«Жаңашыл Ислам партиясын құру жөніндегі түрік тәжірибесін Қазақстанда қолдану мүмкін бе?». «Отбасын жалғыз өзі асырайтын аналар саны жарты миллионға жетті». «…Назарбаев «хан» болуы керек еді»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 27 мамыр 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Жаңашыл Ислам партиясын құру жөніндегі түрік тәжірибесін Қазақстанда қолдану мүмкін бе?”. “…Түрік елінен келген әріптесін қарсы алу үшін Қазақстанның президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Шымкентке барды. Осының өзі Түрік Республикасының президенті Абдулла ГҮЛдің бұл жолғы ресми сапарының ерекше маңыздылығын аңғартқандай. Абдулла Гүл — Әділет және даму партиясының өкілі. Бұл партия, елде Ататүрік сияқты ұлт көсемінің болуына және зайырлы қоғамның елеулі бөлігінің қарсылығына қарамастан, қазіргі Түркияның саяси сипатын түбірімен өзгертіп жатыр.

2000 жылдардың басында ғана пайда болған Adalet ve Kalkınma Partisi қûсқа мерзімнің ішінде қантөгіссіз жолмен билікке келіп, Түркия қоғамындағы исламшыл дәстүрді қайта жаңғыртты. Және де, бұдан бөлек, сырт көз үшін болса да, түрік ұлтының көсемі АТАТҮРІКке деген құрметін сақтай білді.

2001 жылғы тамыздың 14-і күні құрылған Әділет және даму партиясының бірегейлігі мынада. Діни партияларды тіркеуге тиым салатын таза зайырлы Конституция мен заңдардың болуына қарамастан ол өзінің исламдық партия екендігін ашық білдіріп отырады. Партия бірнеше жылдың бедерінде зайырлы саяси бәсекелестерінің гегемониясын бұзып қана қоймай, Ататүрік мұраларының негізгі тірегі — түрік армиясының бас штабына да ауыз салды…

Телефон арқылы сөйлескенде қазақстандық саясаткерлердің көпшілігі жақын арада Қазақстанда сырт көзге зайырлы болып көрінетін, бірақ діни принциптерге негізделген партия пайда бола қояды деп ойламайтындығын айтты…

Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат ТЕЛІБЕКОВ өзгеше көзқарасты ұстанады. Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұқбатында ол исламды жақтаушылардың өсіп келе жатқандығын есепке ала отырып жаңа партияның дүниеге келу мүмкіндігін “барынша шынайы, мүмкін дүние” деп пікір білдірді….Алайда ол “реформалармен қоғамды өзгертеді деп қазақ қоғамы үміттенетін дара тұлға әзірге саяси аренада көрініп тұрған жоқ” дегенді де айта кетті. Президенттік “Нұр Отан” партиясының хатшылығына Қайрат САТЫБАЛДЫның тағайындалуын ол “беделі түсіп бара жатқан партияның қатарына жаңа күштерді қосуға әрекеттену” ғана деп бағалады. Осы тұрғыда “исламның атын пайдаланып, бұл факторды партияны нығайту үшін пайдалану” жоспарын да жоққа шығарған жоқ….”. Авторы: Жасұлан КӨЖЕКОВ.

AIKYN.KZ. “Отбасын жалғыз өзі асырайтын аналар саны жарты миллионға жетті”. “Бүгін Қазақстанда аз балалы отбасылар саны артуда. Үй шаруашылықтарының тек 6 пайызында ғана 4-тен көп бала тәрбиеленсе, тең жартысында жалғыз бала өсуде, үштен бірінде екі бала ғана бар. Ал әрбір бесінші бала ресми некеден тысқары өмірге келуде. Бұл туралы кеше елдегі демографиялық өзгерістер аясында отбасын қолдау мәселелеріне арналған “Нұр Отан” ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес отырысында жария болды.

Отбасы институтындағы дағдарыс — әлемдік құбылыс. Қазақстанда да отбасы институты күрделі өзгерістерге ұшырауда. Мәжіліс депутаты, “Нұр Отан” ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес төрайымы Айткүл САМАҚОВА қазір елде аз балалы отбасылардың басым түсетіндігін, ал көп балалы отбасылардың, негізінен, оралмандар есебінен толығып отырғанын тілге тиек етті…

“Отбасындағы зорлық-зомбылық — күрделі мәселелердің бірі”, — дейді депутат Самақова. Тек қана былтырғы жылы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 20 мыңға жуық әйелдің өтініші қаралған. Жыл сайын сонша өтініш дағдарыс орталықтарына да түседі екен. “Елдегі демографиялық жағдайды жақсарту үшін ең алдымен өмірдің сапасын арттыруға жағдай жасалынуы тиіс”, — дейді Самақова. Ол сонымен бірге бұл мәселенің тәрбие, білім беру, құқықтық саладағы шаралармен байланысты екендігіне назар аудартты. Мемлекет басшысы өзінің биылғы халыққа Жолдауында халық санын 2020 жылға дейін 10 пайызға арттырып, адамдардың өмір сүру ұзақтығын 72 жасқа дейін жеткізу міндетін қойған”. Авторы: Нұржан ЖЕҢІС.

ABAI.KZ. “Талас ОМАРБЕКОВ: НАЗАРБАЕВ “ХАН” БОЛУЫ КЕРЕК ЕДІ”. “31 мамыр — Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi. Қазақ тарихта қаншама азап тартты: арғысын айтпағанда, бергiсi — ашаршылық пен саяси қуғын-сүргiн құрбандары сол азапты жылдардың жазықсыз боздақтары…

“DAT, тақсыр!” айдарының бүгiнгi қонағы тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас ОМАРБЕКОВ осы сұрақтардың жауабын тарқатады…

— Тарихта хан, батыр, билердiң iзгi iстерi жайында артында өшпес iз қалған ғой. Оны бiр-бiрден атап отырудың қажетi жоқ шығар. Осы орайда тәуелсiз Қазақстанның президентi Назарбаевтан келер ұрпаққа қандай тарих қалады деп ойлайсыз?

— Қалай айтсақ та, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қазақ халқының өз алдына дербес ел болуына еңбек сiңiріп келеді. Оны жоққа шығара алмаймын. Алайда парламенттегi үш депутаттың ол кiсiнi “ұлт көшбасшысы” мәртебесiне ұсынған идеясы дұрыс болған жоқ. Бiрiншiден, бұл — жағымпаздық. Екiншiден, Назарбаев “ұлт көшбасшысы” емес, ол — “хан” деген мәртебеге лайық тұлға. Бiздiң тарихта хандық билiк өмiр сүрген. Қазiр Жапонияда, Ұлыбританияда, Испанияда императорлық басқару жүйесi сақталған. Бiзге де сондай басқару формасы керек едi.

Қазақ — руға, жерге, жүзге бөлiнгiш халық. Сол үшiн бiзге төбеден қарап отыратын рухани тұлға керек. Оның қызметi — халықты ұйыстырушы болып, аты “Хан” деп аталуға тиiс. Ал басқа мемлекеттiк, қоғамдық, саяси жұмыстармен президент, министрлер айналысқаны жөн.

Жапон Императоры ешқандай мемлекеттiк мәселенi шеше алмайды. Бiрақ ол жапон халқының басын қосып, рухани тұлға қызметiн атқарып отыр. Бiздiң президент Назарбаев та — сондай лауазымға лайық адам. Сонда қазақ бiр ханға бағынып, бiрауыздылыққа келiп, рухани жағынан бiрiгетiн едi. Қысқасы, бiзге “хан” керек. Бiрақ ол мемлекет басшысы емес, ұлт басшысы қызметiн атқаруы шарт. Ал мемлекет басшысы — президент болады…”. Сұхбаттасқан Жұқамыр ШӨКЕ, “D” “Общественная позиция” (проект “DAT” № 21 (58) от 26 мая 2010 г.

KAZ.GAZETA.KZ. Банкроттық саладағы уәкілетті органмен және «Атамекен» Одағымен жеке кәсіпкерлікті сауықтыру мәселесі бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, «Атамекен» Одағы» Қазақстан Ұлттық экономикалық палатасы баспасөз қызметі.

Бүгін, ағымдағы жылдың 26 мамырында ҚР ҚМ Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетімен және «Атамекен» Одағы» Қазақстан Ұлттық экономикалық палатасымен жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржылық сауықтыру мәселесі бойынша меморандум бекітілді.

Тараптар, халықаралық тәжірибені ескере отырып, оның қолдану тиімділігін арттыру, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне кәсіпорындардың қаржылық сауықтырылу, кредиторлар мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуде көмек көрсету бойынша жұмыс өткізуге және банкроттық саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мақсатында бірлесіп күш — жігер жұмсауға келісті.

Бекітілген Меморандум аясында жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржылық сауықтыру бойынша ақпараттандыру дәрежесін арттыру шараларын өткізу, сонымен қатар, мүдделі мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен бірлескен іс — шаралар (кеңестер, семинарлар, конференциялар) ұйымдастыру қарастырылады.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ