“Қазақстан дағдарысты еңсеруге ұлттық қордан 14 млрд АҚШ долларын бөлді”. «Анайы көріністі кинолар Қазақстанға кірмейтін күн жақын». «Қытай Орталық Азияның энергетика саласына дендеп енiп келедi»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 23 желтоқсан 2009 ж.

AZATTYQ.ORG. “Алтыншы қабаттан құлаған журналист Геннадий Павлюк ауруханада қаза болды”. “…Желтоқсанның 22-күні таңертең Алматыда қырғыз журналисі Геннадий ПАВЛЮК есін жимастан дүние салды. Ол қалалық №12 ауруханасының жансақтау бөлімшесінде жатқан болатын. Дәрігерлер өміріне аса қауіпті жарақат алған журналистің беті бері қарамаған күйі қаза болғанын айтады.

Журналист мұнда желтоқсанның 16-күні, Алматының орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің 6-шы қабатынан құлап, ауыр жарақатпен ес-түссіз күйі жеткізілген еді. Қазақстан полициясы журналист Геннадий Павлюк аяқ-қолы скотчпен байланған күйде үй подъезінің күнқағарында ессіз халде табылғанын айтты.

Қазақстан құқық органдарының деректері бойынша, Алматыдағы Фурманов көшесіндегі жекеменшік пәтерлердің біріне журналист Геннадий Павлюкті белгісіз адамдар шақырған. Алматы қалалық ішкі істер департаментіндегілердің Азаттық радиосына хабарлағанындай, Геннадий Павлюк болған ол пәтерді біреулер жалға алған.

… Білетіндердің айтуынша, журналист Геннадий Павлюк осы жылдың соңына дейін қырғыз оппозициялық “Ата-Мекен” партиясының газеті шығарып, жаңалық тарататын интернет басылым ашпақшы болған.

… Қырғызстанның бірлескен халық қозғалысы журналист Геннадий Павлюкке жасалған қастандықты “арнайы ұйымдастырылған террорлық акт” деп есептейді. Оппозициялық ұйым таратқан мәлімдемеде белгілі журналиске шабуыл жасау фактісін аса жайсыз әрі секем тудырарлық оқиға ретінде қабылдағандығы айтылған. Бұған дейін журналист Геннадий Павлюк ресейлік “Аргументы и Факты” басылымының қырғыз өкілдігін басқарған, содан соң “Белый Пароход” интернет-басылымы мен газетін ашқан. Павлюк өз материалдарына Ибрагим РУСТАМБЕК деген лақап атпен қол қойған. Өзінің авторлық мақалаларында журналист Геннадий Павлюк Қырғызстаннның қазіргі билігін бірнеше мәрте сынға алған-тұғын”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК

Қысы қақап тұрған Қостанайда электр қуатын пайдаланудың жаңа тәртібі енгізілді”. “Бұл күндері Қостанайда ауа температурасы 30 градус аяз болып тұр….

Табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің желтоқсан айындағы бұйрығы бойынша дербес тұлғалардың электр қуатын пайдалануына дифференциалды шектеу қойылды. Бұл жүйені ойлап тапқандардың ойынша, белгіленген лимитті қатаң сақтау электр қуатын үнемдеуге және тұрғындарды әлеуметтік жағынан қорғауға мүмкіндік береді.

Негізінде, аталған департамент қуат мөлшерін, яғни лимитті жергілікті әкімдікпен ақылдасып барып белгілейді. Мәселен, қостанайлықтар үшін ол электр плитасы жоқ тұрғындарға 100 киловат, электр плиталары барларға 130 киловат болып белгіленген. Табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің бастығының орынбасары Татьяна Титованың айтуына қарағанда, бұл мөлшер тұрғындардың 2008 жылы тұтынған қуат мөлшеріне байланысты есептелген. Алайда, ол республика бойынша барлық облыстардан жоғары. Мысалы, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында бұл көрсеткіш тиісінше 70 және 90 киловаттан аспайды.

… Қостанай қаласының өзінде ғана кейінгі екі айдың төлемақысын төлемегендер қарызы 5 миллион теңгеден асып отыр. Оның үстіне желтоқсан айының екінші жартысында қыс кәріне мінді. Отыз-қырық градус аязда түрлі электр жабдықтарын пайдаланушылар саны да күрт өсетіні белгілі. Ендеше электр қуатын үнемдеу туралы сөз бос әңгіме болып шығуы ықтимал. Пайдаға шығып отырған делдалдар ғана…”, — деп тұжырымдайды Ақыл ҚОЖАҰЛЫ.

AIKYN.KZ. “Ақбұлақ жеті елдің президентіне есік ашты”. “Өткен аптаның соңында Алматы іргесіндегі “Ақбұлақ” демалыс орнында, ТМД-ға мүше — Қазақстан, Ресей, Беларусь, Түрікменстан, Армения, Тәжікстан және Қырғызстан президенттері бейресми жағдайда кездесті.

Токиодан Алматыға ат басын бұрған Түрікменстан президенті Ресей президенті Дмитрий МЕДВЕДЕВпен алдын ала кездесіп алуды жөн санағандай. Ресейдегі түрікмен елшісі Халназар АГАХАНОВ “НГ” газетіне берген сұхбатында ертең, 22 желтоқсан күні Д.Медведевтің Түрікменстанстанға ресми сапары басталатынын айтқан.

… Өткен аптада Алматыда есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күреске бағытталған Орталықазиялық ақпараттық орталық ашылды. Дүйсенбі күні “Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан- Қытай” газ құбыры іске қосылды. Осы мәселелер төңірегінде де мемлекет басшылары өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сонымен қатар Қазақстан, Ресей мен Беларусь президенттері, біртұтас экономикалық кеңістік құру бағытында атқарылып жатқан іс-шараларға қатысты Кедендік одақ комиссиясы мүшелерінің баяндамалары тыңдалды.

— Бұл біздің мемлекеттердің интеграциялық процесінің жаңа серпінді кезеңі. Кедендік одақ құру экономиканың нақты мүддесінен туындап, әлемдегі аймақтық ынтымақтастығының рөлі мен ықпалының күшеюінің ортақ үрдістерін көрсетіп отыр, — делінген мәлімдемеде.

Президенттер БЭК-тің Кедендік одағын құрудағы негізгі мақсаты “біздің халықтардың өмір сапасының көтерілуі мен елдердің тұрақты экономикалық дамуы” екенін атап өтті. Үш елдің басшылары Кедендік одақ өзара сауданың дамуына, өнімдердің бәсекеге қабілеттігінің артуына ықпал етіп, инвестиция үшін жаңа перспективалар ашатынына сенімді.

“Біз ең күрделі деген мәселелер бойынша шешімдер мен мүдделер теңдігін таба отырып, келісімге ұмтылдық. Біз 2010 жылдың 1 шілдесіне біртұтас кедендік аймақты қалыптастыруды аяқтауға қажет шараларды қабылдауға келістік. Бізге тарихи қалыптасқан байланыстар мен біздің халықтар арасындағы бауырлас достыққа негізделген өзара түсіністік көмектесті”, — делінген құжатта. Президенттер Кедендік одақ құрғанда халықаралық тәжірибеде зерттеліп, қолданылғанын атап өтті.

… Бейресми жағдайда өткен кездесуде аталмыш үш мемлекеттің басшылары, келесі жылдан бастап жаңа кедендік тарифтің күшіне енетінін, ал одан кейін бірыңғай кедендік аумақ құрылатынын тағы да қуаттады.

— Кедендік одақтың нақты құрылғанын және Бірыңғай экономикалық кеңістікті құрудың кестесі бекітіліп жатқанын біз әлемге мәлім етеміз, — деп атап көрсетті Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ Кеден одағы — ықпалдастық үдерістің екінші кезеңі екенін атап көрсетті. Алғашқысы — еркін сауда-саттық аумағы. Екінші кезең — ортақ нарық, Бірыңғай экономикалық кеңістік, одан кейін Еуроодаққа ұқсас Экономикалық одақ құрылады. Ресей президенті Дмитрий Медведевтің пікірінше, дәл осындай бейресми кездесулер маңызды мемлекетаралық шешімдерді қабылдауға себеп болды.

— Тәжірибе көрсетіп отырғандай, осындай бейресми кездесулер пайдалы болып жатады. Кездесулердің барысында қандай да бір хаттамалық немесе басқа да шектеулерсіз әртүрлі мәселелер ашық талқыланады, кейде біз жақсы, серпінді нәтижелерге қол жеткізіп жатамыз”, — деді Д.Медведев өз сөзінде. Оған бірден-бір мысал — ЕурАзЭҚ-тың дағдарысқа қарсы қорын құру жөніндегі шешім. Біз осынау бағыттарға екіжақты және басқа да негізде, аймақтық ұйымдар форматында қарсы күресудеміз, — дейді Ресей президенті. Ақбұлақта келісілген мәмілелер жайлы саясаттанушы-сарапшылар не дейді:

Досым САТПАЕВ, саясаттанушы-сарапшы:

— 1 қаңтардан бастап жұмыс істейін деп отырған Кедендік одақ алдымен өзінің “плюс-минустарын” көрсетіп алу керек. БЭК құру туралы идея, әзірге Кедендік одаққа қосылып үлгірмеген ТМД-ның өзге елдерге құлаққағысы тәрізді. Қырғыз және тәжік елінің президенттерінің Кедендік одаққа қосыламыз деген пікірлері тек саяси мәлімдеме ғана, олар мәлімдемелерінің экономикалық тұғырнамасын негіздей алған жоқ. Үш елдің басшылары жасаған бірлескен мәлімдемеде, мемлекет басшыларының ЕурАзЭҚ кеңістігіндегі ықпалдастық үдерістерді әрі қарай тереңдету ниеттерімен қоса, 2012 жылдың қаңтарынан кешіктірмей Қазақстан, Беларусь және Ресей елдерінің Бірыңғай экономикалық кеңістігін құруға деген талпыныстарының астарында Еуразия кеңістігінде Еуроодаққа балама бола алатын, бірыңғай валютасы, ортақ нарығы бар, іргелі БЭҚ (Бірыңғай экономикалық кеңістік) сияқты халықаралық қауымдастықтың іргетасын қалаймыз деген асқақ арман жатыр. Бұл жайлы алдағы уақытта өтуі тиіс бейресми саммиттерде терең талқыланады”. Авторы: Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ.

Бізден де бір ауыз сөз”. “Кейінгі кезде қоғамда бірнеше фильмнің төңірегінде әртүрлі пікір, дау-дамай болып жүр. Көпшілік қауым, әсіресе, «Келін», «Тюльпан», «Қарой», «Ойпырым-ай», «Қайрат — чемпион» сынды дүниелерді сын садағының нысанасына алып жүр.

«Тюльпан», «Қарой», «Ойпырым-ай», «Қайрат — чемпион» фильмдері жеке студияларда жасалғандықтан, оны идеялық тұрғыдан талдау қиындық тудырады. Фильмнің құрылымы, сюжеті, авторлардың ұстанымы олардың жеке шығармашылық еркіне байланысты. Бір сөзбен айтқанда, бұл көркем фильмдерге «Қазақфильмнің» қатысы жоқ. Егер қайсыбір қайраткерлеріміз бұрынғыдай цензураны қайтадан орнатып, кино өндірісін билеп-төстеп, бағындырып отырамын деп ойласа, бұл — олардың танымынан, кәсіби деңгейінен хабар беретін жайт. Жалпы, көркем шығарма тудырғаны үшін суреткерді айыптап, ен тағу — өткен ғасырдың 30-жылдары болған оқиға. Оның арты немен біткені бәрімізге мәлім. Егер көркем туындыларда мемлекеттің өмір сүру үрдісіне қайшы үндеу мен азғырулар, алауыз жайттар орын алса, ол үшін бақылаушы құзырлы орындар заңдық нормалар негізінде шара қолдануға тиіс. Әлде біздің сыншы жігіттер өздерін сол органдардың басыбайлы қызметкерлері деп есептей ме екен? «Келін» фильмі — 2008 жылдың мамыр айына дейін түсіріліп біткен дүние. Киностудиядағы бүгінгі басшылық «Келін» фильмін тиянақтап, тек экранға шығарды. Экранға шығару барысында бюджеттен бір тиын да жұмсалған жоқ. Сонымен қатар қадап айтар жайт — бұл туындының «Оскарға» ұсынылуына да «Қазақфильмнің» заңдық-құқықтық тұрғыдан еш қатысы жоқ. Ұсынған құрылым — «Оскардың» Қазақстандағы қоғамдық комитеті. Бұл қоғамдық комитет — Америкалық кино академиясының дербес, қоғамдық негіздегі, бірақ Қазақстанда заңды тұлға есебінде тіркелмеген және тіркелмейтін бөлімшесі.

… Ендеше, сырт көзге таба, осындай оқиғаны қайыра қайталағанымыз бізге қаншалықты абырой әпереді. Әлде «қазақ осы» деген соңымыздан ерген әлгіндей атақты мезгіл-мезгіл қоздырып тұрмасақ, ішкен асымыз бойымызға сіңбей ме? Осы мәселенің айналасында пікір қосып отырған қай-қайсымыз болсақ та, қазақ деген халықтың болашағы жолында азды-көпті тер төгіп жүрген азаматтармыз. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді халық даналығы. Сондықтан байбаламшыларға істің байыбына бармай жатып, айқара бетке көлдей пікір айтқаннан гөрі, киногерлердің өзімен бір сәт жүздесіп, анық-қанығын айырып алғаны дұрыс болар еді. Ауыздық салу аса қиын, асау кино өнері туралы ел алдында жүрген мына біздердің пікірімізді тыңдайтын жұрт болса, әңгіме — осы…”.

Әрине, мәселеге әркім өз биігінен қарайды. Дегенмен «ішекті айналдырсаң жыны шығады, ішікті айналдырсаң жүні шығады, әйтеуір айналдыра берсең періштенің де міні шығады». Кешегі «Қыз Жібектен» кемшілік тауып, режиссер С.ҚОЖЫҚОВты инфаркт қылған кейбір «сыншылардың» бүгін де арамызда жүргені қиналтады”, — деп қорытты Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ, кинорежиссер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстандағы «Оскар» комитетінің төрағасы.

ALASHAINASY.KZ. “Анайы көріністі кинолар Қазақстанға кірмейтін күн жақын”. “Аптаның алғашқы күні Парламент Мәжілісінде биылғы жыл үшін соңғы Үкімет сағаты өтті. Мерекелік демалыстан кейінгі Мәжіліс депутаттарының алдына Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД келді. “Соңғы түйенің жүгі ауыр” деген ғой. “Мемлекеттік мәдени және ақпараттық саясаттың іске асырылу барысы туралы” тақырыбында өткен Үкімет сағаты, Мұхтар Абрарұлы үшін біраз салмақты сауалдармен өрнектелді.

Үкімет сағатын өткізуге келген министрліктердің бір жақсы үрдісі – көрме өткізу. Мәжіліс залының кең, мол дәлізінде өз ведомстволарында атқарылар алдағы іс-шаралар жайынан хабар беретін көрмені Мәдениет және ақпарат министрлігі де дайындап әкеліпті. Халық қалаулылары министрліктің бұл тиянақты тіршілігіне тәнті болғанын да айта кетейік. Депутаттар қауымы мәжіліс залына орныққан соң, әдеттегі рәсім бойынша министр баяндама жасады. Айтарының көбі шағын кітапша ретінде депутаттарға таратылып қойылған соң, Мұхтар Абарарұлы сөзін қысқа қайырды. Министрдің өзі айтып өткендей, тарих қойнауына аттанудың аз алдында тұрған осы жылы айтарлықтай шаруалар атқарылған.

Мәселен, шеттегі өзге мемлекеттердің мұрағаттық қорларынан ХІІІ-ХХ ғасырлардағы Қазақстан тарихына қатысты 35 мыңнан аса мұрағат құжаттар анықталған. Көршілеріміз Ресей мен Қытайдан тартып, араб-парсы, және Еуропа елдеріндегі Қазақстан тарихынан сыр шертетін мұрағат, құжаттар елімізге жеткізілді. Сол арқылы Ұлттық мұрағат қоры толыға түсті”, – дейді М. Құл-Мұхаммед. ХІІІ-ХХ ғасырлардың Қазақстанға қатысты тәбәріктері Армения, Венгрия, Германия, Польша, Франция, Ұлыбритания, АҚШ т.б. мемлекеттердің мұрағаттық қорларынан анықталыпты. 35 мыңнан асатын бұл мұрағат құжаттарымен бірге, 300-ден аса тарихи қолжазбалар, жәдігер басылымдар, жүздеген кино-дыбыс-фотоқұжаттар, телесюжеттер, түрлі жылдарда жарық көрген жүздеген журналдардың сандары да бар.

Сондай-ақ министр мемлекеттік тіл мәселесі, мемлекеттік тапсырыс алған ақпарат құралдары, ұлттық кино өнімдері турасында тоқталып өтті. Ұлттық кино демекші, әңгіме соңғы кезде экран бетін жаулап жүрген бірнеше фильмдер төңірегінен шықты. Осының алдында өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат, елге танымал әнші Нұрлан Өнербай ұлт бейнесіне көлеңке түсіріп, ұрпақ санасын улайтын бірқатар фильмдер төңірегінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің атына сауал жолдаған еді. Оған Мәжілістің Әлеуметтік және мәдени даму комитетімен бірге, басқа да халық қалаулылары қостап, барлық жиыны 36 депутат қол қойыпты. Сол мәселе кешегі Үкімет сағатында қайта бас көтерді.

Жаңа фактілермен толығып. Сұрақ-жауап кезінде сөз алған депутат Нұрлан ӘЛТАЙҰЛЫ сауал қоярдың алдында шағын бейнесюжет көріп алуға шақырды. “Келін”, “Қараой”, “Тюльпан”, “Әке қорлығы” сынды соңғы жылдар туындыларының ұятсыз көріністерінен құралған бұл “жинақ”, залда отырған министрлік өкілдері мен барлық депутаттарға толық көрсетілді. Ол ол ма, атышулы “Келін” картинасын КТК телеарнасы тура тәуелсіздік мерекесі күні көрсеткен. Нағыз прайм-тайм уақыт, сағат 20:30-да. Халық қалаулысын бұл әңгімеге қайта айналып соғуға мәжбүрлеген де осы болса керек. “Кино мәселесі депутаттардың ғана талабы емес, қалың бұқара қауымды мазалап жүрген құбылыс…

Қысқа дерек: 2001-2007 жылдарда шетел мұрағаттары мен ғылыми мекемелерінен, кітапханаларынан Қазақстан тарихына қатысты 147 мың 377 кадр микрофильм, 16 мың 808 парақ құжат, 785 мұрағаттық іс, 27 қолжазба көшірмесі, 1 мың 819 фотонегатив, 113 түрлі-түсті слайд, 52 киноқұжат, 12 ортағасырлық карта көшірмесі, сондай-ақ 400 мұрағаттық құжаттар жинағы, жәдігер басылымдар, каталогтар, анықтамалықтар еліміздің Ұлттық мұрағат қорына қосылған”. Авторы: Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ.

ZHASALASH.KZ. “Қытай Орталық Азияның энергетика саласына дендеп енiп келедi”. “…Астана үшiн бұл жоба қазақ газын шетелге шығаратын бiрiншi экспорттық газ құбыры болып саналады. Бұл трансұлтты жоба Орталық Азия табиғи газын Түркiменстаннан Өзбекстанға, одан Қазақстанға, қазақ жерi арқылы Қытайға шығаратын болады. Қазақстандағы учаскесi екi параллельдi құбыр желiсiнен тұрады.

Бiрiншi құбырдың газ өткiзу қабiлетi – жылына 40 миллиард текшеметр болса, ол бiрден Өзбекстан шекарасынан Қытай шекарасына дейiн жол тартады. Екiншiсiнiң газ өткiзу мүмкiндiгi жылына 10 миллиард текшеметрдi құрайды. Бұл Бейнеу – Бозой – Қызылорда – Шымкент арқылы жүредi. Қазақстан аумағындағы газ құбырының жалпы ұзындығы – 1304,5 шақырым. Ол өзбек-қазақ шекарасынан бастау алып, одан Қазақстанның шығыс өңiрi арқылы Қорғас бекетiне дейiн барады. Қазақстан билiгi ендi аталған газ құбыры арқылы елдiң Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл, Алматы және Қызылорда облыстарын табиғи газбен қамтамасыз ете аламыз деп уәде берiп отыр. “Қазақстан – Қытай” газ құбыры арқылы 2010 жылы Қытайға жылына 13 миллиард текше метрге дейiн қазақ газы тасымалданатын болады. Бұл көрсеткiштi Қазақстан билiгi 2013 жылы 30 миллиард текшеметрге дейiн өсiрудi жоспарламақ. Жобаның жалпы құны – 7,5 миллиард долларға шыққан. Қаржыны Қытайдың даму банкi займ ретiнде берген. Қарызды қайтаруды Қытайдың CNPC компаниясы мойнына алып отыр. “Қазақстан – Қытай” газ құбырының құрылысы 2008 жылдың маусым айында басталған болатын.

Жалпы, ресми дерекке сүйсенсек, Қазақстанның Каспий шельфiндегi табиғи газдың қоры 3,3 триллион текшеметрдi құрайды. Қазақстан және Қытай елiнiң басшылары желтоқсанның 14-iнде газ құбырының Түркiменстандағы бөлiгiнiң тұсауын кесу үшiн Ашхабадқа аттанатын болады.

Ал екi мемлекет басшыларының Ақордада кездесуi барысында Қазақстан президентi Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ екi елдiң мұнай саласындағы қарым-қатынасының болашағы зор деп баға бердi. Президенттiң айтуынша, өткен жылы Қытайға 6 миллион тонна қазақ мұнайы тасымалданған. Мемлекет басшысы сонымен бiрге қытайлықтардың Атырауда мұнай өңдеу зауытының және Ақтаудағы пластмасс зауытының құрылысын салуға атсалысып жатқанын жоғары бағалады. Президенттiң сөзiне сүйенсек, Ақтаудағы Битум зауыты болашақта Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралiн салу үшiн аса пайдалы.

Ал өз кезегiнде Қытай Халық республикасының президентi Қазақстан мен Қытай арасындағы бес байланысқа ерекше тоқталып өттi. “Бiрiншiден – екi ел арасындағы тығыз қарым-қатынас деңгейiн сақтап қалу, өзара түсiнiстiктi нығайту. Екiншiден – энергетикалық қарым-қатынасты бiрiккен жобаларды жүзеге асыру арқылы тереңдете түсу. Үшiншiден – шикiзаттық емес сектордағы қарым-қатынасты кеңейту. Төртiншiден – қаржы саласындағы өзара ынтымақтастықты тереңдете түсу. Қытайдың Қазақстанға берген 10 миллиард доллар несиесiн оңтайлы жұмсай отырып, өзара қарым-қатынасқа жағдай жасау. Бесiншiден, гуманитарлық саладағы қарым-қатынасты нығайту үшiн қытай жағы ғылым мен техника, мәдениет, туризм саласын дамытуға қолдау бiлдiредi. Осы бағытта Қытайдың жоғары оқу орындарында үкiмет грантымен оқитын студенттер санын жүзден екi жүзге дейiн көтередi”, – дедi Қытай төрағасы.

Қытай жағы Қазақстанның шикiзаттық емес саласын дамытуына 3,5 миллион АҚШ долларын бөлуге дайын екен. Бұл жөнiнде Қазақстан президентi Н.Назарбаев мәлiмдедi. Мұнан өзге Қытай мемлекеттiк банкi шикiзаттық емес саладағы түрлi жобаларды жүзеге асыру үшiн 3 миллиард доллар бөлу жөнiнде қосымша келiсiмшартқа келу мүмкiндiгi бар екен.

Келесi жылдан бастап Қазақстан мен Қытай үкiметi арасындағы келiсiмшартқа сәйкес, қазақ бидайы Қытайға экспортталатын болады. Әзiрге Қазақстан 3 миллион тонна астық тасымалдайды. Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев Азаттық радиосы тiлшiсiне Қытай төрағасының бұл сапары барысында азық-түлiк дақылдарын өсiру үшiн қазақ жерiн Қытайға жалға беру мәселесi қаралмағанын айтты. “Бұл мәселе мүлдем күн тәртiбiнде болған жоқ. Қаралған жоқ”, – дедi министр. Еске сала кетейiк, таяуда Астанада өткен шетелдiк инвесторлардың кеңесiнде Қазақстан президентi Н.Назарбаев Қытайдың соя мен рапс өсiру үшiн 1 миллион гектар қазақ жерiн сұрап отырғанын мәлiмдеген едi.

Бүгiнде екi мемлекет арасындағы сауда айналымы Қазақстан президентiнiң айтуынша, 15 миллиард долларды құрайды. Қазiр Қытайдың жоғары оқу орындарында Қазақстанның үш мыңға жуық студентi бiлiм алады.

Айта кету керек, Қытайдың “Чайна Инвестмент корпорейшн” (CIC) мемлекеттiк инвестициялық қоры осы аптада “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндiру” фирмасының 11 пайыздық акция пакетiн сатып алғаны белгiлi болды. CIC-нiң өкiлдерiнiң айтуынша, инвестициялық қор Қазақстанның мұнай мен газ өндiретiн компаниясының Лондон қор биржасында айналыста жүрген құнды қағаздарын сатып алу үшiн 939 миллион доллар төлеген екен. Соңғы жылдары Қытай Орталық Азия елдерi, әсiресе, өзiмен ортақ шекарасы бар Қазақстанның экономикасына инвестиция салуын тұрақты түрде өсiрiп келедi”, — деп белгіледі Жұлдыз ТӨЛЕУ.

MINBER.KZ. “The Economist: Еуропалық ұйымның төріне қазақтар келді”. “…“The Economist” журналы Қазақстанның еуропалық ұйымға төрағалық етуіне екі апта уақыт қалғанын хабарлауда. Шетелдік басылым Қазақстанның Еуропа қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына төрағалыққа қаншалықты дайын екеніне назар аударады. Әдеттегіндей шетелдік басылымдар, Қазақстандағы сөз бостандығы мен адам құқығына назар аударған. “Қазақстанда соңғы кездері адам құқы мен сөз бостандығы жақсы деңгейде емес”, – дейді The Economist.

Бастапқыда АҚШ пен Ұлыбритания Қазақстанның ЕҚҰЫ-ға төрағалық етуіне қарсы болған. Бірақ ұйымға мүше өзге елдердің қазақ қоғамында жағдай жақсара түседі деген үміттері басымдыққа ие болды.

“Қазақстанның төрағалығына қарсы болғандардың үміті ақталмады. Себебі Қазақстан Еуропалық ұйымға төрағалық еткен соң біз оларға қысым жасай алмаймыз” дейді.

Алайда, Freedom House ұймының өкілі Ива ДОБИЧИНА, “The Economist” басылымына берген түсініктемесінде:“Қазақстанда қазіргі келеңсіз жағдайлар экономикалық дағдарыс салдарынан болып отыр. Төрағалыққа жайғасқан соң, Еуропалық ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстандағы жағдайды үнемі назарда ұстайды” деп жұбатуда. Қазақстан келер жылдың қаңтар айынан бастап ЕҚҰЫ-ға төрағалық етпек. Қазақстанның алғашқы жұмысы ретін Украинада өтетін сайлаулармен басталмақ.

“Экономист” басылымы мақаласының соңын қызықты оймен аяқтаған: “Қазақстанның ЕҚҰЫ-ға төрағалық етуі оның Халықаралық имиджиіне оң әсер етеді. Алайда Қазақстан ЕҚҰЫ-ның имиджінің оң қалыптасуына қаншалықты жағдай жасайтынын уақыт көрсетеді” депті”. Дайындаған Асхат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Еліміздің қаржы жүйесіндегі аса күрделі мәселелер шешілді. Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі тіркелген дипломатиялық корпустың өкілдерімен кездесу кезінде мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

«Біз қаржы саласындағы ахуалды толық тұрақтандырдық. «Альянс банк» пен «БТА» банкке қатысты Лондондағы инвесторлармен келіссөздер аяқталды. Яғни, біз қаржы жүйесін толығымен тұрақтандыру жолына шығып отырмыз«, — деді Елбасы.

Қазақстан 2009 жылды оң нәтижелермен аяқтайды. Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде тіркелген дипломатиялық корпустың өкілдерімен кездесу кезінде мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

«Дағдарысқа қарамастан Қазақстан алға жылжуда. Біз әуел бастан дұрыс жолды таңдадық«, — деді мемлекет басшысы.

Президент шағын және орта бизнесті қолдауға, үлескерлерге көмек көрсетуге, тұрғын үй құрылысын жүргізуге тиісті қаржы игерілгенін айтты.

«Осыған қарамастан біздің алтынвалюта қорымыз өткен жылдың соңында 48 млрд АҚШ долларын құраса, бүгінде 52 млрд АҚШ долларына жетті. Яғни, жұмсалған шығындарға қарамастан қор қаржысы өсті. Ал жан басына шаққандағы резервтерге келсек, еліміздегі жағдай тұрақты, өте жақсы«, — деді мемлекет басшысы.

Қазақстан дағдарысты еңсеруге ұлттық қордан 14 млрд АҚШ долларын бөлді. Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі тіркелген дипломатиялық корпустың өкілдерімен кездесу кезінде мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Биылғы жылы 170 жаңа өнеркәсіптік нысан қатарға қосылды. Бұл бағытта 3 млрд АҚШ долларынан астам қаржы игерілді.

«Жұмыс орындарын құруға негізделген «Жол картасы» бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, осы іс-шараға елеулі қаржы бөлінді, биылғы жылы бұл бағытта 400 мың жаңа жұмыс орындарын құрдық«, — деді Елбасы.

«Қазақстан дағдарысты еңсеруге ұлттық қордан 14 млрд АҚШ долларын бөлді. 16 млн халқы бар Қазақстан үшін бұл аз қаражат емес. Ол шағын және орта бизнесті қолдауға, үлескерлерге көмек көрсетуге, тұрғын үй құрылысын жүргізу мақсатында игерілді«,- деді мемлекет басшысы.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...