болды. Баян-Өлгийден Атамекенін аңсап келе жатқан қазақ анасы нәрестесінен айрылып, үш шекара тоғысында дүниеге келген қазақ баласы Отанымен табыса алмай қала жаздады…

Оқиға былай өрбіген көрінеді. Моңғолиядан атажұртын бетке алып қандастарымыздың бір тобы жолға шығады. Олардың қатарында «қалай болғанда да еліме жетіп босанайын» деп шешкен үш баланың анасы 26 жастағы  Сұлушаш Қалқаман деген қандасымыз да бар болатын. Олар мінген автобус орыс-моңғол шекарасынан аман-есен өтіп, орыс-қазақ шекарасына қарай бұрылады. Ресми деректерге сүйеніп айтар болсақ, қандастарымыз мінген автобус 22 қазан күні моңғол-ресей шекарасынан 90 шақырым жерде, Ресейдің Алтай аймағының Родино атты аудан орталығының маңында алдынан шыққан «Жигули» автокөлігімен қақтығысып қалады. Қақтығыстан ешкім жапа шекпепті, тек Сұлушаштың толғағы басталып кетеді. Абырой болғанда ағайындары оны тез арада аудан орталығындағы ауруханаға жеткізіп үлгіреді…

Сұлушаш аман-есен босанып, дүниеге тағы бір қазақ баласын алып келеді. Родино аудандық ауруханасының бас дәрігері Сергей СЕРДЮК: айтуынша: «Ана мен баланың денсаулығына ешқандай зақым келмеген. Сұлушаш орысша түсінбегендіктен, ал арамызда бірде-бір адам қазақша ия моңғолша тілдесе алмағандықтан, барлығын оған ыммен жеткізуге тура келді. Ол тәжірибелі ана болғандықтан бұл жағынан ешқандай қиындық бола қойған жоқ», -дейді.

Сұлушаш нәрестесімен бірге ауруханада жатқан кезде, оның туған-туыстары Қазақстанға қарай жүріп кетуге мәжбүр болады. Ресей жерінде транзитпен жүрген қандастарымызға орыстың жергілікті әкімшілігі қол ұшын беріп, оларды бәле-жаладан аулақ болуы үшін милициямен Кереку қаласына дейін шығарып салады…

Ресейдің ақпарат құралдарының дерегі бойынша, 27 қазан күні Родино ауданына Сұлушаштың Байқал деген туысы келіп кетіпті. Ептеген орысшасы бар ағайын Сұлушаш пен оның ұлын алып кетуге тырысады, ол үшін жергілікті АХАЖ қызметіне жүгінеді. Ол жақта қандай әңгіме болғаны қайдам, әйтеуір істің соңы баланың атын РОДИНО деп атаумен тынады! Қолына АХАЖ-дың қағазын алып, ауруханадан Сұлушаш пен Родиноны алып, Балқаш қандасымыз елге қарай қозғалады. Қызықтың барлығы осы жерден басталады…

Сонымен, орыс-қазақ шекарасынан өте берген кезде Ресейдің кеденшілері жоқ жерден дау шығарып, Родиноның Қазақстанға өтуіне тыйым салады. Себебі, әлемдік тәжірибе бойынша, кәмелетке толмаған бала шекарадан өту үшін ия анасының, ия әкесінің төлқұжатына жазылуы керек. Ресей шекарашылары бөтен елдің төлқұжатына ешқандай өзгерту енгізе алмайтынын айтып Родино аудандық АХАЖ қызметінің құжатына пысқырып та қарамайды. Олар қандастарымызға «уақытша онкүндік виза ашып, Тува қаласындағы Моңғолияның консулына барыңдар» деп кеңес береді.

Визасының уақыты аяқталып, ақшасы таусылған қандастарымыз не істей алады? Орысша ләм-мим дей алмайтын Сұлушаш пен Байқал әбден әбігерге түсіп, ресейлік шенеуніктердің сөздерін түсіне қоймайды. Олар қазақшалап өз наразылықтарын айта бастаса, Ресей сақшылары оларды ұқпайды….

Сонымен Сұлушаш елге қайтады, ал Родино аудандық ауруханада қалады. Ендігі әңгіме өзіміздің қандастарымыздың надандығы мен ресей дәрігерлерінің адамгершілігі хақында болмақ. Родиноға әбден бауыр басып кеткен дәрігерлер оның ата-анасын күтіп зар болады. Қайта-қайта жергілікті шекарашылар мер көші-қон басқармасына қатынас хат жазып, телефон шалады. Баланың туған туыстарынан бейхабар ақхалатты азаматтардың қолында тек Байқалдың ұялы телефонының нөмірі жазулы екен. Соған қайта-қайта қоңыраулата береді. Ешкім телефонды көтермейді. Күндердің күнінде телефон иесі «Біздерді енді мазаламаңыздар. Біздер кедей адамдармыз. Сұлушашқа оның баласы шетінеп кетті деп айттық» деп жауап қатады. Амалсыз дәрігерлер жергілікті баспасөз өкілдеріне хабарласып, анасын күтіп жатқан Родино туралы арнайы телесюжет жасайды. Оны Ресейдің барлық телеарналары көрсетіп, бір шеті еліміздегі аймақтық телеарналарға дейін жетеді.

Дәрігерлердің осындай табандылығының арқасында баласының амандығы туралы хабар Қарағанды облысының Абай ауданына барып орын тепкен Сұлушашқа дейін жетіпті. Ақыры туған-туыстар жиналып, нәрестені қалай болғанда да елге қайтаруға жұмыстанады. Родино ауруханасының медбикесі Ольга ЕФРЕМЕНКО: «Күндердің күнінде ауруханаға біреулер телефон шалып, «Біз Родиноның туыстарымыз. Біз оны міндетті түрде алып кетеміз» деп еңкілдеп жылағанын естігенде, қуанышымның шегі болмады» дейді.

Не керек, бүгінгі күні үш елдің ресми органдары «контрабанды нәрестенің» мәселесін шешіп болған сияқты. Сұлушаш пен оның туыстары Родиномен қауышу үшін қажетті құжаттарын әзірлеп, жол құнын өтейтін қаражат тауыпты. Родиноның анасымен тезірек кездесуіне Алтайдағы қандастарымыз да ат салысып, қаржылық көмек көрсетуге дайын екендіктерін айтып жатыр. Құдай қаласа, жақын арада Родино көп күттірген Отанына оралады! Хэппи энд!

Алайда, осы оқиғаның барысына қарап бірнеше ойға келдік. Дүниеге келмей жатып көші-қонның барлық сұмдығы мен машақатына тап болған Родиноның Отанына оралуы жалпы қазақтың Атамекеніне оралуының нақты көрінісі іспеттес. Нәрестені бәле-жаладан, ауру-сырқаудан сақтап, мейірімді адамдарға табыстырғанына қуанамыз. Оны елін аңсап кеткен ата-бабаларының аруағы қолдады, желеп-жебеді деп түсінеміз. Осындай бейнетті басынан өткеріп, атажұртына аман оралған Родиноның болашағы жарқын болады деп сенеміз!

Осы аталған оқиғаның барысында еліміздегі көші-қон органдарының жұмысда шикіліктің басым екені тағы да көрініп қалды. Қандастарымызды көшіру мәселесінде көп жағдайда немқұрайлылық танытып, «келсе келсін, келмесе керуен атсын» деп жүріп жатқандаймыз. Біздің ойымызша, алдағы уақытта Қазақ үкіметі Ресейдің Моңғолиямен шекарасындағы өкілдері мен заңгерлерінің сандарын, қажет болса арнайы консулдықтарының санын арттыруы тиіс! Еліне қарай бет алған әрбір азаматтың денсаулығы, қаржылай мүмкіндіктері мұқият зерттеліп, көші-қон қызметтерінің назарында тұрғаны абзал.

Амалсыз Америка не Франция сияқты зиялы елдердің осындай жағдайдағы тіршілігі есіңе келеді екен. Егер олардың азаматтары жат жақта қиналып қалса, бірден мемлекет басшылары сөз сөйлеп, партиялары мен баспасөзі дүрліге көтерілер еді. Қажет болса бұл елдердің өз азаматтарын құтқару үшін әлемнің қай шетіне болса да әскері мен дипломаттарын жіберіп, мәселенің оң шешімін тапқанға дейін күресетінін білеміз. Ал біздер ше? Ресей дәрігерлері мен баспасөзі үндемей жатса, осындай оқиғаның орын алғанын естімей де қалар едік! Біздерге өз азаматтарымызға деген жауапкершілік жетпей жатыр. Біз мемлекеттік деңгейде “Бір қазақ — бар қазақ, бар қазақ — бір қазақ” деген түсінікті қалыптастыра алмай келеміз. Осы бағытта ұлттық деңгейде біраз жұмыс атқару қажет! Алдағы жылдары Қытайдағы, Өзбекстандағы, Ресейдегі, Моңғолиядағы, т.б. жерлердегі қандастарымыздың барлығын елімізге аман-есен көшіруге жазсын! Еліміздің әрбір азаматына, шетте жүрген әрбір қандасымызға абай болайық, ағайын!”.

Қанат Саудабаев: Мен жылаушылардан кем еңбек жасаған жоқпын”. “Мемлекеттік тілді дамыту қорының бір жылдық есебінде сөйлегендердің сөзі басапсөз беттерінде көрініс тауып жатыр. Сол жиынға қатысқандардың бәрі салиқалы ой айтып, келелі мәселені ортаға салған сияқты. Шынымен солай ма? Ендеше оқып көріңіздер. Біздің тілшіміз “Ел бірлігі” доктринасы мен Мұхтар ШАХАНОВқа қатысты пікір білдірген тұлғалардың сөздерін аудыртпай көшіріп алып беріп отыр.

Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ: Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау жөніндегі шынында мұндай жоба бар, жатыр. Менің бір ұсынысым, осыны біздің мына мәжілістегі Қазақстан халық ассамблеясынан сайланған депуттар, солардың бастауымен, осыны, сол ұсынуға болады деген, сондай пікірім бар.

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ: —Күн тәртібінен түсті. “Қазақстандық ұлт” дейтін нәрсе жоқ. Бұл енді мен ойлаймын, ол ешқандай болмайды да.

Қазір енді мені қинап отырған не нәрсе. Біз енді 70-тен асқан адамбыз ғой. Мен осы кешелі бері, әнеукүннен бері газеттерді көбірек оқып жатырмын. Бұл “Ел бірлігі” деген доктринаға байланысты ушықтырып, осыны даурықтырып, кәдімгідей жалаулатып, көтеріп жатқан біздің бауырларымыз бар. Қазір қараңыздаршы қаншама балабақшы қалпына келтіріліп жатыр. Қаншама мектеп ашылып жатыр біздің мемлекеттік тілімізде. Біз кішкене сабыр етуіміз керек деп ойлаймын. Мына, біз өзі баяғы заманда да, қазақтың салтынан, тарихынан біз білетін нәрсе, қазақ басқаны істеуі мүмкін, бірақ аштық жарияламаған. Осындай бір пәле пайда болды бізге соңғы кезде. Оның бетін әрмен қылсын. Сондықтан Смағұл, сен бәріміз жақсы көретін, ойлы, үлкен халқымыздың қабырғалы азаматысың. Мен мәселен ағасы ретінде айтар едім Мұхтарға (Шахановқа) сәлем айт. Оның да денсаулығы бізге керек. Қазақ халқының үлкен ақыны. Атақты ақыны. Әлі елімізге, ұрпаққа, аса татымды шығармалар беретін деп отырған ақынымыз. Сондықтан өзінің денсаулығын да сақтасын, абай болсын. Біз бәріміз қазір соған абыржып отырмыз. Ал енді оны кейбіреулер айтақтауы мүмкін. Мәселен, қанша жерден жанашыр болды дегенмен Петр СВОИК қазақтың тіліне жаны ашып, ұлтқа жаны ашып отыр деп мен өз басым ойламаймын. Сондықтан бір кішкене әр нәрсені біз, салмақтап, ойға салсақ деп ойлаймын. Сосын мына төрде отырған інілерімізге айтатыным, бізді жау қуып бара жатқан жоқ, еш қайда асығып бара жатқынымыз жоқ. Табан астында бір доктриналар шығады, табан астында концепциялар шығады. Сол кішкене ойланса, ойлансақ. Мәселен мына Смағұл отыр ініміз, мына жерде қасымда Амангелді отыр. Сондай бір үлкен, концептуалды құжаттар дайындалатын кезде, мен ойлаймын осындай ақылы бар, ойы бар, ұлтқа жаны ашитын азаматтарды да қамту керек деп ойлаймын. Сол кезде біз қателеспейміз. Әңгіме көбеймейді. Ал енді елдің көбінің ашық айтып отырған әңгімесі, ақиқаты ол мәселен заңды орындату керек. Неге оны талқылай береміз біз. …Көп рахмет!

Асылы ОСМАН: — Шын мәнінде елбасымыздың ерен еңбегін бағаламайтын бірде бір жан жоқ. Бірақ елбасымыздың бастамасын әрі қарай жетесіне жеткізуге келгенде кемшін тартып жатқан жайымыз бар. Тіпті мен бұдан бұрында мақала жазып та айтқанмын: Бір қазақтың бастамасын бар қазақ жүзеге асыра алмай жатыр,- дегенім. Жаңағы докторинадан біздің айқайымыздың, көптің шығып жатқаны — докторинаны жаз деп айтылған, бірақ докторинаны қай мағынада, қай мақсатта, қандай рухта, қандай талаппен жазу керектігін білетін адам жазу керек, жандарым. Егер біле білсеңіздер, сол докторинаны менің қолыма орысшасын ұстатты. Неге мен қазақшасын ұстамауым керек біріншіден. Екіншіден докторинаның не екенін сол жазған адам ұғу керек. Үшіншіден оның орысшасында бір басқа, қазақшасына келіп бір басқа деймін. Осының арасындағы қайшылықтар бүгінгі таңда қоғамның өзіне қайшылықтар туғызып отыр. Елбасы айтқан кезде шын мәніндегі ел бірлігінің ұйытқысы, оның негізі неде? Соны білетін адам жазу керек. …Тіл деңгейі байқауының әрбір қызметке аларда қазақ тілін сұрау, талап қою дегенді, ғылыми зерттеу орталықтарын ашу дегенге екі қолымды көтерем. Қазақтың тіліне бір-ақ нәрсе керек. Қазақтың тіліне талап керек. Қазақ тілінің қажеттілігін арттыру керек. Тіл байлығы әрбір елдің, ұлттың мақтанышы…

Мәулен ӘШІМБАЕВ: — Мен енді өзім ойлаймын, бір жағынан бұл дұрыс та шығар. Елбасы да осы доктринаны бірден қабылдамай, секретариат жасаған доктринаны қабылдамай, халық талқыласын, әр түрлі пікірлер айтылсын, деп өзі сөйтіп ұсынып отыр ғой халыққа талқылауға. Сондықтан осындай әңгімелердің шығуы өте орынды, өте дұрыс. Осындай пікірталастарды ескере келе, айтылған ұсыныстарды ескере келе доктринаны жақсылап, бәріміз бірігіп жасасақ, бір жақсы үлкен документ шығатынына өзімнің күмәнім жоқ. Жалпы бұл жерде айтатын бір-екі мәселе, жаңа Смағұл ағамыз да айтып кетті, Нұрлан ағамыз да айтып кетті. Бұл сіздердің қолдарыңыздағы жоба. Жобаны дайындаған, енді мына ассамблеяның өзінің тартқан сарапшылары бар, басқа бір мамандары бар, енді олардың уақыттары аздау болды, сондықтан енді бұл жобаны тек жоба деп қабылдау керек. Бұған Алматыда Мұхтар Шаханов бастаған біраз азаматтар отыр. Солардың ұсыныстары айтылса, олар сол ұсыныстарын нақты қағазға түсірсе, оның бәрі ескеріледі деп өздеріңізге осы жерде анық айтам. Егерде доктринаның ішінде, жанегідей, Смағұл ағамыз айтты ғой, теңгермешілік сияқты терминдер, солар болып жатса, мүмкін оны орысша бір жақтан жасаған шығар доктринаны. Сосын қазақша аударған шығар. Немес басқаша болған шығар. Сол кезде осындай терминдердің кіріп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан ондай терминдерге көп көңіл бөлмей, бұл сол аудармашылардың бір кінәсі шығар, сондықтан оларды алып тастайық. Бұдан үлкен саясат туғызып, бір үлкен әңгіме туғызатындай мен ешқандай негіз көріп отырған жоқпын. Жалпы, қазір енді бір дұрыс емес пікір бар Алматыда. Мына доктринаның ішінде қазақ ұлтына қарсы бір әңгімелер бар екен, “қазақстандық ұлт” дегенді қозғайтын пікірлер бар екен деген әңгімелер айтылады. Оның бәрі шындыққа сай келмейтін әңгімелер. Доктринаның ішінде “қазақстандық ұлт” деген әңгіме жоқ. Доктринаның ішінде қазақ тіліне қарсы көтерілген ешқандай ойлар, ешқандай пікірлер жоқ. Егерде ондай ойлар болса, қазақ тіліне қарсы, қазақ қоғамына қарсы, қазақтың болашағына қарсы пікірлер болса доктринаның ішінде, оны елбасының өзі, бұл дрктринаны қоғамға жібермес еді. Сондықтан бұл жерде мен өзім ойлаймын, кейде мысалы бір аударма кезінде қателіктер болды ма, басқа бір түсініспеушіліктер болды ма, әлде ағаларымыз сол докринаны дұрыс оқымады ма, сондықтан осындай бір-бірімізді түсінбеушіліктер бар шығар. Оны енді ақылдаса отырып, әңгімелесіп отырып, ондай мәселелерді шешуіміз керек. Бұдан басқа жаңа көтерілген, айтылған шаруа, енді биліктен ешкім Мұхтар Шахановпен сөйлеспей жатыр, ешкім бармай жатыр деген әңгіме болды ғой. Бұған байланысты айтатын мәселе, өткен аптада президент әкімшілігінің басшысының тапсырмасымен, әкімшіліктегі ішкі саясат бөлімінің басшысы Дархан МЫҢБАЙ деген азамат, қазақ тілінің жанашыры, оны барлықтарыңыз білесіздер, арнайы Алматыға барып біраз кездесулер өткізді. Ол кездесуге Смағұл аға сіз де қатыстыңыз ғой, қатыстыңыз. Нұрлан аға қатыстыңыз ғой, қатыстыңыз. Осы жердегі біраз азаматтар кездесуге қатысты. Бұдан басқа кеше, біздің тапсырмамызбен СЕЙДУМАНОВ Серік деген біздің әріптесіміз, сіздердің барлықтарыңызды жинап, Смағұл аға болдыңыз ғой, болдыңыз, ол жерде, жинап, доктринаға қандай пікірлеріңіз бар деп, кеше сондай әңгіме өткізді. Бес сағат үлкен әңгіме болды. Бұдан басқа секретариаттың басшысы, Ералы ТОҚЖАНОВ 5-6 күн болды Алматыда жатыр. Алматыда жатып күнде Мұхтар Шахановпен кездесіп отыр. Күнде сол Мұхтар Шахановтың айналасындағы адамдармен кездесіп отыр. …Егерде Дархан бауырымыз бен Ералы Тоқжановтың деңгейлері аздау болса, онда бүгін түстен кейін кездесейік. Кездесіп ұсыныстардың бәрн айтыңыз. Оның бәрін біз секретариатқа берейік. Олар бәрін ескер
сін. Сондықтан бұл жерде доктринаға осындай бір қазаққа қарсы пікірлер кіріпті, доктрина қазаққа қарсы екен, “қазақстандық ұлтты” дамытуға арналған екен деген пікірдің бәрі ол рас емес. Бұл мәселені елбасы ешқашан өткізбейді бұндай документі, егер олай болатын болса. Оны сіздер өткізбейсіздер. Оны қазақтың қоғамы өткізбейді. Сондықтан осыны нақтылап, осы жерде айтуымыз керек… Рахмет!

Қанат Саудабаев: — Мен осы рухани саласында 68 жылдан бері қолымнан келгенше еңбек жасап келемін. Осы көп қазір қазақтың тіліне, қазақ халқына жылаушылардың, жылаушылардан кем еңбек жасаған жоқпын, жасамаймын да. Сіздер осы ия, бір дауыс естілмеген кезде біз бұл мәселелермен шұғылданған адамбыз. Міні Әбекең отыр, Қуаныш Сұлтанович отыр осы жерде, екеуі де ағам, менің әріптестерім. Бүгін осы қайбір жігіттер асыра сілтегенде менің денім дүршігеді. Сонда солар Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтан көп жасады ма осы қазақ халқына. Сіздер кеше біз қай жерде болғанымызды осындай жігіттер неге ұмытады. Неге бұны, ия, саудаға салады, саяси саудаға. Біз кеше, кеше ғана тәуелсіздік алдында мына сіз заведующий, і-і-і ия, мәдениет бөлменің меңгерушісі, отыратынбыз, санап отыратынбыз қазақ нөмірін қанша қосамыз концертке, қанша, ия, қазақша сөйлету болады. Соның кезінде біз жас жігіттерміз, ағаларымызға ренжи тұғынбыз….”.

USHKIYAN.KZ. “Тәуелсіздік тағлымы: не ұттық, неден ұтылдық?”. “…Ата-бабаларымыз аңсап кеткен тәуелсіздікке жеттік, бірақ баянды өмірдің байыбына барып, бағалап, қадіріне жете алып отырмыз ба? …Үкіметтің елді ашықтырмау бағытындағы шаралары нәтижелі екенін экономикалық жетістігіміз көрсетіп отыр. Елдің материалдық қажеттілігін тауып беріп отырғанымызбен, егеменді ел атанған уақыт ішінде рухани азығымызды таба алдық па?

Рымғали НҰРҒАЛИ, академик, Гумилев атындағы Еуразия Мемлекеттік Университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі:

–…Тәуелсіздік қадіріне жету деген жалған мақтан, ұраншылдық, көзбояушылық емес, еркіндікті еңбекпен, нақты іспен орнықтыру. Екінші дүниежүзілік соғыста 70 пайызға дейін қаусап қалған Германия мен Жапонияның аз жылдың ішінде күлден қайта тірілген Феникс іспетті сілкініп биікке самғап шығуы ойландырса керек. Әр қазаққа неміс пен жапонның жігерін, намысын, еңбекқорлығын берсін деңіз Алла! Екінші сұрағыңа, ақырзаманды төндіріп, аузымызды қу шөппен сүртуге болмас. Рухани азық, әрине, қысқа қайыра салатын, бір сөзбен түйіндеп беретін келте ұғым емес. Бесік тәрбиесі, ата-ана тағлымы, мектеп үлгісі, мамандық алу, қызметтік этика – бір ағыс; әдебиет, өнер, ән-күй, сурет – екінші ағыс; мораль, философия, дін, педагогика – үшінші ағыс болып қосылып, осылардың тоғысуынан рухани азық құралмақ. Кешегі кеңестік идеология таптық бөліністі, коммунистік сенімді басты нысана етіп, барлығын бір тарының, ұлы орыстық шовинизмнің қауызына сиғызу үшін күресті. Құр қағазда, үгіт-насихатта теңдік ұраны айтылғанмен, негізінен, бір ұлттың шоқпары соғылды, ассимиляция бел алды. Соның кеселінен көп нәрседен айрылдық: ең бастысы, геноцидке, қасақана жасалған қырғынға ұшырадық; бас көтерер ақылмандарымыз түгелге жуық атылды; жеріміз жеке адамдарды ғана емес, тұтас ұлыстарды айдап жіберетін лагерьлерге айналды; дәстүрлі тәрбиелеу салтымыз жойылды; мектептеріміз жабылды; тілімізден, дінімізден ажырадық; намыс өлді, құл болдық. Осының бәрін зиялы қауым айтып та, жазып та жатыр. Ол жетпейді екен. Сонда не істеу керек? Көшеге шығу ма? Көшеге шығудың арты белгілі: бөліну, жарылу, атыс-шабыс, соғыс. Сондықтан жоғалтқандарды қалпына келтіру үшін, қажетті нәрселерді жасау үшін мемлекеттік саясат, мемлекеттік жігер, заң күшімен жасалатын нақты әрекеттер қажет. Басқа жолды білмеймін.

Төрегелді ШАРМАНОВ, академик, Тағамтану академиясының президенті:

Жас тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде енді жүйеленіп келе жатқан қоғамдық институттар отбасы институты мен болашақ ұрпақ тәрбиесі және ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін нені басшылыққа алу керек?

– Ең басты мәселе – отбасы институтын берік нығайту. Ене мен келін, әке мен ұл, ана мен бала, күйеу мен әйелі т.с.с. арасындағы түсіністікті, бір-біріне деген құрметті қалыптастыру керек. Мұндай құрмет ата-баба мұрасында сақталған. Отбасындағы түсіністік, татулық – отансүйгіштікке, мемлекетшілдікке бастайды. Жақсы жанұялар – мемлекет мерейі. Қазақта “әкесін сыйламаған ұлдан без, шешесін сыйламаған қыз, келіннен без” деген бар. “Сөйле” дегені “тыңда” деп айтылған сөз. Егер баласы әкесін, келіні енесін сыйламаса, ол жерде ешуақытта жақсылық болмайды. Барлық бақыт отбасындағы осындай құрметтен басталады. Бұл – ата мен бала арасындағы жалғастық, ұрпаққа жайылатын үлкен қасиет. Қоғамдық институттар осы жайттарды зерделеуге ұмтылу керек деп ойлаймын.

– Тәуелсіздік тағлымы не берді? Не ұттық, неден ұтылдық?

– Бір ғана ұту бар, ол – тәуелсіздік. Бұл жақсылықтың, жетістіктің бастауы болды. Біз Кеңес үкіметіне тәуелді болып келдік. Қазақ тіліміз бен түсінігімізді тұмшалап, орыс тілін, мәдениетін “құдіретті” деген ұғымға бағындырғысы келді. Бірақ бодандық бұғаудан босадық. Еңсеміз биіктеді. “Мәскеу біледі, Мәскеу шешеді”, “Мәскеу арқылы жүру” деген қауіптен құтылдық. Енді өзіміздің ұлттық рухымыз жаңғырып, ұлттық орталық – Алматы, Астана арқылы жүретін болдық. Тәуелсіз мемлекет, ұлт ретінде әлемге танылып, “Ел” бола алатынымызды дос та, дұшпан да көрді. Ал, қазір, шүкір, аңсап жеткен тәуелсіздіктің қадіріне жетіп келе жатырмыз. Түсінбей жатсақ, түсінуге тырысу керек. Тәуелсіздік – біздің бақыт. Мұны бүгінгі ұрпақ түсінбеу мүмкін емес. Еліміздің рухани мәселесіне келер болсақ, ол бір сәтте бола қоймайды. Алдағы уақытта руханияттың жемісін жейміз деп ойлаймын. Рухани дүниенің байыбына жету үшін үлкен парасаттылық, зор еңбек, терең түсінік керек. Оның алда болатынына көзім жетеді…”. Сұхбаттасқан: Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Түрікменстан, Қытай және Өзбекстан көшбасшыларымен бірге Түрікменстанның Түрікменабад қаласына келіп, «Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» газ құбырын ашу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Газ құбыры осы төрт елдің аумағы бойынша өтеді.

Төрт мемлекет басшысы трансазиялық Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай газ құбырының ашылуына қатысады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай газ құбырын ашу салтанаты бүгін Түрікменабад қаласынан 80 шақырым жерде, Самандепе газ өңдеу зауытында болады. Оған жобаға қатысушы мемлекеттердің басшылары қатысады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ газ құбырының ашылу салтанатына қатысу үшін кеше сапармен Түрікменстанға барды.

Бағдарламаға сәйкес, мемлекет басшылары телекөпір арқылы төрт мемлекеттің аумағындағы газ тасымалдау нысандарының дайындығымен танысады. Сондай-ақ, олар Багтыярлык кенішіндегі диспетчерлік басқару орталығында болады. Одан кейін газ құбырын, оның ішінде қуаты жылына 5 млрд текше метрді құрайтын Самандепе газ тазалау және дайындау зауытын іске қосудың салтанатты рәсімі өтеді.

Газ құбырының жалпы ұзындығы 7000 шақырымға жуық. Оның 188 шақырымы Түрікменстан, 525 шақырымы — Өзбекстан, 1293 шақырымы — Қазақстан, 4860 шақырымнан бастамы — Қытай аумағында тартылды. Қытайда газ құбыры Гуанчжоу қаласына дейін жеткізіледі, ол жерден басқа да жұмыс жасап тұрған газ құбыры тармақтарына бөлінеді.

Қазақстан аумағы арқылы өтетін құбыр желісі екі учаскеден тұрады: жылдық өткізу қуаты 40 миллиард текшее метрді шамалайтын алғашқы учаске — Өзбекстан мен Қазақстан шекарасынан қазақстан-қытай шекарасына дейін тартылса, екіншісі, өткізу қуаты 10 миллиард текше метрді шамалайтын, екінші учаске — «Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ» бағыты бойынша өтеді. Газ құбыры Түрікменстаннан Қытайға табиғи газды транзиттік тасымалдаумен қоса, Қазақстан газын еліміздің батыс кеніштерінен оңтүстік аймақтарға, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Алматыға жеткізуді қамтамасыз ететін болады.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...