«Кеден одағы: дақпырт пен шындық». «Депозиттерден кейін несиелер де арзандауы мүмкін». «…Мәжіліс мақұлдаған «Көп әйел алуды заңдастыру» туралы заң жобасы Сенат депутаттарының қарауына жіберілді…»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 2 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Орта Азияға сапармен шыққан БҰҰ бас хатшысына адам құқығын қорғаушылар өтініш айтты”. “…Бейсенбі күні ПАН ГИ МУН Түркіменстан астанасы – Ашхабад қаласына тоқтады. Бұл елде екі күн аялдайтын бас хатшы одан кейін Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстанға келеді.

Осының қарсаңында Азаттық радиосына берген сұхбатында “Хьюман Райтс Уотч” халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйымның Еуропа және Орталық Азия бөлімі директорының орынбасары Рейчел ДЕНБЕР, аймақтағы мемлекеттердің басшыларымен кездесуде БҰҰ-ның бас хатшысының адам құқығы мәселесін көтергенін қалайтындығын мәлімдеді.

“Әлемдік ең маңызды ұйымның басшысы – БҰҰ-ның бас хатшысынан адам құқығы мәселелерін көтеруін сұрау арқылы, бұл мәселелердің маңызды екендігін көрсеткіміз келеді. Аймақтағы адам құқығы мәселелерін бас хатшының өзі көтерсе, Орталық Азия басшылары жауаптан бас тарта алмас еді”, – деді Денбер….

… Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның мониторингке жауапты редакторы Андрей ГРИШИН Астанадағы кездесулерде Пан Ги Мун, ең бірінші кезекте, Қазақстандағы сот жүйесінің тәуелсіздігі мәселелерін көтергені дұрыс болар еді деп есептейді…”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

AIKYN.KZ. “Ортақ валюта қажет пе?”. “Қазақстан, Белоруссия, Ресей Кедендік үштік одағы өмірге келгеннен бері ортақ валюта жайлы әңгіме әртүрлі деңгейде қозғала бастады. Солардың ішінде “Айқын” газетінің де пікірі болған. Десек те, бұл мәселеге қайта оралып соғуға тура келді. Оның өзіндік себебі бар.

Мәселеге қайта айналып соғудың басты себебі — іргедегі екі алып көршіміз Ресей мен Қытайдың өзара сауда айналымында ұлттық валюталарымен есеп айырысу жөніндегі келіссөздерді бастағаны. Өйткені соның бірі Ресей Федерациясы — біздің Кедендік одақтағы басты әріптесіміз. Егер басты әріптесіміз Қытаймен сауда-саттықта екі елдің ұлттық валюталарына жүгінетін болса, онда жалпы Қазақстан үшін Кедендік одақтың ортақ валютасы өз маңызын жоғалтатын секілді. Пікірімізді дәлелдеп көрелік. Қазақстанның экспортында Ресей Федерациясы — 35, Қытай Халық Республикасы — 12, Белоруссия — 1 пайыздық үлеске ие. Қытай жағы бұл көрсеткішті 15 пайызға жеткізуге құлшынулы. Біздің болжауымызша, бұл оңай алынатын асу, ол — ол ма, мұнай-газ құбыры толық қуатында іске қосылғанда бұл көрсеткіштің 20 пайызға жетіп қалуы әбден мүмкін. Ал Кедендік одақ оған мүше болған үш елдің өзара тауар алмасу деңгейін көтеру үшін құрылғаны белгілі. Солай болады да. Демек, Қазақстанның экспорттық әлеуетінде Қытай мен Ресей ғана 60 пайыздық үлесті иемденуі әбден мүмкін. Оның ішінде Ресейдің үлесі 40 пайызға жетуі көп күттірмей-ақ ақиқатқа айналар. Осының бәрін ой сарабынан өткізген соң, жоғарыда айтқанымыздай “бізге Кедендік одақтың ортақ валютасы қажет пе?” деген орынды сұрақ туады.

Кедендік одақтың ортақ валютасы сөз жоқ болашақтың бір пайдалы ісіне айналады. Бірақ оған әзірше асықпасақ та ештеңеден ұтылмаймыз. Кедендік одағымыз еркін экономикалық аймаққа ұласып, сонан соң өзінің тартымдылығын дәлелдеп, ақыр аяғында аумағын кеңейтер болса, әрине, ортақ валюта қабылданады. Әзірге үш валюталы экспорт-импорт айналымында жұмыс істегеніміз тиімдірек. Олар — юань, рубль, доллар. Егер қажет деп тапсақ, біз де теңгемізді аталған әріптестермен экспорт-импорт өтемі құралы болуға шығарсақ та ұтылмаймыз. Қысқасы, әзірге егер Қытай мен Ресей экспорт-импорт айналымында өздерінің ұлттық валюталарының қызметіне жүгініп жатса, Кедендік одақтың ортақ валютасы туралы әңгіме қозғаудың қажеті жоқ”. Авторы: Таңшолпан БЕКБОЛАТ.

Депозиттерден кейін несиелер де арзандауы мүмкін”. “Сәуірдің 1-інен бастап қазақстандық депозиттерді кепілдендіру қоры жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақы ставкасын төмендетіп тастады. Енді қандай банкке қандай депозит салсаңыз да, оның сыйақысы теңгемен 10 пайыз, шетел валютасымен 7 пайыздан аспайды. Айта кетсек, бұрын бұл көрсеткіштер тиісінше, 11,5 және 8 пайыз болатын….

Айта кетсек, қазақстандық депозиттерді кепілдендіру қорының жеке тұлғалардың депозиттері бойынша максималды ставкаларды төмендету жөніндегі бұл шешімі банктер арасында мықты, сапалы бәсекелестіктің орнауына септігін тигізеді. Өйткені пайыздық ставкалардың көлемін жоғары деңгейде тағайындап, клиенттер үшін күресетін банктер кейде нарықта белгілі бір тепе-теңсіздіктердің пайда болуына жол ашып келген. Сыйақысы тым жоғары банктер салымшының көзіне сенімді банк болып көрінуі мүмкін. Нәтижесінде төмендеу сыйақы ұсынатын, бірақ өзі тұрақты болып табылатын екінші деңгейлі банктер ұтылып қалады. Қазір сыртқы нарықтар жабық тұр, елдегі қаржылық құрылымдар үшін қаражат тартудың жалғыз ғана жолы — халықтың ақшасын тарту әдісі қалды.…”. Авторы: Марк СЕЛБИЕВ, Алматы.

EGEMEN.KZ. “Кеден одағы: дақпырт пен шындық”. “Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің Кеден одағына біріккендігі белгілі. Бұл одақ бірден, яғни күтпеген жерден басталып кеткен жоқ. Соңғы үш-төрт жылдың аясында жүргізілген дайындық жұмыстарының нәтижесінде пайда болды. Қазіргі күні ол ТМД аясында қалыптасқан экономикалық бірлестіктер мен интеграциялық үрдістердің ең дамыған түрі болып табылады…

Егер Кеден одағына бірігу оқиғасының өзіндік тарихына назар аударатын болсақ, Қазақстан жоғарыдағы аталған елдермен, сондай-ақ ТМД-ның басқа да елдерімен еркін сауда аймағын құрып, оған қатысушылар бір-бірімен сауда жасағанда өзіндік жеңілдіктерді пайдаланып келген болатын…

…Яғни осы үш ел шығаратын және бір-біріне саудалайтын тауарлар мемлекеттік шекаралардан өткен тұста олардан бұдан былай кедендік алым алынбайтын болды. Сонымен қатар осы үш ел Кеден одағына біріккен соң өздерінен тыс үшінші бір елге қатысты бірыңғай сауда саясатын жүргізуге тиіс. Бұл саясат төмендегідей бағыттардан тұрады:

— бірыңғай кеден тарифтерін қарастыратын бірыңғай кедендік тарифтік саясат;

— тарифтік емес реттеудің бірыңғай шараларын бірлесе отырып қабылдап, өмірге енгізу;

— елдердің ішіндегі кеден заңдылықтарының біріздендірілуі.

Қазіргі күні Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыру жұмыстарын аяқтауға бағытталған 38 халықаралық келісім қабылданды. Мұның сыртында Кеден одағының аясында, ЕурАзЭҚ шеңберінде қабылданған 13 халықаралық келісім әрекет етуге кірісті. Кеден одағының жұмысын ретке келтіріп отыратын негізгі органдар құрылды.

Кеден одағының ең жоғарғы органы Мемлекет басшылары немесе Үкімет басшыларының кеңесі болып табылады. Онда қабылданған шешімдерді жүзеге асыру одақтың негізгі жұмысшы органы – Кеден одағы комиссиясына тапсырылады. Мемлекет басшыларының 2007 жылдың 6 қазанында қол қойған келісіміне сәйкес Кеден одағы комиссиясының шешімдері осы үш елдің мемлекеттік аумақтарында бірдей қолданылады. Сонымен қатар комиссия тиімді жұмыс істеу үшін оған кедендік тарифтік және тарифтік емес реттеу саласында бірқатар өкілеттіктерді беру жоспарланып отыр және жүзеге асу үстінде.

Әрбір мемлекет Кеден одағы комиссиясына өзінің бір өкілін ұсынады. Ол өкілдердің әрқайсысы бір-бір дауысқа ие. Қазіргі күні осындай тәртіппен Кеден одағында үш өкіл жұмыс істеуге кірісті. Олар: Қазақстан жағынан – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Ресей жағынан – Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Игорь ШУВАЛОВ, Беларусь жағынан – Беларусь Республикасы Үкіметі Төрағасы-ның орынбасары Андрей КОБЯКОВ…”.

TURKYSTAN.KZ. “Төменгi меже 50 баллға өстi”. “Сынақ тапсырудың – ұлттық бiрыңғай тест жүйесi енгелi берi түрлi өзгертулерге ұшырап келедi. Былтыр мектеп бiтiрушi түлектер жоғары оқу орнына түсу үшiн кемiнде 45 балл жинау қажет болса, биыл бұл көрсеткiш 50 баллға көтерiлдi. Ал медицина саласында бiлiм алғысы келетiндерге меже бұрынғысынша 60 балл болып, өзгерiссiз қалды. Сынақ науқаны республика бойынша маусымның 3-11 аралығында өтпек. Мектеп түлектерi әдеттегiдей 5 пән бойынша бiлiмiн сынайды. Сынақтың әдiл өтуiн Ұлттық қауiпсiздiк комитетi қадағаламақшы. Талапкерлер ҰБТ-не қатысатындығы туралы арызды сәуiрдiң 1-25 аралығында бере алады…”. Авторы: Д.ДҮРМӘН.

ALASHAINASY.KZ. “Көп әйел алу заңмен бекітілді”. “Көп әйел алу және оны заңдастыру мәселесі Парламент депутаттары тарапынан арагідік сөз болып келе жатқаны баршамызға мәлім. Қоғамда да біраз жылдан бері қозғалып келе жатқан екі әйел алуды заңдастыру мәселесі сәрсенбінің сәтті күні шешімін тапты.

Соңғы Парламент сайлауының нәтижесінде депутаттар арасында нәзік жандылардың да саны арта түскен еді. Алайда көпшіліктің қолдауымен аталған заң жобасы мақұлданды…

Мәжіліс мақұлдаған “Көп әйел алуды заңдастыру” туралы заң жобасы Сенат депутаттарының қарауына жіберілді. Егер жоғарғы палатадан сүрінбей өтсе, аталған заң жобасы Елбасының қол қоюына жіберіледі”. Авторы: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ.

Орал су ішіндегі аралға айналып жүрмесін!..”. “Орал қаласының төтенше жағдайлар басқармасы шаһарды тасқын судан сақтандыру мақсатында тәулік бойы қызметке көшкеніне біраз уақыт болды. Кезекшілік қызметінің тәулік бойы істейтін телефонына да тыным жоқ. Тұрғындар үйін, ауласын су басқаны, су сорғыш көлік қажеттігі жөнінде, т.б. көмек күтеді.

– Қабылданған өтініш, арыздардың көптігі соншалық, оның ішінен көмекке аса зәру, қауіп төніп тұрғандарды іріктеуге уақыт тапшы болып жатыр, – дейді басқарманың баспасөз хатшысы Дәмет Есқасымқызы.

Орал қаласының оңтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік бөлігінде жағдай мәз емес. Зашаған кентіне қарасты “қазақ ауылдары” атанған “Кеңдала”, “Көктем”, “Арман”, “Сары тау” шағынаудандары, №10 орта мектеп аймағы, Деркөл, Желаев, Круглоозерный кенттеріндегі және қала орталығындағы кейбір көшелерді су басты…

Бет қатталып жатқанда. Орал қаласының іргесіндегі Подстепное ауылында салынған ипотекалық үйлердің суға кеткені мәлім болды. Облыстан 500 шақырым жерде жатқан Жәнібек ауданынан да алаңдатар хабар жетуде”. Авторы: Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, Орал.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 2 сәуір. Kazakhstan Today — Ресей мен Қазақстанның мемлекеттік шекарасында 1 сәуірден бастап бес автокөлік өткізу бекеті жабылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ПРАЙМ-ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Ресейдің мемлекеттік шекара қызметінің хабарлауынша, Караман (Омск облысы), Кулунда (Шалдай) (Алтай аймағы), Малый Арал (Астрахан облысы), Никополь (Омск облысы) және Фомин (Саратов облысы) автокөлік өткізу бекеттері жабылған.

Ресей Федерациясының Мемлекеттік шекараны жайластыру жөніндегі федералдық агенттігі 2009 жылы жүргізген Ресей шекараларындағы барлық өткізу бекеттеріндегі кешенді зерттеулер қорытындысы аталған бекеттердің іс жүзінде толыққанды жұмыс істемейтіндігін көрсеткен. Оған себеп — бекеттердің жайластырылмағандығы, өткізу бекеттеріндегі бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік бақылаушы органдардың талаптарына сай келмеу. Өткізу бекеттерін жабу қандайбір экономикалық, әлеуметтік және басқа да залал-зардаптарға әкелмейді, деп хабарлайды Ресейдің мемлекеттік шекара қызметіндегілер.

Аталған өткізу бекеттері Қазақстан жағымен келісу негізінде жабылған. Бұған дейін Ресей мен Қазақстанның мемлекеттік шекарасында тағы да 15 өткізу бекеті жабылған болатын.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...