«15 шаршы метр: шешім бе, шектеу ме?». «Монополистер міндеттемелерін қалай орындауда?». «Бәкиев Беларусь елінен пана тапты». «Тәуелсіздікті қорғау». Жиын Жарғы қабылдап, төраға сайлады»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 21 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Ембімұнайгаз” компаниясының жұмысшылары жалақының жаңа жүйесіне келіспейді”. “…Филиал директорының түсіндіруінше, “жалақының жаңа жүйесі мұнайшыларға өте пайдалы, мемлекеттік мерекелерде бәрі бірдей сыйақы алатын болады”. Бірақ жұмысшылар бұл пікірмен мүлдем келіспейді. Олар “мұның астарында кенішті сату жайлы ой жоқ па” деп те күдіктенеді…

“Ембімұнайгаз” – ең көне отандық мұнай өндіруші кәсіпорын. Мұндағы ең алғашқы мұнай көзі 1911 жылы Доссор кенішінде ашылған. “Ембімұнайгаз” өндірістік филиалы құрамында “Жылыоймұнайгаз”, “Жайықмұнайгаз”, “Қайнармұнайгаз”, “Доссормұнайгаз” деп аталатын 4 басқарма бар. Олар Атырау облысындағы 37 кен орынын игереді”. Авторы: Сәния ТОЙКЕН.

Павлюк өлімінің құпиясын қазақтар жасырғанымен, қырғыздың уақытша үкіметі жариялады”. “…Қазақстан үкіметімен кездесу үшін Астанаға келген Алмазбек АТАМБАЕВ өткен жылы Алматыда қаза тапқан қырғыз журналисі Геннадий ПАВЛЮКтің ісіне қатысты мәлімдеме жасады. Уақытша үкімет жетекшісінің орынбасары журналистің өліміне қырғыздың арнайы қызметі кінәлі деді. Атамбаев өз елінің арнайы қызметін криминалдық бөлім деп айыптады…

Қазақстанда 2009 жылы журналисті өлтіру фактісі екі мәрте тіркелді. Геннадий Павлюк ауруханада қайтыс болардан үш күннен кейін Алматыда stan.kz ақпараттық бейнепорталының қазақстандық журналисі Саят ШҮЛЕМБАЕВ өлтірілді…”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

AIKYN.KZ. “15 шаршы метр: шешім бе, шектеу ме?”. “Алматы қаласында азаматтарды тіркеудің жаңа жүйесі енгізіледі-міс… Осы төңіректе түрлі БАҚ түрлі ақпарат таратып үлгерді. “15 шаршы метрдің” мәселесі ушыққаны сонша, тілшілер қауымы кеше құзырлы органдар тарапынан анық-қанық ресми әңгіме естуге баспасөз клубына жиналды. Дегенмен мәлімдеме ресми болғанымен, жаңа ереже әлі ресми болмай шықты…

Олай дейтініміз, “Алматы қаласы бойынша азаматтарды тіркеудің жаңа жүйесі әлі күшіне енбеген. Алматы қаласы мәслихаты мақұлдаған жоба қалалық Әділет басқармасында жатыр. Соған қарап-ақ, мәлімдеме әлі шикілеу ме деп те қалдық. Десе де, жоба жайлы таныстыра кетейік. Қалалық мәслихат депутаты Андрей МОРГУНОВтың айтуынша, бүгінде Алматыда тіркелген 1,5 миллион халықтан өзге 1 миллион тіркелмеген азаматтар да жүр…

Сонда “15 шаршы метр” — мәселенің шешімі ме, шектеу ме, әлде “Шаңырақ” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ айтпақшы, миграциялық ағынмен күрестің жай көз алдау көрінісі ғана ма?..”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.

Тиімді үйлер тығырықтан шығарады”. “Тиімді (доступные) үйлер салу жобалары көптеген іргелі елдерде — Ресейде, Германияда, Голландияда іске асуда. Мысалы, Голландияда жастарға арналған шағын қолайлы ішкі ауданы 9 шаршы метр үйлер, үлкен диаметрлі құбыр кесіндісінің ішінде орналасқан, сырт қабырғасы бір жағынан жабын, екінші жағынан тұғыр қызметін атқарады. Осы салада Оңтүстік Қазақстан университетінде де тәжірибе жинақталды. Қазақ мәдени дәстүріне сай ілгеріде жылжымалы жеңіл киіз үйлер қолданғандықтан, тиімді үйлер салу қазіргі кездегідей өзекті мәселе болмаған.

Әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде бұл мәселені шешу үшін жергілікті құрылыс материалдарынан тиімді үйлер салуды ұсынамыз.

Тиімді үй — бұл арзан, қолайлы, комфортты, зілзалаға төзімді, сәулетті, жылжымалы-құрастырмалы жергілікті құрылыс материалдарынан тез арада (15-20 күн ішінде) салынатын, күн энергиясын ұтымды қолданатын үй. Ол өндіріс кезінде энергия көздерін сарп етіп, ауа және суды ластандыратын құрылыс материалдарын — күйген кірпіш, цемент, темір бұйымдарын өте аз мөлшерде қолданады. Ұсынып отырған, тиімді үй ағаш бөренелерден салынады, Орталық Азияда кең тараған дәстүрлі әдіспен тұрғызылады. Жергілікті атауы “сыныш”, зілзалаға өте төзімді және берік. Еуропада бұл әдісті “фахверк әдісі” деп атайды. Қазіргі кезде республикамызда (бүкіл әлемде де) су тасқыны көбейді. Осындай қауіпті аймақтарда бөренелі дәстүрлі құрылым (вертикал бөрене-қазықтар, горизонтал, диагонал бөренелер, еден ағаштары т.б.) үйді 1-2 м жоғары көтеруге мүмкіндік береді, сол себепті үй тасқын суға шайылмайды. Ағаш қазықтары көтеріп тұрғандықтан, су тасқынынан қорғанудың бұл әдісі Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде, Еуропада кең тараған. Тиімді үйлер Арал өңіріндегі қазақ, қарақалпақ жұрты үшін пайдалы…”. Авторлары: А.ЮСУПОВ, сәулет өнері кандидаты, доцент, К.БАЙБОЛОВ, техника ғылымдарының кандидаты, доцент, Шымкент қаласы.

EGEMEN.KZ. “Монополистер міндеттемелерін қалай орындауда?”. “Биылғы жылдың І тоқсанында Қазақстан бойынша электр энергиясы 12,36 пайызға қымбаттады. Бұл жөнінде Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Анатолий ШКАРУПА мәлімдеді.

А.Шкарупа бұл жағдайдың негізгі себебін электр стансаларында өндірілетін энергия бағасының артуымен байланыстырды. Өткен жылы электр өндіруші 13 компания тобына әр жылы тарифтерді көтеруге болатын межелер белгіленген 2015 жылға дейінгі жоспар ұсынылды. 2009 жылдың наурыз айында қабылданған қаулыға сәйкес, бағалардың өткен және ағымдағы жылғы өзгеру шегі 30 пайыздан аспауы тиіс. Сондай-ақ, бірінші тоқсанда суық су – 10,6, жылу – 2,99, ыстық су 2,86 пайызға қымбаттады…

“Электр энергетикасы туралы” заңнамада көзделген инвестициялық міндеттемелердің орындалу барысын тексеру нәтижелері бойынша 10 энергия өндіруші ұйымның өткен жылға жасасқан жалпы сомасы 1 512, 32 теңгеге келісімдерінің орындалмағаны белгілі болды. Бұл тізімнің көш басында Шардара су электр стансасы тұр. Оның мойнында 493,18 млн. теңге бар екен. Инвестициялық міндеттемелерді орындамау фактілері бойынша Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі электр стансаларымен сот арқылы реттеуді өткізбек, ал жекешелендіру міндеттемелерін орындамау фактілері бойынша Қаржы министрлігінің жанындағы жұмыс тобы “AES” компаниясымен жасалған шарт талаптарын қайта қарау бойынша жұмыс жүргізуде. Қазіргі кезде агенттік барлық табиғи монополия субъектілерін тексеруді жүзеге асыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруда”. Авторы: Венера ТҮГЕЛБАЙ.

Ынтымақсыз ырыс болмайды, ырыссыз ел оңбайды”. “Кеше ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВ Қырғыз Республикасына барып қайтты. Бұған дейін Қазақстан басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы ретінде өз әлеуетін Қырғызстанның бейбіт дамуына бағыттауға ұмтылатынын айтқан болатын…

ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қырғыз Республикасы уақытша үкіметінің басшысы Роза ОТЫНБАЕВАмен осы елдің Сыртқы істер министрлігі қабырғасында кездесті…

ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қ.Саудабаевтың азаматтық қоғам мүшелерімен және таратылған парламент өкілдерімен кездесулерінде аталған мәселелер бірнеше дүркін айтылып қалып жатты. Мұндағы келтірілген мәліметтерге қарап, жағдайдың әлі де тұрақтана қоймағандығына көз жеткізесің. Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері уақытша үкіметтің жұмысын құқықтық арнаға бұру қажеттігін айтса, бұрынғы парламентшілер өздерінің қазіргі үкіметтің жұмысын заңдастыруға бола ма деген ойларымен бөлісті.

Этносаралық және өңіраралық шиеленістердің арта түсуі жағдайды түбірімен ушықтырып отыр. Осыған байланысты партия басшыларының пікірі де әр алуан. Мысалы, “Ар-намыш” партиясының жетекшісі Феликс КУЛОВ орын алып жатқан бассыздықтарды тоқтату үшін қару қолдану қажеттігін алға тартса, “Ақ шұңқар” партиясының көшбасшысы, уақытша үкімет төрайымының орынбасары, қаржы министрі міндетін атқарушы Темір САРИЕВ барынша шыдамдылық таныту қажет, дейді. Оның сөзіне қарағанда, бұрынғы билік әдейі өзінің адамдары арқылы қарсылық акциясына шыққандарға қарулар үлестірген. Сондай-ақ бұрынғы Үкімет үйінің жертөлесінде көп мөлшерде әр түрлі қару-жарақ түрлері қалдырылған. Қазір бұл қарулардың барлығы қолда жүр. Олардың ертең атылмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан үшінші сектор мүшелері Косоводағы сияқты халықаралық қоғамдастық тарапынан арнайы сараптамалық шешімдердің болғаны жөн деп санайды. Өйткені, тұрғындарды қорғауы тиіс құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өзі қазіргі кезде уақытша үкіметтен арнайы өкілеттік беруді немесе шабуылдаушылардан қорғануды сұрап отыр. Өңірлердегі жағдай әлі де ушыққан күйінде қалуда. Бішкектің түбінен жер даулаған азаматтар кейбір арандатушылардың жетегіне еріп кететіні де айтылмай қалмады. Бұндай келеңсіздікті БАКИЕВ жақтастары әдейі қолдан жасауда, деп санайды уақытша үкімет мүшелері. Осы ретте Ф.Кулов қазір уақытша үкіметтің жұмысын заңдастыру керектігін алға тартты және Қ.Бакиевтің қолы қойылған арызына күмәнмен қарайтындардың көптеп табылып жатқанына қынжылыс білдірді. Ол өз кезегінде ЕҚЫҰ арқылы бұрынғы президенттің елден кешірім сұрап, өзінің арыз жазғандығын мәлімдеуі қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ Қанат Саудабаев өзінің әріптесі, уақытша үкіметтің сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Руслан ҚАЗАҚБАЕВпен кездесті. Екеуара әңгіме барысында екі ел арасындағы қарым-қатынастар барысы сөз болды. Сонымен қатар, ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік қызметінің басшысы міндетін атқарушы К.ДУШЕНБАЕВпен де кездесу өтіп, онда елдегі қауіпсіздік барысы әңгіме өзегіне айналды…”. Авторы: Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, – Бішкектен.

ALASHAINASY.KZ. “Елбасы Йорк герцогін қабылдады”. “Кеше Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Йорк герцогі ханзадаЭндрюді қабылдады.

Президент баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, әңгімеге қазақ-британ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселесі арқау болған. Ханзада Эндрю Қазақстанға Ұлыбританияның халықаралық сауда және инвестиция жөніндегі арнайы өкілі ретінде келген болатын.

Ол сонымен қатар “Самұрық-Қазына” қорының басқарма төрағасы Қайрат КЕЛІМБЕТОВпен кездесті. Қайрат Келімбетов герцогті БТА банктегі қайта құрылымдаудың арқасында банктің 11,5 млрд АҚШ долларына сай сыртқы қарызы 4,4 млрд АҚШ долларына дейін кемігені туралы хабардар етті.

Өз кезегінде ханзада Эндрю бүгінгідей кездесулерді Британияда да өткізуге мұрындық бола алатынын жеткізді. Тараптар екі елдің де экономикасына әсер еткен дағдарыс мәселелерін де сөз етті. Қ.Келімбетов мәртебелі мейманды “Самұрық-Қазына” жүзеге асырған дағдарысқа қарсы бағдарламаның нәтижелерімен таныстырды. “Қазақстанда дағдарысқа қарсы бағдарлама сәтті жүргізілді. Ұлттық қордың арқасында экономиканы тұрақты етіп сақтап қалуға мүмкіндік алдық”, – деді”.

Бәкиев Беларусь елінен пана тапты”. “Қырғызстандағы төңкерістің нәтижесінде биліктен шеттетілген Құрманбек БӘКИЕВтің Қазақстан территориясынан қай бағытқа кеткені белгілі болды.

Бұдан бұрынырақ “сатқындық – ең ауыр күнә” деп ағынан жарылған Беларусь Президенті Александр ЛУКАШЕНКО бұрынғы әріптесін құшақ жая қарсы алып, саяси баспана берді. Шетелдік ақпарат құралдары таратқан кешегі кештегі ақпараттарға сенсек, Құрманбек Бәкиев бұдан былай Беларусь мемлекетінің қорғауында болады…”.

ABAI.KZ. “Тәуелсіздікті қорғау”. Жиын Жарғы қабылдап, төраға сайлады”. “Белгілі ақын, қоғам қайраткері Мұхтар ШАХАНОВ бастаған 50-ден астам қоғамдық ұйымдар мен партиялардың, баспасөз орындарының және зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан “Тәуелсіздікті қорғау” халықтық-демократиялық қозғалысын құрушылардың Ұйымдастыру комитеті осыған дейін қоғамымызда орын алған бірқатар саяси проблемалардың басы-қасында жүргендігі көпшілікке мәлім. Атап айтсақ, осы “Тәуелсіздікті қорғау” қозғалысының ықпалы нәтижесінде бастауын “американдық ұлттан” алатын “Ел бірлігі” доктринасына тосқауыл қойылды. Сөйтіп, қазақ халқын және республикамыздағы өзге ұлт өкілдерінің тілін, рухани құндылықтарын тікелей жоюға алып баратын, көп ұлттан бір ұлт жасау идеясы тұйыққа тірелді. Сондай-ақ Қытайға жалға берілуі мүмкін 1 млн. гектар жер мәселесіне де уақытша тоқтау салынды. Қозғалыс атынан жарияланған, келешекте еліміздің тәуелсіздігіне нүкте қоюы әбден мүмкін Кедендік одақ келеңсіздіктері туралы мәлімдеме де халық пен билік арасында қызу пікірталас тудырды. Бір сөзбен айтқанда ұлт патриоттары ұлттық мәселе тұрғысында ұдайы алдыңғы шептен табылды.

Аз уақытта осындай келелі іс тындырған “Тәуелсіздікті қорғау” халықтық-демократиялық қозғалысы 20 сәуір күні Алматы қаласында өздерінің құрылтай-жиынын өткізіп, ұйымдық мәселе қарады. Жиын барысында қозғалыстың Жарғысы қабылданды. “Тәуелсіздікті қорғау” қозғалысының негізгі бағдарламасы болып, бұрын өздері әзірлеп бүкілхалықтық талқылауға ұсынған “Қазақстан Республикасының Ұлттық саясатының тұжырымдасы” бекітілді. Қозғалыс төрағасы болып М.Шаханов, орынбасарлары болып Ғ.Алдамжаров, Д.Исабеков, В.Козлов, Р.Сәрсенбай, Д.Нұр-Ахмет, А.Сарым, М.Тайжан, Е.Бапи, С.Мұхтарбек, Қ.Иса, Д.Бабамұратов, Ж.Мамай сайланды”.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 21 сәуір. Kazakhstan Today — Қырғызстандағы ахуалды реттеу мәселесі ҰҚШҰ шеңберінде талқыланады. Бұл туралы Ресей Федерациясы Қарулы күштері Бас штабының бастығы Николай МАКАРОВ мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today «Эхо Москвы» радиосына сілтеме жасап.

Қырғызстандағы ахуалды реттеу мәселесі ҰҚШҰ шеңберінде талқыланады, деді Н. Макаров.

Сондай-ақ, ИТАР-ТАСС ақпаратына сәйкес, ресейлік әскери нысандарға, әскерилер мен олардың отбасы мүшелерінің қауіпсіздігіне Қырғызстанда ешқандай да қатер төніп тұрған жоқ. «Мен бүгін Қырғызстандағы Ресейдің әскери нысандарын қорғаушы Әуе-десанты күштерінің оперативтік арнаулы бөлімшелерінің жетекшісімен сөйлестім. Оның айтуынша, бідің нысандарымыздың маңайындағы ахуал тыныш, қандайбір арандатушылық немесе шабуыл оқиғалары болған жоқ», — деді Н. Макаров.

«Ресейлік әскерилер отбасыларының қауіпсіздігіне қатер төнбегендіктен, оларды республикадан шығару туралы мәселе қойылып отырған жоқ», — деді ол.

Қырғызстанда әскери үш нысан бар: Канттағы әуе базасы, Шу облысындағы Әскери-теңіз флотының байланыс торабы және Ыстықкөлдегі әскери-теңіз техникасын сынақтардан өткізу орталығы.

Астана. 21 сәуір. Kazakhstan Today — Қазақстанда өткен тәулікте екі жер сілкінісі болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ҚР Білім және ғылым министрлігінің Сейсмология институтының мәліметінше, 2010 жылдың 21 сәуірінде сағат 03.10-да Қазақстан Республикасы аумағында энергетикалық классы К=9,5 құраған жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 112 шақырымда Іле Алатауы жотасында тіркелген. Жер асты дүмпулері Құрам кентінде MSK-64 шкаласы бойынша 2 балл күшпен сезілді. Құрбан болғандар мен қираулар туралы ақпарат жоқ», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, кеше, 20 сәуірде сағат 16.19-да Алматы тұрғындары жер асты дүмпулерін сезінді.

ТЖМ баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, дүмпу күші МSK-64 шкаласы бойынша 2-3 балл болған. Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 117 шақырымда тіркелді.

ТЖМ мәліметінше, жер сілкінісі салдарынан құрбан болғандар мен қираулар туралы ақпарат жоқ.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...