«АҚШ президентінің көмекшісі қазақ-қырғыз шекарасының ашылуын басты мәселе етіп көтермекші». «7 Мамыр – Отан қорғаушылар күні». «Ұлы жеңіс – ұрпаққа ұлағат»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 7 мамыр 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “АҚШ президентінің көмекшісі қазақ-қырғыз шекарасының ашылуын басты мәселе етіп көтермекші”. “Қазақстан үкіметі көршілес қырғыз елімен шекарасын 7-ші сәуірде Бішкектегі халық толқуынан кейін жапқан болатын.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен Қырғызстанның уақытша үкіметінің басшысы Роза ОТУНБАЕВА телефон арқылы сөйлесіп, екі ел арасындағы шекараны 5 мамырда ашу туралы келіскен екен. Бұл туралы Қырғызстан уақытша үкіметі аппаратының жетекшісі Еділ БАЙСАЛОВ Азаттық радиосының қырғыз қызметіне берген сұхбатында мәлімдеді. Алайда қазақ-қырғыз шекарасы әлі ашылған жоқ….

Бейсенбі күні кешкісін қазақ-қырғыз шекарасы 11 мамырда ашылады деген ақпарат түсті. Бұл туралы уақытша үкімет өкілі Темір САРИЕВ Бішкекте өткізген баспасөз-мәслихатында хабарлап отыр. Сариев шекараны ашу мәселесі бойынша Өзбекстанмен келіссөздер жүргізіліп жатқандығын мәлімдеді.

Қазақстанның шекара қызметі бұл ақпаратты растаған жоқ. “Шекараның ашылғандығы туралы ресми түрде хабарланады” деді Лариса ДМИТРЮК. Қырғызстанның уақытша үкіметтің дерегі бойынша, шекара жабылған бір айдың ішінде ел экономикасы ондаған миллиард сом шығынға батқан”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

EGEMEN.KZ. “ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ ЖАҢА МЫҢЖЫЛДЫҚТА”. “7 Мамыр – Отан қорғаушылар күні. Қалыптасқан игі дәстүр бойынша Қазақстан халқы мен Отан қорғаушылар 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің жарқын мерекесі қарсаңында Отан қорғаушы күнін атап өтеді.

Біз қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысы майдандарындағы ерліктерін, олардың тылдағы қажырлы еңбегін әрқашан мақтан тұтамыз. Ұлы Жеңісті жақындатқан ардагерлердің ерлігі мен қаһамандығы алдында басымызды иеміз.

Аға ұрпақтың ерлік дәстүрлері төл Қарулы Күштеріміздің қатарында лайықты қызмет атқарып жүрген бүгінгі қазақстандық жауынгерлердің сапында да заңды жалғасын табуда.

Осыдан 18 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды…

Қазақстандықтар өздерінің қорғаны – Қарулы Күштерімен мақтана алады. Бүгін – Отан қорғаушы күні. Бұл – бүкіл Қазақстан халқының мейрамы. Бұл – Қарулы Күштер ардагерлерінің және барлық әскери қызметшілердің төл мерекесі.

Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерін, сондай-ақ барша қазақстандықтарды Жеңістің 65 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын. Жеңіс солдатының даңқы арта берсін!

Ел тәуелсіздігінің кепілі Отан қорғаушыларын төл мерекелерімен құттықтаймын. Тыныштық күзетіндегі абыройлы қызметтеріңіз бен сүйікті Отанымыз – Қазақстан Республикасын гүлдендіру жолындағы еңбектеріңізге табыстар тілеймін! Елімізде ерекше қастерленетін мерекелердің қатар келуі де ұрпақтар сабақтастығының жарқын дәлелі болса керек”. Авторы: Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі.

ANATILI.KZ. “Ұлы жеңіс – ұрпаққа ұлағат”. “Жеңіс – ұшқалақ мінезбен қабылдай салатын ұғым емес. Астарына үңіліп қараңыз. Осы бір ғана сөз үшін талай боздақтың төгілді қаны, талай жанның тапталды ары, сан әйелдің опат болды жары, өмірдің артты мәні, соғысқа арналды сол заманның әні, қыршыннан қиылды жаны, ақыры… Жеңістің атты нұрлы таңы. Аналарды аңыратқан, жас баланы жамыратқан, қарашаңырақты қаңыратқан соғыс бұл. Қорлық көріп фашист-жаттан, ерлер салған ұран – “Аттан”, айырылмау үшін бастағы бақтан, қар төсеніп, мұз жастанып, бір сүйем жер үшін соғысып, әр төбе үшін алысып, жауды жеңуге жарысып, жанын аямай, елді аялай, серттен таймай, сырын жатқа жаймай батырлар өткен өмірден.

Сөзімізді Сырбай ақынның жырымен жалғайық: “Көрдің бе ұлын ананың?”, “Көрдің бе жарын арудың?”, “Көрдің бе оның көкесін?”, “Соғыстан қайтқан қайтқан солдаттар!”. Қанға құмар, соғысқа жерік болған фашистік Германиямен соғысқа Алаш атырабынан 1 миллион 700 мың қазақстандық аттаныпты. Сол кездегі халық санына шаққанда бұл – әрбір төртінші адам майдан даласында мылтық асынған деген сөз. Соғысқа аттанған азаматтардың жартысына жуығы ұрыс даласында қалды. Елге оралмады…

P.S. Сөз арасында тағы бір ой қалып барады. Ол – қазақтың батыр ұлдары атындағы орден-медаль тағайындалса деген ой. Қабанбай, Наурызбай, Бөгенбай, Қарасай, Райымбек, Байғозы батырлардың аты медальға айналып, бүгінгі баһадүрлердің кеудесінде жарқыраса, өршіл рухты өр Махамбеттің жарқын бейнесі намысты ұлдың жүрек тұсында тұрса, бір керемет емес пе?.. ”. Авторы: Ержан БАЙТІЛЕС.

TURKYSTAN.KZ. “Заман шындығы неге жазылмады?”. “Кеңес дәуiрiндегi қазақ жазушыларының көптеген тарихи шығармаларында отаршылдық сипатының кескiн-келбетi жете ашылмады. Әсiресе орыстар қазақ жерiне аяқ басқалы үлкен әлеуметтiк-саяси проблема болып келе жатқан екi ұлт арасындағы күрделi қарым-қатынас мәселесiн тiлге тиек ету оңайға соққан жоқ. Орыс империясының өкiлдерi бұратана халық ретiнде санаған қазақтардың сырттан қоныс аударып келушiлер тарапынан зорлық-зомбылық, кемсiту көргенi тарихи шындық екенi рас.

Мәселен, Ғ.МҰСТАФИНның Қазан төңкерiсi мен Азамат соғысы жылдарындағы қазақ өмiрiн суреттейтiн «Көз көрген» мемуарлық романында бұл мәселенiң сөз болуы тым жұтаң. Жазушы бас кейiпкер Сарыбаланың көзiмен Ресей отаршылдарының қазақ жерiндегi iс-әрекеттерiнен хабардар ете келiп, орыс-қазақ қарым-қатынасының жарқын жақтары басымырақ болғанын сездiредi. Мекеш деген кейiпкердiң екi келiмсекпен төбелесiп қалуын есепке алмағанда, екi халықтың арасындағы шиеленiстi жағдайлар мемуарлық романда жоқтың қасы. Бұның түгелiмен шындықпен ұштаса қоймайтынын, еркiндiк сүйгiш қазақтардың ұлттық тұрғыдан көп езушiлiк көргенiн жасырмай жеткiзудi жазушы қажет деп таппаған. Тек ол ғана емес, сол кезең оқиғаларын суреттейтiн басқа да роман-повестерден отаршылдық шындығын осылайша жұқалап қана айту сарыны байқалады.

Бұл шындықты орыс жазушыларының өздерi де ашып жазды емес пе! Мысалы, Жетiсу өлкесiндегi орыс мұжықтарының қазақ еңбекшiлерiне қысым көрсеткенiн Д.ФУРМАНОВ «Бүлiншiлiк» атты шығармасында ашық айтады…

Келiмсектердiң қазақ жерiндегi есiктен кiрiп, “төр менiкi” дейтiн осы психологиясы өзгердi деп айта аламыз ба? Мұндай қарау ниеттiң ғасырлар қойнауынан келе жатқан әлеуметтiк терiс құбылыс екендiгi әдебиеттердегi осындай деректерден байқалып отырады. Басқа ұлт өкiлдерiн кедергiсiз қабылдайтын қазақ шенеунiктерi өз ұлтына келгенде қырсығып, шаруасын бiтiрмеуге тырысатыны әр кезде айтылып жүр. Соның әдебиеттегi бiр мысалы – Қ.ЖҰМАДIЛОВтың «Таңғажайып дүние» мемуарлық романының мазмұнынан көрiнедi. 1962 жылы Қытайдағы қалың қазақтың тарихи отандарына қарай ауа көшуiне мұрындық болған, осы жолда талай бастықтың алдын көрген автор ендi сол тарихи отанына келген сәтте төрешiлдiк пен пендешiлiктiң шырмауына тап болады. Кекжиген бюрократ бастықтардың алғашқысы – Аягөз қаласында жолықққан аудандық атқару комитетi төрағасының орынбасары.

Оның шеттен келген қандастарының жағдайымен санасатын түрi жоқ. «Айттым, бiттi, кестiм, үзiлдi» деген сыңайда ытырынып тұр, өлердегi сөздерiн айтып, жалынып-жалбарынған босқындардың арыз-арманын құлағына да iлмейдi. Өтiнiш айтқан адамды маңайына жолатпай, ысқырынған бастық: «Мен сендердi шақырып келгенiм жоқ» деп шiренедi. Арғы беттен берi қарай ауған жұрттың көшбасшысы болып жүрген Қабдештiң көрiнеу қиянатқа шыдамай, жарылып кететiнi – осы сәт. Әлгi шенеунiктi орнына қойған тосын жағдай – мұндай төрешiлдiкке қаны қас кейiпкердiң жауапты орысша айтуы ғана: «Әрине, сiз шақырған жоқсыз. Олай ету сiздiң қолыңыздан келмейдi де… Бiздi шақырған – Мәскеу, жаңа ғана өзiңiз айтқан Совет өкiметi. Әлде сiз бұған қарсысыз ба? – дедiм таза орыс тiлiнде» [420-б.]. Ытырынып тұрған тәккаппар орынбасарды орнына қойып, тәубесiне келтiрген де осы сөз.

Мiне, осы эпизод арқылы жазушы жан жаралайтын екi-үш әлеуметтiк мәселенi бiр ауыз сөзбен ашып кеткен. Орыс тiлiндегi сөзге ғана құлақ асатыны, «Қарсысыз ба?» деген сөзден қорқып қалғаны, сөйтiп барып мәселенi оң шешуге тапсырма бергенi жаңағы төрешiл бастықтың қандай адам екендiгiн көрсетiп қана қоймай, империялық ұлтқа тәуелдi болған шағын халықтардың кейбiр өкiлдерiн дендеп алған құлдық психологиясы да айпарадай анық көрiнiп тұр. Бұл арада орыс тiлi мен орыс ұлты өкiлдерiнiң және провинциялық деңгейге түсiп қалған қазақ тiлi мен оны қолданушы жұрттың Қазақстан жағдайындағы ара салмағының қандай болғандығын байқау қиын емес. Өз жерiнде жүрiп, өзi де, тiлi де екiншi сортқа айналған қазақты тәуелсiздiк алғаннан кейiн де жетiлiп кете қойды деп айту қиын”. Авторы: Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы.

ZHASALASH.KZ. “Бұрын-соңды болмаған дау ушығып барады”. “Депутат Н.САБИЛЬЯНОВ сотқа берген азаматтар президент Нұрсұлтан Әбiшұлынан араша сұрайды.

Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Тарбағатай аулының тұрғындары Төлеубай АХМЕТОВ пен Жанарбек БЕКБАЕВ сәрсенбi күнi Ұлттық баспасөз клубында баспасөз мәслихатын өткiздi. Мәжiлiс депутаты Нұртай Сабильяновтың талап арызынан туындаған дауға байланысты.

Т.Ахметов былай дедi: “Тарбағатай ауылы туралы “Жас Алашта” жарияланған мақалада (“Тарбағатайлықтар Астанаға жаққа емес, Өскемен жаққа елеңдейдi”, 2009 жыл, 15 қазан, №83) “тарбағатайлықтар Нұртай Сабильяновқа өкпелi” деген сөз бар. Осы мақаланы оқығаннан кейiн депутат мырза “терiстеме жарияламасаң сотқа берем” деп “Жас Алашқа” талап хат жазды. Онысы аудандық Аягөз жаңалықтары газетiне басылды. Мұны бiз оқыдық. Ойпыр-ай, сонда “Жас Алаш” ненi терiстеуi керек? Сиыр сарыған су iшiп отырғанымызды ма? Әлде жолдың күйреп бiткенiн бе? Бiздiң өкпелегенiмiздi басылым қалай терiстейдi?

Осыдан кейiн бiз “Жас Алаштың” редакциясына және Сабильянов мырзаға хат жаздық. “Құрметтi Нұртай мырза! “Өкпенi түсiнетiн адамға өкпеле” деген сөз бар. Сiздiң 2007 жылдан берi Тарбағатайға келмедiңiз, бiз жаққа ат басын бұрмадыңыз. Бiздiң Нұртайымыз қайда деп сiзге өкпелегенiмiз рас. Ауылға келiңiз, бiздiң жағдайымызбен танысыңыз, өкпенi тарқатысайық”, — деп көрсеттiк әлгi хатта. Тура осы сөзiмiздi негiз етiп, ол кiсi бiздi сотқа бердi. Сегiз адамның әрқайсысынан 500 мың теңгеден моральдық шығын талап еттi. Ақтүтек боранда сотқа шабылып, әуреге түстiк.

Бас-көзге төмпештеп жатса, бiз неге қарап отыруымыз керек? Бiз де сотқа қарсы талап арыз берiп, Сабильяновтан әрқайсысымыз 3 миллион теңге моральдық өтемақы өндiрудi талап еттiк. Оны Аягөз — Тарбағатай тас жолын жөндеуге бөлгiзудi сұрадық…

ҚАРСЫ ПIКIР

Нұртай САБИЛЬЯНОВ, мәжiлiс депутаты:

БҰЛ АДАМДАРДЫҢ АРТЫНДА ӘЛДЕБIР ҚАРЖЫЛЫҚ ТОП ТҰР.

– Баспасөз мәслихатын өткiзгендердiң бiрi жауапкер емес. Жанарбек Бекбаевқа ешқандай талап қойып отырған жоқпын, — дейдi Н.Сабильянов…

Төлеубай АХМЕТОВ, жауапкер:

САБИЛЬЯНОВ АУЫЛ АДАМДАРЫН ҚАЙЫРШЫ САНАЙ МА?

— “Малым — жанымның садағасы, жаным — арымның садағасы” дейдi қазақ. Сабильянов сотқа бергеннен кейiн ұлыма көлiк алып берем деп отырған бар ақшамды адвокатқа төледiм. Сонда Сабильянов ауыл адамдарын бейшара, қайыршы санай ма? — дейдi Төлеубай Ахметов.

— Депутат сiздердiң арттарыңызда әлдебiр қаржылық топ тұр дейдi. Олар кiмдер?

— Егер қалтасында 300 мың теңгесi бар адамдардың бәрiн қаржылық топ десе, онда сол “қаржылық тобының” жетекшiсi мына менмiн. Ал ендi Сабильянов мырза 300 миллион немесе 3 миллиард доллары бар адамдарды кiм деп атайды сонда?

— Ұлттық баспасөз клубын қандай ақшаға жалдадыңыздар?

— Сейiтқазы Матаев бауырымызға мың да бiр рахмет. Баспасөз мәслихатын өткiзгенiмiз үшiн бiр тиын да алған жоқ”. Жазып алған Ерiк РАХЫМ.

MINBER.KZ. “China Knowledge: Ақтоғайдың түбін қытайлар үңгитін болды”. “Еуропалықтар қазақ экономикасын жан-жақтан зерттеп жатқан тұста, қытайлық инвесторлар тәуекелге бел буып, кен орындарын игеруге қатысты келісім-шаттар түзуде.

Сәуірдің соңғы күндерінде Қытайдың Jinchuan Group Ltd ірі никел өндіруші компаниясы Қазақмыс корпорациясымен Ақтоғайдағы мыс кенішін игеруде ортақ кәсіпорын құруға қатысты түсіністік меморандумына қол қойды.

Қытайдың China Knowledge басылымы таратқан деректерге сенсек, қытайлық инвесторлар Ақтоғай кенішінің 49 пайыз акция үлесін сатып алуға 129 млн АҚШ долларын жұмсамақ…

“Қазақмыс” корпорациясымен жасалған келісім-шарттың мазмұны әзірге белгісіз. Кенішті игеруге Қазақстаннан қанша адам қатысатыны, қандай шарттармен жұмысқа алынатыны анық емес...” Авторы: Мақсат АЯН.

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 7 мамыр. Kazakhstan Today — Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылған күніне орай Ақордада Елбасы, ҚР Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 2010 жылдың 5 мамырында «Жоғарғы әскери және арнаулы атақтар мен сыныптық шендер беру туралы» №984 жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ресми БАҚ-тарға сілтеме жасап.

«Генерал-полковник әскери атағын Сәкен ЖАСҰЗАҚОВқа, генерал-лейтенант әскери атағын Мұхтар АЮБАЕВқа, авиацияның генерал-лейтенанты әскери атағын Александр СОРОКИНге; генерал-майор әскери атақтарын : Руслан АЛИМОВ, Мүслім АЛТЫНБАЕВ, Бекет БАЙҒАЗИЕВ, Ғабит БАЙЖАНОВ, Нұржан ЖІГІТЕКОВ, Талғат ЖАНЖҮМЕНОВ, Өсер МИЗАНБАЕВ, Аманжол ОСПАНОВ, Асхат РЫСПАЕВ, Амангелді ТӘЖЕНОВқа; авиация генерал-майоры әскери атағын Алсай ЖҰМАНОВқа беруді қаулы етемін», — делінген жарлық мәтінінде.

Сондай-ақ, жарлыққа сәйкес «полицияның генерал-майоры арнаулы атағы: Амантай ӘУБӘКІРОВқа, Марат ДЕМЕУОВке, Жайлаубек КЕМБАЕВқа, Нұрлан РАХЫМБЕРЛИНге; 1 сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі шені Қайрат МӘМИге берілді».

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ