«Жәкішевті сот залынан ауруханаға алып кетті, мәжіліс айыпкерсіз жалғасты». «Үкімет дамудың іргетасын қалауға кірісті». «Жеке детектив керек па?». «Сырдарияның төменгі арнасындағы Ақлақ гидроторабын пайдалануға беру мерзімі тағы да кейінгі шегерілді»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 24 желтоқсан 2009 ж.

AZATTYQ.ORG. “Жәкішевті сот залынан ауруханаға алып кетті, мәжіліс айыпкерсіз жалғасты”. “…Желтоқсанның 23-күні Астананың Сарыарқа аудандық сотында “Қазатомпром” компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар ЖӘКІШЕВтің ісі бойынша алдын ала сот тыңдаулары жалғасты. Бұл күні айыпкердің адвокаты Нұрлан БЕЙСЕКЕЕВ осы істі судья Нұрлан ЖОЛДАСБЕКОВтың қарауына өз қарсылығын білдірді.

Жоғары тұрған сот орындары адвокат Н.Бейсекеевтің кеше берген өтінішіне байланысты тиісті қаулы қабылдауы керек болатын. Осыдан бір күн бұрын адвокат Нұрлан Бейсекеев Мұхтар Жәкішевке айып тағылып отырған қылмыстық істі Астанада емес, Алматының сотында қарау туралы өтініш түсірген еді. Оған негіз ретінде адвокат “Қазатомпром” ұлттық компаниясының Алматыда тіркелгендігін алға тартты.

… Айыпкердің әйелі Жәмила ЖӘКІШЕВА мен адвокат Нұрлан Бейсекеев Мұхтар Жәкішевтің денсаулық жағдайына қауіп төніп тұрғанын айтып, оны дереу ауруханаға жатқызуды сұрап бұған дейін бірнеше рет мәлімдемелер жасаған болатын. Сәрсенбі күні сот отырысындағы үзіліс кезінде журналистерге шыққан адвокат Бейсекеевтің сұхбатынан соң бірнеше минут өтісімен, сот залында денсаулығы нашарлап қалған Мұхтар Жәкішевке жедел жәрдем шақырылды. “Оның қан қысымы көтеріліп кетті. Дәл қазір оған жедел жәрдем шақырылды”, – деді кейінірек адвокат. Ол сондай-ақ, сот отырысты айыпкердің қатысуынсыз жалғастыра беруді ұйғарғанын хабарлады.

…Желтоқсанның 22-күні алдын ала сот тыңдауы басталардан бұрын Мұхтар Жәкішевтің қан қысымын өлшеген кезде 185/125 екендігі анықталды, деді адвокат. Азаттық радиосына Жәмила Жәкішева желтоқсанның 23-күні сот залында денсаулығы күрт нашарлап кеткен жұбайына шақырылған жедел жәрдем оны Астанадағы №1 қалалық ауруханаға алып кеткенін хабарлады”. Авторы: Жасұлан КӨЖЕКОВ.

AIKYN.KZ. “Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Біз бастапқыдан-ақ дұрыс жолды таңдадық”. “…Ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ елімізде тіркелген барлық дипкорпус өкілдерін Ақордаға шақырып, үлкен кездесу өткізді. Жүздесуде Елбасы экономикалық табыстарымыз жөнінде жан-жақты әңгімелеп берді. Сондай-ақ саяси салада да әлем мойындаған, ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістіктеріміз жетерлік көрінеді.

Жалпы, қазақ елі қарсы алдынан алай-дүлей соққан дауылға қайыспай, қайсарлана алға қадам жасап, ілгері жылжи алғандығымен дүниежүзі қауымдастығын қайран қалдырып отыр. “Дағдарысқа қарамастан, Қазақстан алға жылжуда. Біз бастапқыдан-ақ дұрыс жолды таңдадық!” деді Мемлекет басшысы. Кеше төрткүл дүние Қазақстанның жас мемлекет ретінде еңсе көтеру кезеңін еңсеріп, өзге дамыған елдермен терезесі тең бәсекелесу белесіне аяқ басқандығын білді. Елбасының ақ сарайына жиылған шет мемлекеттердің елшілері мен дипломатиялық миссиялар жетекшілері бұл хабарды өз елдеріне — жер шарының шартарабына таратары сөзсіз.

Қазақстан енді санаулы күндерден соң еуропалық кеуделі ұйымның көшбасшысы ретінде іс-қимылға кіріседі. Осы маңызды қадамдар алдында, кешегі кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымыздың негізгі басымдықтарын нақ белгілеп, ашып көрсетуді жөн деп тауыпты. Президент бұл белді ұйымның “барлық “үш өлшемінің” тепе-теңдігін қамтамасыз ету” маңызды екендігін қадап айтты. “Әскери-саяси өлшем бағытында біз өз тарапымыздан Корфу процесінің сабақтастығын қамтамасыз ету үшін күш салатын боламыз, — деп шегеледі Мемлекет басшысы. — Бізде Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аралықты қамтитын кеңістікте қауіпсіздіктің жаңа құрылыс-архитектурасын түзудің таптырмас мүмкіндігі бар деп санаймын”. Әйткенмен, Н.Назарбаев бұл тұрғыдағы ұсыныстар сан алуан екендігін ескертті. Соның ішінде Қазақстанның кезінде төрағалыққа “ТМД-ның ортақ кандидатурасы” ретінде ұсынылғандығын алға тартып, Ресей де “осы мәселеге жаңаша қарау” туралы өз ұсынысын ілгерілетуге ұмтылуда. Демек, қазақ елінен осынау өте-мөте маңызды әрі күрделі мәселеде алпауыттардың ешқайсысының жетегінде кетпей, тізгінді тең тарта ұстау қажет етілмек.

— Экономикалық және экологиялық өлшем бағытында біз тасымал-көлік тақырыбын және Арал теңізінің экологиялық апаты проблемасын ілгерілететін боламыз, — деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев. — Біз сондай-ақ барлық мүдделі мемлекеттердің ұстанымдарын есепке ала отырып, энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша диалогты жалғастыруды маңызды деп санаймыз. Айтпақшы, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде елімізге экономикалық қауқар-қарымын паш ету де керек болады. Осы орайда Елбасы Қазақстанның терроризммен күрес, есірткі саудасына тосқауыл қою, шекараларды нығайту салаларындағы бірқатар жобаларға «тең-демеуші» (ко-спонсор) болуға ниетті екендігін жариялады. Республика аймақтың «сыздап тұрған жарасына» айналған Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға да белсенді тартылмақ. Тағы бір айта кетер жайт, Үкімет ашқан арнайы бағдарлама аясында 2010 жылы 1000 ауған студенті Қазақ топырағына табан тіреп, отандық ЖОО-ларда әртүрлі мамандықтарды меңгеруге кіріседі. Бұл мақсатқа Қазақстан 50 миллион доллар жұмсамақ! Бағдарлама 9 жылға есептеліп отыр. Әрине, Қазақстан Президенті дінаралық және ұлтаралық татулықтың бір жерұйығына айналған Қазақ елінің осы салалардағы ғажайып тәжірибесін тарату да ЕҚЫҰ-дағы қазақстандық төрағалықтың бір басымдығына айналатындығын айтуды ұмыт қалдырмады.

… Елбасы «Таяу Шығыс, Парсы шығанағы, Азия-Тынық мұхит аймағы және Латын Америкасы елдерімен арадағы қарым-қатынастарда, экономикалық салаларда жаңа перспективалар, жаңа көкжиектер ашылып жатқандығын» айтты”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

Үкімет дамудың іргетасын қалауға кірісті”. “Министрлер кабинетінің кешегі жиынында өтіп бара жатқан ескі жылдың қорытындыларына көз жүгірткен Үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ осылай мәлімдеді. “Егер біз 2009 жылдың басынан бері қарай өте-мөте өткір, дағдарыстық проблемаларды шешіп келсек, енді қазір дағдарыстан кейінгі дамуымыздың шынайы базасын түзіп жатырмыз, — деді өз командасына ризашылықпен шола қараған Кәрім Қажымқанұлы. — Біздің күйзелістің өткір кезеңін өте алуымызға мүмкіндік берген өзіміздің әзірлемелеріміз бұдан әрі дамытылуға тиіс”.

Дағдарыс жаһандық сипатта болғанымен, онымен күрес, негізінен, ұлттық деңгейлерде жүрді, сондықтан көпшілік елдерге көршілерден көшірмей, төл күрес тәсілін ойлап табуға тура келген. Бұл тұрғыда Мәсімов Үкіметінің жаңалығы да болды.

…Үкіметтің осы күнгі отырысында салық мәселесі қаузалды. Үкімет басшысы алдағы 2010 жылы күшіне мінетін Кедендік одақ аясында Қазақстанның салық саласына түсетін салмақ еселеніп артатын болады. Жалпы, жаңа одаққа отандық бұл сала қандай күйде енгелі отыр? — Қазіргі кезде Қазақстанның салық саласы Ресей мен Беларусь елдерімен салыстырғанда ыңғайлы әрі тиімді болып тұр, — деп бағалады Кәрім Мәсімов. — Сондықтан Кедендік одақ өз күшіне енген кезде көптеген тауарлар мен жүктер кедендік тіркеуден біздің елімізде өтуі әбден мүмкін. Осы және басқа да мәселелер отандық салық саласына тікелей байланысты. Сол себепті бүгіннен бастап мұның бәрін реттеп, үйлестіріп алған жөн, — деген ол жаңа жылда салық саласындағы әкімшілендіру жүйесін жетілдіру қажеттігін атап өтті. Үкімет басшысы Салық комитетіне адал салық төлеушілерді мазаламауды қадап тапсырды. “Ал салықтан жалтаратындардың барлығын әшкерелеп, анықтап, тиісті жазаларын беру қажет!” деп шарт кесті Кәрім Қажымқанұлы. Ресми дерекке жүгінсек, еліміз бойынша биыл салық саласында 119 мың 700 тексеріс жүргізіліпті. Нәтижесінде 389 миллиард теңге көлеміндегі айыппұл өндірілген!

Бір қызығы, осы тұста Салық комитетінің басшылығы еліміздің бас қаласындағы мейрамханалық-ойын-сауық орындарының өз табыстарын ондаған есе төмендетіп көрсететіндігін жария етуді жөн санапты. «Қазіргі кезде біз Астана қаласындағы мейрамханалық-ойын-сауық бизнесіне іріктелген тексерістер жүргіздік, — деді комитет басшысы Д.ЕРҒОЖИН. — Олар аталған кәсіпорындардың өз табыстарын ондаған есе төмендетіп көрсететіндігін көрсетті. Жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша енді олардың төлейтін салықтарының сомасы бес есе ұлғаяды!» …Мемлекетке келген шығын 23 млрд теңгеге бағаланып отыр. Осы және басқа да заң бұзу фактілерін ескере отырып, 2010 жылда ішімдік өнімдерінің жаңа қорғаныс белгілері бар акциздік маркалар шығару жоспарланып отыр» деп хабарлады мекеме басшысы Д.Ерғожин. Қаржы министрлігі жанындағы Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин «Кедендік одаққа» кіру қарсаңында қазақстандық салық органдарындағы сыбайлас жемқорлық деңгейін құлдыратуға қол жеткізілгендігін баян етті. «Құқық қорғау органдарымен коррупцияның алдын алуға бағытталған шаралар бойынша ықпалдасудың арқасында ағымдағы жылдың 11 айында салық органдарындағы сыбайлас жемқорлық деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, коррупциялық құқық бұзушылықтар бойынша — 69 пайызға, қозғалған қылмыстық істер бойынша 35 пайызға төмендеді!» деді Дәулет Ерғожин. Құрылымның қатарын қолы арам, жұтқыншағы терең жемқорлардан тазартуға салық қызметкерлерінің өздері де тартылыпты. Комитет басшысының айтуынша, салық органы өз бетімен салықшылар жасаған 7 коррупциялық қылмысты әшкере еткен. Яғни жемқорлық құқық бұзушылықтардың 37 пайызын комитет өзі анықтаған. «Коррупциялық қылмыстарға жол бергені үшін салық органдары басшыларының жетеуінің жауапкершілігі қаралды, олардың төртеуі лауазымдарынан босатылды» деп атап өтті Д.Ерғожин”. Авторы: >Елдос СЕНБАЙ.

EGEMEN.KZ. “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамының ұжымына”. “Ардақты егеменқазақстандықтар!

Сіздерді Тәуелсіздік күнімен қатарласа келген тамаша мерекелеріңізбен – газеттің 90 жылдық торқалы тойымен шын жүректен құттықтаймын.

“Егемен Қазақстан” – қазақ баспасөзінің қара шаңырағы деп ардақтала аталатын бас басылым. Газет жиырмасыншы ғасырдың күнгейіне де, көлеңкесіне де куә бола жүріп, сол кезеңдегі жан жадыратар жетістіктеріміз бен өзекті өртер өкініштерімізді қаламның күшімен өріп, тұтас бір дәуірдің жылнамасын жазып шықты. “Ұшқынның”, “Еңбек туының”, “Еңбекшіл қазақтың”, “Еңбекші қазақтың”, “Социалды Қазақстанның”, “Социалистік Қазақстанның” беттерінде халқымыздың жасампаздық жұмысының жарқын жеңістері, сол жолдағы қиындықтарды қалай еңсергені, бүгінгі тәуелсіздігімізге тұғыр болған экономикалық қуатымыз бен рухани байлығымызды қалай қалыптастырғаны келісті көрінді. Газетті әр жылдарда Смағұл СӘДУАҚАСОВ, Жүсіпбек АЙМАУЫТОВ, Мұхтар ӘУЕЗОВ, Бейімбет МАЙЛИН, Сәкен СЕЙФУЛЛИН, Тұрар РЫСҚҰЛОВ, Ораз ЖАНДОСОВ, Ғабит МҮСІРЕПОВ, Шерхан МҰРТАЗА, Әбіш КЕКІЛБАЕВ сияқты ірі тұлғалардың басқарғаны бұл басылымның ел өмірінде ерекше орын алғанының анық айғағы.

Тәуелсіздік таңы атқан соң елдің бас газетінің алдына жаңа мемлекет құру ісін жан-жақты көрсету, халқымызды жаңа жағдайда өмір сүруге бейімдеу, нарықтық экономиканы енгізуге, демократиялық құндылықтарды орнықтыруға көмектесу міндеті қойылды. “Егемен Қазақстан” бұл міндетті абыроймен атқара білді. Қазақстанның әлемдік қоғамдастықта лайықты құрметтелетін, экономикасы қуатты, ішкі саяси жағдайы тұрақты мемлекет ретінде қалыптасуына “Егемен Қазақстанның” қосқан өзіндік үлесі үлкен.

Соңғы оншақты жылдың ішінде газеттің таралымы 38 мыңнан 150 мыңға жеткені, яғни төрт есе өскені, торқалы той қарсаңында редакцияның сегіз қабатты жаңа ғимаратының уақтылы, сапалы тұрғызылуы акционерлік қоғам басшылығының заман талабына сай жұмыс істей білетіндігінің белгісі, газет менеджментін айтарлықтай жақсарта алғанының арқасы.

Бүгінде “Егемен Қазақстан” нағыз елдіктің мінберіне айналды, өмірдің барлық саласын бірдей қамтитын әмбебап газет, сөзі салмақты, байламдары байыпты, шын мәніндегі бас басылым ретінде орнықты. Алдағы кезде де осылай бола береріне сенемін.

Баршаңызды газет мерейтойымен құттықтай отырып, амандық-саулық, адамдық бақыт, шығармашылық шабыт тілеймін.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті”.

ALASHAINASY.KZ. “Шығыс Қазақстанда 40 градус аяз болады”. “Алдағы тәуліктерде Шығыс Қазақстан облысында ауа температурасы күрт төмендеп, 40 градус аяз болады. Бұл туралы кеше еліміздің Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік мамандары хабарлады.

Синоптиктердің болжауынша, облыс өңірлерінде бүгін түнде сынап бағанасы -28-30 градусқа дейін төмендейді. Кей жерлерде -38-39 градус аяз болуы ықтимал. Осыған байланысты ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік мамандары тұрғындарға облыс аумағынан сырт жерлерге жолға шықпауға кеңес береді. Жалпы, “Қазгидромет” мамандары алдағы күндері республиканың біраз аймақтарында ауа райының қолайсыз болатынын ескертіп отыр. Атап айтсақ, еліміздің солтүстік өңірлерінде суық антициклон ықпалы сақталады. Атырау, Маңғыстау, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында тұман түсіп, жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жететін жел тұрады. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай және Ақмола облыстарының кей жерлерінде боран соғады деп күтілуде. Сол сияқты Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағандыда да боран соғып, жолдарда көктайғақ болады”. Дайындаған Жансая ӘБДІБЕКОВА.

ZHASALASH.KZ. “Бизнес пен билiк бiр-бiрiнсiз өмiр сүре алмайды”. “МҰНЫ ӘЛЕМДIК ҚАРЖЫ ДАҒДАРЫСЫ ДӘЛЕЛДЕП БЕРДI. Өткен жылы “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры құрылған кезде қоғамдық пiкiр екiге бөлiнгенi рас. Алғашқылары: “Дағдарыс кезiнде екi үлкен даму институтының басы бiрiктiрiлгенi дұрыс, жөн болды. Елiмiзде тоқырауға қарсы тұратын қауқарлы күштiң қажеттiлiгi байқалған едi”, – десе, екiншiлерi: “Бюджеттiң iшiнен тағы бiр бюджет құрылды. Бiр мемлекетке екi әмиянның керегi не?” – дегенi рас. Ел iшiнде мұндай әңгiме болмады емес, болды. Дейтұрғанмен, “Самұрық-Қазына” мемлекет басшысының, үкiметтiң үдесiнен шықты деп ауыз толтырып айтуға негiз бар. Бұған бiздiң арада бiр жыл уақыт өткенде көзiмiз анық жеттi.

 Әрине, басталған iске сын айтушы да, мiн тағушы да көп болатыны шындық. Мұның бәрiне “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры арқылы нақты экономикаға қаржы бөлiне бастаған кезде алдымен үтiр, одан кейiн нүкте қойыла бастағаны белгiлi. Қордың қызығын ең алдымен елiмiздегi екiншi деңгейлi банктер, содан кейiн үлескерлердiң көргенi айқын. Мемлекет “Самұрық-Қазына” арқылы жүйеқұраушы банктердiң капиталына енiп, қолдау танытпағанда, ел iшiнде бiр емес, бiрнеше банктiң құрдымға кететiнi белгiлi едi. Ал банктер құлдыраса, ұлттық экономикаға орасан шығын әрi мемлекетiмiздiң беделiне үлкен дақ түсетiнi анық. Осыны түсiнген билiктегiлер ең алдымен банктерге қолдау көрсетудi жөн деп тапты. Мұның нақты бiр жемiсi жақында көрiндi. Мемлекет қаржы құйған “Альянс банкi” (мемлекеттiң үлесi – 67 пайыз) сыртқы қарызын қайта құрылымдау жоспарына кредиторлардың келiсiмiн алды. Бұл – елiмiздегi қол жеткен үлкен жетiстiктiң бiрi. Бұған, әрине, “Самұрық-Қазынаның” ықпалы мол болды. Сарапшылар бұл iске оң бағасын бердi. Екiншi деңгейлi банктердi капиталдандыру барысында “БТА Банктiң” 75,1 пайыз, “Қазкоммерцбанктiң” 21,2% пайыз, “Халық банктiң” 20,9 пайыз акциялары сатып алынды. Мемлекеттiң банктерге қаржы көзiн құюы – халықтың банктiк жүйеге деген сенiмiн арттыруға және ел iшiнде қарыз алушыларға несие берудi жалғастыруға ықпал еттi.

Одан әрi “Самұрық-Қазына” басшылығы экономиканың нақты секторына несие беруi үшiн қордың шартты депозиттерiн орналастыру мiндетiн дұрыс деп тапты. Банктердiң капиталына тiкелей енуден басқа нақты экономиканың несие беру қарқынын сақтау мiндетiн қойды. Осылайша, “Халық банкiне” бөлiнген қаражаттан тамыз айындағы мәлiметтер бойынша, 269 қарыз алушыға 65,8 миллиард теңге сомасында несие бөлiнген, ал “Қазкоммерцбанкке” бөлiнген қаражат есебiнен 90,4 миллиард теңге сомасында 45 жоба қаржыландырылған. Мамандар осындай нақты қолдау арқасында 43 мыңнан астам жұмыс орнының сақталғанын жазады.

Егер ел iшiнде мұндай қор құрылмағанда шағын және орта бизнес тұраламақ түгiлi, құлдырайтыны анық едi. Дағдарыс ел iшiн дендей бастағанда, өндiрiсшiлер мен сауда-саттық маңайында жүрген кәсiпкерлер кәдiмгiдей қысылды….

… Осындай әрi қиын, әрi күрделi уақытта “Самұрық-Қазына” билiк пен бизнес арасындағы алтын көпiр боп отырғанын ешкiм жоққа шығара алмайды. Қазiр бұл қор “Қазақстанның 30 корпоративтi көшбасшысы” жобасы аясында 22 инвестициялық жобаның жүзеге асуына жауапты. Бүгiндерi бұл жобаның құны 520 миллион долларлық бес жобасы жүзеге асты. Анығын айтқанда, осы айдың басында Астанада локомотив құрастырушы кәсiпорынның тұсауы кесiлгенiн ел-жұрттың бәрi естiп-бiлдi. Evolution сериясымен тұңғыш қазақстандық тепловоз шығарылды. Маңайдағы көршi мемлекеттер әупiрiмдеп күнiн көрiп отырғанда, бiздiң елдiң тепловоз шығаруы шынында да үлкен жетiстiк едi. 2014 жылға дейiн осындай сериямен кәсiпорын озық технология арқасында 400 тепловоз шығаруды көздеп отыр, оның 118-i бұйыртса, экспортқа жөнелтiлмек. Үш жоба бойынша (Павлодарда хлор мен каустик содасын шығару, Таразда ферроқұйма өндiрiсiн кеңейту және жаңғырту және “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортын кешендi дамыту) аяқтау алдағы жылдың 1 шiлдесiне жоспарлануда. Осы мерзiмге тағы да 13 жобаны iске асыруды бастау көзделiп отыр.

Қор үшiн экономиканың басым секторларының бiрi – энергетика саласы екенi даусыз. Мәселен, Ақшабұлақ және Орал ГТЭС кен орнында ГТЭС салу жөнiндегi мақұлданған жобалар өндiрiстiк базаны одан әрi дамыту үшiн жағдай жасауға мүмкiндiк бередi. Қазақстанның Ұлттық электр желiсiн жаңғырту (екiншi кезең) және “Солтүстiк-Оңтүстiк” 500 кВ транзитпен электр берудiң екiншi желiсiн салу жөнiндегi жобалар да осылармен байланыста қарастырылған. Бұл елдiң оңтүстiк өңiрлерiнде электр энергиясының тапшылығын азайтуға мүмкiндiк бередi.

Үкiмет 2015 жылға қарай қайта өңдеу саласындағы iшкi жалпы өнiмдi 12 пайызға, ал шикiзаттық емес сектордағы экспорт көлемiн қазiргi, 2009 жылғы 13 пайыздық көрсеткiштен 40 пайыздық мөлшерге жеткiзу мiндеттемесiн қойып отырғаны белгiлi. Осы орайда “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры жүзеге асырып жатқан жобалардың бұған тiкелей ықпалы болмақ. Сол үшiн осы қор аясындағы жобалардың уақтылы iске қосылғаны керек. Сонда ғана Қазақстан экономикасы дағдарысқа қарамастан өркендей бермек”. Авторы: Рәбия МАНАРБЕКҚЫЗЫ.

ABAI.KZ. “Бәріне уақыт — емші”. “Дат” жобасы бойынша жарық көрген “Общественная позиция” газеті жыл жабар пікір ұйымдастырыпты. Газеттің жылды қортындылаған нөмірінде саясаттанушы Берік ӘБДІҒАЛИ мен ақын Бауыржан ҚАРАБЕКОВ сөз алып отыр.

Берiк Әбдiғалиев: ЕЛДI ЕРТЕТIН СЕРКЕЛЕР СУЫРЫЛЫП ШЫҚПАЙ ТҰР.

— Сiздiң ойыңызша, өтiп бара жатқан жылдың басты оқиғасы қандай?

— Экономикалық, әлеуметтiк жетiстiктерге қатысты өзгерiстер болды, бiрақ ол алдын ала жоспарланған шаралар болғандықтан, басты оқиға деуге келмейдi. Банктердегi дағдарыс, iрi қаржы мекемесi саналатын банктердiң мемлекеттiк меншiкке өтуi — жай ғана бiр экономикалық-қаржылық мәселе емес, саяси астарлы үдерiс. Мiне, өткен жыл осындай оқиғаларымен есте қалды. Қоғамдық санаға, үдерiске ықпал еткен бiрнеше сот процесiн айтуға болады. Ал ел iшiнде әртүрлi көзқарас тудырған “Ел бiрлiгi доктринасы” қоғамға ықпалы бар басты мәселе деуге келмейдi. Заңды құзыры жоқ, әдетте, қабылданып жататын тұжырымдаманың бiрi деп қана айта алам.

Сонымен бiрге екi оппозициялық демократиялық партияның бiрiгуiн жылдың ерекше оқиғасы деуге болады. Болашақта тағы да әр жаққа бөлiнiп кетпесе жарар деген күдiк те жоқ емес. Жаңа дәстүрге, жаңа деңгейге көтерiлсе әрi басқа да саяси партиялар қосылып, демократия алаңында үлкен бiр саяси күш орнықса деп тiлеймiз….

Бауыржан Қарабеков: ЖӘКIШЕВТIҢ ТАҒДЫРЫ ЖАНЫМА БАТАДЫ

— Сiздiң ойыңызша, өтiп бара жатқан жылдың басты оқиғасы қандай?

— Басты оқиғасы мынау деп бөле-жара айтар болсақ, әрине, тiлге тиек боларлық оқиғалар көп. Әсiресе осылардың iшiндегi ең ықпалдысы деп бiр-екеуiн терiп айтуға болады. Алғашқысы — “елдi бiрiктiрем” деген доктрина. Екiншiсi — бiр миллион гектар жердi Қытайға 49 жылға жалға беру жайындағы әңгiме.

Қытай үшiн жердi 49 жылға жалға алу — Қазақстанды жұтумен бiрдей саясат. 17 желтоқсан күнi Болат Әбiлов те алаңдағы жиналған халық алдында Қытайға жалға жер берудiң қаупiн ашалап түсiндiрдi. “Қытай Қазақстаннан 1 миллион гектар жердi жалға алса, 1 гектар жерге 5 қытайдың отбасы келедi. Бiр отбасында 3 адамнан болса, 1 гектар жерге 15 адамнан тура келедi. Сонда 1 миллион гектар үшiн келген қытайдың жалпы саны 15 миллоин болады. Әр гектар жерге келген 15 адамның кемiнде бiреуi босанса, бiр жылдың өзiнде 1 миллион “қазақстандық” қытай дүниеге келедi”, — дедi “Азат” партиясының жетекшiсi. Халқымызда “Елу жылда — ел жаңа, жүз жылда — қазан” деген сөз бар. Егер Қытай бiзден жер алып, оның саны Болат айтқан есеппен көбейер болса, онда 49 жылда “ел жаңа” болып шыға келмей ме!?

Осы жылдың тағы бiр басты оқиғасы тәуелсiз бағыттағы “Азат” пен “Социал-демократтар партиясының” бiрiгуi болды. Бұл да — халық үшiн үмiттi iс. Ал “Нұр Отанның” бұрынғы хатшысы болған Дархан Калетаевтың президенттi “ұлт лидерi” жасау идеясы — ескi жылдың есте қалатын оқиғаларының бiрi. Жағымпаздықтың асқақ шыңы.

Қоғамның “қап!”, “әттеген-ай!, “ендi қайттiк?” деген өкiнiшi қайсы деп ойлайсыз?

— Дағдарыс кезiнде билiк банктерге жәрдем жасаймыз деп даурығып жүрiп, халықты банктерден үркiтiп алды. 4 миллиард доллардан астам ақшаны халық қазынадан керi қайтарып алды. Банктiң режимiнде банк қоржынына мемлекеттегi халық өзi ақша салмай, шетелден қор жия алмайды. Осыны түсiнбеген билiк басшылары банк пен халық арасын алшақтатып алды. Ал шетелден ақша түсiру үшiн кез келген банк мемлекеттiк үлестен арылуы керек. Банк мемлекеттен тәуелсiз болмай, шетелдiк инвесторлардан жәрдем келмейдi. Өйткенi банкке мемлекет сенiмдi серiктес бола алмайды. Бұл — банк шаруашылығындағы заңдылық. Ескi жылдың “әттегенайының” бiреуi және ең қауiптiсi — осы…”. (“Общественная позиция” (проект “DAT” № 12 (37) от 23 декабря 2009 г.).

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Жеке детектив керек па?”. “…Парламентшілердің айтып-жазуынша, жеке ізкесушілік (детективтік) қызмет Қазақстан азаматтарының жеке ғұмырлық және отбасылық тыныс-тіршілігіне араласып қана қоймай, сонымен бірге, олардың күнделікті отбасылық және жеке өмірлеріне, сондай-ақ қызметтік қоғамдық қарым-қатынастарына зияндарын тигізулері мүмкін екен.

Оны айтасыз, жеке ізкесушілік заңдастырылса, ол құқық қорғау органдарының да қызметіне оралғы болып, теріс ықпал етеді де, оның көшірмесі ретінде қайталанатын көрінеді. Әрине, бұл сөздің де жаны бар. Бұл заңмен тыйылған. Қойыңызшы әйтеуір, жеке ізкесушілік (детективтік) қызметінің пайдасынан зияны көп екендігін депутаттар барынша дәлелдеп-ақ бақты. Олардың қарсылықтарының тағы бір бірден-бір себептерінің бірегейі, жеке ізкесушілікпен айналысқан адамның Қазақстан азаматтарының ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік те құпия саналатын ақпараттарды алып, жариялап жіберулері бек мүмкін көрінеді. Заң бойынша ешбір адам өзінен басқа біреулердің өмірі мен ғұмырлық мақсат-мұраттары мен ұстанымдарына еш араласуға болмайды. Ал, араласа қалған жағдайда, азаматтың жеке өміріне қауіп төндірілсе, қатер тигізуші, яғни өзін заңсыз детектив санаушы заңмен жазаланады. Сондықтан да, жеке ізкесушілік (детективтік) қызметті парламентке ұсынушылардың мақсат-мүдделері оны заңдастыру.

Жалпы, жеке ізкесушілікпен (детективтік іс-әрекетпен) айналысушылардың қатарына журналистер де жатады. Олар журналистік зерттеп-зерделеу, жүргізу арқылы, кейбір тұстарда заң бұзып жатса, оны қылмыс деп санайтын заңды тұлғалардың да аз еместігін күнделікті тыныс-тіршілігімізден-ақ байқап жүрміз. Сондықтан да, жеке ізкесушілікті заңдастыруды және жариялы түрде жүргізуді қолдаушылардың бірі екендігімізді ешкімнен жасыра алмаймыз. Егер, ол заңдастырылса, Қазақстанның кез-келген азаматы өзінің заңдық құқығын пайдалану арқылы, жеке ізкесушіге тапсырыстар беріп жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Әрине, ол адами-моральдық тұрғыдан да, заңдық тұрғыдан да белгілі бір қалыпқа түсірілуі керек.

Соңғы кездері интернет-сайттарда жеке ізкесушілер, яғни детективтер жеке азаматтарға өз қызметтерін көрсететіндігін айтып та, жариялап та жүр. Олардың айтып, жариялауынша, жеке ізкесушілікпен айналысушылар азаматтардың кез-келген ісіндегі құпиялылықты жан-жақты ашып бере алады екен. Олардың ішінде қылмыстық іс-әрекеттер де бар. Бір қызығы, олар өздерінің қызметі үшін қанша алатындықтарын көрсетпейді. Ал, Ресейде ол ашық түрде жүргізіледі. Яғни, бұл – жеке ізкесушілік заңдастырылды деген сөзге саяды. Ресейде жеке ізкесуші өзінің қызметі үшін 7 мың рубль алады екен. Оған үш сағаттық өзінің жеке аңдуға алған азаматтың соңынан түсіп жүрген уақыты қосылады.

… Әрине, заң жобасы қабылдана қалған жағдайдың өзінде, оны жеке басына пайдаланушы алаяқтардың табылмай қалмайтындығы тағы да анық. Бірақ, “шегірткеден қорыққан егін екпейді” деген ұстанымды алға тартып, уақыт қажеттілігінен туып отырған заң жобасын қабылдамай қоюға болмайды. Ресей тәжірибесіне сүйенсек, жеке ізкесушілікпен айналысатындарға арналған арнаулы мектептер мен курстар ашылып, оларды адам психологиясымен бірге, ізкесушілікке қажетті техникалық-құралдарды пайдалануға үйретеді екен. Онда сонымен бірге, жеке детективтік қызметтегі адами-моральдық қарым-қатынастарды реттеу де бірқалыпты жолға қойылған. Сондықтан да, осынау тәжірибені Қазақстанға енгізу арқылы, жеке ізкесушілік қызметті қалыптастырсақ, ол көпшілікке зиян болмас еді”, — деп тұжырымдайды Аманхан ӘЛІМҰЛЫ.

MINBER.KZ. “Шадринское” сүтінде күдік бар”. “ҚР Сауда және Индустрия министрі Ресейден тасылатын қалбырдағы сүттің сыртындағы мәтіннің мазмұнына үңілуде. Ресейден әкелінетін қалбырдағы сүт үлкен дауға себеп болғалы тұр. ҚР Индустрия және Сауда министрлігі Қазақстандағы танымал ресей сүттерінің бірін зертханалық тексеруге жіберді. Себебі ол сүттің қалбырында “Ресей аумағында сатылмасын” деген жазу бар.Аталған мәселе жайлы ҚР Индустрия және Сауда министрлігінің сауда комитетінің басшысы Айдар ҚАЗЫБАЕВ: “Қазір бұл іспен Мемстандарт айналысуда. Техникалық реттеу комитеті микробиологиялық сараптама жасауда. Сондай-ақ Ресей Федерациясына аталған жазуға қатысты ресми сұрау жолдадық. Әзірге ресейліктер үнсіз”, – деді.

Комитет басшысы Айдар Қазыбаев қалбыр сыртындағы жазуды тұтынушылар байқағанын жеткізді. Олар Ауылшаруашылығы министіріне хабарласқан. Ал Ауылшаруашылығы министрлігі өз кезегінде бұл мәселені Индустрия және Сауда министрлігіне жолдаған.Сыртында “Ресей аумағында сатылмасын” деген қалбырдағы сүт елімізде “Шадринское” деген атпен кең танымал. Сауда комитеті аталған сүтті сатумен айналысатын саудагерлерге күдікті тауарды сату мен таратуды сәл кідіре тұруын өтінген”. Авторы: Асхат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

1 миллион гектар қазақ жері және қытайлар”. “Елбасы Астанада желтоқсанның 4-iнде өткен Шетел инвесторлары кеңесiнiң 22-шi пленарлық отырысында Қытайдың 1 миллион гектар жердi жалға алуға ниет бiлдiрiп отырғандығын мәлiм еттi. Бұған қарағанда Қазақстан үкiметi Қытайдың Қазақстанның иен жатқан далаларын игеруге деген ықыласына қарсылық бiлдiрмейтiн сыңайлы.

Қытай мен Үндiстанның Қазақстанның ұланғайыр даласына көз тiгiп отырғаны туралы ақпараттың Батыс ақпарат құралдарында пайда болғанына бiр жылдан астам уақыт болған. 2008 жылдың 24-сәуiрiнде “Шекарамыз сызылды десек те”… деген мақалада Үндiстанның “CALCUTTA TELEGRAPH” атты басылымындағы “Жер жетпей ме, Қазақстан шақырады” атты мақала жайында сөз етiлген. Онда Үндiстан фермерлерiнiң Қазақстанның бос жатқан шабындық жерлерiне көз алартып отырғандығы айтылып едi. Сондай-ақ, биылғы жылдың 26 мамырында “Азаттық” радиосында Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫның “Астананың инвесторларға сататын жер көлемi Голландияның аумағына тең болады” атты мақаласы басылды. Ол мақалада Қазақстанның жердi шетелдiктерге жалға беруге заңдық база жасалғандығы айтылады.

Әуелi, “Жер кодексiнiң” алғашқы нұсқасында шетелдiктерге жер жалға да берiлмейтiн болған едi. Бiрақ, кейiн қандай құйтұрқылар арқылы екенiн кiм бiлсiн, қазақ жерiн шетелдiктер де жалға алып, пайдалана алатын мүмкiндiк туғызылған екен. Баяғыда Астанада Қытай елшiлiгiнiң аумағы үшiн жер сатып алған Қытай елшiсiнiң: “Бiз әлi де көптеген жердi сатып алмақпыз” дегенi есiмде қалыпты.

Сөйтiп, Қытай фермерлерi Қазақ даласын игеру үшiн Қазақстанға ағылуы мүмкін. Олар 1 миллион гектар жердi 10 жылға жалға алатын болса, мұнда 1 емес, 10 миллион қытай жамбастап жатуы бек мүмкін.

16-17 желтоқсандағы билікке наразылықтан кейін, билік те ат айылын тарта қойды.

Әзірге билік жердің шетелдіктерге сатылмайтындығы туралы мәлімет таратып шырылдағанымен, жалға берілмейді деп кеісп айтқан жоқ. Демек, қауіп сейілмей тұр.

Бiздiң Қытайдың өз Батысын игеру саясатын көлденең тартып, ондағы қазақ бауырларымыздың қытайланып кету қаупiнен қорқып шырылдағанымыз мәселенiң бер жағы ғана екен.. Олар ендi Қазақстанға қолқа салды. Қытайға қолды болған үш аймақ — Алтай, Iле, Тарбағатайды былай қойғанда, өз тарих сабақтарында Қазақстанның Балқашқа дейiнгi өлкесiн қытайдыкi деп үйрететiн олар, жерге иелiк еткеннен кейiн Қазақстанды оңайлықпен тастап шыға ма? Әрине, Қытай диаспорасы әлемнiң барлық мемлекетiнде бар. Және олар барған мемлекеттерiнiң тiлi мен мәдениетiн қабылдап, бiрден сол елдiң тiлiнде сөйлей қоймайды. Әрбiр елде жеке-жеке “Қытай қалашықтары” бой көтерген. Бүгiнгi күннiң өзiнде Қазақстандағы қытайлардың саны туралы нақты мәлiмет жоқ. Әйтеуiр, қара базар қаптаған қытай екендiгiнде дау жоқ. Олардың арасында қазақ қыздарымен некелесiп, Қазақстан төлқұжатына оңай қол жеткiзiп жатқандары да баршылық көрiнедi. Сондай-ақ, Алматы облысының Алакөл ауданында 3 мың қытайлық фермердiң жердi тырмалап жатқандығы туралы да ақпараттың шыққанына бiраз уақыт болған. Ресми билiк бұл ақпаратты көпке дейiн жоққа шығарып келген едi. Алайда, биылғы жылдың сәуiр айында француз баспасөзi бұл ақпараттың шындық екендiгiн жазады.

Бiр қызығы, Қазақстанның экономикасына дендеп енiп келе жатқан Қытайда 2 миллионға жуық қандасымыз бар. Алайда, олардың Қазақстанға көшiп келу мүмкiндiгi жоқтың қасы. Осыдан бiрнеше жыл бұрын Қытайдағы қандастарымыз туыстары арқылы Қазақстанға келiп, осында қалып қоятын едi. Бұл күндерi жылына 12-ақ отбасының Қазақстанға келуiне рұқсат етiледi. Әрi туысшылау визасы арқылы, олардың 18 жасқа толмаған балалары Қазақстанға келе алмайды. Сөйтiп, Қытайдағы қормалы қазақтың келуiне қолдан кедергi жасалып отырса, ондағы құмырсқадай қаптаған қара қытайды Қазақстанға төңкере салу көзделiп отыр. Бiздiң мемлекет осы 1 миллион гектар жердi игеруге өзгенi емес, сондағы қазақтың келуiне жағдай жасауы керек едi. Ендi қазақ даласына қытай қаптайтын болды. Бұрын ата-бабаларымыз “Жайықты келiп алғаны, жағаға қолды салғаны, Едiлдi келiп алғаны, етекке қолды салғаны” деп күңiренген едi. Ал, Қытайдың қолқа салғаны, кiм-кiмдi де ойлантуы тиiс болатын”. Авторы: Есенгүл КӘПҚЫЗЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ кеше премьер-министр Кәрім МӘСІМОВты қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

К.Мәсімов президентті еліміздің 2009 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларынан және алдағы 2010 жылғы жоспарларынан хабардар етті. Кездесу барысында, сондай-ақ, «Қазақстан-2020» мемлекеттік Стратегиясын жүзеге асырудың негізгі қырлары талқыланды.

Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының таулы аудандарында қар көшкіндері түседі деп күтілуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Қазгидромет» РМК ескертуінде атап көрсетілгеніндей, «ұзаққа созылған қарға және қар қабатының тұрақсыздығына байланысты Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының таулы аудандарында 22 желтоқсанның 20 сағатынан бастап қар көшкіндері түседі деп күтілуде«. Осыған байланысты «қар көшкіндерінің түсуіне себепкер болмау үшін қарлы тау баурайларына бармауға нұқсау берілуде», — делінген хабарламада.

Алматы облысындағы тауларда қар көшкіні түседі деп күтілуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап…

Қазақстан өңірлерінде күн райының нашарлауына байланысты кешеден бері жолдардағы қозғалыс тоқтатылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, атап айтсақ, «Астанада кешегі (22 желтоқсан күні) сағат 21.00-ден бастап күн райының нашарлауына байланысты дизель отынымен жүретін жолаушы тасымалдаушы және автокөліктер үшін барлық бағыттар бойынша жолдардағы қозғалыс тоқтатылды; Ақмола облысында сағат 11.40-тан бастап күн райының нашарлауына байланысты дизель отынымен жүретін автокөліктер үшін барлық бағыттар бойынша жолдардағы қозғалыс тоқтатылды; Шығыс Қазақстан облысында сағат 20.30-дан бастап боранға байланысты барлық автокөлік түрлері үшін барлық бағыттарда қозғалыс тоқтатылды«.

Сонымен қатар, баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, «Павлодар облысында 22 желтоқсан күні сағат 23.00-ден бастап аязға байланысты барлық автокөлік түрлері үшін барлық бағыттарда қозғалыс тоқтатылды; Қарағанды облысында боранға және жолдардағы көру мүмкіндігі төмендеуге байланысты Қарағанды — Жезқазған автожолы бөлігінде Атасу кентінен Жезқазғанға дейін кеше сағат 12.20-дан бастап, ал Екатеринбург — Алматы тас жолында Қарағандыдан Балхашға дейінгі жол бөліктері сағат 15.00-ден бастап барлық автокөлік түрлері үшін қозғалыс тоқтатылды«.

Сырдарияның төменгі арнасындағы Ақлақ гидроторабын пайдалануға беру мерзімі тағы да кейінгі шегерілді, ал бұл «Сырдарияның арнасын реттеу және Солтүстік Аралды құтқару» атты халықаралық экологиялық жобаның соңғы нысаны болып табылады. Сөйтіп бұл нысан биыл тағы да іске қосылмайтын болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today жобаның ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінен бас кеңесші-үйлестірушісі Серікбай СМАЙЫЛОВқа сілтеме жасап.

Келісім-шартқа сәйкес Ақлақ гидроторабы сонау 2005 жылы салынып бітуге тиіс болған. Алайда аталған нысанның құрылысын жүргізіп жатқан Ресейдің «Зарубежводстрой» компаниясы Қазақстан үкіметінен шарттың мерзімін ұзартуды бірнеше мәрте сұрады.

«Жұмыстың бұлайша сөзбұйдаға салынуы жұмыстар құнының қымбаттай түсуіне алып келді. Егер бастапқыда жобаның құны 3,661 млрд теңге болса, құрылыс барысында оның құны 1 млрд теңгеге артып, 4,662 млрд теңге болды«, — дейді үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында мәжіліс депутаты Мұрат ӘБЕНОВ. Оның айтуынша, сонымен бірге жобаны қаржыландырып отырған Әлемдік банк секілді донорлардың алдында Қазақстанның беделіне біршама нұқсан келуі мүмкін.

23 желтоқсанда сағат 18.30 -да Абай атындағы МАОБТ-да Социалистік Еңбек Ері, ССРО-ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВның туғанына 80 жыл толуына орай салтанатты кеш өтеді, Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Концерттік бағдарламада Бибігүл Төлегенованың шәкірттері, вокалистердің халықаралық конкурстарының лауреаттары өнер көрсетеді. Бибігүл Төлегенова — әлемдік деңгейдегі әнші, опера жұлдызы. Ол — өзінің өнердегі аса жоғары жетістіктері үшін ғана емес, халық арасында үлкен сүйіспеншілікке ие болғандықтан да халық әртісі атанған жан.

Бибігүл Ахметқызын әлемнің әр өнер сүйер қауымы құшақ жая қарсы алды және ала береді. Оның әндеріне Нью-Йорктың, Лондонның, Париждің, Римнің, Афиннің, Токионың, Сеулдың, Каир мен басқа да әлемнің ірі қалаларының айтулы концерт залдарына жиналған жұрт тамсана қол соқты. Халық әртісі әлемнің ең үздік оркестрлерімен бірге ән салды. Олар — Осипов атындағы орыс ұлттық академиялық ұлт аспаптар оркестрі, Чайковский атындағы үлкен симфониялық оркестр, принц Уэльскийдің (Ұлыбритания) камералық оркестрі және басқалар. ЮНЕСКО шешімі бойынша Бибігүл Төлегенова XX ғасырдың ұлы жиырма әйелдерінің қатарына енді.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...