«Адвокаттар заңда жазылған кепілдемелерге ие бола алмай отыр». «Елiмiздегi жеңiл өнеркәсiп iлгерiлеудiң орнына керiсiнше, құлдилап барады. Оның дамуына не кедергi?». «Орталық Азиядағы газ құбыры – Қытайдың мықтылығының белгісі»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 22 желтоқсан 2009 ж.

AZATTYQ.ORG. “Мемлекет тарихына қатысты президент Назарбаевтың бір-біріне кереғар екі мәлімдемесі”. “…Биылғы 15-желтоқсан күні, ұлттық тәуелсіздіктің жарияланғанына 18 жыл толуына арналған Астанадағы салтанатты жиында қазақша сөйлеген сөзінде, президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: “Мұнан 18 жыл бұрын қазақ жерінде атқан тәуелсіздік таңы Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан мына дархан даланың төсін қанымен, терімен суарған ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі дейміз”, – деп атап көрсетті.

Президент бұған дейін, 2005 жылдың 24-тамызында, теледидардан көрермен қойған сұраққа тікелей эфирде орыс тілінде берген жауабында: “Қазақстанның, қазақтардың ешқашан шекарасы болған емес. Бүгінгі күні белгіленген шекара аумағында ешқашан ешқандай мемлекеттік болған емес”, – деп мәлімдеген еді.

Сонда Қазақстанда 1989 жылдан бері билік басында отырған басшының қай сөзі – тарихи ақиқат? Егер президенттің 2005 жылғы сөзі тарихи ақиқат болса, онда Жәнібек-Керей, Қасым хан, Есім хан, Абылай хандар билеген тарихи кезеңдерді айтпағанда, 1917-1920 жылдардағы Алаш-Орда автономиясы мен советтік Қазақстанның да мемлекеттік шекарасы болған жоқ па?

Міне осындай сауалмен Азаттық радиосы дөңгелек үстел талқылауын өткізді…”. Авторы: Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ.

AIKYN.KZ. “Әнуар ТҮГЕЛ, Қазақстан Адвокаттар одағының президенті: Адвокаттар заңда жазылған кепілдемелерге ие бола алмай отыр”. “- Әнуар Құрманбайұлы, Қазақстан Республикасы Парламентінде 1997 жылы қабылданған «Адвокаттар туралы» заң қазіргі заманға ыңғайланып, қайтадан талқыланып жатыр. Жақында Парламент Сенаты білікті құқықтық көмек көрсету мәселелері жөніндегі заң жобасын толықтырулар енгізу үшін Мәжіліске қайтарды. Қабылданатын заңда адвокаттардың мәртебесін көтеруге қатысты қандай өзгерістер мен толықтырулар бар? Қабылданатын жаңа заңға қандай өзгертулер мен толықтырулар енгізу керек деп ойлайсыз?

— Адвокаттық қызметтің кепілдігіне қатысты қолданыстағы заңнамаға енгізілуге тиіс аса маңызды түзетулер біздің тарапымыздан ұсынылды. Мысалы, Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет туралы» заңының 17-бабында адвокаттық қызметтің кепілдігі туралы айтылған, оған сәйкес адвокаттық қызметтің жүзеге асырылуына ешкім тікелей немесе жанама түрде кедергі жасай алмайды. Құқықтық көмек көрсетіп отырған адаммен адвокатты теңдестіруге қатаң тыйым салынады, кәсіптік қызметін атқару кезінде оған белгілі болған мән-жайлар туралы оны куәгер ретінде тергеуге қатаң тыйым салынады. Соңғы кезде біз құқық қорғау органдарының адвокаттарды өздерінің қорғаудағы адамдарымен бір санатқа қосып, теңдестіруін жиі кездестіретін болдық. Мысалы, адвокаттарға куә ретінде тергеу жүргізу, адвокаттық құрылым орындарында санкциямен бекітілмеген заңсыз тінтулер жүргізілуі, тергеу абақтысына (СИЗО) қызмет бабымен барған адвокаттарға заңсыз тексеріс пен тінтулер жүргізілуі сияқты заңға қайшы келетін жағдайлар болып тұрады. Осылайша, адвокаттар заңда жазылған кепілдемелерге ие бола алмай отыр. Олардың мәртебесі мен өкілеттігі тиісті деңгейде жүзеге асырылып жатқан жоқ. Сондықтан кейбір адвокаттар, жалпақ тілмен айтқанда, көбінесе өзінің заңды қызметін толыққанды атқаруға, ойын ашық жеткізуге сескенеді, ал бұл өз кезегінде білікті құқықтық көмек көрсету сапасына кері әсер етеді. Сондықтан біз көрсетіліп жүрген құқықтық көмек сапасын жоғарылату мақсатында адвокаттық қызмет кепілдемесін күшейту, оған қатысты оперативті-іздеу шараларын тағайындау және іс жүргізудің ерекше тәртібін енгізу аса маңызды екенін айтып отырмыз. Сонымен қатар адвокатқа қатысты қылмыстық іс тек облыстық прокурормен немесе оған теңестірілген прокурормен ғана қозғалуы мүмкін. Адвокатқа қатысты оперативті-іздеу шараларын жүзеге асыру, тінту жүргізу мен тәркілену сияқты және тағы басқа шаралар тек сотпен ғана бекітілуі тиіс. Оперативті-іздеу шараларын жүргізетін органдармен астыртын әріптестікке адвокаттарды тартуға тыйым салынуы керек. Бұл туралы талай рет айтқан болатынбыз. Осындай барлық сұрақтар бойынша біз кеңейтілген түрде ұсыныстар жасап отырмыз. Тәжірибе жүзінде біздің ұсыныстарымыздың жүзеге асырылуы Қазақстандағы осы құқық қорғау институтын жетілдіруге, адвокаттық кәсіптің мәртебесін көтеруге, Конституциямен кепілдендірілген квалификациялы құқықтық көмек көрсету қызметімен қамтамасыз етуде аса маңызды мәнге ие болады деп сенеміз….”. Сұхбаттасқан Қайыржан ТӨРЕЖАН.

Оңтүстікте әйелдер неден өліп жатыр?”. “Соңғы бір жарым айда Оңтүстік Қазақстан облысында жүкті және жаңа босанғандарды қосқанда 10 әйел қайтыс болыпты. Жалпы, биылғы жылдың басынан бері қайтыс болған аналардың саны 27-ге жетіпті. Сөйтіп, бұл көрсеткіш бойынша облыс дәрігерлері республикада “біріншілікті” ешкімге бере қоймайтынын тағы да бір рет дәлелдеді. Облыстық әкімдікте өткен мәжілісте осындай деректер жария етілді.

Облыстың бас акушер-гинекологы Лейла ҮКІБАЕВАның сөзіне қарағанда, соңғы 1,5 айда қайтыс болған аналардың тең жартысы (пневмониядан) өкпенің қабынуынан өлген, ал қалған бесеуі гинекологиялық сырқаттардың салдарынан көз жұмған. Бәрі жүктіліктің үшінші кезеңінде шетінеп кете берген. Қайтыс болған онның төртеуі — қан кетіп, оны тоқтата алмағандықтан жарық дүниемен қоштасыпты. Біреуі — облыстық клиникалық ауруханада көз жұмған. — Аналардың сырқаттануында дәрігерлердің кінәсі жоқ. Біз жүктіліктің кез келген кезеңінде көмек көрсетеміз. Олар бізде дәрінің, жабдықтың жоқтығынан ауырып жатқан жоқ, — деді Л.Үкібаева. Бірақ мәжілісті жүргізіп отырған облыс әкімінің орынбасары Уәлихан ҚАЙНАЗАРОВ “бас кіндік шешенің” айтқандарымен келісе қойған жоқ.

— Аналардың өліміне соқтырған алдын ала бір нәрсе болды ғой. “Пневмонияның жылдам өршігені соншалықты, дәрігерлер көмектесе алмай қалды” дейсіз. Бұлай болуы мүмкін емес. Қайтыс болған он әйелдің үшеуі сіздердің тізімдеріңізде жоқ екен. Оларды ешкім көрмеген, кеңес бермеген, емдеуге талпынбаған да. Біреуі — ауруханаға жеткізілген соң, 1 сағат 20 минуттан кейін, екіншісі — бір тәуліктен кейін, ал үшіншісі — үш сағаттан кейін қайтыс болыпты,- деді У.Қайназаров. Осы мәжілісте белгілі болғанындай, соңғы 1,5 айда қайтыс болған он ананың жетеуі алғаш рет босанайын деп отырған жап-жас ана”. Авторы: Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ

ZHASALASH.KZ. “Жеңiл өнеркәсiп кәсiпорындары қауымдастығының төрағасы Любовь ХУДОВА: Үкiмет жетiлдiрудiң орнына жарға жығып жатыр”. “Елiмiздегi жеңiл өнеркәсiп iлгерiлеудiң орнына керiсiнше, құлдилап барады. Оның дамуына не кедергi? Оны қалай дамыта аламыз? Жеңiл өнеркәсiп кәсiпорындары қауымдастығының төрағасы Любовь Худовамен арадағы әңгiмемiз осы мәселелер төңiрегiнде өрбiдi.

– Әңгiме ауанын Қазақстандағы жеңiл өнеркәсiптiң жай-күйiнен бастасақ. Жалпы, бұл саланың өнеркәсiп өндiрiсiндегi үлесi қандай?

– Жеңiл өнеркәсiп – экономика үшiн өте маңызды саланың бiрi. Шетелдiк тәжiрибеге көз жүгiртейiк. Айталық, Түркияда жалпы iшкi өнiмнiң 10 пайызы және бюджеттiң 40 пайызы жеңiл өнеркәсiп есебiнен құралады. Ал Қытайда бұл сала жалпы iшкi өнiмнiң 12 пайызын, бюджеттiң 25 пайызын қамтамасыз етедi. АҚШ, Франция, Германия тәрiздi дамыған елдерде де жеңiл өнеркәсiп жолға қойылған. Бiр қарағанда, мұндай алпауыт елдерге жеңiл өнеркәсiптi дамытудың қажетi қанша деген сұрақ туындайды. Бiрақ, көптеген сарапшылар ел экономикасын жеңiл өнеркәсiптiң жай-күйiне қарап бағалайды. Өйткенi, жеңiл өнеркәсiп ауыл шаруашылығынан бастап ғарыш саласына дейiнгi барлық саламен тығыз байланысты. Сарапшылардың есептеуiнше, әлемде жеңiл өнеркәсiп өндiру көлемi жыл сайын 12 пайызға артып отыр. Ал ендi Қазақстанға келер болсақ, бiздегi жеңiл өнеркәсiп тоқырап тұр. Бұл саланы дамыту былай тұрсын, оған ешкiм назар аударар емес. Жеңiл өнеркәсiп өнiмiн өндiру көлемi жыл сайын төмендеп барады. Мәселен, 1992 жылдың өзiнде жеңiл өнеркәсiптiң жалпы өнеркәсiп өндiрiсiндегi үлесi 15,8 пайыз болған және бұл сала бюджеттiң 25 пайызын құрайтын. Осыдан кейiнгi жылдары өндiрiс көлемi күрт төмендедi. Жұмыс орындары қысқарды. Ал 2000 жылы жеңiл өнеркәсiптiң жалпы өндiрiс көлемiндегi үлесi небәрi 2,3 пайыз болса, 2008 жылдың соңында тiптен 0,5 пайызға (!) төмендедi. Сөйтiп, елiмiзде халық саны жылдан-жылға артып жатса да, жеңiл өнеркәсiп керiсiнше, құлдилап барады.…”. Әңгiмелескен Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.

MASSAGAN.COM. “Қазір біздегі проблема дінтану емес, қазақтану”. “Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын, “Алтын тамыр” журналының бас редакторы. – Жақында ғана Қытай еліне барып қайттыңыз, алдымен осы сапарыңыз туралы айта отырсаңыз, ол жақтағы қандастардың жайы қалай көрінеді? Үрімжідегі ұйғырлар мен қытайлар арасындағы қақтығыс қазақтар үшін кері әсер етіп жатқан жоқ па екен? Бұрынғыдан гөрі қысым күшейіп дегендей…

Біздің Шығыс Қазақстан облысындағы Ақсуат, Тарбағатай тауының қытайға қарайтын күнгей жақ алқымы менің туған жерім, сонда бабаларымның басы жатыр. Мен онда Шәуешек қаласындағы туыстарыма аман-сәлем жасап, ата-бабаларымыздың басында болып қайттым. Негізгі мақсатым сол болатын. Ал, жалпы ол жақтағы қандастардың жағдайы жаман емес. Малшы қауымды бір жерге топтастырып жатқан көрінеді. Бұрынғыдай сай-сайда жайылым қуып жүретін еркіндік жоғала бастапты. Қазаққа кең өріс, шалқар суат болмаса малын өсіру қиын соғады. Малды бөліп берілген, және торланған жерге бағып, дайындалған жем-шөп арқылы өсірмек. Бізше айтқанда, бордақылау тәсілімен.

Бұл шаруашылық жағы ғой. Енді ұйғыр мәселесі жөнінде тәртіп қатал көрінеді. Мемлекеттің ішкі қауіпсіздігі әр елдің өз мәселесі, тиісті міндеті. Мен барған Шәуешекте дәл осыған байланысты әбігершілік пен үрей байқалмайды. Себебі, Шәуешекте ұйғыр аз. Естуімше Үрімжі жағында жанжал, бірін-бірі шапқылаған, кескілеген оқиғалар болған көрінеді. Аржағында не болып, не қойып жатқанын өзім көрмеген соң бірдеңе деу қиын. Бержағындағы қазақтарға келген қауіп-қатер жоқ секілді.

Ондағы ағайынның атажұрқа айтқан сәлемі қандай болды?

Ең қатерлісі – ондағы қазақ мектептері түгел жабылған. Қытай мектептерінде қазақ әдебиеті ғана оқытылады екен. Іс басында жүрген азаматтармен жеке әңгімелескенміде олар “біздің мынау аз күнгі қызметке, тіршілікке алданып жүргеніміз бос дүние, енді он жылдан кейін ұрпақтан айырылып қалатын түріміз бар” дегенді айтады. “Өйткені, бірінші сыныптан қытайша оқыған баланың бүкіл болмысы қытайға айналып кетеді. Өз балаң өзіңе жат болып шығады екен”,-дейді. Бұл процес бізде де бар ғой. Орысша оқыған бала өз ұлтының жан-дүниесін терең сезіне алмайды. Қытай елі жаңағы саясатты жоспарлы, мақсатты түрде жүргізіп отырған көрінеді. Қазақтың талантты балаларын ішкері жақта оқытып жатыр. Барлық қаражатын өз мойындарына алады екен. Ертеңгі күні олар қазақтың мүддесі үшін жұмыс істейтін кадр болып шықпайды…”. Дайындаған Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ.

MINBER.KZ. “France 24: Орталық Азиядағы газ құбыры – Қытайдың мықтылығының белгісі”. “Орталық Азиядағы газ құбыры – Қытайдың мықтылығының белгісі. Қытай күтпеген жерден Орталық Азиядағы геосаяси жағдайға өзгерістер енгізді. Осылайша Бейжің Орталық Азияның байлығын Ресейден де, Батыстан да тартып алмақшы”. Францияның “France 24” ақпарат агенттігінің сарапшысы осындай пікірін білдірді.

“Қытай басшысының Орталық Азияға келуі аймақтағы Қытай ықпалының тез дамуына түрткі болмақ” дейді Тиери КЕЛНЕР, Бруссел Инстиуттының қытайтанушысы.

“Осыдан жиырма жыл бұрын Қытай осынша күшке ие болады деп ешкім ойламаған да еді”, дейді еропалық басылым…

… Қытайтанушы Кабестан “Қытайдың орталық Азияның нарқына шығуы Кеңес Одағы құлаған соң ақ басталды”, – дейді. Сөйтіп, Қытай өнімі Орталық Азияда Кеңес дәуірінен қалған өндірістің бәрін тұншықтырды дейді.

France 24, агенттігіне пікір білдірген сарапшылардың пікірлерінен қазіргі кезде Орталық Азия елдерін Қытай өз бауырына қарай тартып жатыр деген пікір туындайды. Мақала соңына қарай Француз агенттігі: “Қытай Орталық Азия аймағына келу арқылы Кеңес Одағының құрамында болған елдерді Ресейдің ықпалынан ажыратып жатыр. Алайда, Орталық Азия елдерінің басшылары бір алыптан, екінші бір алыпқа өтуде үлкен сақтық танытуда” деп түйіндеген”, — деп белгіледі Асхат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстанда Кедендік одаққа өткеннен кейін ескірген автокөліктердің бағасы көтеріледі. Бұл туралы бүгін журналистерге берген сұхбатында ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Игорь ТЕН мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Кедендік одаққа өткеннен кейінгі автокөлік нарығындағы жаңа жылдағы ахуалға байланысты сұраққа жауап берген И. Тен: «Бұл күрделі мәселе. Біз зерттеулер жүргіздік. Ресейде автокөліктердің баж салығы жоғары, бірақ, Ресейдің өз ішінде жаңа автокөліктерді сату бағасы мысалы арзан«,- деді. «7 жылдан астам уақыт пайдаланылған ескі автокөліктердің бағасы өсуі мүмкін. Ал жаңа автокөліктер туралы ештеңе айта алмаймын, мүмкін олар да өсетін шығар«, — деді ол.

ҚР Статистика агенттігінің хабарлауынша, 2009 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанға 91 217 жеңіл автокөлік импортталды, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 27,4%-ға аз. Ал жүк көліктерінің импортының көлемі 2009 жылдың қаңтар-қазан айларында 41,7%-ға, 6726 данаға дейін төмендеді.

ҚР Статистика агенттігінің хабарлауынша, Қазақстанда 2009 жылдың қаңтар-қазан айларында 596 жеңіл, 340 жүк көлігі өндірілді.

Қазақстанның ұлттық Кедендік кодексі Қазақстан, Ресей мен Беларусь құрған Кедендік одақтың кодексімен бірге күшіне енуі мүмкін. Бұл туралы бүгін журналистерге берген сұхбатында ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Игорь ТЕН мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

«Жалпы алғанда ескі кодекс бойынша 2010 жылдың 1 шілдесіне дейін өмір сүреміз, өйткені, жаңа кодекс 2010 жылдың 1 шілдесінде күшіне енеді. Бірақ біз Кедендік одақтың кедендік кодексіне бейімделген біздің ұлттық кодексіміздің онымен біруақытта күшіне енгенін қалар едік. Бұл біздің бизнес үшін қиындықтар болмауы үшін қажет«, — деді И. Тен.

Ол бұған қоса ұлттық кеден кодексінің алғашқы жазылған нұсқасы 2010 жылдың 1 ақпанында таныстырылатынын хабарлады. «Кедендік бақылау комитеті бұл жұмысты 15 ақпанға дейін аяқтауды ұсынып отыр. Экономика министрлігі 1 ақпанға дейін кодекстің алғашқы нұсқасын жазып шығуды аяқтауды ұсынады. Біз бұл мерзіммен келісетін шығармыз, өйткені, біздің уақытымыз өте тығыз«, — деді ол.

И.Теннің айтуынша, екі кодекстің арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ, өйткені, 2003 жылы ұлттық заңнаманы жасауда халықаралық кеден заңнамасының нормаларын, Киото конвенциясының нормаларын барынша ұстануға тырысқан. «Сол себепті айтарлықтай айырмашылық жоқ. Жалғыз-ақ, 2003 жылы жасалған ұлттық кодексте негіздеме болған осы ережелер одан әрі дамытыла түскен«, — деді И. Тен.

Оңтүстік Қазақстан облысында мақта жиану науқаны аяқталып, жалпы алғанда 271 мың тонна шикі мақта жиналды, деп хабарлайды Kazakhstan Today облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығының орынбасары Сұлтан ТҰРСЫНБАЕВқа сілтеме жасап.

«Жалпы алғанда 271 мың тонна шикі мақта жиналды. Біз өткен жылғы көрсеткішке жеткізе алмадық, бірақ, аудандар келтірген есептер толық орындалды. Біз тек облыстық әкімдіктің ғана тапсырмасын орындай алмадық. Егіс алқаптарының аумағы қысқартылғанына қарамастан, біз өндіріс көлемі бойынша былтырғы тапсырманы қалдырдық. Осы деңгейге жете алмадық«, — деді С. Тұрсынбаев.

Оның түсіндіруінше, облыс басшылығы облыста егіс алқаптарының әртараптандырылуына байланысты, аумақтардың қысқартылуына қарамастан, шығымдылықты арттыру есебінен шикі мақта өндіру көлемін сақтап қалу мақсатын қойған. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл мақта 138 мың гектар алқаптан жиналды.

Ал былтыр мақта 165 мың гектарға егіліп, 328 мың тоннасы жиналған. Статистикалық мәліметке сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы алғанда 2005 — 2007 жылдарда шамамен 435 — 460 мың тонна мақта жиналды. Мақтаның егіс алқаптары тұрақты 200 мың гектар шамасында болған.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...