«Киіктер жұқпалы індеттен қырылған дегенге мамандар күмән келтіреді». «Астық ысырап болмайды». «ҰБТ биыл қалай өтеді?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 1 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Киіктер жұқпалы індеттен қырылған дегенге мамандар күмән келтіреді”. “…Батыс Қазақстанда қырылған киіктер саны 12 мыңға жетті деп хабарлайды ресми орындар. Оның себебін анықтау үшін құрылған арнайы комиссия киіктердің қырылуына пастереллез жұқпалы ауруы болған деген тұжырым жасап отыр. Әйткенмен биолог мамандар бұл қортындыға күмән келтіреді. – Себебі, біріншіден, киіктердің жаппай қырылған аймағында мамырдың 17-і күні тұман болып, одан кейін сұр бұлт пайда болған. Оған жергілікті тұрғындар куә. Екіншіден, қырылған киіктер — Ресейдің Капустин Яр әскери полигонына жақын жерді мекендеген оралдық популяциясы. Үшіншіден, мамырдың 15-16-сы күндері Атырау зауытында апат болған-мыс. Нәтижесінде ауаға улы заттар тараған деген ақпарат бар. Осындай жайттарды назарға ала отырып, мен осы саладағы ғалым ретінде, киіктердің бұлай қырылуына пастереллез себеп болған деген ресми комиссияның қортындысына сенбеймін, – дейді биология ғылымдарының докторы, профессор Аманқұл БЕКЕНОВ.

Одан өзге, сол аймақтағы үй малдарының да қырылғаны жайлы ақпарат бар. Бұл жайтты Қазақстанның ауылшаруашылық министрлігі орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Қайырбек МҰСАБАЕВ та растайды.

– Жасыбай мен Борсы ауылдарында алты бас қара мал өлді деген ақпарат бар. Зертханалық жұмыстар – олардың да пастереллезден өлгендігін растап отыр. Қазір Жәнібек ауданындағы барлық үй малдары арнайы егілді, – дейді комитет өкілі…”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

AIKYN.KZ. “Астық ысырап болмайды”. “Бірнеше жыл қатарынан егіннен мол өнім алып келеміз. Бірақ сол астықтың қомақты бөлігі тау-тау боп үйілген күйі іске жарамай шіріп жатыр. Қарағандыда бір тың жоба қолға алынды. Егер ол іске асса, астық өндірісінің алдынан даңғыл жол ашылуы бек мүмкін.

Облыс әкімі Серік АХМЕТОВ агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобалар жөнінде кеңес өткізіп, оған Қарағанды облысында жұмыс сапарымен жүрген “ҚазАгро” ҰБХ” АҚ Басқарма төрағасы Асылжан МАМЫТБЕКОВ қатысты…

Бидайдан өндірілетін аталмыш өнімдерге әлемде сұраныс жоғары. Мәселен, қондитерлік өнімдер дайындауда қолданылатын мальтозды шырын қазірде Америкада қантқа деген сұраныстың 40 пайызын жауып отыр деседі. Ал клейковина ұнның сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады.

— Жылына шамамен 20 млн тонна астық алсақ, соның ішкі рынокқа қажеттісі көп болса, 7 млн тонна ғана. Астық экспорттауда өзіміз бәсекеге қабілетті саналатын Орталық Азия елдері нарығына көп болса, жылына 7-8 млн тонна бидай шығара аламыз. Қалғаны өтпей қалып жатады. Осы орайда мынадай жобалардың қолға алынуы өте дұрыс шаруа. Бидайды тереңдете өңдеуге көшкенде ғана астығымызды іске жарата аламыз. Басқа жол жоқ. Сондықтан жобаны қолдауға әзірміз. Тек кейбір тұстарын пысықтап алайық, — деді “ҚазАгро” басшысы Асылжан Мамытбеков”. Авторы: Қамбар АХМЕТОВ.

EGEMEN.KZ. “ЕЛ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН КЕЛІСІМ”. “Газетімізде бұдан бұрын хабарлағанымыздай, өткен сенбіде Санкт-Петербург қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім МӘСІМОВ пен Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Владимир ПУТИНнің қатысуымен Кеден одағы Жоғарғы органының мәжілісі болып өтті. Осы мәжіліс қорытындысында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы Кеден одағын қалыптастыру аясында халықаралық келісімдерді қолдану туралы келісім-шартқа қол қойылды…

Кәрім Қажымқанұлының айтуынша, Қазақстан үшін үшінші елдерден автокөліктерді енгізудің кедендік тәртібі өте нәзік мәселелердің бірі болып табылған. Өйткені бұл мәселенің экономикалық пайдасымен қатар әлеуметтік мәні де зор. Осы мәселе бойынша өтпелі кезең белгілеуге қол жеткізілді. Өтпелі кезең уақытында Қазақстанға келетін жеңіл көліктерге кедендік ресімдеудің бұрынғы режімі мен кедендік алымның бұрынғы ставкасы сақталынып қалады. Бұл өтпелі кезең Кеден одағын қалыптастырудың неғұрлым жоғарғы сатысы болып есептелетін Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі тиісті құжатқа қол қойылғанша күшінде болады.

Екіншіден, Кәрім Мәсімовтің атап көрсеткеніндей, Кеден одағын құру аясында халықаралық келісімдерді қолдану туралы келісім-шартқа екіжақты формат бойынша қол қойылуына байланысты тараптар осы кезең ішінде барлық шешімдер консенсус негізінде қабылданатын болады. “Мұның өзі екі елдің, екі ұлттық экономиканың мүддесіне сәйкес жасалып отырғандықтан өте маңызды шешім”, деп мәлімдеді Қазақстан Премьер-Министрі.

Үшіншіден, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Владимир Путиннің хабарлағанындай, тараптар жоғарғы сот судьялары деңгейіндегі бірлескен уақытша топ құру жөнінде келісімге келген. Екі елдің іскерлері арасындағы шаруашылық дауларын шешу мәселесімен шұғылданатын бұл топ Қазақстан елордасы Астана қаласында орналасатын болады…

Кеден одағының Жоғарғы органының осы жолғы отырысына Беларусь тарабының қатыспай қалғандығы белгілі. Осыған орай Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов Ресей мен Қазақстан тарабы Беларустің осы жолы қол қойылған келісімге қосылуын қолдайтындықтарын және осыған орай таяу уақыттың ішінде тиісті шешім қабылданады деп үміттенетіндігін жеткізді.

Ресей Федерациясы Үкіметінің басшысы Владимир Путиннің айтуынша Беларусь тарабы Кеден одағын қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды үшжақты формат негізінде жалғастыруға әзір екендіктерін мәлімдеген…

Сонымен үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан мен Ресей арасындағы кедендік шекараның жойылуы қазақстандық өнімдерді өткізу рыногын әлдеқайда кеңейте түсті. Мұның елімізде жаңа индустрияландыру ісі жүзеге асырылып жатқан тұстағы маңызы өте зор. Өйткені индустрияландыру бағдарламасына сәйкес тек үстіміздегі жылдың өзінде ғана 144 жоба, ал үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 102 индустриялық-өнеркәсіптік нысан іске қосылмақ. Осыларда өндірілген жаңа өнімдерді шетке шығарудың қосымша мүмкіндіктері пайда болып отыр. Сонымен қатар бірыңғай кедендік аумақ арқылы отандық бизнестің тауарларды шетке тасымалдау кезінде тарифтердің біріздендірілуіне байланысты жеңілдіктерге ие болатындығы да анық. Мұның өзі Қазақстанның Еуропа одағы мен Атлантикалық өңірге және Жерорта теңізі аймағы елдеріне шығуына қолайлы жағдай туғызатын болады”. Авторы: Сұңғат ӘЛІПБАЙ.

ҰБТ БИЫЛ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?”. “Өткен аптада Білім және ғылым министрі Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ баспасөз өкілдерімен жүздесіп, Отанымызда биыл мектеп бітіріп жатқан түлектердің Ұлттық бірыңғай тесті бойынша сынақ тапсыруына қатысты мәселелерді ортаға салды. Елімізде 138 мың 162 оқушы мектеп бітіріп жатса, оның 110 мың 118-і ҰБТ арқылы емтихан тапсыруға тілек білдіріпті. Талапкерлердің білімін сарапқа салу 4-10 маусым аралығында 154 пунктте, яғни 49 қала мен 105 ауданда өткізіледі екен.

ҰБТ-ны тиімді ету мақсатында атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты хабардар еткен министр 5 пән негізінде тест жүргізілетінін, нақтылай түссек, оқыту тілі (қазақ немесе орыс) Қазақстан тарихы, математика, таңдау пәні, сондай-ақ орыс тілінде оқытатын мектептердегі – қазақ тілі, қазақ тілді мектептердегі – орыс тілі болып келетінін назарға салды. Әрбір пән бойынша тапсырмалардың саны – 25 десек, 5 пәндегі сұрақ 125-ті құрайды. Емтихан уақыты 210 минөт, бұл 3,5 сағат деген сөз.

Биылғы жылы мектеп бітірушілер мемлекеттік грант алу конкурсына түсу үшін кем дегенде 50 балл жинауы тиіс. Ал жалпы медицина мамандығына 55 балл болуы керек. Бір жаңалық, ҰБТ-ның балын аттестаттың бағасына ауыстыру шкаласы өзгергендігі. Егер мектеп бітіруші бір пәннен 0-3 балл жинаса – “қанағаттанарлықсыз”, 4 және одан да жоғары балл жинаса – онда оңды көрсеткіш болып табылады. Тестің дұрыс жауаптары “Мемлекеттік құпиялар туралы” заңға сәйкес қатаң қадағаланады… Ал ұлттық мектептің бітірушілері (ұйғыр, өзбек, тәжік) өз қалаулары бойынша ҰБТ-ны, не болмаса (мемлекеттік немесе орыс тілінде) сынақ тапсыруларына болады…”. Авторы: Сүлеймен МӘМЕТ.

ZHASALASH.KZ. “Президенттiк-парламенттiк билiк”. “Қазiр қырғыз елiндегi жағдай шиеленiсiп тұр. Президент Құрманбек БАКИЕВтi тақтан тайдырған қырғыз жұртшылығы қазақстандық үлгiдегi “жұмсақ” авторитаризмнен анархияның құшағына енгендей әсер қалдырады. Бұрынғы президент пен оның жақындары елден қуылғанымен, жағдай әлi тұрақтанбаған. Қырғызстанның түкпiр-түкпiрiнде, әсiресе елдiң оңтүстiгiнде атыс-шабыс, әлiмжеттiк көрсету мен вандализмнiң тоқтайтын түрi жоқ. Дәлiрек айтсақ, оны тоқтататын, қылмыскерлердi жазалайтын билiктiң қауқары шамалы….

Үстiмiздегi айдың аяғында қырғыз халқын референдум күтiп тұр. Күн тәртiбiне конституцияның жаңа нұсқасы шығарылмақ. Уақытша үкiмет өкiлдерi мұны қолдауға шақырып отыр. Ұсынылған жаңа конституция бойынша, президент бiр мерзiмге, бес жылға ғана сайлана алады. Оның негiзгi қызметi – халықаралық саясатты реттеу, елдiң қауiпсiздiгi үшiн жауап беру. Ал iшкi саясат – Жоғары кеңестiң еншiсiне берiлген. Бұл конституция қабылданса, Қырғызстан президенттiк-парламенттiк республикаға айналмақ. Бiр өкiнiштiсi, қырғыздың мемлекеттiк тiлi тағы да теперiш көретiн түрi бар. Себебi, қырғыз тiлi мемлекеттiк тiл деп танылғанымен, орыс тiлiне ресми тiл мәртебесi берiлдi. Сонымен қатар, “ресми тiлдi де, мемлекеттiк тiлдi де меңгермеген азаматтарға еш қысым көрсетiлмесiн” деген бап енгiзiлдi. Қысқасы, уақытша үкiмет те қырғыздың ұлттық мүддесiнен алшақтап барады.

Қазiр Қырғызстан үшiн жауапты сәт туды. Оның алдында таңдау жатыр: не демократиялық, әдiлеттi қоғам орнату арқылы мықты әрi бәсекеге қабiлеттi мемлекет құру, не болмаса бұрынғы жүйеге қайта оралып, керi кету. Әрине, ең дұрысы бiрiншi жолды таңдау. Ол үшiн қырғыз билiгiне де, халқына да көп күш-қайрат қажет”. Авторы: Жанболат МАМАЙ.

KAZ.GAZETA.KZ. Жол картасы» аясында салалық министрліктер мен қала басқармаларының арасындағы қол қойылған Келісім- шарттарға орай Алматыда жалпы алғанда 247 жоба жүзеге асып, 6748 жұмыс орны пайда болады, Алматы қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы деп хабарлайды.

Осы ретте Энергетика мен коммуналды шаруашылық басқармасы 29 жобаны жүзеге асыруы тиіс. Нәтижесінде 496 жұмыс орны ашылып, ұзындығы 19,2 км су және канализация жүйесі ретке келтіріледі. Бағдарлама бойынша қаржыладыру көлемі — 1359,3 тыс. теңге.

Жалпы 2010 жылы Алматының энергия кешеніне 81 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінбек…»Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ының көмегі арқасында 8 подстанция салынады, «Ерменсай», «Медеу», «Шымбулак» подстанциялары Медеудің, жалпы қаланың экологиялық ахуалына оң ықпалын тигізеді. Бұл подстанцияларды салу мен қайта жарақтандыру қала әкімдігінің ерекше назарында тұр…

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ