«Кеден одағына және бiрыңғай экономикалық кеңiстiкке ену – тәуелсiздiктен айырылу». «Биылдан бастап “Болашақ” халықаралық стипендиясына құжаттар қолма-қол қабылданады»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 8 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Әкімшілік төлемге қатысты талаптарын орындауға келіскен соң мұнайшылар ереуілге шықпайтын болды”. “…“Қазмұнайгаз” Барлау Өндіру компаниясы өзінің құрамындағы “Ембімұнайгаз” және “Өзенмұнайгаз” өндірістік филиалдарындағы жұмысшылар жалақысы маусымның 1-нен бастап орта есеппен алғанда 25 пайызға өскенін хабарлап отыр…

… Дегенмен мұнайшылар әлі де сенімсіздік танытып отырғандарын жасырмайды….

Еске сала кетелік, биылғы жылғы сәуірдің 23-күні Прорва кенішінде болған жиналысқа қатысқан “Нұр Отан” партиясының Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес ҚОСЫБАЕВ наразылық танытып жиылыстан шығып кеткен мұнайшыларды “басшыларын сыйламады” деп кінәлаған болатын. Ол мұнайшылардың бұл әрекетін “қазаққа тән қасиет емес” деп бағалап, әрі “саясаттан хабарлары жоқ” деп сын айтқан еді.

“Нұр Отан”” партиясы өкілінің басқа кеніштерге барып не айтқанын мен білмеймін. Бірақ бізді надандардың қатарына қосқаны үшін Прорва кеніші мұнайшыларынан келіп кешірім сұрауды талап етеміз. Әйтпесе “Нұр Отан” партиясы қатарынан кету мәселесі әлі күн тәртібінде, тек алдымен еңбек ақы мәселесін шешуді жөн көргенбіз, — дейді Асылхан Мусин. Оның сөзі құптаған Прорва кенішінің жөндеушісі Болат Сақиев та, өзі ешқандай партия мүшесі болмаса да, мұнайшыларды қараңғы адам деп санаған “Нұр Отан” партиясы басшысы міндетті түрде мұнайшылардан кешірім сұрауы тиіс дейді”. Авторы: Сәния ТОЙКЕН.

EGEMEN.KZ. “ФОРУМНЫҢ БЕДЕЛІ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЕДЕЛІ”. “Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің ІІІ саммитіне қатысу үшін Ыстамбұл қаласына келді.

…АӨСШК-нің басты мақсаты халықаралық форумдарда үнқатысу арқылы Азияда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жайларын қарастыру болып табылады.

Бүгінде АӨСШК-ге Қазақстан, Әзірбайжан, Ауғанстан, Египет, Израиль, Үндістан, Иран, Қытай, Ресей, Түркия, ұзын саны 20 мемлекет мүше. Кеңес жұмысына сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, Араб мемлекеттерінің лигасы және Вьетнам, Индонезия, Катар, АҚШ, Украина, Малайзия, Жапония байқаушы ретінде қатысып келеді. АӨСШК-нің құрылымдары мен институттарына келсек, Кеңестің жоғары органы төрт жылда бір рет өтетін Мемлекеттер және Үкіметтер басшыларының саммиті болып табылады. Ал АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің кеңесі ережеге сәйкес төрт жылда бір мәрте бас қосады. 5 қараша АӨСШК-нің ресми мерекесі деп аталады…

Қазақстан Президенті келесі кезекте АӨСШК-нің қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қарастыратын жалғыз жалпыазиялық тетік болып табылатынын атап көрсетеді. Біз, дейді Нұрсұлтан Назарбаев, АӨСШК-нің бүгінгі өзгермелі заманға тез икемделе түсіп отырғанын мақұлдау тұрғысынан атаймыз және ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастығын дәйектілікпен дамытып келеді. Осыған байланысты болашақта бүкіл Еуразия кеңістігінде қауіпсіздік пен сенім мәселелерін қарастыратын қандай да бір біріккен тұғырнама құру ықтималдылығын жоққа шығармаймыз.

Қазақстан басшысы құттықтауының соңында еліміздің ЕҚЫҰ-ға төраға мемлекет ретінде Ауғанстанға ерекше назар аударып келе жатқанын атап өтті. Және Ыстамбұлда ХХІ ғасырда Еуразиядағы қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ынтымақтастықты арттыру бағыттарында іскерлік идеялар мен ұсыныстар айтылатынына сенім білдірілді…”. Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Ыстамбұлдан.

ҚАРШЫҒА АХМЕДИЯРОВ”. “Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, дәулескер күйші-домбырашы, талантты композитор Қаршыға (Қаршымбай) АХМЕДИЯРОВ 65 жасқа қараған шағында дүние салды.

Қаршыға Ахмедиярұлы 1946 жылғы 25 наурызда қазіргі Атырау облысы, Махамбет ауданы, Таңдай ауылында дүниеге келді. 1972 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факультетін бітірген. 1986-1988 жылдарда Мәскеу қаласында Жоғары дирижерлік курста оқыған…

.Ахмедияров дарынды домбырашы, дәулескер күйші ғана емес, композитор ретінде де жұртшылыққа кең танымал болды. Оның “Шашақты найза, шалқар күн”, “Шынар”, “Табыну” атты күйлер жинағы елден лайықты бағасын алды. Қаршыға Ахмедиярұлы — “Нарын”, “Қуаныш”, “Сағыныш”, “Атамекен”, “Атырау”, “Ақ қайың”, “Желдірме”, “Қайран әке”, “Жырау”, “Ғазиза”, “Қазанғап Ақжелең”, “Шамғон Ақжелең”, “Раушан гүлім”, “Би”, “Алтын ұя”, “Шабыт”, “Елбасы”, “Нұрғиса”, “Құрдастар”, тағы басқа бірнеше белгілі күйлердің авторы. Бұл күйлер қазақ халқының рухани қазынасына қосылған құнды дүниелер болып саналады. Қаршыға Ахмедияров өзінің дара талантымен, айрықша қабілетімен “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” музыкалық антологиясын әзірлеуге өлшеусіз үлес қосты.

Қаршыға Ахмедияров мәдениет пен өнердегі еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болған, “Парасат” орденімен марапатталған.

Көрнекті күйші-композитор, дарынды домбырашы Қаршыға Ахмедияровтың жарқын бейнесі оның өнерін қадірлейтіндердің есінде әрдайым сақталады”. Қазақстан Республикасының Үкіметі.

ZHASALASH.KZ. “Кеден одағына және бiрыңғай экономикалық кеңiстiкке ену – тәуелсiздiктен айырылу”. “РЕСПУБЛИКАМЫЗДЫҢ БАРЛЫҚ АЗАМАТТАРЫНА!

Тәуелсiздiгiмiзге қауiп төндi. Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы 2010 жылдың 1 шiлдесiнен бастап Кедендiк одаққа кiредi. Бастапқыда Белоруссия да бұл одаққа қосылмақ болған. Олар өз мүдделерiн жоғалтатынын алғашқы келiссөздер кезiнде анық байқады да, одан бас тартты…

Бiз, Қазақстандағы елуден астам қоғамдық бiрлестiктердi, демократиялық, оппозициялық саяси партияларды, зиялы қауым өкiлдерiн, тәуелсiз басылымдарды, жастар ұйымдарын бiрiктiрген “Тәуелсiздiктi қорғау” халықтық-демократиялық қозғалысы атынан үстiмiздегi жылдың 18 наурызында Кедендiк одаққа кiруге наразылық бiлдiрiп, мәлiмдеме жасадық. Қазақстан Республикасының президентi Н.НАЗАРБАЕВқа, Сенат пен Мәжiлiс төрағалары Қ.ТОҚАЕВқа, О.МҰХАМЕДЖАНОВқа, премьер-министр К.МӘСIМОВке жолданған ол мәлiмдемеге жауап қайтарылған жоқ. Қазақстандық билiк қоғамдық ұйымдармен, халықтың пiкiрiмен санасқысы келмейтiнiн, алған бағытынан қайтпасын сездiрдi.

Сондықтан да бiз халыққа арналған осы Ашық хатта мынаны мәлiмдеймiз:

– Кедендiк одақты және Бiрыңғай экономикалық кеңiстiктi құру Қазақстанның тәуелсiздiгi мен экономикалық мүддесiне зор залалын тигiзедi.

Қазақстан қазiрдiң өзiнде сыртқы сауда саясаты саласындағы дербес өкiлеттiгiн Мәскеудiң ұлттық органнан жоғары тұрған Кеден одағы комиссиясына аманаттады. Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк шеңберiнде бұл органға Қазақстан өзiнiң мынандай маңызды дербес экономикалық өкiлеттiктерiн:

– бiрыңғай валютаны қалыптастыруды;

– бiрыңғай базалық тарифтердi белгiлеудi;

– макроэкономикалық саясатты келiсудi өткiзiп беретiн болады. Сөйтiп теңгенiң орнына ортақ валюта жасайды; электр, газ, темiржол, т.б. қатысты базалық тарифтердi өзi белгiлей алмайтын болады; бюджет тапшылығы, мемлекеттiк қарыз, инфляция, валюта бағамы, мұнайға қойылатын бағаларды түрлiше шамалау, мемлекеттiк сатып алу, ауыл шаруашылығына субсидия беру сияқты мәселелердi өз бетiнше шешу мүмкiндiгiнен айырылады…”. ТӘУЕЛСIЗДIКТI ҚОРҒАУ” ХАЛЫҚТЫҚ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ АТЫНАН АШЫҚ ХАТҚА ҚОЛ ҚОЙҒАНДАР:

“Тәуелсiздiктi қорғау” халықтық-демократиялық қозғалысы ұйымдастыру комитетi, республикалық “Мемлекеттiк тiл” қоғамдық қозғалысы және тiркелмеген “Халық рухы” партиясы атынан: М.ШАХАНОВ; “Азат” ЖСДП атынан: Ж.ТҰЯҚБАЙ, Б.ӘБIЛОВ, Ә.ҚОСАНОВ; Қазақстан Коммунистiк партиясы атынан: Ғ.АЛДАМЖАРОВ….

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Пәтер мен қатер”. “Алдап-арбау тәсілімен Алексей “кепілде тұрған пәтерлерді” сатуды желеу еткен. Нарықтық бағамы сатылатын жекелік пәтерлерден әлдеқайда төмен бағаға әркім қызығары анық. Ол жәбірленушілерге банкте кепілде тұр деген пәтерлерді шамамен 8-15 мың АҚШ долларына әперемін деген уәде берген. Баға үйдің шаршы метріне байланысты құбылып отырған.

“Бүгінгі күні Алмалы ауданының өзінде төрт бірдей жәбірленуші табылып отыр. Олардың бәрі бірауыздан Алексейге сеніп, ешбір құжаттық рәсімдеусіз тиісті соммаларды алақанына салып бергендерін айтуда. Негізгі төлемді алаяқ сәл кейінірек алатынын, әзірге алдын ала төлеммен шектеле тұратынын айтып алдаусыратқан. Кепілдегі пәтер процедурасының күрделілігіне сүйеп, ол бұл істі ұзаққа соза берген. Жәбірленушілер арызы толас таппаған соң біз оны арнаулы іс-шара жүргізіп тұтқындадық”, – дейді Алмалы АІІБ бастығының орынбасары Дәулет МҰҚАНБЕТОВ.

Қазіргі уақытта тергеу барысында ол жалғыз еместігін, жанында Игорь есімді тағы бір алаяқ болғанын жеткізді. Соңынан ол Игорьға сеніп, өзі де пәтер алу үшін 15 мың АҚШ долларын бергенін, енді өзі тақырға отырғанын айтуда. Оның жауаптары тиянақты тексерілу үстінде. 37 жастағы Алексейдің отбасы, екі ұлы бар. Уақытша жұмыссыз. Өзінің айтуына қарағанда, осыған дейін тәп-тәуір қаржы құятын кәсібі болған. Түрлі себептерден соң бәрінен қағылған. Ол өз сөзінде бірнеше адамды осы тәсілмен, арам амалмен алдағанын айтып отыр. Ендігі сөз тергеу мен сот құзырында. Ал жәбірленушілерге бұл ащы сабақ болса кәні…”. Авторы: Арман ЖУСАНБАЙ.

ALASHAINASY.KZ. “Топ-менеджер бойындағы ұлттық рухты қалай қалыптастырамыз?”. “Саяси ұлт болудың басты шарттарының бірі – елдің ұлттық топ-менеджментін толық қалыптастыру болып саналады. Жапонияны, Оңтүстік Кореяны, Сингапурды, Малайзияның озық елге айналуының басында ұлттық топ-менеджерлер тұрды. Америкалық ғалым Фрэнсис ФУКУЯМА өзінің “Сенім” (Доверие) деген еңбегінде “Азия жолбарыстары” саналатын корейлер мен жапондардың табысты корпорациялар құра білуіне, іскер ұлтқа айналуына халық ішіндегі өзара сенім, ағайындық жылы қарым-қатынастар шешуші әсер еткенін айтады. Мәселен, Оңтүстік Кореяда Пак және Ким секілді, өзге де фамилиялар арасындағы өзара күшті бәсеке ұлттық топ-менеджерлер шоғырын қалыптастырды. Яғни бұл жерде нарықтық бәсеке ұлтты шыңдады, еңселі ел етті. Ал инновациялы ел болуды мұрат тұтқан Қазақстанда ұлттық топ-менеджерлердің, қиыннан қиыстырар кадрлардың әлеуетті тобы қалай қалыптаспақ?

Инновацияға 108 мың кадр қат

Елбасы өткен аптада шетелдік инвесторлармен кеңесінің 23- отырысында отандық кадрлар даярлауға басымдық берілу қажеттігіне ерекше тоқталып, Үкімет пен инвесторлардың алдына жеті кадрлық міндет жүктеді (ол туралы өткен санда жазылды). Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру үшін кадр керек. Экономиканың 2010-2014 жылдардағы дамуы үшін 287 мың кадр, ал соның ішінде қарқынды индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру үшін бақандай 108 мың кадр қажет. Инновациялы ел болу үшін өндірістегі төл кадрлардың үлесі 70 пайыздан асуы керек. Ал бізде әлі керісінше. Өндірістегі қазақстандық үлес небары 10-15 пайыз ғана. Жергілікті үлес Германияда – 90 пайыз, АҚШ-та – 77 пайыз, тіпті Нигерияда – 30 пайыз! Обалы не керек, инвесторлар соңғы үш жылда мамандар дайындауға және білім беру мекемелерінің базаларын жаңартуға 160 миллион доллар қаржы жұмсапты.

Соңғы бес жылда мемлекеттік бюджеттен білім беруді дамытуға 2,5 триллион теңге бөлінген. Бірақ ғарыш, биржа, нанотехнология, кибернетика, ақпараттық технологиялар, ядролық отын салаларында мамандар жоқтың қасы…”. Авторы: Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Биылдан бастап “Болашақ” халықаралық стипендиясына құжаттар қолма-қол қабылданады. Яғни, бұдан былай құжаттарды пошта арқылы жіберуге болмайды. Бүгін шет елдерде білім алу үшін құжаттарды қабылдау жұмысы басталғанын хабарлаған Білім және ғылым министрлігінің мамандары осылай деп мәлімдеді.

Биыл Президенттің “Болашақ” стипендиясы үшін 1007 орын бөлініп отыр. Құжаттарды қабылдау ісі академиялық білім алатындар үшін 30 шілдеге дейін, ал ғылыми сынақ мерзімінен өтетіндер үшін 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы жылға бөлінген орындарға мемлекеттік бюджеттен 16 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Жалпы байқауға қатысудың негізгі талаптары — 2008 жылғы ереже өзгеріссіз қалды. Қазір еліміз бойынша өтіп жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі “Болашақ” байқауына қатысу барысында есепке алынбайды. Алайда орта білім туралы аттестаттың орташа нәтижесі 4 жарым баллдан кем болмауы тиіс. Сонымен қатар шет тілін білуге байланысты ауыл мектептерін бітірген балаларға жеңілдік сақталады.

Ақерке Абылайхан, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Стратегия департаменті директорының орынбасары:

— Ауыл баласына жеңілдік — шет тілін білу деңгейі. Мысалы, жалпы байқау негізінде техникалық мамандыққа, бакалавриат бағдарламасы бойынша оқығысы келетін азамат ағылшын емтиханын 5-ке білу керек болса, ауыл баласына 3 жеткілікті балл.

Шығыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік емдеу мекемелерінде дәрігерлер ақысыз ем алуы тиіс сырқаттар мен мүгедек жандардан ақша алып келгені анықталды. Мемлекеттен бөлінетін ауқымды қаржыға қарамастан, науқастар оларға ай сайын 25 мың тенгеден төлеген. Арнайы тексеру барысында жергілікті медициналық мекемелерде басқа да осыған ұқсас заңбұзушылықтар табылды.

Тегін мемлекеттік қызмет көрсету ақылы болуы мүмкін. Бұған Шығыс Қазақстан облысының емдеу мекемелерінде жатқан науқастар мен олардың туыстары көз жеткізді. Бұл ауруханаларда дәрігерлер заң бойынша тегін емделуі тиіс азаматтардан ақша алып, қайта бұған құқы жоқ адамдарды ақысыз емдеген. Прокурорлар бұл даулы оқиғаның анық-қанығы әлі тексеріліп жатқанын, іс сотқа жіберілуі мүмкін екенін айтады.

Талғат Кайдаров, ШҚО прокуратурасының басқарма бастығы:

— Қазір қылмысытық іс қозғалу жөнінде мәселе көтеріліп жатыр. Өйткені мемлекетке, сондай-ақ өз қалтасынан ақша төлеген азаматтарға айтарлықтай шығын келтірілген.

Әзірге зардап шеккен науқастардың туыстарынан ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Дәрігерлер бұл мәселені бейбіт түрде шешіп, барлық шығынды өтеуге уәде беріп отыр. Олардың айтуынша, бұл жағдайға есеп құжаттарындағы қателіктер себеп…

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...