«Жалпыұлттық жиын өткізбекші жастар Кедендік одақты қауіп-қатер одағы деп бағалайды». «Өзен-көлдер мінез танытуы мүмкін». «Қырылған малдың саны 20 мың ба, әлде 50 мың ба?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 7 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Жалпыұлттық жиын өткізбекші жастар Кедендік одақты қауіп-қатер одағы деп бағалайды”. “…Қазақстанның кедендік одаққа енуін – мемлекеттің тәуелсіздігіне төнген қауіп деп білетін бір топ жастар, алдағы жексенбі күні Алматыда жастардың алғашқы жалпыұлттық бейбіт жиынын өткізбекші. Осы мақсатпен ақпан айында Алматы қаласы әкімшілігіне өтініш берілген екен. Алайда сейсенбі күнгі әкімшіліктен келген жауапта “өтініште ұйымдастырушыларға қатысты анықтамалар дұрыс көрсетілмеген” деген желеумен әкімшілік өз келісімін бермей қойды, — дейді “Рух пен тіл” клубының жетекшісі Жанболат МАМАЙ…”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

AIKYN.KZ. “Өзен-көлдер мінез танытуы мүмкін”. “Ақжайық атырабындағы биылғы көктем ел-жұртты әуре-сарсаңға салатын түрі бар. Орал қаласының “Кең дала”, “Көктем”, “Сарытау”, “Жұлдыз”, “Болашақ” аудандары күн жылынып, қардың көбесі сөгілісімен еріген судың қоршауында қалды. Қаланың шет аймақтары негізінен, әркім өз күшімен салып алған жеке үй секторларынан тұрады. Абырой болғанда, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшылығы үй-жайға су кіру қаупі төнген тұстарға дер кезінде мамандары мен техникасын жұмылдырып, алапат судың айдалаға кетуіне мұрындық болды.

Тіпті судың бағытын өзгерту үшін кейбір көше жолдарының былтыр төселген асфальтын кесе-көлденең тіліп, ені бір метрлік жыра жасауға да тура келді. Бұл енді қажет-ау деген тұстарда жол астынан суағар қалдырмаған жол салушы мердігер мекеме-кәсіпорындардың кесірінен орын алған жағдай. Ал кейбір көшелерді су тұтқынынан құтқару үшін тереңдігі 1,5 метр, ұзындығы 3 шақырымға жуық арық та қазылды. Сондай-ақ кейбір үйлер іргетасының тым аласа болуы да жағдайды ушықтыра түсті…”. Авторы: Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ, Батыс Қазақстан облысы.

EGEMEN.KZ. “Алматы Азиадаға адымдап барады”. “…Астана және Алматы қалаларында 2011 жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында өтетін осынау VІІ Қысқы Азия ойындарының ауқымы ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Оның жалпы бағдарламасына келер болсақ, спорттың 11 түрі бойынша 70 медальдар жиынтығын сарапқа салу көзделген. Азиада бағдарламасының алматылық бөлігінде жарыстар спорттың 8 түрі бойынша: шаңғымен жүгіру, биатлон, тау шаңғысы, фристайл, шаңғымен тұғырдан секіру, допты хоккей (бенди), шаңғыдағы қысқы спорттық бағдарлау және әйелдер хоккейінен өтетін болып келісілген.

Қазақстанда тұңғыш ту көтерген ақ Азиадаға Азияның 30-ға жуық елі, 1000-нан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Бұлардың қатарында Қытай, Жапония, Корея, КХДР, Моңғолия, Гонконг, Таиланд, Кувейт, Малайзия, Филиппин, БАЭ, Пәкістан, Үндістан, Иран, Ливан, Иордания, Палестина, Непал, Ауғанстан және басқа елдер бар. Сондай-ақ осы Ойындардың аясында 45 Азия елінің спорт қозғалысы басшылары қатысатын Азия Олимпиялық Кеңесінің кезекті Бас Ассамблеясы болмақшы. Алдын-ала есептеулер бойынша Азиада кезінде елімізге 10 мыңға жуық шетелдік қонақтар келмек…

Әлбетте, 2010 жыл – VІІ Қысқы Азия ойындарына әзірліктің аса маңызды негізгі кезеңі. Қаңтар айында Азиадаға қатысты барлық спорт нысандарында кезең-кезеңімен сынамалық жарыстар өткізудің кестесі жасалған-ды. Қазірдің өзінде “Мың бір түн” ертегісіндей ғажайыпқа айналып үлгерген Шымбұлақ тау шаңғысы кешенінде, бұрынғы пошымынан танымастай өзгеріп еңселенген Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында шаңғымен жүгіруден, биатлоннан, шайбалы хоккейден жұртқа қуаныш сыйлаған жарыстар сәтімен өткізіліп те жатыр. 30 қаңтарда Алматыда “Азиадаға 1 жыл қалды” деген атпен өткен әртүрлі мәдени-көпшілік шаралар да көпшілік көңілінен шықты…

Қорыта айтқанда, Алматы қаласын алдағы Ойындарға кешенді әзірлеу жөніндегі тапсырмалар орайымен орындалып жатыр. Бүкіл жұмыстың үйлестіру тізгінін осындағы Қысқы Азия ойындарының дирекциясы өз қолында нық ұстағанын байқадық. Наурыздың алғашқы аптасында Шымбұлақта Азиадаға дайындық аясында тау шаңғысы спортынан жасөспірімдер арасындағы 19-шы Азия біріншілігі табысты өтуі де Қазақстан үшін қуанарлық жағдай. Өткен жылғы сәуір айындағы сапары кезінде Елбасы оңтүстік астанада іскерлікпен, дабырасыз атқарылып жатқан нақты жұмыстарға ризашылығын білдіріп, үлкен сенім артқанына біз де куә болып едік. Сол қасиетті сенімге елдікті танытар, ұлттық намысымызға сын әлемдік доданы өткізер шақта да селкеу түспейді деп сенеміз. Иә, Алатау баурайындағы ару қала, алып мегаполис сол ұлы сынға тынымсыз да толассыз дайындық үстінде. Алматы Азиадаға адымдап барады… Иә, сәт!”. Авторы: Қорғанбек АМАНЖОЛ.

Пан Ги Мун: ядролық қаруға ие барлық мемлекеттерді қазақстанның жолымен жүруге шақырамын”. “Кеше Қазақстанға сапармен келген Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы ПАН ГИ МУН Семей өңіріндегі бұрынғы сынақ аймағында болды

БҰҰ Бас хатшысының Қазақстанға сапарын Семей өңіріндегі бұрынғы сынақ полигонынан бастауының басты себебі әлем халықтарының атом қаруы мен ядролық мемлекеттер қатарының өсе түскеніне қатты алаңдаушылығын көрсету болса, екінші жағынан ядролық қаруды ауыздықтау және оны таратпау ісін жүргізуге Қазақстан қосқан және қосып отырған үлесті мойындау тұрғанын айқын түсінуге болар еді. АҚШ Президенті Барак Обаманың бастамасы бойынша алдағы аптада Құрама Штаттарда өтетін үлкен саммит қарсаңында БҰҰ Бас хатшысы аса маңызды мәлімдемесін де осында жасауы жайдан жай емес екені түсінікті…

Бұдан кейін қонақтар мінген тікұшақтар кешегі атом сынақтары жүргізілген тәжірибе алаңына бет алды. Сапарының соңында Пан Ги Мун осы жерде тұрып, ресми мәлімдеме жасады. Ол өзінің сөзінде Семей полигоны тарихының мұражайынан ерекше әсер алып шыққандығын айта келіп, 1991 жылы Семей сынақ полигонының Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың батыл шешімімен жабылуы көрегендік іс болғандығын атап көрсетті. Пан Ги Мун өз мәлімдемесінде қуаты жағынан әлемдегі төртінші полигоннан өз еркімен бас тартып, бүгінде ядролық қаруды таратпау ісінің белсенді жақтаушысына айналған Қазақстанның, оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл қадамдарын жоғары бағалап, ядролық қаруға ие барлық мемлекеттерді Қазақстанның жолымен жүруге шақырды.

Осы күні кешкісін Бас хатшы мінген ұшақ Астананы бетке алып ұшып кетті. Ал енді бірнеше күннен соң Вашингтонда ядролық қауіпсіздік хақында жаһандық саммит өткізіліп, онда әлемнің даму тарихында оң бетбұрыс жасалады деп күтілуде”. Авторы: Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.

ABAI.KZ. “Қазақ журналистерінің І халықаралық форумы туралы”.

Құрметті әріптестер!

2010 жылғы 17-18 мамыр аралығында, Алматы қаласында, Қазақ журналистерінің І халықаралық форумын өткізу жоспарланып отыр. Форум тәуелсіздік жылдарындағы қазақ журналистерінің алғашқы келелі бас қосуына айналмақ.

Қазақ баспасөз өкілдерінің I халықаралық форумын өткізудегі басты діттегеніміз — өткенді таразылау, болашақты бағдарлау, мақсаты мен мұраты бір қазақ журналистерінің арасында ой, көзқарас, мүдде бірлігін қалыптастыруға үлес қосу.

Тұңғыш ұйымдастырылып отырған Қазақ журналистерінің I халықаралық форумы — бұл қордаланған сан сауалдың жауабын іздестіретін алаң ғана емес, алынған асулар мен шықпаған биіктерді салиқалы ой сүзгісінен өткізетін,  ұлт келешегіне темірқазық болар бір ұстанымға келетін мүмкіндік.

2010 жылғы 25 наурызда Қазақ журналистерінің І халықаралық форумын өткізу жөніндегі бастамашы топтың жиылысы өтіп, ұйымдастыру комитеті мен жұмыс тобы құрылды. Ұйымдастыру комитеті 27 адамнан тұрады және оның құрамына барлық республикалық телерадио мен баспасөз құралдарының басшылары енгізілді…”.

ZHASALASH.KZ. “Қырылған малдың саны 20 мың ба, әлде 50 мың ба?”.

Су тасқынынан зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарына мемлекет тарапынан берiлетiн көмектiң көлемi анықталды. Облыс әкiмiнiң баспасөз қызметi таратқан мәлiметтерге жүгiнсек, үкiмет облысқа 850 миллион теңге, материалдық құндылықтар үшiн мемлекеттiк резервтен тағы 37 миллион теңге бөлдi. Сондай-ақ, алдағы уақытта “Самұрық – Қазына” әл-ауқат қоры – 300 миллион теңге, “ҚазАгро” холдингi – 350 миллион теңге мөлшерiнде жәрдем бередi. Су тасқынынан кiм қанша шығынға ұшырады? Кiмге қандай көмек берiледi? Ара-жiгiн ажыратсақ.

Шығыс Қазақстан облысында топан судан зардап шегiп, қауiпсiз жерге көшiрiлген 7406 тұрғынның 6007-сi үйiне оралды. Өңiрде 1157 тұрғын үйдi су алды. Оның 536-сы пайдалануға мүлде жарамайды. 631-i күрделi жөндеудi қажет етедi. 22 көпiр және су жiберетiн құбырлар, 3 гидроқұрылыс, 3 бiлiм беру нысаны және 4 денсаулық сақтау мекемесi бұзылған.

Сондай-ақ, алдын ала есеп бойынша, облыста 2475 бас iрi қара, 16 679 қой-ешкi, 556 бас жылқы өлген көрiнедi. Яғни, облыс әкiмiнiң баспасөз қызметi 19 710 бас түлiк суға кеттi деп отыр. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Д.СЕЛИХАНОВ та тасқын судан өлген малдың саны 20 мыңнан аспайтынын айтты. Үкiметтiң селекторлық кеңесiнде облыс әкiмi Б.САПАРБАЕВ: “Өлген малдың басы 50 мыңға жуық”, – дедi. Облыстық төтенше жағдайлар департаментi болса “алдын ала деректер бойынша 8805 iрi қара, 54 168 қой-ешкi, 2752 жылқы және 5 түйе шығыны бар” деп мәлiмдеген-дi. Анықтап айтқанда, топан судан 65 730 түлiк қырылды. Үй-жайы, мал-мүлкi топан судың астында қалған жергiлiктi тұрғындар болса: “70 мыңнан аса мал өлдi”, – деп шырылдауда. Шындығында, Шығыс Қазақстан облысында қанша мал қырылды? Кiмге қандай көмек берiлмек?…”. Авторы: Дилара ИСА.

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 7 сәуір. Kazakhstan Today — Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорына жаңа директор болып Азат ШӘУЕЕВ тағайындалды, деп хабарлайды Kazakhstan Today Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, мемлекеттік хатшы — сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВ төрағалық ететін қордың қамқоршылық кеңесі бүгін осындай хаттамалық шешім қабылдады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Азат Шәуеев 1969 жылғы 9 ақпанда туған. 1994 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін қор директорының бірінші орынбасары болып қызмет істеген. Бұған дейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде қызмет істеп, «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты ақпараттық-талдау бөлімінің меңгерушісі, ҚР премьер-министрінің кеңсесі әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің бас сарапшысы, Алматы қалалық әкімдігінде Қазақстан Халқы шағын ассамблеясымен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, Алматы қаласының Ішкі саясат департаменті қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі, Алматы қалалық әкімшілігінің тіл басқармасында ономастика, терминология және тіл мәдениеті бөлімінің бас маманы қызметтерін атқарған.

Осы қызметте А.Шәуеев саясаткер Берік ӘБДІҒАЛИЕВті ауыстырды.

Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2008 жылы 5 қыркүйекте құрылды. Қор жұмысының негізгі басымдығы — Қазақстанның ұлттық қазынасы, қазақ халқы мәдениетінің темірқазығы саналатын қазақ тілін дамытуға жан-жақты және барынша ықпал ету.

Алматы. 7 сәуір. Kazakhstan Today — Кеше Ақ үй басшысы Барак ОБАМА АҚШ-тың жаңа ядролық доктринасын, таяудағы онжылдыққа арналған ядролық күштерді дамыту концепциясын жария етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today «Голос Америки» радиосына сілтеме жасап.

«Голос Америки» ақпаратына сәйкес, бұл құжат (Nuclear Posture Review или NPR) үшінші рет жарияланып отыр және ол Америка Құрама Штаттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясында ядролық қару қандай рөл атқаратындығын анықтауға тиіс. Бұл құжат алғаш рет құпияланбай отыр.

Барак Обама бір жағынан оның стратегиялық мақсаты дүниежүзін ядролық қарудан азат ету болып табылады және АҚШ, әлемде ядролық қаруды қолданған жалғыз мемлекет ретінде бұл жолда көшбасшы болуға міндетті деп мәлімдейді. Екінші жағынан Обама атап көрсеткендей, таяу келешекте Америка Құрама Штаттары ядролық қарудың «сенімді әрі эффективті арсеналын» сақтауға міндетті.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...