«Қазақ Үкіметі қамқор қолын созды». «Құрылтай құрқылтайдың базарына айналды». «5 миллиард теңге тұратын куәлік»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 28 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қытай Орталық Азияға қарай үлкен жорыққа аттанды”. “…Қытай өзінің экономикалық мүдделерін алға жылжытып, Орталық Азияның энергия көздерін иемденіп қалуға әрекет етіп жатыр. Орта Азия болса артта қалған инфрақұрылымын жақсарту үшін Қытай инвестициясына есігін айқара ашуға мәжбүр.

Бірақ, бәрі кедергісіз жүріп жатқандай көрінгенімен, бұл шаралар ұзаққа бармайтын сияқты. Өйткені Орталық Азия елдері өзара келісімдерде Бейжің үшін маңызды рөл атқаратын қытайлықтармен жеке жұмыс жасап, шекаралық аймаққа қажетті дипломатиялық тепе-теңдікті құрғысы келеді…

Соғыс және бейбітшілік институтының Орталық Азия бойынша бағдарлама жетекшісі Джон МАКЛОУД Орталық Азияның Қытайға жол ашуына себептері бар дейді.

“Тек Қытай ғана коммерциялық жағынан онша құнды емес Тәжікстандағы жолдарға, Өзбекстандағы өздері жетекшілік етпейтін мұнай-газ саласын дамытуға ақша құяды. Сол себепті Қытай бұл ойынға ұзақ қатысады” дейді ол.

Мұның бәрі әдетте ықпалын арттырып отырған Ресейді шетте қалдыруы мүмкін. Ғаламдық экономикалық дағдарысқа дейін Кремль Орталық Азиядағы мұнай-мен газ жобаларына белсенді қатысып келген. Бірақ, қаржы дағдарысы Ресейге қатты соққы болып тиді де, қаржылық мүмкіндігі жақсырақ Қытайдың Орталық Азияға еркін қол жеткізуіне жол ашты.

МакЛоудтың пікірінше, Мәскеу осының бәрін салқын қандылықпен қабылдап отырғанымен, Қытайдың Орталық Азияның мұқтаждықтарына икемделіп алғанына оң қабақ таныта қоймайды”. Авторы: Үкілі-ай БЕСТАЙ.

AIKYN.KZ. “Қазақ Үкіметі қамқор қолын созды”. “Бүкіл әлем әлі күнге Қырғызстанға сырттай бақылап, сынай қарап қана отыр, тіпті қырғыз жерінің қойнауында бар алтын сынды азды-көпті кендерінің көбін астына басқан, яғни экономикалық мүддесі мол Ресейдің өзі 30 миллион доллар қарыз-қаржы беретіндігін айтумен тынды. Ал Қазақстан болса, Алатаудың ар жағындағы “айырқалпақтылар” елінің экономикасының еңсе тіктеуіне шындап көмектесуге кірісті.

Кеше Үкіметте өткен селекторлық кеңесте Премьер Кәрім МӘСІМОВ Қазақ елінің қырғыздарға көктемгі егіс науқанын жүргізулері үшін 3 мың тонна дизель отынын бөліп, оны жеткізіп беретіндігін жария етті. Осылайша Қырғызстандағы саяси жағдайдың тұрақтануына зор үлес қосқан қазақтар енді көршісін экономикалық-әлеуметтік апаттан құтқарып қалмақ.

“Айқын” 16 сәуірде Ақордада Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ журналистерге мәлімдеме жасап, Қазақстанның қырғыз еліне көмектесетіндігін жариялағандығын жазған болатын. “Қазір егіс науқаны таяп қалды. Қырғыздарда себетін дән де, оны себуге керекті жанар-жағармай да тапшы екен. Егер олар дәл қазір егін екпесе, қандай гуманитарлық апат болары айтпаса да, түсінікті” деген-тін қазақстандық көшбасшы. Ал кеше Үкіметбасы осы тапсырманы орындауды бастағандарын хабарлады. Ең алдымен мемлекетіміз көршісіне егін егуі үшін 3 мың тонна дизельді отын жібереді…”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

EGEMEN.KZ. “Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БАТЫС ПЕН ШЫҒЫСТЫ ТОҒЫСТЫРАТЫН ҚАЗАҚ ЖЕРІ – БЕЙБІТШІЛІК БЕЛДЕУІ”. “Кеше Алматыда ІХ Еуразия медиа-форумы өз жұмысын бастады. Онда адамзатты толғандырып отырған сан түрлі тақырып Батыс пен Шығыстың сан алуан саясаткерлері мен журналистерінің талқысына түсіп, қызу пікір алмасу жүріп жатыр. Медиа-форумда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ сөз сөйледі.

Құрметті форумға қатысушылар!

Ханымдар мен мырзалар!

Баршаңызды Еуразиялық медиа-форумның ашылуымен құттықтаймын! Осымен тоғызыншы рет өткізіліп отырған медиа-форум игі дәстүрге айналды. Форумда адамзатты алаңдатар жаһандық ауқымдағы өзекті мәселелер үзбей талқыланып келеді.

Салиқалы, сындарлы мұндай сұхбат орнының Қазақстанда қалыптасуы кездейсоқ емес. Батыс пен Шығысты тоғыстыратын қазақ жері бүгінде бейбітшілік белдеуіне айналды. Өркениетті үнқатысудың өзіндік моделі орныққан Қазақ елінде әлемдік діндер мен дәстүрлі конфессиялардың 3 құрылтайы өтті.

Татулықты ту еткен еліміз дүние жүзіне ізгіліктің өнегесі болуда. Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Халқымызда бағзыдан жеткен “Жол жүрсе, өнеді” деген даналық сөз бар. Жолдың өнуі үшін нақты қадам керек.

Біз ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан тұңғыш мемлекет ретінде қашанда жаһандық қауіпсіздіктің табанды жақтаушысы болып келдік. Бұл орайда таяуда елімізге келген БҰҰ-ның Бас хатшысы ПАН ГИ МУНның: “Ядролық қаруға ие барлық елдерді Қазақстанның жолымен жүруге шақырамын”, деген мәлімдемесі көп жәйтті аңғартады. Біздің бұл бағыттағы белсенді шараларымыз одан әрі жалғаса береді…”.

ABAI.KZ. “Құрылтай құрқылтайдың базарына айналды”. “…Алматыда ұлт патриоттарның шақыруымен жалпы қазақ құрылтайы өтті. Біздің редакцияға хабарласқан оқырман осы екі жайтке байланысты неге нақты ақпар бермейсіздер деп сұрап жатыр. Доктрина туралы жамиғатқа жағымды жаңалық айтуға болатын сияқты. Өйткені естуімізше, “Ел бірлігі” доктринасының ұлт патриоттары жасаған нұсқасы мақұлданған көрінеді. Ал, қазақ құрылтайы туралы айтуға сәл ыңғайсызданып отырмыз. Өйткені құрылтай құрылтай емес, құрқылтайдың базарына айналды. Өкінішті. Әйтседе аталған екі мәселенің де басы-қасында жүрген азамат, белгілі саясаттанушы Айдос САРЫМның болған жайды баяндап беруін жөн көрдік…

Ал енді құрылтай туралы әңгімеге келейік. Құрылтай туралы ойларымды жалпы жиын барысында ашық айтқан болатынмын. О бастан оны ұйымдастырушыларға дәл осылай асығып, апыл-ғұпыл шара өткізудің не қажеті бар деп бірнеше рет ескерткен де болатынмын. Одан да тағы бірер ай дайындалып, азаматтардың пікірін жинап, қаңтарда ұлтшылдар ұсынған тұжырымдама деңгейіндегі бірнеше құжаттарды жасап шығайық. Алдағы уақытта парламент және президент сайлаулары келе жатыр. Соларға қатысты қазақ жұртшылығының мұң-мұқтажын ашатын, сайлаудан үмітті партияларға бағыт беретін «қазақ манифесті», «қазақ петициясы» сияқты дүниелерді жасау керек деген ойымды осыдан бес-алты ай бұрын құрылтайды ұйымдастыру тобының жиынында да айтқанмын. Өкінішке орай, оның бірі де болмады. Жасалған баяндамалар мен қарарлар ағымдағы мақалалар мен сұхбаттардың деңгейінен аспайтын, мазмұнсыз, таяз болып шықты. Кешегі күйінде құрылтай — мағынасыздық мерекесі мен популизмнің тойы болды…

… Қазақтың жиындарының сиқы осы болса, онда «Нұр-Отаным» аман болсын деп кеткендер де болды. Айналып келгенде, өзімізді-өзіміз мазақтағандай болдық.

Құрылтайға пайымдауымша, тереңдік пен шынайылық жетпеген сияқты. Мәселе қатты сөз айтып, жалынды ұран тастауда емес. Ол жағынан жиырма жылда қазекең екіжүзжылдық жоспарын уақытынан бұрын атқарып тастаған халық. Шамалауымша, құрылтайда ең алдымен қазақ ұлтшылдары деген кімдер? Олардың басқа саяси күштер мен биліктен айырмашылығы неде? Жаңағылармен қайтсе, қайткен күнде бірігіп жұмыс істеуге болады деген сұрақтарға жауап берілуі тиіс еді.

Екіншіден, қазақ ұлттық қозғалысының бүгінгі күйі мен тіршілігіне адал баға беріліп, оның болашақта атқарар істері, стратегиясы мен тактикасы туралы шынайы әңгіме айтылуы жөн еді. Осы кезге дейін қалыптасқан «ұлт патриоттары», «ұлтшылдар» дегеннің барлығы сайқымазақтар, қолынан айқай-шудан басқа ештеңе келмейтін маргиналдар деген жалған атақтан қалай құтыламыз? Билік пен арнайы қызметтер көрсетіп берген «сара жолдан», «сценарийлік рөлдерден» қалай шығамыз? Осындай кейіпте жүргеніміз үшін кім кінәлі? Басымыз неге бірікпейді? Неге бір ұйым құрыла қалса болды, қасынан қырық ұйым болып шыға келеміз? Осындай сұрақтарға жауап іздеуіміз қажет еді.

Үшіншіден, бүгін ұлттық мемлекет құрудың екінші кезеңі басталып келеді. Халықтың сана-сезімінің өсуі, зиялы қауым белсенділігінің артуы оған анық дәлел. Есесіне Қазақ елі өз тарихының ең күрделі онжылдығына аяқ басып келеді. Алдымызда сан-алуан оқиғалар мен қиын асулар тұр. Осыған дайындығымыз қалай? Қйатсек ұлттық күрес отын жандандыра түсеміз? Қайтсек билікті өз жағымызға қаратамыз? Осындай сұрақтарға нақты жауап болмады”.

ALASHAINASY.KZ. “5 миллиард теңге тұратын куәлік”. “Үкіметтің кешегі отырысы әдеттегідей жайма-шуақ басталды. Отырыс “көп көрінбейтін министр” атанып жүрген әділет министрі Рашид ТҮСІПБЕКОВтің бас-аяғы жеті минуттық баяндамасымен басталып, жетпіс минутқа созылды…

Журналистер алдында сирек бой көрсететін әділет министрі Рашид Түсіпбеков Үкіметтен қаржы сұрай келіпті. Биылғы жылы Қазақстан азаматтарының төлқұжаттары мен жеке куәліктерін дайындауға тағы қосымша 1,1 млрд теңге қажет екен. Оның сөзіне қарағанда, жаңа жеке куәлік пен төлқұжаттарды әзірлеу мақсатында биыл республика бюджетінен 4 млрд теңге бөлінген. Бірақ бұл да аздық етіп отырған сыңайлы. “Жеке идентификациялық нөмірді (ЖИН) енгізу бағдарламасына жалпы, 5 млрд 105 млн теңге қажет екені анықталды. Яғни тағы қосымша 1 млрд 105 млн теңге қажет”, – деді ол.

Сондай-ақ Түсіпбеков ЖИН-і жоқ азаматтардың саны 1 миллионға жуықтап қалғанын, қосымша сұралып отырған қаржының осы кемшіліктің орнын жабуға жұмсалатынын айтып жатты. “ЖИН алуға берілген мерзім аяқталуға таяған сайын жеке куәліктерін ауыстыруға ниет білдірген азаматтар саны өсіп барады. Жеке идентификациялық нөмірді енгізу осы жылдың 13 тамызында аяқталады”, – дейді министр.

Қызық болғанда, Рашид Төлеутайұлының бұйымтайы мұнымен біте қоймады. Сөз арасында төлқұжат шығаратын арнайы құрылғылардың тапшылығын айтып, мұңын шағып үлгерді. “Ондай құрылғылар бүгінде тек Алматы және Астана қалаларында орнатылған. Қазіргі кезде бізге осы іспетті тағы төрт құрылғы қажет”, – дейді. Әрине, бұл құрылғылардың құны да арзан болмай шықты. Әділет министрінің аузынан “төрт құрылғыны сатып алу үшін шамамен 2,5 млрд теңге қажет” деген сөз шықты…”. Авторы: Бүркіт НҰРАСЫЛ.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 28 сәуір. Kazakhstan Today — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ кеше Алматыда Ұлттық банк, Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігінің және Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігінің 2009 жылғы есептеріне арналған кеңес өткізді, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, кеңесте Ұлттық банктің төрағасы Г.МАРЧЕНКОның, Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігінің төрайымы Е.БАХМУТОВАның, «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Қ.КЕЛІМБЕТОВтың, Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігінің төрағасы А.АРЫСТАНОвтың баяндамалары тыңдалды…

…Мемлекет басшысы дағдарыстан кейінгі кезеңде қаржылық секторды дамыту тұжырымдамасының жүйелі негізде жүзеге асырылуын бақылауға алды. Алдағы кезде болуы мүмкін қаржылық сілкіністерге дайындық жасау және бұрынғы реттеулердің озық және жаңа жүйесін орнықтыру, сондай-ақ макро және микропруденциалдық реттеуді, соның ішінде институционалдық реттеуді күшейту қажеттігі атап өтілді.

Сондай-ақ Қазақстан экономикасының дағдарыстан кейін табысты дамуы және индустриализациялаудың бес жылдық жоспарының іске асырылуы еліміздің қажетті қаржылық ресурстарын жаңғыртуға және олардың экономикада ұтымды пайдалануға байланысты болатыны қадап айтылды…

«Жалпы, 2010 жылы еліміз табысты дамуда. Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,6 пайызға артты, өнеркәсіп пен сауда, тиісінше, 11,5 және 10,5 пайызға өсті. Осы ретте, экспорт биылғы жылдың алғашқы екі айында, 2009 жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда, 60 пайызға артып отыр»,- деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...