«Құрманбек Бакиев екінші келгенде барып қана Қазақстаннан пана тапты». «Демпингтік сауда жалғасады». «Ұшақ билеттерінің бағасы неге қымбат?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 19 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қырғыз қайраткері Феликс Құлов үлкен саясатқа қайта араласуға ниеті барын айтады”. “…Қырғызстандағы танымал қайраткерлердің бірі Феликс ҚҰЛОВ осыдан бес жыл бұрын “Қызғалдақ төңкерісінің” нәтижесінде елдегі жоғары билік тізгінін қолға алғандардың бірі еді…

Ал Роза ОТУНБАЕВА басқаратын Қырғызстанның уақытша үкіметінің іс-әрекетіне қандай да бір сын айтуды Феликс Құлов қош көрмеді. “Оларға онсыз да қиын. Сондықтан біз оларға тілектес екенімізді білдіреміз және болысуға тырысамыз”, – деді Феликс Құлов...”. Авторы: Светлана ИСАЕВА.

Құрманбек Бакиев екінші келгенде барып қана Қазақстаннан пана тапты”. “…Бішкектен қуылған сәуірдің 7-і күні БАКИЕВ Алматы әуежайына қонуға рұқсат ала алмай, қалаға жақын маңдағы Боралдай әскери әуежайына бағыт алған. Президент ұшағы Боралдайға қонғанымен, Бакиевтің сыртқа шығуына Қазақстан билігі рұқсат бермей, ұшаққа ешкім тепкішек қоймаған. Азаттықтың ақпарат көзінің мәліметі бойынша, жергілікті биліктен қолдау таппаған Бакиевтің ұшағы Қырғызстанның оңтүстігіндегі Жалал-Абад қаласына қайта ұшып кеткен.

Сәуірдің 15-і күні Құрманбек Бакиев президенттік қызметінен бас тартып, өзінің отбасымен бірге қазақстандық әскери ұшақпен Тараз қаласына ұшып келді…

Қазақстандағы оппозициялық саяси партиялар Құрманбек Бакиевтің елде қалуына қарсылық білдіріп отыр. “Азат” ЖСДП партиясының тең төрағасы Болат ӘБІЛОВ қырғыздың бұрынғы президентін ел аумағында уақытша да қалдыруға болмайды деп есептейді.

“Оның Қазақстанда екендігінің өзі біздің елімізге кір келтіреді. Біз бейбіт халықты атуға бұйрық берген қылмыскерді ұстап отырмыз. Сондықтан біз Бакиев тез арада Қазақстан аумағынан кетуі керек деп есептейміз”, – деді Болат Әбілов. Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын ӘБДІЛДИНнің пікірінше, Құрманбек Бакиевтің Қазақстанды паналауы республика тұрғындары үшін қауіпті…

Бейсенбі күні қырғыздың бұрынғы қорғаныс министрі Бақытбек ҚАЛЫЕВ ұсталды. Қырғыз прокуратурасы Құрманбек Бакиевтің ұлы Максим мен інісі Жанышқа да қарсы қылмыстық іс қозғады. Прокуратура Максим БАКИЕВті аса ірі көлемдегі мемлекет қаржысын талан-таражға салды деп айыптап отыр. Жаныш Бакиев сәуірдің 7-і күнгі халық толқулары кезінде 80-нен астам адамның қаза болуына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша күдіктілер қатарына ілікті”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

AIKYN.KZ. “Демпингтік сауда жалғасады”. “Доллар мен еуро арасындағы айырмашылыққа қарап, кейбір сарапшылар “әлем дағдарыс құрсауынан шықты” деп жатыр. Расында да, қазіргі кезде 1Ө=1,39$. Бұл 2007 жылдың тамызында басталған бүкіләлемдік қаржы дағдарысына дейінгіден де жақсы жағдай болып көрінуі әбден мүмкін. Десек те, мәселе еуро құнының өскендігінде емес. Еуроаймақ үшін керісінше еуроның долларға қарағанда құнсыздана түсуі қажет еді.

Амал не доллар құнсызданып, еуро қымбаттады. Иенге қатысты да осындай жағдай тіркеліп тұр. Бұл күндері АҚШ билігі “юаньды қымбаттатыңдар” деп Қытай жағына қысым жасай бастады. Бірақ оны құлаққа ілер қытай жоқ. Бұдан шығатын қорытынды әлемдік экономика дағдарыстан шыға қойған жоқ. Ал оның 2010 жылғы өсімі тек қана айналымға АҚШ тарапынан шығарылған дағдарыстан бергі кезеңдегі ешқандай тауарлы өніммен қамтамасыз етілмеген 7 триллион доллар көлеміндегі халықаралық валюта массасының артуы арқылы, экономистер тілінде айтқанда “көбік өсім” ретінде өмірге келеді.

АҚШ мемлекетінің жалынды патриоты, доллардың жақтаушысы, миллионер СОРОСтың өзі таяуда мәлімдеме жасап, “5-6 жыл төңірегінде дағдарыстан шыға алмаймыз, ал содан кейін осы уақытқа дейінгіден де алапат дағдарыс болады” деп сәуегейлік айтты. Оның мәлімдемесіндегі дағдарыстың ұзаққа күттірмей қайталанатындығы және әлемнің бұл қыспақтан әлі де болса шыға қоймағандығы туралы ойы ақиқатқа мейлінше жақынырақ. Десек те, Сорос мырзаның бәріне кінәлі “жекеменшік банк жүйесінің ұлт меншігіне алынуы” деген дәйегі сенімді емес. Иә, Еуроодақта да, АҚШ мемлекетінің өзінде де, тіпті біздің Қазақстанда да мемлекеттің банк капиталына акционер болып енгені ақиқат. Бірақ бұл банк капиталының жаппай ұлт меншігіне айналғанын білдірмейді. Қалай болғанда да, әлемді кезіп жүрген 400 триллиондық доллар массасының пілге қарағанда шыбындай деңгейдегісі ғана мемлекет меншігіне алынды. Оның өзінде ол акцияларды иемдену үшін мемлекет банктің жарғылық қаражатын өз есебінен өсіргені белгілі. Әрі-берідесін бұл үрдіс мәңгілік емес, уақытша шара екені де анық. Олай болса, Сорос мәлімдемесіндегі салдардың себебі іспетті дәйек ақиқаттан аулақ жатыр…

Жалпы алғанда, дүниежүзі бойынша демпингтік сауда биылғы жылы да жалғасатыны сөзсіз. Демек, отандық рыноктағы импорт бағасының өсуі мүмкін емес. Сөзіміз дәлелді болу үшін бір ғана мысал келтірейік. Әлемнің ең алып және аса жоғары сападағы өнім шығарушы компанияларының бірі жапондық “Тойота” 8 миллионнан астам автокөлігін саудадан қайтарып алған. Демек, өткен жылғы демпингтік сауда жағдайының өзінде “Тойота” секілді адамзат қуанышындай автокөліктер осыншама мөлшерде өтпеген болса, онда басқа компаниялар жайлы айтудың өзі артық. Осы мысал-ақ 2010 жылы демпингтік сауда дүниежүзі бойынша жалғаса түсетінін дәлелдеп тұр. Мұндай жағдай біздің Қазақстан халқы үшін де пайдалы болатыны сөзсіз. Себебі импорт есебінен инфляция көтерілмейді. Орайы келгенде айта кетейік, ақиқат осы. Бірақ біздің импорттан “бал сорып” дәніккен алпауыттарымыз бағаны төмендетуге өз еркімен бара қоймас. Демек, Үкімет пен жергілікті билік кеденнен өткендегі бағаның отандық рыноктағы бағадан айырмашылығы еселенген мөлшерде болмауына қатаң бақылау орнатуы керек. Бұл орайда былтыр жаман жұмыс істеген жоқпыз. Сондай ыждағаттылықты биыл да көрсете алсақ, жақсы болар еді”. Авторы: Таңшолпан БЕКБОЛАТ.

EGEMEN.KZ. “ҚАЗАҚСТАН — ЯДРОЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТЕ ЖӘНЕ АУҒАНСТАНДЫ ТҰРАҚТАНДЫРУДА БАСТЫ ОЙЫНШЫ”. “Барак ОБАМА әкімшілігі ұйымдастырған, 47 елдің көшбасшыларымен бірге Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВпен сұхбат.

Клод САЛХАНИ, Таяу Шығыс және Орталық Азия мәселелеріне маманданған саяси сарапшы.

– Орталық Азияда аймақтың табиғат байлығы және оған ықпалын жүргізу үшін Батыс, Ресей және Қытай арасында жаңа “үлкен ойын” жүріп жатыр дегенді естиміз. Сіз мұндай құбылыс бар деп санайсыз ба, егер олай болса, Қазақстанның бұл ойындағы атқарар рөлі қандай?

– Өзінің геостратегиялық орналасуы және бай шикізат ресурстарына орай аймаққа әлемнің көптеген мемлекеттері көбірек назар аударуда. Оған көптеген мүдделі елдер үкіметтері қамқоршылығымен жүзеге асырылып жатқан ірі бағдарламалар мен экономикалық жобалар дәлел бола алады. Қазақстанда АҚШ-тың, Еуроодақ елдерінің, Қытайдың, Ресейдің энергетикалық компаниялары белсенді жұмыс жасауда. Біз бұдан былай да олармен ынтымақтастықты қолдап отыруға ниеттіміз.

Қазақстан үшін сыртқы саяси стратегиядағы басты императив – барлық әлем мемлекеттерімен әріптестік қатынастарды дамытуға ұмтылу болмақ. Біз екшелген саяси тұрғының маңызын жақсы түсінеміз, сондықтан да Қазақстан аймақтағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық архитектурасын қалыптастыруға белсене қатысуда. Біз бірқатар аймақтық құрылымдардың қатысушысы болумен қатар, көптеген игі істердің де бастамашылары болып келеміз.

Бүгінде Қазақстан Еуразиядағы қауіпсіздік үшін маңызы зор аймақтың тұрақты және орнықты дамуының басты факторына айналып отыр.

Сондықтан да біздің еліміз АҚШ, Ресей және Қытай арасындағы Орталық Азиядағы өзара сындарлы іс-қимылға жәрдемдесе алады және қазірдің өзінде солай істеп отыр…”. “Вашингтон Таймс” газеті, 2010 жылғы 13 сәуір.

ANATILI.KZ. “Ежелгі түркілер келбеті”. “Сақтар мен ғұндардан кейін тарих сахнасына шығып, жер жүзін дүр сілкіндірген халық ежелгі түркілер деп есептейді ғалымдар. Өздерінен мәңгілік ешнәрсе қалмасын аңғарған олар мәңгіліктің символын тастардан көрген. Олар болашаққа тастарды қашап, жазу қалдырған. Бұл – біздің тарих. Болашақтың тарихы. Демек, оны әр ұрпақ санасына сіңіріп отыру бәрімізге міндет.

Осыны көздеген “Шежіре” галереясының ұжымы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында “Ежелгі түркілер келбеті” атты бірегей фотокөрме ұйымдастырды. Қазақстанда осы көрмеде біздің арғы бабаларымыздың кескіні алғаш рет ұсынылып отыр. Келушілер әр суреттен Эрмитаж, Мемлекеттік тарихи мұражай, Шығыс халықтарының мұражайы, Хакасия мұражайы қорларында сақталған бұдан 1500-2000 жыл бұрынғы артефактілерді тамашалайды. Гипспен боялған бетперделер, Оңтүстік Сібірдің бейіттерінен және сағаналарынан археологтар алған ежелгі түркілердің портреттік кескіндері де осы жерде кездеседі”.

ALASHAINASY.KZ. “Қазақстан Қырғызстанды қантөгістен құтқарды”. “…Ақордада Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қырғызстандағы аумалы-төкпелі ахуалға байланысты БАҚ өкілдері алдында арнаулы брифинг өткізді. Журналистермен жүздесу барысында Президент қырғыз елінің бұрынғы басшысы Құрманбек Бәкиевті елге әкелу оп-оңай жүзеге аспағанын жеткізді.

Тағынан тайған қырғыз Президентінің елдің оңтүстік өңіріндегі өз жақтастарының арасына барып алып, қарсыластарымен өліспей беріспейтінін мәлімдегені белгілі. Жағдайдың бұлай ушығуы елдегі азаматтық соғыс отының тұтануына үлкен әсер етуі мүмкін еді. “Бұл өз кезегінде жаңа қантөгісті, бейбіт халықтың ажал құшуынан басқа түк әкелмейді. Қазірдің өзінде қайтыс болған адамдар саны сексеннен асқаны мәлім. Одан да көп болуы мүмкін. Сондықтан мен қазақ елінің атынан жақын көрші, жан қиыспас ағайын қырғыз халқына, өмірден озған адамдардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қырғызстандағы жағдайға бүкіл әлем аңтарыла қарап отырғаны белгілі. Елбасы Америкаға сапары кезінде Франция, Италия, Германия т.б. алпауыт елдердің қазақпен көрші қырғыз еліндегі жағдайға алаңдаушылық білдіргенін айтты. Себебі ЕҚЫҰ секілді белді ұйымға төрағалық етіп отырған Қазақстанның осы шиеленіс туралы пікірі олар үшін маңызды болатыны белгілі. Оның үстіне Қырғызстанның бізбен көрші ел екенін қосыңыз.

Елбасы осы мәселе төңірегінде АҚШ жетекшісі Барак ОБАМА және Ресей Президенті Дмитрий МЕДВЕДЕВпен үшеу ара кеңес болғанын айтты. Ондағы мақсат – қырғыз елінде ары қарай болуы мүмкін бүліктің алдын алып, әлемдік қауымдастықтың алаңдаушылығын тудырмау. Бұл бағытта барын салған Елбасы Вашингтондағы сапары барысында күндіз де, түнде де Құрманбаек БӘКИЕВпен және Қырғызстандағы уақытша үкімет мүшелерімен бірнеше мәрте сөйлесіп, нақты жағдай жөнінде әңгіме өрбіткен. Ал Қ.Бәкиевті Қазақстанға алдыру үшін, уақытша үкіметпен келісімге келу де күрделі кеңесті қажет етіпті. Ақыры олар біз жақтың ұшағын елдеріне кіргізуге келісім берген. “Қ.Бәкиевтің түрін көріп, оны алып кетудің өзі де бүтіндей тарихқа татитын оқиға болды”, – дейді Елбасы. Келісімдердің нәтижесінде 15 сәуір кешке қарай Елбасының бұйрығымен Қорғаныс министрлігі, Қазақстан әуе күштерінің борт нөмірі 04-ұшақты Бәкиевті алдыру үшін қырғыз еліне аттандырған. Ішінде ұшақ күзетіне жауапты арнайы жасақ жауынгерлері бар әуе кемесі Алматыдан 15 сәуір кешкі сағат 18:30 да ұшып, сол күні сағат 19:15 те Жалалабадқа қонған. Ал 20:15 минутта Құрманбек Бәкиев пен оның отбасы мүшелерін отырғызған ұшақ қазақ жеріне қайтадан доңғалақ тірепті. “Біздің әскери ұшқыштар айтарлықтай тәуекелге барып, операцияны сәтті орындады. Мен олардың барлығына алғыс білдіремін және қорғаныс министріне оларды марапатқа ұсыну туралы жарлық бердім”, – деді Президент. Ұшқыштар қашан қонатын уақыт жақындағанша не Жалалабадқа не Ош қаласына қонарын білмеген. Алғашында қону нүктесі Ош болып шешіліпті. Бірақ Бәкиев мырза Жалалабадтан Ошқа баруды жөн көрмеген сыңайлы…”. Авторы: Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ.

ABAI.KZ. “Хабылсаят мырза тағы да қателесті…”. “Осы күндері “Көші-қон туралы” Заң жобасы парламентте талқыланып жатқаны белгілі. Өткен жұмада  Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің төрағасы Хабылсаят ӘБІШЕВ мырза заң жобасының талқылауына қатысқан кезінде “айды аспанға шығарарлық” бір мәлімдеме жасады. Х.Әбішевтің парламент қабырғасында жасаған бұл мәлімдемесін жұма күні кешкісін бірқатар қазақстандық телеарналар көрсетті. Ол “Өзбекстан мен Қытайдан және Моңғолиядан көшіп келген кейбір оралмандардың квота алған соң, өздерінің келген жақтарына кетіп қалатындығын, оған өзі бас болып, көші-қондағылардың еш нәрсе істей алмай айтып, парламент депутаттары алдында зар жылағандай кейіпке енді. Біздің естіп, білуімізше оралмандар арасында квотаны саудаға салып қыздыратын “ептілер” сол Әбішевтің өз қарамағында істейтін облыстағы, қаладағы, аудандағы көші-қон мекемелерінің кейбір қызметкерлері және атажұртым деп келген оралмандарға тоң мінез көрсететін де сол көші-қондағылар мен жергілікті атқамінер әкімсымақтар…

Атажұртына оралған Монғолия қазақтары және олардың ұрпақтары бүгінгі күні шама шарықтарынша Қазақстанның ғылым, білім институттарында зерттеуші ғалым, жоғары оқу орындарында ұстаз-оқытушы, денсаулық саласында дәрігер маман ретінде жемісті еңбек етуде. Сондай-ақ, Қазақстанның бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Монғолиядан келген қазақ жастары жақсы журналистер ретінде көпке танылып үлгерді. Монғолиядан көшіп келген қазақтар нарық жағдайына тез бейімделіп, сауда саттықпен айналысу, үй салу, мебель жихаздарын жасау секілді бұрын білмейтін кәсіптің иелері атанды.

Ал сонда сіз айтып отырған 98% білімсіз, сауатсыз қазақ қайдан келген? Айтыңыз, біз де біле жүрейік. Әйтпесе “тазы ашуын тырнап алады” дегендей Моңғолия қазақтарына кез келген жерде тісіңізді көрсетіп, тиісе бергеніңізді тоқтатыңыз. Бұл сіз секілді мемлекеттік қызметтегі адамның этикасына сай келмейтін нәрсе. Осы жағдайды есіңізге сала отырып, біз де сізге қоятын төмендегідей  ұсыныс, талаптарымызды жария еткенді жөн көрдік.

— Қазақстандағы көші-қон жұмысын жаппай жемқорлыққа алғызып, соған қарсы тиімді жұмыс шарасын істей алмай отырған Х.Әбішев мырза, сіз әуелі осы лауазымды қызметке келгелі не істедіңіз, қандай жұмыс бітірдіңіз? Үкімет алдында және халық алдында есеп беруіңізді талап етеміз.

— Басы таудай болған “Нұрлы-Көш” бағдарламасы неге шеттен көшіп келетін қазақтар тарапынан қызығушылық тудыра алмай отыр? Оған себеп сіздің өз салаңызды жеткілікті деңгейде басқара алмай отыруыңызда емес пе? Қалай ойлайсыз? Бұл әлде шеттен қазақтарды шақырмау, атажұртына әкелмеу бағытын ұстанған сіздің түпкілікті ойыңыздың іске аса бастағандығы ма?

Осы сауалдарды жалпы жұртқа жария ете отырып біз, бір топ оралман ағайын бүгінгі Қазақстанның көші-қон саласында және оның басшылығында қалыптасқан ауыр жағдайды қалың жұртшылық назарына және мемлекет басшылығы назарына аударуды жөн көрдік”. Моңғолиядан көшіп келген бір топ оралман ағайын. P.S. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің төрағасы Хабылсаят Әбішев мырзаға жазылған хатты қолдап, форумда пікір білдіретін немесе кері уәж айтатын оқырман өзінің аты жөні мен электронды поштасын көрсетуіне болады.

ZAMANDAS.KZ. “Көктемнiң хабаршысы қай құс?”. Белгiлi этнограф, жазушы Қажытай IЛИЯСОВтың сөзiне сүйенсек, “Наурыз” ай атауы емес, мереке атауы болуы керек екен. Әрине, салмақтап айтылған ой. Тәңiрлiк дүниетанымды алғаш мiнәжаттаушы Зоратаның пәтуаларына құлақ асар болсақ, күн мен түннiң теңелуi “мәңгiлiк өмiрдiң басталуы” ретiнде айрықша мән берiлiп, бiр жылда жетi рет тойланатын болған екен.

Бұл дәстүрдi тудырушы көшпендiлер екендiгi де негiзсiз емес. Кейiннен бұл дәстүр парсылардың да табиғатымен ұштасып, күн мен түннiң теңелген мерзiмi олардың тiлiнде “Наурыз” деген атауға ие болды. Өздерiңiз бiлетiндей, парсы тiлiнде нау – жаңа, рұз – күн деген мағынаны бiлдiредi. Кейiннен Ислам дiнi көшпелiлер өмiрiне енген кезде өзiмiз тудырған осы бiр ұғым дендеп сөзiмiзге ендi. Наурыз – мереке күнi болатын болса, ендi ай аты болып қалыптасып кеттi.

Жер ананың тоң кеудесi жiбiп, төс емшегi иiген кез. Айналада қыбыр-жыбыр, тiршiлiкке жан бiтетiн мерзiм бұл. Жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлетiн шағы деп те келетiн тұстары бар. Қалай айтсақ та, Наурыз түркi әлемiнде жыл басы атауына иелiк етiп отыр.

Әлi күнге шейiн басқа халық секiлдi қазақ көктемдi алғаш көрген жыл құсымен байланыстырады. Қалай дегенменде, қазақ санасында қарлығаш пен қарға киелi құс болып саналатындығы белгiлi. Тiптi, Алтай тiлдiк тобынан өрбiген халықтарға қатысты киетектiк ұғымға иелiк еткен аққу, қаз, қарлығаш, қырғауыл, қарқара, қарға секiлдi құстар тiзiмi ауызымызға оралады осындайда. Бiрақ, осы көшпелiлер өмiрiнде саңырау көкек, сасық көкек, бәбiсек көкек деген түрлерi бар көкек құсы үлкен мәртебеге ие емес…

Қарға тамырлы қазақпыз, “Қарға қарғаның көзiн шұқымайды” деген де бiз. Сүйгенiмiзге “қарғам” деп сезiмiмiздi бiлдiремiз. Жақсыны да, жаманды да қарғамен байланыстырып айтатындығымыз сондықтан болар. Ендеше, не себептi ел iшiндегi кәрiқұлақ есепшiлерi жыл басын “көкек айы” деп атайды. Мүмкiн, қарғадан бұрын жылдың беташары болып қанатын қағатын сол сасық, бәбiсек деп атау берген көкегiмiз шығар. Көшпелiлерде “Қарға – Тәңiрiнiң елшiсi” деген тәмсiл бар. Көктемнiң келгенiн алғаш жеткiзетiн жыл құсы – осы ұзақ қарға. Алтай тiлдiк тобына жататын халықтардың сонау әлiмсақтан берi қарғаны кие санайтындығы да осы айтпағымызбен сабақтасып жатқандығы анық байқалады. Қазақтың қуаң даласында ғұмыр кешетiн көкектiң көктемде келiп-кеткендiгiн де байқай беру қиындау. Есепшiлер “Көкек” айының атауын осы көкек құсымен байланыстыратын болса, екiншiден “көк” сөзiмен де ұштастырады. Бiрақ, көкек құсын көп жерде мiсе тұта бермейтiн түркiлер әлемi бұл ұстанымның қытайлардан жұққандығын да айтып дауласады. Ежелгi Қытай тарихшысы СЫМА ЦЯНның еңбегiнде “Есте жоқ ескi заманнан берi каленьдар бойынша жыл басы көктемнiң Мэн-Чунь деп аталатын бiрiншi айы болып белгiленген. Бұл кезде жердiң тоңы жiбiп, жан-жануар ұйқыдан оянып, өсiмдiк атаулы жаңғырып көктейдi, сол кезде ең бiрiншi болып көкек үн қатады” деп келетiн деректер бар. Cол қытайлар ерте көктемде алғаш болып үн беретiн көкек деп есептейдi. Осыдан бiрнеше жыл бұрын Қытайдан келген бiр қандас бауырымыздың қазақ жерiне келiп “Көкегiм” деп ән айтқанын бiлемiз. Әннiң айтылуында да бiр қытайға тән ырғақ бар. Сiрә, сүйгенiне арнаған болса керек, қазақ құсап “қарғам-ау” деудiң орнына, қытайша “көкегiм” деп емiрендi. Бұл да болса адамның өскен ортасына қарап ән салатынын тағы бiр мәрте еске түсiредi. Қалай дегенменде, бiреудiң қаңсығын қанымызға сiңiретiн бiз жоқ”. (Деректер Ақселеу СЕЙДIМБЕКтiң “Қазақ әлемi” кiтабынан алынды.). Дайындаған Досжан ДIЛДАБАЙ.

JASQAZAQ.KZ. “Ұшақ билеттерінің бағасы неге қымбат?”. “Иә, неге? Мысалы, отандық әуе кеңістігінде беделді деп саналатын “Эйр Астана” компаниясының сататын билеттері “күйіп” тұр. Ол – ол ма, әуедегі алыптың бүгінгі қызметіне ұшақпен көп ұшатын халық қалаулыларының өздері разы емес. Бұл сауалдың дәл жауабы бар. Оны мәжілісшілерге өзге емес, Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВтың өзі айтты.

“Бұған себеп, тарифке қосылатын біраз көрсеткіштер бар. Соның ішінде жанар-жағармай – 21 пайыз, әуе кемелерінің лизингі – 14 пайыз, техникалық қызмет көрсету 14 пайыз. “Эйр Астананың” өзінің бірде-бір ұшағы жоқ. Яғни, шетелдік әуе кемелерін лизингке алатындықтан, оларға өзімізде техникалық қызмет көрсетілмейді. Осы үш көрсеткіш 51 пайызға тартады. Авиакеросинді де шетелден әкелеміз. Егер де келешекте осы мәселелерді шешетін болсақ, әуе билеттерінің бағасын арзандатуға болады”, – деді министр…”. Автор: Төлен ТІЛЕУБАЙ.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 19 сәуір. Kazakhstan Today — Қырғызстанның уақытша үкіметі дүниежүзілік қоғамдастықтан БАКИЕВ пен оның төңірегіндегілердің есепшоттарын тауып, жабуды өтінуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today «РосБизнесКонсалтинг» (РБК) агенттігіне сілтеме жасап.

РБК ақпаратына сәйкес, бұл 2010 жылдың сәуір айының басында екі тәуліктің ішінде елдің алты коммерциялық банкінен 200 миллион доллардың шығарылуына байланысты, деп хабарлайды «Маяк» радиосы.

Уақытша үкімет басшысының орынбасары Темір САРИЕВтің айтуынша, алдын-ала мәліметтер бойынша, қаржы американдық банктердің бірінде жатыр. Бұл мәселе АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісімен талқыланған. Уақытша үкімет бұрынғы президент Қ.Бакиевтің төңірегіндегілер бұл қаржыны лаңкестік әрекеттер ұйымдастыру үшін пайдалануы мүмкін екенін хабарлап отыр.

Қырғызстанда төңкерістен кейін бұрынғы президент Қ.Бакиевтің үстінен Бішкекте 7-сәуірде болған оқиғалар кезінде адамдарды өлтіру және экс-президенттің өзінің қызмет бабын асыра пайдалану оқиғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Естеріңізге сала кетейік, Қырғызстанның құқық қорғау органдары тағынан тайдырылған Қ.Бакиевтің аға- бауырларын іздестіруді жалғастыруда. Елдің бұрынғы басшысы мен оның айналасындағыларға сыбайлас жемқорлық, журналистер мен саясаткерлерді өлтіру деректері бойынша күдікті деп танылуда. Оларға қатысты 200-ден астам қылмыстық іс қозғалып отыр. Елді тастап шыққан және қызметтен отставкаға кеткен Қ.Бакиевболса өзіне және айналасындағы азаматтарға тағылған айыптарды теріске шығарып отыр, деп хабарлайды РБК.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...