«Мәсімов Үкіметі қымбатшылыққа тойтарыс бермек». «Бақиға аттандыруды да бәсекелестікке айналдырып алған жоқпыз ба?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 13 мамыр 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Мәжілістің 99 депутаты халықтың атынан сөйлеп, Назарбаевқа «ұлт көшбасшысы» атағын алып берді”. “…Сол жолы депутаттар бастамасын бірауыздан мақұлдаған төменгі палата жобаларға қатысты қорытындыны 25 маусымға дейін дайындауды жоспарлаған еді. Дегенмен де депутаттар асқан жылдамдықпен, бір аптаның ішінде заң жобасын дайындап үлгеріп, оны бүгін әріптестеріне депутат Розақұл ХАЛМҰРАДОВ пен Рахмет МҰҚАШЕВ таныстырды…

Олардың айтуынша, бұл құжат НАЗАРБАЕВ биліктен кеткеннен кейін де мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарына қатысты бастамаларға оның келісімін алуды, президент қызметін атқару кезеңінде және одан кейінгі мерзімде жасаған іс-әрекеттері үшін жауапқа тартпауды қарастырады….

Еліміздің тұңғыш президенті – елбасына ешкімнің тиіспеушілік мәртебесін нақты регламенттеу мақсатында, Қазақстанның президенті өкілеттілігін орындау кезінде, одан кейін тұңғыш президент – елбасы мәртебесінің жүзеге асырылуына байланысты, жасаған іс-әрекеті үшін оны жауапқа тартуға, ұстауға, қамауға алуға, жеке басын тексеруге болмайтындығын айқындау ұсынылады, — деді Розақұл Халмұрадов.

Бұған қоса, заң жобасы Назарбаевтың және оның отбасының мүліктерінің бүтіндігіне кепілдік береді. Депутаттар Назарбаевтың өміріне қастандық іс-әрекетін террорлық қылмыс санатына жатқызуды ұсынып отыр.

Мәжіліс депуттары Астанада алғашқы президенттің бюстін орнатып, президент мұражайын Назарбаевқа беруді қалайды. Заң жобасы Назарбаевтың суретін бүлдірген кісіні қылмыстық жауапқа тартуды көздейді. Қылмыстық кодексе ұсынылған толықтырулар Қазақстанның тұңғыш президентінің суретін бүлдіруге, көпшілік алдында қорлауға және оның абыройы мен қадір-қасиетіне тіл тигізуге, оның өмірбаян фактілерін қаралауға жол берілмеуін қарастырады….

Халмұрадов пен Мұқашевтің баяндамаларынан соң депутаттар ұсынысты талқылауға кірісті. Пікірталас ұзаққа созылған жоқ…. Айта кетерлік жайт, депутаттар “ұлт көшбасшысы” ұсынысын өмірлік президент ұғымымен шатастырмауды сұрайды. Парламент 2007 жылы Назарбаевқа, Қазақстанның тұңғыш президенті ретінде, мемлекет басшысы қызметіне шектеусіз мәрте сайлауға түсіуге мүмкіндік алып берген еді….”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

AIKYN.KZ. “Мәсімов Үкіметі қымбатшылыққа тойтарыс бермек”. “МӘСІМОВ Үкіметі ел экономикасына “үлкен секіріс” жасатпақ. Үкіметбасының өзі Қазақстан экономикасының биыл биік белесті бағындыруға әлеуеті де, қауқар-шамасы да жететіндігіне сенімді. Қалай болғанда, кеше Премьер Кәрім Мәсімов Үкімет мүшелері мен әкімдердің алдына жаңа міндет қойды, тың меже белгіленгенін жариялады: билік барыс жылы еліміздің ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) 7% өсімін қамтамасыз етуге міндетті!

 Таяуда ғана Үкіметтің жиынында ол 2-3 пайыз жөнінде айтқан. Бірақ қазір Қазақ елінің “дағдарыстан кейінгі дамуға” ден қойып, Елбасы Жолдауында жария етілген өрлеуге бастағандығын жаһанға паш етудің қажеттілігі туындап отырған көрінеді. Сол себепті экономика мен өндіріске жауапты орталық органдар мен жергілікті басшылықтар “мұқият қарап, тағы қайда қандай өсім резервтері барлығын” табуға жұмылуға тиіс.

“ІЖЂ өсімінің қазіргі қарқынын бірінші жартыжылдықта және жыл бойы сақтап қалу үшін алда арттыру қажет етілетін тұғырлы көрсеткіштерді бағалаңыз!” деді ол…”. Авторы: Елдос СЕНБАЙ.

ALASHAINASY.KZ. “Бақиға аттандыруды да бәсекелестікке айналдырып алған жоқпыз ба?”. “Аты суық ажал ұғымын көбіне ауызға алудан қорқатынымыз да рас. Дегенмен ерте ме, кеш пе өлшеулі өмірді кешіп бәріміздің де арғы дүниеге аттанатынымыз тағы да ақиқат. Осы ақырет күніне дайынбыз ба? Оған қанша қаражат жұмсалады? “Байдың барын шашатын, жоқтың артын ашатын да” осы кез.

Жөн-жоралғысымен жөнелту де – артында қалғандарға үлкен сын. Соңғы әлетте марқұмды бақиға аттандырып салу да бәсекелестікке айналып бара жатқандай. Бар-жоғына қарамай, тыраштанып, қарызданып қалып жатқандар да бар. Мұндайда бір қайғының үстіне бір қайғы жамап алып жатқандар жетерлік. Бір-екеуіне тоқталып өтсек. Үйінде үлкен қариясы барлар ерте бастан қамданатыны белгілі. Ал аяқ астынан апатты жағдайда не ауыр науқастан қайтыс болғандардың отбасы үшін тіптен қиын. Марқұм жұмыс істейтін болса, зейнетақы қорынан қаржы бөлінеді. Оның өзі там-тұм. Жерлеу жұмысының бәріне жетеді деу тіптен мүмкін емес. Өлім туралы куәлікті алудың өзі апталарға созылады. Зейнеткер қайтыс болған жағдайда жерлеуге 15 еселенген айлық есептік көрсеткіш құны төленеді. Ал Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне 35 еселенген АЕК мөлшерінде жерлеу жәрдемақысы бөлінеді. Жерді сатып алмаған күннің өзінде де, көр қазушыға 7 мың теңге төлеу қажет. Жаназасын шығарған молдаға атағаныңыз мүлде бөлек. Одан кейін кей аймақтарда жыртыс тарату сәнге айналған. Бұрын беторамал таратушы еді. Заман алға жылжыған сайын бұл да өзгеріп барады. Бүгінде әйелдерге арнап арнайы қалтаға бір пиала, айна, тарақ, ине, жіп, білезік, беторамал, барқыт мата салатын болған. Тап бір сыйлық сияқты. Ал ерлерге шетіне құрғақ шай түйілген ақ орамал ұсынылады. Одан кейін мол етіп жайылатын дастарқаны, марқұмның жетісі, қырқы, жүз күндігі, жылы, асы бар. “Өлі риза болмай, тірінің байымайтынын” ескерген жақын жанашырлары қатардан қалмай, осының бәрін абыроймен өткеруге тырысады. Оларды да түсінуге болар. Дегенмен дінімізде ысырапқа жол беруге болмайтындығы тайға таңба басқандай етіп жазылған емес пе? Оны ескергісі келмейтіндер баршылық.

Мұхамеджан ЕСТЕМЕСОВ, имам:– Имамдар өлік шығып отырған үйге қиындық түспесін дейді. Бірақ қариялар сөзге тоқтап, айтқанын істесе, ысырап болмас еді….”. Авторы: Гүлжан КӨШЕРОВА, Тараз.

MINBER.KZ. “ҚЫТАЙДЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА БАЙЛАНЫСТЫ САЯСАТЫ”. ““…Жауы мен өзін жақсы білетін, жүз соғыста да қатерге тап болмайды. Жауын жақсы білмейтін, бірақ өзін жақсы білетін біресе жеңіп, біресе жеңілетін болады. Ал жауын да, өзін де білмейтін айқас сайын үнемі жеңіліс табады”. Сунцзы “Соғыс өнері” кітабынан

20 ЖЫЛДАН КЕЙІН ҚАЗАҚСТАНДА 20 МИЛЛИОН ҚЫТАЙ ӨМІР СҮРЕДІ-МЫС

… Қытайды зерттеп жүрген ғалымдардың пайымдауларына қарағанда, елдiң жалпы табиғи ресурстары 2 миллиард адамды қамтамасыз етуге ғана жетiп, одан кейiн өз мүмкiндiгiн сарқа беретiн көрiнедi. …Су көздерi тартылып, орман сиреп, жайылымдар азып, егiстiк алқаптар уланып, экологиялық апат төне бастағаны хақында өздерi де дабыл қағып жатыр. Қазiр Қытай елi – қақпағы жабық өз iшiне сыймай бұрқылдап қайнап жатқан қара қазан тәрiздес. Түбiнде ол бәрiбiр тасиды. Сонда, ол қалай қарай құйылады? …Бұл жерде Қазақстан үшiн өте үлкен қауiптiң басын ашып айтқан жөн. Қытайдың территориясымен шектесiп жатқан жерлерге назар аударып қарасақ, айналасының барлығы халықтың тығыз орналасуы нәтижесiнде тығындалып тұр. Қаруына сенген Ресейден сескенетін қытайлар үшiн тек қана Қазақстанға (Орталық Азия) қарай ағылуларына мүмкіндік қалады. 2002 жылдың 31 желтоқсанынан бастап тек ұлты қытайлар үшін Қытай үкіметі жеке куәлігі мен тіркелген мекен жайы туралы анықтамасы болса болды паспорт жасатып беру арқылы сыртқа кететін азаматтарының құжат рәсімдерін барынша жеңілдеткен және қаржыландырып келеді. Демек, Қытай азаматтарының шетелге кетуіне мүдделі. Оған қоса 2004 жылдан бастап қытай азаматтарының Қазақстанда бір күн визасыз болуына және жиырма адамнан тұратын туристік топтарға виза беруге үкіметіміз келісті. Осы сәттен бастап Қазақстанға қарай халық ағынының тығынын алып тастады деп есептеуге болады. Сондай-ақ бұған Қытайдағы ерлер мен әйелдер арасындағы табиғи тепе-теңдiктiң бұзылу процесiн қосыңыз. “Бiр отбасыға – бiр бала” саясатына 25 жылдай уақыт болды. Ендi қазiр сол кездегi реформа перзенттерi отбасы құратын уақыт келгенде үйленетін әйел таппай әлек. Сондықтан әйел затын сырттан іздеуге мәжбүр…

Қытай мигранттары ешқашан ассимиляцияға ұшырамайды. Керісінше топтасып, қауымдасып жүріп қалашығын салып өз ұлтының саяси мүддесін насихаттап жүреді. Онымен шектеліп қалмай Қытайдың экономикасын дамыту үшін шетелде жүргенде де барлық мүмкіндіктерін жұмылдырады. Қытайдың экономикасын көтерген, инвестиция әкелген де осы шетелдегі қытайлықтар екен.

Бір Алматы қаласында қазіргі күні жүзге тарта қытай кафесі мен мейрамханалары, 270 бірлескен кәсіпорын, 2 банк, 48 жанармай құю бекеті, бір Мәдениет орталығы, Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Қытай тілі орталығы, Конфуций институты, Ялянь сауда орталығы, Си Синхай, Бианху көшелері, Барахолка және Сауран сауда орталықтарындағы сауда нүктелері бар. Бұған Қазақстанның төлқұжатын алған 5000-нан аса азаматты да қосыңыз. Бұл Қытай ақпаратынан алынған нақты мәліметтер. Ал біздің құқық қорғау органдарымыз мұндай мәліметтерді құпия ұстайды. Себеп “бармақ басты, көз қыстыда. Ресейлік зерттеушілердің айғақтарына қарағанда, қытайлықтарды шетелге шығарып отырумен жүйелі айналысатын биресми жасырын ұйымдар бар екен. Әр елге шығарудың өзіндік мөлшері бар. Еуропа елдеріне 8-10 мың доллар, Ресейге 2,5-3 мың доллар көлемінде әр адамға шығын жұмсайтын көрінеді. Қазақстан ең арзандарының қатарына кіреді. Мекен жайға тіркелу үшін 100-200 доллар жеткілікті. Әлемдік тәжірибе дәлелдеп отырғанындай мигранттар тарихта ешқашан мемлекетке пайда әкелмеген, әкелмейді де. Енді осының бәрі аздай қытай және орыс тілдерінде “Хасакэсытань хуацяо бао” деген газетін шығара бастады. Газетте Қазақстандағы қытай диаспорасына арналған деп жазылған. Сонда біз қытай диаспорасының пайда болғанын да білмей қалғанымыз ба? Бұл жақын уақытта, мүмкін 5-6 жылда Қытай үкіметі Қазақстандағы қытай тілділердің құқығын қорғайды деген сөз. Әрине адам пайда болған жерде құқығы да пайда болады. Сондай-ақ Алматыда Қазақстандағы барлық қытайларды басқарып отыратын (қазіргі тілмен айтқанда жергілікті халықтан қорғап отыратын “крыша”) “триада” деген бандиттік топтың да пайда болғанын біреу білер біреу білмес. Бұған қоса жақында қытай ұлттық мәдени орталығын ашуды да жоспарлап жатқандығын естеріңізге салайын. Қытай мигранттарының Алматыда қаптап келе жатқанына байланысты мәселе көтерілгенде ішкі істер органы оның жалған екендігін жариялады. Сонда деймін-ау біз күнде қаптаған қытайлықтарды көріп жүрген көзімізге сенеміз бе әлде ішкі істер органының мәліметтеріне сенеміз бе? Осы арасы түсініксіз. Және бұл тек Алматыдағы ғана жағдай. Басқа жердегі жағдайды айтпай-ақ қоялық. Ал бас қаламыздағы қытай мәселесін айтып өтпеске болмас. Астанамыз Астана қаласының қақ ортасынан ойып тұрып қытайдың ұлттық нақышында салған зәулім “Пекин палас” қонақ үйіне айына шамамен 600-700 қытай азаматы қонақтайтынын, оған қоса Астана қалалық әкімшілігі қытай сауда орталығын салуға жер бөліп беріпті”. Авторы: Пазылбек АБСАТТАРҰЛЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 13 мамыр. Kazakhstan Today — Астанада кеше ҚР мемлекеттік хатшысы — сыртқы істер министрі Қ. САУДАБАЕВ Үндістан Республикасының сыртқы істер министрі Соманахалли Маллайх КРИШНАмен кездесті, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР СІМ хабарламасына сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 12 мамырында Астанада ҚР мемлекеттік хатшысы — сыртқы істер министрі Қ. Саудабаев өзінің әріптесі, Индия Республикасының сыртқы істер министрі Соманахалли Маллайх Кришнамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастың ағымдағы жағдайын, қазақстандық-индиялық стратегиялық әріптестіктің даму болашағын және өткен жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың Үндістан Республикасына сапары кезінде қол жеткізген келісімдердің жүзеге асырылуы жайлы талқылады.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін көтере отырып, сыртқы саяси ведомстволардың басшылары экономикалық байланыстар көлемі Қазақстан мен Үндістан қарым-қатынасының ауқымды әлеуетіне сәйкес келмейтіндігін атап өтті. Осыған орай, Қ. Саудабаев әріптесін біздің еліміздің индустриалық-инновациялық даму бағдарламасымен таныстырып, осы бағдарламаны іске қосуда Индияның көлемді әрі нақты қатысуын қолдайтынын айтты…

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ