«Желтоқсан құрбандарын еске алу жиынында сөйлеген қайраткерлер елді «тыныштық сақтауға» шақырды». «Ең асыл мұрат – еңселі ел болу. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі». «Қазақ кілемі 100 мың еуро!»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 20 желтоқсан 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Желтоқсан құрбандарын еске алу жиынында сөйлеген қайраткерлер елді “тыныштық сақтауға” шақырды”. “…17-желтоқсан күні сағат 11 шамасында Алматыдағы Республика алаңына жүздеген адам жиналды. Олардың арасында Желтоқсан құрбандарына арнап гүл шоқтарын қоюға келген ұлт патриоттары мен саяси партия жетекшілері де болды…

Бір кезде, алаңдағы Тәуелсіздік ескерткішінің жанында үйіріліп тұрған жұртқа Сәтпаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысы жағынан Қазақстанның әнұраны “Менің елім” әнін шырқап, қол ұстаса тізілген ондаған адам келіп қосылды.

…Бұдан соң осы жердегі жекелеген адамдардан Қазақстан билігі тарапынан Қазақстан халқы ассамблеясы арқылы ұсынылған “Ел бірлігі” доктринасына, Қытайға қазақ жерін беруге қарсылық айтылған сөздер естіліп жатты.

Жиналғандардың толқуын басу үшін ортаға “Мемлекеттік тіл” қоғамдық қозғалысының жетекшісі, ақын Мұхтар ШАХАНОВ шығып, “Ел бірлігі” доктринасын респубилка бойынша талқылау тоқтатылғанын және ұлт патриоттары тарапынан билікке қойылған ұлттық мәселелер жөніндегі талаптар мен сұрақтаға билік жауап қайтарғанын атап өтті. Мұхтар Шаханов өз сөзінде мемлекеттік тілге және басқа ұлттық мәселелерге байланысты Қазақстан билігі нақты іске кірісуге уәде еткенін айтты.

– Егер билік айтқан уәдесін орындамайтын болса, онда біз өзіміздің талаптарымызды алға қоямыз.Бәріміз ұлттық мүдде төңірегінде бірігейік. Бөлінбейік. Артық-ауыс қимыл болмасын жігіттер! Ең бастысы халық оянды. Бәріміз қазір құран оқиық. Сосын қайтайық, – деді Мұхтар Шаханов.

… Сонымен бірге Республика алаңында ондаған адам өздерінің “Ел бірлігі” доктринасы мен жерді жалға беруге қарсы екендіктерін айтып, оны билікке жеткізу үшін осы жерге Алматы қаласы әкімшілігінен арнайы өкіл келуін талап етті…. Алаң шетіне ығыстырылған жұрт қас қарайғанда бір-ақ тарқасты”. Авторы: Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ.

Желтоқсан оқиғасынан бері 23 жыл өтсе де қазақ қоғамында арылу дәстүрі қалыптаспады”. “Қазақстанда өткен кезеңдегі күнәлар үшін кешірім сұрап, одан арылу дәстүрі әлі күнге қалыптасқан жоқ. Желтоқсан оқиғаларынан кейінгі 23 жыл ішінде ондай қадам жасауға бір ғана адамның батылы барды. Ол – биліктен оппозицияға өткен саясаткер еді….

…Әзірге Қазақстанда Желтоқсан оқиғасы кезіндегі іс-әрекеттері үшін қоғам алдында, жазықсыз жазаланып түрмеге отырғызылған кісінің алдында кешірім сұраған бір-ақ адам бар. Ол – “Азат” социал-демократиялық партиясының теңтөрағасы Жармахан ТҰЯҚБАЙ. Ол Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға қарсы ұйымдастырылған қуғын-сүргінге мемлекеттік айыптаушы органның өкілі ретінде қатысқан…”. Авторы: Жұлдыз ТӨЛЕУ.

AIKYN.KZ. “Аллажар” – жойылып кетудің алдында тұр”. “Желтоқсан оқиғасы мен ұлт мүддесін көздеп, алаңға алаңсыз шығып, аяусыз жазалауға ұшыраған жастардың ерліктерін, жазықсыз қан төгілген сол кездегі қитұрқы саясатты боямасыз көрсетуге тырысқан жалғыз туынды — “Аллажар” фильмінің түсірілгеніне биыл — 20 жыл.

Алайда туынды режиссері Қалдыбай ӘБЕНОВтің айтуынша, талай қыспаққа ілінген картина 2006 жылдан бері жұртшылық назарына мүлде ұсынылмаған. Өйткені өз қалтасына жұмыс істегенді дұрыс көретін отандық кинотеатрлар залды жалға беру үшін әкесінің құнын сұрайтын көрінеді. Мәселен, үш сағаттық көрсетілімнің бір рет экранға жол тартқаны 600 мың теңгеден асып жығылады. Бүгінгі таңда Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында дәріс беретін оқытушы үшін бұл оңайлықпен табыла қоятын қаражат емес. Ал оған демеушілік етіп, қол ұшын созуға құлшынып отырған жекелеген азаматтар жоқтың қасы. Тиісті орындар Әбеновтің еңбегіне бас ауыртпайды да. Бұл аздай-ақ, киноның 2001 жылы монтаждалған 2,5 сағаттық көшірмесі жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Бұған таспаның, біріншіден, өз заңдылығына сай сақталмауы себеп болса, екіншіден, ескі кинопленкалар шұрқ тесіліп, тозу шегіне жеткен.

— Үш-төрт күн бұрын Мәскеуден “К+” телеарнасының қызметкерлері “Аллажарды” дүниежүзіне таратамыз. Кинолентаны көшіріп алуға берсеңіз”, — деп хабарласты. “Кинопленканы сандық жүйеге көшіреміз” деген соң, таспаларымды алып барсам, олар жыртық-жыртық кадрларды көріп, жағаларын ұстады. Сондықтан әзірге бұл ұсыныстың қаншалықты жүзеге асатынын білмеймін. Анау айтқандай сенім жоқ. Ал бастапқы 4,5 сағаттық түсіріліміне этолондық көшірме жасау, қайта монтаждау 100 мың долларды қажет етеді. Пәтерден-пәтерге көшкен сайын “Аллажардың” таспаларын өзіммен бірге арқалап жүргеніме 20 жыл болды. Қазір ас үйде жатыр. Өзім дәріс беріп жүрген студенттерім биыл үшінші курс оқиды. Соларға да көрсете алмай, ұят болды. Биыл да біраз кинотеатрлардың есігін ашып, тегін көрсетуге ешқайсысымен келісе алмадым, — дейді “Аллажар” фильмін түсірген режиссер Қалдыбай Әбенов”. Авторы: Қаншайым БАЙДӘУЛЕТОВА.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Қазақстан көш бастап келе жатыр”. “…Астанада ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың қатысуымен Қазақ елінің азаттық алған күніне арналған салтанатты жиын өтті. Тәуелсіздік күніне орайластырылған шара Мемлекет басшысының Ақордасының сол қанатында жаңадан бой көтерген, күні кеше ғана “Қазақстан” деп ат қойылған “Орталық киноконцерттік залында” ұйымдастырылды.

Ұшар басына дейін төрт деңгейлі балкондар қатарымен өрілген, төбесін шамды, аспалы “гүл жапырақтары” күмбездей көмкерген, ал, көрермендер орны сахнаны толықтай дерлік қоршай жайғастырылған бұл залдың сәулеттік жаңалығы мен көркемдігі Елбасының көңілінен шыққандай. Мұндай залдың тіпті ТМД түгілі, әлемде теңдесі аз деп тамсанған Нұрсұлтан Назарбаев мұның да тәуелсіздіктің арқасы екендігін қадап айтты.

— “Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесімен — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Иә, бұл мереке — ұлық мереке, шын мәніндегі ұлы мереке, — деді Президент. Ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың ең асыл мұраты — еңселі ел болу еді. Елім деп еңіреген ақындарымыз “Егемен болмай, ел болмас, етектен кесіп жең болмас” деп жырлайтын еді. Арғы замандарды айтпағанның өзінде, тек кейінгі екі ғасырдың ішінде халқымыздың өз бостандығы жолында екі жүзден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққаны осының дәлелі. Мұнан 18 жыл бұрын қазақ жерінде атқан тәуелсіздік таңы Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан мына дарқан даланың төсін қанымен, терімен суарған ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі дейміз.

… Қазақстан жан басына шаққандағы табыс көлемімен барша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы елдердің алдына шықты. Қазақстандықтардың тұтыну тауарларымен қамтамасыз етілуі осы жылдар ішінде бес есеге дейін өсті. Еліміздегі тұрғын үй қоры соңғы он жылдың ішінде 30 миллион шаршы метрге өсті. Осының бәрі сол айтқанымның келгені емес пе?

…2000 жылдың өзінде Қазақстан экономикасы 9 пайызға өсті, ал одан 3 жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 1997 жылы Үкімет 1994 жылдың қарыздарын қалай жабуды білмей отырған еді. Біз бұл кезеңді ұмытқан жоқпыз» деді Мемлекет басшысы. Қаншалықты қиын да күрделі кезең болса да, Қазақстан 2000 жылдың өзінде-ақ көптеген интеграциялық процестердің бастамашысы ғана емес, белсенді қатысушысы да болды. Мәселен, еліміз тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында-ақ біз ұсынған еуразиялық интеграция идеясы іс жүзінде Еуразиялық экономика қауымдастығы ретінде дүниеге келді. Ал келер жылы бірыңғай Кедендік кеңістік құрылды. Қазақстан бастамалары мынадай болатын: жалпы кедендік тарифтер, жалпы кедендік шекара, Дүниежүзілік сауда ұйымына енудегі бірыңғай іс-әрекет. Арада он жыл өткенде осы бастамалардың барлығы іске асты. Үш мемлекет — Қазақстан, Ресей және Беларусь Кеден одағын құрды, өз азаматтары үшін жаңа мүмкіндіктер ашты, халықаралық нарықта өз экономикаларының ілгерілеуін жаңа арнаға салды. Қазақстанның барлық интеграциялық бастамалары аса маңызды характерге ие болды. Жаһандық әлем аймақтар бойынша бірігуде, мұның өзі қазіргі әлемде өмір сүру мүмкіндіктерінің бір қыры. Бұл орайда біз алға шықтық, белсенділік таныттық және табысқа жеттік. Сыртқы нарықта өз позициямызды нығайту үшін біз индустриалды-инновациялық даму стратегиясын дайындадық және еліміздің өнеркәсіп саласын біртіндеп дамытып, оның инфрақұрылымын нығайттық. Жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығында Қазақстан экономикалық өсімнің батыл көрсеткіштеріне ие болды. ІЖӨ жыл сайын орта есеппен 10 пайызға өсіп отырды. 2008 жылдың аяғына қарай жан басына шаққандағы ІЖӨ 2000 жылмен салыстырғанда 7 есеге артты. Жалпы, ІЖӨ екі есеге дейін ұлғайды. Алтын валюта қоры елдің ұлттық қор активін қосқанда 2008 жылдың қорытындысында 46,7 млрд долларға жетіп, 2000 жылмен салыстырғанда 22 есе өсті, ал бүгінде ол 48 млрд долларды құрып отыр. Банк арқылы экономиканы несиелеу 2000-2008 жылдар аралығында 27 есеге артты. Осы уақыт аралығында банк жүйесіндегі депозит көлемі 23 есе көбейсе, оның ішінде тұрғындар депозиттері 16 есе артты. Жыл сайын бюджет түсімі де көбейіп отырды. 2002 жылдан бастап, мемлекеттік бюджет түсімі, оның ішінде ұлттық қорға жиналған қаражат орта есеппен ішкі жалпы өнімнің 30 пайызын құрады.

Кейінгі он жылдықта білім беру мен денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы сегіз есе — 86 млрд доллардан 710 млрд долларға дейін — білім саласына шығындалған қаржы көлемі артса, 54 млрд доллардан 468 млрд долларға дейін артқан қаржы денсаулық сақтау саласына бөлінді…

… — Бұл әрине, Қазақстан экономикасының әлеуетті мүмкіндігін, біздің стратегиялық жоспарларымыздың дұрыс бағытқа құрылғанын көрсетеді, — деді өз сөзінде Елбасы. Сөз соңында Президент «Тәуелсіздіктің кезекті жылдығын атап өту бізге ең алдымен той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін керек», — деп атап көрсетті.

— Тәуелсіздіктің тайғақ кешулі жолында алдымыздан шығатын асу-асу белдер де болады. Ұлттың ұлан асуында ұйытқи соғатын желдер де болады. Сол асу-асу белдерде белімізді талдырмауымыз керек. Сол ұйытқи соғатын желдерде ұлы мұраттарымызды ұмыт қалдырмауымыз керек. Нағыз тәуелсіздікке қиын істе тәуекелі тұратындардың ғана қолы жетеді”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

DMK.KZ. “Энергетикалық тәуелсіздік – экономиканы және халықты электр энергиясымен қамтамасыз ету”. “Электр энергетикасы – еліміз экономикасындағы ең маңызды базалық салалардың бірі. кеңес одағы кезінде үлкен, қуатты біртұтас энергетикалық жүйе жұмыс істегені белгілі. оның жалпы қуаты 344 млн. квт-ты құрайтын. ал электр энергиясын өндірудің көлемі 1726 млрд. квт-сағатқа тең болды. … Айта кететін жайт, 1999 жылы сәуірде ел үкіметінің “ҚР 2030 жылға дейінгі электр энергетикасы саласының даму бағдарламасы” туралы қаулысы шықты. Бұл дегеніңіз, электр энергетикасы базалық салалардың бірі бола отырып, кез келген мемелекетте экономикалық, әлеуметтік жағынан маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Аталған бағдарламаның мақсаты мен негізігі басымдықтары қандай?..”. Авторы: Гамиль ХОЖИН, Қазақстанның еңбек сіңіргенэнергетигі, профессор.

ANATILI.KZ. “Қазақ кілемі 100 мың еуро!”. “…Бейбітшілік және келісім сарайындағы көрмеге қойылған әрбір кілемнің бағасы 100 мың еуроға бағаланды. “Қазақ кілемдері. Ұлытаудың игілігі” атты бұл көрмені “Шежіре” қазіргі заманғы өнер галереясы ұйымдастырған. Аталған көрмеге қолөнер шеберлерінің 103 кілемі қойылды. Бұл кілемдер — кілем тоқу өнерін қазақ қолөнерінің керемет саласы санайтын, адамның ішкі дүниесінің толқуынан шыққан қайталанбас өнер туындыларын үздіксіз жинап келе жатқан жеке адамның қорынан алынған. Іс-шараны ұйымдастырушылар коллекция жинаушының есімін атамауды ұйғарды. “Шежіре” қазіргі заманғы өнер галереясының директоры Р.ЖҮСІПОВА: “Бұл баға жетпес кілемдер. Біздің кілемдер арқылы қазақ халқының даналығын көруге болады. 2500 жыл бұрынғы Бозарық қорғандарында кездестіретін абстрактілі және таңбалық символдарды қазақ кілемдерінде кездестіруге болады”, — деді”.

EGEMEN.KZ. “Ең асыл мұрат – еңселі ел болу. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі”. “Ардақты ағайын! Қадірменді қонақтар! Ханымдар мен мырзалар! Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесімен – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Иә, бұл мереке – ұлық мереке, шын мәніндегі ұлы мереке. Ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың ең асыл мұраты еңселі ел болу еді. Елім деп еңіреген ақындарымыз “Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас” деп жырлайтын еді. Арғы замандарды айтпағанның өзінде, тек кейінгі екі ғасырдың ішінде халқымыздың өз бостандығы жолында екі жүзден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққаны осының дәлелі. Мұнан 18 жыл бұрын қазақ жерінде атқан тәуелсіздік таңы Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан мына дархан даланың төсін қанымен, терімен суарған ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі дейміз.

… Қазақстанымыз 2010 жылға бүкіл бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер арасынан, бүкіл түркі тілдес елдер арасынан, бүкіл мұсылман әлемі арасынан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы сынды аса беделді ұйымға тұңғыш төраға болып сайланды, 2011 жылға Ислам конференциясы ұйымына төрағалық тізгінін қолға қоса алғалы тұр. Қазақ қазақ болып жаратылғалы мұндай дәрежеге жетіп көрген емес.

Осының бәрі сол тілекті бергені емес пе? Сөз жоқ, дәл солай!… Біз бірлікшіл ел болып құралдық…”.

JASQAZAQ.KZ. “Ақын аштық жарияламайды”. “Тәуелсіздік… Алматыдағы жаңа алаңға алаңдаған жұрт ұлтшылдардың аштық жариялайтынынан қанық еді. Мерекелік сезімнен үрей басым. “Не боп кетер екен осы?..” дегендер “қызықты” сырттан бақылағысы келді…

… 25 қарашада “Мемлекеттік тіл” қоғамдық қозғалысының төрағасы М.ШАХАНОВ: “Егер биліктегілер доктринаны халық талқылауынан алып тастамаса, аштық жариялаймыз”, – деп еді. Сейсенбіде арнайы баспасөз мәслихатын өткізген тіл жанашыры аштық жариялау туралы райынан қайтқанын мәлімдеді. “Қазір біз аштық жариялау туралы ойымыздан бас тартып отырмыз. Себебі билік біздің тоғыз талабымызға толық жауап берді. Бізге Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен ӘШІМБАЕВтың қолы қойылған хат келді. “Ел бірлігі” доктринасын талқылауды тоқтату туралы талабымызбен билік келісті. Біздің басты мақсатымыз осындай мәселелерге биліктің назарын аудару болатын. Жоғарыдағылар мәселені шешеміз деп уәде беріп отыр. Біз енді басқа не істеуіміз керек? Біздің қолымызда басқа не бер? Аштық жариялау осымен тоқтатылды. Дау-дамайды доғарайық. Негізгі мәселенің беті бері қарады. Билік бізге берген уәдесінен айнып кетсе, онда мәселе басқа”, – деді ақын.

Естеріңізде болар, “Ел бірлігі” доктринасы талқылауға ұсынылғанда, М.Шахановтың аштық жариялау туралы акциясын “Азат” ЖСДП партиясы да қолдаған еді. Бір қызығы, аштық акциясының белгіленген күні жақындағанда оппозициялық партияның үні шықпай қалды. М.Шаханов райынан қайтқан соң, партия жетекшілерінің үнсіз қалғаны бізге түсініксіздеу көрінді. “Азат” ЖСДП тең төрағасы Жармахан ТҰЯҚБАЙға хабарластық. “Біз бұл мәселені өткен үндеуімізде ашық жаздық. Сонда біз “қазақ ұлты”, “қазақстандық ұлт” деген мәселені қою керектігін айттық. Біз бұл мәселені халықтың, зиялы қауымның, жалпы жұрттың пікірін біліп алғаннан кейін талқылауымыз керек. Зиялы қауымның, ұлтжанды азаматтардың “Ел бірлігі” доктринасына қарсы жариялаған аштық акциясын біз қолдадық, қолдаймыз да. Біз үндеуімізде билік осы мәселені ушықтырмай шешу керектігін айттық. Егер биліктің бұған қатысты көзқарасы өзгеріп жатса, аштық жариялаудың не қажеті бар? Бұл – ұлттың мәселесі. Ұлттың атына байланысты мәселе. Қазақстанның бірлігі бірінші бізге емес, биліктің өзіне керек. Билік осы мәселеге алаңдап, тиісті шешім шығарып жатса, біз неге оған қарсы болуымыз керек”, – дейді Ж.Тұяқбай. Сонымен, адуынды ақын биліктің дегеніне көнді мен көндірді ме, әйтеуір, Тәуелсіздік мерекесі тыныш өтті. Іләйім солай болғай. Тек жылда жаңажылдық шыршаның көлеңкесінде қалып қоятын Тәуелсіздік бұл жолы да түсініксіз күйде өтті. Жаңа жылға дайындық (көшедегі шыршалар, құттықтау сөздер т.т) Тәуелсіздік мерекесінің мысын басып тастайды. Тәуелсіздіктің 18-інші таңы тыныш атты. Тұғыры биіктей берсін!”. Авторы: Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ.

ABAI.KZ. “Айдос Сарым. Халық “тобыр” емес, Олжас мырза!”. “Қазақ ұлтының бас көтеріп, ғасырлық ұйқысынан оянып келе жатқанынан есеңгіреп қалған билігіміз тағы бір «қуантты». Досқанның масқарасын аз көрген болуы керек, билік дарақы Доктринаны қолдау үшін Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ деген «кереметтің» нафталинін қағып, шаңын сүртіп жарыққа алып шықты. Осы аптада париждік «пәруәдігеріміздің» «Тобырдың саясаткерлердің сара ойларын саясаткерсымақтықтан айыратын кезі келді» деген сұхбатын «Интерфакс-Қазақстан» ақпараттық агенттігі әлемге жайып жіберді (оқимын деушілер порталдың «Білгенге маржан» деген айдарына назар аударсын).

Шетелде — елші, елінде — турист болып кеткен Олжас Сүлейменовтың «қалың қазаққа сөзі өтеді» дегенді кім ойлап тапқанын білмейміз, алайда сұхбатты алушылар ағамызды «ашыла сайратыпты». Кеңес одағының күйреуіне бір күңіреніп, бір күрсініп, кеңесек данышпанымыз дүдәмал доктрина төңірегінде болып жатқан ұлттық күреске, оны бастаған ұлтшыл азаматтарға қатысты біраз сөз айтыпты. Оның пікірінше, бұндай жағдайдың пайда болуына «белгілі дүниежүзілік терминдердің мағынасын адамдарға түсіндіріп бере алмайтын тіл ғылымының артта қалғандығы мен саясаттанудың қауқарсыздығы» ғана «кінәлі» екен.

Онысын аз көргендей ақынымыз халқына, филология ғылымдарының докторларына ақыл үйрете бастайды. Ол: «Но толпе надо бы уже научиться отличать чистые помыслы политиков от явного политиканства. Доктора филологии могли бы обратить внимание, что в казахском языке понятия «нация», «национальность», «этнос» до сих пор выражаются одним словом ұлт» — деп көсемсиді.

«Осыным аз болып кеткен жоқ па екен?» деп ойлаған Олжасымыз: «Политологи должны были пояснить, что в международной терминологии существуют ясно обозначенные самостоятельные значения каждого из трёх приведенных терминов:

— нация — это обозначение гражданства, имени государства. В данном случае: казахи — основа казахстанской нации, поэтому наше этническое имя стало корнем имени государства — Казахстан;

— национальность — народ, являющийся основой данной нации или частью её. В данном случае: казахи — основа казахстанской нации, поэтому наше этническое имя стало корнем имени государства — Казахстан. Русские, украинцы, поляки и др. — это национальности, ибо есть на планете государственные образования, имеющие в основе своих наименований имена этих народов — Россия, Украина, Польша и др.;

— этнос — народность, не имеющая самостоятельной государственности. В России, например, в ранге этноса пребывают эвенки, нивхи, чукчи и т.д. Но, являясь гражданами России, они, даже не будучи национальностями, являются представителями российской нации. На свете есть около 7 тысяч этносов. Они представлены в сотнях национальностей, которые сошлись в двухстах нациях, создавших Организацию Объединенных Наций (ООН). Всеобщая Декларация прав Человека, ставшая Конституцией (Основным законом) демократии, признает за каждым человеком основные права, независимо от того, является ли он представителем великой нации или малого этноса, затерянного в джунглях Амазонки», — деп академиялық дәріс оқиды.

Сүлейменовтың пайымдауынша мәселенің барлығы тек «терминологиялық шатасуға» тіреліп тұр екен. Өзінің таңғажайып ақылдығын, ғұламалығын дәліледеу үшін ол: «С 21 декабря 1991 года — образовалась Республика Казахстан, появилась казахстанская нация. С основной частью — казахской национальностью. (Если отрицать существование казахстанской нации, то, значит, отрицать существование и государства Казахстан.).

Проблема непонимания возникает при переводе терминологии на казахский язык:

«Казахстанская нация» — қазақстан ұлты.

«Казахская национальность» — қазақ ұлты.

В казахском изложении получается столкновение и взаимозамещение смыслов этих политически различных выражений. А то, что из этого получилось в местной политике, мы наблюдаем. Филологам надо было за эти 20 лет обогатить казахский словарь выражениями новых понятий, появившихся с обретением государственности. Объяснить художественной интеллигенции и начинающим политикам, что «нация» это — обозначение «государственности», «гражданство». «Национальный банк» это — «государственный банк», «национальная компания» это — «государственная компания». Поэтому «Доктрина национального единства» это — идеология государственного единства, единства всех национальностей Казахстана. Какие могут быть возражения у здравомыслящей аудитории, если правильно понимать смыслы терминов?» — деп таң қалады.

«Қазаққа тым жағынып кеткен жоқпын ба, осы?» деп күмәнданған «әлем азаматы» сөз соңында Жәнібек пен Керейдің ескерткіштеріне қатысты биліктің іс-қимылын толық ақтап, «тілді енгізуді асықтыруға, саясиландыруға» қарсылығын білдіріп, «Алматы қаласының орыс тілінде «Алма-Ата» аталуын қалайтынын» баса көрсетіпті.

Бұнің барлығына не деп айтуға болады?

Олжас мырза! Сіз бүгінгі биліктің қандай да болмасын сорақы ісі мен жымысқы тірлігін ақтап алуға дайын адам екеніңіз әлемге аян. Қазақты мазақ қылғаны былай тұрсын, ертеңгі күні атып, қырып жатса да мыңқ етпессіз. Оған таң қалып отырған жоқпыз. Бұл тұрғыдағы сіздің адами, азаматтық бетпердеңізді кезінде марқұм Алтынбек ағам ашып кеткен! Алайда нанын жеп, суын ішкен ұлтыңызды надан «тобыр» санау, оның мұң-мұқтажын «филологиялық қателік» деңгейінен асырмауыңыз өзіңіздің рухани азғындағаныз бен саяси алжығандығыңызды көрсетеді.

Осы күндері ХҚА ұсынған Доктринаға қарсы наразылығін білдіріп, ұлттық іс-қимылды бастаған Тұрсынбек КӘКІШЕВ, Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ сияқты филолог-ғалымдар, Асанәлі ӘШІМОВ, Мақпал ЖҮНІСОВА, Болат АТАБАЕВ сынды өнер қайраткерлері, Мұхтар ШАХАНОВ, Софы СМАТАЕВ, Дулат ИСАБЕКОВ, Мұрат ӘУЕЗОВ біртуар ақын-жазушыларымыз, басқа да жүздеген, мыңдаған атақты-атақсыз қандастарыңызды ақымақ санамаңыз. Сіз айтып отырған терминдердің мазмұнын сізден де жақсы біліп, түсініп отырмыз. Алайда мәселе «терминдерде» емес, жүргізіліп отырған саясатта! Мәселе «сөздің» аздығында емес, нақты істің жоқтығында!

Бәлкім, сіз үшін қазақ тілі, қазақ ділі, қазақ діні, қазақ тарихы, қазақ мәдениеті деген ұғымдар түкке тұрмайтын дүние шығар. Алайда біздер үшін бұлар мәңгілік рухани құндылықтар. Осы құндылықтар үшін өмір сүріп жатырмыз. Қажет болса солар үшін өлуге де дайынбыз. Адам өмірге «атақ алам, ақша табам» деп келмейді. Ата-бабалар қалдырған асыл мұраны қабылдап, келер ұрпаққа тапсыру үшін келеді. Осындай қарапайым ғана ақиқатты түсінбей отырып, әлем халықтарының мәдени мұрасының жайын айтып, оны сақтау үшін аянбай ат салысып келе жатқан ЮНЕСКО сияқты ұйымда қазақ атынан елші болғаныңыз бар болсын! Қажет десеңіз, бүгінгідей сөздерден кейін осы ұйымда елші болуыңызға ешқандай азаматтық, адами қақыңыз жоқ! Париждің шарабы мен круассандарына әбден тойған шығарсыз! Енді өз еркіңізбен отставкаға кеткеніңіз өзіңізге де, мүсіркеген «тобырыңызға» да тиімді болады!”.

KAZ.GAZETA.KZ. Астананың Халықаралық әуежайы ұшу-қону жолағының қатып қалуына байланысты жабылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today «Астананың Халықаралық әуежайы» АҚ-ның өндіріс жөніндегі вице-президенті Сейіл ҚЫПШАҚБАЕВқа сілтеме жасап. «Кеше кешке жауған жаңбырдан ұшу-қону жолағының қатып қалуына байланысты әзірге әуежай жабық«, — деді ол. Осы орайда ол ұшу сапарларының қашан жалғасатынын айта алған жоқ. «Қазір адамдар жұмыс істеп жатыр. Мұздан тазарту жұмыстары аяқтала сала біз әуежайды ашамыз«, — деді Сейіл Қыпшақбаев.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...