«Қытай қазақтары ұлттық музыкалық аспап – домбыраны Гиннестің рекордтар кітабына тіркеді». «…Тест сұрақтарына жауап беру үшiн аса бiлiмдiлiктiң қажетi де жоқ»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 3 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қазақтың қара домбырасы Гиннестің рекордтар кітабына енді”. “Қытай қазақтары ұлттық музыкалық аспап – домбыраны Гиннестің рекордтар кітабына тіркеді. Шыңжаң өңіріндегі Толы ауданының 10 мың домбырашысы жексенбі күні бір сәтте қазақ халқының “Кеңес” күйін орындады.

Толы аудандық мәдениет мекемесінің бастығы Гүлістан ХАМИТҚЫЗЫның айтуынша, қара домбыраны рекордтар кітабына тіркеуге дайындық шамамен екі жыл бұрын басталыпты. Аудандық халық өкіметі мұндай бастамаға қолдау көрсеткен. Науқанға аймақтағы ең мықты деген домбырашылар тартылған. Ұйымдастырушылар ақылдаса келе қазақ халқының “Кеңес” күйін таңдап алыпты…

“Кеңес” күйі орындалған соң Гиннес рекордтар кітабының өкілдері рекорд тіркелгендігін растайтын куәлікті табыс етті. Қытайдағы Шыңжаң өңірінің Толы ауданында 93 мың халық тұрады, оның 73 пайызы – қазақтар. Бұл туралы аудиохабарды мына жерден тыңдаңыз”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

Назарбаевты мерейтойында казактар креспен марапаттамақ”. “Қазақстанның орыс қауымдастығы” Ресейдің бас консулдығымен бірігіп жақында Алматыда мерекелік шара өткізді. Оған Азаттық радиосының тілшісі де қатысты. Осы жиындағы сөзінде Қазақстан казактарының Жоғарғы атаманы, әрі Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары (Ассамблея төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ) Юрий ЗАХАРОВ мерекеге жиналғандарды жеке өзінің және Қазақстан казактарының Құрметті Жоғарғы атаманы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан өткен Жеңіс күні мейрамымен құттықтады.

Бұдан соң казактарға Орталық казак әскерлерінің (ОКӘ) 15 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар табыс етілді. Мұндай әскер 1994 жылдың 10 желтоқсанында Ресейде құрылған екен.

Қазақстандық казактардың не үшін Ресей казактарының медалімен марапатталғанын Юрий Захаров кейінірек түсіндіріп берді…”. Авторы: Қазис ТОҒЫЗБАЕВ.

AIKYN.KZ. “Лидер”. “…Ұлттың лидері деп алыс-жақын мемлекет басшыларынан өзінің жаңашылдығы, реформаторлығы, заманына сай адам демекші, туған халқын жаһандану көшіне ілестірер жол басшы бола білген тұлғаға қаратып айтылады. Ұлт темірқазығы — Тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарында, кедейдің көрпесіндей етектен тартса басына жетпей, басынан тартса етегі ашылып жатқан қиын қыстау кезеңде қиналған жұртын адастырмай, сүрінсе де сіңірін созып діңкелетпей, өнегелі, өрістерлік жолға алып шыққан кісіге бұйырады. Адасқанның маңдай алдында әрдайым темірқазығы тұрады.

Ұлттың ұлығы — арғы-бергіні болжайтын көріпкелдігі бар, биік белдің үстіне шығып, батыс пен шығысқа күн сала қараған кәрияға келетін теңеу сөз осы. “Ұлық болсаң — кішік бол” дейді халық. Жадыраған көктемнің шуақты күнін ұлық келді деп, жаңа жыл — наурызды тойлайтын қашанғы әдетіміз бар. Бағзы билерді халықтың сөзін ұстайтын ұлығымыз деп төрге шығарған…

…Алғаш рет Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВтың есімі Қазақстан Орталық партия комитетінің салалық хатшысы қызметінде ресми ақпаратта көріне бастады. Жас хатшының жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі жұртты елең еткізді. Көп ұзамай ол Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметіне көтерілді. Қазіргіше айтсақ — мәртебелі Премьер-министр. Лауазымының өзі ат үріккендей, хан қайырылып сәлем бергендей осынау мәртебелі қызметті жас Премьер жандырып істеді.

Әсіресе, сол кездегі орталықтан жіберілген республика басшысы Геннадий КОЛБИНді жасын секілді жарқ-жұрқ еткен Премьердің шаш етек шаруашылықтың кілті саналатын сан мен пайызды жатқа айтатын ғажайып жады таңғалдырды. Мәселенің түбіне түсіп айтатын логикасы темірдей. Әр нәрсенің бетінен қалқымайды, тереңіне бойлайды. Дәйек пен дәлелсіз сөз айтпайды. Әр пікірінің астарында Қытай қорғанындай тұжырымы көлденеңдеп жатады. Қай істі қолға алса-дағы — шешуі шапшаң, сөзбұйдаға, сүйей салдыға жаны қас. Кесімін жалғыз ауыз сөзбен тұжырып айтады. Келе-келе республиканың саяси элитасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аузына қарайтын болды. Қит етсе пікірін сұрап, ат басын бұрып жататын. Телефоны құлағынан түспейтін сұрампаздарды айтпаңыз енді. Жасын түскендей жарқ-жұрқ еткен жас Премьердің аз уақыттың ішінде асқаралы беделге ие болғанынан партияның бірінші хатшысы, сол кездегі империяның елшісі — Геннадий Колбиннің өзі ішін тартып, кірпідей жиырылып, сезіктеніп, секем ала бастады. Мұны сыртта жүрсек те, ішке кірсек те әкімшілік аурасынан сезіп жүрдік. Жас Премьердің беделі күн сайын емес, сағат сайын өсті десем, артық айтқаным болмас. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен менің алғаш кездесуім — ол кісінің Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы міндетіне кіріскен кезінен басталады…”. Авторы: Сәт ТОҚПАҚБАЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

ANATILI.KZ. “Тіл. Ұлт және Тәуелсіздік” атты республикалық ғылыми-практикалық конференция”. “Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналып, “Тіл. Ұлт және Тәуелсіздік” атты республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Конференцияға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ғалымдар мен зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, орталық және жергілікті атқарушы органдар жанындағы Тіл басқармаларының басшылары қатысты

Конференцияда ортаға салынған ой-пікірлерден аңғарылғандай, жұртшылық бүгінде мемлекеттік тілдің қоғамда алар орнын жақсы түсініп отыр. Жазушы Әнес Сарайдың сөзінде айтылғанындай, республикамызда тұрып жатқан жергілікті халықтан басқа ұлт өкілдері де қазақ тілін білуге мүдделі. Бұл жолда ешкім қарсылық танытып отырған жоқ. Сонда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуде ендігі керегі – осы бағытта нақты істерге қол жеткізу. Әсіресе, алдағы уақытта қабылданатын Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасындағы талаптарды жүзеге асыруға ерекше мән беру қажет”. Авторлары: Бейбітгүл ИСАЕВА, Біләл ҚУАНЫШ, Нұрперзент ДОМБАЙ.

Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті қалай оқытылып жүр?..”. “Ал қазақ әдебиетін жаңаша оқыту – шынайы ұлттық патриотизмді қалыптастырып, рухани болмысымыз бен идеялық мұратты орнықтырудың бірден-бір тұжырымы. Сондықтан әдебиет сыны, әдебиет тарихы және әдебиет теориясы жетістіктері /әлемдік деңгей/ тұрғысында білім беру мәселесі үнемі назарда болғаны жөн. Осы тұрғыда әдебиетті оқыту әдістемесін жетілдіре түсу қажеттілігі туындайды. Сондай-ақ кешенді сатылай талдау технологиясымен оқыту – көркем мәтіннің өзін оқытқаннан кейін ғана орындалатын негізгі әдістемелік талап. Сондықтан ұстаздар қолында бірінші кезекте мәтіннің өзі, хрестоматиялық оқу құралдары болуы керек.

Сонымен қазақ тілі мен қазақ әдебиетін мектептерде оқыту сапасын жетілдіруде назар аударатын мәселелер мыналар:

Біріншіден, аталған пәндерді оқытатын кадрлар сапасының төменгі деңгейде болуына, меніңше, тестілік жолмен білім беру жүйесі кесірін тигізуде…

Қазір лайықты шығармалардың оқушылардың қолына түспейтіндігі – әлеуметтік өміріміздің ең бір көлеңкелі жағы. Бұл жөнінде баспасөз беттерінде ұсыныс-пікірлер айтудай-ақ айтылуда. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бұл мәселелерді дер кезінде шешпесек, өз тілімізден, ұлттық мәдениетімізден жұрдай боларымыз сөзсіз”. Авторы: Бәзілжан АСЫЛЖАНҰЛЫ, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Алматы.

ZHASALASH.KZ. “Ұлттық бiрыңғай тест талайдың үмiтiн кестi”. “…Дамыған елу мемлекеттiң көшбасшыларының бiрi – Франция бiлiм сапасын осы сынақпен бағалайтын едi, бiрақ француз халқы көшеге шығып мемлекеттiң бұл тәсiлден бас тартуын талап еттi. Мен осы уақытқа дейiн ұзақ жылдар бойы мектепте ұстаздық еткен бiрнеше бiлiктi мұғалiмдермен әңгiмелестiм. Олардың айтуы бойынша, қазiргi ҰБТ бұрынғы емтихан сынақтарына қарағанда оқушылардың бiлiм деңгейiн шынайы бағалай алмайды. Бұрын мемлекеттiк емтихан сынақтарына оқушылар қатты көңiл бөлетiн едi. Әдебиеттен шығарма жазу, математикадан бақылау есептерiн шығару, гуманитарлық пәндерден билет суырып, өзi бiлетiн мағлұматтарды ауызша айтып, бiрқатары мұғалiмдердiң өзiмен бiлiм таластырып жатушы едi. Бұл өз кезегiнде оқушының шығармашылық қабiлетiнiң дамуына, өз бiлiмiн кез келген жағдайда ауызша айтуына үлкен септiгiн тигiзушi едi. Қазiр мұның бiрi жоқ. Скандворд шешкен адам секiлдi бiр қағаздың бетiне қарап шимайлайды да отырады. Қайта, скандворд шешу – миыңды демалтып, ойлау қабiлетiңдi арттыратын құрал. Ал тест сұрақтарына жауап беру үшiн аса бiлiмдiлiктiң қажетi де жоқ. Егер де бiлiмiңе күмән келтiрiп жатсаң, қолыңа қалам ал да, көрсетiлген әрiптердiң бiрiн белгiлей сал. Оғың дәл тисе, бағыңның жанғаны, бас қатырып қажетi жоқ…”. Авторы: Жәнiбек ҚОЖЫҚ, Маңғыстау облысы.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “41 жоба жарияланды”. “І Астаналық инновациялық форум өз мәресіне жетті… Ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың бастамасы бойынша өткізіліп отырған І Астаналық инновациялық форумның мақсаты – Елорда экономикасына инновациялық технологияны енгізу. Жүзеге асыру көзделіп отырған жобалар экономиканы индустрияландыруды ілгері сүйремек. Астана әкімдігінің мәліметі бойынша, өткен жылы елордада 8 жаңа инновациялық өндірістік жоба құрылып, ал, биылғы жылы тағы 6 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазіргі таңда елорданы дамытуда өзіндік маңызға ие болып отырған жалпы құны 170 млрд. теңгені құрайтын 41 жоба жарияланды. Басқосу аясында инновациялық жобалардың көрмесі және ғылыми техникалық жұмыстардың таныстырылымы өтіп, оған энергетика, байланыс және телекоммуникация, машина құрылысы, сумен қамсыздандыру, индустриалды-инновациялық даму, денсаулық сақтау, білім беру және экология салаларын дамытуға бағытталған 200-ден астам экспонат қойылды…

… Әлемнің жаңа технологиясымен жабдықталған перзентханалар мен онкологиялық ауруларды емдеуге арналған компьютерлік аппараттар әкеліну жоспарланған. Астана тұрғындары үшін 41 мемлекеттік, 120-дан астам мемлекеттік емес медициналық ұйым, 7 республикалық маңызы бар клиника қызмет көрсетеді…”. Авторы: Тыныс АХМЕТЖАН, АСТАНА.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...