«Аралға жаны ашып, Семейге қабырғасы қайысқан Пан Ги Мун Назарбаевтан орден алды». «Әбілязовтің Ресейдегі ақшалары». «Қазынаға қол салатындар азаймай отыр»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 8 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Аралға жаны ашып, Семейге қабырғасы қайысқан Пан Ги Мун Назарбаевтан орден алды”. “…ПАН ГИ МУН Қазақстанға келер алдында Арал теңізінің үстімен ұшып өтті. Бас хатшы Арал теңізінің құрып кетуі — әлемдегі ең қорқынышты экологиялық апаттардың бірі деп атай отырып, табиғи байлық қорларын сақтап қалу үшін ұжымдық күш-жігерді еселеу қажеттігін айтты.

— Бұл — аса қорқынышты көрініс болды. Бұл — әлемдегі үлкен экологиялық апаттардың бірі екені айқын. Бұл оқиға менің жүрегімде аса терең із қалдырды. Мұндай ұлы теңіздің құрып кетуі аса өкінішті», — деп мәлімдеді ол.

Сәрсенбі күні Ақордада Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВпен кездесуінде БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун Арал теңізінің проблемасын шешу үшін барынша көмектесетіндігін жеткізді…”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

Бакиев Бішкектен қашып кетті”. “…Қырғызстанда сәрсенбі күні кешкісін Халық Құрылтайының орталық атқару комитеті, елде қалыптасқан жағдайға байланысты, республикадағы барлық билікті өз жауапкершілігіне алғандығын хабарлады.

Халық құрылтайы комитетінің құрамына оппозиция басшылары енді. Олардың қатарында Алмаз АТАМБАЕВ, Өмірбек ТЕКЕБАЕВ, Темір САРИЕВ, Болотбек ШЕРНИЯЗОВ және басқа да оппозициялық саясаткерлер бар.

Ал Халық Құрылтайы орталық атқару комитетінің төрайымы болып Роза ОТУНБАЕВА сайланды….

Бұл уақытта Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар АҚАЕВ, ҚазТАГ агенттігіне берген сұхбатында, республикадағы бүгінгі оқиғаларға американдық арнайы қызметті айыптады. Қазіргі таңда Мәскеуде тұрып жатқан Асқар Ақаев қазіргі президент Құрманбек БАКИЕВтің жүргізіп отырған саясатын қылмыс деп атады.

Ресей премьер-министрі Владимир ПУТИН Қырғызстанда болып жатқан жағдайға Кремльдің ешқандай қатысы жоқ деп мәлімдеді. Бұған дейін Путин қырғыз саясаткері Темір Сариевті Мәскеуде қабылдаған деген ақпарат тараған болатын.

БҰҰ-ның бас хатшысы, сондай-ақ Бішкектегі АҚШ елшілігі қырғыз билігі мен оппозициясын бітімге келуге шақырып отыр…”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

AIKYN.KZ. “Әбілязовтің Ресейдегі ақшалары”. “Ресей БТА банкінен 2 млрд долларды қымқырған қазақстандық бизнесмен Мұхтар ӘБІЛЯЗОВке Қазақстан және Ресей құқық қорғау органдары іздеу жариялады” деп хабарлайды ресейлік “Ведомости” газеті. Ресей Центробанкінің талабы бойынша, бұдан екі-үш күн бұрын ғана жаңа атқа ие болған АМТ-банк (бұрынғы атауы — Ресей Федерациясының БТА банкі) өзінің тізіміндегі бенефициарлары туралы ақпаратты жариялады. Соңғы меншік иелерінің ішінен директорлар кеңесінің төрағасы Мұхтар Әбілязовтің аты да шыққан. Қазақстандық банкир “Дельта-торг” компаниясы арқылы АМТ-банктің 19,77 пайыз акциясын иемденеді екен.

Мұхтар Әбілязов бұған дейін ресми түрде банк қожайындарының бірі екендігін жасырып келген сияқты…

Өздеріңізге белгілі, 2009 жылдың ақпанында БТА банкті іс жүзінде директорлар кеңесінің экс-төрағасы Мұхтар Әбілязов басқарып отырды. БТА банктің қазіргі менеджментінің пікірінше, мұндай кредитті талап ету құқығын басқамен ауыстыру — бұрынғы банк басшыларының қаржыны қымқыруға ниет етуі болып табылады. Өйткені осындай коммерциялық ауыс-түйісте банктің мүддесі есепке алынбай, пайдадан қағылады. Дәл осы жағдайда, БТА банк кредитті талап ету жөніндегі құқығын ауыстырғаннан кейін, шын мәнінде, активтері жоқ Reuel Limited оффшорлық компаниясының міндеттерін қамтамасыз ететін пайыздардан айырылды. Сонымен қатар қайта келісімге отырғаннан кейін, кредитті қайтару мерзімі тағы екі жылға ұзартылған. Мұндай келісімдер банкке пайда емес, шығын әкелетіні белгілі.

Бұл келісімнің БТА банк мүддесіне қайшы және заңсыз жасалғандығына барлық негіз бар болғандықтан БТА банк, жауап беруші жақтың тіркелген жері — Британдық Виржиндік аралдарындағы сотқа арыз түсірді. БТА банктің ресми ұстанымы — бұл келісімді қаржыны қымқыруға әрекет жасау деп табу.

БТА банктің арызына төрт адам жауап беруші болды, олардың бірі — БТА-ның директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әбілязов. Бұл тұлға Британдық Виржиндік аралдарының резиденті болып табылмайтындықтан, 2009 жылдың қарашасындағы алдын ала сот тыңдауына, Британдық Виржиндік аралдарының заңдық аумағынан тыс жерде жүрген Мұхтар Әбілязов кеңесші ретінде қатыстырылды. Соңынан, 2010 жылдың 24 наурызында Британдық Виржиндік аралдарының соты өз бұйрығымен Мұхтар Әбілязовтің бұл кезеңде сот ісінде қажеті жоқ деп тауыпты. Сонымен, Британдық Виржиндік аралдарындағы БТА банк ісіне қатысты сот процесінің Ұлыбритания астанасы Лондонда өтіп жатқан, Мұхтар Әбілязовтің қаржы былық-шылығына қатысты сот ісіне мүлде қатысы жоқ болып шықты. Қазіргі кезде БТА банктің Мұхтар Әбілязовтен қайтаруы тиіс қаржының сомасы жүздеген миллион АҚШ долларын құрайды. Банк ақырындап өзінің активтерін қайтарып жатыр. Әбілязов болса, Лондонда өмір сүріп жатыр. Оған сот процесі біткенше Ұлыбританияның аумағынан шығуға тыйым салынған. Төлқұжаты заңгерлердің қолында”. Авторы: Қайыр ТӨТЕНШИН.

ALASHAINASY.KZ. “Денсаулық саласы аты бірыңғай, заты қайшылықты жүйеге ұрынған жоқ па?”. “Күнделікті тірлігімізге азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейтін жаңалықтың енгізілуі, әлбетте, қуанышты. Алайда түрлі саладағы бетбұрыстар мен жаңа жүйелер шынайы өмірмен қабыспай, бастапқы мәнін жоғалтып, жасандылық күйінде қалып жатады. Денсаулық сақтау саласына биылдан бастап енгізілген Бірыңғай ұлттық жүйе туралы да осыны айтуға мәжбүр болып отырмыз.

Қарапайым тұрғындар үшін медициналық қызметті жетілдіруді басты мақсат еткен жаңа жүйе учаскелік емхана таңдаудан басталды. Жүйенің әуелгі талабы бойынша кез келген тұрғынға өзіне ұнайтын емдеу мекемесін таңдауға толық құқық берілді. Қалың бұқара кезіккен алғашқы түйткіл осы жерден қылтиды. Алматы сияқты мегаполис тұрғындарына қай учаскелік емханада қызмет сапасы қаншалықты деңгейде екенін анықтау қиын еді. Бірақ халық шартты түрдегі қалауы бойынша емхана таңдауға мәжбүр болды. Дегенмен “осы тәуір-ау” деген емхананы таңдаған тұрғынды күтіп тұрған көл-көсір жеңілдік тағы болмай шықты. Керісінше, өз учаскесінен бөлек емхананы таңдайтын адамға қатаң талап қойылды. Ең әуелі, емхана ауыстыратын тұрғын “учаскелік дәрігерге өзім келіп қараламын, үйге шақырмаймын” деп құжат рәсімдеуі қажет. Өйткені жаңа жүйе бойынша басқа емхананы таңдаған жағдайда бұрынғы учаскелік дәрігеріңіз екібастан, тіпті жаңа дәрігеріңіз де үйге келіп көмек көрсетпейді. Жағдайыңыз өте ауыр болса, жедел жәрдем шақыра аласыз. Мамандардың айтуынша, мұндай талаптың қойылуына медицина мекемелеріндегі қосымша материалдық мүмкіндіктердің жеткіліксіздігі себеп.

Ресми дерек: Алматы қаласында денсаулық сақтау саласына Бірыңғай ұлттық жүйені енгізу барысында 24 стационар мен 28 емхана қаржыландырудың республикалық деңгейіне ауыстырылды. 2010 жылы оларға бюджеттен 10 152 900 000 теңге бөлінеді. 1 қаңтар мен 1 ақпан аралығында 6409 адам бір емханадан екіншісіне тіркелді. 20 565 тұрғын жаңадан тіркеуден өтті”. Авторы: Болатбек МҰХТАРОВ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Қазынаға қол салатындар азаймай отыр”. “Мемлекет мүлкін әкесінен қалған мұрадай емін-еркін пайдаланатын құлқыны кең жемқорларға қарсы күрес шаралары барынша қатайтылғанымен, қазына қаржысын майшелпекке айналдыратын шенеуніктердің қатары азаймай отыр. Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа

және сыбайлас жемқорлыққа күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары, қаржы полициясының генерал-майоры Сәттібек ОҢҒАРБАЕВтің деректеріне сүйенсек, қыруар қаржыны түрлі желеулермен мақсатсыз пайдаланып, қалтаға басатындардың қатары сол баяғысынша екен.

– Сәттібек Оңғарбайұлы, сырт қарасаңыз, жемқорлыққа қарсы күрес қарқынын әлсіретпеген тәрізді, есесіне жемқорлардың саны да азаймай отыр.

– Оныңыз рас. Үстіміздегі жылдың өзінде несиені заңсыз алу және жалған мақсатқа пайдалану деректері бойынша қозғалған 121 қылмыстық істің 36-сы ауыл шаруашылық саласындағы несиелер мен субсидияларды заңсыз алу және мақсатсыз пайдалану фактілері бойынша тіркелген. Осы заңсыз әрекеттер арқылы мемлекетке 1 млрд. 302 млн.теңге залал келтірілген. Бұл жалған мақсатқа пайдаланылған несие қаражатының жалпы сомасының 22 пайызын құрайды. Әсіресе, ауылшаруашылығы саласына бөлінген қаржыны тұс-тұстан жырымшылап, талан-таражға салатындар азаймай келеді…”. Әңгімелескен Нұрлыбай ОМАРОВ, Астана.

ZHASALASH.KZ. “Банк секторының артық өтiмдiлiгi 12 миллиард долларға жеттi”. “Бiрақ нақты секторды несиелеу әлi де ақсап тұр. “Қайта қаржыландыру ставкасы өзгерген жоқ, бұрынғы 7 пайыздық деңгейде қалды. Сәуiр айында ол өзгермейдi де”, – деп мәлiмдедi Ұлттық банктiң төрағасы Григорий МАРЧЕНКО кеше БАҚ өкiлдерiне арналған дәстүрлi баспасөз мәслихатында. Бас банкир ай сайынғы баспасөз мәслихатын әдеттегi көрсеткiштердi тiзбелеуден бастады. “Статистика агенттiгiнiң мәлiметiне сүйенсек, өткен айдағы инфляция 0,7 пайызға жеткен. Ал жылдық көрсетудегi инфляция алдыңғы аймен салыстырғанда төмендеп, 7,2 пайыз болды“, – дедi ол.

Ары қарай төлем балансының жай-күйiне тоқталған Марченко дағдарысқа қарамастан шетелдiк инвестицияларды тарту азаймағанын, қайта керiсiнше, 2008-09 жылдары шетелдiк инвестициялардың күрт өскенiн тамсана отырып жеткiздi. “Өткен жылдың I,II тоқсандардағы ахуал қиын болғанымен, II жарты жылдықта көрсеткiштер жақсарып, бұл үрдiс биылғы жылдың I тоқсанында жалғасын тапты”, – дедi ол. Әрмен қарай бас банкир былтырғы жылдың қорытындысы бойынша елiмiздiң сыртқы қарызы 111 миллиард доллардан асқанын, бiрақ бұдан төнер қауiп-қатердiң жоқтығын алға тартты. Бұл – барлық сектордың қарызы. Бұның 48 миллиард доллардан астамы – фирмааралық берешек. Оның үстiне банк секторының 10 миллиард долларға жуық қарызы БТА, Альянс пен Темiрбанктердiң қайта құрылымдау процесi нәтижесiнде айтарлықтай қысқаратыны түсiнiктi”.

Наурыз айында Ұлттық банктiң таза халықаралық резервтерi 1,5 пайызға қысқарып, 26,6 миллиард долларға жеттi. Бұған еуро бағамының төмендеуi түрткi болған.

Банктердiң экономикаға кредиттерi бойынша негiзгi борыштың жалпы көлемi ақпанда 0,6 пайызға өсiп, 7657,0 миллиард теңгеге жеткенiне тоқталған Ұлттық банк төрағасы екiншi деңгейлi банктер нақты секторды несиелеудi әлi де қолға алмай отырғанына қынжылды. “Банктер артық өтiмдiлiгiн Ұлттық банктiң 0,5-1 пайыздық дeпозиттерiнде сақтағанша, нақты секторды 10-11 пайызбен несиелендiргенi жөн”…

Десек те, “Банктер әлi де нақты секторды несиелеу мiндетiн атқара алмай отыр. Бұған активтер мен несие қоры сапасының төмендiгi себеп. Сондықтан банктер үкiметтен алған қарызды қайтаруға әлi дайын емес”, – дейдi Ұлттық банктiң үйлестiру департаментiнiң директоры Ерұлан Жамаубаев”. Авторы: Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.

70 жаста да зейнеткерлiкке шығуға дайынбыз”. “…Жақында “Жас Алаштан” (№24, 26 наурыз, 2010 жыл) М.Ораловтың “Сұлтановқа бәрiбiр болып тұр ғой” атты мақаласын оқыдым. Қазiргi кезде жастар жұмыс таппай жүр. Ал 45 пен 63 жастағыларға тiптен жұмыс жоқ. Сонда жоғары жақтағылар ер адамдарды “зейнеткерлiкке 63 жастан шықсын” деп қалай ұялмай айтады? “63 немесе 65 жастан шықсын” дейтiндер кiмдер? Майшелпек жұмыста отырғандар. Партократтар. Әне-мiне дегенше зейнетақы жасы да келедi. Орындарынан кеткiсi келмейдi. Ал iстейiн десе жұмыс таппай, бала-шағасының тапқан табысына амалсыздан ортақтасып жүрген мына мен секiлдiлер намыстан жарылуға шақ жүр…”.

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 8 сәуір. Kazakhstan Today — Қазақ — қырғыз шекарасында азаматтарды өткізуге шектеу енгізілді, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, «қазір қазақ — қырғыз шекарасында азаматтарды өткізуге шектеу енгізілді. Демек, Қазақстан мен Қырғызстан азаматтары көрші республикадан өз елдеріне орала алады, бірақ, өз елдерінен әзірге шығуына шектеу қойылады».

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер мұндай шектеу режимі қанша мерзімге енгізілгені жайлы нақтыламады.

Баспасөз қызметі бұған қоса қазақ — қырғыз шекарасында шекара қызметінің күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілгені туралы ақпаратты растады.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...