«2009 жыл қорытындысы және келер жылдан үміт». «Үштік одақ: Кеденнің жаңа тарифы ұтыс па, ұтылыс па?». «…Бұл одақтың мәнін түсінбегендер нарықтық экономика және жаһандану дегеннің не екенін түсінбейді». «Кәсiпкер өз қаржысына мектеп ашты»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 25 желтоқсан 2009 ж.

Құрметті оқырмандар! Баршаңызды Жаңа жылыңызбен құттықтай отырып, амандық-саулық, бақыт, құт-береке, шығармашылық шабыт тілейміз!

“Zonakz.net” ғаламтор-газетінің редакциясы.

AZATTYQ.ORG. “2009 жыл қорытындысы және келер жылдан үміт”. “…2009 жылды – тәуелсіз қазақ елінің “тепсе темір үзетін”, оңы мен солын, досы мен жауын ажырата алатын 18-ге толған жылы болды деп ауыз толтырып айта аламыз. Бұл жыл – кешегі Совет Одағы республикаларының ішінен ең бірінші болып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сынды биік мәртебелі халықаралық құрылымға төраға болу құзырын қолына алған жыл болды. Дегенмен де, өтіп бара жатқан жылды қалай қорытындылауға болады және келешегіне қашан да болса үмітпен қараған қазақ халқы келе жатқан 2010 жылға қандай үміт артады? Осы тақырыпқа Азаттық радиосы өткізген дөңгелек үстел талдауына Қытай елінде туып, ата-баба жеріне оралған қытайтанушы профессор әрі журналист Ибраһим ҚОШҚАРИ, “Азат” жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы жетекшілерінің бірі, қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, генерал-майор Әмірбек ТОҒЫСОВ және саясаттанушы әрі Алтынбек Сәрсенбайұлы қоғамдық қорының президенті Айдос САРЫМ қатысты…

… Дөңгелек үстелді Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшісі Сұлтанхан АҚҚҰЛҰЛЫ жүргізді. Дөңгелек үстел сұхбатын мына арадан тыңдай аласыздар”.

Назарбаев Қытай жер сұрады деген әңгімені өзі бастап, өзі тоқтата алмай отыр”. “…23 желтоқсан, сәрсенбі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өзінің 90 жылдығын атап өтіп жатқан “Егемен Қазақстан” газетінің жаңа кеңсесіне қонаққа барды. Сол жерде президент ресми масс-медиа басшыларына ауқымды сұхбат бере отырып, сөз сойылымен саяси оппоненттерін дүрсін-дүрсін соққылады. Сұхбат көрермен назары теледидарға көбірек аударылатын уақытта ұлттық арналар арқылы таратылды. Президент өз атына айтылатын «Қазақстандағы ұлтаралық келісім тақырыбы оның сүйікті идеологиялық ұраны» деген сыни пікірлерді де айналып өтпеді. Оның пікірінше, келісім мәселесі – мемлекеттің және қазақстандықтардың жүйке жүйесі, сондай-ақ “Қазақстанның қазіргі экономикалық жетістіктерінің” түп қазығы. “Тұрғындардың 90 пайызы мен үшін дауыс берді. Мен барлығына да түсінікті тілмен сөйлемесем, президент боламын ба”, — деген Нұрсұлтан Назарбаев ұлтшыл-патриоттардың орыс тілін жиі қолдануына байланысты айтқан сынына осылайша тойтарыс берді.

Қазақстан президенті қазіргі күні тұрғындардың жартысына жуығы ғана қазақ тілін еркін меңгерген деп айтты.

…Назарбаев, бірінші кезекте, ұлттық арналар арқылы орыс тілді қазақтарды сынап, қазақ тілінің тағдырын мемлекеттік саясатқа артып қоя салғанша, “әуелі өздеріңнен бастаңдар, балаларыңмен қазақ тілінде сөйлесіңдер” деген кеңесін берді. Президент тағы да өзінің сүйікті иедологиялық тезисі – “тұрақтылық және ұлтаралық келесімге” арқа сүйей отырып, қазақ тілінің енгізуді жеделдету қауіпті әрі бұл жағдай басым бөлігін этникалық қазақтар құрайтын орыс тілді азаматтардың құқығы аяққа тапталады деп мәлімдеді.

… Назарбаев миллион гектар жерді Қытайға жалға беру төңірегінде қоғамда қызу талқыға ұласқан мәселеге де тоқталып өтті. Естеріңізде болса, президент осы айдың басында шетелдік инвесторлармен кездескенде қытайлар соя, рапс және жүгері егу үшін жалға жер сұрап отырандығын айтқан болатын. Осы мәлімдемеден кейін оған қарсылас ішкі саяси күштер Қазақстанға жаппай қытайланып кетудің қаупі туып тұр дегендей әңгімелер тарата бастаған-ды.

“Қытайларға жер сатылады деп өтірік өсек таратып жүргендерді жауапқа тартуды құқық қорғау органдарына тапсырамын”, — деген Нұрсұлтан Назарбаев, нақты кімдер екендігін айтып жатпаса да, көпшілікке есімдері таныс саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерін осылай түйреп алды. “Жауабым қысқа. Жер кодексінің 23- бабында жер шетел азаматына сатылмайды деп анық жазылған. Оны түсіндіру үшін тағы не айту керек?” — деп сауал тастады президент. Тақырыптың маңыздылығын ұғынса керек, ол: “осыған қатысты барлық мәлімдемелерді өтірік деп бағалаған жөн” деп қайтара айтып өтті…

… “Ұлттық бірлік доктринасын” талқылаудан туындаған жағдайды Назарбаев былай деп сипаттап өтті: “бұл талқылауға ұсынылған жоба, оған ешкім қол қоймай жатып-ақ айқайға басып, аштық жарияламақшы болды”.

… Бұл ретте ол өзінің қарсыластарына үш мәрте қайыра ескерту айтты, олардың көпшілік наразылық әрекеттері елдің Конституциясы белгілеген шектен асып кетті дей келе, “заңға сәйкес жауапқа тарту” ісі бастала қоймағанымен де, сондай шараға дайын отырған прокуратурамен қорқытты.

Бұған қоса, ұлттық телеарнаның эфирінде Назарбаев өзінің айбатты мәлімдемелері нақты кімдерге жолданғандығын жақсы білетіндігін де ескертіп өтті. “Мен дүрліктіріп отырғандардың кім екендігін білемін, — олардың өздері емес. Құлақтарына сыбырлап тұрғандарды да, оларға ақша төлеп отырғандарды да білемін”, — деді президент…

Қазақстанның ресми идеологиялық құралдарының басшыларымен кездесуінің соңында Назарбаев өзіне қатысты сыни пікірсіз де болмайтындығын байыппен түсіндірді: “Сынағандары, түртпектегендері де болды, бірақ, жалпы алғанда, өздері соны сезбей-ақ біздің Қазақстанды менімен бірге жасады”. Көлемін екі қолымен тұспалдай көрсетуіне қарағанда, Қазақстан президентінің жұмыс үстелінде күнделікті шығатын 20-40 газет жатады екен. Қазақстан президентінің ақпаратты терең меңгеруі оның баспасөздегі ең маңызды оқиғаларды өз бетімен бақылап отыратындығын аңғартқандай”. Авторы: Жасұлан КӨЖЕКОВ.

AIKYN.KZ. “Үштік одақ: Кеденнің жаңа тарифы ұтыс па, ұтылыс па?”. “Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері құрған бірыңғай кедендік одақ зерделеп көрсек 1993 жылы Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университеттің студенттері мен оқытушы профессорлары алдында дәріс оқыған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВтың Еуразиялық интеграция қалыптастыру жайлы көреген ұсынысының өмір болмысына айналған бір нәтижесі екен. Сол кезде “Еуроодақты құруға қырық жылдай уақыт керек болған, демек, Назарбаевтың бұл ұсынысының жүзеге асуын да сонша уақыт күтеміз” деген пікір айтылғаны белгілі.

Бірақ Назарбаевтың өміршең ойын Ресей Федерациясы мен Беларусь басшылығы дұрыс түсіне білді. Осы үштіктің ұйытқыдай әсер етуімен ең әуелі ЕурАзЭҚ өмірге келді де, соның ішінен екшеліп, болашаққа ең сенімді үшеуі 2010 жылдан өмір сүруін бастайтын бірыңғай кедендік одақ құрып шықты. Бұл жеңіс пе, жеңіліс пе? Бұдан ұтамыз ба, ұтыламыз ба? Бұл жолғы мақаланың өзегінде осы тақырыпқа талдау жасауды мақсат еттік. Өйткені қазірдің өзінде кейбір топтар “кедендік одақ құрылса, тарифтер өседі, өйткені одақ ішіндегі ең алып мемлекет — Ресей Федерациясында тарифтер жоғары. Қалған екеуі соған теңестіріледі. Демек, тарифтер өскен жағдайда өмір сүрген кезде Беларусьтың де, Қазақстанның да халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы нашарлайды. Өйткені бұл екі мемлекет тұрғындарының жалақысы ресейліктер жалақысынан әлдеқайда төмен” деген пікір айтуға көшті. Былай қарағанда дұрыс сияқты болып көрінетін бұл дәйек қаншалықты ақиқат? Мінеки, осы сұраққа жауап бере алсақ, онда мақсатымыздың орындалғаны.

1. Ұтылатынымыз да рас.

Иә, тарифтердің өсуіне орай алғашқыда әжептәуір ұтылуымыз әбден мүмкін. Өйткені кедендік одаққа қарсы пікір айтушылардың дәйектеріндегі “ресейліктер жалақысы қазақстандықтар жалақысынан жоғары” деген сөз ақиқат. Расында да бұл елде “мұнай долларлары” мемлекеттік қазынаға жинақталмай, түскені түскенінше халықтың кірісін көбейту ісіне жұмсалып келді, жұмсалып жатыр, жұмсала береді. Соған сәйкес мұнда жалақы да, зейнетақы да, жәрдемақы да біздегіден шамамен 30 пайыздай жоғары. Бірақ бір ескеретін тұс, бұл елде тауар және қызмет бағасы да біздегіден жоғары ғой. Иә, тарифтердің өсуіне орай бізде де тауар мен көрсетілетін қызмет бағасы көтерілуі әбден мүмкін. Үкімет бұрыннан тежеліп келген базар бағасын Президентіміздің тікелей эфирдегі отандастарымен сұхбатынан кейін тағы да төмендетуді қолға алды. Көпшілік пайдаланатын жанармай бағасы литріне 82 теңгеден аспайтын болды. Азық-түліктің көп түрінде баға төмендеді. Ал 2010 жылдың екінші жартысынан кедендік бірыңғай тарифке көшкен кезде ішкі базардағы бұл бағаларды ұстап тұру — қиынның қиыны немесе тіпті мүмкін емес. Ал қазақстандықтардың кірісі 30 пайызға ресейліктерден аз екені және белгілі. Біздің пайымдауымызша, мұны Елбасымыз бірнеше жыл бұрын ескерген секілді. Айталық, Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген жәрдемақы, зейнетақы, шәкіртақылардың 25 пайыздық кезекті өсімі алдағы жылдың 1 қаңтарынан басталады. Ал жалақы екінші жартыжылдықтан 25 пайызға өсіріледі. Демек, қазақстандықтар кірісі шамамен ресейліктердің кірісіне жақындап қалады. Бірақ соның өзінде аз да болса, ұтылыс болары сөзсіз. Дегенмен 2011 жылы бұлар түгелімен 30 пайызға тағы да өсіріліп, жанұялық кіріс жағынан Ресейдегіден жоғарылап шыға келеміз.

Иә, дүниежүзінің түкпір-түкпірінен ескі-құсқы автокөліктерді әкеліп, сатып жүргендер “нәпақасынан” айырылады. Ресейліктерде ескі автокөліктерге салынатын кеден салығы біздегіден әлдеқайда көп. Үштік одақ сарапшылары да, басшылары да салықтың бір түрін ресейліктердің қолданыстағы тарифімен шендестіруді мақұлдаған. Демек, елге ескі көліктердің келуі тыйылады. Санамалағанда ұтылысымыз дәл осы тұстардан көрініс табады екен. Бірақ осының өзін ұтылыс деуге бола ма, енді соған жауап берелік.

2. Ұтамыз!

Демократиялық қоғамда сөз бостандығы барлығын желеу етіп, әркімнің өзінің білген-түйгенін жариялауға құқы бар. Десек те дәл осы Кеден одағына қатысты жағымсыз пікір айтушылардың дәйектері мүлде әлсіз екені соншалық, оны сынаудың өзі бос әурешілік көрінеді. Сондықтан да біз бойымызды сыннан аулақ салып, бірыңғай кедендік тариф жағдайындағы ұтыстарымызды ғана санамаламақпыз:

1. Шекарадағы кедергілер — тексерістер жойылады. Бұдан ең алдымен ежелден іргелес “ауылы аралас, қойы қоралас” мемлекеттер тұрғындарының бір-бірімен араласуын жақсартады.

2. Кәсіпкерлердің “айы оңынан туады”. Жасыратыны жоқ, біздің экспорт-импорт айналымымызда Ресей Федерациясы шамамен 20 пайызды иемденеді. Міне, осы 20 пайыздың дені шағын кәсіпкерлікті құрайды. Сондай-ақ тау-кен өндірісіндегі металлургтерге де біраз жеңілдік “өзінен-өзі келеді”.

3. Отандық өндірістегі жаңа сала — автомобиль құрастырушыларымыз пайдаға шығады. Қазір біздің елде көптеген халықаралық бренд көліктерді құрастырушы кәсіпорындар жұмыс істеуде. Міне, солардың шетелдерден тасымалдайтын бөлшектеріне тариф мөлшері азаятындықтан, олардың отандық рыноктағы бағасы да төмендейді. Қазір зауыттан жаңа шыққан шетелдік автокөліктерді сатып алу қалтаны біраз жұқартады. Ал бірыңғай кеден тарифы өндіріске енген кезде мұндай жаңа автокөліктерді 15 мың долларға да алуға болады, яғни баға кемі 10 пайызға түседі.

4. Шетелдік ескі-құсқы көлік қымбаттайтындықтан, өтімсіз дүниеге айналады. Бұдан ұтылыстан гөрі, ұтысымыз көп болатын сыңайлы. Себебі енді 5 мың долларға шетелдік ескі автокөлікті сатып алу мүмкін болмайтындықтан, бұл ақшасын біраз отандасымыз өзінің отбасылық капиталын өсіру мақсатында инвестиция ретінде пайдаланады. Айталық, көкөніс егеді немесе бақша салады, қажет етсе, мал сатып алады…

7. Үш мемлекеттің бірлескен кәсіпорындары көптеп пайда болады. Мәселен, “Беларусь” тракторларын, КамАЗ жүк автокөліктерін біздің елдегі бірлескен ксіпорындарда құрастыру бұлардың бағасының арзандауына жол ашады. Демек, бұл жерден де аграрлар пайдаға шығады.

8. Қазақстан 2010 — 2020 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алу — бірыңғай кеден тарифын өндіріске енгізу кезеңімен тұспа-тұс келіп тұр. Демек, техникалық өндірісі дамыған және басқа қосымша құны мол ғылыми жетістіктерді өндіріп келген Ресей Федерациясы, Белоруссия секілді мемлекеттер ғалымдарымен бірлескен ғылыми ізденіс жобаларын жүзеге асыруға кірісеміз. Біздің ел үшін индустриалды-инновациялық бағдарламаның маңызы аса зор. Олай болса, мұндай істі алыстағылармен “арбаласқанша” жақындағылармен “дорбаласып” өміріміздің ақиқатына айналдырар болсақ, бұл дегеніңіз — тек қана ұтыс қой.

9. Көмірсутектері экспортында осы уақытқа дейін “өзімізге тиесіліні” де ала алмай келгеніміз жасырын емес. “Қазақстан ДСҰ мүшесі болмағандықтан, әлемге аса қажетті мұнайының өзін “оффшорлық” аймақтар арқылы өткізіп жүр” деген жағымсыз әңгіме айтылып келген. Ендеше, “шағын ДСҰ” қызметін атқаратын бірыңғай кедендік одақ жұмыс істей бастағанда көмірсутектерімізден түсіретін кірісіміз бұрынғыдан әлдеқайда көбейеді.

10. Транзиттік тасымал көлемі ұлғаяды….

13. Осы ұтыстардың бәрін алдағы жылдың өзінде көзбен көре алатын іргелес шетелдіктер (пост-кеңестік аумақтағы тәуелсіз республикалар) Кедендік одаққа енуге өздері-ақ өтініш жасайтын болады. Бұл — 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап құрылатын 170 млн тұтынушысы бар, алып рыноктың жедел қарқынмен ұлғаюына бірден-бір ықпал етуші күш. Ескерте кетейік, Еуроодақ құрамы да бірден қазіргі деңгейіне жетпеген. Өзінің пайдалылығы мен өміршеңдігін дәлелдеген соң, оның ауқымы кеңейді. Демек, кезінде “компартиялық бюрократияға және кремльдік тоталитаризмге өкпелеудің орнына, қарапайым орыс халқына өкпелеп” ажырасуды жеделдете түскен республикалардың қайта тұтасуы басталады. Түптің түбінде бұл Еуроодақпен бірігуге жол ашатын құрылым болуы да мүмкін. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1993 жылы Еуразиялық интеграция туралы мәлімдегенінде бір ғана осы үштік құрылуын көздемегені сөзсіз. Сондықтан да көп векторлы саясат ұстанған Елбасымыз Қытаймен, Қытай арқылы Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерімен саяси-экономикалық байланысты нығайта түсті. Бұған Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымының, Азиядағы өзара сенім мен ықпалдастық ұйымының қанатын кеңге жайып, жемісті жұмыс істеп жатқаны дәлел. Бұл дегеніңіз түптің түбінде, таяуда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатия жетекшілерімен кездесуінде атап көрсеткеніндей, Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейінгі кеңістікті қамтитын алып рыноктың пайда болуына негіз іспетті. Ал ол баянды бейбітшіліктің тірегі болмақ”, — деп жоғарыдағыдай пікір білдіреді Таңшолпан БЕКБОЛАТ.

TURKYSTAN.KZ. “Қазақ елiн жоғары бағалады”. “Morgan Stanley банкi мен Standart and Poor, Fitch агенттiктерiнiң экономикалық сараптамалары. Әлемдiк экономиканы шарпитын дағдарыс жайлы сараптамалық агенттiктер елден бұрын жаһанға жар салған болатын. Бұл болжамдарға құлақ асып, қам жасағандармен қатар мүлдем мән бермеген мемлекеттер де болды. Қазiргi күнi дағдарыстың “қара тұманы” сейiлiп барады деген пiкiрлер көптеп айтылуда. Әлем елдерiнiң арасында келер жылы экономика жанданады, өндiрiстiк саланың гүлденуi басталады деген пiкiрлер көбейген секiлдi. Әйтсе де, алдағы күндерi әлемдiк сарапшылар экономикалық нарықта Азия елдерiнiң экономикасын жоғары бағалап отыр. “Азия елдерi экономикасын уыстан шығармаса, дағдарыс тұманы сейiледi” деушiлер де табылды. Әлбетте бұл болашақтың еншiсiнде. Алайда дағдарыстан соң әлемдiк жүйеде үлкен өзгерiстердiң болатынын, оның iшiнде Азияның жаһандық экономика нарығында салмағы артатынын сарапшылар үлкен сенiмдiлiкпен болжап келедi. Алайда, осы агенттiктердiң барлығының болжамы дұрыс болар ма екен деген ой келедi. Сондықтан АҚШ-тың үш агенттiгiнiң сараптамаларын салыстырып көрсек…

… Осыдан бiрер жыл бұрынғы ақпарат құралдарында кейбiр шетел экономистерiнiң әлемдiк қаржы дағдарысы туралы болжамдары қылаң берiп қалып жүрдi. Ол болжамдардың ақыры шындыққа айналды. Америка Құрама Штаттарынан бастау алған қаржы дағдарысы өзiмен қоса дүниежүзiн жалмап, дамыған мемлекеттердiң экономикасын тығырыққа тiредi. Сол сияқты АҚШ-тағы банктiк дағдарыстың 2013 жылға дейiн созылатыны нақты айтылды. Дағдарыс 3-4 жылда бiтедi деуге ешбiр дәлел жоқ.

Дүниенi кезген дағдарыстан еш мемлекет тыс қалған жоқ. Жыл басынан берi көптеген елдерде банк саласы мен қаржы жүйесiне қауiп төндi, валюталық шайқалу алаңдатты, инфляцияға ұшырау жағдайы да сезiлдi, жұмыссыздықтың артуы құлдырауға қарай тарта бастады. 2008 жылғы дағдарыстың ықпалына ұшыраған әлем мемлекеттерi 2009 жылды қаржылық-экономикалық саладағы “қара тұман” ретiнде болжаған едi. Олай болса сараптамалық агенттiктердiң болжамының қаншалықты тура жасалатындығы жөнiнде жоғарыда келтiрiлген мысалдардан байқауға болады”, — деп белгіледі Ақниет ОМАРҒАЗЫ.

Кәсiпкер өз қаржысына мектеп ашты”. “Алматы қаласының Әуезов ауданында тағы бiр мектеп пайдалануға берiлдi. Бұл мектеп жұрт ойлағандай “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттiк бағдарламасы аясында ашылған жоқ. Мұны бәсекеге қабiлеттi, дарынды, бiлiмдi ұрпақ тәрбиелеудi мақсаты санаған жеке кәсiпкер өз қаражатына салғызыпты. Келешек жастарды озық технологиялық бiлiмге баулитын жекеменшiк бiлiм ұясының тұсаукесерiн Алматы қаласының әкiмi Ахметжан ЕСIМОВ, әкiмнiң орынбасары Серiк СЕЙДУМАНОВ, Бiлiм департаментiнiң бастығы Рахат ШИМАШЕВАлар кесiп, құттықтау сөз сөйлеп ашып, жаңа гимназияның сыныптарын аралап көрдi. “Абылай Т” деп аталатын гимназиялық мектеп негiзiнен 250 орынға арналған. Қазiргi кезде осы жекеменшiк бiлiм ұясына баласын беруге өтiнiш бiлдiрiп жатқан ата-ана саны көп. “Абылай Т” гимназиясының директоры Талмаш ИБРАГИМОВАнiң “Бiзде мектепке дейiнгi дайындық топтары, мектептен кейiнгi дайындық топтары бар. Әр сыныпта 12-16 баладан оқиды. Балаларға барлық жағдай жасалған. Мұғалiмдердiң бәрi жоғары санаттағы мұғалiмдер. Ал, сыныптар соңғы технологиялық құрал-жабдықтармен, интерактивтi тақталармен жабдықталған. Және арнайы компьютерлiк сыныптар мен денешынықтырумен шұғылданатын спортзал да бар”, дейдi. Негiзiнен гимназияда физика, математика пәнiн тереңдетiп оқиды. Бiр баланың оқу құны әзiрше 60 мың теңгенiң көлемiнде. Бұған оқуы, үш мезгiл тамағы, тасымалдау кiредi. Ал би, шахмат, спорт түрлерiне қызығатын оқушылар үшiн арнайы үйiрмелер де жұмыс iстейдi. Оның құны оқу ақысынан бөлек. Естерiңiзге сала кетсек, бүгiнде Алматы қаласында 48 қазақ, 79 орыс, 3 ұйғыр, 51 аралас, 41 жекеменшiк мектеп жұмыс iстеп тұр”. Авторы: Д.МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ.

EGEMEN.KZ. “Қазақстан жылды жақсы аяқтағалы отыр, бұл – жарқын жеңіс”. “Мемлекет басшысы “Арна Медиа” холдингінің бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының сұрақтарына жауап қайтарды…”. Кездесу барысында Н.Назарбаев мемлекеттік тілді дамыту, ел бірлігі доктринасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі, ауыл шаруашылығы жері мәселесі, Кедендік одақтың келешегі, еліміздің дағдарыстан кейінгі дамуы жайлы тақырыптарды кеңінен сөз қозғады.

“…Жанай ОМАРОВ: Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның Ресей мен Беларустің Кеден одағы жұмыс істей бастайды. Алматыда 19 желтоқсандағы бейресми саммитте үш елдің басшылары 2012 жылдың 1 қаңтарынан Кеден одағы базасында Біртұтас экономикалық кеңістік құрылатыны туралы мәлімдеді. Осылайша екі жылдан кейін, үш ел экономиканың интеграциялануының әлдеқайда тереңдеген кезеңін бастайды. Жаңа интеграциялық құрылым Қазақстан үшін қандай перспектива ашатынын айтып беріңізші?

Елбасы: Әлемде интеграцияның төрт кезеңі бар. Бірінші – еркін сауда аймағы, ол бізде – Ресеймен де, Беларуспен де болған. Екінші – Кеден одағы, оған біз қазір көшіп отырмыз және ол кеден тарифтерін келісуді ғана емес, сонымен бірге қорғалатын сыртқы шекаралары және халқы 170 миллион адамдық кеңістікте тауарлардың жеңілдетілген қозғалысы бар ортақ кеден аумағын құруды да көздейді.

Неге бұл цифрға барлық кезде салмақ түсіріледі? Өйткені, капиталын, мәселен, бірлескен кәсіпорынға салуға шешім қабылдаған сол баяғы батыс инвесторы үшін оны өнімді тұтынушылардың орасан зор саны болатын жерге орналастыру тиімді.

Және бір қыры. Бұрын сол Ресей аумағы арқылы тасымалданатын біздің тауарлар, Қазақстанға әкелінетін Белорусь тракторлары тасымалдау ставкаларына бола бағасы қатты көтерілетін. Басқа сөзбен айтқанда, тауардың бәсекеге қабілеттілігі елеулі түрде кемитін. Енді, біртұтас кеден аумағында бәрі басқаша болады. Әрине, біздің үш елде өндірілетін тауарлар арасында бәсеке болады. Сондықтан бізде біршама жеңілдетілген салық салу, бизнесті жүргізу үшін жақсы жағдайлар болуы тиіс. Яғни, біз олардан озық болуға, соның ішінде өнім сапасы бойынша озық болуға тиіспіз. Біздің бизнес басқа рыноктарда да өзін қолайлы сезінуі үшін жақсы шыңдалады.

Интеграцияның үшінші басқышы – Біртұтас экономикалық кеңістік, былайша айтқанда Ортақ рынок. Осы қағидат бойынша Парсы шығанағының, Анд тобының мемлекеттері жұмыс істейді. Онда жұмыс күшінің, капиталдың, қызметтің еркін қозғалысы анық. Және соңғы басқышы – ең жоғарысы – Экономикалық одақ – бұл Батыс Еуропа.

Бәзбіреулер бізге жалпысында мұндай интеграция не үшін қажет деп сұрауы мүмкін. Жауап берейін: алып аумақта 16 миллион адам тұратын Қазақстан үшін бұл – болашақта аман қалудың мәні. Кім мұны түсінбесе, ол нарық экономикасында да, жаһандануда да ештеңе түсінбейді. Бірде-бір мемлекет томаға-тұйық кеңістікте өмір сүре алмайды. Өз адамдарымызды отандық азық-түлікпен тойындырдық, отандық киім кигіздік, отандық аяқ киім бердік дейік, ал одан әрі не болады? Экономиканың өсуін тоқтатамыз ба? Өйтуге болмайды. Сондықтан рынок қажет.

Кеден одағында ұлтүстілік комитетті біз құрдық. Ол бірде-бір үкімет шекаралардан өту кезінде уағдаласқан тариф деңгейлерін бұзбауын қадағалайтын болады. Мәселе былай шешілетін болады: үш мемлекеттің премьер-министрлерінің орынбасарлары “үштік” кеңесін құрады. Солар шешетін болады. Егер келісімге келмесе, мәселе мемлекет басшылары деңгейіне шығарылады. Ал мұнда консенсус: егер біреу қарсы болса ештеңе шешілмейді. Сонда біз неден ұтыламыз? Қазақстанның мүдделері толықтай, соның ішінде шешімдер қабылдау кезінде ескеріледі…”.

Ұлттық бірлік пен келісім – басты ұранымыз”. “Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғалы бері оның Төрағасы Н.Назарбаевтың барлық күш-жігері көпэтносты еліміздің патриоттық күшін біріктірген жаңа қоғамдық институттың дамуына бағытталып отыр. 1992 жылғы желтоқсан айында өткен Қазақстан халқының форумында Елбасымыз еліміздегі бірлік пен келісімнің киелі орны болып табылатын осы Ассамблеяны құру туралы бастама көтергені есімізде. Ол жас тәуелсіз мемлекетіміздің жаңадан экономикалық, әлеуметтік және саяси негізі қаланып, демократиялық қоғам құруға бет бұрған кезең еді. Қазақстанның ұлттық саясаты барлық этностардың экономикалық және кешенді дамуын, этносаралық келісімді, этностар арасындағы достық пен бірлікті, өзара көмекті ескере отырып дамуда. Іс жүзінде бұл жағдайларды ескермесек, саяси жағынан тұрақты, этносаралық және конфессияаралық келісім орын алған әрі экономикасы дамыған қоғам құру мүмкін болмас еді.

… Алдағы уақытта өз елімізде, бізге жақын орналасқан шет мемлекеттерде, жалпы бүкіл әлемде этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісін кеңінен насихаттауымыз қажет. Осы мақсатпен ҚХА хатшылығына Қазақстандағы ұлтаралық келісімнің тәжірибесін кеңінен насихаттау үшін негізгі еуропа тілдерінде “Қазақстан: бірлік пен келісімнің интегралды мекені (ошағы)” деген атпен арнайы басылым дайындау қажет. Бұл қазіргі таңдағы ең үлкен әрі маңызды міндет болып табылады”. Авторы: Князь МИРЗОЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстандағы күрдтердің “Барбанг” қауымдастығының төрағасы, ҚХА кеңесінің мүшесі.

ZHASALASH.KZ. “Ресейдiң құшағында тұншығу”. “…Жаңа жылдың бiрiншi күнiнен бастап Қазақстан Ресей және Беларусьпен бiрге Кеден одағының кеңiстiгiне енедi. Бұл жаңалықты елiмiздiң жұртшылығы үрейлене қабылдауда. Оған да себеп жоқ емес. Кеден одағы шоқпарын сүйретiп қымбатшылықты қатар әкелмек. Қазақстандықтардың денi Қытай тауарларын тұтынады. Кеден одағына кiрген соң, Қытайдан және басқа да шетелден келетiн тауар түрлерiнiң бағасы өседi. Қарапайым жұртшылықты алаңдатқан осы жайт. Ал мамандар бұл одаққа қатысты алуан түрлi пiкiр бiлдiруде. Әсiресе, “бұл саяси жоба ма, әлде экономикалық жоба ма? Бұл бiзге керек пе? Қазақстанға пайда бере ме, жоқ па?” деген сауалдар төңiрегiнде.

Тәуекелдiлiктi бағалау тобының басшысы Досым СӘТБАЕВтың пайымдауынша, Кеден одағының Қазақстанға берер пайдасынан зияны басым болады. “Кеден одағы дегенiмiз – экономикалық емес, саяси жоба. Көп жерде Қазақстанның пайдасы ескерiлмеген. Тәуелсiздiк алғаннан бүгiнге дейiн шикiзат өндiруге қатысы жоқ, күштi, бәсекелестiкке қабiлеттi экономика секторларын жасай алмадық. Сондықтан кеден одағының шеңберiнде бiзге Ресей экономикалық экспансия жасайды. Яғни, Қазақстан тек қана ресейлiк компанияларға өз нарығын ашып бермек”, – дейдi ол.

Саясаттанушының пiкiрiнше, бұл жағдай Қазақстан экономикасындағы қаз-қаз тұрып келе жатқан кейбiр секторлардың тақырға отыруына әкеп соғады. Мәселен, азық-түлiк өндiру, өңдеу саласы, ауылшаруашылық өнiмдерi, тағысын тағылар. Тоқетерi, Қазақстан кеден одағын құруға әлi әзiр емес. Өйткенi, Ресейге қарағанда Қазақстан – әлсiз ойыншы…

Қазақстан даму институтының президентi, экономист Мағбат СПАНОВ та Қазақстанға қарағанда Кеден одағынан Ресейдiң көп ұтатынын қостайды. “Қазақстан мен Беларусьты өзiне тарта түседi. Қазақстан да одан пайда көредi. Бiрақ бiраз уақыт өткеннен соң ғана. Шамамен 2-3 жылдан кейiн”, – дейдi ол.

Мағбат Спанов кедендiк одақты саяси немесе таза экономикалық жоба деп кесiмдi айтуға болмайды деп есептейдi. Бiрақ, қазiргi кезде саясаттың басым болып тұрғанын да мойындайды. “Әлемде экономикалық одақтардың рөлi күшейiп келедi. Аймақтық бәсекелестiк белең алды. Бiз әлемдiк экономиканың бiр бөлшегiмiз. Табиғи ресурстарымызды ескерсек, Қазақстан бұл бәсекелестiктен шет қала алмайды. Еуропа алыс, Қытай тым жақын. Бiзге қолайлысы – Ресей”, – дейдi экономист.

Қазақ қоғамын тiксiндiрген нәрсе – Ресей премьер-министрi В.ПУТИНнiң сөз арасында Кеңес одағының қайта құрылуы жайында айтып қалғаны болды. Мұны естiген соң “бұл Ресейдiң қазiргi басшылығының түпкi ниетi емес пе” деген сұрақтың тууы заңды. “Кеңес одағын қайта құру iс жүзiнде мүмкiн емес. Тәуелсiздiк жылдары бұрынғы Кеңес елдерi бiр-бiрiне ұқсамайтын елдерге айналды. Мүдделерi де, экономикалық қуаты да, саяси бағыты да әртүрлi. Кеден одағының шеңберiнде де Кеңес одағы құрыла алмайды. Себебi, Қазақстан – егемендi ел. Бұрынғыдай бiр орталыққа өз билiгiн беруге ешкiм де келiспейдi. Бiзде Еуродақтың баламасын құрамыз деген сөз жиi айтылады. Бiрақ жақын арада бұл да мүмкiн емес нәрсе. Өйткенi, тараптар арасында сөзбұйдаға салушылық, қарама-қайшылық, тiптi өзара қақтығыстар да тым көп”, – дейдi Досым Сәтбаев.

Өндiрiсi тоқыраған, тұтыну бұйымдарын, тiптi азық-түлiкке дейiн сырттан таситын Қазақстанға үлкен қатер төнiп тұрғаны анық. Кеңес кезiнде дүрiлдеген жеңiл өнеркәсiбi жер құшқан елiмiздiң бүгiнгi сиқы мынау. Ертеңi не болмақ?Азын-аулақ кәсiпкерлерiмiздiң жұмысы тоқтаса, жұмыссыздық одан әрi белең алады. Тауарлардың қымбатшылығы, күн көрiстiң шектелуi халықтың түгесiлген төзiмiн быт-шыт етерi сөзсiз. Ал экономикалық тәуелдiлiктiң соңы мемлекеттiң тәуелдiлiгiне апарып соғады. Аттылыға жетемiн деп жаяу жүгiрiп шаң қапқанның керiн құшпайық”. Авторы: Шадияр ӨСТЕМIРҰЛЫ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Қорытынды шығармағандарға жаза да қатаң”. “Қаржы министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, елімізде 2006 жылы 132 казино, ал 2023 мекемеде 23534 ойын автоматтары жұмыс істепті. Халық саны соншалықты көп емес жас мемлекетте ойын бизнесінің қарқынды дамуынан осы жаман әдетке тәуелді азаматтар, оның ішінде жастардың қатары күрт көбейіп кетті. Құмар ойынға ессіз берілгендердің барлық дүние-мүлікін салып, соның кесірінен баспанасыз қалыпты деген жағдайларды жиі еститінбіз. Казино мен ойын автоматтары адамның ақшаға деген қызығушылығын қоздырып, оңай олжаға ынтықтырып, азғыратыны белгілі. Кез келген ойынхананың бүкіл жүйесі жұртты білдіртпей тонауға бағытталған. Қазақстан ойын бизнесін реттеуде шетелдік дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне жүгініп, 2007 жылы “Ойын бизнесі туралы” жаңа заң жобасын қабылдады. Заң күшіне енген соң, ірі қалалардағы казинолар мен ойын автоматтарының жұмыстары тоқтатылып, елімізде ойын бизнесін тек екі жерде – Қапшағай мен Бурабайда ұйымдастыруға ғана рұқсат етілді.

Алайда, соған қарамастан, кейбір кәсіпкерлер құмархана тонын теріс айналдырып, кәсіп қылуын жалғастыруда. Жуықта Өскемен қалалық прокуратурасы, ішкі істер басқармасы және Шығыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі департаментінің мамандары бірлесіп жедел шаралар өткізді. Рейд барысында ойын автоматтарын пайдаланған заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан жеке тұлғаларға қатысты бірқатар фактілер анықталды. Құқық қорғау органдары осы шара аясында 20 ойын автоматын, сол темір жәшіктердің ішінен шыққан 14 мың теңге ақшаны тәркіледі. Құмар ойын жабдықтарының бәрінде “Ұтыссыз автомат” деген жазулар бар. Кәсіпкерлердің осындай жазу арқылы көзбояушылық жасап, заңды бұзғаны дәлелденді…”, — деп назар аударады Қуаныш БАҚЫТ.

MINBER.KZ. “Келер жылдан бастап үкімет жалға пәтер бермек”. “Келер жылдың алғашқы тоқсанында “Самұрық-Қазына” жалға берілетін пәтерлердің алғашқы кілттерін табыстамақ. ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, тұрғын үй үш деңгейге бөлінген: әлеуметтік, эконом және бизнес. Мемлекеттік бағдарламада әлеуметтік-класс бойынша үйді тек қана жалға алу қарастырылған. Эконом-класс бойынша үйді жалға алып, кейін оны сатып алуға болады. Ал бизес-класс бойынша үйді жалға алып, оны сатып алып, кейін сатып жібере алады.

Жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар бағдарлама бойынша үйді тек бір рет қана ала алады. Пәтерді бес жылдың ішінде сатып алуға рұқсат жоқ, әрі жартылай жалға беруге де тиым салынады. Жалға берілетін пәтерлердің әлеуметтік және эконом класындағы пайыздық ставкасы жылына 10 пайыз, ал бизнес-класта 15 пайыз.

“Самұрық-Қазына” қорындағы мамандар “жалға берілетін пәтерлердің” бағасы нарықтағыдан 30 пайызға арзан болады деп сендіруде. Егер жалға берілген пәтерді кейін сатып алатын болса, ең көбі ол пәтерді 14 жылға жалға алуы керек. Содан кейін сатып алса болады. Жалға берілетін пәтер үшін алдын ала ақы төлемақы жасау қажет емес. Сол себептен “жалға берілетін пәтерлер” ипотекаға балама ретінде аталуда”. Авторы: А.ЕРКІМБАЙ.

USHKIYAN.KZ. “АВАТАР” мен “КЕЛІННІҢ” арасы немесе кино әлеміндегі рухани ізденіс пен идея мешеулігі туралы бірер сөз”. “Желтоқсанның 17-нен бері Қазақстанның барлық кинотеатырында жүріп жатқан Аватар фильмі көпті таңғалдырды. Қазір бұл фильм барлық телебағдарламалардың тіліне тиек болып отыр. Мұның алдында “ТИТАНИКті” түсіріп, көрерменді тәнті еткен Дж.КЭМЕРОН бұл жолы да хас шебер екенін дәлелдеді. “Фильм сценарийі бір тайпа арқылы әлемді құтқаруға құрылғаны кино әлемінде жаңа белес, фантастика деген ұғымның реалға айналып келе жатқанын көрсетеді”, – деп бағалады киносыншылар. Рас, жалпы адамзатты кім құтқаруы керек? Және неден құтқармақ? Кэмерон осыны ашық көрсете білгендей. Соңғы кездегі атақты киноларды көріп отырып, қазіргі жаһандағы мықты киногерлер әлемді, адамзатты қалай құтқарамыз деген тақырыпқа ауысып кеткенін байқаймыз. Ал, біздің киногерлер гомосексуализмді насихаттап, “Сталинге “сыйлық” сыйлап”, “Келінін” әурелеп жатқанына не дерсің?

Ақырзаман туралы 2012 фильмі АҚШ-та үлкен дау туғызғанымен, әлем жұртын аузына қаратты. Тіпті, Ресей Үкімет басшысы ПУТИНнің халықпен кездесуінде бір журналист “2012-де болатын ақырзаман” туралы пікірін сұрады. Орыс премьері “ақырзаман емес, 2012 – туннельдің соңы”, – деп жауап берді. Бұл жерден бір киноның қоғамдық пікір тудыруға соншалықты қуатты екеніне анық көзіміз жетті. Және киногерлер бұрынғыдай атыс-шабыстан гөрі болашаққа жетелейтін сұрақтарға жауап табуға, немесе рухани ізденістерін бейнелеуге кіріскенін байқаймыз. “2012” фильмі мен 500 млн. АҚШ долларына түсірілген ең қымбат фильм “Аватар” мазмұн жағынан ұқсас. Екеуінде де бір мәселе – құтқару. Бірі адамзатты құтқарса, екіншісінде Пандора пленатасын басқыншы жер планетасынан келген тасжүрек адамдардан құтқару идеясы. Екі кинодан кейін мына жаһандық рухани азғындықтан адам баласы шаршағанын, табиғатпен қайта табысқысы келетінін көреміз.

Осыдан кейін киномандардың да талғамы артатын шығар. Шынымен де, аталған кинолар көрермен талабын арттырып жібергені анық. Алайда, көрерменнің деңгейі өскенмен, басқа, мәселен, өзіміздің, отандық кино түсірушінің деңгейі қашан өсетінін дәл басып айту қиынға соғып тұр. Себебі, Қазақстанда соңғы түсірілген ұлттық намысымызға нұқсан келтірген режиссерлар “үздік” деп танылып, “Құлагер” атанып, (киногерлерге берілетін сыйлықтың аты, –ред.) марапатталып, кинолары мадақталып жатыр. Олар әлі де ел атынан биік-биік бәсекелерге қатыспақ. Мемлекет бюджетіне түсірілген “Келін” өткенде парламентте де біраз дау туғызды. Бұл қорлыққа шыдай алмай кеткен депутат Н.ӨНЕРБАЕВ мәселе көтерді. Мәдениет және ақпарат министрі М.ҚҰЛ-МҰХАММЕД фильмінің қазақ тарихына қатысы жоқ деп ақталғанымен, мемлекет қаржысына түсірілгендіктен қай жағынан болмасын талапқа сай болуы керек деп ойладым. Дж.Кэмерон “Аватарды” түсіруге 10 жыл дайындалыпты. Бізге де елін сүйетін, көптен бері қазақ халқын азғындықтан қалай құтқарамын деп ойлап жүрген 10 жыл емес, одан көп жыл іштей дайындалған режиссердің мықты киноға кіріскені керек-ақ болып тұр. Мүмкін, тіпті, керегі де жоқ шығар. Бұл – біздің ой. Ал, егер кино түсірсе, тек елдің намысын қорламай, психологиялық ауру адамдарды жастарға идеал қылмай-ақ қойсыншы деген тілек құлақтарына жетсе екен дейсің! Себебі, “Келіндердің” “Аватарға” жетуі үшін әлі де алыс жол жүруі керек сияқты көрінеді маған. Қай жағынан болса да?.. Кәсіби, адами жағынан болса да”, — деп тұжырымдайды Еркін ЕСБЕРГЕНТЕГІ.

KAZ.GAZETA.KZ. Ауылшаруашылығы — еліміздегі ең экспортқа бағдар ұстаған сала. Бұл туралы 23.12.09. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Арна Медиа» холдингі құрамына кіретін бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларына сұхбат берген кезінде мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

«Осы жыл бойынша аграрлық кешен 11 пайызға өсті. Астық шығымы жақсы болды. Қазіргі кезде сауда мәселесін шешудеміз. Атап айтқанда, ҚХР басшысымен осы елге және Қытай арқылы басқа елдерге 3 миллион тонна астық экспортына келістік. Мемлекет те сатып алуда. Елдімекендердегі азаматтардың біз осылайша жағдайын жасаудамыз«,- деді мемлекет басшысы.

Ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелеріне тоқталған Елбасы, «астық егістігінің жартысы ылғал үнемдеу технологиясына көшті. Қазіргі кезде бұл шаралар нәтижелерін беруде. Алайда, бұл да әлі аз. Атап айтқанда, астық шығымдылығын көтеру үшін бұдан ары қарай жұмыс істеуіміз керек«, деді.

Біздің ЕҚЫҰ-ға төраға болуымыз да, татулығымыздың, бүкіл әлемге бейбіт өмірді ғана насихаттап, қауіпсіздікті сақтауға қосып келе жатқан сүбелі үлесіміздің нәтижесі.

Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ кеше «Арна Медиа» холдингі құрамына кіретін бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларына сұхбат берген кезінде мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today ресми БАҚ-тарға сілтеме жасап.

Мемлекетіміз бүгінде тек экономикалық табыстарымен әлемді таң қалдырып жатқан жоқ. Ел ішіндегі татулық, толернаттылық пен шыдамдылықтық «қазақстандық үлгісі», қазір еліміздің брендіне айналды. Елбасының бастамасымен Қазақстан халқының Ассамблеясы құрылып, оған ерекше мәртебе берілді. Қазақ жерін паналған жүздеген ұлт өкілдері Ассамблея төріне шығып, өз мәселелерін көтеріп, заңды түрде шешіп жатады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, «Біздің басты байлығымыз да, жетістігіміз де, өзгеден ерекшелігіміз бен артықшылығымыз да — тату-тәтті өмір сүріп жатқан көп ұлтты мемлекет екендігіміз. Біздің ЕҚЫҰ-ға төраға болуымыз да, татулығымыздың, бүкіл әлемге бейбіт өмірді ғана насихаттап, қауіпсіздікті сақтауға қосып келе жатқан сүбелі үлесіміздің нәтижесі«. «Біздің жетістіктеріміздің бәрі соның арқасында. Қазақ, Қазақстанда ұйытқы болып отыр сол жұртқа. Аға болып отыр шынын айтсақ. Қамқоршы болып отыр. Соны төңірегіне жинай берсе, біз өз арамызда да, дүниежүзінде де абыройға ие боламыз«,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кедендік одақ — Қазақстан үшін келешекте экономиканы дамыту, келешекте жан бағудың амалы. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Арна Медиа» холдингі құрамына кіретін бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларына сұхбат берген кезінде мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today ресми БАҚ-тарға сілтеме жасап.

Елбасы сұхбат барысында дағдарыстан кейінгі экономиканы дамыту, Жол картасы аясында атқарылып жатқан ел игілігі үшін істеліп жатқан шаруалар, үлескерлердің мүддесін қорғау, банк жүйесін көтермелеу, ел экономикасына Ұлттық қордан елеулі қаржы бөлінгені жайлы көптеген қадау-қадау мәселелерге тоқталды. Алдағы жылдан бастап елімізді индустриялық-инновациялық дамытудың алғашқы бесжылдық жоспары басталғалы отырғанын еске салды.

«Дағдарыс тек шикізат көздеріне қарап қалмай, экономиканы әртараптандыру қажет екендігін ұқтырды«, — деген пікір айтты Елбасы. «Біздің дағдарысқа қарсы дер кезінде қолға алған шараларымыз, елді тығырықтан алып шықты. Қазақстан халқы дағдарыс әсерін онша сезіне қойған жоқ«, деді президент.

«Қаржы дағдарысының салдарын, еліміз алғашқылардың бірі болып 2007-жылы сезді. Алайда, дер кезінде қолға алынған шаралар, құрылған ұлттық қорда жинақталған қаражат пен оларды тиімді нақты жобаларға жұмсаудың арқасында, республикамыз қиын-қыстаудан аман-есен шықты. «Жол картасы» қабылданып, жүз мыңдаған азамат жұмыспен қамтылды, елде ондаған жылдар бойына жөндеу көрмеген тас жолдар күрделі жөндеуден өтіп, зауыттар мен фабрикалар қызметін жандандырды. Ең бастысы — қарапайым халық жұмыссыз қалмады«,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Мына нарық экономикасында адамның баласы өзіне өзі қызмет істеуі керек. Қарап отырған адам еш нәрсеге жетпейді. Қимылдаған адамға мемлекет барлық жағдайын жасап отыр. Осыны түсіндіру керек. Қазір бизнеске деген барлық жағдайды жасап отырмыз біз. Олар ақшасыз, кредитсіз қалды. Несие беретін банкте түк қалған жоқ. Кім қолдады? Мемлекет қолдады«.

Елбасы Кедендік одақты құру мәселесіне де тоқталып өтті. Бұл одақ Қазақстан үшін келешекте экономиканы дамыту, келешекте жан бағудың амалы. «Бұл одақтың мәнін түсінбегендер нарықтық экономика және жаһандану дегеннің не екенін түсінбейді«,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Белоруссияда баяғыдан машина құрылысы зауыттарын салған, отверточная площадка Советского Союза деп жүрді ғой. Белазды шығаратын солар, тоңазытқыштар шығаратын солар, телевизор мен ыдыс-аяқты да шығаратын солар. Бәрін солар шығаратын. Енді сол тауарлардың бәрін жанында тұрған Еуропаға бере алмай отыр ғой. Себебі Еуропаның тауарлары, бұл тауардан арзан, сапасы жоғары, бағасы төмен. Сондықтан, біз мына жерде үйреніп алайық жақсылап, содан кейін әрі қарай шығуымыз керек«,- деді президент.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...