«Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Астана атына заты сай болуы тиіс». «NAZARBAEV unіversіty». «Асылбек Қожахметов: Бізде 3% жеңілдік те жоқ»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 5 сәуір 2010 ж.

AIKYN.KZ. “Азаматтарымызды қиын жағдайда қалдырған жоқпыз”. “Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Шығыс Қазақстан облысындағы тасқыннан зардап шеккен аудандарда екі апта ішінде қалпына келтіру жұмыстарын бастауды тапсырды. Бұл туралы кеше Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

“Жаз аяғына қарай тұрғындардың қалыпты өмір сүруі үшін 2010 жылдың 15 сәуіріне дейін зардап шеккендердің тізімін жасау, қажетті қаржылай көмек көрсету, қайта қалпына келтіру жұмыстарының көлемін анықтау және жұысты бастау керек” делінген хабарламада.

Бірінші вице-премьер Өмірзақ ШӨКЕЕВ бастаған мемлекеттік комиссия аймақтағы жағдаймен нақты танысқан. Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткеніндей, нақты көмек мүлде баспанасыз қалған отбасыларына көрсетілмек. Материалдық көмек тұрғындардың баспаналарын қалпына келтіру кезеңінде ғана көрсетіледі. Бұл мәселеге ерекше тоқталған Елбасы осы жағдайды ешкім де басқаша пайдаланбауды қатаң ескертіп, табиғи және техногендік апаттарға азаматтардың өздері де әркез әзір тұруы керектігін атап өтті. “Баспана, мүлік, малды сақтандыру маңызды. Мемлекет тұрғын үйлерді қалпына келтіруге көмектеседі, мүлік, мал алуға жеңіл несиелер бөлінеді. Еңбекке жарамды азаматтар құрылыс жұмыстарына тартылуы керек. Зардап шеккендерге тиісті медициналық көмек көрсетіледі. Балалар жақын маңдағы мектептерде білім алады” делінген хабарламада.

“Облыстағы ірі компаниялардың жерлестеріне көмек көрсететіндіктеріне сенемін. Көрші Павлодар мен Қарағанды облыстары және басқа да аймақтар қол ұшын береді” деп атап көрсетті Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы барлық аймақ әкімдеріне, мемлекеттік органдарға барлық су қоймаларын, бөгеттерді мұқият тексеруді, тәулік бойына қадағалауды тапсырды.…”.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Астана атына заты сай болуы тиіс”. “Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың төрағалығымен Сәулет-құрылыс кеңесінің отырысы өтті. Оның жиынына елорданы әрі қарай дамыту мәселелері арқау етілді. Әйткенмен, Мемлекет басшысы архитектура мен құрылыс тақырыбына қамалып қалмай, әлеуметтік салалар мәселесін қаузап, руханиятқа қатысты да келелі әңгімелер қозғады.

Елбасының байламынша, елорданы құру шаруалары негізінен аяқталған, енді нағыз астаналық тұрғындарды қалыптастыруға көңіл бөлетін кез жетті. Кешегі жиында Президент елорда басшысы Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВке үлкен жауапкершілік, тың міндет жүктеді: Астана әкімі “елорданың енді халықаралық ауқымдағы инновациялық орталыққа айналуын қамтамасыз етуі” тиіс. “Мен бұл үшін барлығын жасауға тырысудамын!” деген Н.Назарбаев Иманғали Нұрғалиұлы да соған жан салуы керектігін білдірді. Ол осы салада өзін заманауи, жасампаз, білікті менеджер ретінде танытуы қажет.

— Қалыптасқан дәстүріміз бойынша, көктемде және күзде Астананың құрылыс барысын, әлеуметтік жағдайын қарап, болашаққа көз тастап, істейтін шаруаларымызды анықтап аламыз, — деді Сәулет-құрылыс кеңесінің жиынын ашқан Мемлекет басшысы. — Менің тапсырмаммен жүргізілген арнайы талдау нәтижесі соңғы жылдары Астананың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің көпшілігі бойынша еліміздің шын мәніндегі көшбасшысына айналғандығын көрсетті. Қиын кезеңдердің өзінде, қаражаттың аздығына қарамастан, біз Астананың салынуын ешқашан тоқтатқан жоқпыз. Күн санап құлпырып, ажары айшықтанып келе жатқан елордамыз барған сайын өмір сүруге қолайлы, халыққа жайлы қалаға айналуда. Қаланың көркемдігі жұрттың бәрін таңғалтады. Ђзіміз де, келімді-кетімді қонақтарымыз да, әлемде талайды көрген адамдардың өздері де біздің қаламызды көріп, көл-көсір әсер алып кетеді.

— Елбасы Астанада басқа өңірлермен салыстырғанда “білім беру деңгейі жоғары” екендігін жеткізді, өйткені “инновациялық жаңа білім мекемелері ашылуда, президенттік, халықаралық мектептер құрылуда, — деді ол, — 1 шілдеде Жаңа халықаралық университет (оған Назарбаев аты берілген — авт.) іске қосылады. Осы университет жұмысын бастаған соң, балаларды қияндағы шет мемлекеттерге білім ал, ғылым меңгер деп аттандырудың қажеті жоқ! Мұнда олар дәл солардағыдай білім мен дәл сондай диплом алатын болады. Жетім балаларға арналған кәсіби-коммерциялық колледж ашылады. Біздің елордамыз енді ғылым, білім мен мәдениет орталығына айналып келеді”. Мемлекет басшысы Астанада медициналық кластер құрылғандығын, 7 медорталық ашылғандығын мәлім етті. “Қала тұрғындары емдеудің ең күрделі түрлері бойынша сыртқа шаппай, өзіміздің бас қаламызда мәселесін шешуге мүмкіндігі бар” деді Нұрсұлтан Назарбаев. Оның айтуынша, “бұқаралық спорттың кең қанат жаюына да жағдай жасалуда”: “30 мың орындық жабық стадион қолданысқа берілді. Алда келе жатқан Азиадаға орай қалада конькимен сырғанауға арналған мұз трэкі және жабық мұз стадионы жақын уақытта іске қосылады”…”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

EGEMEN.KZ. “Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік”. “Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті.

Жалпылай алғанда, бір айдан кейін екінші дүниежүзілік соғыс аяқталуына байланысты мерейтой аталып өтіледі. Әлемде өткен ғасырдың орта шеніндегі ұрыстарға қатысқан миллиондаған адам бар. Бірақ тарих пен қазіргі заман арасындағы айырмашылық сонда, АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Уолтер МОНДЕЙЛдің айтуынша, “Үшінші дүниежүзілік соғыста ардагерлер болмайды”…

Ойымды түйіндей келе бүкіл халықаралық қоғамдастықтың, оның ішінде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі сәуір саммитіне қатысушылардың назарын бірнеше принципті жәйттерге тағы да аудара түсу қажет деп есептеймін.

Бірінші. Ядролық қарусыз әлем – қысқа тарихи мерзімде қол жеткізу мүмкін емес аса ауқымды мақсат. Дегенмен, бұл қаруды таратпау, ядролық қарусыздану және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселелерінде бүгін атқарылуға тиіс істерді ертеңге қалдыруға сылтау бола алмайды.

Екінші. Ядролық қарусыз әлемнің болашағы көптеген жағдайда бүгінде қалыптасып жатқан халықаралық тәртіптің қандай болатындығына байланысты. Демократия түрлі тараптардың пікірлерін есепке алу құралы ретінде халықаралық қарым-қатынастар саласына тараған жағдайда ғана шынайы көпполярлылықтың мүмкін болатынына сенімдімін. Тек осындай жағдайда ғана шағын және орташа мемлекеттер ядролық қарудан қауіпсіздіктің басты кепілін көруді қойып, семсерлерді соқаға айналдырып, қайта соғатын болады.

Үшінші. Ядролық қарусыз әлем идеалдарына қарай шынайы қадам жасау бірінші кезекте ресми ядролық державаларға байланысты. “Қосарлы стандарттар” қолдануға жол бермей, қаруды таратпау мен қарусыздану мәселелерінде солардың өздері басқа мемлекеттер үшін үлгі болуға тиіс.

Төртінші. Ядролық технологиялары бар-жоғына қарамастан, бүкіл елдер мен халықтардың күш-жігерлерін біріктіргенде ғана ядролық қарусыз әлем шындыққа айнала алады. Бәлкім, болашақта барлық мемлекеттердің әр қадам сайын ядролық қарусыз әлем идеалына қарай аяқ басуға деген шешімін бейнелейтін Ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын қабылдау туралы мәселені бүгіннен бастап талқылаудың да өзіндік мәні болуы мүмкін.

Бесінші. Әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан Қазақстан қаруды таратпау, қарусыздану және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселелерінде халықаралық қоғамдастыққа сенімді әріптес болған, болып отыр және бола да береді. Біздің бұл мәселелердегі саясатымыз теңдестірілген, дәйекті және жауапкершілікті күйінде қала бермек.

“Адамзат дау-жанжалдары тарихында ешқашанда осынша көпшілік осынша азшылыққа міндетті болған емес”, деген екен 70 жыл бұрын Уинстон ЧЕРЧИЛЛЬ. Бақытқа қарай, әлем бүгінде ядролық дау-жанжалдардың аренасы болып табылмайды. Бірақ ол елеулі қарама-қайшылықтар аренасына айналып отыр. Және осы қарама-қайшылықтардың шешімі шешімдер қабылдайтын аз ғана адамдардың, әрқайсысы бөлшектелінген атомның біздің бәрімізді де бөлшектеп жібермеуі үшін белгілі бір жауапкершіліктер арқалаған мемлекеттер басшыларының қолында тұр”. “Известия”. 2 сәуір, 2010 жыл.

DMK.KZ. “Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Біз Астана құрылысын толықтай аяқтадық!”. “Сарыарқа төсіне орын тепкен жаңа дәуірдегі жаңа Қазақстанның бас қаласы Астана уақыт өткен сайын құлпырып, гүлденіп келеді. Әлем көз тіккен Астана көк тіреген зәулім ғимараттарымен қазақ халқының қаһармандығын және өткен тарихтың өлмес бейнесін көрсеткен мәдени ескерткіштерімен ұлттың рухани байлығын паш етіп тұрғандай. Елорданы қысқа мерзімде, яғни, он жылдан астам уақыт ішінде жадағай қаланы Қыз Жібек пен Баян сұлудың моншағындай ару шаһарға айналдырған Елбасы және оған дүниежүзінің назарын аударта білген де Елбасы емес пе? Мемлекет басшысы жаңа Астананы елдің тірегі, үйлесім мен бірліктің ұйтқысы, ақыл ой мен күш-қайраттың алтын мекені деп санайды. Сондықтан да бас қалада салынып жатқан бірегей нысандарды жиі аралап көруді Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өзіне игі дәстүрге айналдырған…”. Авторы: Мағжан САДЫХАНҰЛЫ.

ПРОТЕКЦИЯ және БАЖ САЛЫҒЫ”. “…Осы орайда соңғы кездері лауазымды тұлғалардың өзі Кедендік одақтағы баж салығын бөлісуге орай болуы мүмкін ұтылысымыз жайлы мәлімдеулерін қояр емес. Айталық, вице-премьер Өмірзақ ШҮКЕЕВ бастаған жұмысшы тобы Мәскеудегі келіссөзден оралғаннан кейін бұрын баж салығынан үлесіміз 3,5 пайыз екенін, соны 7,5 пайызға дейін көтердік дегенді айтып келді. Әрине, еліміздің қазынасы толығатынына қуанып қалдық…

Протекционистік саясатпен одаққа біріккен мемлекеттерде бір-бірін алдауға жол берілмейді. Өйткені, бір-біріне сенімсіздік туа қалған жағдайда, одақ өмір сүруін тоқтатады. Сондықтан да мұнда ешқашан да азшылық көпшілікке бағынсын деген ұстанымға жол жоқ. Барлық шешім барлық мүше мемлекеттердің келісімі жағдайында қабылданады. Демек, баж салығын бөлісу кезінде “Ресей бізді жеп кетеді” деген пікір мүлде сын көтермейді. Егер Шүкеев мырза бастаған үкіметтік жұмысшы тобы ортақ табақтан алатын үлесімізді молайтып келсе, ол Ресейдің алдауға ұмтылғанын ешқашан да айғақтамайды. Тек қана бұрынғы жұмысшы тобының есебіндегі техникалық қателікті түзету. Әрине, техникалық қателіктердің болуы әбден мүмкін. Демек, мұндай жауапты жұмысқа тәжірибелі, білімді қызметкерлерді қатынастырған жөн…”. Авторы: Жұмабек ЖАНДІЛДИН.

NAZARBAEV unіversіty”. “…Осыған орай, “Астананың жаңа университеті” акционерлік қоғамының вице-президенті Қадиша ДАЙЫРОВА журналистермен баспасөз конференциясын өткізді.

— Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен биыл ашылғалы отырған еліміздегі бұл бірінші халықаралық университет әлемге аты әйгілі Гарвард, Питсбург және Дьюк университеттерімен, білім беру саласында бірігіп жұмыс атқару үшін олармен әріптестік қарым-қатынас орнатып отыр, – деді Қадиша Дайырова. – Осыған орай, бүгін Партнерс Гарвард медикал интернешналдың вице-президенті Брюс Даутон, Питесбург университеті МакГоуэн институтының директоры Аллан РАССЕЛ және Дьюк университетінің Фукуа бизнес мектебі деканының орынбасары Дэниэл Р.НЕЙГИ бізге қонаққа келіп отыр. Бұл делегацияның мақсаты – Астананың жаңа университетінің мектептерінің және факультеттерінің даму тұжырымдамасы мен стратегиясын әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізуге келді…

Биыл Foudatіon дайындық бағдарламасы бойынша 2010-2011 оқу жылына Астананың Жаңа университетінің бакалавриатының бірінші курсына студенттерді қабылдау жүргізіледі. Жалпы аталмыш университеттің даму стратегиясы әлемнің үздік білім беру мекемелерімен серіктестік құру, жаңа ғылыми инфроқұрылыммен қамтамасыз етілген зерттеу қызметін өткізу. Мұның бәрі жоғарғы оқу орнын басқару мен қаржыландыру ұстанымдарына негізделген. Университеттің құрамына кіретін жоғары оқу орындары қатарынан алынған акедемиялық серіктесі болады. Олар академиялық бағдарламалардың мазмұны мен факультеттердің мамандануын әзірлейтін болады.Болашақта аталмыш университетте инженерлік, жаратылыстану, гуманитарлық ғылым, медицина, бизнес және мемлекеттік саясат мектептерінің құрылуы жоспарланып отырған көрінеді”.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Түрік дөнері бізге өрнек бола ма?”. “…Ол бұл күнде жеңіл әрі тез дайындалатын ең өтімді тағам түріне айналды. Әуелі базарды төңіректеп есіктен енген дөнеріңіз қазір төрге озды. Қала орталығына ойысып адам аяғы үзілмейтін жердің бәрінен ойып тұрып орын алды. Ашылғанмен тоқырауға ұшырап жатқанын және көрмейсіз. Барлық жерде босағасы босамай жатады. Түрік тағамының түп төркінін түгендесек, бұл тағам әуелі араб елдерінде “шаурма” деген атпен пайда болған. Соңынан араб елдері Осман империясының қол астына өткенде түріктерге келген деген пікір бар. Алайда, шаурмамен ұқсастығы жоққа шығарылмаса да, дөнер кәуапты шаурмамен шатастыруға болмас. Қалай дегенде де, қазір, оның отаны Түркия болып танылып отыр. Түрік тағамы төркінінде мейрамхана мәзіріне де кірген….

Мұның бәрін неге келтіріп отырмыз. “Түрік экономикасының кереметі” біздің де сүйікті асымызға айналды. Негізгі айтпағымыз, түрік ағайындарымыз сол дөнерімен-ақ атын шығарып  отыр. Ал, қазақтың ұлттық тағамдарын арнайы сатылуы былай тұрсын, асханалардың мәзірінен көре алмайсыз. Әйтеуір, соңғы уақытта “бешбармағымыз” бен бауырсағымыз қаламыздағы “Қағанат” асханалар жүйесінің “назарына” ілініпті. Ал, қалаға жұмыс іздеп келген қазақтар қаншама. Олардың дені құрылысшы, саудагер, күзетші болып нәпақасын табуда. Оқу оқып жатқандары да төлемақысы былай тұрсын, пәтер мен басқа да қажеттіліктері үшін түнімен жұмыс істейді. Түн тыныштығында тынықпаған бала таңертеңгілік сабағынан қайбір тәлім алсын? Кафедегі даяшылық қызмет көптеген студенттердің “карьерасының бастауы”. “Кәсіп түбі – нәсіп” деген бар. Жастарымыз бүгін бар, ертең жоқ жұмыстан гөрі, бір-бір кәсіпті дөңгелетіп отырса деген арман біздікі. Әйтпесе, құрылысымыз да, тамағымыз да, көретін сериалымыз да, киетін киіміміз де “Made in Turkey” болып кетті емес пе?”. Авторы: Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ.

MINBER.KZ. “Асылбек Қожахметов: Бізде 3% жеңілдік те жоқ”. “…Қазір Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінде “Халықтың көші-қоны туралы” заң жобасы талқыланып жатыр. Онда ішкі-сыртқы көші-қон үрдістерін реттеу көзделген. Осыған орай, ішкі көші-қон түйткілдері жайында “Шаңырақ” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Асылбек ҚОЖАХМЕТОВті әңгімеге тартқан едік.

-Асылбек аға, қазір Парламентте халықтың көші-қон туралы заңы талқылану үстінде. Ішкі қон мәселесі осы заңда қаншалықты қамтылған?

— Парламенттегі көші-қон заңы осы мәселе бойынша қарастырылып жатыр. Десек те, кейбір жаңалықтарға құлақ түретін болсақ, бұл заң қабылданса да ішкі көші-қон мәселесіне тек бес жылдан кейін ғана көңіл аударылмақ. Заңдағы ішкі көші-қон мәселесіне сай квоталардың шектелуі қазіргі кезде ең маңызды бағыттардың бірі болып тұр. Егер де осындай шаруаларға байланысты квоталар шектелетін болса, сол қарастырылып бекітілген заңға сәйкес баспана мәселесі мен жұмыс орындары дайын болады.

-Осыған байланысты өзіңіз қандай ұсыныс айтар едіңіз?

-Біріншіден, ішкі көші-қон мәселесін бес жылдан кейін емес, оны дәл қазір енгізу керек. Жыл сайын көшіп келген әр отбасына үш жыл көлемінде тұрақтауға жатақхана беріледі. Үш жылдан кейін әрқайсысы мүмкіндігінше жұмыс тауып алып, несие алып, үй алып жатақханадан шығып кетулері керек. Ал ол орындар келесі адамдарға дайын тұрады. Ал екіншіден, ішкі көші-қон мәселесін көбейтпеу үшін, урбанизацияға ұрынбау үшін ауылда әр түрлі іс-шаралар қабылданып, мектеп, аурухана, жұмыс т.б. жағынан жеңілдік болуы міндетті. Егер жағдай жасалынып отырса ешкім де ауылдан кетпесі анық.

-Елімізде ішкі көші-қоннан туындап отырған баспанасыздық, жұмыссыздық, екі жаққа ағылу мәселесін қалай реттеуге болады?

-Жалпы барлығының нақты санын білу керек. Содан соң сол сан бойынша жағдай жасалынуы тиіс. “Прописка” (тұрақты тіркелу) шаруасын реттеуіміз керек. Оны жеңілдету шарт. Себебі, онсыз адам жұмысқа орналаса алмайды, ауруханада тегін емделе алмайды және де несие алуға мүмкіндігі тумайды. Дер кезінде алдын алмасақ, “Шаңырақтағы” сияқты оқиғаларға тап болуымыз әбден мүмкін.

-Қазіргі уақытта Шаңырақтағы жұмыстар қалай шешімін тауып жатыр?

-Қазіргі кезде Шаңырақта екі мың отбасы заңдастырылып тұр. Әлі кемінде алты мыңы бар. Біз оларды мүмкіндігімізше, 2-3 мыңнан жыл сайын заңдастырып тұрамыз. Әрине, көптеген қателіктер әлі де басым. Оған кедергі келтірушілер де табылады.

-Үстіміздегі жылы өткен санақ бойынша ауыл мен қала халқының үлес салмағы қаншалықты деңгейде болды?

-Көп өзгеріс болмады. Сол бұрыңғы 43%-дың аумағында тұр.

-Шетелде көші-қон мәселесі қалай шешіледі? Бізді олармен салыстыруға келе ме?

-Мәселен, Францияда муниципиалдық үйлер 30% жеңілдікпен жалға беріледі…”. Әңгімелескен Мадина ЖЕҢІСОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 5 сәуір. Kazakhstan Today — Жексенбі күні БҰҰ бас хатшысы ПАН ГИ МУН Өзбекстан үкімет басшысы Шавкат МИРЗИЕЕВпен бірге құрып бара жатқан Арал теңізінің үстімен ұшып шықты. БҰҰ бас хатшысы Арал теңізінің құрып кетуі — әлемдегі ең қорқынышты экологиялық апаттардың бірі деп атай отырып, жер бетіндегі ресурстарды сақтап қалу үшін ұжымдық күш-жігер қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today БҰҰ сайтына сілтеме жасап.

«Бұл — аса қорқынышты көрініс болды», — деді журналистерге берген сұхбатында Пан Ги Мун Нүкіс қаласына келіп қонғаннан кейін. «Бұл — әлемдегі ең қорқынышты экологиялық апаттардың бірі екені айқын. Бұл оқиға менің жүрегімде аса терең әсер қалдырды. Мұндай ұлы теңіздің құрып кетуі аса өкінішті», — деп мәлімдеді ол.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...