«Көксуда көшкін болды». «300 мың адам медаль алады». «Уқалаушылар әкімдерге несімен ұнайды?». «Бюджет 70 пайызға мұнай бағасына тәуелдi». «Қазақ құрылтайының тұғырнамасы»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 29 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “ЕҚЫҰ-ның баспасөз жөніндегі өкілі интернет еркіндігін шектегені үшін Қазақстанды сынады”. “…Ұйымдастырушылар биылғы Еуразиялық медиа форумда Қазақстанның ішкі ісіне қатысты мәселелерді талқылауды жоспарға енгізбегенімен, азаматтық қоғам өкілдері форумдағы шетелдік сарапшылардың назарын республикадағы түйткіл мәселелерге аударуға тырысты….

ЕҚЫҰ-ның баспасөз жөніндегі өкілі Дуня МИЯТОВИЧ, осы сауалға жауап бере отырып, интернетті шектеу әдісін қатты сынға алды.

– Бұл – цензураның ең сорақы түрі және биліктің еркіндікті үрей ретінде қабылдауының көрінісі. Маған жақында ғана тапсырылған қызметіме байланысты, бұл мәселені мен Қазақстан үкіметімен талқылаймын. Оның үстіне, Қазақстан биыл ұйымға төрағалық етіп отыр. Сондықтан мұндайға жол беруге болмайды, – деді Миятович….

Карло Маффе медиа форумның төрайымына интернетті реттеуге қатысты ұсыныстарын айтқан екен. Жабылу салтанатында сөйлеген Дариға НАЗАРБАЕВА форум интернетті реттеу механизмін дайындау жұмыстарын атқаруы мүмкін деп мәлімдеді…”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

AIKYN.KZ. “Көксуда көшкін болды”. “Алматы облысындағы Қарабұлақ ауданы Черемушкино таулы шатқалында жалпы көлемі шамамен 140 мың текше метр болатын лай көшкіні жүрді” деп хабарлады Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктен.

Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктегі Күштерді және құралдарды дайындау басқармасының бастығы, полковник Константин ЕВТУШЕНКОның айтуынша, тау баурайындағы жотада ені — 15 сантиметр, ұзындығы — 25 метр жік пайда болған. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында дүйсенбі күні кешкі сағат 9-10-ның арасында Көксу ауылының 200-дей тұрғыны толығымен Қосағаш селосына көшіріліп, эвакуация жасалған. Артынша лай көшкіні жүрген. ТЖМ деректеріне қарағанда, құрбан болғандар және зардап шеккендер жоқ.

“Қазселденқорғау” мекемесі көктемгі ұзақ жауатын жаңбыр кезінде тау бөктерлерінде лай көшкіндері жиі болатындығын ескертеді. Сондықтан таулы жерлердің тұрғындарына сақтық шараларын жасау артық болмайды. 2004 жылы 13 мамырда Алматы облысы Талғар ауданында болған лай көшкіні кезінде 29 адам қаза тапқан еді…”. Авторы: Қайыржан ТӨРЕЖАН.

300 мың адам медаль алады”. “Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы құрметіне арналған медаль 300 мың қазақстандық азаматқа табыс етіледі” — деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА.

Бүгінгі күні республикамызда шамамен 15 мың Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері және оларға теңестірілген 5 мыңнан аса азаматтар, сондай-ақ соғыс құрбандарының 20 мыңнан аса жұбайлары, 261 мың тыл еңбеккері тұрып жатыр екен. Министрдің айтуына қарағанда, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету үшін, республикалық бюджеттен аймақтық бюджеттерге жалпы сомасы 4,5 млрд теңгеден асатын трансферттер бөлінген. Осы бағытта біржолғы көмекпен 300 мыңдай адам қамтылатын болады. Соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектері 65 мың теңгеден жәрдемақы алады. Соғысқа қатысушыларға теңестірілгендер және соғыс кезінде қаза болған әскери қызметшілердің ата-аналары, жұбайлары 25 мың теңгеден, ал соғыс кезінде тылда еңбек еткендер 10 мың теңгеден біржолғы жәрдемақы алады.

Миллионнан астам қазақстандық жауынгерлер соғыстың бірінші күнінен бастап барлық майдандарда асқан ерлікпен шайқасты, фашист басқыншыларынан еліміздің қалаларын азат етті. Ұлы Отан соғысы кезінде Кеңес Одағы Батыры атағын алған 11 мыңның 497-сі біздің жерлестеріміз болды. Еңбек армиясында қаншама жерлестеріміз майданға қызмет етті. Қазақстанда қысқа ғана уақыттың ішінде қорғаныс индустриясы пайда болды. Жаңадан кен орындары, шахталар ашылды, 460 зауыт, фабрикалар салынып, торпеда, бомба, мина сияқты қарулар мен әскери техникалар шығарылды. Фашистерге қарсы атылған 10 оқтың 9-ы Қазақстанда құйылды. Осындай фактілерге қарап, соғыс кезінде тылда еңбек еткендердің Ұлы Жеңіске жетудегі үлесі зор болғанын білеміз. Сондықтан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы құрметіне арналған медаль 15 мың соғыс ардагерлерінен басқа, 261 мың тыл еңбеккеріне табысталуы өте орынды болған”. Авторы: Қайыржан ТӨРЕЖАН.

Уқалаушылар әкімдерге несімен ұнайды?”. “Кейбір облыстар мемлекет қаржысына не “Жол картасына”, не Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына еш қатысы жоқ мамандарды “балалатып” жатқан көрінеді. Үкіметте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА осыны айтып, дабыл көтерді.

Егер бұл тәжірибесін тоқтатпаса, аймақтағы түсінігі таяз басшыларға қатысты жаза қолданылмақ. Кеше Үкімет жергілікті биліктерге мұның “соңғы ескерту” екендігін нықтады. Біріншісінде, 25 қаңтарда өткен селекторлық кеңесте Үкімет мүшелері облыс әкімдеріне бұлай істеуге болмайтындығын баса айтқан. Тіпті “2010 жылғы мамандар даярлау ісін “Жол картасы” мен Индустрияландыру бағдарламасының қажеттіліктеріне бағдарлау” туралы талап сол жиын хаттамасында бекітілген. Бірақ “ақпақұлақ” па, әлде ескі сүрлеумен салып ұрып, жүре беруге дағдыланған ба, әйтеуір бірқатар басшы қателігін түзетпепті.

Бір қызығы, осыған жол берген басшылар өз істерінен ешқандай әбестік көрмейтін көрінеді. Олар шаштаразға, массажист-уқалаушыға, косметологқа нарықта сұраныс бар деп есептейді екен. Ал Гүлшара ханым бұл тәжірибеден жедел түрде бас тарту талабынан табан аудармай отыр. Өйткені Елбасының Жаңа индустрияландыру саясатын жүзеге асыруға жұмылдырылған мемлекеттік органдар мен компаниялар тарапынан көп сұраныс жоқ мамандықтар бойынша оқыту арқылы жергілікті билік органдары жұмыссыздарды дұрыс жолдан жаңылдыруда. Министр ханымның байламынша, мемлекет шығындаған қыруар бюджеттік қаржы әлдебір салондардың емес, тек “Жол картасы” мен Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жобаларының маманға деген қажеттілігін өтеуге қызмет етуге тиіс. Осыны дұрыс көрген Үкімет басшысы Гүлшара ханымға Білім және ғылым, Индустрия және жаңа технологиялар министрліктеріндегі әріптестерімен бірлесіп, осы мәселені пысықтауды тапсырыпты….

Алда жергілікті биліктерді үлкен жұмыс күтіп тұр. Министр Гүлшара Әбдіхалықова Үкімет мақұлдаған жоспарға сәйкес, “Жол картасы-2010” бағдарламасының барлық бағыттары бойынша биыл 3224 жоба іске асырылуға тиістігін, нәтижесінде өңірлерде жөндеу саласында 127,6 мың жұмыс орны ашылуы қажеттігін айтады. Республикалық бюджеттің және оған облыстардың қосымша құятын қаржыларын қоса алғанда, бұл шараларға 132,1 млрд теңге бағытталмақ. Егер тарата айтсақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүйесін жөндеуге, қайта қалпына келтіруге және дамытуға 50,4 млрд теңге бөлінбек. Бұл қаржыға 651 жобаны іске асыру жоспарланған. ….Жалпы алғанда, Елбасының бастамашылығымен қолға алынған “Жол картасының” жетістіктеріне биліктің көңілі толады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Үкіметке “еліміздегі жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне “Жол картасы” аясында атқарылып жатқан іс-шаралар септігін тигізіп жатқандығын” баяндады”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

ABAI.KZ. “Көп сөз – боқ сөз”. “Ұлы сөзде ұят жоқ” деуші еді ғой қазақ. Тақырыпты тап осылай етіп көрсетуіміздің бір сынық себебі осы болса, үлкен себебі бұл сөз Евразия медия форумында айтылды. Қазақ тілінде. Суретші Қана ИБРАГИМОВтың аузымен.

Құрметті меймандар кең залда бір бірімен арқа-жарқа әңгімелесіп, абың-гүбің болып жатқан. Кенет сызылған сыбызғының үні естілді де,ортаға бейтаныс бір жігіт шыға келді. Меймандар елең етісе қалған. Кенет әлгі жігіт (суретші Қанат Ибрагимовты айтып отырмыз) қойнынан парақшаларды суырып алды да шаша бастады. Онысымен қоймай әлгіндей ұлы сөзді дауыстай айқайлап қызық жасады. Енді форум туралы нақты әңгімеге көшелік…

Еуразиялық медиа форум Алматы қаласында осымен тоғызыншы рет өтті. Әдетте жылда ғаламдық мәселелер — Гондурастағы жағдай, Иранның ядролық саясаты, Исландиядағы вулкан, тағысын тағылары — медиа форумның төрінде сөз болады, ал үлкен саясаттан гөрі, нағыз медиа саласына қатысты, оның ішінде Қазақстандағы сөз бостандығы, қазақ журналистерінің жағдайы, “БАҚ туралы” заңның түйткілдері, интернеттегі еркіндік мәселелері, аймақтық журналистиканың даму деңгейі дәлізде, өз арамызда айтылады да қалады…

Өкінішке қарай, журналистер қауымы форумға тағы да наразы болды. Біріншіден, “медиа” деген атауын ақтай алмай отырған форум шетелдік меймандарды алақанына алып күтсе де, журналистерге жұмыс істейтін мүмкіндікті бере алмай отырған сияқты. Себебі форумның алғашқы күні медиа-орталықта компьютерлер болса да, интернет атаулы бірнеше сағат болмады…. Екіншіден, мемлекеттік тілді менсінбейтін сыңай танытып қоятын форумда екі-ақ жұмыс тілі бар: орыс және ағылшын тілдері. Бірақ бұл қазақ журналистерінің де “жұмыс тілін” компьютерлерден сызып тастау керек деген сөз емес шығар… Мәселен, нешетүрлі қызықтармен жабдықталған компьютерлердің көбінде қазақша шрифт де болмады. Біз тағы да ұйымдастырушыларға барып, наразылығымызды жеткізіп, біраз уақыт өткізіп, компьютерлерге қазақша шрифтерді енгіздірдік. Қазақша аударылған баспасөз-релиздерін көрсеңіз, жаныңыз ашиды. Орысша ақпарат толықтай қамтылып, дер кезінде таратылып жатса, қазақшасы кешіктіріліп және қысқаша беріліп отыратын сияқты. Осыдан кейін қазақ журналистерінің кәсіби деңгейі төмен, олар жедел ақпарат таратпайды деп қалайша айыптауға болады? Біз аудармашы болып шаршадық: орыстілді әріптестеріміз бір жұмыс атқарып отырса, біз екі жұмысты бірдей атқаруға мәжбүр болдық. Әрі журналист, әрі аудармашымыз. Енді үшінші қызметке ие болдық. Қате баспасөз-хабарламаларының корректорымыз!

Үшіншіден, бұл форум тек қана “тұрақты меймандардың” жиынына айналған сияқты. Жылда сол баяғы сарапшылар, меймандар… Жаңалық жоқ. Айтпақшы, Қанат Ибрагимовтың “акциясынан” күн ілгері “Голос Республики” газетінің журналистері “ОБСЕ, көзіңді аш!” деп, фойеде өзіндік флеш-моб ұйымдастыру арқылы меймандардың назарын журналистерге бұрмақ болған еді, бірақ оларды күзетшілер лифтіден шығармауға тырысып, ұзақ тұрды. Ақыр аяғында флеш-моб ойдағыдай өтті. Бәлкім, биылғы форумның жаңалығы да суретші Қанаттың айқайы мен тәуелсіз журналистердің ұраны болса керек. Ұйқылы-ояу “форум” дүр сілкінді…”, — деп белгіледі Бес Қасқа.

ALASHAINASY.KZ. “Ішкі миграция жөніндегі заң жобасын дайындап, оны қадағалайтын арнайы орган құру керек пе?”. “Қазір Қазақстанда көші-қон туралы заң бар. Алайда ол сыртқы миграция мәселесін ғана қамтиды. Біздегі Көші-қон комитеті мен Көші-қон полициясы да сол мәселемен ғана айналысады. Алматы қаласының Тұрғындарды міндетті тіркеуден өткізу жөніндегі Ережесі пайда болғалы бері бұл мәселе көптеген түсініспеушіліктер тудыра бастады. Жұртты “әкімдіктің бұл шешімі заң аясына кіре ме?” деген сауал алаңдатуда. …Ал осы “ішкі көші-қон мәселесінің негіздерін анықтайтын арнайы заң жобасы, оны қадағалайтын арнайы орган болуы керек пе?” деген сауалға келгенде, сарапшыларымыздың пікірі тағы да қарама-қайшы келді.

Мұхит АСАНБАЕВ, Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының вице-президенті: Иә. Елімізде ішкі миграция жөніндегі заң жобасы мен оны қадағалайтын арнайы бір құрылымға деген ауадай қажеттілік бар. Мен азаматтардың міндетті тіркеу ережесін қолдамаймын. Осындай шешімнің шығарылуына арнайы заң мен тиісті мекемелердің болмауы себеп болды деп есептеймін. Себебі елімізде ішкі миграцияны реттеуші заң мен арнайы бір органның болмауы себебінен әр әкімдік өзінің ойына келген шешімін шығарып алады…Меніңше, қала әкімінің құзыреті мұндайға жетпейді…

Ішкі миграция жөнінде заң қабылданбайынша, бұл мәселеге кім жауапты екені анықталмайды… Заң болған соң, ішкі миграциялық процестердің анықтамалары пайда болады, бағдарлары белгіленеді

Бөріхан НҰРМҰХАМЕДОВ, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары: Жоқ. Ішкі миграция жөнінде заң қабылдауға және осыған қатысты қандай да бір жаңа мекеме жасақтауға қарсымын. Меніңше, оған қажеттілік туып отырған жоқ. Егер мұндай заң қабылданатын болса, ол міндетті түрде ішкі миграцияға шектеулер қояды. Нәтижесінде, дискриминация тудыратын құжат пайда болады. Себебі ол азаматтарды екіге бөліп қарай бастайды…

Еліміздің Конституциясында “әр азамат өзі қалаған кез келген аймақты қоныстануға құқы бар” деп жазылып тұр ғой. Бұдан артық ешқандай құжаттың да, құрылымның да қажеті жоқ. Қазір еліміздің азаматтары сол заңдылық бойынша, өздерінің қажеттілігіне қарай, бір аймақтан келесі бір аймаққа еркін көшіп-қонып жүр. Бұл – өте дұрыс нәрсе. Ал сол жөнінде заң қабылданады деген сөз қандай да бір шектеулерге қажеттілік туып отыр дегенді білдіреді. Қарсыласым Мұхит Асанбаев өзінің сөзіне өзі қарсы шығып отырған сияқты. Алдымен азаматтарды міндетті тіркеу керегі жоқ дейді де, сол туралы заң мен қадағалаушы орган болу керек дегенді айтады. Егер азаматтардың қоныс аударуы ешбір шектеусіз еркін түрде жүзеге асатын болса, оны қадағалаудың қажеті қанша?…

…Ішкі миграцияны реттеудің басқа да көптеген жолдары бар. Мысалы, адамдар не үшін қалаға қарай ағылады? …Мұның себебі ауылдық жерлерде ақша жоқ, күнкөріс өте қиын. Міне, бұл – басты себеп.

Қарап отырсаңыз, Алматы мен Астананың бюджеті қандай, өзге аймақтардың бюджеті қандай? Адам басына шағып қарағанда, арасалмағы жер мен көктей. Сондықтан егер халықтың Алматыға жаппай ағылуын қаламаса, қаланың бюджетін кесіп, соны аймақтар мен ауылдарға салсын. Сонда ішкі миграция мәселесі өздігінен реттеледі. Жаңа жұмыс орындарын ашып, “Жол картасының” бюджетін еселей арттыру керек

Түйін: Ішкі миграция жөніндегі заң жобасын жасауға қатысты екі түрлі пікір айтылды. Алайда екеуінің де көзқарасы Алматы әкімшілігінің “азаматтарды міндетті тіркеуден өткізу жөніндегі ережесіне” қарсы болып шықты. Жалпы, бұл жаңа тәртіпке қарапайым тұрғындардың арасынан да наразылық білдірушілер өте көп кездесуде. Ендеше, кемінде 1 миллион адамның тағдырына тікелей әсер ететін мұндай ауқымды шешімді қалалық мәслихаттың еншісіне тапсырып қоймай, Мәжіліс пен Сенат депутаттарының да бір қарап шыққаны артық болмас еді”. Дайындаған Сәкен НҰРҚАБЕКҰЛЫ.

ZHASALASH.KZ. “Бюджет 70 пайызға мұнай бағасына тәуелдi”. “Қазақстан бюджетiнiң тапшылығы I тоқсанның қорытындысы бойынша 22,7 миллиард теңгеге жеттi. Қаржы министрлiгiнiң мәлiметiне сенсек, қаңтар-ақпан айындағы республикалық бюджеттiң тапшылығы – 109,3 миллиард теңге. 2010-12 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сүйенсек, биылғы жылы республикалық бюджеттiң тапшылығы 803,6 миллиард теңгеден аспауы тиiс. Үкiмет бюджет тапшылығының орнын толтыра ала ма? Осы сауалдарды сарапшыларға қойып көрдiк.

Қазақстан даму институтының президентi Мағбат СПАНОВтың ойынша, бюджетте үлкен тапшылық болмауы тиiс. “Өйткенi, – дейдi ол,– Қазiр мұнай бағасы жоғары. Бюджетте көрсетiлген мұнай баррелiнiң ең жоғары бағасы – 65 доллар. Ал мұнай баррелiнiң бағасы бүгiнде 80 доллардан асып түстi. Бюджет 70 пайызға мұнай бағасына тәуелдi…

Қаржы министрi Болат ЖӘМIШЕВ I тоқсандағы бюджет тапшылығын дәстүрлi әдiспен толтырмақ. Яғни, iшкi қор нарығынан жеткiлiктi мөлшерде қарыз алу арқылы. Бiрақ, М.Спановтың ойынша, қарыз алу бюджет тапшылығы мәселесiн түбегейлi шешпейдi. “Мұның қысқа мерзiмдiк ғана әсерi бар. Және бұл әдiс белгiлi бiр уақытқа дейiн ғана жұмыс iстеуi мүмкiн. Мәселен, кеңес одағы кезiнде билiк халықты 3 пайызбен қарыз алуға мәжбүрледi. Сондықтан мұндай әдiс көбiне-көп авторитарлы билiктiң қысымы арқылы ғана жұмыс iстейдi”...”. Авторы: Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.

MINBER.KZ. “Әділ Нұрмақов: Қазнетті бизнес тұрғысынан дамытуға баса мән беру керек”. “Алматыда “Орталық Азиядағы интернет саланың дамуы” атты конференция өтуде… Кездесуді ұйымдастырушылар Қазақстанның бір топ тәуелсіз зерттеушілері жүргізген зерттеулерінің қорытындысын көпшіліктің назарына ұсынды.

Әділ НҰРМАҚОВ – қазнеттің экономикалық аспектісін зерттеген маман: — Тәуелсіздік алғалы бері елімізге келген шетелдік инвесторлардың салдарынан бірте-бірте отандық ғаламторға да назар ауа бастады. Әсіресе, соңғы екі жылдың ішінде отандық интернет жобаларды бизнес тұрғысынын дамытқысы келетін топтар пайда болды. Дей тұрғанмен, қазнеттің даму тетіктерінде әлі де кедергілер бар. Бұның бір себебі нарық кішкентай, қазақ интернетін тұтынушылар саны аз. Одан бөлек орыс тіліндегі серверлердің ықпалы өте жоғары.

Ресейлік интернет компаниялар қазақ нарқына келіп, белсенділік танытуда. Мәселен, Яndex, Natomedia т.б. Әлі де болса, сайттардың мазмұны көңіл толарлықтай емес. Интернет нарық әлі де тың. …Интернет қолданушылар саны өскенімен, сапа жағы аздау. Қазір көбіне мегалайнның негізгі тұтынушылары жасөспірімдер мен жастар. Осы себептен контент провайдерлер жаңа да сапалы деңгейде дүние жасап шығаруға мүдделі емес. Дей тұрғанмен сан артқан сайын сұраныс та арта түсері сөзсіз.

Мемлекетті қазір негізгі инвестор деп айту қиын. Билік қазір интернет нарықта негізгі рөлге ие. Салық төлеушілердің ақшасын үкіметтің интернет жобаларға жұмсауы дұрыс емес тәрізді.

Локалды контенттердің аздығы дамуға тұсау болуда. Яғни, қала мен ауыл, аймаққа тиесілі жобалар және әлеуметтік маңызы жоғары жобаларға деген қызығушылық жоғары болмақ. Бірақ оларға бизнес ретінде қалыптасу қиын болмақ. Қазенттің бизнес келбетіне баса назар берген жақсы. Электронды төлемдер, т.б. интернетті бизнес көзіне айналдыруға түрткі болатын тетіктерді дамыта түсу керек”.

ARHAR.KZ. “Қазақ құрылтайының тұғырнамасы”. “Біздер, ҚАЗАҚ ҚҰРЫЛТАЙЫНА қатысушы қоғамдық ұйым өкілдері мен ұлтшыл азаматтар

— Ата-бабаларымыз аңсаған Қазақ мемлекетін құру мақсаты жолында біріге жұмыс жүргізуге келісе отырып,

— Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі жылдарда билік тарапынан Қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту бағытында қазақ халқы күткен деңгейде нақты іс-әрекеттердің болмағандығын ашық айта отырып,

— Қазақ халқының тілі мен дінін, рухани дүниесін сақтау және ұлттық мемлекеттің болашағының алдындағы өзіміздің міндетіміз бен жауапкершілігімізді терең сезіне отырып, Төмендегі Тұғырнаманы қабылдаймыз….

7. Ұлттық мемлекеттің, ұлттық идеяның болмауы салдарынан қазақтың ішкі бірлігі ыдырау қаупі пайда болды. Біз тіл жағынан – “нағыз қазақ”, шала қазақ”, “орысбай қазақ” болып бөлінсек, дін жағынан – “зікіршілер”, “уақапшылар”, “дәстүрлі дін ұстаушылар”, т.б. бөлшектенуденеміз. Саяси көзқарасымызға байланысты – “оппозиция жағындағылар”, “билікті жақтаушылар” болып жіктелеміз. Кейбіреулеріміз жүзге қарай бұра тартуға дайын тұрамыз. Алаштың басына күн туып, қазақ ұлтының сақталуы мен ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалу мәселесі күн тәртібінде тұрғанда аз ғана қазақтың бөлшектенуі — өліммен тең! Ұлт мүддесі үшін барлығымыз бірлесе жұмыс жасайық.

8. Ұлттық бағыттағы мәселелерді саяси күштердің — билік пен оппозицияның – өздерінің саяси мақсаттарына пайдалануына жол бермеу қажет. Сонымен қатар біздің ұлтшылдығымызды радикалды, эктремистік тұрғыдан түсіндіруге, басқа этникалық топтарға қарсы қоюға бағытталған арандатушылық тәсілдерге тосқауыл қоя білейік. Еліміздегі барлық азаматтардың саяси-азаматтық құқықтары бірдей. Сондықтан да қазақ ұлтының құндылықтарын қорғау, жандандыру бағытындағы іс-әрекеттеріміздің басқа ұлт өкілдерінің құқығы мен еркіндігіне ешқандай нұқсан келтірмейтіндігін мәлімдейміз. ..

10. Ұлт мәселесі белгілі биліктің, азаматтық топтардың, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың жұмысы емес. Бұл әрбір қазақ азаматының қасиетті міндеті. Ұлттың өзекті мәселелерін бізге ешкім де шешіп бермейді. Оны қазақтың намысын оятып, рухын көтеру арқылы, нақты жұмыстар мен заңды, саяси тәсілдер арқылы тек қана өзіміз шешеміз.

Қазақ құрылтайы. Алматы, 2010 жылдың 25 сәуірі.

Қазақ Құрылтайының Кенесары ханға қатысты қаулысы.

1. “Кенесары ханды қайтарамыз!” деп аталатын қозғалысты қолдай отырып, Қазақтың соңғы тәуелсіз мемлекетінің туы мен бүкіл халық сайлаған Кенесары ханның денесін қазақ жеріне қайтаруды — әрбір қазақ өзінің қасиетті парызы деп санаймыз….”

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 29 сәуір. Kazakhstan Today — Сенат депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің қорытындысына сәйкес, заң жобасымен Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына мемлекеттік тұрғын үй қорындағы өздері тұратын тұрғын үйлерін меншігіне тегін алуына, сондай-ақ олардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға немесе жергілікті атқарушы орган жалдаған жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға бірінші кезекті құқық беру белгіленеді…

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...