«Тұяқбай мен Қосановқа ескерту, Шаханов пен Әбіловке айыппұл…». «Құрманбек Бакиевтің басқа былығын айтпағанда әйелінің өзі екеу екен». «Шөкеев пен Күрішбаев жоспары не береді?». «Халқы бірдің – даңқы бір»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 22 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Тұяқбай мен Қосановқа ескерту, Шаханов пен Әбіловке айыппұл…”. “Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты сенбі, сәуірдің 17-сі күні Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойған оппозиция өкілдерін рұқсат етілмеген митинг өткізді деп тауып, олардың әрқайсысына қатысты шешім шығарды…”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

Құрманбек Бакиевтің басқа былығын айтпағанда әйелінің өзі екеу екен”. “…Сәрсенбі күні Минскіде сөйлеген сөзінде Құрманбек БАКИЕВ мен әлі қырғыз президентімін деп мәлімдеп, жаңа үкіметті “өз аттарын шақырған бандылар” деп атады…

Азаттық радиосының қырғыз редакциясы хабарлап отырғандай, биліктен қуылған Құрманбек Бакиев Беларусқа заңды некедегі әйелімен емес, азаматтық әйелімен барған. Және тоқалдан туған тоғыз жасар қызы мен бес жастағы ұлын ала барған екен. Беларусь президенті де Құрманбек Бакиевтің екі баласымен бірге өз қорғауында екенін айтқан болатын.

Бакиевтің елге белгілі балаларының бәрі де кәмелеттік жастан асқандығы анық. Заңды әйелі Татьяна Васильевнадан азамат болған ұлдары – Максим мен Марат. Марат президент әкесінің тұсында елдің Ұлттық қауіпсіздік қызметі төрағасының орынбасары болды. Максим өзі үшін әдейілеп құрылған инновация мен инвестициялар және даму агенттігіне жетекшілік етіп қана қоймай, көлеңкедегі үкімет басшылығын да атқарған болатын.

Ел аузында айтылатын аңыздар мен ұзынқұлақтың хабарына қарағанда, Құрманбек Бакиевтің тағы бірнеше көңілдесі, тіпті заңсыз бірнеше әйелі бар көрінеді. Міне енді тақтан қуылып, тауы шағылған Бакиевтің алыстағы Минскіден даусы қатты шыға бастады.

Бішкектегі адам құқын қорғаушы Бибісара РЫСҚҰЛОВА Азаттық радиосының қырғыз редакциясына берген сұхбатында, енді Құрманбек Бакиевке қарсы көп әйел алғаны үшін де қылмыстық іс қозғау қажет дейді. Рысқұлова ата-баба дәстүрі бастауларына қайта оралу деген желеумен Қырғызстанда көп әйел алушылықтың кең қанат жайып келе жатқанын айтады. Көп әйел алуға құлықты шенеуніктердің кімнен үлгі алып келгені енді белгілі болып отыр. Қырғызстан билігі Құрманбек Бакиевтің тұсында көп әйел алушылықты заңдастыруға талай рет талпынған болатын”.

AIKYN.KZ. “Шөкеев пен Күрішбаев жоспары не береді?”. “Вице-премьер министр Өмірзақ ШӨКЕЕВ пен Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек КҮРІШБАЕВ — 2010 жылдың басынан қызметіне кіріскен үштіктің Кедендік одағын Қазақстан пайдасына шешуге талпынып жүрген лауазымды тұлғалар. Әңгіменің тоқ етері, егер Шөкеев, Күрішбаев жоспары іске асса (ал оның іске асатынына біз кәміл сенеміз), Қазақстанның ауыл шаруашылығы осы уақытқа дейін дәмеленбеген пайдаға кенеледі. Пайда бір жақтан емес, бірнеше жақтан болайын деп тұр. Сондықтан бұл мақалада оқырман қауымға осы жоспардың “астарын” ашып көрсетуді мақсат тұттық.

…Шөкеев, Күрішбаев бастаған топ Ресей жағымен бірнеше дүркін кездесіп, ақыр аяғында бұл мемлекеттің Қазақстаннан импорттайтын етінің көлемін қазіргі 6000 тоннадан таяу болашақтағы 60 мың тоннаға дейін жеткізуге уағдаласты. Бұл — барлық айтпақ ойдың бірінші ақиқаты. Біріншіден, осы арқылы Қазақстанның ет экспорты нәтижесінде түсетін валюталық кірісі бірден 10 есеге ұлғаяды…

Қорыта айтқанда, Шөкеев, Күрішбаев секілді лауазымды тұлғалар ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуға бағытталған игі қадам жасады. Енді олардың соңынан еретіндер көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді демекпіз. Өйткені біздің елімізде қазір табысы аз аймақ осы қой баққан ауылдар болып тұр. Ал оларда мекендейтіндер өзіміздің мемлекет құрушы ұлт өкілдері, тек қана солар. Ендеше, Қазақстандағы қазіргі ең кедейлер де солар. Сондықтан олардың жағдайын жақсарту біздіңше, Үкіметтің ғана емес, сонымен бірге жергілікті әкімдердің де ең басты және төл міндеті. Осы төл міндетті орындауға өздері көнбесе, әкімдерді міндеттеу керек шығар. Бұл енді басқа тақырыптың көтеретін жүгі. Ал біздің айтарымыз, алыстағы ауылдардан шын мәніндегі арзан етті өндірмейінше, ауқымды мәселені түпкілікті шешу мүмкін еместігі. Солай, ағайын”. Авторы: Таңшолпан БЕКБОЛАТ.

EGEMEN.KZ. “ХАЛҚЫ БІРДІҢ – ДАҢҚЫ БІР”. “Осы ұғымның астарында терең мағына тұрғандай. Өйткені, көпэтносты еліміздің ортақ Отаны – Қазақстанның бүгінгі атақ-даңқы, биігі баршаның мерейі екені даусыз. Қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылықтың іргетасына негіз болған этносаралық татулық пен келісім әлеуметтік саладағы табыс пен экономиканың өсуіне оң ықпал етіп келеді. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың сарабдал саясаты, байыпты бағыты нәтижесінде елімізде тұрақтылық сақталып, болашаққа нық қадам жасалып келеді. Осы іргелі істерге бұдан 15 жыл бұрын жұмысын бастаған Қазақстан халқы Ассамблеясы өзіндік үлесін қосқаны даусыз…

Әрине, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыстарын толық айтып шығу мүмкін емес. Мәжілістер мен форумдар, фестивальдар өлкеміздегі татулық пен бірліктің қалыптасуына өз үлесін қосқаны анық. Бастысы – халқымыз татулық, келісім ахуалында өмір сүріп, мемлекетіміздің ертеңіне деген сенімдерінің беріктігімен ерекшеленуде…”. Авторы: Ғабит ТҰРСЫНБАЙ, Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі.

ANATILI.KZ. “Бірлік – баға жетпес құндылық”. “…Шыны керек, қазір “Қазақстан достықтың лабораториясына айналып кетті” деп күстәналайтындар көп. Жүзден аса ұлт бір шаңырақтың астында бейбіт тірлік кешіп, әй-шәйсіз өмір сүріп жатса, ешқандай арам пиғылы болмаса, достық пейілін білдіріп тұрса, оның несі айып?! Әрбір ұлт пен ұлысқа өз салт-дәсүрін ұстануға, тілін үйренуге, дінін бұзбауға барын салып отырған мемлекеттен айналмайсың ба?! Бұл енді тырнақ астынан кір іздеушілік. Мемлекеттің іргетасы қалана бастаған кезден-ақ Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Бұл еріккеннен жасалған әрекет емес-тін. Айтқан жерден аулақ, дархан далаға түрлі тағдыр айдап келген ұлттар мен ұлыстар бүйректен сирақ шығарып, бір-біріне қызылкөзденіп, жұдырық ала жүгіріп, жұдырықтың арты қару атуға ұласып жатса, не болмақ?! Сондықтан мемлекеттегі саясат ең алдымен тыныштыққа, тұрақтылыққа, толеранттылыққа, ынтымаққа, ауызбіршілікке құрылды. Құдайға шүкір дейік, ол өз жемісін беріп жатыр.

Елбасының Тәуелсіздік таңы атқан жылдары айтқан “алдымен экономика, сосын саясат” деген сөзі қазіргі күні өзін толығымен ақтады…

Мемлекет басшысының салиқалы саясатының, Қазақстан деген байтақ отанды мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың ауызбіршілігінің, ең бастысы қазақ дейтін қаймана жұрттың кең пейілінің арқасында қазір біздің елде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туып тұр. Оны дәз қазір Қазақстандағы түрлі саяси көзқарастағы азаматтардың бәрі мойындайды деген ойдамыз…

Қазіргі кезде “сақал түгіл, мұрт та жоқ”, сөзінен бөзі түскен саясатшыл қариялар бар. Сындарлы саясатқа көңілі толмайтын, өздерінің қолынан ештеңе келмейтін, қариялықтан гөрі құр айқайға иек артқан адамдардың не ойлағаны барын білмейсің. Сондай кезде қара суды болса да тыныш заманда ішкенді қалайтын ауылдағы қарттар еске түседі. Даналығы, нағыз қарияға тән сабырлылығы еріксіз тебірентеді. Елді ірітпейтін, тыныштықтың шырқын бұзғызбайтын, ынтымаққа үндейтін сондай қарттар аман болғай дейсің. Себебі біздің мемлекет қазыналы қарттардың даналығына, дархан көңілді жұрттың кең пейіліне құрылған. Алла алауыздықтан сақтасын!”. Авторы: Біржан БЕКТӨРЕ.

ALASHAINASY.KZ. “Оқушыны да, оқытушыны да адастырған оқулық”. “ҚР білім және ғылым министрі Ж.Түймебаевтың назарына!

Мектеп оқулықтарына қатысты мәселе бүгінде көпшілік қауымды ғана емес, білікті мамандардың да үлкен алаңдаушылығын туғызуда. Соңғы бес жыл көлемінде ұдайы жалғасып келе жатқан осы наразылықтың кілтін біз әдетте жекелеген кітаптардан болмаса оқулық авторларынан іздеп келдік. “Мамандар жетіспегендіктен де оқулықтарды педагогикалық тәжірибеден тысқары, оқушы психологиясы мен мектеп оқулығы теориясынан хабарсыз адамдар жазып жатыр. Бар кінәрат содан” деп түсіндік. Расында, осы жағдайға қалай тап болдық? Орта мектепті сапалы оқулықпен қамтамасыз етуге қабілетті ғылыми-өндірістік кешен жұмысын қалай қожыратып алдық? Ең бастысы, тап қазіргі уақытта қасиетті “білім бұлағының” лайлануына себепкер болып отырған кім?

Мәселенің төркіні. 1996 жылдың 26 қыркүйегінде еліміздің Үкіметі “Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін мектептеріне арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау мен жарыққа шығарудың мақсатты бағдарламасын” бекітті. Сол жылы Ы.Алтынсарин атындағы білім проблемалары институты Н.НҰРАХМЕТОВтің басшылығымен отандық өндіріс оқулықтарының жаңа буынын қалыптастыру мақсатында авторлық ұжымдар құра бастады…

2002 жылы академияда жаңа құрылымдық бөлімше – “Оқулық мониторингі орталығы” ашылды. Орталық мамандары “Мектеп” баспасымен бірлесе отырып, оқулықтардың эксперттік анализ критерийлерін жасады, сондай-ақ қолданыстағы бүкіл оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерге сараптама жүргізді.

Республикалық “Оқулық” ғылыми-тәжірибелік орталығының құрылуына байланысты Білім академиясының “Оқулық мониторингі орталығы” 2005 жылдан бастап өз жұмысын тоқтатты. Академияға қарасты Мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру ғылыми-зерттеу институтының директоры Қарлығаш ҚАБДОЛОВАның пікіріне жүгінсек, академия мамандары қазір тек қана білім стандарттарын әзірлеумен айналысуда. Ал кейінгі уақытта шығып жатқан, қолданыста жүрген оқулықтар сол стандартқа сай келе ме, жоқ па – бұл кісілер оны білмейді…

Қазір бүкіл ел болып, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу қамындамыз. Бұл – өте маңызды жағдай. Ал осы бүкіл жүйені жаңа технологиямен, мүлде жаңаша сапада жазылуға тиісті озық оқулықтармен қамтамасыз ету міндетімен кім айналыспақ?…”. Авторы: Роза РАҚЫМҚЫЗЫ.

ZHASALASH.KZ. “БӘКИЕВТI НАЗАРБАЕВ КӨНДIРДI, АЛ ЛУКАШЕНКО АЙНЫТТЫ МА?”. “…“Мен, Құрманбек Бәкиев, Қырғызстанның халықаралық қауымдастықтар мойындаған заңды президентiмiн. Менi берген антымнан айнытатын күш жоқ. Тек өлiм ғана тоқтата алады”.

Қ.БӘКИЕВтiң бұл мәлiмдемесiн “БЕЛТА” ақпарат агенттiгi таратты. Бұған қоса Бәкиев “билiктi күшпен басып алған бандиттерде ешқандай лигитимдiлiк жоқ” дедi. Және де ол ТМД мемлекеттерi басшыларына былай деп үндеу тастапты: “Бiздiң бостандығымыз бен тәуелсiздiгiмiзге жиырма жыл да болған жоқ. Қара күштен ықпаңдар, сiздер өз мемлекеттерiңiз үшiн жауап бересiздер”.

Бәкиевтiң төңiрегiндегi мәселе күңгiрт тартып барады. НАЗАРБАЕВ оны қырғыз жерiнен алып шығып, ол Таразда отырып президенттiктен кететiнi туралы арыз жазады. Одан кейiн Белоруссияға барады да, ол арыздан бас тартады. Сонда қалай, Бәкиевтi арыз жазуға мәжбүрлеген Назарбаев, қайта айнытқан ЛУКАШЕНКО болып шыға ма?..

Мiне, осылайша Ала-Тооның арғы бетi әлi дүрлiгiп жатыр. Ендi Қырғызстан Қазақстан және Белоруссияның арасынан қара мысық жүгiрiп кетпесiн деңiз…”. Авторы: Ерiк РАХЫМ.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 22 сәуір. Kazakhstan Today — Алматыда 1 млн астам адам тіркеусіз тұрып жатыр, деп хабарлайды Kazakhstan Today Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Алматыда азаматтарды тіркеудің жаңа ережесі миграциялық процесстерді реттеуге бағытталған.

«Үстіміздегі жылдың 12 сәуірінде қалалық мәслихат Алматы қаласында азаматтарды тіркеудің жаңа ережесі туралы шешім қабылдаған болатын. Тұрғын үй жағдайына және санитарлық нормаға орай әр адамға тиесілі көлем- 15 шаршы метр. Үй иелері 15 шаршы метр көлемі артық болса, шаңырағына және бір адамды тіркей алады»,- делінген хабарламада.

Дегенмен, алматылықтар өзінің жеке шаңырағына жақын туыстарын ( заң актісінде оның тізімі көрсетілген), сонымен қатар өз бетімен өмір сүре алмайтын, емделетін, ұзақ іссапарда жүрген, бас бостандығынан айрылған туыстарын үй көлеміне қарамастан тіркеуге де құқылы.

Үкіметтің 2000 жылғы қаулысына сәйкес Алматыға 3 айдан көп уақытқа келгендер әділет органдарында тіркеуден өтіп, тіркеу картасын алулары қажет. Уақытша тіркеудің мерзімі бір жылға дейін.

Алматы қаласы Әділет департаментінің бастығы Бағбан ТАЙЫМБЕТОВ бұл шара Алматыда тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының мүддесін қорғауға, қаланың криминогенді жағдайына едәуір әсер ететін келеңсіз жағдайлардың алдын алуға, ішкі және сыртқы миграцияны реттеуге бағытталғандығын айтты. Ол мысал ретінде жеке үйі бар бір азаматтың үйіне 150 адамнан астам жанды тіркегенін, осылайша пайда тапқандығын айтты. Азаматтарды тіркеу әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін де қажет…

Миграциялық полицияның деректерін, орын алған жағдайларды сараптай келіп, Алматы қаласының ерекше мәртебесіне қатысты заңның 3-бабының 8-тармағына орай миграциялық процесстерді реттеу мақсатында қалалық мәслихат комиссиясы арнайы шешім қабылдап, қалада тіркеудің жаңа ережелерін ұсынып отыр. Қазіргі кезде заң жобасы Әділет департаментіне тіркеуге жіберілді, онда құжат арнайы сараптамадан өтеді. Содан кейін баспасөзде жарияланып, өз күшіне енетін болады. Егер мұндағы ережелерін бұзылса, онда кінәлі адам әкімшілік Кодекстің 377-бабы бойынша жауапқа тартылады және 1 айлық көлемінде айыппұл төлейді немесе ескерту алады. Ережені бұзған лауазымды адам 20 айлық көлемінде айыппұл төлейді.

Алматы. 22 сәуір. Kazakhstan Today — Қырғызстан президентінің сайлауы 10 қазанда өтеді. Бұл туралы бүгін Қырғызстанның уақытша үкіметі басшысының конституциялық реформа жөніндегі орынбасары Омурбек ТЕКЕБАЕВ мемлекеттік телеарна арқылы сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today ИТАР-ТАСС-қа сілтеме жасап.

«Президент сайлауына конституциялық реформа жөніндегі референдум өтеді, ал ол 27 маусымға белгіленген», — деді О. Текебаев.

Қырғызстандағы соңғы президент сайлауы өткен жылғы жазда болған. Ол кезде Құрманбек Бакиев жеңіске жетті. Ал осыдан бірнеше күн бұрын ол оппозицияның қысымымен елден кетуге мәжбүр болды.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...