«Бюджетаралық қатынастарды реттеудің де реті бар». «Үкімет бюджеттің жаңа нұсқасында 83 миллиард теңге дефицит болатынын заңдастырды». «Қазақ баласын асырап алуға америкалықтар орташа есеппен 30 мың доллар төлейді»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 9 наурыз 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Лауазымдылар қатарында әйелдер саны шектелсе де, тамыр-таныс пен көңілдеске қызмет табылады”. “…Бірте-бірте Орта Азияда жоғары қызметтегі көптеген әйелдер отбасы-ошаққасының мәселелеріне қайта оралулары мүмкін.

Бүкіл әлемде әйелдердің қоғамдағы және маңызды шешімдер қабылданатын жетекшілік қатарындағы салмағын қалай арттыруға болады деген мәселе үнемі талқыланып келеді. Орталық Азия үкіметтері парламент пен жоғары лауазымды қызметтер құрамына ондаған ғана әйелді енгізіп отыр.

Көптеген әйел белсенділер квота саясатын қолдап шықты. Бірақ квота жүйесіне сын айтушылар, кейбір ресмилердің әйел тамыр-таныстарын немесе отбасындағы әйел адамдарды жоғары қызметке тартуына жеңіл жол ашады дейді. Квота шектеуімен келіспейтіндер әйелдерді квота бойынша емес, кәсіби білігі мен біліктілігіне сай бағалау керектігін алға тартады”. Авторы: Фарангиз НАЖИБУЛЛА.

AIKYN.KZ. Бюджетаралық қатынастарды реттеудің де реті бар”. “Бюджет процесін жетілдіру, бюджетаралық қатынастарды реттестіру мәңгілік тақырып іспетті. Жұма күні Қасым-Жомарт ТОҚАЕВтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысында осы мәселеге арналған заң жобасы қаралды.

Сенат отырысында депутаттар “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет процесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын егжей-тегжейлі талқылады. Бұл заң жобасы түпкі нәтижеге бағдарланған бюджеттік жоспарлауды одан әрі жетілдіру, мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкестендіру, сондай-ақ республикалық және жергілікті деңгейдегі қаржы бақылау жүйесінің тұтастығын қамтамасыз ету мақсатында әзірленген-ді. Сенаторлар талқылау барысында бюджетаралық қатынастарды жетілдіру тұрғысында өз пікірлерін ортаға салып, осы саладағы олқылықтарды жою туралы ұсыныстарын айтты”. Авторы: Берік БЕЙСЕНҰЛЫ.

EGEMEN.KZ. “Индустрия және сауда министрінің интернет-конференциясы”. “2010 жылдың 10 наурызында сағат 15.00-де Bnews.kz порталында Индустрия және сауда министрі Әсет ИСЕКЕШЕВтің қатысуымен “Қазақстанның жаңа индустриялық саясаты” тақырыбында онлайн-конференция өтеді. Сұрақтар www.bnew.kz порталы немесе іnfo@bnews.kz электронды адресі бойынша қабылданады.

Сауалдарыңызды қазірден бастап қоя беріңіздер”.

DMK.KZ. “Тіршілік тірегі”. “Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Ақордада әйел-аналардың бір тобымен кездесіп, оларды төл мерекелерімен шын жүректен құттықтады.

– Бүгінгі таңда қыз-келіншектер мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне ер-азаматтармен қатар сүбелі үлестерін қосып жүр, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. – Көптеген әйелдер мемлекеттік басқару жүйесін, мәдениет, денсаулық саласын, білім мен ғылымды медицинаны дамытуға атсалысып жүргендігін атап өтуге тиістімін…

Сонымен қатар, Елбасы қалада да, ауылда да әйелдердің арқасында тіршілік етіп жатқан еркектердің де бар екендігін, мұндай масылдық пиғылға жол бермеу керектігін айта келіп, ер-азамат қашанда отбасының күнкөрісін қамтамасыз етулері керек. Еркектер әйелдерге тек 8 наурыз мерекесі күні ғана құрмет көрсетпей, оларды әрдайым қамқорлыққа алулары керек, – деді.

Жалпы, “Баласыз ана – жеміссіз ағаш” демекші, адамның байлығы балалардың санымен өлшенген ғой. Сондықтан да Қазақстанда мемлекет тарапынан анаға жасалынатын қамқорлық үнемі Елбасының басты назарында. Мәселен, 2008 жылы баланың тууына байланысты бір жолғы жәрдемақы екі есеге ұлғайтылды. Баланы күту жөніндегі жәрдемақы 1,6 есеге өсті. Өткен жылы мұндай жәрдемақыны 160 мыңнан астам қазақстандық отбасы алды. Ал, биылғы жылдан бастап, “Алтын алқа” наградасын он бала емес, жеті бала тәрбиелеген аналар алуда. “Күміс алқамен” алты бала тәрбиелеген аналар марапатталуда. Бұл марапатқа ие болған аналар ай сайын 8 мың теңге көлемінде мемлекеттен жәрдемақы алатын болады”.

Дефициттен – профицитке”. “Үкімет бюджеттің жаңа нұсқасында 83 миллиард теңге дефицит болатынын заңдастырды.

Жыл басталғанына екі ай толғанда 2009 жылдың күзінде талқылап, қабылдап бекіткен Қазақстан Республикасының 2010 жылғы бюджеті қайта қаралып, толықтырулар енгізіліп, оны “Нұр Отан” ХДП мақұлдап, Парламент қарауына ұсынды…

Үшіншіден – Қазақстан, Ресей, Беларуссия Кеден одағы қалай болғанда да өзінің оң нәтижесін беруі тиіс. Бұл ең алдымен үш мемлекет арасындағы сауда-саттық жүйесі бойынша тауарлардың іркіліссіз еркін қозғалысын қамтамасыз етіп, ақыр аяғында қаржы айналымын жеделдетеді. Сондай-ақ транзиттік тасымал да өсетіні анық. Қытаймен екі арада жасалған соңғы келіссөздер нәтижелі болса, ол екі мемлекеттің арасындағы алыс-берістің 15 миллиард доллар көлеміне жетуін қамтамасыз етеді. Бұларға қоса Мемлекет басшысының тікелей нұсқауымен “бизнеске қолайлы жағдай” туғызылатын болды. Салықтық жеңілдіктер де өмір ақиқатына айналады. Демек, кәсіпкерліктің, дәлірек айтсақ, шағын және орта кәсіпкерліктің жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап өсетін шағы келді. Осылардың өзі-ақ 2010 жылғы ішкі жалпы өнім өсімі бюджетте белгіленгендегіден кемі екі есе жоғары болатынына сендіріп тұрғандай...”. Авторы: Жұмабек ЖАНДІЛДИН.

ABAI.KZ. “…Сен жанбасаң лапылдап”. “Өткен аптада бiрқатар басылымдарда алматылық жастар өкiлдерiнiң ҚР президентi Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВқа, Парламент Сенаты мен Мәжiлiсiнiң төрағалары Қасымжомарт ТОҚАЕВ пен Орал МҰХАМЕТЖАНОВқа арналған ескертпе хаты жарияланған едi. Ол хаттың мазмұнын қысқаша қайырып айтар болсақ, Қазақстандағы қоғамдық-саяси ахуалға алаңдап, дөңгелек үстел басында пiкiр өрбiткен жастар  өздерiнiң саяси iспен айналысуға бел буғандарын жариялап, елде өзгерiс жасау керектiгiн талап етiп, жоғарыда аталған саяси билiк басшыларына ескертпе хат жолдаған болатын. Сонымен бiрге жастар 11 сәуiрде Алматыда жалпыхалықтық митинг ұйымдастыратындарын мәлiмдеген еді.

Саяси белсендiлiк танытып, қоғамға қозғау салуға тырысқан жастардың әрекетiне аға буын өкiлдерi не дейдi? Төмендегi сұраусалуға назар аударыңыз…”. Пiкiрлердi алған — Жұқамыр ШӨКЕ, “D” “Общественная позиция” (проект “DAT” № 09 (46) от 3 марта 2010 г.

MINBER.KZ. “Қазақ баласын асырап алуға америкалықтар орташа есеппен 30 мың доллар төлейді”. “The Economist басылымының хабарлауынша Гватемала елімен қатар Қазақстанда да бала асырап алу қызметін ұсынатын агенттіктер көп.

Еуропалық Комиссияның ресми өкілі Роэль ПОСТ – бала асырап алу ісін зерттеп жүрген бірден бір маман. Ол өзінің соңғы кітабын әлсіз әрі кедей елдерден бала асырап алушылардың мүддесін көздеп жүргендерге арнады.

Аталған тақырыпта зерттеу жүргізген келесі бір маман Уолф МУРРЕЙ Румыниядан 1900 бен 2000 арасында асырап алынған 30 000 баланың 20 000 қазір ұшты-күйлі жоғалған. “Әдетте соғыс немесе табиғи апаттардан соң, бала асырап алушы агенттіктер құзғындай қаптап кетеді” дейді Уолф Муррей. Олар көбіне баланы оңай жолмен асырап алуға назар аударады…

Америкада да бала асырап алу қызметін ұсынатын компаниялар жетерлік. Солардың бірі – For This Child, (ағыл. Осы бала үшін) деп аталады. Аталған ұйымның ресми сайтында Қазақстаннан бала асырап алуға ұсынылатын бағалар белгілеген. Ұсынылған қызмет түріне баланың күллі құжаттарын реттестіру, кеңес беру, Қазақстандағы бала асырап алу ісін жәрдемдесетін арнайы ұжымның қызметі, үй жалдау, Білім министрлігімен және балалар үйінің өкілдерімен кездесу, Алматы мен аймақта бала асырап алудың барлық қадамын түсіндіру және Білім және ғылым министрлігінің жұмысын түсіндіру кіреді. Осы қызметтері үшін америка компаниясы 21 000 АҚШ долларын алмақ.

Бұдан бөлек, есептелмеген тағы басқа да шығындар бар екен. Олардың ішіне балалар үйлеріне, ондағы тәрбиешілер мен тәрбиеленушілерге сыйлық беру де бар. Ол шамамен 500 доллар маңайында. Сонда жалпы есепте шамамен 30 мың АҚШ долларына Қазақстаннан бала асырап алуға болады”.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 9 наурыз. Kazakhstan Today — Германияда тас жолдағы тесіктерді 50 евроға сатуда, деп хабарлайды Kazakhstan Today NEWSru ақпараттық порталына сілтеме жасап.

«Германияның шығысындағы Нидерциммерн ауылы қаржы тапшылығына байланысты тас жолдағы тесіктерді сата бастады. Ауыл әкімшілігі мұндай қадамға жолдарды жөндеуге қаржы жинау үшін барған», — делінген хабарламада.

Портал мәліметінше, жол төсенішіндегі бір тесіктің құны 50 евроға тең. Ауыл басшылығы бұл ақшаға тесікті толтырып, оның үстіне сатып алушының жеке хабарламасын жазып қоюға уәде береді.

Тас жолдағы кейбір тесіктерді телеарналар мен газеттер сатып алып, сол арқылы өздерін жарнамалауда.

Неміс сарапшыларының пікірінше, қар көп және аяз қатты болған биылғы қыстағы бірнеше айдан кейін елдегі жолдардың 40% -ына ақау келген. Жергілікті билік рецессияға байланысты оларды жөндеуге асығар емес, деп жазады NEWSru.

Алматы. 9 наурыз. Kazakhstan Today — Түркияда жер сілкінісінің салдарынан 57 адам қаза тапты, деп хабарлайды Kazakhstan Today «Вести.Ru» сайтына сілтеме жасап.

Түркияда бүгін зілзала құрбандарын жерлеу рәсімі басталады. Қаза тапқандардың тізімінде 57 адам бар, ал 70-тен астам адам жараланды.

Магнитудасы 6,2 балл бірінші жер асты дүмпулері кеше таңертең Анкарадан шығысқа қарай бес жүз шақырымда тіркелген. Бірнеше минуттың ішінде алты ауыл қирап, жүздеген үй құлады. Әлсіз жер асты дүмпулері кеше күні бойы жалғасты.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ