«Құрманбек Бакиев депортациялануына байланысты қызметінен кету арызын берген». «Томас Грэхем: Орталық Азия бірлігі оның әлемдегі салмағын арттырады». «Ұлттық банк инфляцияны ауыздықтай алмайды»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 16 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Құрманбек Бакиев депортациялануына байланысты қызметінен кету арызын берген”. “…Құрманбек БАКИЕВтің Қырғызстанды тастап шыққаны турасында алғашқы болып ЕҚЫҰ-ның төрағасы Қазақстанның сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВ мәлімдеген болатын…. Қырғызстанның Уақытша үкіметінің аппарат жетекшісі Эдил БАЙСАЛОВ Бакиевтің елден шығып кетуі АҚШ пен Ресей, Қазақстан мемлекеттері басшыларымен және халықаралық ұйымдармен көп күндік сөйлесулердің нәтижесі екенін айтып, мұндай шешім өлкедегі елдің тыныштығы үшін қабылданды деді…”.

AIKYN.KZ. “Томас Грэхем: Орталық Азия бірлігі оның әлемдегі салмағын арттырады”. “Орталық Азия аймағында ойын тәртібі өзгеруде. Бұрынғы ойыншылар ысырылып, оның орнына басқалары келуде. Аймақтағы жаңа геосаяси тәртіп жөнінде АҚШ президентінің бұрынғы көмекшісі, саясаттану ғылымының докторы әрі Ресей саясаты бойынша бірнеше кітаптың авторы Томас ГРЭХЕМ “Айқын” газетімен ой бөліскен еді.

Орталық Азия әлемдік тепе-теңдікті қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.

— Қырғызстандағы қанды қақтығыс аймақтағы барлық елдерді қатты алаңдатып отыр. Бішкектегі жанжал шекарадан асып, аймақты шарпуы мүмкін бе?
— Мүмкін. Бұл алдағы оқиғалардың қалай өрбитіндігіне байланысты. Егер азаматтық соғыс оты тұтанса, әлбетте, аймақтағы басты тұрақсыздандырушы фактор осы болады. Қырғызстаннан өзге Өзбекстан, Тәжікстан орналасқан Ферғана алабы тұрақсыздық көзіне айналады.

— Ал уақытша үкімет жағдайды реттей алмай ма?

— Уақытша үкіметті басқарып отырған Роза ОТЫНБАЕВА — өте қабілетті әйел. Оның билікті жұмылдыруға мүмкіндігі бар. Алайда Қырғызстанда саяси жағдай өте күрделі. Қақтығысқан күштерді қалпына келтіру қиын. Құрманбек БАКИЕВ тарапынан қатты қарсылық болмаған жағдайда жаңа үкімет өз билігін біртіндеп нығайтып, оны 5-10 жылға сақтай ала ма? Бұл — үлкен мәселе…

— Ал ТМД тәрізді посткеңестік одақтар бар емес пе? Бұл интеграциялық бірлестіктің болашағы қандай деп ойлайсыз?

— ТМД-ның жұмыс істемегеніне 20 жылдай болды. Кілтипан неде? Ұйымға кіретін елдер әрқилы. Бұл достастықтың Мәскеудің көзқарасы тұрғысынан алғанда мәнісі бар шығар. Себебі ТМД — Ресей элитасының көкейіндегі ресейлік кеңістік. Оны Кеңес одағы күйреген кезде қалай да тұрақтылықты сақтау үшін құрған болатын. Оның негізгі тетігі — Ресей. Басқа елдер үшін сол кезде одан бас тарту қажет емес еді. Бәлкім, одан белгілі бір дивиденттер алуға болатын шығар. Бірақ оны қуатты құрылымға айналдыру мүмкін емес. Ал енді оның құрамына келсек, мысалы, Армения Қазақстанға ұқсай ма? Молдованың Қазақстанға қандай қатысы бар? Олардың арасында нендей ортақ мәселе туындауы мүмкін? Қазақстан үшін геосаяси аймақ — Ресей, Қытай, Орталық Азия және сәл алысырақта жатқан Еуропа. Армения үшін керісінше Қытай үлкен мәселе емес. Оған Кавказ, Еуропа, бәлкім, Иран маңыздырақ. Сондықтан мүдделері сәйкес келмейтін, дүниетанымдары бөлек елдер кіретін ұйымды нығайту қиын”. Сұхбаттасқан Айжан КӨШКЕНОВА.

EGEMEN.KZ. “Бейбітшілік көшбасшысы”. “Қазақстанның жасампаз миссиясын халықаралық қауымдастық мойындады, Елбасына Бейбітшілік және алдын алу дипломатиясы сыйлығы табыс етілді. Қазақстанның жасампаз миссиясын халықаралық қауымдастық мойындады, Елбасына Бейбітшілік және алдын алу дипломатиясы сыйлығы табыс етілді.

Вашингтоннан жолдаған мақалаларымызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың Еуропа мен Америка Құрама Штаттарына жасаған сапары сәтті басталғандығын, Америка төрінде Елбасымызға үлкен құрмет көрсетілгендігін, ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте Елбасы сөзі үлкен ықыласпен тыңдалып, қолдауға ие болғандығын хабарлаған едік. Ал бүгін Мемлекет басшысының сапары табыспен қорытындыланды деп айта аламыз…

Жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселесі жөніндегі алғаш өтіп отырған кең ауқымды саммитте Қазақстанның бейбітшілік сүйгіш үні айқын естілді. Қазақстанның халықаралық қарым-қатынастар саласындағы беделі бір саты жоғары көтеріліп, танымалдылығы арта түсті. Осыған дейінгі қауіпсіздік мәселесінде, интеграциялану үдерісінде, дін мен дін, ұлт пен ұлт, ел мен ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесінде қосып келе жатқан үлесі айқындалып, халықаралық қауымдастықтан жоғары бағаға ие болды. Осы жолы ядролық қарусыздану, яғни ядролық қару-жарақтардан ада бейбіт өмірді орнықтыру ісінде көшбасшы ел екендігіміз кең көлемде мойындалды. Елбасының бір сапары елімізге міне, осындай үлкен табыс пен абырой әкелді. Енді осы бағыттан жаңылмай, ішкі ауызбірлігімізді сақтай, экономикамызды дамыта отырып алға баса беруіміз жөн болмақ!”. Авторы: Сұңғат ӘЛІПБАЙ.

TURKYSTAN.KZ.“2020: бәрi де қазақша сөйлеуi тиiс”. “Осы аптаның басында Министрлер Кабинетiнiң жиынында Премьер-министр Кәрiм МӘСIМОВ мемлекеттiк тiлдiң толықтай жүзеге асуы үшiн тағы 10 жыл қажет екендiгiн мәлiмдедi. “Тiлдердi дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы” бойынша Қазақстан биыл толықтай дерлiк мемлекеттiк тiлге көшуге тиiс едi. Алайда, “Күлтөбенiң басында күнде жиын жасап”, жыл сайын 5 миллиард теңгеден қаржы аударғанымыз мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн бiршама көтергенi аян. Былтыр жалпыұлттық санақ қорытындысы шыға салысымен, елдегi жергiлiктi ұлттың басым түскендiгi қобалжытты ма, кiм бiлсiн, Премьер-министр Министрлер Кабинетiнiң алқалы жиынын бұдан былай тек мемлекеттiк тiлде өткiзуге пәрмен бердi. Бастама жақсы. Бұдан әрi қазақ тiлiнiң көшi күн өткен сайын түзеле беретiнi күмәнсiз.

… Күнi бүгiнге дейiн 20 жыл iшiнде жоғары оқу орындарында мемлекеттiк тiлде бiлiм беру 60%-ға жеттi…”. Авторы: Есенгүл КӘПҚЫЗЫ.

ZHASALASH.KZ. “Ұлттық банк инфляцияны ауыздықтай алмайды”. “Ұлттық банктiң болжамына сенсек, биылғы жылғы инфляция 6-8 пайыздан аспауы тиiс. Бiрақ, өткен үш айдағы инфляцияның көрсеткiштерiне көз жүгiртсек, инфляцияның жылдық көрсеткiшi 8 пайыз түгiл, 10 пайыздан асып түсетiнi анық. Айталық, қаңтар айындағы инфляция 1,4 пайыз болса, ақпанда бұл көрсеткiш 0,9 пайызға жеткен. Ал наурызда 0,7 пайызға дейiн төмендеген. Десек те, жылдық көрсетудегi инфляция қаңтарда 7,3 пайызды көрсетсе, ақпанда – 7,4 пайыз, ал наурызда – 7,2 пайызға жеткен. Мұндай жағдайда Ұлттық банк инфляцияны тежеп, бағаның өсуiн ауыздықтай ала ма? Шын мәнiндегi инфляция қанша пайызға жетуi мүмкiн? Сарапшыларға осындай сауал тастадық….”. Авторы: Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 16 сәуір. Kazakhstan Today — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ РФ президенті Дмитрий МЕДВЕДЕВпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Kazakhstan Today РФ президентінің ресми сайтына сілтеме жасап.

РФ президентінің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес телефон әңгімесі барысында Қырғызстандағы ахуал жайлы талқыланды.

Н. Назарбаев Д. Медведевке республикадағы ахуалды реттеу бағытында жұмсалып жатқан күш-жігер жайлы, өзінің уақытша үкімет өкілдерімен байланысы жайлы хабардар етті.

«Әңгіме қорытындысы бойынша РФ мемлекет басшысы РФ Қорғаныс министрлігіне қайырымдылық мақсатта Құрманбек БАКИЕВтің отбасымен бірге Қазақстанға ұшып баруын қамтамасыз етуді тапсырды», — делінген хабарламада.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...