«Ермұхамет Ертісбаев: «Банкирден басқаның бәрі саясатпен айналысса болады». «Үш ай қорытындысы көңіл демеді». «Ел бiрлiгi» доктринасы Елбасыға ұсынылады»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 23 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Ермұхамет Ертісбаев: “Банкирден басқаның бәрі саясатпен айналысса болады”. “…– Ермұхамет мырза, сіздің бастығыңыз отандық бизнесмендер мен банкирлерге саясатпен айналыспаулары жөнінде бірнеше мәрте ашық және түсінікті түрде ескерту жасады. “Назарбаев Конституциясы” деп аталатын Қазақстанның қазіргі қолданыстағы Конституциясы елдің барлық азаматтарына бірдей саясатпен айналысуына кепілдік бермейді ме? Бизнес өкілдеріне саясатпен айналыспаңдар деп ескерту жасай отырып президенттің өзі Конституция нормаларын бұзып отырған жоқ па? Әлде саясатпен айналысуға тек президент Назарбаевтың отбасы мүшелерінің ғана құқы бар ма?

– Ең алдымен түзету енгізіп алайық – бизнесмендер туралы президент ешқашан ешнәрсе деген емес, ол тек банкирлер туралы айтқан болатын. Бұл өте маңызды тұс. Өйткені шындап келгенде бизнесмендер “Нұр Отан” партиясына енеді. Олар саяси кеңес мүшелігіне де енген.

Мен “Азат” партиясында да бизнесмендер бар деп ойлаймын. Иә, олар өздері туралы ашық айтпауы мүмкін. Бірақ олар бұл партияға материалдық жағынан көмектеседі. Мен қалай болғанда да Қазақстанның әрбір саяси партиясын қамтамасыз етіп отырған бірнеше демеушілері бар екендігін білемін. Сондықтан да, соншалықты белсенді түрде болмаса да барлық бизнемендердің саясатқа араласы бар.

Ал банкирлерге келсек, мен президентпен толықтай келісемін. Әлемнің бір де бір елінде (мен дамыған мемлекеттер туралы айтып отырмын) банкир әлдебір саяси партияның мүшесі болып немесе қандай да бір саяси позиция ұстанғанын көрмейсіз. Мысалы ӘБЛЯЗОВтың кезінде ол жерде ең тиімді шарттар болса-дағы мен принципті түрде “ТұранӘлем Банкіне” ақша салған жоқпын. Мен Мұхтар Әблязовтың ерте ме, кеш пе саясатпен айналысатынын білгенмін. Өйткені, оған басыңды бір сұққан соң қайтып шығу деген жоқ. Одан сотталғандығы туралы айыпты алып, банк қызметімен айналысуға рұқсат бергенде мен қатты таң қалғанмын….”. Сұхбаттасқан Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ.

AIKYN.KZ. “20 күнде 1500 адамды кене шақты”. “Оңтүстік Қазақстан облысында эпидемия маусымы басталғалы бері кене шаққан адамдардың саны 1,5 мыңнан асып кетті.

Бұл туралы кеше Санэпидемқадағалау комитетінің облыстық департаменті хабарлады. Сонымен қатар қазіргі кезде аймақта жеті адамның қырым-қанды безгегін жұқтырғаны зертханалық сараптама арқылы расталды. Соның ішінде екі адам қаза тапқан. Сондай-ақ қазір қырым безгегін жұқтырған болуы мүмкін деген болжаммен төрт адам ауруханаға жатқызылды, олардың диагнозы да нақтыланып жатыр. Сырқаттармен байланыста болған 127 адам медициналық бақылауда.

Айта кету керек, кене шағу оқиғалары Сайрам, Ордабасы, Сарыағаш аудандарында, Түркістан ауылдық округі мен Абай ауданында жиі кездесіп отыр…”. Авторы: Еркін ҚАЛДАН.

EGEMEN.KZ. “КЕДЕНДІК ОДАҚТЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ”. “Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ ШӨКЕЕВ Кедендік одақ талаптарына сәйкестендіруді қадағалау мақсатында қазақ-өзбек шекарасының жағдайымен танысты. Шекара бойын тікұшақпен аралап, шекарашылардың заманауи қондырғылармен қаншалықты жабдықталғандығын байқады. Оңтүстік шекара шебін толық бақылау мен бекіту 2010 жылдың шілдесінде аяқталады. Қосымша құрылатын 25 заставаның биыл 16-сы іске қосылады. Оңтүстіктің Өзбекстанмен шектесетін шекарасының ұзындығы 3,5 мың шақырым. Оның 800 шақырымы таулы аймақтар болғандықтан, бағана орнатып, сым тарту қиын. Сондықтан ол жерлер радиолокациялық қондырғылар арқылы бақылауға алынады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің “Оңтүстік” аймақтық басқармасының бастығы Тұрғанбек СТАМБЕКОВ Сарыағашта шекара өтінде отырған 30 үй мен Арнасай ауылындағы 68 отбасының жағдайын айтты. Өтемақы беріп, бері қарай көшіріп алмаса, кей ретте түсініспеушіліктер туып жатады. Өйткені, жолдың бір бөлігі өзбек шекарасына кіреді.

Өмірзақ Естайұлы Сыртқы істер министрлігі арқылы сол жолды Өзбекстаннан жалға алу мерзімін ұзарту мәселесі қарастырылып отырғанын, ол әрекеттер нәтиже бермейтін болса, Арнасайдағы 68 үйдің бері көшірілетіндігін айтты…

Экономикалық даму және сауда министрі Жанар АЙТЖАНОВА Кеден одағына байланысты ерешеліктерді жан-жақты түсіндіріп берді. Өңдеуші кәсіпорынға рынокта үлкен айдын керек болса, 168 млн. адамы бар үш мемлекет құзыретіңізде. Қазақстанның инвестициялық тартымдылық саласында жасайтын жұмысы көп. Елге келген 108 млрд. доллар шетел инвестициясының 70 пайызы шикізатқа, атап айтқанда, мұнай, көгілдір отын, тау-кен кеніштерінің еншісінде. Өңдеу саласы 10 пайыз құрайды. Ресей жыл сайын 560 мың тонна сиыр етін, 780 тонна құс етін сырттан тасымалдайды. Осындай мақсаттарға жыл сайын 5 млрд.-тай доллар жұмсайтын Ресей іргесінде отырған Қазақстан етін алуға мүдделі емес. Неге? Ветеринарлық және санитарлық талаптарымыз сәйкес келмейді. Дайын өнімді өңдейтін қондырғылар аз, технология сын көтермейді. Осы кедергілерді алсақ, Қазақстан үлкен рынокқа емін-еркін кіреді. Министр дәрі-дәрмектің 80 пайызы шетелдерден тасымалданатындығын да айтты. Бірыңғай экономикалық кеңестікте пайда табу үшін өңдеуші кәсіпорындарымызды көбейтуіміз керек. Елбасының тікелей бақылауымен жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық бағдарлама осы мақсатқа негізделген…

Алайда, Кеден одағын ашып, мол мүмкіндіктерді көрсетіп берген Үкімет осының бәрін үйлестіруді, тасымалдауды, сыртқы саудаға шығаратын көкөністерді жуып тазалайтын зауыттар салуды мойнына алмайды. Бұл — кәсіпкерлердің ішкі жұмысы, деді Ө.Шөкеев.

Кеңес барысында кәсіпкерлер өздерін толғантқан сауалдар бойынша толымды жауап алды”. Авторы: Бақтияр ТАЙЖАН.

ANATILI.KZ. “Үш ай қорытындысы көңіл демеді”. “…Міне, осы бойынша бірінші тоқсанның қорытындысы да шығарылып отырған көрінеді. Енді аталған салалардың жағдайына қысқаша тоқталатын болсақ, ең бірінші – өнеркәсіп саласындағы даму былтырғы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда – 11,5, ауыл шаруашылығы – 2,4, сауда – 11,5, көлік – 5,2, байланыс 4,5 пайыз өсімге қол жеткізген…

Жалпы, бұл нені көрсетеді? Ол, біріншіден, еліміздің ішкі жалпы өнімінің нақты өсімі 6,5 пайыз шамасында қалыптасқандығын, екіншіден, дағдарыс кезеңі басталғаннан бері отандық экономиканың қайтадан серпілісті даму арнасына түскендігін білдіреді. Тек ендігіде осы игіліктерді құнсыздану мен дағдарыстың соңғы симптомдары көмескілендіріп кетпесін деңіз”. Авторы: Е.ҚАЛНАЗАР.

TURKYSTAN.KZ. “Ел бiрлiгi” доктринасы Елбасыға ұсынылады”. “Зиялы қауым мен түрлi қоғамдық ұйым мүшелерiнiң пiкiрталасын тудырған “Ел бiрлiгi” доктринасы жалпыұлттық талқылауға ұсынылған болатын. Қоғамда сан алуан пiкiрдi тоғыстырған “Ел бiрлiгi” доктринасының жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлiп, Қазақстан халқы ассамблеясының жабық кеңесiнде қабылданды. Бұл туралы мәлiм еткен Мемлекеттiк хатшы, Сыртқы iстер министрi Қанат САУДАБАЕВ доктрина ассамблеяның 15 жылдық мерейтойы қарсаңында қабылданатынын жеткiздi. “Ел бiрлiгi” доктринасының жобасын сiздермен тағы бiр мәрте пысықтап, Елбасына бекiтуге жiберсек деп ойлаймын. Бұл құжат ел арасында да аз талқыланған жоқ. Барлық қоғамдық-саяси талдаудан, үкiметтiк емес ұйымдардың сүзгiсiнен өттi”, – дедi Мемлекеттiк хатшы, Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев…

Амангелдi АЙТАЛЫ, қоғам қайраткерi: – Жұмыс тобы М.ШАХАНОВ дайындаған тұжырымдаманы, доктринаның өзiн, басқа да көптеген ұсыныстарды бiр апта бойы саралады. Әрине, келiскендерi де, келiспегендерi де, әлi ойланатын тұстары да бар. Наурыз айының басында барлық тұжырымдаманы саралағаннан кейiн жұмыс тобының iшiнде бiр ортақ доктринаның жобасы жасалды. Өзiм осы жұмысқа араластым. Бiрақ доктринаның соңғы жобасын көргенiмде көптеген ұсыныстардың ескерусiз қалғанын байқадым. Құжатта Қазақстан халқының ұлттық бiрлiгi деген сөз жиi айтылады. Айналып келгенде, өзiмiз соған келiсiм бергендей болдық. Жұмыс тобында сегiз адам едiк, жетi адам қол қойды. Мен қойған жоқпын. Мәселен, “қазақстандық” дегендi “Қазақ республикасы” деп ауыстыру қажет, “Мемлекеттiк тiл туралы” заң жобасын қабылдау керек, сондай-ақ мемлекетқұраушы қазақ ұлты деген идея және қазақ ұлты отарланған ұлт және ұлттық саясат қазақ халқының өркендеуiне аса мән бергiм келедi деген идея өтпей қалды. Осы идея өтпегеннен кейiн қол қойған жоқпын. Бiлуiмше, Мұхтар Шаханов соңғы нұсқаны оқып, “таныстым, жаман емес” деп, мақұлдаған. Шахановтың қолына өзiмнiң келiспейтiнiмдi және не үшiн бас тартып отырғанымды жазып бердiм. Ендi сол доктрина қабылданып, Елбасына жiберiлдi. Әрине, азды-көптi айырмашылық бар. Бұрынғы мәтiннiң бiразы өзгердi. Бiрақ кейбiр пiкiрлер қабылданбады. Негiзi бұдан баяғы консервантты түрдегi социалистiк-интернационализмнiң иiсi аңқып тұр. Сөз жоқ, Президент әкiмшiлiгiнiң жанындағы сарапшылардың қолынан өтсе, қандай болып шығатынын айту қиын…”. Авторы: Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Қазақ тілінің қаржысы қалтаға кетіп жатыр…”. “…Сондай-ақ орталыққа 2008 жылы қаржыландырудың жеке жоспарына сәйкес 18 миллион 719 мың теңге тілдік дамытуға бағытталған іс-шараларға жұмсалуы тиіс болған, яғни қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге оқытуды ұйымдастыруға, түрлі облыстық байқаулар өткізуге, кітаптар мен оқулықтар сатып алуға көзделе тұра, осы қаржының 9 миллион 721 мың теңгесі мақсатсыз жұмсалып, мекенжайды жалдауға заңсыз шығындалған…

Ал 2010 жылдың жыры, тіптен қызық. Дәл осындай тексеруді облыстық прокуратура биыл да жүргізген болатын. Нәтиже жаға ұстатарлықтай. Өткен жылдардағыдай заңбұзушылықтар айна-қатесіз қайталанған. Мәселен, жоспарда көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен “Жамбыл облыстық әкімдігінің тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы” мемлекеттік мекемесіне 2009 жылға 44 миллион 923 мың теңге бөлінген. Оның ішінде 41 миллион 583 мың теңге “Мемлекеттік тілдерді оқыту орталығы” МКМ берілген. Әрине, аз қаржы емес. Осы қаржы орталықтың жалақы төлеу қорына, “Медиа кластар”, оқыту бағдарламаларын, сыныптарды безендіру, сонымен қатар оқу-әдістемелік әдебиеттерді, оқытудың электрондық нұсқасын алуға бағытталуы тиіс болатын. Басшы мен қосшы “ҚР Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңын белден басқан. Қажетті заттарды сатып алуда ең төменгі баға көрсеткен компания жеңіп алуы тиіс болса, керісінше, орталық ең жоғары баға көрсеткен компанияны жеңімпаз деп таныған. Соның кесірінен орталықтың 1 миллион 642 мың теңгесі және басқарманың 1 миллион 83 мың теңгесі желге ұшқан. Бұдан басқа да бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалғандығы белгілі болып отыр. Әдістемелік оқулықтарды, стендтерді жасатуға 707 150 теңге мақсатсыз жұмсалған. Мемлекеттік тілге жанашырлық танытуы тиіс сала басшылары осылайша қаражатты желге ұшырып, өз жазаларын алды. Әйтеуір, шетелге қашып кетпегеніне шүкір дейміз де…

Мұрат САДЫҚОВ, Жамбыл облыстық прокуратурасы бірінші басқармасының аға прокуроры:– Облыстық прокуратура “Жамбыл облыстық әкімдігінің тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы” МКМ-нің тиімсіз жұмсалған 2 миллион 898 мың теңгені мемлекеттік бюджетке өндіру, орталықтың директоры М. НОҚРАБЕКОВты “ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” Заңының 12-бабы 1-тармағының 4-5-тармақшаларына сәйкес тәртіптік жауапкершілігін шешу және орын алған өрескел заңбұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізіп, нәтижесінде М.Ноқрабеков қызметінен босатылды (Б.АҚПАЕВ бұған дейін қызметінен босатылған болатын)”. Авторы: Гүлжан КӨШЕРОВА, Тараз

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 23 сәуір. Kazakhstan Today — Шығыс Қазақстан облысында лай көшкін жүру салдарынан жолаушылар пойызының қозғалысы алты сағаттан астам іркіліп қалды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 22 сәуірде сағат 10.21-де » Тургусун — Заводинка теміржол өткелінің 6-шы пикетінде 155-ші шақырымда тау баурайынан теміржол төсеміне көлемі 1400 текше метрлік лай көшкіні түсті. Соның салдарынан Зыряновск — Защита бағытындағы 5 вагонды №642 жолаушылар пойызының қозғалысы тоқтатылды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ».

ТЖМ мәліметінше, сол күні сағат 17.00-де теміржол төсемі тазартылып, пойыздардың қозғалысы жанданды.

Төтенше жағдайды жоюға теміржол қызметінің 2 техникасы мен 37 адамы жұмылдырылды.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...