«Тәуелсіздік арқалатар жүк ауыр». «Егемен Қазақстан» газеті 90 жасқа толды». «Кім тәңіршіл: Тұрсынов па, Тілеухан ба?». «ҚазАгро» АҚ несиелер бойынша берешектері бар егіншілерден ғана астық сатып алады…»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 21 желтоқсан 2009 ж.

DMK.KZ. “Қазақ баспасөзінің “қара шаңырағы”. “Егемен Қазақстан” 90 жасқа толды. Қазақ баспасөзінің тарихында тұтас бір дәуірді қамтыған “Егемен Қазақстан” газеті 90 жасқа толды. Ел шежіресіндей болған басылымның беттерінде халқымыздың өмір-жолындағы тоқсан жылдық белесі тасқа басылды.

Әуелгі саны 1919 жылдың 17 желтоқсанында Қазақ оқығандарының “қара шаңырағындай” болған Орынбор қаласында “Ұшқын” деген атпен жарық көрген газет, өзінің 90 жылдық тарихында “Еңбек Туы”, “Еңбекші қазақ”, “Социалистік Қазақстан” деген атпен шығып келсе, Тәуелсіздік тізгінін қолымызға алғаннан бері “Егемен Қазақстан” деген атауға ие болды. Басылымының алғашқы шығарушыларының бірі – халқымыздың біртуар ұлы, ақын Сәкен СЕЙФУЛЛИН еді. Сондай-ақ, газеттің қалыптасуына, ел өмірінің жаршысына айналуына: Бейімбет МАЙЛИН, Ілияс ЖАНСҮГІРОВ, Мұхтар ӘУЕЗОВ, Ғабит МҮСІРЕПОВ секілді қазақтың кілең игі-жақсылары үлкен күш салды. Бүгінгі күні “Егемен Қазақстан” басылымы ұлт баспасөзінің, қазақ журналистикасы мектебінің “қара шаңырағы”. Ақиқатын айту керек, басылым бұл атауға лайық қызмет етті. Кеңестік қызыл империяның тұсындағы қиын-қыстау кезеңде де газет елдің жанашыры, жол бастаушысы бола білді. Ғасыр басында Алаш баласының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, ұлтты сүю жолында қайсарлықтың үлгісін көрсеткен “Қазақ” газетінің мұрагері болу бағытынан тайған емес. Оған 1923 жылы Сәкен Сейфуллиннің “Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ елуге толды” деген мақаласында айтылған шынайы њәм батыл пікірін мысалға алсақ та жеткілікті. Қазақ елінің басты ордасы орын ауыстырған тарихи кезеңдерде Орынбор, Қызылорда, Алматыда жарыққа шығып келген басылымның кеңсесі, бүгінгі күні Арқада бой көтерген Алаштың бас қаласы Астанада…”. Құрметпен“Дала мен Қала” газетінің ұжымы.

Қазақ сіріңкесі қайда кетті?”. “Құрбан айтта үлкен ағамыздың үйіне кіргенбіз. Ас ішіліп, құран оқылған соң, қонақтар тіс шұқитын ши іздей бастады. Осы кезде ағамыз алдымызға күнделікті қолданып, көз үйреніп қалған қытайдың өнімін емес, түсі де, түрі де өзгешелеу затты қойды. “Осы бір ұсақ дүниені өз елімізде де шығаруға болады ғой, Қытайдан тасымай. Жақында ауылға барғанымда тау бөктеріне көтерілдім. Сол жерден аршаның қурап қалған бір бұтағынан осындай тіс шұқитын дайындадым. Өзіміздің ағаш, экологиялық таза өнім”, – дейді ағамыз әлгі дүниесін қонақтарына ұсынып. Расында да тіс шұқитын ши ұсақ зат секілді. Бірақ ол көпшілік тұтынатын, яғни сұранысқа ие затқа айналды. Сол секілді сіріңке де тұтынудан түскен жоқ. Оттықтың он сан түрін ойлап тапқанымен, адамзат баласы сіріңкені әлі де кең көлемде қолданып келеді. Оның өзін көбіне көрші елден, яғни Ресейден тасимыз. Қазақстанда шығаруға болмай ма? Болатын секілді.

Кешегі тарих беттеріне көз жүгіртсек, елімізде сіріңке шығарылған да екен. Украина Ғылым академиясының негізін қалаған академик Владимир ВЕРНАДСКИЙ Қазақстанның көрікті жері Көкшетауға келген. Әйгілі Бурабайда демалған. Бірқатар ғылыми еңбектерін сол жерде аяқтапты. Сол кезде ғалымға солтүстік өңірде сіріңке шығару туралы идея келе қалған ғой. Бұл жөнінде ол академик Қаныш СӘТБАЕВқа жазған хатында былай дейді: “Осындай қарағай орманы бар жерде жұрт неге оттық тамызығын алу үшін бір үйден бір үйге барып әуреленеді? Сіріңке шығаруды ұйымдастыруға болмай ма?”. Ғалымның осы хаты түрткі болды ма, әлде реті келмей жүрген іс пе еді, әйтеуір кейін Қаныш Сәтбаевтың табандылығымен еңбек бірлестіктері (артельдер) құрылып, сіріңке шығарыла бастапты. Бертініректе сіріңкені тиімді пайдалану, жұмсалатын материалды рәсуа етпеу мәселесі бойынша да ғылыми еңбектер жазылыпты. Мысалы, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті “Математика” кафедрасының профессоры Қазбек ХАСЕИНОВ сіріңкенің бір талын бірнеше рет пайдалану жөнінде дәйекті еңбек жазған. Деректер осылай дейді. Демек, елімізде сіріңке шығаруға болады. Оған керекті ағашыңыз да, күкірт-фосфорыңыз да қазақ елінде табылады. Еліміздегі өнеркәсіп орындары, кәсіпкерлер ұсақ дүние санап, сұранысы мол сіріңке өндіруге көңіл бөлмей келе жатқан секілді”, — деп назар аударады Еркін ДОСЫМБАЙ.

TURKYSTAN.KZ. “Тәуелсiздiк осылай келген!”. “Жұбан МОЛДАҒАЛИЕВ: — Геннадий Васильевич, мен мына сөздi Сiзге айтып отырмын. Менiң не айтатынымды мына отырғандар, менiң халқым, мында отырғаны бар, отырмағаны бар, бәрi бiледi. Жұмбағым жоқ менiң ешкiмге. Мен майданда қан кешiп келген адаммын. Ал, қазiргi ахуалымызды, қазiргi жағдайымызды жаңа келген Сiзге, жаңа адамға айтайын деп тұрмын. Сiз берi қарап менiң айтатынымды тыңдаңыз!..

Бұл қасiреттi көргенше, өлуiм керек едi. Өкiнiштiң үстiнде тұрмын. “Неге тiрi келдiм, неге сонда қалмадым?” деп. Сөйтуiм керек едi, мына қорлықты көргенше. Өзiмнiң астанамның үлкен алаңында балаларын итке талатып, танкiмен қуалап, қыздарды шашынан сүйреп қорлаған жағдайды көргенше, “мен неге өлмедiм” деп, түнiмен еңiреп жылап шықтым… Қазiр мұнда шыққанда мен бiлмеймiн жағдайымның қандай боларын. Бiз талайды көрдiк қой. Қазiр осы трибунадан мен қайтып орныма түсемiн бе, немесе мына жаққа қарай менi сiздердiң адамдарыңыз жетелеп әкете ме, мен бiлмеймiн оны. Бiрақ, кешегi алаңда қырылған жастардан түк айырмашылығым жоқ. Мен айтарымды айтып болып өлемiн, өлетiн болсам…” (1986 жылы Жазушылар одағының жиынында сөйлеген сөзiнен).

Ұлы “көсем” және ұлттарды бөлшектеу саясаты”. “Өткенде теледидарға қарап отырып, өзiм сырттай сыйлап жүрген бiр ағамыздың кейде кеңестiк дәуiрдi аңсаймын деген әңгiмесiн естiп қалдым. Ол кезде бұқараға көп жағдай жасалды, жұрттың көңiлi тоқ, көйлегi көк болған едi дейдi әлгi ағамыз. Өкiнiшке қарай, осындай пiкiрлердi жиi болмаса да ара-тұра естiп қаламыз. Менiңше, мұндай әңгiмелердi большевиктер жүргiзген сұрқайы саясаттан бейхабар адамдар айтатын сияқты.

Бiрақ бiлiп тұрып, наданның сөзiн сөйлейтiндерi де бар. Мұндайлар көбiне ұлттық мүдденi түсiне бермейтiндер немесе кейбiр өресi төмен қандастарымыз екенi айтпаса да түсiнiктi. Егер “қызыл қырғынның” не үшiн қолға алынғанын аңғарса есi бар адам Кеңес одағын аңсауын сап тияр едi. Ендi сол коммунистердiң құйтырқы әрекеттерiнiң кейбiрiне арнайы тоқталсақ… Ресей империясында орысеместердiң барлығын әуелден татарлар деп атайтын дәстүр бар. Әсiресе олар шыққан тегi азиялықтарды осылайша жалпылама атайды. Бiрде Мәскеу радиосында сұхбат берiп жатқан Расұл ҒАМЗАТОВ Кеңес Одағының маршалы Климент ВОРОШИЛОВтың өзiмен кездескенде үнемi “Иә, татар, қал-жағдайың қалай?” деп амандасатынын есiне алды. “Сосын бiр күнi, — дейдi сөзiн ары қарай сабақтаған Ғамзатов, — шыдай алмай кетiп, Климент Ефремович, мен татар емеспiн, Дағыстандық авармын”, дедiм. Маршал болса: “Жә, қызбаланба, Расұл, сiздердi — орысеместердiң барлығын бiзде баяғыдан татарлар деп атайды”, — деп әңгiменiң соңын қалжыңға айналдырып жiбердi”. Тарихи деректерге жүгiнсек, қазiргi әзiрбайжандарды да 1926 жылға дейiн татарлар деп атап келiптi. Грузияның алғашқы президентi З.ГАМСАХУРДИЯ жұрт алдында сөйлеген сөзiнде Грузияны мекен еткен әзiрбайжандарды үнемi татарлар дейтiн болған. Мұндай мысалдар өте көп. Кейiн большевиктер билiк басына келген соң империядағы байырғы халықтарға басқаша ат берiле бастады. Әсiресе қазiргi татарлардың бабалары осы тұста үлкен белсендiлiк көрсетедi. Бұқара бас қосқан жерде олар өздерiн мұсылмандармыз, бұлғарлармыз немесе ноғайлармыз деп атап жүрдi. Кейiн аты өзгерген халықтардың моңғол-татарлармен мүлде байланыспайтын жаңа тарихын жасау қажеттiгi туады. СТАЛИНнiң бұйрығы бойынша беделдi шығыстанушылар мен тарихшылардың тұтас бiр тобы осы жұмысқа бiлек сыбана кiрiседi. Бұларға академик В.БАРТОЛЬДтiң өзi басшылық жасады. Кейiн кезек Түркiстанға келдi. Мұнда большевиктер барша түрiк түлеп ұшқан жердегi төл халықты ыдырату саясатын жүзеге асырды. Осылайша Қапқаздағы татарлар әзiрбайжан деп атала бастады. Ал солтүстiк Қапқаздағы татарлар құмықтар, ноғайлар, карашайлар мен балқарлар болып бөлшектенiп кеттi. Халықтарға қайта ат беру арқылы большевиктер Қапқаз бен Түркiстанды мекендеген миллиондаған қыпшақтарды да жойып жiбердi. Бұл атау олар үшiн өте қауiптi едi. Өйткенi Қыпшақтар бiр кездерi шығыс Еуропа мен Орталық Азияның арасындағы аймақты мекендеген алып этнос болды. Екiншiден, Түркiстандағы қыпшақтар қызылдар қырын қараған Алтын Ордадан шыққан. Олар Орталық Азиядағы төрт республика Тәжiкстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Қазақстаннның оңтүстiк территориясын алып жатқан Қоқан хандығындағы белсендi күш болатын. XIX ғасырдың жетпiсiншi жылдары Ресей империясы жаулап алған соң, Қоқан хандығы бiртiндеп өмiр сүруiн тоқтатады. Бiрақ, Түркiстанда қалып қойған қалың қыпшақ Сталиннiң түн ұйқысын төрт бөлiп, дегбiрiн қашырды. Ол Түркiстанда Қыпшақ республикасын құрғысы келген жоқ. Қысқа қайырғанда, Түркiстанда жүргiзiлген бөлшектеу саясатынан кейiн мұндағы қыпшақтар iрi этнос ретiнде жойылып, өңiрдегi өзге халықтардың арасына сiңiп кетедi. Дәлiрек айтқанда, оларды өздерiн қырғыз, түркiмен, өзбек немесе қазақ деп атауға мәжбүрледi. Кейiн қыпшақтар Түркiстанда тұтас халық болып ғұмыр кешуiн түбегейлi тоқтатты. Бәлкiм осыдан кейiн болса керек, олардың ұрпақтары Ферғана халифатын құрамыз деп ТМД-ның үш республикасы түйiскен жердегi бүкiл Ферғана алқабын күнi бүгiнге дейiн дүрлiктiрiп отыр. Кейiн большевиктер “моңғол-татарлардың мәселесiн де” бiржола шешуге кiрiстi. Қазiрге дейiн кейбiр ағаларымыз қызғыштай қорғайтын Сталин осы тұста моңғол-татарларды “тағы көшпендiлер” қылып көрсетуге құлшынды. Бұл тар
ихи деректер растайтын жәйт. Мәселен, белгiлi ақын әрi аудармашы Семен ЛИПКИНнiң естелiктерiнде Сталиннiң бүкiл Русьтi жаулап алған “татар” этнонимiн варварлар қылып барынша қаралауға тырысқаны айтылады. Кеңес одағы құлағаннан кейiн “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Семен Липкин Сталиннiң татар-моңғолдарды жұртқа жеккөрiнiштi етiп көрсетуге талпынғанын әңгiмелеген. Осындай оймен “көсем” ғылым мен кино қайраткерлерiн суретшiлер мен жазушыларды осы процеске арнайы жұмылдырып жiбередi. Нәтижесiнде 1939 жылы Василий ЯНАВЕЦКИЙдiң “Шыңғысхан” деп аталатын кiтабы КСРО-ның мемлекеттiк сыйлығына ұсынылады. Тарихи шындықтан алыс жатқан, Шығысханды қаралау үшiн жазылған бұл роман өз дегенiне жетiп, татар-моңғолдарға жұрт қырын қарай бастады. Ал соғыс жылдары Сергей ЭЙЗЕНШТЕЙНнiң “Иван Грозный” кинокартинасын жарыққа шығарған Иосиф Сталин Шыңғысхан мен оның ұрпақтарына жариялаған күресте бiржола жеңiп шығады. Татар-моңғолдарды жұрт осыдан кейiн басқыншы, өркениеттен хабары жоқ қара тобыр ретiнде қабылдайтын болды. Бұл большевиктер жүргiзген “көпвекторлы” саясаттың бiрi ғана. Олардың империяны ұстап тұру үшiн қандай құйтырқы әрекеттерге барғанын қазiр жiпке тiзгендей етiп түгел баяндап шығу мүмкiн емес. Оның қажетi де жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы қызыл империя тарихының Қазақ елi үшiн қастерлi кезең болмағанын жұртқа жеткiзу
”. Авторы: Жолымбет МӘКIШЕВ.

Қасиеттi қазақ кiлемiне – 2500 жыл”. “Астана жұртшылығы 8-желтоқсанда “Шежiре” қазiргi заманғы өнер галереясының ұйымдастыруымен Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайының “Атриум” залында “Қазақ кiлемдерi. Ұлы Таудың игiлiгi” атты көрменiң ашылуына куә болды. Көрмеге жеке коллекциядағы 103 кiлем қойылды. Ұлттық өнерiмiздiң озық түрлерiнiң бiрi – қазақы кiлемнiң кереметтiгiн паш етуге арналған бұл көрменi Елорда тұрғындары мен қонақтары 2010 жылдың 28-ақпанына дейiн тамашалай алады.

Ал 9-желтоқсанда осы көрме аясында “Қазақстанда кiлем тоқу өнерiнiң болашағы бар ма?” атты семинар өттi. Аталмыш жиында өнертанушылар мен этнограф мамандар бағзыдан келе жатқан бекзат өнердiң жай-күйiн әңгiме арқауына айналдырып, оның келешегi жайлы ойларын ортаға салды. Қазақ кiлемiнiң тарихын қаузасаңыз ұзаққа кетедi. Байырғы сақ, ғұн, үйсiн өнерiнде кiлемдер мазмұнға құрылған суреттермен әсемделсе, 5 – 7-ғасырларда ұлттық дүниетанымды ою-өрнектер арқылы бейнелейтiн қазiргi қазақ кiлемiнiң үлгiлерi қалыптасты. Бүгiнгi қазақ кiлемiнiң Пазырық қорғанынан табылған 2500 жылдық кiлемнен өзгешелiгi шамалы. Атадан балаға, анадан қызына мирас болып, осы күнге жетiп отыр.

Кiлемдi жай ғана төсенiш немесе тұтыну құралы деп қарауға әсте болмайды. Түрлi ою-өрнектермен безендiрiлiп, қайталанбас көркемдiгiмен көздiң жауын алатын қазақы кiлемдердi ұлттың мәдени коды жазылған жанды өнер туындысы деп қарасақ қателесе қоймаймыз. Қазақы кiлемдерде қалыпты өлшемдер мен тұрақты ою-өрнек түрлерi кездескенiмен, көбiнесе олар бiр-бiрiн қайталамайды. Қазақ кiлемiнiң өзбек, түрiкмен, парсы кiлемдерiнен ерекшелiгiнiң өзi осында. Қазақ кiлемдерi сатуға, көпшiлiкке саудалау үшiн тоқылмаған. Iсмер аналарымыз әрбiр кiлемдi өзiнiң ұл-қыздарына атап тоқитын болған. Сондықтан да оған аса ыждағаттылықпен қарап, көргенi мен түйгенiн, халқымыздың өткенiн ою-өрнек тiлiмен ұрпағына аманаттаған.

Бүгiнгi күнi қазақ кiлемiне салынатын 230 ою-өрнек түрi мен атауы белгiлi.
Қазақтар ою-өрнек арқылы өздерiнiң әлемге көзқарасын бере бiлдi, дүниенi танудың жаңа символдарын iздедi. Адам ою-өрнек арқылы қоршаған ортамен өзара үйлесiмде өмiр сүредi. Халықтың әуендi әуездерi мен ою-өрнектерiнiң табиғаты да үндес болып келедi. Құдайы қонақ болып келген жан түскен үйiнiң тұтылған кiлемi, төселген текемет пен сырмақ оюларына қарап отырып, сол отбасының қай рудан, қандай әулеттен шыққандығын айтқызбай-ақ бiлген. Ал, әйелдер өю-өрнек арқылы өзiнiң тұрмыс-тiршiлiгi туралы ата-анасын хабардар еткен.

Кезiнде әрбiр қазақ отбасының үйiнде көздiң жауын алып тұратын қазақы кiлемдер бүгiнде көзден бұл-бұл ұшып бара жатқандай. Өрмек құрып, кiлем тоқитындар ел iшiнен iлуде бiреу ғана кездеседi. Ұлттық өнерiмiздiң осы түрiнiң қыр-сырын жақсы бiлетiн көнекөз қарттарымыз да азайып барады. Қазiргi кезде кiлем тоқу өнерi елiмiздiң оңтүстiк өңiрлерiнде, iшiнара Қызылорда, Маңғыстау аймақтарында сақталған. Сондай-ақ Қытай, Моңғолия елдерiндегi қандастарымыздан да кездеседi. Iсмерлердiң қолынан шыққан ұлттық туындының орнын шеттен келетiн кiлемдер басты. Жайсаң – төсенiш, iлсең – сән болатын қазақы кiлем ұлттық мақтанышымызға айналатын-ақ дүние. Барды бағаламаудың салдарынан, халқымыздың қасиеттi осы өнерi назардан тыс қалып, кенжелеу дамып отыр. Сол секiлдi кiлемнiң түрлерiн, онда кестеленетiн оюлардың шертер сырын да тап басып айтып бере алатын жандардың қатары селдiреп барады. Бiр кездерi қазақ арасында кiлемнiң – намаз кiлем, жол кiлем, нар кiлем, қоржын кiлем, мақта кiлем, тықыр кiлем, масаты кiлем, жолақ кiлем, түктi кiлем, жiбек кiлем, алаша кiлем, төр кiлем, төсек кiлем, тұс кiлем т.б. сан алуан түрлерi тоқылатын. Қазiргi кезде бұлардың бәрi болмағанымен, денi сақталған. Бұған жоғарыда аталған көрменi тамашалау барысында көз жеткiздiк. Атадан қалған осынау асыл мұраны көздiң қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа шашау шығармай жеткiзу – зор мiндет, қасиеттi парыз.

Әрине, мұны бiрлi-жарым адамдардың ыждағатымен шешу қиын. Қазақ қолөнерiнiң қайталанбас туындыларын ұрпақтан ұрпаққа жеткiзу үшiн әрi нарықтық экономика заманында пайда көзiне айналдыру мақсатында қолөнерiмiздi, оның iшiнде кiлем тоқу өнерiн арнайы зерттеп, оны заманауи техниканың көмегiмен шығаруды мемлекеттiң қолға алғаны жөн. Ұлттың брендiне айналуға лайықты дүниемiздiң бiрi де осы. Бiз қолда бар осы асыл мұрамыздың қадiрiн бiлмей, тиiстi деңгейде дәрiптей алмай жүрмiз. Жоғарыда аталған шарадан бастау алған игi iс сәттi жалғасын тапса ұлтымыздың рухани әлемi бұдан да кемелдене түсерiне күмән жоқ”. Авторы: Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Тәуелсіздік арқалатар жүк ауыр”. “…Рас, кезінде: “көшпелі ғұмыр кешкен қазақ жұртының ешқашан төл мемлекеті болған емес, Кеңестер Одағының ыдырауы салдарынан егемендікке кездейсоқ қол жеткізді, Тәуелсіздік деген – қазаққа көктен түскен тосын сый болды” деп сәуегейлік еткендер де табылды. Алайда мұның мейлінше жаңсақ пікір екеніне қатпарынан қаны сорғалаған қазақтың қарт тарихы куә. Шын мәнісінде, “мың өліп, мың тірілген” осынау жанкешті, қаһарман халық өз бостандығын “ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып”, “тебінгісі терге шіріп, терлігі майға еріп жүріп” есте жоқ ескі замандардан бері қорғап келген, қорғап қалған.

Сенбесеңіз, жалынды жырларының әрбір жолынан күрескерлік рух ескен Махамбет жырларын оқыңыз. Исатай бастаған ұлт-азаттық көтеріліске өзінің “Кішкентай” іспетті ең алғашқы туындыларының бірін арнаған Құрманғазыдай дала дауылпазының “Ақсақ киік”, “Түрмеден қашқан”, “Кісен ашқан”, “Адай” күйлеріне құлақ түріңіз. Бұған енді азаттықты көксеген ел арманы, әділетсіздікке төзбей, бұлқынған бұла қарсылық, қоғамдық мүдделердің өзара қақтығысы терең көрініс тапқан Мағжан мен Міржақып өлеңдерін, Әлихан, Ахмет, Мұстафа тәрізді Алаш жұртының басқа да біртуар тұлғаларының күллі қайраткерлік баянын қосыңыз. Қасіретті де қасиетті тарихымыздың осынау жарқын беттерінен сабақ алу, құрметпен қарау бүгінгі буынға – парыз, ертеңгі ұрпаққа – аманат. Өйткені Міржақып ДУЛАТОВ айтпақшы, қашан да “Тарихын жоғалтқан жұрт – жоғалған жұрт”…

… Әрине, өткенге – салауат, бұл күнге – шүкір. Алайда біз бүгінде шын мәнісіндегі ұлттық, рухани Тәуелсіздікке қол жеткізе алдық па? Жалпы, кез келген қоғамның түпкі мақсаты – саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени тұрғыда дербес даму, экономикасының өзгеге емес, өзіне қызмет етіп, өз елінің әл-ауқатын көтеруіне қол жеткізу десек, орныққанына 18 жыл болған біздің дербестігіміз осы талапқа қаншалықты жауап беріп отыр? Бұл ретте, бір нәрсені кесіп айту қиын. Шындығында, осы жылдар ішінде халқымыз басынан өткерген жұмыссыздық, үйсіздік пен күйсіздік, рухани ашаршылық тәрізді көптеген кеселдерді “есесіне тәуелсіздік алдық”, “еңсесін енді-енді тіктеп келе жатқан жас мемлекетімізге онсыз да оңай тиіп жатқан жоқ” деген желеумен жасырып-жабуға тырыстық. Қысқасы, біз Тәуелсіздік ұғымын жұрт санасын билеу құралына айналдырып жібердік. Мұның артық-кем тұсын өзіңіз таразылап көріңіз.

Тәуелсіздіктің арқасында өзгелермен терезесі теңескен қазақты күллі әлем танығандығы даусыз. Бірақ сонымен барлық мәселе шешілді ме? Мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілгеніне қарамастан, әлі күнге тиісті төріне оза алмай, босағадан сығалаумен келе жатқан қай тіл? Қазақтың тілі. “Қызыл шоқтай қарыған, қазаққа сөз дарыған” деп бабаларымыз әспеттеген жетелі сөз бүгінде ем болудан кетіп, ауыздан шыққан жел есебінде болып тұр. Мұндай жағдайда кім жетім? Қазақтың әдебиеті жетім. Батыс мәдениетіне көзсіз бас ұрған маргинал ұрпақ ұлт руханиятының Темірқазығындай – ұлттық дүниетаным, музыка, салт-дәстүр, әдет-ғұрып іспетті дәстүрлі дүние атаулының бәрін міз бақпастан мансұқтауға бар. Демек, өз “Менінен” айрылып, ұлт ретінде экзотикаға айналуға бет алған кім? Баяғы қазақ…”. Авторы: Роза Рақымқызы.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Жаңа жылды насихаттап, тәуелсіздікті тәрк еткеніміз бе?”. “Қазақстанның тәуелсіздік күні – еліміздің жоғары мемлекеттік мерекесі” деп сайрағанда алдымызға жан салмаймыз. Оның өзінде бұл сөздің қадірін 16 желтоқсан күні болатын іс-шараларда ғана еске алып, сол кездегі жастардың қаһарлы аязда бостандық үшін өз жанын құрбандыққа бергенін тағы да ауызша айтамыз. Осыдан кейін бар істі тындырғандай Желтоқсаннан бұрын алдағы Жаңа жылымызбен әре-сәре болып кетеміз. Ал, шын мәнінде оны дәл осындай қарқында дүбірлетіп өткізіп, әлем-жәлем болып жатқанымыз да сол жанкешті көтерілісте қасықтай қаны қалғанша тәуелсіздік үшін күрескен аға-әпкелердің арқасы емес пе еді? Олай болса, неге біз сол боздақтардың аруағына тиісінше құрмет көрсете алмаймыз?

Баспасөз беттеріндегі “тәуелсіздің арқасында” деп келетін мақалаларға көзім түскен сайын жылдағы өз деңгейінде аталып өте алмай жүрген Желтоқсан күні есіме түседі. Осы жағын шырылдап жазып жүрген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сөзіне құлақ асып жатқан жоғарыдағылар жоқ. Тіпті, “Айта айта алтайды, Жамал апам қартайдының” кебіне келді. Билік тұтқасын ұстап жүргендердің көпшілігі жаңа жылға келгенде  ерекше серпін алып, әспеттеуге тырысып бағады. Ал, тиісінше Ораза, Құрбан айт, одан қала берді Наурыз, барлығынан бұрын осы күнге жеткізген желтоқсан күніне келгенде кібіртіктеп қалады.

Еліміздің қай қаласы болсын, кез келген бұрышында, ғимараттардың маңдайшаларында жаңажылдық ою-өрнек, шыршалар, аяз ата мен ақшақардың суреттері басып қалды. Базардың іші-сыртына дейін жаңа жылға дайындалып әре-сәре күйге түскен халық. Әлем-жәлем дүние. Керісінше, Тәуелсіздік күніне деген ешқандай іс-шара байқалмайды. Сонда бұл қазаққа елінің егемендігіне қол жеткізіп, тәуелсіздік үшін ештеңеден қаймықпай, елін-жерін қорғаған батыр ұл-қыздарының, азаттыққа қол жеткізген күннің қажеті болмағаны ма? Бүкіл алаш халқының шаттанатын тәуелсіздік күнінде жұртшылық бар болғаны әншілер мен бишілердің, махаббаттан басымыз айналып, мәні мен мазмұны жоқ сыңсыма өлеңдерін тыңдаймыз. Оның орнына жастарды аға-әпкелерінің қаны тамған қаралы жеріне басын қостырып, патриоттық тәрбиеге баулитын игі шараның өткені құба-құп еді. Бірақ, біз осы күннің мән-мағынасын түсінбейміз, болмаса құлдық санадан арыла алмағандығымыз. Одан да терең, батыра айтсақ, “азаттық, тәуелсіздік, егемендік” деген асыл ұғымдарды әлі де жете меңгере алмай келе жатқандығымыз. Оны айтасыз, жыл сайын өз еріктерімен тәуелсіздік үшін жанын қиған аға-әпкелерінің рухына тағзым етіп алаңға барған жастардың басқан ізін аңдып жүретін полицейлердің іс-әрекеті нені көрсетеді?

Бет қатталып жатқанда “Алматыжарнама” МКК директоры Найля АХАТҚЫЗЫна қаламыздағы мерекелік безендіруге байланысты жолданған сауалға орай хат алдық. Хатта “Алматыжарнама” еліміздің тәуелсіздігіне немқұрайды қарай алмайтындарын және жаңа жылдың тасасында ешқашан қалдырылмайтынын тілге тиек еткен. Сондай-ақ, мемлекетіміздің барлық ресми мерекелік шаралары қала әкімдігінің бекіткен жоспары бойынша жүзеге асырылатынын ескертіпті. “Алматыжарнама” сөзіне сенсек, Тәуелсіздік күніне дайындық қарашаның ортасынан, жаңа жылға дайындық аталған айдың соңында басталады. Бірақ, көрген көзде жазық бар ма, Тәуелсіздік күні бізге қазір жаңа жыл сияқты елестейтін болды?”. Авторы: Жадыра МҮСІЛІМ.

ZAMANDAS.KZ. “Кім тәңіршіл: Тұрсынов па, Тілеухан ба?”. Қазақтың діншілдігі қызық. Есік-терезе айқара ашық жатқан мына заманда түрлі діндер де қаптады. Мұнан кейін біздің жұрттың да діншілдігі тіпті қызыққа айналды. Бір отбасының мүшелері бірнеше дінге кіріп, әрқайсысы өз “құдайына” сыйынып жатыр. Бүгінгі күннің басты кейіпкерлерінің біріне айналған Ермек ТҰРСЫНОВ деген өзі журналист, өзі сценарист, өзі режиссер, әйтеуір, әмбебап жігіт бар. Сол түсірген “Келіннің” айналасында түрлі әңгімелер жүріп жатыр қазір. Тұрсынов “Айқынға” берген сұхбатында “тәңіршілмін” депті. Дұрыс делік. Біз оның қай діннің жолымен жүретініне, қай “құдайға” сыйынатынына шектеу қоя алмаймыз. Дегенмен кейінгі кезде қазақ жұртында “тәңіршілдердің” де көптеп төбе көрсете бастағанын айту абзал. Бірақ осы тәңіршілдік деген дін бе? Оның жолы қандай? Мән-мағынасы бар ма? Пайғамбары кім? Кітабы қайсы? Осындай толып жатқан сұрақтар ми қатпарын шарлап өткенде, мардымды жауап таба алмай абдырап қалатынымыз бар. Сол сұхбаттың тағы бір жерінде ол “менің Құдайым әйел” дейді. Құдайдың әйел болуы мүмкін бе? Жалпы, Құдай бейнесі бар ма? Не десек те, Ермек мырза ойына келгенді шектемей, тіліне оралғанды айта бергенге ұқсайды. Мұны бір деп қойыңыз.

Осы Ермек туралы “Өрмек” деген көлемді мақала жазып, қазақ қоғамында олардың қойнындағы құбыжықты ашып көрсеткен жырау, депутат, әнші Бекболат ТІЛЕУХАН қазақ қоғамының бел баласы. Бүгінде Бекең діншілдігімен де көзге түсіп жүрген азаматтардың бірі. Алланың хақ жолы Исламды ұстанып, Пайғамбардың үмбеті екенін дәлелдеп, бес уақыт сәждеге жығылып, парызын адалынан өтеп жүрген жан. Бірақ…

Біздің Бекең ортаға қамшы тастап, шешендерше шешіле сөйлегенде “тәңір” деген сөзді ылғи пайдаланады. Мәселен “Қазақ Елі” деген монумент ашылып, өзі “Қазақия” деп қасқайып тұрып сөз бастағанында да “Тәуелсіздік Тәңірдің сыйы” деді. Бұл бір ғана емес. Сол баяндаманың ішінде бірнеше жерде “тәңір” сөзі қылтиып көрінеді. Бұл – екі. Тұрсынов тәңіршілдікті дін дейді. Келісе салайық. Тілеухан ислам дінін ұстанып жүрген мүмін. Дегенмен Бекең тәңір сөзін тым жақсы көреді. Исламның басты қағидасы – Аллаға серік қоспау. Енді Бекеңдікі не? Тұрсынов өзінше дін деп отырған “тәңірді” Алланың қатарына апарып қосып қойған Бекболат Жаратушы иемізге серік қосып отырған жоқ па? Әркімнің өз “құдайы” бар мына заманда Тұрсыновтың “иелігіндегі” тәңірге Бекең неге сонша қызығады? Осы арқылы оның амал, ғибадаттары еш болып отырған жоқ па? Әлде Ермектікі дұрыс емес пе? Есте жоқ ескі заманда, адамзат баласы пұттан құдай жасап, соған табынып, мінәжат етіп жүріп тапқан тәңіршілдікті қайта тірілтіп жүрген Тұрсынов шатастырып отырған шығар бізді… Қайдам? Әйтеуір, бір шырмауыққа түсіп кеткендейсің. Тәңіршіл кім: Тұрсынов па, Тілеухан ба? Сіз айтыңызшы…”. Авторы: Н.ҒАЛЫМЖАНҰЛЫ.

MINBER.KZ. “Tehran times: “Екі елдің арасындағы визаны алып тастасақ”. “Tehran times – Иранның ақпарат агенттігі “Қазақстан иран трейдерлері үшін визаны алып тастағысы келеді”. Иран Сыртқы Істер министрінің хатшысы Рамин Мехман ПАРАСТ: “Визаны алып тастасақ, екі елдің арасындағы сауда қарқыны да өседі” деген пікірде. Қазақстан мен Иран арасндағы сауда айналымы соңғы жылдар ішінде ұлғайғандығын айтқан ол жылдық сауда айналымын 10 млрд. АҚШ долларына дейін жеткізу мүмкіндігі бар дейді”.

ZAMANA.KZ. “Жаңа жылғы жоралғылар”. “Көп адам Жаңа жылдан жаңа табыс, бақ-береке күтетіні жасырын емес. Ал қазақ халқы жыл басында жасалған ырымдардың міндетті түрде орындалатынына сеніп келген. Сондай-ақ мерекелік шыршаны безендірудің де адам өміріне елеулі әсері бар көрінеді. Яғни әр ойыншықты ілген сайын өзіңізге, отбасыңызға тілектер тілегеніңіз жөн.

Мысалы, қарапайым шар тәрізді ойыншықтарды ілерде: “Отбасымнан қайғы-қасірет қашып, мейірім мен қуаныш ұяласын”, – деу керек. Ал жеміске ұқсайтын ойыншықты ілгенде: “Дастарханымызға ағаштағы жемістей береке келсін”, – десеңіз болады.

Жан-жануар кейіпіндегі ойыншықтарды ілгенде: “Бәрімізге төзім, күш-қуат, денсаулық бер”, – деген жөн. Ал шыршаның ең басына міндетті түрде жұлдызша іліңіз. Оны сіз мақсатыңызға жететіндігіңіздің белгісі деп біліңіз. Сондай-ақ жаңа жылдық мерекеде шыршаңыз ешқашан назардан тыс қалмасын. Оны мақтап, мадақтап, жеті рет айналып, жасыл шыршаға қызыға ойланып қарап отырыңыз.

Жалпы, Жаңа жылды өте қуанышты қарсы алсаңыз, сол жылы мейірім-шапағаттың назарына ілігесіз. Ал тілек айтып ілген ойыншықтарыңызды жинарда өзге ойыншықтардан бөлек алып, жеке орап тығып қойыңыз.

Жаңа жыл келерден жарты сағат бұрын есік-терезеңізді 5-7 минутқа ашып тастасаңыз, зиянды нәрселер келер жылға қалмай шығып кетеді. Егер Жаңа жыл түні 7 шам жағып, олар түнгі 12-ге дейін түгел жанып бітсе, жыл басынан отбасыңызға береке кіреді. Ал айна алдына шам шағып, сағат тілі түнгі 12-ні көрсеткенде, айнаға қарасаңыз, сәтін салып болашағыңызды көруіңіз мүмкін.

Сүйгеніңізге қосылғыңыз келсе, жаңа жыл түнгі сағат 11.00 мен 12.00 аралығында жұп балауыз шам алып (шам не сары, не ақ түсті болсын), сүйіктіңізге арналған немесе жігітіңіз сізге сыйлаған (тәттілер болса да болады) сыйлықты шам қойылған ыдыстың астына қойыңыз. Балауыз шамның соңына дейін жанып кетуін қадағалаңыз. Бұл сіз үшін жақсы белгі. Жанып біткен шамның қалдығын жинап, домалақтап, келесі күні кез-келген көше қиылысына тастап, артыңызға бұрылмай кете беріңіз. Ал сүйіктіңіз сыйлаған сыйлықты пайдалана беріңіз. Оның оң нәтижесін ұзамай-ақ көресіз”. Авторы: С. СЕРІБАЙ.

KAZ.GAZETA.KZ. «ҚазАгро» АҚ несиелер бойынша берешектері бар егіншілерден ғана астық сатып алады. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің XII отырысында «ҚазАгро» Ұлттық холдингі басқармаларының төрағасы Асылжан МАМЫТБЕКОВ мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

А. Мамытбеков еске салып өткендей бұған дейін Ұлттық қордан «ҚазАгро» компаниясына агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 120 млрд теңге бөлінді. «30 млрд теңгесі инвестициялық жобаларға, 83 млрд теңгесі көктемгі егістік және жиын-терім жұмыстарын несиелендіруге, жалпы алғанда 120 млрд теңгенің 113 млрд теңгесі жұмсалды«, — деді ол.

Осы орайда оның айтуынша, «ҚазАгроның» алдына биыл Ұлтты қордың қаражатына ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінен 3 млн тонна астық сатып алу міндеті қойылған. Ал оның айтынша, қалған 7 млрд теңге бір тоннасын 18 500 теңгеге астық сатып алуға жеткіліксіз. Сол себепті «ҚазАгро» «несие бойынша міндеттемені есептеу жолымен» сатып алады. «Біз негізінен астықты несиелер бойынша берешектері бар егіншілерден ғана сатып алып жатырмыз«, — деді А.Мамытбеков. «Биыл астық сатуға ниеті барлар биыл көп болуға байланысты біз барлық әкімдіктерге хат жіберіп, ол жерлерде жұмыс топтарын құрдық. Осы жұмыс тобы кімнен астық сатып алуды шешеді, бұл ақша кімге көбірек қажет дегенді солар жақсы біледі«, — деді ол.

Өз кезегінде «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан НЫҒМАТУЛИН: «Азық-түлік келісім-шарты корпорациясының» бүгінгі күні жасасып отырған келісім-шарттары төлемдердің мерзімі үшін жауапкершілік жүктемеуге мүмкіндік беріп отыр. Мерзім туралы аталған келісім-шарттарда мүлдем айтылмаған«,- деді. «Бұл сыбайлас жемқорлық әрекеттерге негіз емей немене? Жалпы, меніңше, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі бәр нәрсе шенеуніктің билеп-төстеуінде болатын бағдардан әлі де ауытқымай отырған сыңайлы«, — деді ол. Ол сонымен бірге Жамбыл облысындағы жағдайды мысал ретінде келтірді: «облыстағы барлық квота бір компанияға ғана берілген, ал облыс түгел бұл компанияның артында кім тұрғанын біледі. Ал шағын және орта кәсіпорындар іс жүзінде бір тиын да алған жоқ«, — деді.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...