«Қызылағаш тұрғындары 15 жыл бойы тасқын су астында қалу қаупімен өмір сүрген». «Жұмыссыздар қатарын мамандыққа адасып түскендер көбейтеді». «Жаһандық мәселелер саммитті қажет етеді»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 12 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Польша президенті отырған ұшақтағылардың барлығы апаттан қаза тапты”. “Сенбі күні Ресей елінің аумағында апатқа ұшыраған Ту-154 ұшағында Польша президенті Лех КАЧИНЬСКИЙ зайыбымен, сондай-ақ елдің бірқатар лауазымды тұлғалары болған. Польша халқы ұшақ апатында қаза болғандарды жоқтап, бір апта бойы аза тұтатындығын жариялады. Польша президенті Лех Качиньский отырған Ту 154 ұшағы Смоленскіге бара жатқан болатын. Апат салдарынан ондағылардың бәрі – 132 адам түгелдей қаза болғаны туралы Ресейдің Смоленск облысының губернаторы Сергей АНТУФИЕВ хабарлады…”.

Қызылағаш тұрғындары 15 жыл бойы тасқын су астында қалу қаупімен өмір сүрген”. “…Қызылағаш ауылы апаттан енді ғана есін жия бастады. Науырыздың 12 түнде болған қайғылы оқиғаның себеп-салдары әлі зерттеліп жатыр. Әйткенмен, бұл апаттың алдын алуға мүмкіндік болған ба еді? Қызылағаш су қоймасы жұмысшыларының сөзіне қарағанда, апат болар қарсаңда соңғы үш күн бойы толассыз жауған қар аралас жаңбыр бөгетке құйылатын су мөлшерін күрт көбейтіп жіберген….”. Авторы: Ермек БОЛТАЙ.

Жексенбіде жұртты жиынға шақырған жастар әкімдіктен, қарттар алаңнан табылды”. “Митингтен бас тартқан жастардың хабарын естімеген жұрт бүгін алаңға жиналды. Олардың көбі зейнеткерлер болса, алаңға аяқ басқан әр кісіден тыныштық бұзушының кейпін көрген полиция олардан екі есе көп еді. Төрт адам ұсталып, қайта босатылды…”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

AIKYN.KZ. “Жұмыссыздар қатарын мамандыққа адасып түскендер көбейтеді”. “Оқу жылының аяғы таяп қалды. Шамамен 2 айдан соң мектеп қабырғасынан жүз мыңдаған түлек ұшып шығып, болашақ мамандықтарын таңдайды. Аз-кем әңгіме барысында Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман АЛШАНОВ түлектердің болашақта сұранысқа ие кадр болу үшін мамандықты дұрыс таңдауы керектігін айтты.

— Бүгінгі түлек, ертеңгі маман жұмыссыздардың қатарын толықтырмас үшін қандай мамандықтарды таңдағаны жөн?

— Қазіргі кезде мемлекет еңбек нарығында сұраныс көп, өзіне қажетті мамандықтарға оқу гранттарын көп бөліп отыр. Ол — медицина қызметкерлері, педагог мамандар және ауыл шаруашылығының кадрлары. Өйткені медицина қызметкерлеріне ауылда не қалалық жерде болсын, сұраныс жоғары. Мұғалімдерге де әркез жұмыс табылатыны белгілі. Ауыл шаруашылығы бойынша бітірген түлектерді де дипломын қалтасына салғаннан соң жұмыссыз қалады деп айтуға болмайды. Техникалық мамандық бойынша бітіргендерді талап алып кетіп жатыр. Ал ЖОО-ны тамамдаған соң жұмыссыз отырғандардың басым көпшілігі — экономистер мен заңгерлер. Өйткені кезінде экономист пен заңгер болу “сәнге” айналғанда, ертеңгі күні қызмет табатын-таппайтынын ескерместен, сол мамандық бойынша түсіп алған…

— Жыл сайын жоғары оқу орындарын бітіріп жатқан, мемлекеттік грантпен оқыған мамандардың барлығы бірден жұмыс тауып кетеді деп айта алмаймыз ғой…

— Мемлекеттік грант бойынша оқып жүрген шәкірттердің саны — 180 мың. Грант деген — мемлекеттің тапсырысы. Ақысыз бітірген түлектер мамандығы бойынша жұмыс істеулері керек. Бүгінде жоғары оқу орындарына сапасыз кадрларды шығарып жатыр деген айып көп тағылады. Білікті кадр болып шығу ең бірінші студенттің өзіне байланысты екенін көп жағдайда естен шығарып аламыз. Студенттердің ойнап-күліп жүріп оқу бітіргісі келетіні жасырын емес. Біз кәсіпкерлермен байланысып, олардан нақты тапсырма алып, болашақта қажетке жарайтын дүние шығарыңдар дегенімізбен, шәкірттер жеңілдің астымен, ауырдың үстімен өткісі келеді. Әрине, кәсіпкерлер де құшақ жая қарсы алып жатқан жоқ, бірақ қалауын тапса қар жанады емес пе? Интернеттен ешкімге керек емес дүниені көшіріп әкеп беру үрдіске айналып барады.

Кадрға мұқтаж мұнай компаниялары, құрылыс фирмалары университеттермен байланыс орнатып, студенттерге арнайы жобаларды жасауды ұсынып жатыр. Яғни олар компания қоятын талаптарға сай маман болып шығады. Жыл сайын еліміздің жоғары оқу орындарын 100 мыңнан аса маман бітіріп шығады екен. Статистикаға сүйенсек, жұмыс іздеп жүргендердің 20 пайызға жуығы — жоғары білімділер. Дипломды қалтаға салған соң жұмыссыздардың қатарын толықтырмас үшін, студенттер білікті маман болып шығуға өздері мүдделі болуы шарт. Мамандық таңдағанда еңбек нарығына талдау жасап, қай мамандықтарға сұраныс бар екенін анықтап алған жөн. Өйткені Қазақстанда енді-енді дамып келе жатқан, ата-аналардың көпшілігі біле бермейтін жоғары технологиялармен байланысты салалар бар…”. Сұхбаттасқан Үмітжан ЖАПАР.

EGEMEN.KZ. “Төрағалық төрінде – 100 күн”. “2007 жылдың 30 қарашасында Испанияның астанасы – Мадрид қаласында өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде Қазақстан Республикасы аталған беделді халықаралық Ұйымға 2010 жылы төрағалыққа сайланды. Жас тәуелсіз мемлекеттің кандидатурасын қолдап ЕҚЫҰ-ға мүше барлық 56 ел бірауыздан дауыс берді.

Сөйтіп, ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет Азия құрлығында орналасқан мемлекет, тұңғыш рет бұрынғы Кеңес Одағы құрамынан бөлініп шыққан ел, тұңғыш рет тұрғындарының басым бөлігі мұсылман дінін ұстанатын республика, тұңғыш рет түркі тілдес мемлекет әлемдік аренада осындай биік тұғырға көтерілді. Бұл барша қазақстандықтардың, еліміздің дипломатиясының, ең бірінші кезекте Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың жеңісі еді…” Авторы: Самат МҰСА.

TURKYSTAN.KZ. “Түрмедегi түрiк генералдар”. “Адмиралдар мен генералдар, басқа да офицерлер жаппай тұтқынға алынған Түркиядағы саяси қақтығыстар 3 жылдан берi жалғасып келедi. Басты себеп – әскерилерге тағылған айып. Премьер ЕРДОҒАНның партиясы қоғамдағы әскерилердiң ықпалын әлсiрету үшiн Конституцияға өзгерiстер енгiзудi ұсынып отыр.

23 ӨЗГЕРIС ЖОБАСЫ САЛҒАН ЖIК. Түркия премьерi Реджеп Тайип Ердоған бастаған Министрлер кабинетi Әдiлет және даму партиясы Түркия Конституциясына 23 өзгерту енгiзу туралы ұсынысын Ұлттық Мәжiлiстiң талқысына салды. Билiктiң бұл бастамасына қарсы шыққандар тобы Үкiмет елдегi әскерилердiң елге ықпалын әлсiрету мақсатында әрекет етуде деп айыптады. Жалпы бұл ойды қазiргi түрiк билiгi терiске шығармайды. Түркиядағы бұқаралық ақпарат құралдарына мәлiмдеме жасаған вице-премьер Жемиль ЧИЧЕК: «Конституциялық өзгертулердiң басты мақсаты – қоғам өмiрiнiң барлық саласында халықтың тәуелсiздiгiн бекiту, халықтың билiгiн күшейту. Бүгiн билiк басында – бiз, ертең басқа бiреулер келедi. Алайда, халықтың ерiк-жiгерi, дербестiгi еш өзгерiссiз қала бермек. Сондай-ақ, әскерилердiң ұртоқпағымен өмiр сүруге мәжбүр болмайды» дедi. Түркиялық партиялардың басым бөлiгi заң саласында реформаларды жүргiзуге қарсы болмағанмен, Ердоғанның конституциялық өзгертулерiне қырын қарап отыр. Мәселен, Түркия Парламентiндегi ӘДП-ден кейiнгi екiншi орында тұрған әрi Ердоғанның саяси қарсыласы Халықтық-республикалық партияның (Cumhuriyet Halk Partisi) көсемi Дениз БАЙКАЛ «бiр партия ғана түзген өзгертулердi парламенттiк талқылауға шығару дұрыс еместiгiн» мәлiмдедi. Ал Ұлттық қозғалыс партиясының (Milliyetci Hareket Partisi) төрағасы Девлет БАХЧЕЛИ Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар мәселесiн елдегi барлық партиялардың мүдделерiн ескере отырып, 2011 жылғы парламенттiк сайлаудан кейiн қарауды ұсынды. Saadet партиясының көсемi Нуман КУРТУЛМУШ Конституцияның алдағы бiрнеше жыл iшiнде түбегейлi өзгертiлуi мүмкiндiгiн, алайда, Ердоғанның партиясы ұсынған өзгерiстерде әлi кемшiн тұстар барлығын жеткiздi. Конституцияға енгiзiлуi тиiс 23 өзгерiс Конституциялық сот пен Соттардың жоғарғы кеңесiн де реформалауды ұсынады. Сонымен қатар аталған құжат әскерилердi соттау iсiн азаматтық инстанцияларда өткiзу, саяси партияларды таратуға қатысты қылмыстық iс қозғау құқығын қазiргiдей Апелляциялық соттан алып, Парламенттiң құзырына берудi көздейдi…

Бастарына қара бұлт үйiрiлген түрiк әскерилерi бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған деректердiң барлығы да iске асырылуы тиiс әскери жаттығулар болуы мүмкiндiгiн, оның астарында ешқандай құпия немесе жасырын әрекет жоқтығын көлденең тартуда. Бұрынғы әскери қолбасшылардың бiрi Четин ДОҒАН «тағылған айыптардың барлығы – қарулы күштерге күйе жағуды мақсат еткен арнайы шаралар» деп мәлiмдеп, артынша «көпшiлiкке аян болған жоспар («Балға» – Н.Ж.) – Түркиядағы республиканың негiзiн қорғау және сақтауға бағытталған аса қажет әрi маңызды құрал» деп, оқиғаны одан сайын шиеленiстiре түстi. «Sabah» газетiнiң хабарлауынша, сараптамалық зертханалар қорытындысы әскерилерден тәркiленген «Балға» операциясы туралы деректер көрсетiлген құжаттардың түпнұсқа екендiгiн ендiгi растап отыр. Негiзi сарапшылардың басым бөлiгi Түркиядағы әскери төңкерiстiң орын алуы әбден мүмкiн екендiгiн жоққа шығармайды. Өйткенi, соңғы онжылдықта түрiктер жерiндегi әскерилердiң ықпалымен 1960, 1971, 1980, 1997 жылдары билiктi күшпен тартып алған. Әрине, «Ердоғанның үкiметi билiктiң күшiмен, зайырлы қоғамның кепiлi боп келген әскерилердiң беделiне нұқсан келтiрiп, олардың ықпалын әлсiретуге мүдделi. Сондықтан офицерлердi жаппай тұтқынға алуда» деген пiкiрдегi сарапшылар да баршылық. Оған себеп, ӘДП билiк басына келгелi берi Ердоғанның бiрнеше ұсынысы әскерилердiң кесiрiнен қабылданбай керi қайтуы”. Авторы: Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

ANATILI.KZ. “Ұлы Жеңіске 4,5 миллиард теңге бөлінді”. “25 наурыз күні өткен ҚР Парламенті Мәжілісі мен РФ Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасы арасындағы ынтымақтастық туралы Палатааралық парламенттік комиссияның отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай әлеуметтік қолдау шараларына бюджеттен 4,5 млрд. теңге қарастырылатынын мәлім етті. “Осыған орай республика бойынша 300 мыңға тарта соғыс ардагерлерін бір реттік материалдық көмекпен қамту көзделеді. Сонымен қатар бір мезгілде соғысқа қатысушылар мен мүгедектерінің ТМД елдерінің аумағы бойынша бір рет теміржол немесе әуе көлігімен тегін барып-қайтуы, Қазақстан Республикасының аумағы бойынша бір рет теміржол немесе әуе көлігімен тегін барып-қайтуы ұйымдастырылады…”.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Сот шешімін орындаудың пәрменді тетіктері іске қосылмақ”. “Бахтияр ӨНЕРБАЕВ, Жоғарғы сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасының орынбасары:

Біздің жаңа айдарымызда Жоғарғы сот жүзеге асырып жатқан реформалар, жаңалықтар мен бастамалар жайлы кәсіби мамандар сөз алады.

– Бахтияр Алтайұлы, “Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы” заңды жасап қабылдаған ТМД көлеміндегі тұңғыш мемлекет екенбіз. Бұл біздегі сот шешімдерінің орындалу деңгейінің төмендігін көрсете ме? Әлде …

– Елімізде сот шешімдерінің орындалу деңгейі төмен екендігі рас. Көршілес елдерде де бұл мәселенің өткір тұрғандығында сөз жоқ. 2007 жылы Қазақстанда Сот орындаушыларының съезі болып, оған Халықаралық сот орындаушылары Одағының Президенті келген болатын. Кейін ол біздерді одақтың Париждегі штаб-пәтеріне шақырып, мүшелікке қабылдады. Бұл біздегі сот орындаушылары қызметінің әлемнің дамыған елдеріндегі тәжірибесімен танысуымызға мүмкіндік берді. Қазақстандағы сот орындаушылары қызметін жетілдірудің жолдарын айқындауға әдістемелік тұрғыдан ықпал жасап, аталмыш заңның өмірге келуіне түрткі болды. Қазір әлемнің 65 елінде жеке сот орындаушылары институты тиімді жұмыс істеп жатыр….

– Жеке сот орындаушылары өзінің сақтандыру шартынсыз жұмыс істей алмайды деген талап бар екен. Осыған түсінік беріңізші.

– Иә. Олар сақтандыру агентімен шартқа отырады. Оған белгілі мөлшерде қаржы салып қояды. Оған жетпейтін болса, оның көлемін ұлғайтқаннан кейін ғана бұл жұмыспен айналыса алады. Жеке сақтандыру және алқалық сақтандыру болады. Егер сот шешімі бұзылып, орын алған қаржылық шығынды қалпына келтіру қажет болса, ол жеке сақтандыру қорынан беріледі, ол жетпейтін болса алқалық сақтандыру қорынан алынады. Егер ол да аздық етсе, онда жеке сот орындаушысының мүлкінен өтеледі.

– Бұл тым қатал шара емес пе?

– Мұны біз де депутаттарға айтқанбыз, олар келіспей қойды. Қысқасы, жеке сот орындаушылары үшін бос кеңістік жоқ. Олардың заңсыздыққа бармауына барлық тетіктер жасалған…”. Сұхбаттасқан Айша ҚҰРМАНҒАЛИ.

ALASHAINASY.KZ. “Жаһандық мәселелер саммитті қажет етеді”. “…Егер биыл ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер тарапынан саммит өткізу бастамасы бірауыздан мақұлданып, бекітіле қалса, күн тәртібіне жаһандық және аймақтық қауіпсіздік, лаңкестікпен күрес, Ауғанстан тағдыры, трансұлттық қатерлерге қарсы тұру, әскери-саяси тепе-теңдіктің бұзылуы, жанжалды аймақтарды реттеу, ядролық қауіпсіздік, экстремистік қатерлермен күрес саласындағы көпжақты ынтымақтастық мәселелері, ұйымға әмбебаптық сипат беру жайы талқылануы мүмкін. Елбасы айтқандай, жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс жаңа, әлдеқайда әділ де болжап боларлық әлемдік тәртіпті құру ісінде барлық мемлекеттердің, соның ішінде ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің де күш-жігерін біріктіру қажеттігі туындап отыр. Бұл бағытта Қазақстан басшысы ұсынғандай, осы заманғы әлемде көпшілік болып табылатын орташа мемлекеттердің рөлін жаһандық стратегиялық шешімдердің консенсустық негізде қабылдануына қол жеткізу керек...”. Авторы: Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ.

USHKIYAN.KZ. “Қазақ даласында кіндік қаны тамған ғарышкерлер”. “Байқоңыр” – әлемдегi ең үлкен ғарыш айлағы. Ол – Қазақстанның әлем алдындағы көрсетер ұлттық брендiне айналғанына да, мiне, 50 жыл толып отыр. Ғарыш айлағы тек ұлттың беделi ғана емес, ол – бiздiң бәсекеге қабiлеттi елдiгiмiз бен әскери потенциалымыздың күш-қуатын да айқындайды. 50-шi жылдардан бастап түрлi ғарыш аппараттары ұшырылып, 60-шы жылдардан құрамында адам басқаратын ғарыш кемесi ұшырылған кезден берi 200-ге жуық ғарышкерлер ұшырылыпты. Осы кезден бастап елiмiзде ғарышкерлердiң жаңа толқыны да өсiп қалыпты. Қазақстанды туған Отаным деушi космонавтардың да бiр тобы пайда болды. Оларды бiз ұмытсақ та тарих ұмытпақ емес. Бүгiн бiз солардың ғарыш кеңiстiгiнде алар орны туралы айтып кетудi жөн көрдiк...”. Авторы: Азат ҮСЕН.

MINBER.KZ. “Қазақ жеріндегі мадьярлардың ізі”. “…Шығыста қалған мадиярларға қатысты антропоним, этноним, топоним мәселелерін ең алғаш зерттеген академик Немет Дьюла КАРПАТ бассейніне қоныстанған мадиярлардың қалыптасу мәселесіне арнаған өзінің фундаменталды еңбегінде жан-жақты пайымдайды. Шығыста қалған magyar-ға (венгрге) ұқсас атаулар арасынан ең жақыны мадиярлардың (венгрлердің) миграциясы заманында пайда болған этнонимін mogyeri деп, ал шығыста қалған шашырандыларды mozserjan атауымен атаған деп пайымдайды…

Сондай-ақ Мадиярлардың қыпшақ тайпасы құрамына енетін шоғырының арасына да экспедициямен барудың реті түсті. Арғын-мадиярларға қарағанда қыпшақ-мадиярлардың да саны өте көп 15 мыңдай арғын-мадиярлар 1500-2000 шамасында ғана біздің пайымдауымызша. Бір информанттың айтуына қарағанда қыпшақ-мадиярлар Ресейдің Новосібір, Томск, Алтай өңірінде, Қазақстанда Ертіс бойында тұратын көрінеді. Еуропада мадиярлардың қазақтар арасындағы ізі туралы зерттеу, шежіресін, шежірелік аңызын зерттеу алдағы жылдардың міндеті (Benko M.-Кhinayat B. Keleti magyar neptoredekek a kazak torzsszovetsegekben //Eleink-Magyar Ostortenet. 2004, №2. 5-19)”. Авторы: Бабақұмар ХИНАЯТ, ҚР Мемлекеттік Орталық музей, Алматы, тарих ғылымдарының кандидаты.

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 12 сәуір. Kazakhstan Today — Алматы және Оңтүстік Қазақстан облысындағы тауларда таяудағы тәуліктерде қар көшкіні түсуі мүмкін, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Қазгидромет» РМК ескертуінде атап көрсетілгендей, «жылымыққа және жаңбырға байланысты Алматы және Оңтүстік Қазақстан облысындағы тауларда 2 мың метр шамасындағы биіктік аймағында 12-14 сәуір күндері қар көшкіні түсу қаупі сақталады». «Тауларда абай болыңыздар», деп ескертеді мекемедегілер.

Астана. 12 сәуір. Kazakhstan Today — Алматы облысының Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылын қалпына келтіруге қосымша 4,7 млрд теңге қажет. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Серік ҮМБЕТОВ бүгін үкіметте өткен селекторлық жиында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Әкімнің мәліметінше, бүгінгі күні жөндеу және құрылыс жұмыстарына 3 млрд 100 млн теңге бөлінген. «Соның ішінде қайырымдылық көмек 1 млрд теңгеден асады, ұлттық компаниялардың қаражаты — 622 млн теңге, облыстардан келген қаражат — 870 млн теңге және үкімет бөлген 500 млн теңге», — деді С. Үмбетов. «Жалпы алғанда қажет қаржының көлемі — 7,8 млрд теңге. Бізде бар 3,1 млрд теңгені қоса есептегенде, алдын-ала есеп бойынша қосымша 4,7 млрд теңге қажет», — деді әкім.

Осыған байланысты қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВ хабарлағандай, кеше KEGOC және «Қазақтелеком» басшылығымен келіссөздер жүргізілді. «Жарықпен және байланыспен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, ұлттық компаниялар қаржы бөлуге дайын, ондай шығын тым үлкен емес. Тиісті тапсырма болған жағдайда олар шығынның бұл бөлігін өздері жабуға дайын», — деді Б. Жәмішев.

Ал Қазақстан үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ Қызылағаш ауылындағы құрылыс және жөндеу жұмыстарын жаз маусымында жұмыстарды толық аяқтау үшін қаржыландыру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Бішкек. 12 сәуір. Kazakhstan Today — Ресей Қырғызстанның жаңа үкіметіне $150 млн астам көлемде грант бөледі. Бұл туралы Қырғыз Республикасының уақытша үкіметінің мүшесі Алмазбек АТАМБАЕВ бүгін Бішкекте өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today. Оның айтуынша, Мәскеуде ол Ресей үкіметінің өкілдерімен келіссөздер жүргізген. А. Атамбаевтың айтуынша, ол Ресей жағынан толық қолдау мен түсіністікке ие болған. «Қырғызстанда жағдай тұрақты болған кезде Ресей жағы $150 млн бөлген. Ал бүгін елде ауыр жағдай туғанда Ресей бұдан жоғары көлемде грант бөлуге дайын», — деді ол. А. Атамбаевтың айтынша, жуырда бірқатар нақты проблемаларды шешу үшін Ресейге делегация аттанады. Соның ішінде Қырғызстанға жанар-жағармай жеткізу мәселесі де бар.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...