«Болары болып, бояуы сіңгенде» тілге келген Бакиев Бішкекте төгілген қан үшін оппозицияны айыптады». «Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова: кеден одағынан кедергі келмейді». «Білімдегі біліксіздік»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 9 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қырғыз төңкерісінің дабылы дүниеге жетсе де, көршісі Қазақстанға естілмейді”. “Сәуірдің 8-де Қырғызстанда уақытша үкімет құрылып, президенттің, Жоғарғы кеңестің, парламенттің міндеттерін өз мойнына алғандығын жариялады. Бұл арада елдің оңтүстік өңіріне бас сауғалап кеткен президент Құрманбек БАКИЕВ биліктен оңайлықпен кетпейтінін мәлімдеді…

Қазақстандағы саясаттанушылар Құрманбек Бакиев осыдан бес жыл бұрын Қырғызстаннан Мәскеуге бас сауғалауға мәжбүр болған Асқар АҚАЕВтың қателігін қайталады деген пікірде…

“Алға, Азаттық!” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН Қырғызстанда қантөгіске жол берген Бакиев үкіметін сынға алып отыр…. Оның пікірінше Қазақстан көрші елде болып жатқан толқулардан сабақ алуы қажет…

Қырғызстандағы толқулар барысында қаза болған 70-тен астам адамның арасында Қазақстанның бір азаматы бар. Бұл туралы бейсенбі күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар АБДРАХМАНОВ мәлімдеді. Оның сөзінше, Жамбыл облысының Мерке ауылында тұрған Илья ШИЯН деген азамат толқулар қарсаңында Бішкектегі туыстарына кеткен. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Шиянның отбасына көңіл айтты”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

Болары болып, бояуы сіңгенде” тілге келген Бакиев Бішкекте төгілген қан үшін оппозицияны айыптады”. “…Қырғызстанның заңды президенті Құрманбек БАКИЕВ, сәрсенбі күні Бішкекті тастап шыққанан кейін алғаш рет, бейсенбі күні кешкісін елдегі жағдайға қатысты мәлімдеме жасады… “Эхо Москвы” радиостанциясына берген сұхбатында Құрманбек Бакиев өзін жеңілдім деп мойындамайтындығын, президенттіктен бас тартпайтындығын айтты…

… Бейсенбі күні Жалал-Абад қаласында 5 мыңға жуық кісі жиналған митинг болып өтті. Тұрғындардың бір бөлігі Бакиевті жақтаса, екінші бөлігі оған қарсы шықты…

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Бішкек тұрғындары арасында екінші күн қатарынан ел астанасындағы жағдайды реттей алмаған уақытша үкіметке наразылық танытушылар көбейді. Мыңдаған жастар әлі де болса Бішкек көшелерінде тәртіпсіздік жасауларын доғарған жоқ. Қаладаға көптеген дүкендер жабылған, базарлар бос тұр, көшелерде тәртіп сақшылары жоқ. Осыдан бес жыл бұрынғы көтеріліс кезінде генерал Феликс КУЛОВ қалада бір күннің ішінде тәртіп орнатқан болатын деп есептейді бішкектіктер…

Бейсенбі күні мыңдаған адам Бішкектегі ішкі істер басқармасының ғимаратына шабуыл ұйымдастырған. Азаттық тілшісі екі жақтан да оқ атылғандығын хабарлады. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, үш мыңға жуық адам Бішкек көшелерін босатпай отыр. Олардың көбі қаладан тыс ауылдардан келгендер. Жастар президент Құрманбек Бакиев қолдаушыларын жинап Бішкекке қайта соғады деген пікірді ұстанады…

Қырғызстанның аймақтарында да тонаушылық, тәртіп бұзушылық әрекеттір тіркелген. Мысалы, Тоқмоқ қаласында үкіметке қарсы баскөтерулерге қатысқандар аз ұлт өкілдері – дүнгендер мен ұйғырлардға қысым көрсеткен. Түнде жастар дүкендер мен кафелерді, сондай-ақ қоғамдық мекемелерді талқандап, тонаған. Тоқмоқта қалалық ауруханаларға жараланған 11 адам түскен, олардың бесеуіне оқ тигені анықталып отыр. Қаладағы тәртіпсіздік бейсенбі күні де тиылмады деп хабарлады Азаттыққа оппозиция өкілі Бақыт НҰРААЛЫУУЛУ. … Уақытша үкімет елдімекендерде түнгі тәртіпті қадағалайтын қоғамдық ұжымдар құрылып жатқандығын мәлімдеп отыр. Қырғыздың денсаулық сақтау министрлігі елдегі қақтығыстардан қаза болғандардың саны 74-ке жетті деп хабарлады”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

AIKYN.KZ. “Көктем келсе, қырғыздың қаны қызады”. “Айыр қалпақты ел тағы да атқа мінді… Бұл жолғы екпіні тым қатты. Жолындағысын қопармай қоймайтындай… Дегенмен әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ. Биылғы наурызда “қызғалдақ” төңкерісіне бес жыл толды. Бірақ АҚАЕВты тақтан тоңқалаң асырған төңкерістің қызығын осы уақыт арасында қара халық көре алмады. Төңкеріс арқылы келген майшелпекке сол кезде билікке қол жеткізген азғана топ ие болды.

Дұрысы, Құрманбек БАКИЕВтің төңірегі. Ал қалғанына “аспаннан шұға жауса да, құлға ұлтарақ тимейдінің” кері болды. Бакиев билікке келген бес жыл ішінде елдің Ата заңы үш рет өзгеріске түсті. Соңғысы қырғыз президентінің өкілеттігін кеңейтті, өлшеусіз билікпен қажет жерінде тізеге басып жіберетін мүмкіндіктер берді. Кезінде көрші жатқан жұртқа “демократия аралы” деп танылған айырқалпақтылар елі бүгінде одан жұрдай болған. Себеп әрине, үлкен. Ол — 2005 жылы “қызғалдақ” төңкерісінің арқасында ел билігін қолына алған демократ, халықшыл Құрманбек Бакиевтің демократияның “көз-құлағы” болып есептелетін жергілікті, соның ішінде оппозициялық ақпарат құралдарына қысым жасап, көпшілігін тас түрмеге жауып тастауымен байланысты болып отыр. Бір қызығы, қырғыз елі 1991 жылы тәуелсіздік алғалы бері Орталық Азияда ең бір демократиялық мемлекет ретінде саналып келген…”. Авторы: Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ.

EGEMEN.KZ. “Серіктестікке серпін қосатын сапар”. “7 сәуірде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ресми сапармен Астанаға келген Украина Президенті Виктор ЯНУКОВИЧті Ақордада салтанатты түрде қабылдап, алдымен шағын құрамда дидарласып, екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамыту жайын талқылады. Одан кейін екі жақтың үкімет мүшелерінің қатысуымен кең құрамда келіссөздер жүргізілді…

Екі мемлекеттің алдағы уақытта серпінді дамуына серпіліс беретін келіссөздердің қорытындысында Президенттер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Журналистердің транзит-көлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту барысы туралы сауалына Қазақстан Президенті екі мемлекеттің ынтымақтастығының ең маңызды бөлігінің бірі темір жол бағыттарын дамыту екенін атап өтіп, Тынық мұхиттан Қытай мен Қазақстан арқылы Амстердамға дейінгі жолдың жобасы жасалуда екенін айтты. Басқа да жобалар бар, соның бірі Каспийден Қара теңізге дейінгі “Еуразия” арнасы. Егер біз осы бағытты дамытатын болсақ, бұл достас мемлекеттердің бәріне игілік әкеледі, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мұндай елдік істі қолдаған Украина Президенті Қазақстан басшысын осы жылдың екінші жартысында ресми сапармен өз еліне келіп қайтуға шақырды”. Авторы: Сүлеймен МӘМЕТ.

Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова: кеден одағынан кедергі келмейді”. “…Жалпы, бүгінде әлемде экономикалық ықпалдастықтың негізгі төрт сатысы бар. Олар мыналар: бірінші сатысы – еркін сауда аймағы, екінші сатысы – кеден одағы, үшінші сатысы – бірыңғай экономикалық кеңістік, төртінші сатысы – экономикалық одақ. Еркін сауда аймағына мысал ретінде ТМД-ны айтуға болады. Кеден одағы деп үшінші бір елдерден әкелінетін тауарларға қатысты бірыңғай кеден тарифі, ал жалпы айтқанда бірыңғай сауда саясаты қолданылатын екі немесе одан көп елдің ортақ кеден аумағы аталатыны белгілі. Яғни, кеден одағы дегеніміз одаққа мүше елдердің арасындағы еркін сауда аймағымен бірге осы елдердің тарапынан үшінші елдерге қолданылатын бірыңғай сауда саясатының комбинациясы болып табылады. Қазір әлемде 12 кеден одағы Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында жұмыс істеп жатыр…

– Жаңа құрылып жатқан Кеден одағы Қазақстан экономикасының дамуына қалай әсер етеді? Кеден одағы елімізге қандай пайда әкеледі деп санайсыз?

– Ең қарапайым ұғыммен айтайыншы. Қазақстан өзінің 16 миллион адамдық нарығын 170 миллион адамдық нарыққа ұлғайтады. Бұл – басы ашық артықшылық. Ал нақтылап тарата түссек, біріншіден, Кеден одағын құрудың берер басты пайдасы осы одаққа мүше мемлекеттердің экономикаларына инвестицияларды тартуға жағымды жағдай жасау және мемлекеттердің экономикалық әлеуетін ескере отырып, бірлескен өндірістерді және бір-бірін өзара толықтыратын кәсіпорындар кооперацияларын құруды қамтамасыз ету болып табылады.

Кеден одағының қалыптасу нәтижесінде ішкі өнім деңгейі 1,6 трлн. АҚШ долларды құрайтын және ішкі нарық көлемі 168 млн. адамға жететін бірыңғай аумақ құрылып отыр.

Екіншіден, Қазақстанның экспортқа бағытталған кәсіпорындары үшін отандық тауарларды Еуропа елдеріне шығару үшін Ресейдің транспорт инфрақұрылымын әлдеқайда жағымды шарттармен қолдану келесі үлкен мақсат болып табылады. Бұл біздің кәсіпкерлеріміздің көлік шығынын азайтуына, соның арқасында қазақстандық өнімнің үшінші елдер нарығындағы бәсекеге қабілеттігін арттыруға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, Қазақстан тауарларының Ресей және Беларусь нарығына шығуы үшін техникалық стандарттар мен талаптардың, мысалы, ветеринарлық талаптардың, үш мемлекет тарапынан бір деңгейде қолданылуы өте маңызды міндет болып табылады.

Осылайша, қазақстандық тауар өндірушілер үшін өз өнімдерін сату нарығын кеңейту мүмкіндігі пайда болады және біздің экономикамыздың инвестициялық тартымдылығы артады, бұл өз кезегінде жаңа өндірістерді дамытуға ықпалдасады деп сенеміз.

Кеден одағы сол одаққа мүше елдердің экономикасына инвестиция тартуға, бірлескен өндірістер құруға, бірін бірі толықтыратын кәсіпорындардың кооперациясына қолайлы жағдай жасайды. Бұл одақ Қазақстанның экспортқа бейімделген кәсіпорындарының алдынан Ресейдің көлік инфрақұрылымына қол жеткізудің қосымша жолдарын ашады. Қазір қолданылып жүрген техникалық стандарттар мен талаптардың бір ізге түсірілуі қазақстандық өнімдердің Ресей мен Беларусь нарықтарына шығуына мүмкіндік жасайды.

– Мысалы, Ресей рыногы қазір іс жүзінде Қазақстаннан баратын ет үшін жабық тұр деуге болады. Солай ғой?

– Солай. Солай болатыны – Ресейдің осы саладағы қызмет орындары етті дайындауға өздерінше талап қояды. Ол талапқа біздің сатылатын етіміз дәл келмейді…

– Жанар Сейдахметқызы, осы ет мәселесіне байланысты наразылық білдірушілер де бар. Бұрын етке сататын сиырын ауласында сойып, ішек-қарнын тазалап, қан-жынын шығарып, базарға бір-ақ апарып үйренген қазақ жаңа жағдайға көндіге алмай жатыр.

– Ол талаптарды сақтамай болмайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі, аудан, ауыл әкімдері осы мәселемен айналысып, шешуге тиіс. Ет тиісті талап сақталып сойылмаса, тиісті температурада сақталмаса, тиісінше оралып, буып-түйілмесе, тиісінше тасымалданбаса экспортқа шығарылмайды. Бүкіл әлемдегі талап сондай. Бірте-бірте үйренуге тура келеді.

– Кез келген тауар бәсекеге қабілетті болуы керек дейсіз ғой.

– Кеден одағы есігін айқара ашып қойып, кел де ала бер дейтін жайма базар емес. Кеден одағы – бәсекелестік алаңы. Онда бәсекеге шыдас беретін тауарлар ғана өтеді.

– Мұндай талап бүкіл әлемдік саудаға да қатысты емес пе?

– Қатысты. Бірақ әр елдің өз ерекшелігі бар. Біздің тауарларымыз керемет болып жатса, олардың Америкаға да, Еуропаға да, Жапонияға да сатылатыны анық. Бірақ олай емес қой. Қазірше. Бұл сөзді Ресейдің, Беларусьтің тауарларына да қатысты айта аламыз. Олардың да тауарларын қазір іргедегі Еуропа онша қажет етіп отырған жоқ. Бірақ олардың тауарлары жалпы сапасы бойынша, әсіресе бағасы бойынша бізге әбден-ақ жарап тұр. Біздің тауарларымыздың да сұранысқа Жапониядан гөрі Ресейде көбірек ие бола алатындығы талас тудырмайды…”. Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

ALASHAINASY.KZ. “Қырғызстандағы соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстанның ұстанымы”. “Кеше “Евроньюс” телеарнасына берген сұхбатында Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қырғызстандағы соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстанның ұстанымын айқындап берді.

Мемлекет басшысы бауырлас мемлекетте қайтадан тұрақсыздық орын алып, тұрғын азаматтардың қаны төгілгеніне қынжылыс білдірді. Президент ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстанның Қырғызстан бойынша арнаулы өкілі, ҚР Парламент Мәжілісінің вице-спикері Ж.КӘРІБЖАНОВты тағайындап та үлгергенін айтты. ЕҚЫҰ хатшылығынан Бішкекке ЕҚЫҰ хатшылығының Қақтығыстардың алдын алу жөніндегі орталығының директоры Г. ЗАЛЬБЕР аттанды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанда орын алып жатқан озбырлық пен тонаушылықты сынға алды…”.

JASQAZAQ.KZ. “Білімдегі біліксіздік”. “Мақтаншақтық – қазақтың қадірін қашыруда. Атақ ақшамен өлшеніп жатыр. Кейбір қулар қазақтарға бір жапырақ мақтау қағазын беріп: “Сен мықтысың, кереметсің, бәленсің, түгенсің, танымалсың”, – деп көпіртіп мақтап, өзінің шотына пәленбай долларды аудартып алады.

“Пәленше “әлем адамы” болды, түгенше “жыл адамы” болды”, – деп басылым біткеннің бәрі жарысып жазып жатады ғой осы. Бәрі – бос сөз. Егер әлем сізді мойындайтын болса, ақша сізге өз аяғымен келеді. Демек, олар ақшаны сізге төлейді. Ал қолтығыңызға су бүркіп, мақтап, мадақтап, ақшаны сізден алатын болса, онда ол – адамдық емес, ақымақтық іс. Оны біздің кейбір дөкейлер қош көріп отыр ғой. Атақ, даңқ, шен-шекпенге құмар қазақтар осыған мәз. Мадақ емес, мазақ болып жатқанын өзі білмейді. “Ойбай, ол Нью-Йорк академиясының мүшесі”, – деп жер-көкке сыйғызбай мақтайтындар көп. Нью-Йорк академиясынан Қаскелең академиясының айырмашылығы қандай? Айырмашылығы: Нью-Йорк академиясына кез келген адам мүшелікке қабылдана алады. Сұраған ақшасын берсе болды. Ал басқа жерге сіз ғылымсыз өте алмайсыз. Ақымақтарды алдап, ақшасын алу қулардың әдетіне айналды. Дұрыс. Ақымақты неге алдамасқа?! Мен Американың грантын талай ұтып алдым. Дүниежүзінде мынадай принцип бар. Егер сіз Американың грантын алсаңыз, мысалы, миллион доллардан қалтаңызға түсетіні – жүзден бір пайызы ғана. Қалғанының бәрі Американың өзінде қалады….”. Авторы: Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ, академик.

JASQAZAQUNI.KZ. “БАЙМЕНОВ КЕДЕН ОДАҒЫН ӘШКЕРЕЛЕГЕНІ ҮШІН “КӨКПАР” ХАБАРЫ ЖАБЫЛДЫ…”. “Таяуда Кеден одағы мәселесі бойынша “Қазақстан” арнасының “Көкпар” хабарында “Ақ жол ” партиясының төрағасы Әлихан БАЙМЕНОВ Мәжіліс депутаты, “Нұр Отанның” өкілімен сайысқа түсіп, Кеден одағының күмәнді тұстары көптігін, бұл Тәуелсіздігімізге қол сұғу екенін тайға таңба басқандай нақты дәлелдеп берген болатын. Онда ол бүгінгі үкіметтің, Кеден одағындағы біздің делегациямыздың ел мүддесін қорғауда табандылық көрсетпей отырғанын ашық айтты. Біздің редакция ақпараты бойынша 16 наурыз күні “Көкпар” көрсетіле салысымен, Үкімет пен Президент әкімшілігінен нұсқау түсіп, осы хабарды эфирге шығарғаны үшін “Қазақстан” арнасының бас редакторы Асылбек ЫҚСАНОВ және “Көкпардың” редакторы Нұрлан ӘБДІБЕКОВ жұмысынан қуылыпты. Ұлттық арнадағы ең рейтингі жоғары, көпшіліктің сүйікті хабары “Көкпар” жабылыпты. Содан бері дайын тұрған үш хабар эфирге шыққан жоқ…”.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 9 сәуір. Kazakhstan Today — Ресей президенті Дмитрий МЕДВЕДЕВ пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ бейсенбі күні кешке телефон арқылы сөйлесіп, Қырғызстандағы ахуал жайлы талқылады, деп хабарлайды Kazakhstan Today Ресей мемлекет басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.

«Әңгіме барысында мемлекет басшылары Қырғызстандағы дағдарысты жағдайды талқылады. Тараптар көптеген адамдардың құрбан болуына және мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық саласындағы жағдайдың күрт тұрақсыздануына әкелген елдегі өткір ішкі саяси жағдайға үлкен алаңдаушылық білдірді. Д.Медведев пен Н.Назарбаев, ЕҚЫҰ-ға (Қазақстан) және ТМД мен ҰҚШҰ-ына төрағалық етуші аймақтағы екі үлкен мемлекеттің президенттері ретінде, қантөгіс пен зомбылықтың барлық түрін тезірек тоқтату қажеттігін атап көрсетіп, Қырғызстанның барлық аумағындағы ахуалды тұрақтандыру керек екенін айтты»,- делінген хабарламада.

«Ресей президенті сондай-ақ қырғыз елінің аумағында орналасқан ресейлік азаматтардың отбасыларының, дипломатиялық өкілдіктер мен басқа да ресейлік шетелдік мекемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қырғызстанға ресейлік әскери қызметкерлер тобын жіберу туралы бұған дейін ҰҚШҰ елдері мен басқа да серіктестерге жолданған ресми ақпаратты растады»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Н.Назарбаев Дмитрий Медведевті АҚШ-пен арада Стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақтар туралы жаңа шартқа қол қойылуымен, тарихи оқиғамен құттықтады. Ресей президенті өз кезегінде Беларусь және Украина елдерімен қатар Стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақтар туралы бұрынғы шартты жүзеге асыруға және жалпы стратегиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге өз үлесін қосқан Қазақстанның роліне жоғары баға берді.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...