«Доллар 120 теңге бола алмайды». «Қазақстандық Чернобыль ардагерлері жер мен көлік салығынан ғана босатылған». «Ауыл қаланы асырай алып отыр ма?». «Тоқтар Әубәкіров: «… Енді оқытушымын»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 26 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қазақстандық Чернобыль ардагерлері жер мен көлік салығынан ғана босатылған”. “…Қазақстандағы Чернобыль ардагерлері одағының төрағасы Халел ТӨРЕҒАЛИЕВтің айтуынша, 20-шы ғасырдың ең қорқынышты оқиғаларының бірі саналатын апат зардаптарын жоюға қатысқандардың саны республикада жыл өткен сайын азайып барады.

— 1986 жылдан бастап 1992 жылға дейінгі аралықта Қазақстаннан 35 мыңнан астам адам Чернобыльге жіберілген. Біздің есептеуіміз бойынша, қазір Қазақстанда 6 700 Чернобыль ардагері тұрып жатыр, — деді Төреғалиев…

Қазақстанда Чернобыль апатына қатысқандардың 100 пайызы мүгедек. Төреғалиевтің айтуынша, олар мүгедектігін дәлелдеу үшін жыл сайын сан түрлі құжаттар жинап, әскери-дәрігерлік сараптамадан өту арқылы әлсін-әлсін растатуға мәжбүр болып отыр.

Ардагерлер жылына бір мәрте, 14 күн госпитальде қаралады. Олар жер және көлік салығынан босатылған. Бұдан басқа жеңілдіктер қарастырылмаған. Ал, республикада мүгедектерге берілетін жәрдемақы көлемі Беларуспен салыстырғанда төрт есе аз дейді “чернобыльдіктер”…”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

Ата-анасы жатақханада тұратын төртемге қандай көмек берерін әлеуметтік орындар білмейді”. “Жұма күні Алматыдағы Туризм және спорт академиясының жатақханасында тұратын Есентай ҚАПАР мен Назымгүл ҚУАНҒАНды ата-ана атандырып, шаңырағын шаттыққа бөлеген төрт бөбек перзентханадан шығарылды. Төрт егіз қыз биылғы жылы наурыздың 9-ы күні Алматыдағы Ана мен баланы қорғау институтының перзентханасында дүниеге келген болатын…

Бірден көп бала дүниеге келгенде қандай көмек көрсетілетіндігі жайында білмек мақсатпен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласқан едік. Мекеменің баспасөз-хатшысы Алмас ЖҰМАҒҰЛОВ осы саланың мамандарымен сөйлесіп, қандай көмектер берілетіндігін анықтауға уәде берді.

Алматыда сирек кездесетін төртемнің дүниеге келуіне 40 күннен бері билік орындары тарапынан сұрап-біліп жатқан ешкім болмағанын бөбектерді бақылаған дәрігер Күлзия ӘЛМӘМБЕТҚЫЗЫ да айтып отыр. Дәрігер балалардың денсаулығына дұрыс күтім болуы үшін бір бөлменің тарлық жасайтындығын айтады.

Ал, Есентай Қапар балалары өмірге келген 40 күннің ішінде Алатау ауданы әкімшілігі мен Алматы қалалық тұрғын үй департаментіне бірнеше рет барғанын айтады…

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қытайда фабрика жұмысшысы бірден 4 баланы дүниеге әкелгенде, Қытайда көп бала тууға шек қойылатындығына қарамастан, оның сәбилерінің 18 жасқа дейінгі бағым-күтімін үкімет өз мойнына алғандығы жайында баспасөз беттерінде жазылған еді.

Ал, Қазақстанда бір мезгілде көп баланы дүниеге әкелген отбасына көрсетілетін көмектің ең үлкені пәтер берумен аяқталатын көрінеді”. Авторы: Есенгүл КӘПҚЫЗЫ.

AIKYN.KZ. “Президент билігіне – 20 жыл”. “…1990 жылы 24 сәуірде Жоғарғы Кеңестің “Қазақ ССР президенті лауазымын енгізу және Қазақстан Конституциясына толықтырулар енгізу туралы” Заңы мен “Қазақ ССР Президенті туралы” қаулысын қабылдауы тарихи оқиға болды. Өйткені осы құжаттар Қазақстанның қоғамдық және мемлекеттік құрылымын түбірімен өзгерткен еді…

Конференция барысында ресейлік саясаттанушы Юрий СОЛОЗОБОВтың “Президентская власть в Казахстане — 20 лет успеха”, Маджид бен Абдель Азиз ат-ТУРКИдің “Свет власти в Казахстане” атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өткізіліп, Қазақстандағы Президент институтын зерттеген студенттер марапатталып, арнайы көрме ұйымдастырылды”. Авторы: Нұржан ЖЕҢІС.

Доллар 120 теңге бола алмайды”. “…Алматыда өткен онлайн-конференцияда МАРЧЕНКО теңгенің нығаюына жол берілмейтіндіктің себебін былай деп түсіндірді: “Теңгенің күрт нығаюын біз дұрыс деп ойламаймыз. Менен жұрт бағам қашан қайтадан 120 теңге болады деп сұрайды. Мынаны түсіну керек, егер біздегі инфляция жылына 7 пайыз болса, ол АҚШ-та 2 пайыз, нақты бағам тұрақты болуы үшін девальвация жылына 5 пайызды құрауы тиіс. Яғни нақты бағамға еш болмаса, “теңге-доллар” жұбында қарау керек. Инфляциядағы айырмашылықты есепке алғанда, соңғы алты айда нақты нығаю 8 пайызға шықты. Теңге долларға шаққанда 3 пайызға нығайды. Бұл онша жақсы нышан емес, өйткені осындай қарқын ала берсе, біздің экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Соның нәтижесінде, “голландиялық ауруға” ұшырауымыз ғажап емес. Сондықтан да 120 теңгелік бағам болмайды. Ұлттық валюта мәлімделген дәліз шеңберінде тұрады. Біз теңгенің әлсізденуіне қарағанда оның нығаюына, барынша қарсы тұрамыз”. Валюта бағамына мықтап тұрып жасалған тұсау әзір шешіле қоймайтынын осылай жеткізген Марченко мырза енді қайтып бұл сұрақтың алдынан кесе-көлденеңдеп шыға бермейтініне сенімді кейіп танытты.

Жалпы, қаржы нарығында дағдарыстан кейінгі ахуал бірте-бірте өз арнасына түсіп, қаржы рыногындағы дағдарысқа қарсы жасалған шаралардың оң нәтижесі байқала бастады. Қазақстанның сыртқы қарызының жиынтығы 111 млрд долларды құрайды екен. Марченконың айтуынша, бұл сыртқы қарыздың ішінде 2 млрд доллар мемлекеттікі. Қалғаны корпоративтік және банктік секторға тиесілі. Банктердің қарызы соңғы 2,5 жылда айтарлықтай қысқарды десек те, әлі де 28 млрд доллардай берешек мойында тұр. Ал алдағы уақытта бұл қарыз тағы да 10,5 миллиардқа қысқарады деген үміт бар. Себебі БТА Банк, Темірбанк және Альянс банктің сыртқы қарыздарын қайта құрылымдау процесі толық аяқталады. Жоғарыда айтылған 111 млрд доллар сыртқы қарыздың 48 миллиарды жекеменшік сектордың, яғни фирмааралық қарыздар болып табылады. …Түсініктірек айтатын болсақ, 48 млрд доллар — Қазақстанда жұмыс істеп жатқан ірі шетелдік компаниялардың осында құрылған еншілес фирмаларына берген несиесі. Оған қазақстандықтардың еш қатысы да жоқ. Сыртқы қарыз туралы ойымызды қорытатын болсақ, ол түйін ақырындап тарқатылып келеді. “Мемлекеттік қарызға келетін болсақ, бұл жерде бас қатырарлық ешқандай проблема туындамайды. Ал корпоративтік сыртқы қарыздарды алдағы уақытта проблемалар күтуі мүмкін. Егер олар бір кездердегі банк секторы секілді сыртқы қарызды тартуға құнығып кететін болса, тағы да сазға отыруы ғажап емес” дейді Марченко мырза. Дағдарыстан алар сабақтың тәлімі болды ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.

Дағдарыстың тағы бір толқыны келе жатыр деген сыбыс бүгінде ас үйден бастап, автобус ішіндегі жұрттың аузында гулеп жүр. Оған Ресейдің телеарналарында берілетін сарапшылар пікір-сайыстары да ықпал етуде. Ресейде басталатын дағдарыс көрші рыноктарда жалғасын табады екен деген пікірлерге қатысты Марченко “дағдарыстың келесі толқыны бола қоймайтын шығар” деп жауап бергенімен, оны тіпті болмайды деп кесіп айтудың қиын екендігінен хабар берді. “Мысалы, әлемдік рынокта мұнай бағасы 30 долларға дейін түсіп кететін және ол ұзақ уақыт сол деңгейде сақталатын болса, дағдарыстың болуы мүмкін. Тұтастай алғанда, Қазақстан экономикасындағы жағдайлар әлемдік рыноктағы ахуалға тәуелді, сондықтан да кесіп-пішіп айту қиындау” деген төраға қазақстандық банк жүйесіне байланысты дағдарыстың бола қоймайтынын атап өтті…”. Авторы: Алма МҰХАМЕДЖАНОВА.

EGEMEN.KZ. “ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚОРҒАУ – БАСТЫ МАҚСАТ”. “Алматыда Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында “Орталық Азия қауіпсіздігінің қауіп-қатерлері” атты дөңгелек үстел болып өтті. Оған Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат ТӘЖИН, ҰҚШҰ бас хатшысы Николай БОРДЮЖА қатысып, сөз сөйледі.

Көпшілікке белгілі, бүгінгі таңда жаһандық және аймақтық қауіпсіздік жүйесін нығайтып, бұл бағыттағы іс-шараларды одан әрі жетілдіру маңыздылығы жоғары мақсатқа айналуда. Бұл орайда әлемдегі халықаралық лаңкестік пен экстремизм, қару-жарақ сауда-саттығы, есірткі тасымалдау, заңсыз көші-қон және мемлекетаралық ұйымдасқан қылмыс ауқымының уақыт өткен сайын кеңеюі Орталық Азия аймағының елдері үшін үлкен қауіп-қатер болып қала беруде. Әсіресе, көршілес орналасқан Қырғызстан мемлекетінде орын алған тұрақсыздық аймақтағы жағдайды күрделендіре түсуде.

Міне, бүгінгі күн тәртібінде тұрған бұл мәселелер жөнінде “Орталық Азия қауіпсіздігінің қауіп-қатерлері” атты дөңгелек үстелге қатысушылар жан-жақты пікір алмасты. Ауғанстандағы әлеуметтік және саяси жағдай, Қырғызстандағы бүгінгі күнге дейін сақталып отырған тұрақсыздық көпшілікті қатты алаңдатуда…

ҰҚШҰ бас хатшысы Николай Бордюжа дөңгелек үстелден кейін БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Онда ол бұл ұйымның осындай қауіп-қатерлі жағдайларды реттеудегі атқаратын ықпалды іс-шаралары төңірегінде сөз қозғады. Қазіргі кезде бұл ұйымның құрамында шамамен алғанда қатысушы елдердің жиырма мыңға жуық әскери қызметкерлері бар. Олар әскери шиеленістерге қарсы тұрып, арнаулы операциялар да жүргізеді. Оның ішінде, әрине, есірткіге қарсы атқарылатын іс-шаралар да бар. Н.Бордюжаның айтуынша, жақын арада Тәжікстанда, жыл аяғына дейін басқа да республикаларда арнаулы операциялар өткізіледі.

– Қырғызстан туралы айтсам, менің ойымша, ондағы жағдайға әскерилердің кірісуі орынсыз сияқты. Бұл қырғыз халқының ішкі ісі, сондықтан да оған шетелдіктердің араласуының орны жоқ. Келешекте қырғыз халқының билік жүйесін өздері анықтап, жақын арада онда мемлекеттік жүйе азаматтардың демократиялық бостандығына сәйкес қалыпқа түсетініне сенімдіміз, – деді Николай Бордюжа өз ойын ортаға салып. Ол, сонымен қатар, Қазақстандағы ынтымақтастық және экономикалық-әлеуметтік даму жөнінде де өз пікірін білдірді. Ол бұл орайда Қазақстан басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен Ресей Президенті Дмитрий МЕДВЕДЕВтің ұжымдық күш құру жөніндегі бастамаларын атап көрсетіп, мұның өзі қазіргі таңдағы ең ықпалды шешім екендігін де атап айтты”. Авторы: Бақыт БАЛҒАРИНА.

DMK.KZ. “ҚАРЖЫ саласы… ҚАРПЫП ЖЕЙТІН сүбе ме?”. “Жемқорлық – қандай мемлекет болсын оның саяси сипатын төмендетіп, қоғамның халық алдында беделін түсіретін қауіпті құбылыс. Ал парақорлық-жемқорлықтан да асып түсетін пәтуасыз өмірдің өлшемі. Пара беру қалыптасқан жерде тұрақсыз әлеуметтік орта пайда болатындығы белгілі. Араны ашылып, жеке дүние жинауға құныққан, ұлтымыздың адами қасиетін ақша үшін құрбандыққа шалатын мемлекеттік қызметкерлер Қаржы министрлігінде жетіп артылады екен…

… Бұл жөнінде бұлтартпас фактілерді “Нұр Отан” партиясының сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісінде оның төрағасы, сенатор Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ мәлімдеді.

– “Нұр Отан” партиясы осыған дейін Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстары мен Ауыл шаруашылығы және Ішкі істер минстрлігіндегі жемқорлық пен пара алушылық мәселесін талқылаған болатын, – деді Оралбай Әбдікәрімұлы. – Енді бүгін Қаржы министрлігіндегі коррупциялық жағдайды қарап отырсақ, “төбе шашың” тік тұратын фактілерден аяқ алып жүре алмайсың. Мұнда пара алу деген күнделікті жұмыс процесіне айналған. Министрліктің қай департаментіне, қай комитетіне барсаң да, парақорлық кең етек алған. 2008 жылы аталмыш министрлікке қарайтын кеден қызметкерлеріне қатысты 164 жемқорлық қылмыстық іс қозғалса, 2009 жылы оның саны 172-ге жеткен. Ал, 2010 жылдың өткен екі айы ішінде 21 жемқорлық қылмыс орын алған. Бұл нені көрсетіп отыр? Ашығын айтсақ, Қаржы министрлігінде қолы таза емес мемлекеттік қызметкерлер жұмыс істейді деген сөз. Тағы бір айтайын дегенім, бәзбіреулер ойлайтындай “Нұр Отанның” бұл тексерулері жай тексеру емес, “Судың да, сұрауы бар” дегендей әкімдер, министрлер мемлекет мүлкі мен ақшасын талан-таражға салғаны үшін заң алдында қайткенде де қатаң жауап беретін күні алыс емес. Біздің тексерулеріміздің қорытындысымен Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жете танысып, оны өзінің бақылауында ұстап отыр.

… Отырыстың қорытындысы бойынша Қаржы министрлігінде жемқорлықпен күрестің тиімділігін арттыру және оны болдырмаудың алғы шарттары бойынша тиісті ұсыныстар қабылданды.Сонымен қатар отырыс барысында әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері шығарылды. Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңеске келіп түскен азаматтардың өтініштері бойынша партияның Жемқорлықпен күрес медиа-орталығы өткізген журналистік зерттеулер нәтижелері көрсетілді”. Авторы: Мағжан САДЫХАНҰЛЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Ауылдың орнын сипап қалмаймыз ба?”. “…Бәріміздің де тамырымыз – ауылда. Сол сияқты, мемлекетімізді де “туған жердің топырағын жарып шықты” деп айта аламыз. Кезінде көшпенділер жұрты болып, кейіннен аграрлы елге айналып, бүгіндері тәуелсіз, индустриялы мемлекет деңгейіне жеткен еліміз қазір сол “туған топырағын” ұмытып кеткен жоқ па екен деген ой туындайды кейде. Өйткені кіндік қанымыз тамған, ырыс-берекенің қазаны, тіліміз бен рухымыздың, дәстүріміз бен дініміздің түп қазығы – ауылдың жайы бәрімізді де көп ойландырады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шаңырағы шайқалып барып, қайта түзелген ауылымыз қазір іргесін бүтіндеп келеді. Бірақ қордаланған мәселелер шаш етектен. Кейбірін ғана шолып көрелікші:

Ауыл саясаты. Ауылды дамыту тек елдің тамағына талғажау болатын ас-ауқат өндіру ғана емес. Ол – елді, жерді, халықты, қала берді ұлтты дамытудың біртұтас мемлекеттік саясатының ең бір маңызды құрамдас бөлігі. Байқап отырсақ, елімізде түрлі бағдарламаларға сүйенген нақты ауыл шаруашылығы саясаты болғанымен, ол бүгінгі күннің үдесінен шыға бермейтін тәрізді. Салалық министрлік қаржыны қалай бөлу мәселесін шешетін менеджерлік сипатта, құрылымдық жағынан холдинг, корпорация тәрізді жұмыс істейді. “Нүктелік бомбалау” тәрізді қаржыны тек жекелеген нысандарға бағыттаймыз. Біртұтас көзқарас, ауылдық территорияны қалай дамытудың тиімді саясатын байқай алмай отырмыз.

Тәуелсіздік алғалы “либералды нарықтық экономика” туын көтергенімізбен, соңғы дағдарыс “әсіре қызыл тез оңар” деген сөздің дұрыстығын дәлелдеп берді. Еліміздің ауыл шаруашылығы – дәстүрлі дамуға негізделген ең бір консервативтік сала. Осы саланың құрылымдық, меншіктік, ұйымдастырушылық жағын былай қойғанда, ауылдық менталитеттің өзіне таза нарықтық қатынастар аса үйлесімді болмай жатқаны байқалатындай. Демек, ендігі жерде дәл осы ауылдың дамуы мәселесінде жоспарлы-нарықтық экономиканың элементтерін енгізетін уақыт жеткен тәрізді.

Бұл дәл бұрынғыдай колхоз-совхоз құру, ауылға “коллективизация” жүргізу бола қоймас, бірақ мемлекеттің қамқорлығымен, салалық министрліктің тікелей басқаруымен, араласуымен, ондаған жылдар алға жоспарланған сындарлы жүйе болуы тиісті. Яғни ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа саясаты керектігі байқалатын тәрізді…”. Авторы: Берік ТҰРҒАНБЕКҰЛЫ.

Ауыл қаланы асырай алып отыр ма?”. “Елбасымыз бір сөзінде: “Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек, дағдарыс жағдайында бізді асырайтын – ауыл”, – деген еді. Рас, бұрын ауылдарымыз “миллиардер ауыл” атанып, өнімі көл-көсір тасып, қаланы асырап жататын. Ет те, сүт те, көкөніс пен жеміс те ауылдан толассыз ағылатын. Ал біз бүгінде аграрлы ел бола тұра, ауыл шаруашылығы өнімдерін ауылдан “дорбалаудан” гөрі, шекараның арғы бетінен “арбалауды” жөн көріп алдық. Ауыл жастары да ауылда жұмыс болмағаннан кейін қалаға ағылуда. Кейбір деректер бойынша, соңғы 10-15 жылда ауылын тастап, қалаға көшiп кеткен ауылдықтардың саны 2 миллионға жетiп жығылады екен. Соның барлығы дерлік жұмыссыздықтан “алтын бесігінен” безуде. Кейбір сарапшылар  “өркениетті елдердегідей ауылда халықтың он пайызы тұрса жетеді, қаланы солар-ақ асырауы тиіс” деген де пікірлер айтып жүр. Алайда “қазір халықтың тең жартысы ауылда тұрса да, қаланы асырай алып отыр ма, асырай алмаса, оған не кедергі” деген сауалдарды мамандарға қойған едік…”. Дайындаған Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ.

JASQAZAQ.KZ. “Тоқтар Әубәкіров: “… Енді оқытушымын”. “Жас қазақ: Әлі күнге Қазақ елінен Талғат МҰСАБАЕВ екеуіңізден кейін ғарышкер шықпауының себебі неде деп ойлайсыз?

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ: “Біздің жолымызды біреу қуа ма, соңымыздан ере ме, ермей ме?” – деген сұрақ мені көп мазалайды. Екі азаматымыз ұшуға дайын еді, бірақ ақырғы сәтте қаржы табылмай қалды. Осы жайтты бүгінге дейін түсіне алмаймын.

 Өздеріңіз естіп жатырсыздар – анда ақша бөлінді, мында ақша бөлінді, бір банкке 19 миллиард теңге бөлінді дейді, ал шын мәнінде сол 19 миллиардтың қайда кеткенін ешкім білмейді. Ал бұл жерде миллиард емес, бірнеше миллион ғана керек болатын. Қазір екі азаматымыз оқуын аяқтады. Айдын Қазақстанға қайтып келді. Ал Мұхтар оқуын жалғастыру үшін Ресей азаматтығын алғалы жатыр. Мен үшін өте ренішті жағдай – екі дайын азаматымыздың ғарыш көгіне самғай алмай жүргені. Үкіметке айтарым: мұндай жағдай болмау керек еді. Бұл мәселе тезірек шешімін табуы тиіс.

Жас қазақ: Қазақ ғарышының болашағын қалай елестетесіз?

Тоқтар Әубәкіров: Қазақ ғарышының болашағы болатын шығар. Біршама қаражат бюджеттен бөлініп жатыр. Байқоңырды да басқару көзқарасы өзгерді деп ойлаймын. Үлкен космопорт салғалы жатыр

Жас қазақ: Бар қазақтың арманы мен үмітін кезінде көкке алып ұшқан сіздің еңбегіңіздің көмескіленіп, тірлігіңіздің көлеңкеде қалуы ойландыра ма? Неге осы “Тоқтар ағамыз осындай ерлік жасаған” деген әңгіме жиі айтылмайды? Еңбегіңіз не себепті еленбей жатыр деп ойлайсыз?

Тоқтар Әубәкіров: Оның бірден-бір себебі – менің Үкіметке қарсы шыққаным. Меніңше, биліктің кейбір әрекеттері дұрыс болмады-ау. … Үкімет те өзіне қарсы айтқан адамды жақтамайды. Өзіне қарсы шыққан адамды кім жақсы көрсін? Сонымен қазір мен жұмыссызбын. Депутаттықты таратып жібергеннен кейін бірде-бір Үкімет саласынан қызмет ұсынылған жоқ. Жұмыссыз жүрген соң, біраз қиыншылықты да көрдік. Қазақтың нағыз азаматтары ана жерге, мына жерге жұмысқа шақырды. Қазір енді Астанадағы бір университетке оқытушы болып жұмысқа тұрып жатырмын.

Жас қазақ: Бізде авиациялық оқу орындарында оқытушы, нағыз мамандар тапшы екені бәрімізге мәлім. Сол орындарға жұмысқа шақырмады ма?

Тоқтар Әубәкіров: Олардың бәрі Үкіметтің мекемесі болған соң, шақыра алмады. Өзім де үкіметке қарсы шыққан соң, бармас едім…”. Сұхбаттасқан Абай АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚазҰУ-дың 1-курс студенті.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 26 сәуір. Kazakhstan Today — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Алматыда салынып жатқан метро құрылысының Райымбек станциясында болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай біз қала тұрғындарын Алматы метросының құрылысын пайдалануға беру арқылы қуанта аламыз деп ойлаймын. Бұл қала үшін, қаладағы экология мен транспорт үшін аса қажетті нысан», -деді Н. Назарбаев.

Ол бұған қоса метроның бірінші кезегі пайдалануға берілген соң «оның екінші тармағын салу бойынша бұдан былайғы іс-әрекеттер жайлы ойластыратын боламыз»,- деп атап өтті.

«Алматыметроқұрылыс» АҚ-ның хабарлауынша, метро құрылысы салыну барысында 117,3 млрд теңге игерілген. Соның ішінде 2004 — 2009 жылдары 86,2 млрд теңгесі игерілді. Бүгінгі жағдаймен туннельдер 100%, олардағы гидрооқшаулау жұмыстары 90%-ға атқарылды. Жолдың үстінгі бөлігін жайластыру жұмыстары жүргізілуде, 7,4 шақырым жол бетоны төселді. Шойын жолдарды төсеу жұмыстары басталды.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...