«Президентке хатында Әбдірахманов Әблязов айтқан жайтты қозғамағанды жөн көреді». «Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: бөлшектенген атом әлемді бөлшектеп жүрмесін»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 14 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Президентке хатында Әбдірахманов Әблязов айтқан жайтты қозғамағанды жөн көреді”. “…Азаттық радиосының қонақтары, саясаткер Серік ӘБДІРАХМАНОВтың президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВқа жазған хатын талқылайды. Әбдірахманов мемлекетте төңкерісті болдырмау үшін әділ сайлау өткізуді ұсынды. Оның оппоненттері болса, мұрагерлік үкімет институтын құрып үлгермегендіктен президент қазіргі режимнің жалғасуын қалайтындығын айтады.

Наурыз айының соңында президентті жақтаушы саясаткерлердің бірі Серік Әбдірахманов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа парламенттік әділ сайлау өткізу, соттар мен сот жүйесіне қатысты заң қабылдауын сұрап ашық хат жолдаған еді. Сондай-ақ ол президентті Мұхтар ЖӘКІШЕВ пен Әкежан ҚАЖЫГЕЛДИНге рақымшылық жасауға шақырды.

Серік Әбдірахманов президентке жазған хатында өзінің қолдауын білдіре отырып, 2012 жылы Нұрсұлтан Назарбаев “президенттік сайлауда жеңіске жетуі мүмкін екендігін” атап өтті. Алайда ол үшін президент қарамағындағы енжар әрі суыққолды шенеуніктерден арылуы тиіс…

Азаттықтың аталған екі оқиғаға – Серік Әбдірахмановтың хаты мен Мұхтар ӘБЛЯЗОВтың сұқбатына арналған, орыс тілінде өткізілген дөңгелек үстел талқылауында айтылған негізгі ой-пікірлерді ықшамдап аударып ұсынып отырмыз. Оған: Тәуекелді бағалау тобының директоры – Досым СӘТПАЕВ; саяси эмигрант, БТА банкінің бұрынғы басқарма төрағасы – Роман СОЛОДЧЕНКО; “Әділет” партиясы жетекшілерінің бірі – Серік ӘБДРАХМАНОВ және тәуелсіз журналист Сергей ДУВАНОВ қатысты. Дөңгелек үстелдің толық нұсқасын сайтымыздың орыс тіліндегі бөлігінен оқуға болады….

БТА банкінің бұрынғы басқарма төрағасы Роман Солодченко болса Серік Әбдірахмановтың хатын жақсылықтың нышанына жориды. – Серік Әбдірахмановтың хатында көрсетілген талдауға кез келген оппозиционер қол қоя алады. Өйткені, мұнда бүгінгі таңда Қазақстанда болып жатқан жайт ешқандай боямасыз, ашық көрсетілген. Атап өту керек, бұл қадамға кез келген мемлекеттік қызметкер бара бермейді. Бізде әдетте барлық жетістіктерді президенттің ерік, данышпандығының арқасында деп есептейді. Ал қазір мемлекеттің қиын жағдайда екендігі көрініп тұр. Сондықтан, бұл хаттың жарыққа шығуының өзін мен жақсылықтың нышаны деп санаймын, – дейді Роман Солодченко”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

AIKYN.KZ. “Назарбаевтың ядролық қарусыздану саласындағы еңбегін АҚШ айрықша атап өтті”. “АҚШ астанасы Вашингтонда әлемнің 47 мемлекетінің басшылары мен үкімет төрағалары бас қосты. Мұндай ірі жиын соңғы он жыл ішінде бірінші рет болып отыр. Қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттің негізгі талқыға салынатын тақырыбы біреу, ол — ядролық қауіп-қатердің алдын алу.

Бұл жаһандық саммитке Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ арнайы шақырылды. Жалпы, қазақ Президентінің ядролық қауіп-қатердің алдын алу, оны таратпау жөніндегі еңбегі үлкен. Оны әлемдегі ең ірі ядролық қару сынайтын Семей полигонын жабудан және Қазақстанның осы қарудан өз еркімен бас тартып, өзге жұртқа үлгі болуынан көруге болады. Дегенмен Қазақстан ядролық қарудан бас тартқанымен, кейбір мемлекеттер әлемге орны толмас қасірет әкелетін атом бомбасын жасауға аса пейілділік танытуда. Мұның арты үлкен тікетірестерге, ядролық қақтығыстарға алып келетінін ол елдер безбенге салмаса керек-ті. Саммитте бас қосқан мемлекет басшылары осыны талқыға салмақ. Жалпы, Қазақстан Президентінің АҚШ-қа сапары саммитпен шектелмек емес. Сапар барысында АҚШ президенті Барак ОБАМА және өзге де елдердің басшыларымен кездесу жоспарланған. Нұрсұлтан Назарбаев алдымен Вашингтонда “Блэр хаус” ресми резиденциясында АҚШ президентімен кездесті…

Президент Б.Обама халықаралық ядролық отын банкін орналастыру туралы ұсынысы үшін қазақстандық әріптесіне алғысын білдіріп, Қазақстанның МАГАТЭ директорлар кеңесінің мүшелігіне кіруге деген талпынысын қуаттады. Өз кезегінде Н.Назарбаев Б.Обаманы ЕҚЫҰ-ның биыл қараша айында Астанада өтетін саммитіне шақырды. Сондай-ақ ғаламдық қауіпсіздік саммитіне қатысу үшін Вашингтонға барған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушы бірқатар мемлекеттер басшыларымен кездесу өткізді.Үндістан премьер-министрі Манмохан СИНГХпен кездесуде қазақ-үнді қарым-қатынастарының қазіргі жай-күйі, қауіпсіздік мәселелері, екі елдің АӨСШК мен өзге де аймақтық ұйымдар шеңберіндегі өзара байланыстары жайы сөз болды. Үндістан премьері Қазақстанмен энергетика, ауылшаруашылық саласындағы ынтымақтастық деңгейіне қанағаттанатынын жеткізді. Әсіресе, ол Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретінде әлемдік саясаттағы атқаратын рөліне ерекше тоқталды. Кездесуге қазақстандық тараптан — Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВ, Мұнай және газ министрі Сауат МЫҢБАЕВ, Президенттің көмекшісі Қайрат САРЫБАЙ, Сыртқы істер вице-министрі Қайрат ОМАРОВ және бірқатар лауазымды тұлғалар қатысты. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінің қарулы күштер бас қолбасшының орынбасары, Әбу-Дабидің мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Зайед ӘЛ-НАХАЙЯНмен кездесуде Қазақстан мен БАӘ арасындағы екіжақты байланыстар жайы сөз болды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы — Американың көптеген ірі компаниялары басшыларымен де кездесулер өткізді. Кездесуде америкалық бизнестің Қазақстандағы әріптестерімен инвестициялық ынтымақтастығын арттыру мәселелері көтерілді”. Авторы: Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ.

EGEMEN.KZ. “Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БӨЛШЕКТЕНГЕН АТОМ ӘЛЕМДІ БӨЛШЕКТЕП ЖҮРМЕСІН”. “Төраға мырза,

Ханымдар мен мырзалар!

Ең әуелі, саммитті ұйымдастырушыларға және тікелей АҚШ Президенті Барак Обамаға ықыласты қонақжайлылығы және біздің кездесуімізді тамаша ұйымдастырғаны, тарихи форумды өткізудегі көшбасшылығы үшін ризашылығымды білдіргім келеді.

Құрметті әріптестер!

Ядролық сынақтардың сорақы сұмдығын барынша көріп білген, Семей ядролық полигонын жапқан және әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартқан Қазақстан МАГАТЭ-мен тығыз ынтымақтастықта ядролық қатерді таратпау және азайтудың жаһандық үдерісінің табанды жақтаушысы болып табылады.

Нақ сондықтан бүгін Қазақстан халықаралық қоғамдастыққа бірқатар қағидаттық маңызды шараларды ұсынады…

Жаһандану жағдайында лаңкестік ұйымдар құрылуын және жұмыс істеуін жалғастыруда екендігін ескеру қажет. Олар жаһандық коммуникация желілерін пайдалануда, ал кейде идеологиялық жақындығы немесе кәдімгі сыбайластық негізінде белгілі бір мемлекеттік режімдердің қолдауына арқа сүйейді. Мұның өзі халықаралық лаңкесшілдікке тиісті инфрақұрылымдар құрып, қаржы және басқа ресурстарды шоғырландыруға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты аталған Конференцияда қарсы әрекет шаралары мен тетіктерін әзірлеу мәселесін оның БҰҰ басшылығындағы арнаулы орган құрып, кейіннен Бас Ассамблеяның қарауына шығаруға дейін кең тәртіпаралық және ведомствоаралық қойылысында талқылауды ұсынамыз.

Бүгінде Баршаға ортақ ядролық қарусыз әлем декларациясын болашақта қабылдау туралы мәселені талқылауды бастайтын уақыт жетті. Біздің Саммит шешімдерін өрістету мемлекеттер көшбасшыларының қолында тұр және біздің әрқайсымыз бөлшектенген атом әлемді бөлшектеп жүрмеуі үшін жауапкершіліктің өз үлесін мойнына алады.

Вашингтон, 2010 жылғы 13 сәуір”.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Қызылағашта тірлік түзеліп келеді”. “Қазір Алматы облысының әкімі Серік ҮМБЕТОВтің тікелей қадағалауымен Қызылағашта жұмыс жүйелі түрде жүріп жатыр. Жаңакөшенің бір қапталындағы үйлердің қабырғалары түгелдей көтеріліп, оншақты баспана шатырланып, ішінде сылау-әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Құрылыс алаңдарында жұмыс істейтін адамдардың саны үш мыңға жетіп, техника 500-ден асты. 15 сәуір күні су жүйесі толыққанды жұмысқа қосылады. Ал электр қуатымен қамтамасыз ету түбегейлі жүзеге асырылған. Бетон зауыты күндіз-түніістеп тұр. Жол мекемелері көшелерді жоспарлауды жүзеге асырып, жүретін жол мен су қоймасы аумағын тазалауда.

Қызылағашпен бірге Егінсу мен Ақтоған ауылдарында да қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Ақтоған ауылында 87 үйзерттеліп, 65 үйді  бұзып, қайта салу қажеттігі, 4 үй күрделі жөндеуден өткізілетіні, тағы 18-іне жеңіл жөндеу жұмыстарыжасалатыны анықталыпты. Сонымен қатар медпункт жаңадан салынып, мектеп күрделі жөндеуден өтеді. МұндаАлматықұрылыс” холдингтік компаниясы бөлімшесінің 114 адамы жұмыс істеуде.

Егінсу ауылында 72 үйге зерттеу жасалды. Оның ішінде 16 үй қайта салынады, 56 үй күрделі жөндеуден өткізіледі…”. Авторы: Нұрбол ӘЛДІБАЕВ.

ALASHAINASY.KZ. “Қазақстанның ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану тәжірибесі бүкіл әлемге пайдасын тигізеді”. “АҚШ-қа жұмыс сапарымен барған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Вашингтонда “Блэр Хаус” резиденциясында Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак ОБАМАмен кездесті

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президентінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ғаламдық саммитті шақыру, Ресеймен Стратегиялық шабуылдық қару-жарақ (СШҚ) туралы жаңа Шартқа қол қою, АҚШ-тың жаңа ядролық стратегиясын қабылдау сияқты ядролық қарусыз әлем қалыптастырудағы үлкен қадамдарға себеп болған халықаралық қауіпсіздік саласындағы бастамаларын және жетістіктерін айрықша атап өтті.

Қазақстан Президенті Қазақстан-Америка қарым-қатынастарының даму деңгейіне қанағаттанатынын білдірді. “АҚШ – Қазақстанның жетекші экономикалық және инвестициялық серіктесі. Энергетика секторында АҚШ-тың ең ірі компаниялары жұмыс істеуде. 80 миллиардтан астам доллардың 30 миллиарды – америкалық компаниялардың салымы”, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшылары Қазақстан мен АҚШ-тың көпқырлы жоспарлар бойынша өзара ықпалдастығын кеңейту мәселелерін, екі елдің сыртқы саясат ведомстволары басшыларының орынбасарлары жетекшілігімен ынтымақтастық жөнінде бірлескен комиссия құрудың мүмкіндігін талқылады…”. Авторы: Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 14 сәуір. Kazakhstan Today — Жетекші мұнай биржаларында 2010 жылдың 14 сәуіріндегі сауда-саттық қорытындысы бойынша мұнай бағасы төмендеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today «РосБизнесКонсалтинг» агенттігіне сілтеме жасап. «Алдағы айға мұнай фьючерсінің ресми бағасы мынадай болды: Лондонда InterContinental Exchange Futures биржасында — IPE Brent Crude мұнайының бір баррелі үшін баға $84,72 (-0,05); Нью-Йорктегі New York Mercantile Exchange биржасында Light, Sweet Crude Oil мұнайының баррелі $84,05 (-0,29) болды «, -делінген хабарламада.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...