«Оппозиция Астананың ЕҚЫҰ-ға төрағалығын теріс бағалады». «Рухқа айналған тұлғаларым – Елордасында әз даланың». «Қоғам еркіндігі бала еркіндігімен өлшенеді»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 2 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Оппозиция Астананың ЕҚЫҰ-ға төрағалығын теріс бағалады”. “…Сейсенбі күні Алматыда, жалпыұлттық социал-демократиялық “Азат” партиясының ұйымдастыруымен, “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы: аралық нәтиже» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі болып өтті. Оған оппозициялық партиялар мен ұйымдардың, биліктің, үкіметтің емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері қатысты. Алайда оппозиция шақырған форумға ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы өкілдері келмей қалды.

Тағы бір айта кетерлігі, дөңгелек үстел отырысы басталар қарсаңында Шаңырақ тұрғындары форум өтетін “Тянь-Шань” қонақ үйінің алдында флеш-моб ұйымдастырды. Жерлерін заңдастыра алмай жүрген тұрғындар “ОБСЕ – бізді қорға” деген жазумен шығыпты. 1 маусым – халықаралық балалар күні екендігін ескеріп, түрлі ұранды сөздермен боялған шар ұстаған балаларын алып келіпті.
Алайда шаңырақтықтардың бұл іс-әрекеті қонақ үйдің күзет қызметінің қарсылығына тап болды. Олар журналистердің жұмыстарына кедергі келтіріп, тұрғындарды бұл арадан кетуін талап етті. Бірақ шаңырақтықтар табандылық танытып, қонақ үй маңайынан кетпей қойған еді. Ғимарат алдындағы наразылық әрекеті оппозиция жетекшілеріне жеткен болуы керек, тұрғындар дөңгелек үстел мәжілісіне қатыстырылды…

Оппозиция ұйымдастырған жиынға билік атынан сыртқы істер министрлігіндегі ЕҚЫҰ департаменті бастығының орынбасары Асқар ҚҰТТЫҚАДАМ ғана қатысты.

Министрлік өкілі оппозицияның сынына тоқталмастан, ұйымға төрағалық ету кезінде атқарылған немесе атқарылатын іс-шаралар туралы есебімен бөлісті. Атап айтқанда, Құттықадам халықаралық ұйымды реформалауға қатысты жоспарлармен таныстырды.

— Өкінішке орай, қазіргі таңда ЕҚЫҰ құқықтық талап қоя алатын ұйым емес. Ұйымға төрағалық ететін мемлекет қандай да бір қатаң ережелерді ұстануы тиіс дейтіндей ереже жоқ. Сондықтан Қазақстан төрағалық ету кезінде ұйымның құқықтық субъектілігін арттыруды басым бағыттарының бірі ретінде алып отыр, — дейді Асқар Құттықадам…”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

Хандар ескерткіші президент мүсінінен кейін қойылды”. “…Астанада көптен күткен Керей мен Жәнібек хандардың ескерткішін Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың өзі ашты.

“Бүгін асқақ Астанамыз тағы бір тағылымы мол сәулет туындысымен толыға түсті. Біз елордамыздың төрінде ұлысымызды заманындай ұйыстырған Керей мен Жәнібек хандардың ескерткішін ашып отырмыз. Бұл тұғырлы тарихымызға, қазақтық елдік дәстүрімізге, мызғымас мемлекеттігімізге арналған мәңгілік белгі”, деді өз сөзінде Назарбаев…

Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібек хандардың ескерткішінің ашылғанынан ашылуы қызық болды. Естеріңізде болса, өткен жылдың 20 қазанында Астанада “Қазақ елі” монументі ашылған еді.

Оған Астана әкімдігі Қазақстанның әр аймағынан 70 мыңнан астам адамды жинады. Алайда қазақ елінің іргетасы қалай қаланғанын баяндайтын ескерткіш-ансамбльде қазақтың хан, батырларына орын табылмаған еді. Оның орнында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсіні қойылды.

Ал бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп Қытайда арнайы дайындалған ескерткіштер Астананың шетінде, ашық аспан астында қараусыз қалғандығы жайлы Азаттық алғашқы болып дабыл қақты.

Сейсенбі күні ескі ескерткіштерді табу мақсатында оның авторы Сембіғали СМАҒҰЛОВқа хабарласқанымызбен, оның телефоны үнемі “байланыс аясынан тыс жерде” болды. Хандардың ескі ескерткіші бұрынғы орнында да жоқ болып шықты. Тіпті Астана қаласының әкімдігі де бірнеше тонналық ескерткіштердің қайда кеткендігін білмейді екен. — Бұл сұрақ маған емес, менің білетінім тек ол ескерткіштер қайта ерітілген жоқ, — деп қысқа қайырды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Айгүл АСПАНДИЯРОВА….”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

AIKYN.KZ. “Су министрлігі сұранып тұр немесе “Айқынның” айтқаны болатын сыңайлы”. “Естеріңізде болса, “Айқын” газетінің өткен жылдың 25 желтоқсан күнгі санында экономика ғылымдарының докторы, академик Мұқтар ТІНӘСІЛІ мырзамен “Қазақстанға дербес су шаруашылығы министрлігі керек” деген көлемді сұхбат жарияланған еді.

Ал биылғы 5 наурыз күні “Жетісуда 135 иесіз тоспа-тоған бар, егер олар суға толса, төтенше жағдай орын алады” деп Қызылағаш қайғысынан дәл бір жұма бұрын жазылды. 17 наурыз күні “Су министрлігі керек шығар” деген мақала басылды. Олардың бәрінде де еліміздегі су шаруашылығының, жаппай жекешелендіру тұсында жеке адамдардың меншігіне өтіп, қазір қараусыз қалған су қоймалары мен тоспа-тоғандардың жағдайы, суармалы егіншілікпен айналысатын диқандар тартып жатқан ауыр азап жайында жазылған еді. Одан бері Бас прокуратура жедел тексеру өткізіп, көптеген кемшіліктерді де анықтады. Енді міне, Парламент Сенаты “Суармалы егін шаруашылығы мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру және Қазақстанда суармалы жерлерді тиімді пайдаланудың жолдары” тақырыбында жиын өткізіп, бұл мәселелер турасында жаңа ұсыныстар айтылды.

Сенатор Қуаныш АЙТАХАНОВтың айтуынша, қазіргі таңда республикадағы су қоймаларының — 20, су тораптарының — 38, каналдардың — 46 пайызының тозығы жеткен. Сонымен қатар тек су қоймаларын ғана күрделі жөндеуге шамамен 17 миллиард теңге көлемінде қаржы қажет. Ал қазіргі күні жыл сайын бөлініп отырған бюджет қаржысының мөлшері 1 миллиард теңгеге де жетпейтін көрінеді. Бұл — қажеттіліктің 4 пайызын ғана құрайды екен. “Бүгінгі таңда республикада суармалы жерлерді пайдаланудың тиімділігі туралы нақты деректер жоқтың қасы. Сондықтан да республикалық ақпарат агенттігінің статистикалық мәліметтерінде суармалы жерлердің жағдайын облыстар бойынша көрсететін ақпараттар қамтылуы тиіс. Бұдан бөлек, бұрыннан айтылып жүрген “Мелиорация туралы” заңның аса қажеттігін тағы да баса айтқым келеді” деді Қ.Айтаханов…

“Соңғы бес-алты жыл көлемінде еліміздегі суармалы жерлердің күрт азайып кеткеніне Парламент депутаттарының көпшілігі алаңдаушылық білдіріп, осы бағытта сан түрлі мәселелер көтеріп келеді. Сондай талаптарды ескере отырып, біз осы тақырыпты дөңгелек үстел жұмысына арқау етуді жөн санадық. Басқосудың басты мақсаты — суармалы жерлердің тиімділігін арттырудағы өзекті мәселелерді, оны шешудің жолдарын заңнамалық қамтамасыз ету шараларын талқылап, тиісті ұсыныстар қабылдау болып отыр. Сонымен бірге, біз осы мәселе төңірегінде алдағы уақытта атқарылатын шараларға бағыт-бағдар беруге, нақты жолдарды айқындауға тиіспіз” деді жиынға жетекшілік еткен Сенаттың Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Болат ЖЫЛҚЫШИЕВ.

Қалай дегенде де “Айқынның” айтқаны айдалада қалмай, сенаторлар су шаруашылығы мәселелеріне көңіл бөліп, Үкімет құрамында арнайы құрылым ашу жөнінде бастама көтеріп жатқаны қуанышты. Мұның суармалы жерлерді тиімді пайдалану арқылы еліміздегі азық-түлік молшылығын қалыптастыру бағытындағы аса маңызды бағыттарды айқындауға қосары зор болмақ”. Авторы: Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ.

EGEMEN.KZ. “ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫЛАРЫ АСТАНАДА АСҚАҚТАДЫ”. “Кеше Астанадағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейінің саябағында Қазақ хандығын құрушы Керей мен Жәнібекке арналған монументті мүсіндік-композиция ашылды. Оны Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ашып, сөз сөйледі.

Бүгін асқақ Астанамыз тағы бір тағлымы мол сәулет туындысымен толықты. Біз елордамыздың төрінде ұлысымызды ұйыстырған Керей мен Жәнібек хандарға арналған еңселі ескерткіш ашып отырмыз. Бұл тұғырлы тарихымызға, біздің қазақы, елдік дәстүрімізге, мызғымас мемлекетімізге арналған мәңгілік белгі, деді Президент. Тарихқа шолу жасайтын болсақ, Керей мен Жәнібектің Қазақ хандығының туын қалай қадағанын көреміз. Алтын Орданың заңды мұрагері ретінде Шу мен Сырдың арасында бой көтерген Қазақ Ордасы уақыт өте келе ұлан-ғайыр далаға иелік етті…

Бұл ескерткішті орнату идеясын Президент Н.Назарбаев көтерген еді. Жарияланған конкурсқа қазақстандық 10 шебердің жобалары түсті. Оның қорытындысы үстіміздегі жылдың 13 қаңтарында жарияланып, астаналық мүсінші Ринат ӘБЕНОВтің жұмысы жеңімпаз деп танылды.

Ескерткіштің түбінен байрақтың ұшар басына дейінгі биіктігі – 12 метр, түрегеліп тұрған Жәнібек ханның бойының биіктігі 5,25 метр, ал отырған Керей ханның биіктігі 4 метр. Мүсіннің барлық элементтері тұтасымен қоладан құйылған. Салмағы 16,2 тонна”. Авторы: Жақсыбай САМРАТ.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ КЕДЕН ОДАҒЫНА ҚАТЫСТЫ МӘЛІМДЕМЕСІ”. “2010 жылғы 28 мамырда Санкт-Петербург қаласында болып өткен Кеден одағының жоғарғы органы отырысының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында Кеден одағын құру шеңберінде халықаралық шарттарды қолдану туралы келісім-шартқа қол қойылды. Келісім-шарт ратификациядан өткеннен кейін күшіне енеді.

Осылайша, 2010 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан мен Ресейдің арасында бірыңғай кедендік аумақты құруды, одаққа қатысушы мемлекеттер арасындағы кедендік шекараларды жоюды, жүктерді кедендік ресімдеуді алып тастауды қарастыратын, қатарында Кеден одағының Кеден кодексі де бар келісім-шарт жұмыс істей бастайды.

Бірыңғай кеден аумағы әзірше Қазақстан мен Ресей арасында құрылатын болады. Беларусь өзінің дайындық деңгейіне қарай Кеден одағына қосылады деп болжануда.

…Қазақстан соңғы екі аптадағы келіссөздер барысында не нәрсеге қол жеткізді?

Бірінші кезекте, бұдан былай Қазақстанның Кеден одағындағы кедендік-тарифтік реттеулерге жауапты ұлттықтан жоғары орган – Кеден одағы комиссиясында тең дәрежеде орын алатынын атап өту қажет. Аталған органның барлық шешімдері, мысалы, үшінші елге қарсы қорғаныс шараларын енгізу бойынша ставкаларды өзгерту жөніндегі және т.б. шешімдер тек консенсус арқылы ғана қабылданады. Ол бұрын белгіленген дауыстарды бөлу тәртібін жояды.

Екіншіден, енгізілетін кедендік баж салықтарын бөлу нормативтері қайта қаралды – Қазақстанның үлесі бүкіл Кеден одағы бойынша жиналатын баж салықтарының жалпы сомасының 7,69 %-ын құрайды. Бұл мәселе математикалық қайта есептеу сипатына ие және бюджеттің кірісіне әсер етпейді.

Үшіншіден, біздің еліміз үшін азаматтарымыз жеңіл автомобильдерді әкелген кездегі кедендік баж салықтарының өте нәзік мәселе болып табылатыны белгілі…

Бірақ біз бұл жерде жеңілдіктерді автомобильдерді Ресей Федерациясының аумағында қайта сату мақсатында пайдалануға жол бермейтін шектеу енгізіп отырмыз. Оның сыртында, күнтізбелік бір жыл ішінде бір жеке тұлға екі немесе одан да көп автомобиль әкелетін болса, баж ставкалары жоғарылай түседі.

Өтпелі кезең Бірыңғай экономикалық кеңістік жөніндегі тиісті құжаттарға қол қойылғанға дейін, яғни 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болады…

..Бесіншіден, бізге ұшақтарға кедендік баж салықтары бойынша өтпелі кезең енгізу мәселесіндегі сеңді қозғаудың сәті түсті.

Қазіргі уақытта Кеден одағында ұшақтарға оның құнының 20 %-ы мөлшеріндегі ставка қолданылады.

Ресейдің авиациялық өнеркәсібі әзірге біздің тасымалдаушыларымызды қазіргі заманғы, жоғары класты ұшақтармен, сапалы техникалық қызметпен, үйлесімді қаржылық жағдайлармен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан біздің авиатасымалдаушылар үшін енгізілген өнімге, алдағы келіссөздерде белгіленетін өтпелі кезең бойына нөлдік ставка белгілеу туралы принципті уағдаластыққа қол жеткізілді.

Осылайша, қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде Қазақстан өзінің экономикалық дамуындағы маңызды кезеңдердің біріне – толық дайындалған, өз талаптары барынша ескерілген бірыңғай кеден аумағын құруға қадам жасап отыр.

Енді біздің бизнестің алдында үлкен жұмыс тұр, Кеден одағының табыстылығы да оның іскерлік белсенділігінің деңгейіне байланысты болмақ. Ал біздерді, әріптестер, Мемлекет басшысының бұдан да ауқымды тапсырмасын орындау, яғни Бірыңғай экономикалық кеңістікті құруды аяқтау жұмысы күтіп тұр.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ”.

ALASHAINASY.KZ. “Рухқа айналған тұлғаларым – Елордасында әз даланың”. “Салиқалы Сарыарқа, еңселі елорда апайтөс кеудесіне тарихтың терең тұнбасынан теріп алған тағы бір інжу-маржанды қадады. Қара орман қазақ иістінің тұңғыш хан тұтқан қос арысы Керей мен Жәнібек хандардың жаңадан жасалған ескерткіштері Астанадағы бұрынғы Президент резиденциясының, қазіргі Қазақстанның тұңғыш Президенті мұражайының алдындағы шағын саябақ алаңына қойылды. Алаш жұртының жігерін жанып, қазақ елінің қадірін арттырған айтулы шараға Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ арнайы қатысты…

…Ескерткіш туралы айта кетсек, мүсіндерінің іргетасынан бастап ұшар басына дейінгі биіктігі – 12 метр, ондағы Жәнібек ханның тік тұрғандағы бойы – 5,25 метр. Керей хан мүсінінің биіктігі – 4 метр, мүсіндік композицияның барлық элементтері таза қоладан құйылған. Салмағы 16,20 тоннаны құрайды. Хандарымыздың мүсіндері өзге елде емес, Қазақстандағы отандық зауыттардың бірінде жасалғанын айта кетейік.

Бір ескерерлігі, ескерткіштің тұңғыш Президент мұражайының саябағында ашылуында да үлкен мән жатыр. Себебі байтақ қазақ жұртының басты ордасына айналған Астананың, Тәуелсіз қазақ елі елордасының алғашқы кірпіші осы арада қаланып, оның маңын айнала өзге мемлекеттік мекемелер орын тепкен еді. Қазір осы ғимаратта қалалық әкімшілік қоныс тепкен”. Авторы: Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Қоғам еркіндігі бала еркіндігімен өлшенеді”. “Бүгінгі халықаралық балалар күні әлемнің көптеген елдерінде кеңінен аталып өтеді. Ал, бұл атаулы күннің тарихы Түркиямен тікелей байланысты екен. Яғни, алғаш рет 1920 жылы сәуірде Түркияда балалар күні мерекеленсе,

кейін 1925 жылы ол Швейцарияның Женева қаласында өткен “Балалардың денсаулығы мен бейбіт өмір сүруі” туралы әлемдік конференцияда халықаралық мереке мәртебесін иеленеді. Дегенмен, бұл мерекенің неліктен 1 маусымға тап келгендігі жөнінде нақты деректер жоқ. Алайда, 1925 жылы дәл осы күні Қытайдың АҚШ-тағы бас консулы Сан-Франциско қаласында “Айдаһар-қайық фестивалін” тойлау үшін жетім балаларды жинаса, сондай-ақ, Женевада өткен конференция да осы 1 маусым күні өтіпті. Бірақ, бұл атаулы күннің халықаралық дәрежеде мерекеленуі 1955 жылдың қазан айында Женевадағы “Балалардың әл-ауқаты Халықаралық Бірлігі” ұйымының ықпалымен ғана жүзеге асыпты.

Білетіндер Қазақстанда 4,5 миллион бала бар деседі. Бұл білдей бір мемлекет үшін аз ба, көп пе? Әрине, ауыз толтырып айтарлықтай емес. Егер аз десеңіз, бар болғаны 4,5 миллион баланың 42 мыңнан астамы әлеуметтік жетім балалар. Бұған мүгедек балаларды, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларды және “қылмыскер” атанған жасөспірімдерді қосыңыз. Рас, көңіл құлазытады. Оның үстіне Қазақстан қартайып бара жатқан елдердің қатарына қосылғалы қашан.

…Әрбір үшінші ересек адамға бір баладан әрең тиеді. Соған қарамастан, бейресми дерек көздеріне сенсек, елімізде 15 мыңнан астам ата-анасының көзі тірі тастанды бала бар көрінеді. Бұдан бөлек, жыл сайын елімізде 200 мыңға жуық шарана жасанды жолмен жатырдан алынып тасталады екен.

Біз бүгін бұның барлығын неге қозғап отырмыз? Өйткені, бала – ел болашағы. Ал, оны қорғау – кез келгеніміздің міндетіміз. Әрине, Қазақстанда балалар құқығын қорғайтын арнайы заң бар дерсіз. Рас, ол аз десеңіз, қазақстандық балаларды қорғауға бағытталған бірнеше жылды қамтитын түрлі бағдарламаларымыз тағы бар. Мысалы, 2007 жылдың желтоқсан айында ел Үкіметі қабылданған 2007-2011 жылдарға арналған “Қазақстан балалары” атты бағдарлама бойынша биылғы жылы бюджеттен балаларға 510 857 миллион теңге, келер жылға 509 935 миллион теңге бөлу жоспарланып қойыпты. Бұл қаражат ең алдымен әлеуметтік көмекке аса мұқтаж балаларға тиесілі көрінеді. Қалай десек те, қағаз жүзінде қазақстандық балалар үлкендердің қамқорлығынан таршылық көріп отырған жоқ.

..Бір ғана мысал, кейінгі он жылда Қазақстандағы жетімдер үйінің саны үш есеге көбейген. Бұл біздің жеткен жетістігіміз бе, әлде…Әр жылдың бірінші маусымы күні әлем бойынша тойланатын балалар күні балалардың құқы, оларды қорғау, балалардың қатысуымен өтетін мерекелік шаралар, балалардың әл-ауқатын жақсарту сынды тіркесті сөздермен мәндес келеді. Біздің елде бұл мерекеге ерекше ден қоя бастағандай. Оған мемлекет қоржынын арнайы қаражат та бөлінеді екен. Егер дерек көздері алдамаса, халықаралық балаларды қорғау күніне арналған барлық іс-шараларға қатысуға биылғы жылы 3 миллионға жуық бала тартылыпты. Иә, қаражаттың бөлінгені, балаларға базарлықтың берілгені жақсы ғой. Бірақ, бұл бір күннің ғана еншісіне бұйырып, қалған күндері “балаларымыз өгей баланың күнін кешпегей” деп тілейік, ағайын!”. Авторы: Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...