AZATTYQ.ORG. “Жәкішевке прокурор 14 жыл сұраса, адвокаттары айыптардың дәлелденбегенін айтады”. “…Қазатомпром” ұлттық атом компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар ЖӘКІШЕВ пен оның оққағары Талғат ҚЫСТАУБАЕВқа қарсы қылмыстық іс бойынша сот процесі аяқталуға жақындап қалған тәрізді. Астана қаласы №2 Сарыарқа аудандық сотында өткен жұма күні тараптардың жарыссөздері басталып, сейсенбі күні әрі қарай жалғасты. Соттың есігі іске қатысушылардан басқаларға жабық….”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.
“Жаңаөзендегі мұнайшылар наразылығы жалғасуда, ал Ақтауда арнайы штаб құрылған”. “70 пайыз аймақтық коэффициентті бұлдаудың қажеті шамалы”…. Мұнайшылар талап еткен экологиялық зардап үшін берілуге тиісті аймақтық коэффициент өзгеріссіз қалғанымен бұл наразылық білдірушілердің көңілін көншіте қойған жоқ. Өйткені, аймақтық коэффициент міндетті төлем деп түсіндіреді “Жөндеу” ЖШС кәспіодақ ұйымының төрағасы Ыхылас ШАҢГЕРЕЕВ. Себебі, Жаңаөзеннің экологиялық ахуалын сөзбен жеткізуге келмейді. — Жаңаөзенде ешнәрсе өспейді. Мұнда барлық заттар тек шеттен тасымалданады. Жаздың 50 градус аптабын, қыстың боранды аязы мен қаладан бір жарым ғана шақырым жерден басталатын, кейбірі алаң ашық жатқан мұнай ұңғымаларын ескерсе, 70 пайыз аймақтық коэффиценті бұлдаудың қажеті шамалы. Жұмысшылар бұл әңгіме енді көтерілмеу үшін оны заңдастыруды және 2009 жылдан бері берілмей келе жатқан 1,8 “салалық” коэффициенті де талап етіп отыр, — дейді ол…”. Авторы: Сәния ТОЙКЕН.
AIKYN.KZ. “Балық шаруашылығындағы былық”. “Жайық жағалауындағы халықтың ғана емес, еліміздің ырысына үлес қосқан байырғы балық шаруашылығы пайда әкелуден қалып барады. Бағалы байлығымызға қол сұғып, сонау Ресей арқылы келетін браконьерлер легі әлі күнге толастар емес. Қос моторлы жүйрік қайыққа мініп, бекіре тұқымдас балықтарды аулауда өздеріне кедергі келтіргендерді жайпап салуға дайын олар бүгіндері теңізге бес қаруын асынып шығатын болды.
Бағасы алтынмен пара-пар бағалы балықты қорғауда облыстағы тиісті сала жұмыстары сын көтермейді. Балық қорын молайту жөніне қалып, шет жерден келетін браконьерлер де тәңірдің бізге сыйлаған нәсібесіне аяусыз қол сұғатын әрекеттерін тым күшейтіп жіберді. Содан да болар, заңсыз ауланған балықтар облыс аумағынан асып, шетелге заңсыз жолмен тасымалданатын жағдай жиі орын ала бастады. Ақыр аяғында әбден күрделеніп кеткен балық қорғау ісіне жауапты салалас министрліктер мен олардың облыстағы құрылымдары арасындағы жұмыстардың пәрменсіздігі жергілікті атқарушы билікке бұл саладағы жұмыстарға араласудан өзге амал қалдырмады. Ақиқатында Елбасы тарапынан бұл салаға мемлекеттік монополия орнату мәселесі шешілген соң атқарушы билік бұл проблемамен күресуге бел буды. Облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ аймақтағы балық аулауға қатысты қазіргі күні қалыптасып отырған жағдайға байланысты жиын өткізіп, келеңсіздіктерді ашық айтып берді…”. Авторы: Тұрсын ҚАЛИМОВА , Атырау облысы.
EGEMEN.KZ. “Жол картасы” және оң өзгерістер”. “Мемлекет басшысының сындарлы саясатының нәтижесінде ел экономикасының дамуына ықпал ететін маңызды бағдарламалар кезең-кезеңімен өмірге жолдама алып отыр. Осылайша қазақстандықтардың қөңілінен шыққан, әрі әлеуметтік жағынан қорғалуын көздеген “Жол картасы” бағдарламасының орны ерекше деуге толық негіз бар.
“Жол картасының” басталуына дейін жалпы жұмыссыздық деңгейі облыста 6,8 пайызды құраса, байыпты жұмыс нәтижесінде өткен жылдың аяғында едәуір төмендеді. Облыста инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін 19597 жұмыс орнын құруға 12,7 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінсе, әлеуметтік жұмыс орындарын құру және жастар практикасы бағдарламаларын кеңейтуге республикалық бюджеттен – 728 млн. теңге, кадрларды даярлау мен қайта даярлауға 1,1 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылып, көптеген жұмыстардың тиянағы келтірілді. Мәселен, шешімін күткен 303 жоба қамтылып, оның 58-ін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары, 95-ін жол жөндеу жұмыстары, 87-сін әлеуметтік, 63-ін қалалардағы және ауылдардағы әлеуметтік-мәдени орындар құрады. Осы аталған жұмыстарға 19847 жұмыс орны құрылып, орналастырылғандардың 82 пайызы немесе 16276 адам жұмыспен қамту органдарының жолдамасы арқылы жіберілгенін атап айтқан жөн…”. Авторы: Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
“Болашағы зор Кедендік одақ”. “…Кеден одағы еліміздің экономикасын дамытуға өрлеу бола алады. 2009 жылы кеден органдарының күші Кеден одағының нормативтік-құқықтық қорын қалыптастыруға, кеден тәртібін оңайлатуға және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталды. …Кеден одағының Кеден кодексіне қатысушы мемлекеттердің заңнамасына 182 сілтемелік норма көзделген. Осыған байланысты, қолданыстағы ұлттық кедендік заңнаманы ретке келтіру талап етіледі. Бұдан басқа, ұлттық кодексті қабылдау, салықпен реттеу, жеке кәсіпкерлік, көлік, ветеринария, денсаулық сақтау, қылмыстық және әкімшілік қудалау саласындағы заңнамаларды біркелкі қолдану қажеттілігіне байланысты еліміздің жаңа Кеден кодексін әзірлеу қажет, онда ұлтаралық заңнамамен реттелмеген құқықтық қатынастарды реттеу қажет. Әкімшілік кедергілерді жою және Қазақстанның кедендік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізуді оңайлату мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті бірқатар шараларды жүзеге асырды…
Кеден органдарының қызметі еліміздің дамуына үлкен ықпалын тигізеді. Мәселен, 2009 жылы кеден органдары кедендік төлемдер мен салықтардың бюджетке 575,4 млрд.теңге түсуін қамтамасыз етті. Болжамды тапсырманың орындалуы 105,5% құрады. Пост кедендік бақылаудың нәтижелері бойынша 95,8 млрд. теңге қосымша есептелінді, бұл 2008 жылмен салыстырғанда 6,3 есеге көп, 50 млрд. теңге өндіріп алынды. Құқық қорғау саласында да көптеген жетістіктерге жете білдік. Өткен жылы 969 қылмыстық және 10607 әкімшілік іс қозғалды…”. Авторы: Қозы-Көрпеш КӘРБОЗОВ, Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы.
“Өміріміз өзектес өзбек елі”. Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Б.ЖЕКСЕМБИНМЕН.
“-Бөрібай Биқожаұлы, бүгінгі әңгімеміз Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың Өзбекстан Республикасына ресми сапары қарсаңында реті келіп отырғандығымен ерекше екені анық. Осы орайда Қазақстан мен Өзбекстанның екіжақты қатынастарының қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз? Біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі даму перспективаларын қалай елестетесіз?
— Қазақстанның сыртқы саясатында зор саяси, экономикалық және адамдық ресурстарға ие болып отырған Өзбекстанмен өзара тиімді қатынастарды нығайтуға үлкен маңыз беріледі. Біздің елдеріміз қашанда ынтымақтаса іс-қимыл жасауға және мәмілеге келуге ұмтылып отырған, өйткені, бұл – берік және тұрақты қатынастарды қамтамасыз етудің алғышарты. Қазақстан мен Өзбекстан аумағы, халқы, экономикасы мен табиғи ресурстары тұрғысынан алғанда Орталық Азиядағы жетекші мемлекеттер екендігі де екіжақты қатынастардың маңызды факторы болып табылады…
– Сіз Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Өзбекстанға алдағы сапарына байланысты не айтар едіңіз?
– Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Өзбекстан Республикасына үстіміздегі жылдың 16-17 наурызында болатын ресми сапары екіжақты қарым-қатынастарды барынша жоғары жаңа сапалық деңгейге шығаруға мол мүмкіндік, тың серпін береді деп үміттенеміз. Қазақстан үшін Өзбекстанмен өзара іс-қимылдарды жандандыра түсуге қол жеткізу, халықаралық аренада екі елдің бастамаларын жан-жақты қолдау аса маңызды.
Ынтымақтастықтың тағы бір үлкен бөлігі сауда-экономикалық бағыт болып табылады, ол қазіргі күнде жаңа талаптар мен көзқарасты қажет етеді. Осы орайда өзара сауда мен инвестицияларды жандандыру мәселелері Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің жіті назарындағы тақырып болмақ.
Сапар барысында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Президенттерінің Бірлескен мәлімдемесіне, дипломатиялық өкілдіктер ғимараттарын салуға жер учаскесін өзара бөлу туралы үкіметаралық келісімге және Сыртқы саясат ведомстволары арасындағы ынтымақтастықтың 2010-2011 жылдарға арналған бағдарламасы мен басқа да бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылады деп жоспарлануда…”. Әңгімелескен Самат МҰСА.
“70 жыл бойы сахнадан түспеген туынды”. “…Айталық, қазақ опера өнерінде өзіндік орны бар А.ЖҰБАНОВ пен Л.ХАМИДИдің “Абай” операсының тарихы, драматургиясы музыкатанушы мамандар тарапынан зерттеліп, кезінде өз бағасын алған да болатын. Театрда алғаш қойылғаннан бастап сахнадан түспей келе жатқан осы шығарманың көркемдік құны аса жоғары. Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театры сахнасына Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫның 100 жылдығын тойлау салтанаты қарсаңында қойылғаннан бері неше онжылдықтар өтсе де “Абай” операсы аталмыш театр репертуарының көркі болып келеді. М.Әуезовтың драма театр сахнасына арналған трагедиясының сахнадағы екінші ұзақ ғұмыры опера жанрының негізі – музыкалық драматургия арқылы қайта түледі...”. Авторы: Амангелді МҰҚАН, театртанушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері.
“86-шы көктем”. “– Есіңізді білмейтін кезгі көктем, кейін ойыңызда қалай жаңғырып жүрді?
– Мен оған “анамнан айырылған көктем” деп қарғыс шүберегін байлап қойғанмын. Өзім 1924 жылдың 17 қазанында Ақмола облысы, Астрахан ауданының Жарсуат ауылында дүниеге келіппін. Есім кірмеген бір көктемде анам өзге ошақтың отын жағып, шаңырағымызды ортасына түсіріп кетіп тынса керек. Сөйтіп, балалар үйін паналаппын. (Қадекеңнің мұңлы жанарын күйдіргі ой қарығандай болды): “Көктем табиғатты жасартады, Ана адамзатты жаңғыртады. Анамнан айырған көктемге лағынет айтып қаламын кейде…”
– Қай көктем мейіріміңізді оята алды?
– Әкем Бекен Құсайынов 1937 жылы мені Новочеркас селосындағы балалар үйінен өз отбасына әкелгенде, өмірге қайта туғандай болдым ғой. Мен оны “ошағыма оралтқан көктем” деп, ыстық мейіріммен атаймын.
– Етбауыр жақыныңызға қатысты қиын көктем болды ма?
– Болды. Әкем 1942 жылдың 16 сәуірінде майданға аттанды. Жер бауырлап жатып алып, жылағаным есімде. Төрт айдан кейін өзім сұранып соғысқа кірдім…”. Авторы: Қайсар ӘЛІМ, Астана.
ALASHAINASY.KZ. “Басшысы білімсіз болса, құрылыс қайдан оңалсын?”. “Үкіметтің кешегі селекторлық отырысы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік НОКИНнің “майданымен” басталып, күтпеген жерден төтенше жағдайлар министрі Владимир БОЖКОның “байбаламымен” аяқталды.
Нокин нұқып айтты. Отырысқа үш бірдей баяндама құшақтап, тас түйін келген Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігінің төрағасы Серік Нокин ойда жоқта білімсіз мамандарға қарсы “майдан” ашатынын жариялап жіберді. Себебі еліміздегі жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары бірінші басшыларының төрттен бірінің құрылыс саласына қатысты арнайы білімі жоқ екен. Серік Нокин мырзаның сөзіне сенсек, елімізде шатқаяқтап тұрған құрылыс нысандарына дағдарыстан бұрын осындай біліксіз басшылар қауіптірек секілді. “Қазіргі уақытта еліміздегі жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары бірінші басшыларының 25 пайызының арнайы білімі жоқ. Тұтастай алғанда, бақылаушы органдардағы кадрларды дайындау деңгейінің өте төмендігін атап өту қажет. Мәселен, соңғы жоспарлы аттестаттау барысында жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының 70 қызметкерінің 29-ы немесе 41,1 пайызы аттестациядан өтпей қалды”, деген Серік Нокин құрылыс саласын түбегейлі реформалау үшін жаңа құжат Қазақстан Республикасының құрылыс техникалық регламенті әзірленетінін мәлім етті.
“Елімізде озық елдердің тәжірибесі бойынша Қазақстан Республикасының құрылыс техникалық регламенті әзірленетін болады. Құрылыстың барлық компоненттерін, атап айтқанда, нормативтік базасын, қадағалау және бақылау жүйесін түбегейлі өзгерту қажет. Осы жағдайда ғана реформа табысты бола алады. Үкімет бекітетін бұл құжат құрылыс саласының техникалық конституциясы болуы тиіс”, деді ол.
Ол сондай-ақ отырыста арзан үй аламын деген азаматтарға жаңа бағдарлама әзірленіп жатқанын атап өтті. “Жобаны Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігі мен Тұрғынүй жинақбанкі бірлесіп жасап отыр”, деген ол бірінші кезекте Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларында 745 пәтер салып береміз деп уәде етті. “Астанада 364 пәтер, Алматыда 285, ал Ақтөбе облысында 96 пәтердің құрылысы аяқталмақ. Жоғарыда аталған үш аймақта жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 7,7 млрд теңге қаржы керек. Жергілікті әкімшіліктердің алдын ала есебі бойынша Тұрғынүйқұрылысжинағы арқылы берілетін пәтерлердің шаршы метрі Алматыда 142 мың теңге немесе 950 доллар, Астанада 121 мың, ал Ақтөбе облысында 90 мың теңге”, деді ол.
Бүгінгі күні Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінің 17 мыңдай салымшысы бар екені белгілі. Жаңа жүйе бойынша кез келген қазақстандық азамат тұрғын үйге қол жеткізе алады. Нокиннің бұл жобасы өзге облыс басшылары тарапынан да қолдауға ие болып жатты. “Тұрғынүйқұрылысжинағы жүйесі бойынша пәтер алу механизмі қарапайым әрі қолайлы, сондықтан бұл жоба бүкіл аймақты қамтыса”, дейді өзге облыс әкімдері…”. Авторы: Бүркіт НҰРАСЫЛ.
ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Думанға” кіріп, дал боп шықтық”. “Қайсы бір азамат болсын өз елінің артықшылығын естігісі, мақтан тұтар тұстары болса көргісі келіп тұрары анық. Оның үстіне “100 рет естігеннен бір рет көрген артық” демекші,
бір топ достарымызбен биылғы жаңа жылды жаңадан бой түзеп келе жатқан бас қаламыз – Астананы бір көріп қайтуға бел шешіп, жолға шықтық. Мақсатымыз – жаңадан бой көтеріп келе жатқан жас қаланың әсемдігін өз көзімізбен көріп, еліміздің сырына қанығу, соңғы салынған әсем ғимараттарды тамашалау.
Астана туралы айтқанда, ауызға алғаш ілігетіні – 2003 жылдың мамыр айынан бастап пайдалануға берілген “Думан” ойын-сауық орталығы және оның “Мұхитаралы”. ТМД бойынша тұңғыш рет Астанадан ашылған, су қоры 3 миллион литрді құрайтын, теңіз жәндіктерінің 100-ден астам түрі мен 2 000-нан артық теңіз тұрғындары тіршілік ететін бұл жерді көруге кім құмартпас? Алайда, сол ғажайыпты, ең алдымен, еліміздің өз азаматтары көрмесе, оның біздің елімізде салынғанынан не пайда?! Біз де Астананы аралауды, ең алдымен, “Думаннан” бастағанды жөн көрдік. “Думанға” кіруің, яғни есіктің бергі бетінен арғы бетіне өткенің адам басына 100 теңге екен. Ал ішіне еніп алған соң, “Мұхитаралға” кіруің адам басына 1000 теңге болса, “Джунглиді” тамашалау 2000 теңге екен. Сонша жерден әдейілеп осыларды көруге келе отырып, қалайша суретке түспей кетерсің…”. Авторы: Қуаныш ЕРМЕКОВА.
ZHASALASH.KZ. “Тәуелсiздiкке төнген қауiп бар”. “Кедендiк одақ тәуелсiздiктi тәрк етедi. Үштiк одақ түптiң түбiнде одақтық мемлекет құруға апарып соқтырары анық. Сондықтан мәселе ушықпай тұрғанда, кедендiк одақ туралы келiсiмдi денонсациялап, бұл одақтан бас тартқан жөн. Бiз пiкiр сұраған сарапшылардың барлығы бiр ауыздан осындай тоқтамға келдi…”. Жазып алған – Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.
“Елена Хрусталева: Мылтығымнан медалiм ауыр”. “Өткен аптада Алматыда биатлоннан Ванкувер олимпидасының күмiс жүлдегерi Елена ХРУСТАЛЕВА бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз мәслихатын өткiздi. Журналистердiң басын қосқан жиынға елiмiздегi биатлон қауымдастығының президентi Владимир СМИРНОВ та қатысты. Бұған дейiн Ресей мен Беларусь елiнде өнер көрсетiп келген Елена Хрусталеваның Қазақстан азаматтығын алғанына да бiраз жылдың жүзi болды. 2007 жылы Қытайдың Чангчун қаласында өткен Азия ойындарында ел қоржынына қос медаль салған Е.Хрусталева БАҚ өкiлдерiнiң алдында ағынан жарылды.
– Қазақстанға келгенiме көп уақыт өте қоймаса да, бұл елдiң маған деген ықыласы ерекше болды, – дейдi Олимпиада ойындарының күмiс жүлдегерi Е.Хрусталева.
– Олимпиада ойындарының қарсаңында Қазақстанның спорт басшылары кем дегенде үздiк бестiкке кiру туралы талап қойды. Ойындардың екiншi күнi 7,5 шақырым қашықтықта мәре сызығын бесiншi болып кестiм. Өзiмнен бiраз қателiктер кеттi, оны мойындаймын. Бiрақ алған бетiмнен қайтпадым.15 шақырымдық жарысқа түскенде сол қателiктердiң орнын толтырдым деп ойлаймын. Нәтижесiнде қазақ халқы көптен күткен медальға қол жеткiздiм. Қазақстанға алғаш келгенiмдегi мақсатым да Олимпиада медалiн жеңiп алу едi. Мен өз мақсатымды орындадым. Ендi Алматы мен Астанада өтетiн қысқы Азия ойындарында мiндеттi түрде алтын медаль алуға тырысамын. Қазақстан халқы Азия ойындарында маған үмiт артатынын да бiлемiн. Елiмiздiң маған деген ерекше ықыласын байқадым. Олимпиада ойындарынан келе салысымен баспаналы болдым. Бұл мен үшiн өте қуанышты жайт. Баспасөз мәслихатына қатысқан Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов былай дедi: – Дәл қазiр қысқы спорт түрлерiне елiмiздегi спорт басшылары жақсы қолдау көрсетiп отыр. Бұйырса келесi жылы өз елiмiзде қысқы Азия ойындары өтедi. Сол додада елiмiздiң шаңғышылары жоғары жетiстiкке жетедi деп сенемiн. Әсiресе, Елена сияқты биатлоншыларға үмiт артамыз. Өкiнiшке қарай, Ванкуверде Еленадан басқа биатлоншыларымыз жоғарғы жетiстiкке жете алмады. Қысқы Азия ойындары қыр астында. Уақыт тез өте шығады. Сондықтан дайындықты қазiрдiң өзiнен бастап кеткенiмiз жөн…
Елена Хрусталева баспасөз мәслихатына күмiс медалiмен қатар сол медальдi “атып алған” мылтығын да ала келiптi: “Мылтығым мен медалiмдi баспасөз мәслихатына арнайы алып келдiм. Ауыр дейсiз бе? Жоқ, медальға қарағанда мылтығым жеңiл сияқты. Күмiс медальдiң көтерер жүгi өте ауыр”, – дейдi Е.Хрусталева”. Дайындаған Төлеубек ӘДІЛБЕКҰЛЫ.
ZAMANDAS.KZ. “Жетімдер”. “…Өткенде Елбасы 8-наурыз мерекесіне орай аналарды қабылдады. Шәй берді. Сол кезде қазақтың даңқты ұлы Бауыржан МОМЫШҰЛЫның келіні Зейнеп апай АХМЕТОВА ұлт тәрбиесіне қатысты келелі ойларымен бөлісті. Аружан САИН жетім балалардың жайын сөз етті. Елбасы елең етті.
Сол жиналыстан кейін премьер МӘСІМОВ тағы бір жиын ашты. Осы жиынның үстінде жетімдердің мәселесі сөз болды. Кәрім Мәсімов Әділет һәм Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне нақты тапсырма берді. Жетімдер мен жетімдер үйінің ау-жайын анықтап, бар мәселені пысықтауға тапсырды. Сондай-ақ алдағы уақытта жетімдер мәселесіне орай арнайы Үкімет сағатын өткізуге де болатынын айтты.
Жалпы, жетімдер мәселесін ат-үсті қарай салуға болмайды. Тыңғылықты зерттеуді талап етеді. Мысалы, Аружан Саинның айтуынша, қазір өркениетті елдерде Жетімдер үйі жоқ. Неге? Өйткені жетімдерді асырап алушылар көп. Ал бізде жетімдердің мекені күнен-күнге артып бара жатыр. Сондықтан мұны заңнамалық тұрғыдан шешіп алмайынша, іс алға баспайды.
Шіркін, сол заңға “баласын тастаған көкек аналар өлім жазасына дейін кесіледі” деген бап енгізсе ғой…”. Авторы: Н.ҒАЛЫМЖАНҰЛЫ.
KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 10 наурыз. Kazakhstan Today — Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ серпінді индустриялық даму бағдарламасын жүзеге асыру бойынша үкіметпен және облыс әкімдерімен кеңес өткізеді. Бұл туралы бүгін өткен мәжілістің отырысында ҚР үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.
«Жұма күні мемлекет басшысы үкімет пен облыс әкімдерінің басын қосып, барлық жайттарды талқылап, мәселені төтесінен қоятын болады», — деді Кәрім Мәсімов.
«Үкіметтің серпінді индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жобасы қабылданып, мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді», — деді ол.
Алматы. 10 наурыз. Kazakhstan Today — Жетекші мұнай биржаларында 2010 жылдың 9 наурызындағы сауда-саттық қорытындысы бойынша мұнай бағасы төмендеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today «РосБизнесКонсалтинг» агенттігіне сілтеме жасап.
«Алдағы айға мұнай фьючерсінің ресми бағасы мынадай болды: Лондонда InterContinental Exchange Futures биржасында — IPE Brent Crude мұнайының бір баррелі үшін баға $79,91 (-0,56); Нью-Йорктегі New York Mercantile Exchange биржасында Light, Sweet Crude Oil мұнайының баррелі $81,49 (-0,38) болды «, -делінген хабарламада.
Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ


