«Қоғамға қажетті ақпаратты журналистерге бермейтін «сараңдарға» жүлде үлестірілді». «Ұлт бiрлiгi»: ұтыс пен ұтылыстың жиынтығы». «Кедейлерi көбейген елмiз»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 5 мамыр 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қоғамға қажетті ақпаратты журналистерге бермейтін “сараңдарға” жүлде үлестірілді”. “…Қазақстан Журналистер одағы мен “Әділ сөз” қоры мұрындық болған “Ақпаратқа қол жеткізу” деп аталатын байқау алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Конкурстың өзіндік ерекшелігі – заң тыйым салмайтын жолмен қоғамға жетуі тиіс ақпараттарды журналистерге бермеген, және сол арқылы журналистің заңды құқығын бұзған министрліктер, мемлекеттік және жекеменшік мекемелер, лауазымды тұлғалардың тізімдері жасалып, оларға арнайы жүлделер, дипломдар мен естелік заттар сыйлыққа беріледі….

“Ақпаратқа қол жеткізу” конкурсын ұйымдастырушылардың дерегіне қарағанда, 2010 жылдың қаңтар және сәуір айларының аралығында түрлі редакциялармен журналистерге төрт рет шабуыл жасалған. Журналистерді қорқыту әрекеті үш рет болған. 12 сайтты пайдалануға шектеу енгізілген. Және де 17 шенеунік, алты заңды тұлға, тоғыз қарапайым азамат БАҚ-ына қарсы арыз түсірген”. Авторы: Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ.

EGEMEN.KZ. “КӨРПЕГЕ ҚАРАЙ КӨСІЛУ КЕРЕК”. “Үкімет басшысы стратегиялық жоспарлау мен бюджеттік бағдарламаларға қатысты қаржыны тиімді жұмсау қажеттігін ескертті.

Кешегі өткен Үкімет отырысын ашқан бетте Үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма берді…

Сонымен қатар Премьер-Министр өзінің бірінші орынбасары Өмірзақ ШӨКЕЕВке азық-түлік бағаларының өсуіне жол бермеу мәселелерімен айналысатын жұмыс тобын жедел құруды тапсырды…

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов аталған мәселені қорытындылай келе бірқатар тапсырмалар берді. Премьер-Министр бюджеттік үдерістің тұрақтылығы бірінші орында тұру керектігін баса айтты. “Біз қазір дағдарыстан шығып келеміз, Мемлекет басшысы белгілеп берген бағытқа сәйкес ілгері жылжу үстіндеміз, мұндай кезде бюджеттік үдерістің тұрақтылығының маңызы өте зор” дей келе еліміздің қазынасының кірісі қаншалықты болса, шығыны да соншалықты болуы қажеттігін ескертті. Бұған әрбір министрлік пен ведомство өздеріне тапсырылған қызметті дұрыс ұйымдастыра алғанда ғана қол жеткізе алатындығын айтты.

Премьер-Министр күн тәртібіне қойылып отырған мәселеге қатысты басқа да бірқатар тапсырмалар берді”. Авторы: Сұңғат ӘЛІПБАЙ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Қазақ халқы – ұлттар мен ұлыстар ұйытқысы”. “Қазақ елі 130-дан астам “ұлттардың лабораториясына” айналған кеңестік дәуірде де 1 мамыр мерекесін бүкіл халық болып жапырыла жалаулатып тойлап жатушы едік. Бұл мейрамның көктемнің жазға ұласар мамыражай шағында келгенінде емес, “Халықаралық ынтымақтастық күні” деген атауынан туған шығар. Тәуелсіздік алғалы “Қазақстан халқы бірлігі күні” аталғанымен мәртебесі азайып, құны түскен жоқ.

Кеңес Одағының шаңырағы шайқала бастаған кезеңде көптеген елдер не істерін білмей сансырап, шекара даулап, “үй ішінде” жауласып қырғын болып жатқанда ел иесі – қазақтар асқан парасаттылық таныта білді…

Иә, қасиетті Тәуелсіздігімізді сақтап қалудың ең алдымен ішкі татулық пен ынтымақтастыққа тікелей байланысты екенін қазақ халқы ұғына білді. Ішкі, сыртқы арандатушы күштердің айтағына ермеді. Елдегі “кіші” ұлттардың тілін, дінін құрметтеп, мәдениетін өркендетуіне даңғыл жол ашып қойды. Бұдан 15 жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы әлемге үлгілі үлкен тарихи уақиға болды. Бүгінде “қырық рулы” федералды мемлекет Ресей де бұл жүйеде Қазақстан тәжірибесін үйренуге ниет танытып отыр… Президент “Діни алауыздық ұлттық алауыздыққа соқтыратынын” жиі айтып келеді. Құдайға шүкір, қос өкпеден қысқан дағдарыс жылдары да Қазақстан экономикасы дамып, халықтың әлеуметтік жағдайы да ойсырамай, тынысы әсте тарылған емес.

…“Ырыс алды – ынтымақ” екені қадымғы бабалардан қалған тәлім. Қазақстанда тұрып жатқан ұлттардың бәрінің дерлік тарихи отандары бар екені де әмбеге аян. Сондықтан, оларды диаспора өкілдері деп атаған ағат емес. …Мектепсіз, театрсыз, ұлттық басылымсыз атамекенінен оқшау қалған қазақ диаспоралары ассимиляцияланып “жоғалып” барады. Оны жасырып-жабу мүмкін емес. Осындай салқын көзқарас салдарынан, әсіресе, қаймағы бұзыла қоймаған Өзбекстан мен Түрікменстан қазақтары атажұртына қарай жөңкілуде. Біздің еліміздегі тоқшылық, бейбіт тұрмыс “атасы басқа” тәжік, қырғыз ағайындардың да босып келуіне сеп болып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Біздің қазақ халқы – мемлекеттің негізін құрушы, оның тағдырына жауап беруші, ішіміздегі өзге ұлт өкілдеріне өнеге көрсететін барлық істе бастамашы болуға тиісті ұйытқы халық. Сондықтан, үлкен ұлтқа тән төзім мен сабырлы мінез көрсете білген жөн” деген еді.

Салауатты да салиқалы сөзге бірдеңе қосудың өзі қиын. …Балдай тәтті татулықтан айырмасын!.”. Авторы: Қалбай ӘДІЛ.

ZHASALASH.KZ. “Ұлт бiрлiгi”: ұтыс пен ұтылыстың жиынтығы”. “Қоғамдық күштер мен билiк арасындағы талас-тартыстың нысанына айналған доктрина төңiрегiндегi мәселеге нүкте қойылды. Өткен аптада мемлекет басшысы ұлт жанашырлары мен билiк өкiлдерiнiң бiрлесiп жасаған “Ұлт бiрлiгi” доктринасына қол қойып, оны ресми мақұлдады. Осы оқиғаға орай жұмысшы тобының өкiлдерi Астанада арнайы баспасөз мәслихатын өткiздi. Жаңа доктринаның нұсқасы бiрқатар БАҚ-та жарық көрдi….

Алғашқы нұсқасымен салыстырғанда, жаңадан жасалған доктрина, әрине, мүлде бөлек құжат. Бiрақ, оның да “әттеген-айлары” көп екенi бiрден аңғарылады. Кемшiлiктерi де жетерлiк. Олай болса, “Ұлт бiрлiгi” доктринасын бүгiнгi билiк тұсындағы “өтпелi кезеңнiң” құжаты ретiнде қабылдаған жөн шығар, бәлкiм. Бүгiнгi ұлтсыздыққа бет бұрған билiк пен келуi мүмкiн жаңа ұлтжанды билiктiң арасындағы құжат ретiнде. Ондай билiк келсе, Тұжырымдама қазақтың тұғыры болары сөзсiз”. Авторы: Жанболат МАМАЙ.

Кедейлерi көбейген елмiз”. “Қазақстандағы халықтың өмiр сүру деңгейi, тұрмыс-тiршiлiгi қандай? Тапқаны тамағына жете ме? Осы және басқа да әлеуметтiк мәселелерге жауап iздеу мақсатында “Стратегия” әлеуметтiк және саяси зерттеулер” қоғамдық қорының төрайымы Гүлмира IЛЕУОВАны әңгiмеге тарттық.

Көршiлес мемлекеттермен салыстырғанда қазақстандықтардың тұрмыс-тiршiлiгi қай деңгейде?

Зерттеу нәтижелерi бойынша, Қазақстан халқы өзiнiң әл-ауқатына көбiне оң баға беруде. Әрине, дағдарысқа байланысты халық iшiнде оптимизм азайған. Әсiресе, 2009 жылдың наурыз айындағы теңгенiң құнсыздануына байланысты. Дегенмен, қазiргi уақытта әлеуметтiк көңiл-күйдiң көрсеткiштерi түзелiп келедi. Бiрақ, мұнда ажыратып айту қажет, қоғамда әлеуметтiк оптимизмнiң басым болуы халықтың тұрмыс деңгейiнiң жоғары екенiн бiлдiрмейдi. Зерттеу көрсеткендей қазiргi уақытта халықтың көпшiлiгi кедейлiктiң тауқыметiн тартып отыр. Ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң мөлшерiмен есептейтiн болсақ, Қазақстан Ресейден әлдеқайда артта қалды. Мәселен, қазiр бiзде ең төменгi күнкөрiс мөлшерi 12-13 мың теңге шамасында болса, Ресейде 25 мың теңге көлемiнде. Екi есе жоғары. Қазақстанда халықтың шамамен 40 пайызы жан басына шаққанда осы 12 мың теңгемен күнелтедi…. Әрине, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжiкстанмен салыстырғанда тұрмысы жақсы. Бiрақ, мойындау керек, Қазақстанда халықтың табысы жоғары жақта айтылатын деңгейде емес. Мәселен, президент өз сұхбаттарының бiрiнде халықтың 15 пайызы ғана кедей, табысы төмен деген мәлiмет келтiрдi. Бiздiң зерттеулер бойынша, бұл көрсеткiш 40 пайызға тең. Негiзi, Қазақстан мен Украинаны жиi салыстырамыз. Ондағы табыс Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жоғары. Бiрақ, халқы ашулы. Күнкөрiстерiне көңiлдерi толмайды. Қазақстанда күнкөрiс нашар болса да, ел разы. Қалың көпшiлiк “осыған да шүкiршiлiк, әйтеуiр, басқалардан тәуiрмiз ғой, бастысы — бейбiтшiлiк” деген пiкiрдi ұстанады. Соған сәйкес ертеңгi күнге сенiм бар. Әсiресе, президенттiң жолдауын тыңдайтындар көбейдi. Халықтың 80 пайызы. Былтыр 60 пайыздан сәл-ақ асқан-тұғын.

– Жолдау халықтың сенiмiн ақтап жатыр ма сонда?

Сенiмдi тек жалақыны көтерумен ақтауда. Жолдауда көптеген мәселелер айтылады. Саяси, экономикалық. Алайда, зерттеу нәтижесiнде халықтың күтетiнi тек жалақы көтеру мәселесi екенiне көз жеткiздiк. Жалақысын көтерсе, халық соған мәз. Көбi саяси реформаларды, басқа партияларды қолдауды ойлай бермейдi.

– Соңғы кезде әлеуметтiк мәселелер шешiлмей, қордаланып қалуынан халық ереуiлге шығып жүр. Бұған қандай баға бересiз?

Жалпы, Қазақстанда жылдан-жылға саяси белсендiлiк өсiп келедi. Өйткенi, соңғы уақытта шешiмiн таппаған жаңа мәселелер пайда болды. Мәселен, үлескерлердiң жайы. Бұрын мұндай мәселе жоқ едi.

Жаңаөзендегi ереуiлдiң жайы бөлек. Онда еңбек қатынасындағы дау-шар. Мұндай ереуiл Қазақстанда жиi бола бермейдi. Бiрiншiден, онда айрандай ұйыған ел тiршiлiк етедi. Қандай да ереуiлдi әп-сәтте ұйымдастыруға әбден болады. Екiншiден, ереуiлге шыққандардың қызметi бiр. Яғни, жұмысшылар. Асылы, ондағы дау-жанжалды жiтi бақылап, шешу керек. Бiрақ, әлi күнге Жаңаөзендегi мәселеге нүкте қойылған жоқ. Жалпы, Қазақстанның 3 пайыз халқы билiкке қарсы алаңға шыға аламын деп жауап беруде. 5 пайызы рұқсат етiлмеген наразылық шарасына қатыса аламын деген.

– Алдағы уақытта ортаға салып, зерттейiн деп жүрген әлеуметтiк мәселелерiңiз…

Ең алдымен, тұрғын үй мәселесi. Қазақстанда бұл мәселесiнiң қаншалықты деңгейде шешiлгенiн анықтамақпыз….”. Әңгiмелескен – Дилара ИСА.

ZAMANDAS.KZ. “Елбасы айлығыңды көтереді, шенеуніктер оны теспей сорады…”. Айналаң толған парадокс. Таңқала-таңқала таңдайымыз жауыр болатын шығар. Жолдауды айтсам, мырс ете қаларсыз. Бірақ айтуға тура келіп тұр. Әңгіменің негізі сонда жатыр. Обалы не керек, Елбасы сәуірден бастап жалақы, зейнетақы, шәкіртақының көбейетінін айтқан. Ай сайын қолға тиіп отырған қаржыға 25 пайыз үстеме қосылатын болған. Ол қосылды. “Енді неге таңқалып отырсың?” дерсіз. Мәселе мынада…

25 пайыз үстеме қосылып еді айнала қымбатшылыққа ұрынды. Қызыл көрген бұқадай базардың нарқы асқақтап, халықтың қалтасына түсе бастады. Мәселен, бір аптаның ішінде азық-түліктің бағасы қымбаттап кетті. Базардың нарқын зерттеген “ҚазАгроМаркетинг” мекемесі осылай деп отыр. Олардың айтуынша, қымбатшылық қарағандылықтардың қабырғасына қатты батыпты… Айлығың 25 пайызға көтеріледі, “капуста” 67 пайызға бір-ақ шарықтайды. Қымбатшылық, Астананың іргесінен басталып жатыр. Елорданың өзі де жетісіп тұрған жоқ. Астанада ұнның, Алматыда қаймақ, жұмыртқа және жылқы етінің бағасы әжептеуір өскен. Ал, бүгін премьер-министр Кәрім Мәсімов азық-түлік пен жанар май бағасының қымбаттау себебін анықтайтын арнайы топ құруды тапсырды. Үкімет басшысының айтуынша, министрліктер мен жергілікті атқарушы биліктің жұмысында шалалық бар. Бағаның қымбаттау себебі осыдан екен.

Үкіметбасыңның өзі елдегі қымбатшылықтың себебін атқарушы биліктің шалалығына балап отыр. Сонда Елбасы ақшамызды көбейтіп, шенеуніктер оны қалтамыздан ерікімізден тыс сауып отыр ма? Бұл қалай болғаны?..”. Авторы: Н.ҒАЛЫМЖАН.

MINBER.KZ. “Business New Europe: Қазақ банктері “өлімнен аман” қалды”. “Қазақ банктерінің қаржылық жағдайына Еуропалық басылым оң баға беруде. Business New Europe сарапшылары қазақ банктерін тек қана үкіметтің өзі тығырықтан алып шықты деп санайды. Шетелдік инвестордардың сарыла күткен жаңалығы қазақ банктерінің тезірек қайта құрылымдауы еді. Себебі дағдарыс тұсында ел ішіндегі ахуалдың өзегін осы банктер құрады…

Биліктің күшімен қарыздың сомасы 2009 жылы 39,2 млрд АҚШ долларынан 28,4 млрд АҚШ долларына дейін азайтылды. Қазақстанда банктердің бағыт-бағдарын үкімет жіті назарда ұстап отыр. Бұл оларға еркін жұмыс істеуге мүмкіндік бермегенімен, екінші есептен қаржылық тұрақтылыққа кепіл болуы тиіс”. Авторы: Мақсат АЯН.

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 5 мамыр. Kazakhstan Today — Әлемдік экономиканың тұрақтылығы мен өсуінің жандану ұзақтығы белгісіз және дағдарыс қайталану қаупі сақталып отыр. Бұл туралы кеше үкімет үйінде Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВтың төрағалығымен ҚР үкіметі жанындағы экономикалық консультанттар кеңесінің кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлағандай, кеңес отырысында Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы әзірлеген «Мемлекеттік дағдарысқа қарсы шараларға бағалау және талдау — экономикалық саясат үшін салдарлары» тақырыбындағы баяндама тыңдалып, талқыланды. Бұл баяндамада Қазақстан экономикасына жаһандық дағдарыстың әсер ету дәрежесі және негізгі факторлары көрініс тапқан, ел экономикасын қолдаудың дағдарысқа қарсы қабылданған мемлекеттік шараларының тиімділігіне баға берілген.

Қоғамдық проблемаларды талдау орталығының директоры Меруерт МАХМҰТОВА әлемдік экономиканың тұрақтылығы мен өсуінің жандану ұзақтығы белгісіз және дағдарыс қайталану қаупі сақталып отырғанын атап көрсетті. Осыған байланысты сарапшылар қысқа және орта мерзімді экономикалық саясатқа түзету енгізу жөнінде ұсыныс енгізді.

….Экономикалық консультанттар кеңесі ел премьер-министрі К.Мәсімовтің тапсырмасымен 2008 жылы қарашада өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жетекші қазақстандық сарапшылармен консультациялар өткізу мақсатында құрылды.

Кеңес құрамына жетекші қазақстандық сарапшылар және экономикалық мәселелерге маманданған ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері енді.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ