«Доктринадан «қазақстандық ұлт» алынып тасталды, ал «қазақ елі» ұсынысы өтпеді». «Біз — жастар, Елбасының саясатын мақтан тұтамыз». «Шығыс Қазақстанға – әр облыс 50 млн. теңге!»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 30 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Доктринадан “қазақстандық ұлт” алынып тасталды, ал “қазақ елі” ұсынысы өтпеді”. “…Мақұлданған Ел бірлігі доктринасы Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына енгізілді.

Ассамблея өкілдерінің айтуынша, құжаттың басты мақсаты – Қазақстанның тәуелсіздігін қамтамасыз ету, қазақстандық мемлекеттілікті сақтау, қазақ ұлтының қоғамдағы интеграциялық рөлін мойындау болып отыр…”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

AIKYN.KZ. “Біз — жастар, Елбасының саясатын мақтан тұтамыз”. “…Жалпы, “Жастар Қазақстан халқының бірлігі үшін” деген ұранды арқау еткен жалпыұлттық жастар форумының Тәуелсіздік сарайында өтуінен де символикалық мән іздегендер кездесті. Оны Қазақстан жастар конгресі Білім және ғылым министрлігімен және Қазақстан халқы ассамблеясымен бірлесіп, ұйымдастырған екен. Ұйымдастырушылар бұл құрылтайды енді дәстүрге айналдырып, жыл сайын өткізіп тұрмақ. …Айтпақшы, ел басшылығының қолдауымен, Үкімет жастар тарапынан қызығушылық тудыру мақсатында биылғы шілде айында осы Жаңа университеттің таныстырылымын өткізбек. “Ағымдағы жылы Назарбаев атындағы Халықаралық университет ашылады. Бұл оқу орны посткеңестік кеңістіктегі ең алдыңғы қатарлы зияткерлік білім мен ғылым орталығына айналады деп отырмыз. Шілде айының басында осы университеттің таныстырылымы өтеді деп жоспарлануда, ал қыркүйек айынан бастап оқу орнында дайындық курстары жүргізіле бастайды” деді М.ӘШІМБАЕВ. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен салынып жатқан университетте әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің оқытушылары дәріс оқитын болады. Жалпыұлттық жиындарының соңында жастар үндеу қабылдады”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

EGEMEN.KZ. “ЖУРНАЛИСТІҢ АДАМГЕРШІЛІГІ НЕДЕ?”. “…Әдеттегідей, форумды Еуразиялық медиа-форум ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА шын жүректен қонақтарға алғыс айтып, аяқтады. Келесі жылы Еуразия медиа-форумы өзінің он жылдық мерейлі жылына қадам басады. ЕМФ Ұйымдастыру комитетінің төрайымы жыл сайын журналистер тарапынан аталмыш форум Қазақстанға не береді деген сұрақ үнемі қойылатынын айта келе, бұл шара ең алдымен біздің достарымызды көбейтіп, қатарымызды толықтырады деп жауап беретінін жеткізді. Қазақстан жері алдағы уақытта та мұнан да ауқымды ойлар мен алуан пікірлердің көмбесіне айналатынына, Х форум тағы да әлемдік тұлғаларды Қазақ төрінде тоғыстыратынына сенім білдірді.

Сөз соңында айтарымыз, әрине, журналистердің медицина қызметкерлері сықылды ант беретін Гиппократы жоқ, бірақ оның жауапкершілігі – алдымен адамгершілігінде екендігін кезекті медиа-форум тағы да дәйектеп кетті. Ақиқатқа құрылмаған ақпараттар қоғамды адастырып қана қоймай, арандата алатыны қайта-қайта кесе-көлденең алдымыздан шығуда. Сондықтан түсіну тетігін іздеген пікірталас алаңы әлі де керек…”. Авторы: Айнаш ЕСАЛИ.

ABAI.KZ. “ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТ БІРЛІГІ ДОКТРИНАСЫ”. “…Қазақстан Республикасы қазақ халқының сан ғасырлық мемлекеттілігінің құқықтық, тарихи жалғыз дара мұрагері және оның саяси, мемлекеттік құрылымының табиғи жалғасы болып табылады. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін қорғау және ұлттық мемлекеттілігін күшейту жолындағы барлық шараларды атқарады.

Ел тарихы — көптеген қайғылы оқиғалардың куәгері. Халықтың өмірі, оның тілі мен мәдениеті жойылудың алдында тұрған да кездер болған. Қазақ халқы аса ауыр сынақтан өтіп, жай ғана аман қалған жоқ, мемлекетін де құрды, тәуелсіздігін де алды.

“Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы” Декларацияда және “Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заңда егеменді ұлттың әрі қарай ұйысуының негіздерін айқындаған екі қағидат жария етілді: біріншіден — Қазақстан мемлекетін құрудың алғышарты болып табылатын қазақ халқының өз тағдырын өзі таңдау құқы; екіншісі — елдің барлық азаматтары үшін жасалатын тең мүмкіндік.

Халықтың даналығы, кеңдігі мен сыйластығы этникалық тегіне, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына негіз болды.

Тәуелсіздік орнығуының ең қиын жылдарында халықтың кемелдігі мен елдің Тұңғыш Президенті — Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВтың қайраткерлігі нәтижесінде Қазақстанда этносаралық жанжал мен қоғамның бөлінуіне жол берілген жоқ.

Сол жылдары, кеңестік дәуірден қалған дағдарыстан өту, жаңа экономикалық және саяси қатынастарды қалыптастыру жағдайында, қоғамды ұйыстыру ісі: ішкі саяси тұрақтылық, азаматтық  татулық және этносаралық келісім қағидалары негізінде жүзеге асқан еді…”.

Айдос Сарым: Коммунистердің ұлтшылдығына күмәнмен қараймын”. “Қазақ құрылтайына қатысты саясаттанушы Айдос САРЫМның сыни пікірімен порталымыздың тұрақты оқырмандары таныс болар. Айдос Әміроллаұлы аталған құрылтайда баяндама жасаған коммунист Ғазиз АЛДАМЖАРОВтың сөздерінен де “іліп алар ештеңе таппадым. Ол кісінің айтқандары баяғыдағы «Знание» қоғамының лекторларының қаладағы зауытқа келіп, «мал тұқымын асылдандыру керек» дейтін жаттанды баяндамадан аспады. Қайта жарыссөздегі хабарламалар, аймақтардан келген азаматтардың сөздері жүз есе мазмұнды, тартымды болғандай көрінді” дейді.

Ал, Айеке, құрылтайда бас баяндамашы Ғазиз Алдамжаровқа шүйлінуіңізге жол болсын. Оны сынауыңызға не себеп болды?

— Оны сіздің газетте де, басқа да басылымдарда да көптен бері ашық айтып жүрмін. Кезінде Серікболсын ӘБДІЛДИНге де ашығын айтқам. Жақында компартияның бірінші хатшысы болған Ғазекеңе де қайталадым. Алдамжаровты адам, тұлға ретінде сыйлауға дайынмын. Дегенмен оның бүгінгі саяси ұстанымдарына үзілді-кесілді қарсымын. Менің түсінігімде қазақ бола отырып, коммунист атану — сатқындықпен пара-пар. Кезінде ұлтымызды жоя жаздаған идеологияны ұялмай ұстану — қазақты қорлау. Сондықтан коммунистік лидерлердің «ұлтшылдығына» күмәнмен қараймын. Коммунистер қазаққа бірдеңе айту үшін ЛЕНИН мен СТАЛИН сияқты қанішерлердің қылмысы үшін кешірім сұрасын. Олардың атын шығарып, көкке көтерулерін қойсын. Содан кейінгісін уақыт көрсетер. Бір ағаларымыз Ғазекең де керемет ұлтшыл деп қалды. Онысы рас болса, азаматтық, адами, қазақи таңдауын жасасын. Бүгін, дәл қазір. Олай етпесе, ағамыздың бұл тіршілігі түске дейін педагог, түстен кейін педофил болғандай әсер етеді екен. Әрине, педагог та, педофил де балаларды өздерінше жақсы көретін шығар, алайда бұл екеуінің «балаларды жақсы көруінің» мақсаты мен мұраты әр-түрлі емес пе? Бар меңзегенім осы ғана…”.

TURKYSTAN.KZ. “ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНҒА – ӘР ОБЛЫС 50 МЛН. ТЕҢГЕ!”. “...Атап айтқанда, Премьер-министр су тасқынынан зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына көмек көрсетудi мiндеттедi. Оның айтуынша, әкiмдер Алматы облысына көрсетiлген көмек жүйесiн Шығыс Қазақстан облысына да қолданып, әрбiр облыс 50 млн. теңгеден қаржы аударуы керек. Тапсырманың орындалуын қадағалау бiрiншi вице-премьер Өмiрзақ ШҮКЕЕВке тапсырылды. Сондай-ақ, топан судан үлкен шығынға ұшырап, мал басынан айрылған халыққа құзырлы мекемелер несиеге мал бермек. Несиенiң көлемi алғашқы жылы нөл пайыздық болса, екiншi жылы пайыздық үстеме 2 есенi құрайды. Ресми деректерге сүйенсек, су тасқынының зардабынан тек Шығыс Қазақстан облысы бойынша жайылымдық жердiң 65 пайызы, егiстiк жердiң 62 пайызы жарамсыз болып қалған. Аймақтағы мал шығыны бүгiнде 50 мыңға жетiп жығылған. Сондай-ақ, мал азығын дайындайтын техникалардың 80 пайызы iске жарамсыз.

Шығыс Қазақстан облысы әкiмi Бердiбек САПАРБАЕВтың айтуынша, өңiрде жағдай бiр қалыпты. Ауа-райының күрт жылынуына байланысты бұл өңiрде тағы да су тасқыны орын алды. Жергiлiктi әкiмдiк пен құтқару қызметi қайта қауырт жұмысқа кiрiстi. Барлық жерге бақылау гидробекеттерi орнатылған. 1-мамырдан бастап Тарбағатай, Аягөз, Зайсан мен Абай аудандарында қызу құрылыс жұмыстары басталады. Ондағы елдi мекендерде тұрғын үй кешенi, мектептер мен ауруханалар, мәдени орталықтар бой көтередi. Үкiмет бұдан бөлек Шығыс Қазақстан облысына тағы 800 млн. теңге шамасында қаржы бөлетiн болды…”. Авторы: Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Доктрина: билік пен қоғамның жеңісі”. “…Алдыңғы доктрина мен жаңа доктринаның арасы жер мен көктей деуге болады. Оған “Бір ел – бір тағдыр”, “Тегі басқа, – теңдігі бір”, “Ұлт рухының дамуы” сынды мәтінді жүйелеген тақырыптар да куә бола алады. Мазмұн да мәнді. Назар аударып көрелік. “Ұлт бірлігінің үшінші негізгі қағидаты – біріктіруші және бекітуші бастау ретінде ұлт рухын нығайту және дамыту. Біздің ұлттық рухымызды көтеру үшін негізгі басымдықтар мыналар: дәстүр мен отансүйгіштік рухы, жаңару рухы, жарыс пен жеңіс рухы”. Сонымен қатар “дәстүрге сүйенген модернизация мен бәсекеге қабілеттілік біздің ұлттық рухымыздың ХХІ ғасырдағы өркендеуіне негіз болады” дейді құжат қағидаты. Ұлт рухының дамуы бөлімінде мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту туралы мәселелер де қозғалған…

Елбасының Жолдауда айтылған ойы, сонымен қатар Қазақстанның 2020 жылға дейін даму стратегиясындағы негізгі басымдықтарды да қамтитын құжат қағаз жүзінде қалмайды. Журналистер сұрағына жауап берген Ералы ТОҒЖАНОВ мырза доктринадағы айтылған ұстанымдар тиісті министрліктердің іс жүзінде жүзеге асырылатын бағдарламаларына енетінін айтты. Және ары қарай нақты өмірде қызмет ете бастайды. Ал оның шынайы орындалуы Үкімет және Президент әкімшілігі тарапынан қадағаланады…”. Авторы: Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ.

Мемлекетшілдік рухты қалай асқақтата аламыз?”. “Өткен жылғы жалпыхалықтық санақтың нәтижесі көрсеткендей, еліміздегі мемлекетқұраушы ұлттың үлес салмағы 63 пайыздан асты…

Жалпы, мемлекет халқын бір идеяға топтастыру арқылы мемлекетшілдік рухын қалыптастырудың әртүрлі үлгісі бар. Олар: этномәдени құндылықтар арқылы бірігу, діни наным-сенімдерімен топтасу және әлеуметтік-экономикалық мүдделер аясында тұтастану. Мұның алғашқысы әлемдегі ұлттық, унитарлы мемлекеттердің (Жапония, Түркия, Германия т.б.) таңдауы болса, соңғы екеуі көпұлтты, федеративті (Ресей, Қытай, АҚШ, Бразилия т.б.) елдердің бағыты…”. Авторы: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 30 сәуір. Kazakhstan Today — Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжан -Ұйғыр автономиялық ауданы мен Қазақстанның Алматыв облысының делегациялары сәрсенбі күні Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Қорғас бақылау-өткізу бекетінде келіссөздер жүргізіп, соның нәтижесі бойынша екі елдің шекаралық жылдам автомагистральдары түйісетін тұс айқындалды, деп хабарлайды Kazakhstan Today Синьхуа ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Тиісті келісімге Қытай жағынан Шыңжан -Ұйғыр автономиялық аймағы халықтық үкіметінің жауапты хатшысының орынбасары ЦАЙ ИЧЖИ, ал Қазақстан жағынан — Алматы облысы әкімінің орынбасары Амандық БАТАЛОВ қол қойды. Келісім екі ел үкіметтерінің бекітуіне жіберіледі.

Қазір Қытайда мемлекеттік санаттағы №312 жылдам магистрль пайдалануға берілген. Қазақстан жағы Еуропаның батысы мен Қытайдың батыс аудандарын қосатын халықаралық автожол желісін сала бастады. Бұл екі жол қосылған кезде жалпы ұзындығы 8 мың шақырымды құрайтын жаға евроазиялық көлік дәлізі түзіледі, ол шығыста Қытайдың Ляньюньгань қаласынан басталып, батыста Ресейдің Санкт-Петербург қаласына дейін созылады. Бұл бірегей жобаны жүзеге асыруға үш жыл жұмсалмақшы.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...