«Киіктің жаппай қырылуы миллиардтаған шығынға бағаланды. Кінәлілер әлі анықталмай отыр». «Мемлекет енді демографияға басымдық береді». «Кедендiк одақтың көкжиегi»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 28 мамыр 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қырғызстанның Уақытша үкіметінде қазақ азаматы жұмыс істейді”. “…Шу облысы Соқұлұқ ауданында дүниеге келген, Қырғызстан мемлекеттік қаржы полициясы қызметі төрағасының міндетін атқарушы Еркіннің ұлты – қазақ. Оның ата-бабалары Қырғызстанға 1930 жылдары өтіп кеткен екен. Еркін БӨЛЕКБАЕВ экономика және заң шығару салалары бойынша жоғары білім алған. Еңбек жолын “Қызыл октябрь” колхозы егіншілер бригадасының есепшілігінен, ал саяси қызметін комсомолдан бастаған. 1998-2005 жылдары Қырғызстан жоғарғы кеңесінің екі шақырылымының депутаты болған Еркін Бөлекбаев Жасылдар партиясын басқарады.

Сонымен бірге, Қырғызстан қазақтарының “Алаш” қоғамдық қозғалысының төрағасы қызметін атқаратын Еркін Бөлекбаев 2009 жылдың 27 сәуірінен 2010 жылдың 8 сәуіріне дейін саяси тұтқын болды. Бішкекте ҰҚК-нің тергеу абақтысында отырды. Оны түрмеден Құрманбек Бәкиевтің режиміне қарсы көтерілгендер босатты….

– Сіз — Орталық Азиядағы ең бір кедей және тұрақсыз елде тұрып жатқан қазақ азаматысыз. Қырғызстанға көрші жатқан сіздің тарихи отаныңыз Қазақстанды соңғы жиырма жылда үздіксіз басқарып келе жатқан президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың айтуынша “осы жылдарда бұл елде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман” болыпты. Атамекенге қайтып оралу ойыңызға ешқашан келген жоқ па? Сіздің әулетіңіз, туыстарыңыз немесе достарыңыз елге көшейік демейді ме?

— Менің аталарым Қырғызстанға 1930 жылдары келіпті. Қазақстанға барып жақсы шенеуніктік қызмет атқаруға, пәтер алуға мүмкіндігім болды. Бірақ мен өз халқымды, өзім туып-өсіп, тәрбие, білім алған елді жақсы көремін. Кезінде менің қарсыластарым болды, бірақ содан соң дәл осы мемлекет маған жауапты мемлекеттік қызметтерді сеніп тапсырды. Өздеріңіз байқап отырғаныңыздай, бүгінде мен елдің экономикалық қауіпсіздігіне жауап беремін. Қырғызстан – рухани жағынан бай ел. Мұндағы халықтың рухы мықты. Орталық Азия елдерінің Қырғыз мемлекетінен үйренер тұстары бар деп ойлаймын. Әзірге бір нәрсе дей қоюға ертерек. Бірақ, енді бір он жылдан кейін әлемдік қоғамдастық бізге жоғары баға береді деп ойлаймын…”. Сұхбаттасқан Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ.

Киіктің жаппай қырылуы миллиардтаған шығынға бағаланды. Кінәлілер әлі анықталмай отыр”. “Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы киіктердің жаппай қырылуына қатысты қылмыстық іс қозғады. Бүгінге дейін белгісіз дерт баудай түсірген бөкендердің саны 12 мыңға жетті…

Жәнібек ауданында болып қайтқан журналистер жергілікті орманшылар киіктердің пастереллез дертіне шалдыққандығы жөніндегі жорамалға сенбей отырғанын айтады. Орманшылардың дерегінше, жануарлар тікұшақпен даланы дәрілеу кезінде мөлшерсіз шашылатын улы химикаттардан улануы әбден мүмкін. Ал 20 мамыр күні киіктердің жаппай қырылуының себебін зерттеумен айналысатын ведомствоаралық комиссия құрылды…”. Авторы: Артур НЫҒМЕТОВ.

AIKYN.KZ. “Мемлекет енді демографияға басымдық береді”. “Астанада ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы жиынға қазіргі кездегі ең бір көкейтесті проблемалар — Қазақ елі жүргізетін көші-қон және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері шығарылыпты. Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері, сондай-ақ діни экстремизмге қарсы тұруға бағытталған іс-шаралар жайын да талқыға салды…

Бұған дейін Мемлекет басшысы ел халқын 20 миллионға дейін жеткізу жөнінде тапсырма жүктеген болатын. Онсыз елдің өрлеуі қиын: қазірдің өзінде Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруға жұмыс қолының жетіспей қалу қаупі сезілуде. Осы орайда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасы Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарында қойылған міндеттерді іске асыру — демографиялық саясатты одан әрі жандандыруды әрі оны мақсатты түрде жүргізуді талап ететіндігін ескертті. Осы себепті әйелдердің бала тууын ынталандыру, балабақшалардағы, сондай-ақ мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдарындағы орындар тапшылығын қысқарту, өлім-жітімді азайту, соның ішінде, әсіресе, сәбилердің шетінеуі, аналардың өлімі көрсеткішін төмендету, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттыру, тиімді иммиграциялық саясатты жүргізу — аталған саладағы басымдықты бағыттар ретінде белгіленетіндігі нықталды. Бұған қоса, қазіргі заманда бүкіл әлемде некенің, жалпы, отбасы институтының қадір-қасиеті қаша бастағаны аңғарылады, осының салқыны ма, әлде басқа себебі бар ма, соңғы кезде Қазақстанда да ажырасулар көбейіп кеткен. Сондықтан бұдан былай мемлекет неке мен отбасы институтын нығайтуды басымдықты бағыт ретінде қолға алады. Бұл жерде жас ұрпақ арасында отбасын құруға қатысты үгіт-насихат жұмыстары күшейтілуі қажет.

Жиында мұның сыртында миграциялық бақылауды күшейтуге және елімізге жатжұрттық қылмыстық немесе экстремистік топтар өкілдерінің еніп кетуіне тосқауыл қоюға бағытталған шаралар да қаралған. Осы тұста Н.Назарбаев Үкіметтің назарын ішкі көші-қондағы туындап отырған проблемаларды төменгі салалық емес, үкіметтік деңгейде шешу қажеттігіне аударды…”. Авторы: Елдос СЕНБАЙ.

EGEMEN.KZ. “ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ БЕЛСЕНДІ БОЛСЫН”. “Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.

Отырыста Қазақстан Республикасындағы көші-қон және демографиялық саясатты жетілдіру мәселесі, діни экстремизмге қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар қаралды…

Еліміздің 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында алға қойылған міндеттерді шешу демографиялық саясатты белсенді және мақсатты түрде жүргізуді талап ететіні атап өтілді.

Осыған байланысты тұрғындардың тууын ынталандыру, мектепке дейінгі және жалпы білім беретін мекемелерде орын жетіспеушілікті қысқарту, өлімді азайту, соның ішінде ана мен нәрестелер өлімін азайту, неке мен отбасы институтын нығайту, қазақстандықтар өмірінің ұзақтығын арттыру, көшіп келу саясатын тиімді жүргізу осы саладағы басым бағыттар болып табылады.

Сондай-ақ елге қылмыстық және экстремистік топтардың кіріп кетуінің алдын алу және көші-қон бақылауын күшейту жөніндегі шаралар қаралды.

Президент туындаған ішкі көші-қон мәселесін үкіметтік деңгейде шешу қажеттігіне назар аударды…”.

ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ҚАСІРЕТІ ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ”. “Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, кезінде жазықсыз қудаланып, құрбан болған азаматтар ұрпақтарының бір тобымен кездесті. Мемлекет басшысы уақытқа шектеу қоймай, олардың сол кезеңдердегі көрген қиыншылығын тыңдады, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыру мақсатында мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан жұмыстар жайында ой бөлісті.

Тәуелсіздік алғанға дейін біздің халқымыздың тартқан тауқыметі аз емес, деді Президент кездесуде сөйлеген сөзінде. Соның ең қасіретті тұстарының бірі – арыстарымыз жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған кез болатын. Жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы алапат жұт пен ұжымдастыру саясаты кезінде қырылған халқымыз еңсесін көтермей жатып “қызыл империяның” қуғын-сүргініне ұшырады…”. Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.

ANATILI.KZ. “Қош келдің, сандық телевизия!”. “Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ өзінің блогінде Қазақстандағы спутникті сандық және эфирлі телевизияның таяу болашақтағы даму жоспарлары туралы ой тарқатады. Сандық байланыс қазіргі таңда көпшілікті қызықтыратын мәселенің бірі болғандықтан, министрдің ой-пікірімен газет оқырмандарын таныстыруды жөн көрдік. Бүгінде дүниежүзіндегі барша халықтың игілігіне айналған сандық телевизияны енгізудің Қазақстан жұртшылығы үшін де маңызы ерекше. Сонымен қатар бұл біздің еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ осы тұрғыда “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” деп аталған Қазақстан халқына 2007 жылғы Жолдауында атап көрсеткен болатын.

Сонымен сандық телевизияның (СТВ) даму жоспарына қатысты қысқаша мынаны айтқым келеді. Біздің министрлік СТВ-ға көшу жоспарын жасап, ол ағымдағы жылдың 13 сәуірінде Үкімет тарапынан мақұлданды. Осы жоспарға сәйкес, 2015 жылға дейін сандық телевизияға көшіп болуымыз керек…”.

Нұсқаумен іс бітпейді”. “Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Азат ШӘУЕЕВпен сұхбат

Азат Сәдметұлы, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорына басшылыққа келгеніңізге көп болмағанымен, осы ұйымда ол құрылған алғашқы күннен бастап жұмыс жасап келесіз. Ана тіліміздің әлеуетін арттыруға Сіз қалай күш салып жатырсыз?

– Иә, өзіңіз айтқандай, бұл ұжымда алғаш құрылған күннен жұмыс істеп келемін. Басшылық тізгіні ауысқанымен, алға қойған мақсатымыз, бағыт-бағдарымыздың өзгермегенін айтып өткім келеді. Бүгінгі күнгі және алдағы уақытқа жоспарлаған жұмыстарымыздың түп мазмұны – қазақ тілін дамытуға бағытталған қоғамдық жобаларға қолдау көрсету, оларды жүзеге асыру арқылы ана тіліміздің мәртебесін көтеру, барша қауымға Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екенін ұғындыру. Ендігі міндет – осы арнадағы жұмыстарды заман талабына сай тиімді ұйымдастыру, қоғам сұранысын қанағаттандыру, тіл үйренушілердің қызығушылығын тудыра отырып, жоғары нәтижелерге жету…

Биыл да қазақ тілінің интернет желісіндегі үлес-салмағын ұлғайту жұмыстарына басымдық беріп отырмыз. Солардың бірі – мемлекеттік тілдегі интернет-журналистиканы дамытатын іс-шаралар кешені. Келесі кезекте балалардың қазақ тілінде жан-жақты ақпарат алуына мүмкіндік беретін әдеби-танымдық интернет-портал құруды көздеп отырмыз.

Былтыр сондай-ақ Қор жанынан қазақ ұлтының жан-жақты кемелденуіне сараптама жасайтын “Қазақ альманағы” журналы жарық көрді. “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” атты аймақтық дөңгелек үстелдер, этно-мәдени топтардың өкілдеріне арналып “Достық тілінде” атты аймақтық семинар-тренингтер өткіздік. “Халық батыры” акциясын ұйымдастырдық. “Тіл – достық мерейі” фестивалі, “Мен – қазақпын” радиожобасы, “Қазақша сөйлесейік” жастар акциясы секілді жобаларға бастамашы болдық. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстарымызды тоқтатпай, қарқынды дамытамыз деген ойдамыз.

– “Мемлекеттік тіл – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі. Тілі ала-құла ел түрлі арандатуға тез ұрынады”, – деп айтып та, жазып та жүрміз. Сөзден іске көшетін мезгіл баяғыда-ақ жетті. Осы біз қатқан сеңді әлі де бұза алмай отырған жоқпыз ба?

– Сөзден іске көшетін мезгіл жетті деген пікіріңізге толық қосыламын. Сондай-ақ қазақ тілін өркендетуге, оның мәртебесін көтеруге тек билік басындағылар жауапты немесе бұл құзыретті мекемелердің ғана міндеті деп қарау да жаңсақ пікір деп ойлаймын. Жүрегі қазақпын деп соғатын әрбір азамат қазақ тілін білмейтін өз әріптесін, жиі араласып тұратын жолдасын, туысын, көршісін, ал студенттер мен оқушы жастар курстасын, сыныптасын, досын, құрбысын үйретсе, қазақ тілін білмейтін азаматтардың басым бөлігі бір-екі жылда ауызекі сөйлесуге жарап, кейіннен қазақша газет оқып, теледидар көруге де ынталанар еді деп ойлаймын…”. Авторы: Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ.

TURKYSTAN.KZ. “КЕДЕНДIК ОДАҚТЫҢ КӨКЖИЕГI”. “Қазақстан, Беларусь, Ресей құрған Кедендiк одақ 2010 жылдың 1-шiлдесiнен бастап толық iске кiрiсе алмайтын болды. Өйткенi, өткен аптада араларында алауыздық туындаған үштiк екi аптаға тағы үзiлiс алды. Беларусь президентi ЛУКАШЕНКО Ресейден мұнай мен мұнай өнiмдерiне салынатын кедендiк салықтарды алып тастауды талап етiп отыр. Бұған дейiн саясаткерлердiң тек «ошақ басында» айтылып келген әңгiмесiн ресми түрде мәлiмдеген ресейлiк бiрiншi вице-премьер Игорь ШУВАЛОВ КО құрамында тек екi мемлекет қалуы мүмкiндiгiн айтты….

Мәскеу мен Миснк үш мемлекеттiң шекарасынан өтетiн тауардың 11 мың түрiне қатысты кедендiк салықты келiсiп үлгердi. Соның небары 38 пайызында ғана Қазақстан мен Ресей мүддесi сәйкес келген. Өткен аптадағы келiссөзде қазақтар жағы ҚР азаматының жеке бас пайдасына жарату үшiн 2 тонна тауарды кеденнен ешқандай салықсыз (1 келi тауарға – 0,6 еуро) өткiзуге қатысты норманы бiр жылға дейiн соза тұруға ұсыныс бiлдiрген. Астананың басты мақсаты — Қытайдан импортталатын арзан заттарға iшкi нарықта жеңiлдiк жасау едi. Алайда, қытайлық тауарларға жасалынатын кез келген жеңiлдiк өздерiнiң жеңiл өнеркәсiбiне қауiп төндiредi деп дабыл қаққан беларусьтер қазақтардың бұл ұсынысына үзiлдi-кесiлдi қарсы шықты. Есесiне, Минск ескi көлiктерге кедендiк тарифтердi азайту туралы мәселенi қайта көтердi. Дәл осы тұста өре түрегелген ресейлiк тарап РФ-дағы жаңадан салынған 18 көлiк құрастыру зауыты ешкiмге есе жiбермейтiнiн, ең бастысы, қазақ, беларусь пен орыс нарығын қамтамасыз етуге толық күшi жететiнiн, сондықтан, шетелдiк ескi көлiктерге ешқандай жеңiлдiк жасалмау керектiгiн нығырлады. Осылайша, «аққу – көкке, шортан – көлгенiң» керiн келтiрген үштiк Петербордағы жиында ортақ келiсiмге келе алмай тарқасты. Отырыстан кейiн журналистерге сұхбат берген Путин 1 шiлдеде Кедендiк одақтың толық жұмыс iстеуi мүмкiн еместiгiн мойындауға, мәжбүр болды. Әлбетте мүдделi тараптар келiсуден гөрi керiсуге жиi бой ұрған Одақтың «жаназасын» шығаруға әлi ерте. Есесiне, үш тарап та мемлекеттiк және ұлттық мүдделерiне қайшы келмейтiн жайттардың басын ашып алғанда ғана Кедендiк одақтың келешегi жарқын. Бұл әсiресе, Одаққа мүшелiкке өту мәселесi қоғам талқысына салынбаған, сарапшылар мен қатысушылар ұстанымын таразы басына тартуда пiкiрталастардың «бiр қайнауы» кем болған қазақ қоғамы үшiн аса маңызды. Айтпақшы, Кедендiк одақ сотының мiндетiн ЕурАзЭҚ соты атқаратын болды”. Авторы: Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

ZHASALASH.KZ. “Әбдiғапар ханды атқызған Әлiби Жангелдин едi”. “31 мамыр – қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi

Әбдiғапар ЖАНБОСЫНҰЛЫн Торғай жұрты, жалпы қазақ елi “Әбдiғапар хан” деп атайды. Әбдiғапар Жанбосынұлы хан тұқымынан емес. 1916 жылы Ақ патшаның маусым жарлығы шығып, қазақтың жастарын майдандағы қара жұмысқа алатын кезде, Торғай жұрты Әбдiғапар Жанбосынұлын ақ киiзге көтерiп, хан сайлап алады. “Бiздiң өз ханымыз бар, ақ патшаға бағынбаймыз…” деген ниет қой…

Рас, Әбдiғапар хан туралы аз жазылған жоқ. Әбдiғапар Жанбосынұлы туралы кiтап та жарық көрдi. Десек те, бiз әлi Әбдiғапар мен оның айналасы, төңiрегi туралы шындықты толық аша алған жоқпыз. Амангелдi Имановтың өлiмiнiң сырын да әлi түгел әрi нақты ашып көрсете алмай жүр емеспiз бе?! Осы ретте бiз бүгiн оқырмандарымызға Әбдiғапар хан мен оның ұрпақтарының тағдырын зерттеп жүрген тарихшы Серiк МАМЫРАЕВтың мақаласын ұсынғанды жөн көрдiк….

1919 жылы Торғай өлкесiне коммунист Әлiби ЖАНГЕЛДИН келдi. Шоқынды Степнов (Әлiби Жангелдин) Торғайға келе жатып Батпақараға соғады. Жанында бiраз қызыл әскерi болған. Батпақарада туысы Файзолла Ишанның үйiне түседi. Өзi сонда қалып, 20 шақты қызыл әскерiн, басшысына Шамиль ҚАРАТАЕВты тағайындап, Әбдiғапардың ауылына жiбередi. Тапсырма: “Әлiби шақырып жатыр” – деп оны ауылдан алдап шығып, жолда атып тастау. Жортуылшылар Көр-Тоғайдағы Әбдiғапардың аулына келiп кешке қонақасыларын жеп, қонып, ертеңiне жүрерде Әбдiғапарға: “Сiз де жүрiңiз, Әлiби шақырады” – дейдi. Әбдiғапар бiр жамандықтың болатынын сезiп, туған-туыстарымен қоштасып, атқа қонады. Түске таман Зәуре қопасына жеткенде, әскер тоқтап: “Ат шалдырып, сусындап алайық”, – дейдi. Сол жерде намаз оқып тұрған жерiнде Әбдiғапарды атып тастап, қызыл әскерлер тайып отырған. Бұл оқиғаны көзiмен көрген Әбдiғапардың әйелi Тынышбала, сүйегiн алып келген iнiсi Әбдiхалық ұрпақтарға сыр етiп айтып отыратын…

1928 жылы Қазақстанда жаппай тәркiлеу басталды. 1930 жылы большевиктердiң мұндай асыра сiлтеуiне шыдамаған Торғай халқы наразылық бiлдiрiп көтерiлдi. Бұлардың iштерiнде Әбдiғапардың ұрпақтары да бар едi. “Батпақара көтерiлiсi” деп аталатын осы оқиғаға қатысқан адамдарды большевиктер жазаға тартты. Жай соттап қана қойған жоқ, көпшiлiгiн атты. Солардың iшiнде Әбдiғапардың iнiлерi, балалары атылды…”. Авторы: Серiк МАМЫРАЕВ,тарихшы.

KAZ.GAZETA.KZ. Бүгін Microsoft Қазақстан компаниясы «Office2010 — Сіздің компанияңызға арналған жаңа мүмкіндіктер» атты семинар өткізді. Семинар барысында Office 2010, SharePoint 2010, Visio 2010 және Project 2010 секілді өнімдердің жаңа буыны ресми түрде таныстырылды. Семинарға Microsoft Office пакетін бизнес-мақсатында қолданатын IT-кәсіпқойлары, бөлімдер басшылары қатысты. Семинарды тыңдаушылар өнімдердің жаңа мүмкіндіктерімен, бағдарламалық қамсыздандыру саласындағы негізгі тенденциялар жөніндегі баяндамалармен танысуға және өздерін қызықтыратын сұрақтарды мамандарға қоюға мүмкіндік алды. Іс-шараға спикерлер ретінде Microsoft, High Tech for Human, Alfa Technologies, NOKIA компаниялары мен АЛСИ Оқыту орталығының өкілдері қатысты….

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ