«Батыс Қазақстанда киік қырылып жатыр». «Төгілген мұнайды кім жинайды?». «Туризмнің ауылы қазаққа таңсық емес!»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 24 мамыр 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Батыс Қазақстанда киік қырылып жатыр”. “…Мамырдың 21 күнгі мәлімет бойынша белгісіз жағдайда өлген киіктер саны екі мыңға жеткен. Осыған байланысты Батыс Қазақстанға тексеру жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы сала мамандары барды….

Қазір жердің, шөп пен судың құрамы тексеріліп, өлген киіктерге қатысты сараптама жасалып жатыр. Мамандар киіктер уланып өлуі мүмкін деген болжам айтады…

Хабарларға қарағанда өлген киіктердің басым көпшілігі – ұрғашы. Қыстан аман-есен шыққан киіктер ендігіде түлеп, көбеюі тиіс. Биолог маман Жасқайыр ҚАРАҒОЙШИН, мүмкін белгісіз ауыруға шалдыққан киіктер төлдей алмай өліп жатқан болар дегенді де айтады.

Батыс Қазақстан аймағында осы уақытқа дейін 26 600 киік болған. Ал республика бойынша киіктер саны 2003 жылы – 21 мың болса, осы уақытқа дейін олар 90 мыңға жеткен еді”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ

AIKYN.KZ. “Төгілген мұнайды кім жинайды?”. “Құрманғазы ауданында қараусыз қалған ұңғыма арқылы жер астынан шығып жатқан қара мұнай айналаға жайылып, топыраққа сіңіп, қоршаған ортаға зиянын келтіріп жатыр” деп мәлімдеді Атырау аймақтық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясы. Осы уақытқа дейін осы мұнай ұңғылары арқылы жер қойнауынан қара алтынды өндіріп келген “Казэмир Ойл Девелопмент Лимитед Алматы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі немқұрайдылық танытып, сырт айналып отыр.

Атырау облысындағы Зая елді мекеніне орналасқан “Бұрбайтал” кен орнында көп мөлшерде мұнай төгіліп жатқандығы туралы хабар аудандық прокуратураға жергілікті тұрғындардан сәуірдің 5 күні түскен екен. Ізінше мұнай төгіліп, бүлінген жерге тексеру жүргізген мамандар, 60 тонналық екі бөшкеден тасыған қара майдың 172 шаршы метрге жайылып, 25 см тереңдікке сіңгенін анықтаған…

… Сонымен, жер қойнауын пайдаланушы “Казэмир Ойл Девелопмент Лимитед Алматы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Бұрбайтал кен орнында техникалық талаптардың сақтамағанын, Қазақстан заңын өрескел бұзып отырғандығын, сонысымен табиғатқа, экологияға айтарлықтай залал келтіріп отырғанын жергілікті прокуратура, Қоршаған ортаны қорғау инспекциясы, Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент сияқты барлық мемлекеттік органдар анықтады, бірақ ешқандай шара қолданылмады. Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 321-бабына сәйкес, табиғатты бүлдіріп, қоршаған ортаға елеулі зиян келтіргендер оны қалпына келтіруге міндетті. “Олай болса, “Казэмир Ойл Девелопмент Лимитед Алматы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі неге тырп етпейді?” деген сауал қояды жергілікті тұрғындар.

Құрманғазы аудандық қоршаған ортаны қорғау бөлімшесінің бас маманы Юрий ЛЯЛИНнің айтуынша, бүгінгі күнге дейін экологиялық зардаптың шығыны есептеліп, мемлекет пайдасына өндірілудің шаралары қарастырылып жатқан көрінеді. Алайда оларды табиғатқа елеулі зардап келтірген кәсіпорын басшылығының алыстағы Алматыда отырғаны алаңдатады. Арақашықтықты пайдаланып, істі сөзбұйдаға салып жібереді деп қорқады. Аудандық прокуратураның мәлімдемесі бойынша, “Казэмир Ойл Девелопмент Лимитед Алматы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі Жайық — Каспий экологиялық департаменті арқылы қаралып жатыр екен”. Авторы: Қайыржан ТӨРЕЖАН.

EGEMEN.KZ. “Ерлан АЙТАХАНОВ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары: “4 МИЛЛИАРД САЛЫҚ БАЗАСЫ ОСЫНША ТЕҢГЕГЕ ҰЛҒАЙТЫЛАДЫ”. “Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов қызметіне кіріскен күнінен бастап әкімшілік ресурстарды барынша пайдалану арқылы қала, аудан, ауылдардың әлеуметтік картасын жасау үшін топтар аттандырған. Ауыл әкімінің өзін жыға тани бермейтін ауылдарға да өзі барған әкім әу баста діттеген мақсатына жетті. Елді мекендерге дейін әлеуметтік карта жасалып, шешілмеген барлық проблемалар компьютердің мишығына салынып қойылды. Қазір әр ауыл, елді мекен не айтады деп аузына қарап отырмайды, қаржы жағдайына қарай мәселелері шешіліп жатыр. Ауыл, аудандардың сан жылдаған проблемаларын шешу үшін қаржы қажет. Мұндайда ең жеңілі мемлекеттің мойнына мініп алу. Ал, іскер әкімдер басқа жолды таңдайды. Қосымша қаржы ресурстарын қарастырады. Облыс басшысы мемлекеттік сатып алу конкурсына ұсынылған нысандарға мониторинг жасау барысында жеке біреулердің бас пайдасы үшін артық жазылған қаржыларды анықтаған…”. Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН.

DMK.KZ. “ТУРИЗМНІҢ Ауылы қазаққа таңсық емес!”. “Ғаламдық қаржы дағдарысының қыспағында қалған әлемдік туризм саласының бойына қайта қан жүре бастағандай. Мәселен, Дүниежүзілік туристік ұйымы (ЮНВТО) алдын ала 2009 жылы халықарлық туристердің келуі 8 пайызға қысқарады деп мәлімдеген болатын. Алайда, бұл сан 4 пайызға ғана қысқарды…

… Осылайша, “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” жолы аймақтық туризмнің дамуына үлкен серпін береді.

Еліміздің Туризм және спорт министрлігі биылғы жылы халықаралық маңызы бар “Кендірлі”, “Ақтау сити”, “Бурабай” және “Жаңа Іле” секілді курортты аймақтарды дамытуға үлкен күш салғалы отыр…

Жалпы, бізде инфраструктураның нашарлығы әлемдік аренада етектен тартып келе жатқаны жасырын емес. Әйтпесе, елімізде жатжұрттықтарға көрсететін мәдени-танымдық һәм тарихи орындар жетерлік. Тіпті, өзгесін былай қойғанда Кедендік үштіктің азаматтары үшін де таңсық дүниелер бар. Алайда, туризмді жетік білетін кәсіби маманның аздығы қолбайлау. Мамандар білім жүйесінде жоспарлы түрде кадр дайындау керектігін ұсынады. Бұл салада, көршіміз Ресейдің тәжірибесінен үйренетін жөніміз бар”. Авторы: Бауыржан САБЫРБЕКОВ.

ALASHAINASY.KZ. “Ұлттық спортымыз ұмытылып барады”. “Алматыда “Ұлттық спорт пен ойындарының бүгіні мен болашағы” деген тақырыпта Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға ұлттық спорт түрлері мен ойындарымыздың барлық жанашырлары қатысып, қазақтың төл спортын дамыту жөніндегі өз ойларын ортаға салды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай деңгейдегі конференция соңғы 20 жылда елімізде мүлдем өтпеген екен…

Түйін: Жалпы, екі күнге созылған ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылған ойлар мен талқыланған мәселелер аз болған жоқ. Бұдан байқағанымыз, ұлттық спорт түрлерінде шешімін таппай отырған проблемалар Олимпиадалық спорт түрлеріндегі мәселелерді он орайды екен. Өз жерімізде тұрып өзіміздің ұлттық ойындарымызды ұлықтай алмауымыз өзімізге сын. Егер дер кезінде қолға алмасақ, ұлттық ойындарымыздың барлығы “қолды” болып кетуі де ғажап емес. Онсыз да, көкпарды қырғызға, ат үстіндегі полоны ағылшындарға, садақ тартуды Венгрияға “сыйлап” жіберген жайымыз бар”.

KAZ.GAZETA.KZ. Бішкек. 14 мамыр. Kazakhstan Today — Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек БАКИЕВтің отбасы мен оның жақындарының үстінен сыбайлас жемқорлық схемаларын құру, заңсыз тапқан пайда мен ақшаны заңдастырып алу және басқаның мүлкін рейдерлік жолмен тартып алу, аса ірі көлемде мемлекет қаржысын ұрлау деректері бойынша 100 жуық қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Қырғызстанның уақытша үкіметі төрайымының орынбасары Әзімбек БЕКНАЗАРОВтың халыққа арнап жасаған мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Мәлімдемеде атап көрсетілгендей, тергеу бұл қылмыстық істер бойынша жалпы шығын көлемін 5 млрд сомға бағалап отыр.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ