«Халық билігінің» шақыруымен аштық уақытша тоқтады…». «Трансазиялық парламенттік форум: Аймақтық қауіпсіздікке әрбір мемлекет жауапты». «Қырғыздар қырқысып жатыр»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 17 мамыр 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясаты Вашингтонның бүкіл әлемге ұсынып отырған құндылықтарына сай келе ме?”. “Егер Орталық Азия халқының өзі азаматтық белсенділік танытпайтын болса, онда Батыс авторитарлық режимдерге сырттан ықпал ете алмайды деген пікір білдірді британдық сарапшы Азаттық радиосы өткізген дөңгелек үстелде…”. Дайындаған Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ.

Халық билігінің” шақыруымен аштық уақытша тоқтады, Нарымбаевқа қылмыстық іс қозғалды”. “…Наразылық іс-шарасын ұйымдастырушы Жасарал ҚУАНЫШӘЛІнің айтуынша, 14 күнге созылған аштық акциясын үзуге “Халық билігі” саяси блогының ашығушыларды акцияны тоқтатуға шақырған үндеуі түрткі болды. Шешім саяси блог өкілдерімен кездесуде қабылданды…

Аштыққа қатысушылардың пікірінше, наразылық іс-шарасы белгілі бір деңгейде қоғамда өзінің рөлін атқарып шықты.

— Біз әдейі жоспарлап шыққан жоқпыз. Екі апта отырып, Назарбаевқа қарсы шығуға болатындығын дәлелдедік. Бұл “Назарбаев кет!” деген бірінші акция болды. Халық біліп отыр. Біз аштықты біржолата тоқтатпаймыз, оны уақытша ғана үземіз, — деді Қуанышәлі….”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

AIKYN.KZ. “Трансазиялық парламенттік форум: Аймақтық қауіпсіздікке әрбір мемлекет жауапты”. “Айтулы шараға ЕҚЫҰ-ның Парламенттік ассамблеясының төрағасы Жоао Соареш, ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы — Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВ, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Мәжіліс төрағасы Орал МҰХАМЕДЖАНОВ және ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы Марк ПЕРРЕН де БРИШАМБО қатысты.

Трансазиялық парламентшілердің алдында сөз сөйлеген ЕҚЫҰ-ның Парламенттік ассамблеясының төрағасы Жоао СОАРЕШ: “Біз қазақ төрағалығын жоғары бағалаймыз. Жалпы, Қазақстан төрағалығына қатысты ұсыныс түскен күннен бастап, Парламенттік ассамблея бұл бастаманы қолдап келді. Бұл тек Хельсинкі рухына ғана жауап бермейді, сондай-ақ Қазақстанның бұл төрағалықты абыроймен атқарып отырғаны баршаға аян” деп мәлімдеді. “Қырғыз дағдарысында” ЕҚЫҰ-ның атқарған зор қызметін де атап көрсеткен Жоао Соареш: “Біз жоғары басшылардың басын қосатын саммитті өткізу бастамасын қолдаймыз. Бұл идеяны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ көтерген еді. Бүгінде бастамаға Франция, Ресейдің президенттері, сондай-ақ АҚШ-тың жаңа әкімшілігі оңтайлы қарап, қолдау білдіріп отыр” — деді.

Ал ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Мемлекеттік хатшы — Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев форум мүшелеріне арналған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуін жеткізді. Ђз үндеуінде Елбасы: “Трансазиялық форумды өткізу ЕҚЫҰ қызметіне қатысты өзекті мәселелер — аймақтық қауіпсіздіктегі орталықазиялық өлшем, оның ішінде, Қырғызстандағы саяси жағдай, Ауғанстанды қалпына келтіру, әлеуметтік-экономикалық дамудағы маңызды өлшемдер мен қоршаған ортаны қорғау және гуманитарлық өлшем мәселелерін талқылауға жақсы мүмкіндік береді” — деп, форум жұмысының маңызына тоқталды”. Авторы: Кәмшат ТАСБОЛАТ.

EGEMEN.KZ. “ФРАНЦУЗДАРДАН ҮЙРЕНУГЕ БОЛАДЫ”. “Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың дағдарысқа қарсы және тұрақтандыру шаралар пакетін іске асыру саласындағы стратегиялық бастамалары арқасында Қазақстан экономикалық өсу мен банк секторының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, экономиканы белсенді әртараптандыру мен индустриялық-инновациялық дамуға кірісті. Бұл тұрғыда Францияның әлемдік экономикалық және қаржы дағдарысы салдарларын еңсеру жөніндегі тәжірибесі үлкен қызығушылық тудыратыны анық. Осыған орай дүние жүзіндегі дамыған елдердің қатарынан саналатын кәрі құрлықтың тарлан елінің экономикасы, еліміз үшін одан үйренуге болатын өнегелер, екі елдің экономикалық байланыстары туралы сөз етуді жөн көрген едік…

Жоғары әлеуметтік бағытты рыноктық экономика тетігін сақтай отырып, стратегиялық маңызды салаларда мемлекеттік қатысудың елеулі мөлшерде болуын француз экономикасының сипатты ерекшелігі деп атап өтуге болады. Генерал де ГОЛЛ уақытынан бері Францияда мемлекеттік дирижизм мәдениеті санаға сіңдіріліп келді. Яғни, ең маңызды салаларда индикативтік жоспарлау және олардағы мемлекеттік меншіктің белгілі бір үлесін сақтау қағидаттарына негізделген экономиканы басқаруға белсенді мемлекеттік араласу саясаты іске асып отырды…

Ынтымақтастықтың осы бағыттары “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасының міндет-мақсаттарына толығымен сәйкес келеді. Аталған жобалар француздың озық технологияларын тек алу үшін ғана емес, сонымен қатар ұзақ мерзімдік перспективада біздің еліміздің бәсекелестік артықшылықтарын қалыптастыру үшін база жасауға, жедел индустрияландыру мен әртараптандыруды жүргізуге, Қазақстанның тұрақты дамуға деген трендін орнықтыруға мүмкіндік береді”. Авторы: Нұрлан ДӘНЕНОВ, Қазақстан Республикасының Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі.

DMK.KZ. “ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫ”. “Мемлекетті аяққа тұрғызу қай кезеңде болса да оңай шаруа болмағаны анық. Мұны әрқайсымыз жадымызда мықтап ұстауымыз керек. Сонау тоқсаныншы жылдары халықтың тұтастығын сақтап, әлеуметтік қиыншылықтарды шешу үлкен сын болғаны белгілі. Осы кезеңде Елбасы талай сынақтан сүрінбей өтіп, еліміздің келешегін келісті ету жолында тынбай еңбек етіп, толағай табысқа қол жеткізді. Бүгінде әлемді дүрліктіріп жатқан қаржы дағдарысының да ең қиын кезеңдерін Елбасының оралымды саясатының арқасында артқа тастадық…”.

ALASHAINASY.KZ. “Қырғыздар қырқысып жатыр”. “…Ал дәл осы кезеңдерде қазақстандық журналистермен кездесуге арнайы келген Қырғызстанның “Ар-Намыс” партиясының жетекшісі Феликс КУЛОВ: “Қырғыз халқының бұл әрекетінен жабайылықты іздеудің қажеті жоқ. Осы жағдайға итермелеген – биліктің өзі. Демократиялық таңдау жасаған халық тұрақтылық қалпына келтірілгенше уақытша үкіметке сенім білдіреді деп ойлаймын”, – деген-ді. Төңкеріске түрткі болды деген билік құрылымындағы бәкиевшілер жаппай шеттетіліп, уақытша үкімет орнағанына бір ай уақыт өтер-өтпестен, Куловша айтқанда, “тағылығы емес, саяси мәдениетінің жоғарылығынан билікті оңай төңкеріп тастайтын қырғыз халқы” тағы да шала бүлініп жатыр…

Уақытша үкімет өкілдерінің айтуынша, кезекті бүлікті ұйымдастырушы – бір кездері Құрманбек БӘКИЕВтің кеңесшісі болған “Жаңа Қырғызстан” партиясының жетекшісі Үсен СЫДЫҚОВ. Кеше түс ауа Ош облысының Ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Шәкір ЗҮЛІМОВ ақпарат құралдарына мәлімдеме жасап, Ү.Сыдықовтың тұтқындалғанын жеткізді.

Бұдан кейін іле-шала уақытша үкіметтің қарауындағы күштік құрылымдар қырғыз коммунистерінің басшысы Ысқақ МАСАЛИЕВті тұтқындады…”. Авторы: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ.

JASQAZAQ.KZ. “Саяси миссиямды атқардым”. “…Өкінішке қарай, Т.ЖҮКЕЕВ “Aйт-PARK” модераторы Н.ЕРІМБЕТОВтің тосын сауалдарына тұшымды жауап бермеді. Әңгімесі бірде сиырқұйымшақтанып кетсе, бірде сұраққа қайтара сауал тастап отырды. Дегенмен, ары итеріп, бері тартқан әңгіме 1 сағат 46 минутқа созылды. Саясаткер нағыз өз кәсібінің білгір маманы боп шықты. Көп сөйледі, бірақ ештеңе айтқан жоқ. Пікірі де жұмсарып қалыпты. Көңілге қонымды әңгіме болады деп күткенбіз. Пікірталастың соңында Ерімбетовтің өзі әзіл-шыны аралас “сіздің дәл осылай сөйлейтініңізді білгенде, шақырмас едім”, – деп қалды. Енді оқырман назарына осы әңгіменің айта жүретін тұстарын екшеп ұсынып отырмыз.

Нұрлан Ерімбетов: Сізге сұрақты төтесінен қойғым келіп тұр. Жүкеев мырза, неге жоғалып кеттіңіз?

Төлеген Жүкеев: Мен өзімнің саяси миссиямды атқардым. Менің идеям екі партияны қосу болды. Бұл жобаны жүзеге асыру оңайға соқпады. Бір жылдан аса уақытымды сарп еттім. Бірақ саясаттан кеткен жоқпын. Күш-қайратым жеткенше, айналыса беремін. Ал қазір жаныма жақын жұмыспен айналысып жүрмін.

Нұрлан Ерімбетов: Мен сізбен келіспеймін. Жассыз, тәжірибеңіз де мол. Неге партияның жұмысын дөңгелетпейсіз? Сіз орындаған миссия мүмкін, өз межесіне жетпеген шығар?

Төлеген Жүкеев: Жоқ. Мен өзімнің көздеген мақсатыма қандай жолмен жетуді білетін адаммын

“ЖАС ҚАЗАҚТЫҢ” САУАЛЫ. Жас қазақ: Демократия ұшпағына шыққан елдерде биліктен дәмесі барлар алдымен оппозицияға барады. Одан соң билік… Ал бізде алдымен билік, одан “жерісе” ғана барар жері – оппозиция. Осы ерекшелік біздің саяси жүйемізге ғана тән патология ма, әлде басқа да бір себептері бар ма?

Төлеген Жүкеев: Бұл – қате пікір. Өмір болған соң, біз күтпеген әртүрлі жағдайдар болады. Мысалы, мен жас кезімде бірлескен кәсіпорындардың бас инженері, сосын директор болдым. Біраз дәрежеге жеткеннен кейін оппозицияға келдім. Керісінше, кейбіреулер өзінің саяси өмірін оппозициядан бастайды. Сосын билікке келеді. Бұл – өмірдің заңдылығы.

Жас қазақ: Биліктің өзгермейтінін сын садағына жиі алатын оппозициялық партия басшылары өз орындарын неге жас жігіттерге босатып бермейді?

Төлеген Жүкеев: Оны өздерінен сұрағаныңыз дұрыс болады. Олар үшін жауап бермей-ақ қояйын. Мен өзімді мысалға келтіргім келмейді (күледі). Менің ойымша, олар өздерін маңызды адаммын деп сезінетін шығар. Бірақ бәрі халыққа белгілі ғой. Бастарын кішірейткісі келмейтін адамдардың жаман әдеті ғой бұл”. Автор: Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 17 мамыр. Kazakhstan Today — Қарағанды облысындағы «АрселорМитталТеміртау» компаниясының Күзембаев атындағы шахтасында көміртегі тотығының концентрациясы көтерілуге байланысты шахтаның жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«560 метрлік тереңдікте көміртегі тотығының концентрациясы 0,1 — 0,2%-ға көтерілді. Шахтада барлығы 162 адам болған, 2010 жылдың 16 мамырында сағат 01.15-те кеншілер эвакуацияланды», — делінген ТЖМ хабарламасында.

«Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Шахтаның жұмысы уақытша тоқтатылды. Төтенше жағдайды жоюға «Көмір» РМКК тиесілі 50 адам мен 13 техникасы жұмылдырылды.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ