«Жаһандық саммит: Қазақстан қарусыздануды қалайды». «Бар мықтылығымыз бағдарлама жасаудан ары аспайды-ау». «Уран ауылды улап жатыр»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 15 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “ЕҚЫҰ төрағалығына келген 100 күнде Қазақстанда демократиялық реформалар сезілмейді”. “…Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалықты алғанына 100 күннен асты. Батыс елдерінде ел жетекшілерінің немесе ұйым басшыларының алғашқы 100 күнде атқарған шараларына баға беру дәстүрге айналған. Осы күнге қатысты Халықаралық адам құқын қорғаушы Human Right Watch ұйымы ресми Астананың ұйымға төрағалық алғаннан бергі жұмысына баға беріп, адам құқықтары саласындағы іс-әрекеттері көңіл көншітпейді деген мәлімдеме жасады. Human Right Watch ұйымының айтуынша, Қазақстан беделді халықаралық ұйымға төрағалықты алғанда, елдегі адам құқықтарын қорғау мен сыйлау жөнінде міндеттемелер алған…”. Авторы: Үкілі-ай БЕСТАЙ.

AIKYN.KZ. “Жаһандық саммит: Қазақстан қарусыздануды қалайды”. “Вашингтонда өтіп жатқан ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ бастаған ресми делегация да қатысуда. Саммит алаңында Елбасы бірқатар елдердің президенттері және үкімет басшыларымен кездесті…

Сарапшылардың айтуынша, саммит өзекті мәселелерді көтерсе де, оларды бірден шешу мүмкін болмай тұр. Өйткені ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке Иран мен Солтүстік Корея өкілдері шақырылмаған, ал Израильдің премьер-министрі жиынға келуден бас тартқан. Сарапшылар Үндістан мен Пәкстан арасындағы жағдайдың да өзектілігін айтады. Бүгінде бұл елдер қарулану бойынша өзара жарысқа түскен сияқты. Десе де, әлемдік елдер басшыларының ядролық қауіпсіздік мәселелері бойынша бас қосып, ашық әңгіме жүргізуге тырысуы құптарлық”.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Уран ауылды улап жатыр”. “Соңғы кездегі экологиялық ахуалдың күрт нашарлауы қоршаған ортаны қорғау мәселесін алдыңғы қатарға шығарды. Елімізде қоршаған ортаны қорғауға арналған арнайы министрліктің құрылып, оның аумақтық бөлімдерінің жұмыс істеуі бұл мәселеге мемлекетіміздің қаншалықты мән беріп отырғандығын айғақтаса керек.

2009 жылы Ақмола облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасы ауаны ластауға жол бермеу бағытында 253 тексеріс жүргізіп, 139 құқық- бұзушылықты анықтаған екен. Табиғатты қорғау заңнамасының бұзылғандығы үшін жалпы сомасы 5215,5 мың теңгені құрайтын 110 айыппұл салынып, 8 ескерту жасалған. 4107,7 мың теңге сомасындағы 53 айыппұл өндіріліп алынған және қоршаған ортаға зиян келтірген табиғатты пайдаланушыларға 15361,6 мың теңге сомасындағы 25 кінәрат-талап ұсынылған. Соның ішінде 5609,9 мың теңге айыппұл өндіріліп алынса, 12 материал сотқа жіберіліп, бір нысанның құрылысы тоқтатылған. Осы сандардан аңғарып отырғанымыздай, табиғат байлығын қалай болса солай пайдаланатындармен күрес күшейе түскендігі байқалады. Бірақ, табиғатты иесіз жатқан ен байлық деп санайтын бұрыннан қалыптасқан көзқарасты бірер жылдың ішінде өзгертудің өзі қиын. Оның анық бір дәлелі – қоршаған ортаны қорғау туралы заңның жиі бұзылып жататындығы.

Елбасымен болған тікелей эфирде Ақмола облысы, Жарқайың ауданы аумағындағы Тасөткел ауылының экологиялық ахуалына байланысты мәселе көтерілген еді. Тасөткел ауылының аумағында жұмыс істеген, уран кеніші біраз уақыттан бері тоқтап тұр….”. Авторы: Қалкөз ЖҮСІП.

ALASHAINASY.KZ. “Фармация мәселесі Үкімет сағатының деңгейінде көтерілмек”. “СҚ “Фармация” компаниясының мәселесі Парламент Мәжілісінің де талқысына жетті. Мәселе сол баяғы – дәрі-дәрмектерді сатып алу және жеткізумен айналысатын бірыңғай дистрибьютерлер өз жұмысын дұрыс орындай алмай келе жатқандығы. Кеше Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар “бұл мәселені Үкімет сағатына шығару керек” деген шешімге келді.

“СҚ “Фармация” компаниясының бас директоры Вадим ЗВЕРЬКОВ бүгіндері аймақтарды 97,3 пайыз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отырғанын айтты. Онымен қоймай, бюджеттік қаржыны да әжептәуір үнемдеп отырғанын айтты. “Бюджеттік қаржыны 4,5 миллиард теңгеге үнемдедік”, – деді ол. Бас директордың бұл сөзіне депутаттар шамданып қалды. “Адамның денсаулығы жайында сөз болып жатқанда, ақша үнемдеп отырмыз деп мақтану неге керек?” – деді бірнеше депутат.

Депутаттардың біршамасына өңірлердегі жұрттан дәрі-дәрмектің тапшылығы жөнінде хаттар келіп түскен…

Десек те, депутаттар “СҚ “Фармацияның” жұмысына қанағаттанбай отыр. “Құрметті депутаттар, мына кісілерді тыңдай отырып, мен мынадай пікірге келдім. Бұл кісілер дәрі-дәрмекпен бүкіл республиканы қамтамасыз етуге дайын емес. Бұл салада ешқандай тәжірибесі жоқ. Соның салдарынан қазір көптеген аймақтарда адам өміріне ең керекті деген дәрі-дәрмектер жоқ. Бұл кісілер қайдағы бір үнемделген 4,5 миллиард теңге жайында айтады. Ал халық қажетті дәрісін таба алмай отыр. Сол дәрі үшін бар байлығын беруге дайын. Бұл – бір. Екінші мәселе, жұрт емханаға барады, ол жақтан жазып берген дәріні сол емханадан таба алмайды, алайда ол дәрілер дәріханаларда самсап тұрады. Бұл дәрілер дәріханаға қайдан түскен? Жалпы, республикада жоқ болса… Үшіншіден, бұлар келесі жылы да осындай жағдай тудыруы мүмкін. Өйткені осы жерде отырып алып бұлар “біз былай істеуіміз мүмкін, олай істеуіміз мүмкін” деп суырыпсалмалыққа салып отыр. Өздерінің көздері жетпеген дүниені бізге түсіндірмекші. Бұл жарамайды. Сондықтан менде бір ғана ұсыныс бар – Қазақстан халқының денсаулығына жауапты Денсаулық сақтау министрлігі. Ендеше, денсаулық сақтау министрінің, “СҚ “Фармация” компаниясының бас директорының және осыған жауапты өкілдердің қатысуымен Үкімет сағаты деңгейінде тағы бір жиналыс өткізу керек”, – деді Алдан Смайылов” . Авторы: Салтан СӘКЕН.

MINBER.KZ. “Бар мықтылығымыз бағдарлама жасаудан ары аспайды-ау”. “Осылай деп қынжыла тақырып қойғаннан басқа лажымыз қалмай отыр. Оған түркі болған

Премьер-министр Кәрім МӘСІМОВтің көкек айының 13 күнгі кезекті Үкімет отырысында сөйлеген сөзі түркі болды. Мемлекеттік тіл десе мешелдің күйін кешкен үкімет тағы да бір “Тіл туралы бағдарламаны” үкілеп бәйгеге қоспақ екен.

Бас министрдің айтуынша, сонда осыдан он жылдан кейін, 2020 жылы дегенде Қазақстанның әр бір азаматы, бесіктегі баласына дейін, өйткені, Қазақстанның жаңа туған сәбиіне дейін ел азаматы емес пе, мемлекеттік тілде сайрап кететін көрінеді. Ол былай дейді: “Бұл бағдарлама бойынша биылғы жылы не істелуі керек, келесі жылы қандай шаралар жүзеге асырылуға тиіс және 10 жылдан кейін не істелуі керек деген мәселелер нақты көрініс табуы қажет, 10 жылдан кейін еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілде сөйлеуі қажет, бұл – біздің мақсатымыз”.

Ау, сонда бұған дейінгі жоспарларда бүгін, ертең не істеу керек екендігі көрсетілмей келгендігі болды ғой. Олай болса, Бас министр Мәсімов мырза үкіметте үлкен құбылыс жасаған екен. Ал біздің көкейімізде “бар мықтылығымыз бағдарлама жасаудан ары аспаймыз-ау?” деген сұрақ көлденеңдеп тұрып алды”, — деп белгіледі Б.ҚАРАМЕР.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 15 сәуір. Kazakhstan Today — Kazakhstan Today — Жетекші мұнай биржаларында 2010 жылдың 14 сәуіріндегі сауда-саттық қорытындысы бойынша мұнай бағасы біршама көтерілді, деп хабарлайды Kazakhstan Today «РосБизнесКонсалтинг» агенттігіне сілтеме жасап.

«Алдағы айға мұнай фьючерсінің ресми бағасы мынадай болды: Лондонда InterContinental Exchange Futures биржасында — IPE Brent Crude мұнайының бір баррелі үшін баға $86,15 (+1,43); Нью-Йорктегі New York Mercantile Exchange биржасында Light, Sweet Crude Oil мұнайының баррелі $85,84 (+1,79) болды», -делінген хабарламада.

Алматы. 15 сәуір. Kazakhstan Today — Қытайдың солтүстік батысындағы Цинхай провинциясының Юйшу уезінде болған жер сілкінісі құрбандарының саны 617 адамға жетті, деп хабарлайды Kazakhstan Today «Синьхуа» агенттігіне сілтеме жасап.

Зілзала зардаптарын жою жөніндегі штабтың хабарлауынша, таңертеңгі сағат 9.00-дегі жағдаймен кеше Цинхай провинциясының Юйшу уезінде болған жер сілкінісі құрбандарының саны 617 адамға жетті. 313 адам хабар-ошарсыз кеткендер санатында.

Сондай-ақ, 9110 адам жарақаттанған, олардың ішінде 970 адамның жағдайы ауыр.

Қазір құтқару операциясы одан әрі жалғасуда.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...