«Американдық генерал жақында Вашингтонда Назарбаев пен Обама кездеседі дейді». «Шынайы өмір ме, әлде режиссердің танымы ма?». «Алтынымыз қара бақырға айналып, зергерге зәру болдық»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 6 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Американдық генерал жақында Вашингтонда Назарбаев пен Обама кездеседі дейді”. “…АҚШ-тың орталық әскер штабының қолбасшысы Дэвид ПЕТРЕУС бүгін Астанада Қазақстанның мемлекеттік хатшысы — сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВпен және қорғаныс министрі Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВпен кездесті.

АҚШ қолбасшысы Қазақстанға кезекті сапарының мақсатын өзінің аймақтағы жұмысымен түсіндіріп өтті.

“Мен Орталық Азия елдерін әр жарты жыл сайын аралауға тырысамын. Бұл Қазақстан басшылығы мен біздің бағдарымызды салыстырып отыру, сондай-ақ өзара қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту үшін қажет”, — деді Петреус 5 сәуір күні Астанада өткен баспасөз-мәслихатында.

Генерал соңғы 16 айдың ішінде Қазақстанға осымен үшінші мәрте келіп отыр. Жұмыс сапарының жиілеуін ол мемлекеттер арасындағы әріптестіктің нығая түсуі деп біледі.

Петреустың айтуынша, “АҚШ-тың қазіргі таңда Қазақстан аумағында әскери база ашу туралы ешқандай жоспары жоқ, одан қалды бұл мәселе біздің кездесулердің ешқайсысында да қозғалған емес…

Генерал Дэвид Петреус Қазақстан — АҚШ президенттері Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен Барак ОБАМАның сәуірдің ортасында Вашингтонда өтетін ядролық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты ғаламдық саммитте кездесетіндігін де айтты….”.

EGEMEN.KZ. “Сындарлы сөз, байыпты байлам”. “Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың “Известия” газетінде жарияланған мақаласы бүгінгі таңда адамзат баласын алаңдатып отырған аса өткір тақырыпқа – ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу мәселесіне арналған. Ядролық сынақтардың зардабын қырық жылдан астам уақыт бойы тартқан қазақстандықтар үшін оның жанды түршіктіріп, қабырғаны қайыстыратынын мақалаға байланысты редакция поштасына түсіп жатқан хат-хабарлардан да анық аңғаруға болады.

Елбасымыздың “Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік” деген тақырыппен “Известия” газетінде жарияланған мақаласы қолымызға Семей өңіріне Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы ПАН ГИ МУНның келер қарсаңында тиді. Ал біздің пайымдауымызша, бұл сәйкестіктің де себебі жоқ емес секілді. Өйткені, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап әлем деңгейінде ядролық сынақтарға қарсы үн көтеріп, дүние жүзі бойынша қарсылық күнін белгілеу жөніндегі бастамасы БҰҰ тарапынан қолдау тапқаны белгілі…

Осы орайда егемен еліміз кешегі Семей ядролық сынақ полигонының зардаптарын сейілту, одан зардап шеккендерді сауықтыру ісімен тұрақты түрде айналысып келе жатқандығын айта кеткеніміз жөн болар. Семейде біздің институтымыздан тыс диагностикалық орталық, онкологиялық диспансер жұмыс істейді. Олардың материалдық базасы еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі жерде нығая түсті. Өз институтымызға келетін болсақ, оның іргетасы осыдан елу жылдан астам уақыт бұрын диспансер ретінде қаланғанымен, сол кездегімен салыстырғанда екеуінің арасы жер мен көктей. Қазірде біздің ғылыми-зерттеу институты әлемнің бірқатар ғылым ошақтарымен тығыз байланыста. Әлемде ядролық қаруды таратпау да, оның бұған дейінгі салдарын жойып, зардап шеккендерді сауықтыру ісі де бір сәт назардан тыс қалмауы тиіс деп білеміз. Елбасы тарапынан айтылған сындарлы сөз, байыпты байлам соған жетелейді”. Авторы: Қазбек АБСАЛЫҚОВ, Радиациялық медицина және экологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Шынайы өмір ме, әлде режиссердің танымы ма?”.

“Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ, Сенат депутаты:

Екеуі де. Сонысымен ол өмірдің небір құбылыстарын көрсетуге қабілетті. Ол арқылы тарихты жаңғыртып, рухты, тәрбие дүниесінде ауқымды мәселені шешуге болады. Қоғамдық ойға қозғау салып, санаға сілкініс әкелетін ғажап күшке ие бұл өнер, әрине, режиссер танымының, ізденісінің нәтижесі. Өлмейтін, қоғамға, рухқа, тарихқа қызмет ететін киноның тамаша үлгісі – “Қыз жібек”. Көрерменге жол тартқанына қырық жыл өтсе де бұл киноны әлі күнге қызығып көрмейтін жан жоқ. Бүгінде “Келін” киносы төңірегінде әртүрлі пікірталас айтылып жатыр. Бұл – авторлық фильм. Меніңше, мұнда режиссер барынша ізденген және оның нәтижесі жаман емес. Ал, мазмұнына келсек, сұрақ тудыратын тұстары көп. Кино бюджет қаржысына түсірілгеннен кейін ол халықтық туынды болу керек еді. Яғни, тәрбиеге, тарихқа қызмет ететін дүние болу керек болатын. Алайда, оның мұндай қыры ескерілмегені өкінішті.

– Роза МҰҚАНОВА, жазушы, драматург:

Кино – өнер. Өнерден ләззат аласың, ой түйесің, көтерген тақырыбын ұғынасың, жаның бүтінделіп, жоғыңның орны толады. Мен қарапайым көрермен ретінде киноның құндылығын осылай бағалаймын. Егер кино таңдап алынған сюжеттерімен көрерменін өмірден безіндірер болса, жанын жараласа, рухани азғындыққа бастаса – өнер болмағаны. Ол – психикасында ақауы бар адамның, ауру адамның өнерді құбыжыққа айналдыруы

ALASHAINASY.KZ. “Алтынымыз қара бақырға айналып, зергерге зәру болдық”. “…Еліміз жылына 50 миллион доллардың алтын бұйымдарын импорттайды. Соңғы 10 жылға көбейтсек – жарты миллиард доллар.

Елімізде қымбат бағалы тастар мен алтын бұйымдардың айналымы туралы арнайы заң жоқ. Сол себепті де болар, бұл саланың көлеңкелі тұстары көп. Бүгінде елімізде түсті металл өндіретін “Жезқазғанцветмет”, “Шалқия”, “Текелі”, “Южполиметалл” сияқты өндіріс орындары бар. Сондай-ақ “Ақбақай”, “Васильковзолото”, “Майқайыңалтын” сияқты алтын өндіретін зауыттар бар. Мұнда өндірілетін алтын, платина, палладий, күмістердің дені экспортқа шығарылады. Былтыр елімізде 10 336 келі алтын өндірілген. Бұдан басқа елімізде алтын өндірумен ірілі-ұсақты 100-ге жуық компания айналысады. Олар өндірген өнімдердің дені экспортқа кететіндігін айттық, қолда барды ұқсата алсақ, таза саф алтынның басым бөлігін Ұлттық қорда сақтап қалуымыз керек еді. Алайда бұған ерекше мән беріп, басымдық танытып жатқан ешкім жоқ. Осы бағалы заттардан түсетін салыққа ғана тоқмейілсіп жүргендей

Беймәлімі: Осы уақыт аралығында өндірілген, өндірілуі тиіс қаншама құнды металл кімнің қалтасында кеткені белгісіз. Кезінде өндіріс ошақтары жекешеленіп кетті. Тәуелсіздіктің алғашқы тұсында Қазақстанда өндіріс ошақтары бар болғанымен, оны өңдейтін зауыттар мүлдем болмаған-ды. Алтын қорлары шикізат ретінде Ресей және Украина зауыттарына өткізіліп отырыпты-мыс…

Біле жүрер бір дерек.

Құйма алтындарда әр елдің алтынының таңбасы әртүрлі болып келеді. Қазақ алтынының таңбасы – барыстың басы мен KZ жазуы, Қырғызстан алтынында шаңырақ бейнесі, ал ресейлік алтында қыз суреті бейнеленеді”. Авторы: Гүлжан КӨШЕРОВА.

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 6 сәуір. Kazakhstan Today — Қазақстанның бірнеше облысында алдағы тәуліктерде өзендерде су тасиды деп күтілуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, таяудағы тәуліктерде Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды облысындағы өзендерде, сондай-ақ, Қостанай мен Ақмола облыстарының жекелеген өзендерінде көктемгі су тасқыны болмақ. «Шығыс Қазақстан облысындағы өзендерде мұздың көбесі сөгіліп, су деңгейі көтерілуі мүмкін. Республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы аласа тау өзендерінде су деңгейі ауытқиды, жекелеген өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

«Қазақстанның басым аймағы атмосфералық ағымдар ықпалында болады. Мәселен, Қызылорда, Ақтөбе, Павлодар, түнде және күндіз Ақмола, таңертең және күндіз Оңтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында сондай-ақ, күндіз Жамбыл аймағының жекелеген жерлерінде желдің екпіні 15-20 м/с жылдамдыққа дейін күшейеді деп күтілуде. Шығыс Қазақстан облысында түнде және күндіз кей аумақтарда тұман, секундына 15-20 метр қашықтықта жел тұрады. Маңғыстау, күндіз Атырау облыстарында кей өңірлерде тұман болады»,- делінген хабарламада.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...