«Диссидент Арон Атабектің әйелі түрмедегі ақынның ахуалы ауырлап кетті деп алаңдайды». «Шикізат игеруші компанияларға шикі кадрларды пісіру жүктелді». «Елбасы мен Ел Басының айырмасы бар»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 7 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Диссидент Арон Атабектің әйелі түрмедегі ақынның ахуалы ауырлап кетті деп алаңдайды”. “…Арқалықтағы УК-161/12 түрмесінде жазасын өтеп жатқан диссидент Арон АТАБЕКтің зайыбы, екі баланың анасы Жайнагүл АЙДАРХАН түрмедегі күйеуінен хат алғандығын Азаттық радиосына хабарлады. Хат осы жылы 23 сәуірде жазылған. Бірақ үшбу сәлем оның Алматыдағы үйіне бүгін ғана жетіп отыр.

2006 жылғы “Шаңырақ оқиғасына” қатысты шулы қылмыстық іс бойынша 18 жылға сотталған Арон Атабек әуелі Қаражалдағы түрмеге түскен еді. Сол түрмеде тәртіпке мойынсұнбаған дейін айыппен мерзіміне тағы екі жыл қосылып, диссидент осыдан шамамен екі ай бұрын Арқалықтағы аса қатаң режимдегі түрмеге ауыстырылды. УК 161/12 түрмесінде 2007 жылға дейін өлім жазасына кесілгендер отырғызылып келгендігі белгілі….”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

EGEMEN.KZ. “ОТАНДЫҚ АДАМ КАПИТАЛЫН ДАМЫТУ — МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ”. “Алматыда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің кезекті 23-пленарлық отырысы болып өтті. Пленарлық мәжіліс жұмысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қатысып, сөз сөйледі. Отырыстың күн тәртібіне қойылған “Қазақстан экономикасын білікті еңбек ресурстарымен тиімді қамтамасыз ету мәселелері” туралы жиынға қатысушы шетелдік қонақтар, сондай-ақ қазақстандық сала жетекшілері өз ойларын ортаға салды.

— …Мәселен, соңғы үш жылда шетел инвесторлары кадрларды даярлау мен қайта даярлауға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға, сондай-ақ білім беру мекемелерін жаңартуға 160 миллион долларға жуық қаражат бөлді. Бүгін еңбек ресурстарын дамытуға байланысты көптеген жобалар аталды, инвесторлардың еңбек ресурстарын дамытуға байланысты айтылған көптеген жобалары көңілге қонады. Менің өзім баршаларыңызға ризашылығымды білдіре отырып, жұмыстың келешекте одан әрі жалғасатынына сенім білдіремін,– деп бастады өз сөзін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев…”. Авторы: Бақыт БАЛҒАРИНА.

БАСШЫСЫНА ТАҚ ТҰРАТЫН ЕЛ – БАСЫНА БАҚ ТҰРАТЫН ЕЛ”. “Елбасы мен Ел Басының айырмасы бар

…Бір айға жеткізбей, алдыңғы күні Президент өз сөзін айтты. Ел азаматтарына, ел Парламентіне, елдің билік басындағы партиясы – “Нұр Отанның” Саяси бюросына арнауында: …“Мен әрқашан түрлі мақтау мен мадақтан биік тұруға тырысамын және осы ұстанымымда қала беремін”, дей келіп, сөзін: “Жоғарыда аталған жағдайларға байланысты, құрметті Сенат және Мәжіліс депутаттары, маған жіберілген заңдарға қол қоюдан бас тарту жөніндегі ұстанымымды дұрыс түсінулеріңізді өтінемін”, деп түйіндеді.

Дұрыс. Енді бәрі орын-орнына келді. Расында да, Елбасы мен Ел Басының арасында айырма бар еді. Парламенттің қос палатасы бұл ұстанымға байланысты кеше өз байламдарын жасады. Біз кеше күні бойы ел өңірлеріне сауал салып, танымал тұлғаларға хабарласып, Президент шешіміне байланысты пікірлерді шұғыл жинақтадық. Олар осы нөмірде жарияланып та отыр. Қазақстан халқы өз Көшбасшысының бұл ұстанымын ұлық болған сайын кішік болатын кісіліктің келісті көрінісі ретінде ғана емес, өркениетті де демократиялық мемлекеттің, Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуші елдің басшысына лайықты шешім деп бағалап отыр.

Тек бір тілегімізді жеткізгіміз келеді. Елбасымыз өзі жайындағы ел сөзінің бәрін “түрлі мақтау мен мадақ” деп қарамаса екен, өзі жайында жақсы айтқанның бәрін жағынғандай көрмесе екен дейміз. Тіпті Елбасыны мақтағанда да оның өзі Елің үшін мақтану екенін ескерсе екен дейміз. Елбасы – елдіктің бір символы. Оның үстіне “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дейтін халықпыз, бірін бірі батыр дейтін өсер елдің баласымыз…

Сондықтан да халқымыз елі сүйген, елін сүйген перзентін, тұңғыш Президентін Елбасы деп ардақтап отыр.

Елбасы мен Ел Басының арасында айырма бар. Тіпті Парламент бірауыздан шешіп беріп тұрғанда да Ел Басы атанудан Президенттің өзі бас тартуы мүмкін. Ол арасын біз біле алмаймыз.

Біздің білетініміз – “Елбасы” сөзін “Президент” сөзінің қазақы баламасындай ғана қарау ұғымның мағынасын тарылтатыны.

Ел басшысының бәрін Елбасы деуге болмайды.

Елбасы – елдің басы. Елдіктің басы. Елдің, елдіктің басында, бастауында тұрған адам. Ел болуды бастап берген, елді орнатып берген адам.

Елбасы – Мемлекетқұрушы.

Біздің кітабымыз да “Елбасы” деп аталады…”. Авторы: Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

JASQAZAQ.KZ. “Мәжіліс пен Жәмішевтің жекпе-жегі”. “Бейсенбі күні заң шығаратын “үлкен үйде” халық қалаулылары 2009 жылғы ел бюджетінің атқарылуы жөніндегі Үкімет пен Есеп комитетінің екі түрлі есебін тыңдап, айран-асыр болды да қалды.

“Екі түрлі” деуіміз Қаржы министрі: “Ойхой, бәрі тамаша!” десе, Есеп комитетінің басшысы: “Үкімет бірқатар кемшіліктер мен олқылықтарға жол берді”, – деді. Алқалы жиынның “ажарын” ашқаны – жайшылықта мінез таныта бермейтін мәжілісшілер Үкімет мүшесі Болат ЖӘМІШЕВке “азу тістерін” қаттырақ батырып-батырып алды. Айтпақшы, сөз соғысының бұрқ ете түсуіне өзге емес, Қаржы министрінің әдеттегідей ішекше шұбатылған баяндамасы себеп болды.

Бюджеттің жыры дегенде бас қатыратын басты мәселеміз – қазынадан бөлінетін қаражаттың игерілмей қалуы. Халық қалаулыларының алдында есеп берген Есеп комитетінің төрағасы Омархан ӨКСІКБАЕВтың айтуынша, 2009 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттен бөлінген 60 млрд теңге игерілмей қалған. Ол – ол ма, өткен жылы Үкімет сыртқы қарызын өтеуге 69 млрд теңгеден астам қазына қаржысын жұмсапты. Артық қарыз алу бюджет қаражатының игерілмей қалуына әкеп соқтырып, ол 2008 жылмен салыстырғанда 8,5 есеге көбейген….

Көрігі қызған қып-қызыл “айтысты” Қабиболла ЖАҚЫПОВ іліп әкетті. “Біз бұл сұрақты қаншама рет қойсақ та, жауап ала алмай келеміз! Бүгінгі таңда еліміздегі 16 аймақтың 4-уі – ғана өзін-өзі асырайды, ал 12-сі – дотацияға аузын ашып отыр. Неге? Тіпті мемлекетіміз өз аяғын тәй-тәй басқан жылдардың өзінде облыстар, аймақтар “донор” болуға шындап ұмтылатын. Ал бүгін ондай саясаттың иісі де жоқ?!. Бәлкім, Қаржы министрлігіне оларды қысқа жіппен байлап ұстау тиімді шығар?.. Қаласа – береді, қаламаса – бермейді. Мынаны қараңыздар: Есеп комитеті әшкерелегендей, “Жол картасы” бойынша 10 күндік жұмыс орнын ашқан бұлар. Ойбай-ау, сонда жұрт 355 күн бойына немен қоректенбекші?.. Қаржы министрлігі ай қарап, шошқа тағалап отыр ма?.. Өз саясатын неге өзгертпейді?.. ”, – деді ол Б.Жәмішевке қатты шүйлігіп. Жәмішев жайбарақат: “Бұл мәселе бәрімізге белгілі. Ұстанымымыз да сіздерге аян. Мысалы, корпоративтік салықты толығымен жергілікті бюджеттерде қалдыратын болсақ, соның өзінде 7 облыс дотациялық болып қала береді. Бұл Қаржы министрлігінің саясаты емес, өздеріңіз бекіткен Бюджеттік кодексте солай жазылған” деп жауап қайырды.

Бұдан кейін де бірқатар депутаттар Үкіметтің құрғақ уәдесіне тойып болғандарын айтып, “сойыл” сауалдарын аямай сілтеді. Қалай дегенмен де, бюджет жақтан шыққан дауда олар Үкіметке есе жіберген жоқ. Мұндай белсенділік жазғы демалыстың жақындағанынан шығар, бәлкім?!. Жылда солай болушы еді”. Авторы: Төлен ТІЛЕУБАЙ.

ALASHAINASY.KZ. “Шикізат игеруші компанияларға шикі кадрларды пісіру жүктелді”. “Қазақстан енді Каспий қайраңында жұмыс істеп жатқан шикізатты игеруші барлық компанияға қатысты талапты күшейтетін болады. Бұл туралы Алматыда өткен Шетел инвесторлары кеңесінің “Қазақстан экономикасын білікті еңбек ресурстарымен тиімді қамтамасыз ету мәселелері” тақырыбына арналған 23-пленарлы отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ мәлімдеді. Осы жиында бас қосқан шетел бизнес-элитасын, отандық ірі компания басшыларын және Үкімет мүшелерін сырттан тасымалданатын құрал-жабдықтарды ыждағатты түрде тексеру қажеттігіне баса назар аудартқан Елбасы: “Таяуда Мексика шығанағында болған апат осыған мысал бола алады”, – дейді…

Осыған байланысты Н.Назарбаев Үкіметке ең қысқа мерзім ішінде Қазақстандағы барлық ірі кәсіпорындарға, негізінен, өндірістік қорын тиімді жаңалау жағынан толықтай аудит жүргізуді тапсырды.

– Бұл аудиттің қорытындысы бойынша пәрменді шараларға көшу керек. Мысалы, кәсіпорынның өндірістік активін үдемелі модернизациялау бойынша ең үздік жоба конкурсын жариялау қажет. Бұл конкурсты қорытындылауға әлемдегі ең танымал, беделді мамандар тартылып, олар тәуелсіз қазылар алқасын құра алады. Ал жүлде алған жобаны сол кәсіпорындардың әрқайсысында жүзеге асыру ұсынылады, – дейді Елбасы.

Ал мамандарды дайындау мен іріктеуде Мемлекет басшысы шетел инвесторларын жеті басты міндеттің шешіміне назар аударуын, оған атсалысуын сұрады. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, Қазақстан жұмыс орындарын арттыруды қажет етеді. Осыған байланысты Елбасы, біріншіден, шетелдік компаниялардың еңбек келісімшартын жасасқанда орташа буындағы қазақстандық менеджерлер, мамандандырылған жұмысшылар (90 пайыз) және шетелдік жұмысшы күші арасында (10 пайыз) келісілген тепе-теңдікті сақтауды сұрады…

Қазақстан шетелдік университеттердің филиалдарын құру туралы идеяны қолдайды. Онда тек біздің ғана емес, ТМД елдерінің де студенттері білім ала алар еді. Қазақстан Үкіметі бұл мәселені сізбен бірлесе отырып ақылдасатын болады. Сіздің идеяңызды жүзеге асыру үшін жұмысшы тобын құратын боламыз”, – деді Н.Назарбаев шетелдік компания ұсынысына қатысты пікірінде.

Елбасы өз кезегінде Шетел инвесторлары кеңесінің мүшелерінен таяуда Астанада бой түзеген жаңа университетке қаржылық жағынан көмек көрсетуді сұрады.

 “Соңғы жылдары шетел инвесторлары біздің елімізді жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, мамандар даярлауда 160 миллион АҚШ долларын инвестициялады. Бүгіндері де шетел инвесторлары еңбек ресурсын дамытуға атсалысуда, ол жұмыстары үшін мен ризашылығымды білдіремін”, – деген Мемлекет басшысы Н.Назарбаев отырыста айтылған барлық ұсыныстың үкіметтік деңгейде талқыланатынын қадап айтты.

Қорыта келгенде, келесі Шетел инвесторларының кеңесі жиынға қатысушылармен 2010 жылы 3 желтоқсанда Астана қаласында өтетін болып келісілді”. Авторы: Кәмшат САТИЕВА.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...