«Қазақ құрылтайы». «Тоғыз жылда 867 ауылдың орны ойсырап қалды». «Тәуелсіздік бағы бастан таймасын десек…»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 27 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Мұнайшылар парламенттен аймақтық коэфициентті заңдастыруды талап етеді”. “…Жалақының жаңа жүйесінің тиімділігін жұмысшыларға түсіндіруге тырысқан филиалдың бюджеттеу және экономикалық талдау бөлімінің бастығы Нұрсәуле ТӘЖМАҒАМБЕТОВАның сөзіне сүйенсек, төлем төлеудің жаңа жүйесіне көшу еңбек ақы өседі деген сөз емес.

— Біз жалақыны өсіріп емес, заңдастырып жатырмыз. Мәселен, 5-ші разрядты жүргізуші бұрын 147 788 теңге алса, жаңа жүйемен 147 833 теңге алады, яғни оған 45 теңге артық төленеді,-деп түсіндірді ол.

Экономистің айтуынша 2004-ші жылдың екінші жартысынан бастап жұмысшылар жалақысы тұрақты түрде өсіп отырған. Ал 2010 жылы ол 9 пайызға көбейген. Бұған қоса мұнайшылардың зейнетақы қоры мен салығы үшін төленетін төлемді де компания өз мойына алып отыр.

— Әсіресе, мерекелік төлемдер кезінде жаңа жүйенің тиімділігі мол. Биылғы қаңтардан бастап 40 айлық есептік көрсеткішке тең сомада сыйақылар берілді. Жаңа жүйе бойынша ақшасы азаятындар 10-шы разрядты мамандар, олардың саны осы бөлімшеде шамамен 200 адам, — деді Нұрсәуле Тәжмағамбетова….

“Ембімұнайгаз” — Қазақстандағы ең көне мұнай компаниясы. Ол алғаш рет 1922 Ембімұнай тресті болып құрылған. Қазір оның құрамындағы “Қайнармұнайгаз”, “Жайықмұнайгаз”, “Доссормұқнайгаз”, “Жылыоймұнайгаз” деп аталатын 4 өндіру басқармалары Атырау облысындағы 37 кен орынын игеріп жатыр. Олардың ішіндегі 15 кеніштің өнім өндіру көлемі тым төмен деп саналады. Жалпы мұнай қоры 68 миллион тоннаға бағаланған. Кәсіпорын жыл сайын 2,7 миллион тонна мұнай өндіреді. Онда бес жарым мыңға жуық адам еңбек етеді”. Авторы: Сәния ТОЙКЕН.

Жоғарғы сот алқасы Евгений Жовтистің адвокатының өтінішін қанағаттандырмады”. “Дүйсенбі күні Жоғарғы соттың қадағалау алқасы Евгений ЖОВТИСтің адвокатының өтінішін қарай келе бастапқы сот шешімін күшінде қалдырды.

“Жоғарғы соттың қадағалау алқасының судьялары адвокат Валерий ВОРОНОВтың сотталған Евгений Жовтиске қатысты шығарылған шешімді қайта қарау туралы шағымына орай іс материалдарымен таныса отырып, Алматы облысының Балқаш аудандық сотының 2009 жылғы 3 қыркүйектегі және Алматы облысының қылмыстық істер бойынша алқасының 2009 жылғы қазан айының 20-дағы қаулысын өзгеріссіз қалдыруды ұйғарды”, – деді Жоғарғы соттың қадағалау алқасының төрағасы Ақылтай ҚАСЫМОВ дүйсенбі күні.

Судья бұл өтініштің адвокаттың атынан түскендігін, өз кезегенде сотталған Жовтистің де Жоғарғы сотқа осындай шағым жазуға құқылы екендігін атап өтті…”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

AIKYN.KZ. “Гүлмира ИЛЕУОВА: Бізде әлеуметтік оптимизм күшті”. “Көршіміз Ресеймен салыстырғанда, Қазақстанда оптимист адамдар көп екен. Өйткені тұрғындардың әлеуметтік оптимизмі өте жоғары. Сондай-ақ халықтың 60 пайыздан астамы егер жақын арада сайлау өтсе, соған қатысуға дайын болса, 39 пайызының жаңадан енгізіліп жатқан денсаулық сақтаудың ұлттық бірегей жүйесі туралы мүлдем хабары жоқ…

Еліміздегі әлеуметтік-саяси жағдайды бағамдап, зерттеп-зерделеп жүрген “Стратегия” әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы мамандары наурыздың 1-і мен 16-сы аралығында жүргізген зерттеуінің нәтижесінде осындай қорытындыға келген. Қазақстанның 14 облысы бойынша 46 елді мекеннің 1600-ден астам тұрғынын қамтыған сауалнама бойынша әлеуметтанушылар елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағамдап, халықтың атқарушы биліктің қызметін қалай бағалайтынына сараптама жасаған…

Әлеуметтанушының айтуынша, ел тұрғындарының 69 пайыздан астамы Қазақстандағы жағдайды тұрақты әрі тыныш деп бағалайды екен. Осы пікірді ұстанатын жандардың қатары жылдан-жылға көбейіп келе жатқан көрінеді. Сәйкесінше, қалыптасқан жағдайды түсініксіз әрі тұрақсыз деп есептейтіндердің қатары 51 пайыздан бірден 26 пайызға азайып кетіпті. Сондай-ақ “Қазақстан өте қауіпті қиын жағдайда тұр” дейтіндердің саны бар-жоғы 4 пен 6 пайыздың айналасында.

— Бұл көрсеткіш зерттеу жүргізілген жыл барысында өзгерген жоқ. Біз респонденттерге өз отбасының күйі мен елдің экономикалық жағдайын бөлек-бөлек қарастыруды ұсындық. Нәтижесінде, адамдардың елдің жағдайын өз отбасындағы баршылықпен өлшейтінін байқадық. Ағымдағы жылда ол 10 пайызға жақсарған. Яғни халықтың отыз пайызы экономикалық ахуалға “жақсы” деген баға берсе, 60 пайызы “орташа” деп есептейді. Ал қалған он пайызы өте-өте нашар деп санайды, — деп тұжырымдайды Г.ИЛЕУОВА.

Аталмыш он пайызды өзге ұлт өкілдерінің Алматы мен Астана қалаларында тұратын 45 пен 54 жас аралығындағы азаматтары құрайды екен. Дегенмен халықтың әлеуметтік оптимизмі өте күшті көрінеді….”. Авторы: Үмітжан ЖАПАР.

АҚШ, Қытай протекционизмі не береді?”. “2007 жылдың тамызына дейін Еуроодақ елдері Қытай протекционизмінен зардап шегіп жатқандарын талай рет мәлімдеген болатын. Олар “Қытайдың синтетикалық “арзанқол тауарлары” рынокты жаулап алды” деп дабыл қаққан. Бірақ оларды Қытай жағы тыңдаған жоқ. Бүкіл әлемдік қаржы дағдарысы басталғаннан кейін “кінәліні іздеуге” ұмтылған АҚШ-тағылар көзі Қытайға түскендей болды.

 АҚШ әкімшілігі бұл жолы Қытай ұлттық валютасының нарықтық еркін айналымға шықпауы, оның халықаралық валютамен ара салмағын нарық емес, мемлекеттің белгілеуі барлық дағдарыстың себебі, дегендей пікірлерін жариялай бастады. Мұндай пікір бастапқыда Халықаралық валюта қоры басшысының аузынан шыққан болатын. Ал бұл қордың негізгі құрылтайшысы АҚШ екені баршаға белгілі. Оған “қыңбаған” Қытай билігіне енді АҚШ әкімшілігінің министрі Гейтнер өз аузынан “егер Қытай юань бағамын көтермесе, АҚШ қытай экспортына шектеу қояды” дегенді айтып салды. Көп ұзамай-ақ Қытай экспортына жататын біраз тауарларға квота белгіледі. Бірақ Қытай жағы мұны да елемей тұр. Демек, екі алыптың тайталасы жалғасып жатыр. Қашанға дейін жалғасады, ол жағы белгісіз. Бірақ біз қазірдің өзінде “бұл тайталас неге соқтырады, оның Қазақстанға әсері қандай болмақ” деген сұраққа жауап беруге тиіспіз…

Десек те АҚШ — Қытай тайталасынан басқа бір қорытынды шығару керек секілді. …Өйткені әлемдік экономиканың 20 пайызына қожалық жасап отырған АҚШ ұлттық валютасына қарсы тұру Қытай үшін әлі аса қауіптілігін сақтайтын жағдай. Себебі кейбір деректерге қарағанда әлемді кезіп кеткен 400 триллиондық доллар массасы кез келген ұлттық немесе аймақтық валютаны “шыдатпайды”.

Қорыта айтқанда, Қазақстан және оның халқы үшін АҚШ-Қытай теке тіресі қауіпті емес. Керісінше, осы теке тіресті пайдаланып, Ұлттық банк өзінің алтын-валюта сақтық қорының сенімділігін нығайту мүмкіндігіне ие болып тұр. Ал ол мүмкіндікті біздің мемлекеттік мекемеміз қалай пайдаланады, оны уақыт көрсетер…”. Авторы: Таңшолпан БЕКБОЛАТ.

EGEMEN.KZ. “РЕЙХСТАГ ШАБУЫЛЫНЫҢ МӘЛІМ ДЕ БЕЙМӘЛІМ СОЛДАТЫ”. “…Жеңіс туын тігіп, аттары аңызға айналған М.ЕГОРОВ пен М.КАНТАРИЯға қарша бораған оқтан жол ашқаны өз алдына бір хикая. Сол қанды қасапқа тікелей қатысып, басшылық жасаған полк командирі Федор Матвеевич ЗИНЧЕНКО өзінің “Рейхстаг шабуылының қаһармандары” деген кітабында біздің кейіпкеріміз туралы:

“Донбастық пулеметші Николай Лаврентьевич Терещенко, гомельдік жауынгер Иван Купрянович Савченко, өзбекстандық Абдулла Агашев және жамбылдық кіші лейтенант Әсет Кемпіреков, молдавиялық жауынгер Марк Дмитревич Оат, армениялық Вачик Давидян – бәрі бауыр әрі дос еді. Олар жауынгерлер М.Егоров пен М.Кантария тіккен Жеңіс туына жол салды. Ауыр жараланғанына қарамастан, кіші лейтенанттар, взвод командирлері Қабдолла Құскенов пен Әсет Кемпіреков майдан алаңынан кетпей, жеңіс үшін шайқасты”, деп ерекше толғанады.

Ф.М.Зинченконың бұл кітабы Мәскеудің әскери баспасынан 1983 жылы жарық көріпті…

…Туды кім тігеді, олар қай ұлттан болады деген саясат та бірінші орында. Әйтпесе, сәуірдің соңғы күндері Рейхстагтың ана жер, мына жерінде сандаған қызыл жалаулар желбіреп тұрды. Соның біреуін жан досы Рақымжан ҚОШҚАРБАЕВ тіккен болатын. Бірақ Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен нөмірленген ту, тізімделген жауынгер болмаса, басқасы есепке алынбады.

Сонымен Жеңіс туы тігілді. М.Егоров пен М.Кантарияның даңқы жайылды. Батыр атанды. Бұл бастан тиген оқтың салдарынан госпитальға түсті. І-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталыпты. Командирі Зинченконың рациямен: “Рейхстагқа бірінші жеткен жауынгерлердің бәріне Батыр атағы беріледі” деген сөзі айдалада қалды. Өзін қойшы, Кеңес Одағының Батыры деген атақ Рақымжанға да бұйырмады.

Абырой болғанда, ел тәуелсіздік алғаннан кейін Рақымжанға Елбасы Н. НАЗАРБАЕВ “Халық Қаһарманы” атағын берді…”. Авторы: Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Қаракемер ауылы.

ABAI.KZ. “Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Азат Шәуеев мырзамен интернет-конференция”. “Үстіміздегі жылдың 7 сәуірінде Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорына жаңа директор болып Азат ШӘУЕЕВ мырза тағайындалғаны белгілі. Abai.kz ақпараттық порталы қордың жаңа басшылығының алдағы уақыттағы атқаратын жұмыстарынан, тың мақсат-міндеттерінен қоғамды хабардар ету үшін Азат Шәуеевті арнайы интернет — конференцияға шақырып отыр.

Төмендегі пікір жазатын орынға қордың жаңа директорына қоятын сауалдарыңызды жолдай берулеріңізге болады.

Азат Шәуеев 1969 жылғы 9 ақпанда туған. 1994 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Осы лауазымды қызметке тағайындалғанға дейін ол Қор директорының бірінші орынбасары болды. Оған дейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде, “Нұр Отан” ХДП Орталық аппараты Ақпараттық-талдау бөлімінің меңгерушісі, ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің бас сарапшысы, Алматы қалалық әкімдігінде Қазақстан халқы шағын Ассамблеясымен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, Алматы қаласының Ішкі саясат департаменті Қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі, Алматы қалалық әкімшілігінің Тіл басқармасында ономастика, терминология және тіл мәдениеті бөлімінің бас маманы қызметтерін атқарған”.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Жетімдердің Нәпақасын жеп қойған”. “Таяуда Ақмола облысының прокуратурасы жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар құқығының сақталуы бойынша тексеріс жүргізіп, көптеген заң бұзушылықтарды анықтады.

Щучинск балалар үйінің директоры, мүгедек балаларға тиесілі 2,6 миллион теңге қаражатты автокөліктерге қосалқы бөлшектер алуға жұмсаған. Сөйтіп, мүгедек балалардың жәрдемақыларын 2 жыл бойы мақсатсыз пайдаланған. Үкіметтің “Мұқтаж азаматтарға олардың білім алу кезеңінде берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері мен көздері туралы” Қаулысына сай, тәрбиеленушілердің тамақтануы тегін болуына қарамастан, №3 Зеренді мектеп-интернатында 3 жетім баланың қамқоршысынан тамақтанғаны үшін аудандық білім бөлімі 15 мың теңге көлеміндегі ақшаны қарыз деп белгілеген. ….Бүгінгі күні мүмкіндіктері шектеулі 11 мың бала өздерінің құрдастарымен бірге жалпы білім беретін мектептерде оқып жатыр. 466 мыңнан астамы мүгедек. Оның 75,4 пайызы еңбекке қабілетті ересек жастағы адамдар болса, 17,5 пайызы – балалар. Осының 17 пайызы қатерлі ісік ауруымен, 24 пайызы қан айналымы және 8 пайызы туберкулез ауруымен ауырады. Ел аман жұрт тынышта жетімдердің аузынан жырып, мемлекет қаражатын талан-таражға салған ақмолалық жемқорлардың үстінен бүгінде қылмыстық іс қозғалды” Авторы: Тыныс АХМЕТЖАН.

Тәуелсіздік бағы бастан таймасын десек...”. “Қырғызстандағы осыдан бес жыл бұрынғы “қызғалдақ төңкерісі” жақында қайталанған кезде, оған өткендегімен салыстырғанда таңдана қарап, тамсана қойғандар тым азшылық болып қалды. Ол – заңдылық та. Өйткені, бұл жолғы “төңкерісте” қан төгіліп, ойдан-қырдан қашқандар мемлекеттің ғана емес, жеке меншік иелерінің мекен-жай, жұмыс орындарын күйретіп, талан-таражға түсірді. Олардың арасында түрмеден қашқандар да бар. Қойыңызшы, әйтеуір, іргеміздегі айыр қалпақты ағайындар тыныс-тіршілігі бір-ақ күнде аласапыранға айналды да кетті. Яғни, онда ел-жұртты басынғандық пен оның төбесінде ойнаушылық барынша жағымсыз жағдайда етек алды. Заңсыздық жайлаған жерде қашанда да адам төзбейтін “тозақ” басталады емес пе? Бұл жолы да солай болды.

…Қырғыз төңкерісінен кейін, іргеміздегі орыс саясаткерлерінің бірі Алексей БАЛИЕВ бұл туралы не дейді дейсіз ғой? Оның сөзін айна-қатесіз, түпнұсқада келтірсек, ол “…после развала Советского Союза страны Средней Азии просто-напросто вернулись в феодальное прошлое со всеми его прелестями. И то, что теперь здесь пользуются мобильными телефонами, в данном историческом процессе ничего не меняет” дегендей пікір-тұжырымда шыққан. Оның бұл ой-түйіні “Литературная газета” басылымының №14 санында жарияланған. Міне, бұл орыстың зиялы саналатын азаматтарының көптен ойында жүрген сөзі еді. Ақыры айтылып тынды. Оған себеп, бізге, яғни, ортаазиялықтарға деген орыс көзқарасының қашанда да оң болмағандығы, болашақта да оң болмайтындығында. Ал, біз болсақ, өзімізді өркениетті елдер қатарына қосып, болашақта ашық қоғам, құқықты мемлекет, зайырлы ел-жұрт боламыз деп бөркімізді аспанға атамыз…

… Біз бүгінде о замандардан көш ілгері алға кеткенбіз. Бірақ, оны мойындайтын іргеміздегі ел бар ма? Жоқ. Олардың ойынша біз, жоғарыда келтірілген “…после развала Советского Союза …вернулись в феодальное прошлое со всеми его прелестями” деген пікір-тұжырымдағы ел санатында ғанамыз. Мұндай жағдайда ұлт өзі құрған мемлекет арқылы әлемдік өркениет пен мәдениетке дәстүрлі қадір-қасиеті арқылы қосылуы тиіс. Қазақ та сол кейбір артта қалған Африка, Шығыс елдері сияқты заман мен уақыт талабынан кейін қалып, ілгері баспаса – халықтың толыққанды ұлт болып қалыптаспағандығының басты белгісі. Орыс саясаткерлерінің қырғыздардың екінші “қызғалдақ төңкерісінен” көріп-білгендері, көкейге түйгендері – сол. Сондықтан да, біз қандай да болсын іс-әрекеттерге барсақ та, ең алдымен өзімізді саяси сауатты, оңы-солын танып-қалыптасқан ұлт ретінде көрсетуге тиіспіз. Ондай болмаған жағдайда, шын мағынасында да қазақ өзімізді пәлен ғасырға кейін шегінген, тіпті, сол ғасырлардағыдай күйінде артта қалып қойған ұлт ретінде көрсетеміз. Сөйтіп, өзіміз қалыптастырып, енді ғана әлемге қазақтың ел-жұрттығын танытып келе жатқан қалпымызды күйретіп, іргеміздегі елдей күй кешетін боламыз. Сондықтан да біз, яғни, қазақ бізді ұлт ретінде аңдып отырған ел-жұрт бар екенін бір сәт те болса естен шығармауға тиіспіз. Өйткені, бізге тәуелсіздік пен егемендік “манна небесная” сияқты көктен түсе қалған жоқ”. Авторы: Аманхан ӘЛІМҰЛЫ.

ZHASALASH.KZ. “Қазақ құрылтайы”. “…Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, “Қазақ құрылтайына” республиканың әр облысынан оншақты делегат келсе, Алматы қаласынан 130-ға тарта адам қатысты. Құрылтайға барлығы 350-ден астам адам жиналды. Өкiнiштiсi, құрылтайдың ұйымдастыру жағы әлсiздеу болды. Кiрiспе сөздi Дос КӨШIМ бастап, жиналғандарды “бiрiн-бiрi сынамауға, мiнемеуге, жамандамауға, тiл тигiзбеуге, құрылтайда нақты iстердi талқылап, оның шешу жолдарын ұсынуға” шақырды. Бiрақ, сәл кейiнiрек ол бұл сөзiне өзi қарсы шықты. Бұдан кейiн сөз кезегi негiзгi баяндамашы Ғазиз АЛДАМЖАРОВқа тидi. Оның Коммунистiк партияның бiрiншi хатшысы екенi есiне түстi ме, әлде басқа себеп болды ма, ұйымдастырушылар “сөз бергенде адамның қызметi мен мәнсабын айтпауға” шақырды….

Ұйымдастырушылар “құрылтайды жылына бiр рет өткiзсек” деген ұсыныс айтты. Оны өткiзу идеясы, қазақтың басын қосу – дұрыс бастама. Бiрақ, бұл жиынды өткiзiп қана қоймай, оның ұйымдастыру мәселесiн де дұрыс жолға қойған абзал. Сонда ғана оны үлкен ұлттық мүдде биiгiне шығаруға болады…”. Авторы: Жанболат МАМАЙ.

Тоғыз жылда 867 ауылдың орны ойсырап қалды”. “Шiлде айында Қазақстан Республикасының ауылдық аймақтарын дамытудың 2004-10 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының орындалу мерзiмi аяқталады. Бұл бағдарлама алтын бесiк ауылдың тыныс-тiршiлiгiне қандай өзгерiс алып келдi?

Ресми деректерге жүгiнсек, тек қана 2000-02 жылдары елiмiзде 300-ге жуық елдiмекен өзiнен-өзi тарап кеттi. Жергiлiктi әкiмдiктердiң деректерi бойынша, 2004 жылы тұрғын халқы жоқ, бiрақ таратылмаған 136 елдiмекен болған. Жалпы, 7 193 869 тұрғын тұратын 7660 ауылдық елдiмекеннiң 1062-сi – даму әлеуетi жоғары топқа , 5664-i – орташа, 776-сы – әлсiз топқа жатқызылған. 22 ауылдың экологиялық жағдайы өте нашар делiнген. Мәселен, Атырау облысында радиациялық аяның деңгейi жоғары – 2, сапалы ауызсудың жоқтығына байланысты Қызылорда облысында – 14, Оңтүстiк Қазақстан облысында – 1 елдiмекен тiлге тиек етiлген….

Арада 7 жыл өттi. Осы уақыт аралығында не өзгердi? Нақты қандай жұмыстар атқарылды? Ауыл халқының тыныс-тiршiлiгi түзелiп, түтiнi түзу шыға бастады ма? Әлде…

Дәл осы сауалдардың диiрменге түскенiне мiне, 20 шақты күн толды. Үкiмет әзiрге үн-түнсiз. Әрине, қандай жауап болатыны, берiлген жауаптың өзi қаншалықты шындыққа жанасатыны және белгiсiз. Әйтсе де, сәтi түскенде шешiле сөйлейтiн шенеунiктердiң құлағына алтын сырға. Бұл басты мақсат – есеп беруде емес, ауыл халқының тұрмысын түзеуде. Ауылдық аймақтардың тұрмысын түзеу үшiн ащы болса да, бүгiнгi тiршiлiгiн ашып айтқан дұрыс-ақ”. Авторы: Дилара ИСА.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 27 сәуір. Kazakhstan Today — Алматыда кеше қала әкімдігінде өткен кеңесте Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Ұлы Отан соғысының он ардагеріне жаңа пәтердің кілтін және «Ұлы Жеңіске — 65 жыл» мерекелік медалін тапсырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, мемлекет басшысы кеңеске жиналғандарды және еліміздің барлық ардагерлерін осы айтулы мерекемен құттықтады.

«Сіздер көрсеткен батырлық Отанға деген ұлы сүйіспеншіліктің айқын белгісіне айналды. Сіздердің өмірлеріңіз бен ерліктеріңіз — қайсарлық пен патриотизмнің жарқын мысалы», — деп атап өтті президент Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен кездесу кезінде.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...