«Қазақстан халқына заңмен бекітілген «Елбасы» бұйырмады». «Қаржы молайды, қарыз көбейді». «Қысқы Азия ойындарына әзірлік пысықталды»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 4 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қазақстан халқына заңмен бекітілген «Елбасы» бұйырмады”. “…Маусымның 3-і күні Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Хабар» агенттігінің қазақ тіліндегі кешкі жаңалықтарында өзінің «Ұлт көшбасшысы туралы» заңға қол қоймайтынын мәлімдеді. Бірақ, президенттің заңды бекітпеу себебі жоғарыда айтылған ел ішінде жүріп жатқан пікірталасқа қатысы жоқ болып шықты. Президент өзіне «Елбасы» мәртебесін беруді сұраған халық пен оның қалаулыларына рақмет айтып, ризашылығын білдірді. Бұл жобаның бір ауыздан қабылдануы маған деген елдің сенімін паш етеді деді Назарбаев мәлімдемесінде. «Елбасы» деген атауды заңмен бекітудің қажеті жоқ. Мені дұрыс түсініңіздер деп қайырады сөзін президент телеарнадан оқылған мәлімдемесінде”.

AIKYN.KZ. “Қазақстан Республикасының азаматтарына”. “Қазақстан Республикасының Парламентіне “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының Саяси бюросына

Қымбатты қазақстандықтар! Құрметті Сенат және Мәжіліс депутаттары! Қадірлі “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясындағы серіктерім!

Баршаңыз білесіздер, менің алдыма Тұңғыш Президент, Ел Басы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы еліміздің Парламенті қабылдаған заңдар келіп түсті.

Ең әуелі, маған заңды тұрғыдан Ел Басы деген ресми мәртебе белгілегені үшін депутаттарға зор алғыс айтамын. Осы мәртебені қабылдау туралы тілек айтып, он мыңдаған хат жолдаған бүкіл отандастарыма — көпұлтты Қазақстанның барша азаматтарына шын жүректен ризашылық білдіремін…

Баршаңыз білесіздер, маған қарата айтылған барлық мадаққа, менің жеке тұлғамды айрықша ұлықтайтын ұсыныстарға мен үзілді-кесілді тыйым салып келемін. Мен ісбасындағы Президент ретінде осы мәселе төңірегіндегі теңгеге бейне таңбалау, түрлі атақтар сияқты бекершілікке әрдайым қарсы болдым.

Мен әрқашан түрлі мақтау мен мадақтан биік тұруға тырысамын және осы ұстанымымда қала беремін.

Президенттің ар-намысын және дербес құқығын қорғау туралы ұсынылып отырған мәселе жөнінде. Бұлар ел Конституциясында, Президент, Тұңғыш Президент туралы заңдар мен өзге де заңнамалық актілерде шешімін тапқан.

Менің отбасым туралы. Олар, өзге азаматтар сияқты таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етуге немесе қоғамдық-саяси қызметтер атқаруға және кәсіпкерлікпен айналысуға құқылы.

Сонымен қатар барша қазақстандықтар сияқты, ел азаматтарын теңестіретін бұлжымас заңға бағынуы тиіс.

Бұрынғы күйеубалам, үш немеремнің әкесі Р.ӘЛИЕВтің шектен шығу арқылы тек өз отбасын, балаларын, мені ғана емес, тұтас елді сатып кетуі — маған және менің отбасыма орасан қасірет болды. Бұл жағдайды мен және туыстарым қайыспай қарсы алып, оған шығарылған соттың шешімін әділ үкім ретінде қабылдадық. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Бұл тек менің жақындарыма ғана емес, мемлекетіміздегі билік басында жүрген барша азаматтар үшін қатаң сабақ болды…

Баршаңыз білесіздер, Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының іс басындағы Төрағасы әрі өңірлік бірқатар ұйымдарға басшылық жасауда. Біз осы сенімнің үдесінен шығып, абыройлы міндетті лайықты атқаруға тиіспіз. Жоғарыда айтылған жайттарға байланысты, құрметті Сенат және Мәжіліс депутаттары, маған жіберілген заңдарға қол қоюдан бас тарту жөніндегі ұстанымымды дұрыс түсінулеріңізді өтінемін.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ”.

Қаржы молайды, қарыз көбейді”. “Қазір қос шатырлы Парламентте 2009 жылғы Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептер талқыға тартылып жатқаны мәлім. Кеше осыған бола Есеп комитеті мен Қаржы министрлігінің басшылары, қалаулылардың көзінше, салғыласып қалды. Министр Болат ЖӘМІШЕВ бәріне айыпты теңгенің девальвациялануы екендігін меңзеді. Яғни марченколар былтыр төл валютамызды бір-ақ түнде құнсыздандырмағанда, “қой да тыныш, қасқыр да тоқ” болатын еді.

— Үкіметтік қарыздың асырылып жіберілуіне теңгенің девальвациясы себеп болды! — деді Қаржы министрі. — Біз бюджеттің тапшылығын қаржыландырумен байланысты бірде-бір норманы бұзған жоқпыз! Алайда 2009 жылы теңге девальвацияға ұшырағандықтан, ал біздің міндеттемелеріміз шетелдік валютада болғандықтан, міндеттемелеріміздің теңгедегі құны өсті, демек, қорытындысында біздің қарызды неге асырып алуымыз түсінікті, — деп шарт түйген Болат Жәмішев мұның еліміздің қаржылық қауіпсіздігіне қатер төндірмейтіндігіне сендірді.

— “Еуроодақ елдері үшін белгіленген талаптар бойынша мемлекеттік қарыз ішкі жалпы өнімнің 60%-ынан артпауға тиіс. Бізде болса, ол өткен жылы 10% деңгейінде қалыптасты. Ал қарызды өтеуді қамтамасыз етудің “қатерлі нүктесі” кірістердің 15%-ын құрауға тиіс. Бізде бұл көрсеткіш — 11% деңгейінде. Яғни мемлекеттің қарызына қызмет көрсету саласында қауіпсіздік мәселелеріне нұқсан келген жоқ!” деп нықтады Қаржы министрі. Бірақ өз кезегінде Есеп комитетінің төрағасы О.Өксікбаев 2009 жылы “үкіметтік қарыз лимитінің 41 миллиард теңгеге асып кетуіне Үкіметтің Бюджет кодексінің талаптарын сақтамауы себеп болды” дегенді айтып, табан аудармай тұрып алды.

— Үкіметтің осы жылғы сыртқы қарызына қызмет көрсетуге 69 миллиард теңгеден астам бюджеттік қаражат шығындалған! — деді Омархан ӨКСІКБАЕВ. — Ал республикалық бюджеттің 510,9 млрд теңгелік тапшылығын өтеуге 609,8 миллиард теңге мемлекеттік заемдар тартылған. Артық қарыз алу республикалық бюджет қаражаттарының бос қалдығының пайда болуына әкеп соқтырды…”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

Мемлекеттік сыйлық әдебиет пен өнер саласында үш-ақ адамға беріледі”. “Елбасының Алматыдағы резиденциясында Мемлекеттік хатшы — Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВтың төрағалығымен әдебиет және өнер саласындағы 2010 жылға арналған мемлекеттік сыйлықтар беру жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы болып өтті…

Мәжілісте Комиссия төрағасының орынбасары, Мәдениет министрі Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД ұсынылған шығармаларға шолу жасап, олардың авторлары жөнінде хабарлама жасады.

— Биыл әдебиет пен өнер саласы бойынша 17 шығарма, музыка, театр және кино саласы бойынша 10 туынды, бейнелеу мен сәулет өнері саласы бойынша 8 шығарма мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр. Әрбір саланың жеке-жеке отырыстарында бұл жұмыстардың барлығы іріктеліп алынып, мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі ережеге сәйкестігі жөнінде тиісті шешімдер қабылданған, — деп, үміткерлердің есімдері мен ұсынылған еңбектерін атап шықты…

Сонымен, мемлекеттік сыйлыққа 35 үміткер ұсынылған. Ал берілетін сыйлық — 3-еу ғана. Бұл — әр сала бойынша бір адам ғана сыйлыққа ие бола алады деген сөз. Комиссия талқылауының қорытындысына журналистер жіберілмегендіктен, ондағы жасырын дауыс беру нәтижесі бойынша келесі сараптау кезеңіне жіберілген туындыларды анықтай алмадық. Білетініміз — Комиссия мүшелерінің келесі сараптау кезеңіне қалдыратын адамының бесеуден аспауы тиістігі, тіпті бір адамды қалдыруына да құқы барлығы”. Авторы:Төреғали ТӘШЕНОВ.

TURKYSTAN.KZ. “Түркiстанға әуежай керек”. “Киелi Түркiстанның ыстық топырағын басып, кесенесiне келу адамға рухани шексiз әсер етедi. Көне Түркiстан бүгiнде қайта жаңаруда. Кiре бергеннен көздiң жауын алатындай ерекше сәнмен салынған Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетi, түрлi iс-шаралар өткiзетiн Мәдениет сарайы, студенттерге барлық жағдай жасалған жатақханасы, 400-500 орындық үлкен студенттер асханасы, шаршағанда көңiлiңдi ашатын “Жеңiс” саябағы, түрлi мейрамханалар мен қонақ үйлер бәрi-бәрi қалаға сән бередi. Жоғарғы бiлiм ордасында 29 ұлт өкiлдерiнiң жастары қалауынша жан-жақты бiлiм алады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнде қайта жөндеу жұмыстары жүрiп жатыр. Б.Саттарханов атындағы сауықтыру спорт кешенi жастардың салауатты өмiр салтымен өмiр сүруiне ықпал етедi. Бүгiнде Түркiстанға бара қалсаңыз тоқтаусыз жүрiп жатқан құрылысты көресiз. Университет қасынан студенттер үшiн арнайы жатақхана мен кiтапхана, кесене жанынан үлкен мешiт құрылыстары, жол жөндеу жұмыстары жүрiп жатыр.

Мiне, осындай әдемi игi iстермен бiрге тағы бiрер мәселеге көңiл аударылса деймiз. Мәселен, қала iшiнен көп қабатты тұрғын үйлер салып, газ кiргiзiлсе халық үшiн сауабы мол iс болар едi. Сондай-ақ, Түркiстанымызды түркi халықтарының отаны деп жатамыз ғой. Мұнда Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне зиярат ету үшiн Қазақстанның бұрыш-бұрышынан, алыс-жақын шетелдерден келушiлер көп. Оған дәлел, өткен жылдың өзiнде 600 мыңнан астам туристер қасиеттi қаламыздың қонағы болған. Сонымен бiрге, Университетiмiзде де көптеген шетелдiк жастар бiлiм алады. Атап айтқанда, Түркия, Ресей, Қытай, Монғолия, Әзербайжан, Қырғызстан елдерiнiң мол сенiм артқан жастары ХҚТУ-дың бiлiм нәрiмен сусындап жүр. Осының бәрiн ескере келсек, киелi Түркiстанға да заманауи үлгiдегi әуежай керек екенi сөзсiз..”, — деп өз пікірін білдіреді Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ, ХҚТУ-дың журналистика кафедрасының 1-курс студентi.

ALASHAINASY.KZ. “Қысқы Азия ойындарына әзірлік пысықталды”. “Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында 2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарына арналған кеңес өткізді. Басқосуда Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында салынып жатқан құрылыс нысандарының барысы сараланды.

…Елбасына қысқы Азия ойындарына дайындық барысы туралы баяндады. ҚР спорт және туризм министрінің айтуынша, 7-қысқы Азия ойындары өтетін нысандар қатарына жақында Алматы облысының Табаған демалыс кешені де қосылған. Қазіргі кезде жөндеу мен құрылыс нысандарын салу жұмыстары қызу жүргізілуде. Олардың құрылысы Азия ойындарына дейін толық аяқталмақ. Бүгінгі таңда “Медеу” спорт кешеніндегі нысандарды салу және қайта жөндеу және халықаралық шаңғы трамплиндер кешенін салу кестемен жүргізілуде, бұл жұмыстар 2010 жылы 1 тамызда аяқталмақ. “Медеу” аумағындағы гондол жолының базалық станциясы, жерасты және жерүсті автотұрақтар құрылысы 2010 жылдың 1 қазанына қарай бітуі тиіс. “Шымбұлақ” шаңғы курортын қайта жөндеуден өткізу жұмыстарын аяқтау мерзімі биыл төртінші тоқсанға белгіленген”.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...