«Қызылағашта қоныс тойы тойланды». «Бақ ұясы – ынтымақ». «Электронды қызмет мемлекеттік тілде құрылады»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 4 мамыр 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Тамара Қалеева: “Мемлекеттің жуырда баспасөзге бостандық беретін түрі жоқ”. “…- Тамара ханым! Қазақстан ЕЫҚҰ — на төрағалық етердің алдында елдегі тәуелсіз басылымдар сәл болса да еркін тыныс ала ма деген үміт отының жылтылдағаны бәрімізге аян. Сол үміт ақталды ма? Түрлі себептермен қыспаққа ұшыраған кейбір басылымдарды қорғау жұмыстары қалай жүріп жатыр.

— Бұрынғымен салыстырғанда Қазақстанда баспасөзді қорғау жұмыстарының анағұрлым жақсарғанын айта кету ләзім. Қорғаушылардың саны артып, біліктілік дәрежесі де өсіп келеді. Алайда оның нәтижесі қандай деген – бұл енді басқа әңгіме…”. Сұхбаттасқан Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ.

AIKYN.KZ. “Қызылағашта қоныс тойы тойланды”. “Су тасқыны алып кеткен Қызылағашта алғашқы қоныс тойлары мамыр мерекесі қарсаңында болады деп уәде берген Алматы облысының әкімі мен ол сенім артқан құрылысшылар сөздерінде тұрып, жұрт үмітін ақтады.

Кеше биылғы наурыздың 12 жұлдызына тап келген қайғылы түннен соң, уақытша шатырларды паналап жатқан ауыл тұрғындарының арасындағы баспаналары бірінші кезекте біткен 45 отбасында қоныс тойы аталып өтілді…

… Облыс әкімінің құрылыс жұмыстарына жауап беретін бірінші орынбасары Амандық Баталовтың айтуына қарағанда, мамырдың соңына дейін тағы 150 үй пайдалануға беріледі”. Авторы: Болат АБАҒАН, Алматы облысы.

EGEMEN.KZ. “Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫН КӨЗДІҢ ҚАРАШЫҒЫНДАЙ САҚТАУЫМЫЗ КЕРЕК”. “Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамына айналды. Бұл күн әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі. Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді…

Қазақстанда бірлік пен келісім, өзара түсіністік өздігінен пайда болған жоқ. Бірлік пен келісім ат ауыздығымен су ішкен, ер жігіт етігімен су кешкен қиын-қыстау замандардан бастау алады. Аталған ұғым жиырмасыншы ғасырдың басында халықты күйзелткен ашаршылық пен қуғын-сүргін кезеңіндегі тарихымыз бен тағдырымызға негізделеді.

Бірлік сұрапыл соғыс майданында өз Отаны, отбасы мен болашақ ұрпағы үшін аянбай айқасқан әке мен атаның асқақ ерлігімен шыңдалды. Еліміздегі өзара түсіністік пен келісім тың даласын игеру, Қазақстанды өндіріс ошағына айналдыру кезеңдерінде халық жұмыла көтерген жүкпен бірге нығая түсті.

Қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қоғамдастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды. Еркіндікті аңсаған ата-баба мұрасы жүзеге асып, Алаштың ең асыл мұраты – тәуелсіздікке қол жетті. Қазақ жерінде атқан егемендік таңы ең алдымен, алып та дархан даланың төсін қанымен суарған, терісі сөгіле қызмет еткен ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды да нақты нәтижесі….

Ел Бірлігі доктринасы – Тәуелсіздік тұғыры.

Егемендік жарияланғаннан соң, Қазақстан халқы дербес ел, тәуелсіз мемлекетке айналды. Аталған жылдар ішінде елімізде жаңа этнодемографиялық жағдай мен өркениетті қауым қалыптасты. Тұйық кеңестік шекпеннен шыққан қоғамға Батыс пен Шығыс құндылықтары белсенді түрде ене бастады. Біз қаптаған діни бірлестіктер мен миграцияға толы әлемдік кеңістікке белсенді ықпалдаса бастадық. Аталған мәселелердің барлығы – еліміздің сәйкестілік қорғанының беріктігіне жасалған қысым деп атауға болады…

Доктрина қабылдау туралы идеяны 2008 жылғы 23 қазанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясында Елбасы Н. НАЗАРБАЕВ ұсынды…

Ассамблеяны “мемлекет ішіндегі мемлекет” деген ауқымы тар пікірден бас тартып, оны қоғам азаматтарының барлығын күрделі мәселені талқылау үдерісіне қатыстыру мүмкіндігін қамтамасыз ететін диалог алаңы деп түсінген жөн. Соңғы 3-4 айдағы Доктринаға қатысты жұмыс – осы ойдың дәлелі…”. Авторы: Ералы ТОҒЖАНОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі.

ANATILI.KZ. “Бақ ұясы – ынтымақ”. “Атам қазақ бұл туралы ықылым замандардан айтып келеді. Айтудан жалыққан да емес. Өйткені онсыз береке де, ырыс та жоқ. Соншама мән берген, әңгімесінің дәміне айналған бұл кереметің не сонда? Ол құдірет – Бірлік. Ел Бірлігі.

Бірлік бар жерде ғана тірлік, өмір бар екен. Соған бүгін көзіміз анық жетіп отыр. Ел ішіндегі түсіністік пен татулық арқасында бүкіл дүниежүзі мойындаған іргелі мемлекетке айналдық…

Біз қазір бірнеше ұлт өкілдері бас қосқан елміз. Арамызда орыс та, неміс те, кәріс те… бар. Біздерді тағдыр түйістірді. Бір шаңырақтың астында бірге түтін түтетіп жатқаннан кейін бізге қазақ пен қазақтың да, қазақ пен басқа отандасымыз арасындағы достық та өте қажет. Мұнсыз елдің ертеңін, жарқын болашақты елестету қиын.

Ертеректе ғұмыр кешкен Сыпыра жырау бабамыз: “Алла Тағала адамды тату бол деп жаратқан” деген екен. Қазақ елінің бүгінгі тізгінін ұстап отырған Елбасымыз да: “Бір болайық. Бір болмасақ, тоз-тозымыз шығып, елдіктен айырыламыз” дегенді аузынан тастаған емес. Ел алдында тұрған жарқын мақсатқа ел бірлігін сақтай отырып қана жететінімізді ұдайы ескертіп келеді.

Халықтың сөзіне қарағанда, бақ дегенің де кез келген жерге табан тірей бермейтін көрінеді. Ынтымақ, ауызбіршілік, жарасымдылық ұялаған жерге барып қонақтайды екен. Сол бақ қазір – Қазақ елінде. Бағыңнан айырылғың келмесе – бірлігіңе бекем бол!”. Авторы: Нұрперзент ДОМБАЙ.

Электронды қызмет мемлекеттік тілде құрылады”. “Өткен аптада Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ Парламент Мәжілісінде “Электронды үкіметті” дамыту мәселелері бойынша ұлттық заңнамалық базаны өзгертетін заң жобасына байланысты мемлекеттік тілде баяндама жасады.Туған тілдің мәртебесін көтеріп тастаған осы отырыста төменгі палата депутаттары да сауалдарын тек қазақ тілінде жолдады…

“Электрондық үкіметтің базалық инфрақұрылымы бірқатар жүйеден тұрады. Атап айтқанда, бұған мемлекеттік деректер базасы, төлем шлюзі, электрондық құжат айналымы секілді жүйелер кіреді. Ал жаңа заң жобасында “электрондық үкіметті” дамытудың бірқатар бағыттары айқындалып отыр. Бұлардың арасында электрондық мемлекеттік қызметтерді төлеу мүмкіндігін қарастыру, ақпараттық мемлекеттік ресурстарда мемлекеттік тілдің қолданылуы, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді мәселелер көзделген”, – деді Байланыс және ақпарат министрі.

Министрдің айтуынша, заң жобасы арқылы “электрондық үкімет” саласындағы мемлекеттік тілді қолдану мәселесіне де назар аударылған. Бұл ретте ең алдымен қазақ тілінде электрондық мемлекеттік қызметтерді ұсыну шаралары қарастырылады. Бұдан бөлек интерфейсте және мемлекеттік деректер базасында мемлекеттік тілдегі ақпаратты қолдау шаралары да қамтылған.

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысының соңында палата депутаттары “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне “Электрондық үкіметті” дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, алдағы уақытта бүкіл дүниенің дамуы электрондық бағытта болатындықтан, Елордада “электрондық карта” енгізуді қарастырған жөн екендігін атап өтті”. Авторы: Дархан НАЗАР.

ABAI.KZ. “Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Азат Шәуеевпен өткен интернет-конференцияның қорытындысы”. “Осы аптада abai.kz ақпараттық порталы Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорына жаңа директор болып тағайындалған Азат ШӘУЕЕВ мырзамен интернет-конференция өткізген болатын.

Төменде 27-30 сәуір аралығында қойылған сұрақтардың жауаптарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Қайырлы күн, құрметті қауым!

Ең алдымен тіл жанашырларымен сұхбаттасуға мүмкіндік жасап отырған www.abai.kz ақпараттық порталының редакциясына интернет-конференцияға шақырғандары үшін үлкен ризашылығымды білдіремін. Екіншіден, қазақ тілі үшін жасалып жатқан бүгінгі қам-қарекеттің рухани-ұлттық үні бар құбылыс екендігіне көңілім толып отыр. Енді нақты сауалдарға көшелік…

2. Шын билігіңіз жетсе, нақ қазақ тілі үшін жұмыс жасағыңыз келсе, министір мен өкімет билігіндегі барлық қызметкерлерді жылында 3 рет қазақ тілінен сын алу жолдарын қарастыра аласыз ба? Осындай тақауыр болмаса өзіңді ел мойындамайды. Жібек.

– Бұл сұрақ авторының министрлер мен өкімет билігіндегі барлық қызметкерлерден жылына 3 рет қазақ тілінен сынақ алу жолдарын қарастыру жөніндегі ұсынысын батыл ой ретінде қабылдаймыз. Келешекте бұл мәселені Қамқоршылық кеңес құрамындағы халық қалаулыларының назарына ұсынатын боламыз

4. Сәлеметсіз бе. Іс-қағаздары қашан, қай жылы толық мемлекеттік тілге көшеді?…

– Өздеріңізге белгілі, биылғы жылдан бастап еліміздегі барлық мемлекеттік органдарында іс-қағаздарын жүргізу қазақ тіліне көшірілді. Соңғы уақыттағы байқағаным, қай мемлекеттік органға қандай құжат апарсаңыз да қазақ тіліндегі ңұсқасынсыз қабылдамайды. Оған өзім талай рет көз жеткізіп, жоспарлы істің нәтижелі аяқталғанына куә болдым. Бұл істің алдағы уақытта жалғасын тауып, тілдің қолданыс аясының кеңи түсетініне сенімдімін

35. Азат мырза,қазір бізді ауыл қазағы, қала қазағы т.б.қазақтар деп бөліп жатады. Мен өз басым соның қайсысына жататынымды өзім білмеймін. Қазір елуден енді ғана астым , соның жартысын ауылда қазақтардың ортасында, ал келесі жартысын тек орыстардың ортасында тұрып жатырмын.Қазіргі басты мәселенің бірі мемлекеттік тіл мәртебесі болғандықтан менің бір айтарым орыс халқының көбінің басына осы тұрып жатқан елдің тілін білу керек-ау деген мәселе онша толғандыра қоймайтын сияқты.Соны біле тұра неге біз Қазақстан бойынша мемлекеттік тілге толық көшу мерзімін кейін қарай (2020-2030ж) шегере береміз ? Басқаны қайдам, мен өз басым тіл саясаты бойынша президентіміздің жүргізіп жатқан саясатын қолдамаймын.

– Қазақ тілінің жағдайын тек билікке итере беруге болмайды. Оған әр қазақ, әр қазақстандық атсалысуы керек. Егер сіз осындай қағида ұстансаңыз, жаңа алдында айтып өткенімдей, әлгі көршілеріңізге қазақ тілін үйреткен болар едіңіз. Сол кезде сіздің көршілеріңіз де қазақ тілінің мәселесі тек қазақтардың ғана мәселесі деген пікірден қаша бастаған болар еді. Міне, бар мәселе өзімізге келіп тіреледі. Ауылдан қалаға көшіп келеміз де, орысша сөйлеп кетеміз. Неге ауылдан келіп қаладағы тұрғындарды қазақша сөйлеуге үгіттемейміз? Өзіміз намыстанайық! Әрине, тіл жөніндегі бұл іс бір күнде бітпейді, бұған ұзақ әлеуметтік, психологиялық жұмыстар жүргізу қажет. Еліміздің кейбір телеарналарындағы өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде хабар жүргізуі көпшілікке ой салды. Әрі өзге ұлттардың қазақ тілін білу қажет деген пікірін нықтап берді деп ойлаймын.

Бұл мақсаттағы жұмыстардың басты мұраты — сөз бен істің арасын барынша жақындату. Біз өз тарапымыздан былтырғы жылдың өзінде осы бағытта біршама жұмыстар атқардық. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша еліміздің барлық 16 облысында этномәдени топтар өкілдері мен оларға қазақ тілін оқытатын оқытушыларға арналған “Достық тілінде” — атауымен аймақтық семинар-тренингтер ұйымдастырдық. Ондағы мақсатымыз этностық топтардың белсенді мүшелерін тілдік мәселелер мен қазақ тілінің беделін арттыруға жұмылдыру болды. Өзге этнос өкілдері арасында қазақ тіліне деген оң түсінік қалыптасып отырғанының өзі жалғасын табар жақсылық екенін де аңғару керек. Ендігі кезекте осы тіл дамыту бағытындағы талдау-сараптауларымызды, талап-тілектеріміз бен ой-тұжырымдарымызды тек қазақ тілінде жазып, тек қазақ тілінде насихаттаудан гөрі орыс тілді қауымға жеткізуге, олардың арасында кеңінен таратуға күш салуымыз қажет деп ойлаймын. Қор жұмысының алдағы уақыттағы басты бағыттарының бірі де осы болмақ”.

MINBER.KZ. “Шығыс аймақта Лайлы өзеніндегі бөгет бұзылып, Самар ауылын су шайып өтті”. “Шығыс Қазақстан облысында Лайлы бөгеті бұзылып, Самар ауылын су шайып өткен. Су деңгейі бір метрге дейін көтеріліп, 200-ге жуық үйді су басып қалды. Қазір мал шығыны мен келтірілген зиянды есептейтін арнайы комиссия құрылды…

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, аймақтағы Көкпекті ауданына қарасты Самар ауылындағы бөгет Лайлы өзенінің қатты екпініне шыдамай, бейсенбі күні кешке бұзылған. Өзен ағысы бөгеттің шлюзін жұлып өтіп, ені 20 метрдей болатын арнамен ауылға қарай беттеген.

Су тасқыны бейсенбі күні 19 сағат 20 минутта Самар ауылына кірген… Биыл Шығыс Қазақстанда су деңгейі өте жоғары болып тұр. Өткен айда ғана осы аймақтағы Тарбағатай ауданында 673 тұрғын үйді, 754 шаруашылық ғимаратын, оған қоса 42 қыстақты су басып қалған еді”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК, “Азаттық” радиосы. 30.04.10.

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 4 мамыр. Kazakhstan Today — Қазақстанда азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жедел жауап қату жөніндегі топ құрылды. Бұл туралы бүгін өткен үкіметтің отырысында ҚР үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

«Өкінішке орай, біз кейбір азық-түлік өнімдерінің бағасы өсіп бара жатқанын көріп отырмыз», — деді Кәрім Мәсімов. «Кейбір біздің жергілікті басшылар мен министрлер бойды босқа сала бастағанға ұқсайды», — деді премьер-министр. Ол осы орайда Қазақстан үкіметі «дағдарыс кезінде де азық-түлік өнімдері бағасының өсуімен табысты күресе алғанын және дұрыс шешімдер таба білгенін» атап өтті.

«Мен қазір үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ ШҮКЕЕВ, сізге осы мәселені шешу үшін жедел топ құруды тапсырамын», — деді үкімет басшысы.

Кәрім Мәсімовтың тапсырмасымен жедел топқа ҚР экономикалық даму және сауда министрі Жанар АЙТЖАНОВА, ауылшаруашылығы министрі Ақылбек КҮРІШБАЕВ пен ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің басшысы Мәжит ЕСЕНБАЕВ енді.

«Келесі сейсенбіде біз осы мәселеге орай арнайы үкіметітң бірлескен отырысы мен селекторлық жиынын өткізетін боламыз», — деді Кәрім Мәсімов.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ