«Үнемделген су – үлкен ырыс. Бірақ оны қайда жібереміз?». «Қарағанды облысында “Арселор Миттал Теміртау” компаниясына қарасты Сарань шахтасында шұғыл құтқару шарасы жүргізілді»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 9 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Беларустың бұрынғы басшысының зейнетақысы екі доллардан бір еуроға төмендеді”. “Беларус қоғамы көптеген жылдар бойы кейінгіге сабақ боларлық жайтқа куә болып отыр. Бұл елдің бұрынғы басшысы, ал бүгінде биліктің қырына ілінген Станислав ШУШКЕВИЧтің өз зейнетақысының мөлшерін көбейту әрекетінен түк шықпай жүр…”. Авторы: Александр НАРОДЕЦКИЙ.

Қырғызстанның ең ірі банктерінің бірі мемлекет меншігіне өтетін болды”. “Дүйсенбі күні уақытша үкімет басшысы ОТУНБАЕВА “АзияУниверсалБанкін” мемлекет меншігіне айналдыру жөніндегі қаулыға қол қойды. Бұл қаржы институты бұрынғы президент БАКИЕВтің баласы Максим мен Михаил НАДЕЛ деген кәсіпкердің бақылауында болып келген…”.

AIKYN.KZ. “Үнемделген су – үлкен ырыс”. “Бірақ оны қайда жібереміз?

Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы түгелдей суармалы егіншілікке бейімделгендіктен, суды тиімді пайдалану өңір үшін аса маңызды. Оның үстіне облыс тұрғындарының да 60 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Сол себепті де облыс үшін суармалы су — негізгі күнкөріс көзі.

Өңірде су болмаса қарапайым қамыстың өзі өспейді. Осыған орай ағын суды тиімді пайдалану мақсатында Сырдария өзені және Арал теңізінің су тоспасы, Әйтек құрылыстар кешені, Сырдария өзеніндегі қорғаныс бөгеттері салынып, Қазалы және Қызылорда су тораптарында және Шардара мен Арнасай су тоспаларында қыруар құрылыс жұмыстары жүзеге асырылды. Нәтижесінде Солтүстік Арал теңізі суының минералдығы литріне 23 грамнан 17 грамға дейін төмендеді, су көлемі 15 текше шақырымнан 27 текше шақырымға дейін, Сырдария өзенінің қыс кезіндегі су өткізу қабілеті секундына 650-700 текше метрге дейін жетті. Қараөзек арнасының су өткізгіштігі секундына 60-тан 400 текше метрге дейін көтерілді. Сырдария өзеніне және Солтүстік Арал теңізіне құйылатын су көлемі көбеюінің нәтижесінде Арал өңіріндегі көптеген биологиялық түрлер қалпына келе бастады және суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарды. Осы жобаны іске асыру барысында жұмыссыз 2 мыңға жуық адамдар тікелей құрылыс жұмыстарына тартылды. Ақлақ су тоспасы құрылысының жұмыстары аяқталды…”. Авторы: Миуа БАЙНАЗАРОВА, Қызылорда.

EGEMEN.KZ. “КІШІЛІКТІҢ КЕЛІСТІ КӨРІНІСІ”. “Қазақстандықтар Президент шешімін қолдайды

ХАЛЫҚ СЕНІМІ – ЕҢ БИІК МӘРТЕБЕ

Елбасының республика азаматтарына, Парламентке, “Нұр Отан” партиясы Саяси бюросына арнауын баспасөзден оқып, танысып шығып, үлкен әсерде қалдым. Парламенттің ұсынған заң жобасына Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қол қоя ма екен, қоймас па екен деген сауал біраздан бері ел ішіндегі әңгімеге өзек болып жүрген-ді. Елбасы осындай атақты ресми заңдастыруға зәру ме? Елбасы деген атақ декретпен, жарлықпен, заңмен беріле ме, халықтың өз жүрек қалауының көрінісі емес пе деген пікірлер жиі естіліп жүрді. Өйткені, біз Н.Назарбаевты көптен-ақ Елбасымыз деп атап та, жазып та жүрміз. Ол үшін заң қабылдау қажет пе? Онсыз да Мемлекет басшысын бүкіл халық сыйлайды, құрметтейді. Елбасына деген ел сүйіспеншілігі жоғары, оған халық үлкен сенім артады. Мұны күн сайын сезіп те, көріп те жүрміз. Сондықтан да депутаттардың бұл бастамасы Президентіміздің беделін көтеріп, ұлықтауға көмектесе қояр ма екен деген пікірлер де болды…

Елбасының бұл шешімі – Парламент ұсынған заңдарға қол қоймай, кері қайтаруы – Н.Назарбаевтың тұлғасын бұрынғыдан да зор биікке көтере түседі. Өйткені, Президент жалған мадақ, жасанды марапат үшін емес, халық үшін, қоғам үшін, ел игілігі үшін қызмет етуді мұрат тұтады және бұл еңбегін пұлдамайды, өзіне ерекше мәртебе беруді қаламайды. Елбасына өз халқының, өз елі азаматтарының, өз отандастарының сенімінен биік мәртебе, жоғары марапат жоқ. Ел сенімі, халық құрметі Н.Назарбаевтың күш-қайратының, өмірге құштарлығының қайнар көзі болып табылады”. Авторы: Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.

ALASHAINASY.KZ. “Қазақстан ЕҚЫҰ – Азия кеңесі форумын құруды қалайды”. “…Азия кеңесінің ІІІ саммитінде сөйлеген сөзінде Ауғанстан Президенті Хамит КАРЗАЙ: “Азиядағы өзара іс- қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңес Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың құрлықтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ұзақмерзімді мақсатының жемісі болып табылады”, – деп атап өтті. Ресей премьер-министрі В.ПУТИН Ауған есірткі траффигінің мәселесін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шеңберінде қарастыруды ұсынды. Өйткені Ауғанстандағы есірткі контранбандасы аймақтық ауқымнан ғаламдық деңгейде зор қауіп төндіре бастаған. “БҰҰ есебіне қарағанда, ауған есірткісі мен героинінен әлемде миллионға жуық адамның өмірі қиылған”, – деді Ресей премьері В.Путин. Сондай-ақ ол Еуразия кеңістігі блоктардан тыс, анағұрлым қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа негізделіп жетілдірілген құрылымның қажеттігіне, Палестина мемлекетінің құрылуына мүдделі екенін білдіріп, осыған өзгелерді күш біріктіруге шақырды.

Сондай-ақ форум барысында Азия кеңесі Атқарушы директорының кандидатурасы бекітіліп, Ыстамбұл декларациясы қабылданбақ…”. Авторы: Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. 08.06.10. Қарағанды облысында “Арселор Миттал Теміртау” компаниясына қарасты Сарань шахтасында шұғыл құтқару шарасы жүргізілді. 250 жұмысшы кеніштен сыртқа шығарылды.

”Қарағанды жарық” компаниясына қарасты электр станциясында шыққан өрт салдарынан шахтада қою түтін пайда болған. Шұғыл дабыл қағылып, кеншілер қосымша жол арқылы сыртқа шығарылды. Алдын-ала болжамға қарағанда, қызыл жалын негізгі трансформатордағы ақаудан тұтанған. Мамандар өртті бір сағатқа жуық уақытта сөндірді. Қазір осы жағдайға байланысты арнайы тексеру тобы құрылды. Дегенмен күннің күрт ысып кетуі де апатты жағдайға септігін тигізуі мүмкін деген жорамал да жоқ емес.

Станислав СЫТНИК, Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:

— Қазіргі жағдайда шахта қайтадан қалыпты жұмыс жағдайына көшірілді. Әрине, апатты жағдай болысымен-ақ сақтық шаралары жүргізілді. Сондықтан кеншілер бәрі реттелгеннен кейін жұмысына кіріседі.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...