«Өзбек шекарашыларының Арнасай ауылының жолын жауып тастағанына 4 тәулік болды». «Мемлекет – «орта тап», ал халық ше?». «Әлемдік футбол – үлкен саясат алаңы»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 10 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Өзбек шекарашыларының Арнасай ауылының жолын жауып тастағанына 4 тәулік болды”. “…2001 жылы қазақ-өзбек шекарасын делимитациялау кезінде Арнасай ауылына апаратын жол өзбек жағында қалып қойған.

АУЫЛ – ҚАЗАҚТІКІ, ЖОЛ – ӨЗБЕКТІКІ

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арнасай ауылының күнделікті азық-түлік сатып әкелуге шыға алмай отырған тұрғындары сәрсенбі күні дабыл қағып, оқшауланып қалғандарын айтып шағымданды. Арнасай тұрғындарының бірі Жұмағали ОШАНОВ Азаттық радиосына телефон арқылы былай деді: “Халықтың шыға алмай қалғанына 4 күн болды. Оқитындары емтихан тапсыратын кезде оқуына бара алмай қалды. Проблема көп. Су жоқ, ішетін қазір. Тасып ішетін едік. Бірлі-жарым ауырғандар ауруханаға жете алмай жатыр. Жан-жақтың бәрін жауып тастады. Тек солдаттар тұр. Оларға барып айтсаң, «біз білмейміз, бізге бұйрық берді өткізбеңдер деп» дегенді айтып, өзбекстандық солдаттар өткізбейді. Біздің өзіміздің Арнасайдың ресми өкілдері де жоқ қой мұнда, әкімдерден ешкім жоқ. Неғып жатырсыңдар деп те келмейді ғой ешкім, бұларға халық керегі жоқ”. Осыған қатысты Азаттық радиосының тілшілері Қазақстан сыртқы істер министрлігіне хабарласқанда, ресми өкіл Асқар ӘБДІРАХМАНОВ бұл жағдай туралы білетіндіктерін айтқанымен, қандай іс-шаралар жасалып жатқаны жайлы мәлімет бере алмайтынын алға тартты.

Ал Шардара ауданы әкімінің орынбасары Ораз БЕРДЕШОВ “Интерфакс-Қазақстан” агенттігіне берген сұхбатында, облыс әкімінің орынбасары Ерлан АЙТАҚАНОВпен бірге Өзбекстан тарапымен келіссөздер өткізіп жатқанын мәлімдеген…”. Авторы: Үкілі-ай БЕСТАЙ.

Ху Цзиньтао Қазақстанға келгіштеп кетті”. “Қытай басшысы ХУ ЦЗИНЬТАО жұма күні Астанаға келмекші. Қытай Орталық Азияға экономикалық экспансиясын жеделдете жүргізуде. Сарапшылардың пікірінше, саяси қарым-қатынаста да “ақшаны кім төлесе, соның айтқаны жөн” деген принцип орныққан…

Қытай төрағасы Ху Цзиньтао Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекет басшылары кеңесінің Ташкентте өтетін кезекті мәжілісіне қатысқан соң, 11-маусымда, Қазақстанға сапарлап келеді.

9 маусым, сәрсенбі күні Маңғыстау облысында жұмыс сапарымен болған Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ телекөпір арқылы Ақтаудағы битум өндіретін зауыт құрылысын бастады. Рәсім кезінде Нұрсұлтан Назарбаев бұл зауыттың құрылысын қаржыландыру мәселесі өзінің Қытайға жасаған соңғы сапарында шешілгенін атап өтті…”. Авторы: Қазис ТОҒЫЗБАЕВ.

AIKYN.KZ. “Доп додасының дүбірі естілді”. “Ертең Оңтүстік Африка Республикасында (ОАР) футболдан ХІХ әлем чемпионаты басталады. Төрткүл дүние жұртшылығы төрт жыл бойы тағатсыздана күткен доп додасы тура бір айға созылады. Яғни жүздеген мың жанкүйер 30 күн бойы стадиондарды жағаласа, сан миллион адам теледидар алдында телміреді. Ал жарыс жолына шығатындар арасында барлық құрлықтың өкілдері бар. Атағы жер жарған Бразилия мен Италия, Аргентина мен Германия, Англия мен Уругвайдан бастап, күні кеше ғана тәуелсіз мемлекет атанған Сербия, Словакия және Словенияның ұлттық құрама командалары бар. Оған Азияның алпауыттары мен Африканың қара маржандарын қосыңыз. Міне, осы деректерден-ақ ОАР-да “жан алысып, жан беріскен” айқастың орын алатынын аңғаруға болады…

ОАР-да командалар төрт-төрттен сегіз топқа бөлініп, күш сынасады. Солардың арасынан ең көп ұпайға иелік еткен екеуі плей-офф бәсекелеріне жолдама алады. Плей-офф 1/8 финалдан басталады. Енді қай топта кімдердің ойнайтынын тағы бір естеріңізе сала кетейік:25 маусымда топтық бәсекелер тәмамдалып, келесі күні плей-офф ойындары басталады. Яғни жарыс олимпиадалық жүйе бойынша өрбіп, жеңілгені “үйді-үйлеріне” тарайды да, жеңгендері жарысты жалғастырады. Ол командалардың кездесу жүйесі мынадай…”. Авторы: Ғалым СҮЛЕЙМЕН.

Мемлекет – “орта тап”, ал халық ше?”. “Егер дөңгеленген дүниедегі барлық мемлекеттер мен халықтарды әлеуметтік әл-ауқаттарына қарай “байлар”, “орта тап”, “кедейлер” деп бөліп, оларды пирамида түрінде түзсек, Қазақ елі қай жерден орын алар еді? Үкіметбасының орынбасары Ербол ОРЫНБАЕВтың айтуынша, біздің мемлекет тура бел ортада орналасады екен.

Және де бұл өзіміз ойлап шығарған теория емес, оны халықаралық сарапшылар айтқан. Вице-премьер 2007 жылы-ақ Дүниежүзілік банктің Қазақстанды орта кірісті мемлекет ретінде бағалағандығын жеткізді. Бұл тәуелсіздік алғанына әлі 20 жыл да толмаған жас мемлекет үшін жаман көрсеткіш емес. Рас, жаһандық дағдарыстың бұл көркем көрініске қандай “штрихтер” қосқандығы, қазақстандықтардың қаншасы қатты кедейленгені туралы деректер жоқ. Қалай болғанда, алар асуымыз алда, шығар биігіміз бұдан да биік болуға тиісті…

Халықаралық жиында өзіміздің сарапшылардың пікіріне де ден қойылды. Олардың пікірінше, ел басшылығы сан қайталап, құлаққа құйып жатқанымен, алдымызда қандай жауапты іс күтіп тұрғандығы кейбір “ақпақұлақ” шенеуніктердің санасына жетпейтін сияқты. Мұның әлеуметтік салаға жауапты органдарға да қатысы бар. Мәселен, саясаттанушы Нұрлан ЕРІМБЕТОВ еліміздің өз мойнына ірі инновациялық бағдарламаларды іске асыру міндетін жүктегендігін, бірақ әңгіме қайта-қайта “Осы бағдарламаларды ертең жүзеге асыратын мамандар елде бар ма”, “Оларды біз кезінде дайындай алдық па” деген сұрақтарға келіп тіреле беретіндігін айтады. “Үкімет ел басшылығының осы тапсырмасын орындауға даярлықсыз келіп отырған жоқ па” деген сауалдар қаумалайды. “Ал мамандар жоқ болған соң біз оларды шетелден алдыртуға мәжбүр боламыз. Сондықтан бізге бүгінде мектеп партасында отырған балалардың ата-аналарының өздерін ашық әңгімеге шақырып, “келіссөз жүргізу” қажет сияқты. Өйткені еліміздің әрбір тұрғыны өзінің өмірін, болашақта кім болатынын жоспарлап алуы керек. Сол арқылы біз тым болмағанда алдағы бес жылда не болатынын болжап, соған дайын болып отырамыз. Олай болмаған күнде біз тағы науқаншылдыққа ұрынамыз” деді саясаттанушы. Ол әлеуметтік сала бойынша жоспарлау жұмыстарын тым ұзаққа созбаған жөн екендігін айтады. “Біз мүмкіндігінше елімізге қандай жұмыс қолдары керек, қандай мамандықтарға зәруміз және оларды қалай, қай жерде жұмыспен қамтимыз деген мәселелерді қазірден нақтылап, шешіп алуымыз қажет. Ал әзірше бұл мәселелер тағы да науқаншылық сипат алып отыр” деп түйді Н.Ерімбетов”. Авторы: Елдос СЕНБАЙ.

25 түлек іздестіріліп жатыр”. “Болашақ” бағдарламасына құжат қабылдау басталды

Шетелде білім алғысы келетіндердің назарын ел Президентінің “Болашақ” халықаралық бағдарламасына құжат қабылдаудың басталғанына аударғымыз келеді.

Құжаттар академиялық оқу үшін маусымның 7-сі мен шілденің 30-ы аралығында, ал ғылыми тағылымдама үшін маусымның 7-сі мен қыркүйектің 30-ы аралығында қабылданады…

Талап мемлекеттік тілге қатысты күшейіп келеді. 2008 жылдан бері сақталып келе жатқан шарт бойынша, үміткер мемлекеттік тілдегі 150 сұрақтың 90-ына жауап беруге міндетті. Әйтпесе ол үшін сыртта мемлекет қаржысына білім алуға жол жабық. Айта кетер жайт, бұл талап — Қазақстанда тұратын кез келген ұлт пен этнос өкілдеріне ортақ. Стратегиялық департамент директорының орынбасары Ақерке АБЫЛАЙХАН, сондай-ақ мемлекет қаржысына білім алып, ел игілігі үшін қызмет етуден қашып жүргендердің де барын сөз етті. Оның айтуынша, 2005 жылдан бері “Болашақ” бағдарламасымен білім алған 25 түлек құқық қорғау органдары тарапынан іздестіріліп жатыр. Ал оған дейін, яғни 1993-2005 жыл аралығында шетелде білім алғандардың 29-ы өз міндеттемелерін орындамаған. Айта кету керек, “Болашақпен” оқып келгендер мен Халықаралық бағдарламалар орталығы арасында міндетті келісімшарт жасалады. Ол бойынша, әрбір стипендиатқа міндетті түрде жақсы оқу, оқуын тамамдаған соң Қазақстанға қайтып келіп, бес жыл еңбек ету туралы міндет қойылады….”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.

7 200 бала “екілік” алды”. “Республика бойынша, мектеп бітірушілердің ҰБТ сынағы жалғасып жатыр. Әзірге алғашқы үш күннің қорытындысын шығарған Білім және ғылым министрлігінің Тестілеу орталығы сынақтан өткендердің 11 пайызы шекті 50 балды да жинай алмай, құлап қалғанын жария етті.

Орталық директоры Исатай САҒЫНДЫҚОВтың мәлімдеуінше, 3 күнде барлық өтініш бергендердің 60 пайызы тест сынақтарын тапсырған. Ең жоғарғы 125 балды республика бойынша 25 бала жинапты. Қуаныштысы — олар республиканың бір аймағында ғана топтаспаған, оңтүстік, солтүстік, батыс облыстар, Алматы, Астана қалаларынан да 125 балл жинағандар табылды. Ал өкініштісі — 7 мың 200-ден астам бала алғашқы 3 күнде-ақ жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігінен айырылып отыр. Десек те, Исатай Сағындықов биылғы тест тапсырушылардың көрсеткішін өткен жылмен салыстырғанда, жоғары бағалап отыр. Алайда таяуда ғана министр Ж.ТҮЙМЕБАЕВтың 50 деген балды 2,5 деген бағаға теңегенін ескерсек, 7 мың 200-ден астам баланың мектепті “2” деген бағаға бітіріп шыққаны қынжылтады. Әрі бұл соңғы мәлімет емес, кейінгі 5 күннің қорытындысы әлі шыққан жоқ. Әлі қанша бала “екілік” алар екен?..”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.

ANATILI.KZ. “Қоры азайып, күйі кеткен кітапханалар қамқорлыққа зәру”. “ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Бүгін әлемнің қай түкпірінде не болып жатқанынан әп-сәтте хабардар боласың. “Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған” заманауи технология – ғаламтор, ұялы байланыс сынды құралдар үлкеннің де, кішінің де ортақ игілігіне айналған. Тіпті оларсыз бір күніңіз де өтпейтін сияқты. Компьютердің бір нүктесін бас та, әлемде не болып жатқанынан хабардар бол. Бірақ осыншама дүние білімнің қайнар көзі саналар кітаптың орнын ауыстыра ала ма? Қайдам?.. Себебі – “Кітап – рухани сарқылмас қазына”…

Сонау тоқсаныншы жылдардағы оңтайландыру саясаты “сегізінші қазынамызға” өз салқынын тидірмей кетпеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізге оңай соқпады. Сол тұста еліміздің жер-жеріндегі кітапханалар жабылды. Мәселен, 1993 жылғы есеп бойынша елімізде 7023 кітапхана болса, 2002 жылы соның 2630-ы ғана қалған екен. Тек бір ғана Алматы облысында 685 кітапхана өз жұмысын тоқтатқан…

Салалық кітап санаулы

Еліміздегі еңселі кітапханалардың да жағдайына кей кездері сыни-пікірлер айтылып қалады. Ендеше, ауылдағы рухани қазына орталықтарының жағдайы нешік? Осыны білу мақсатында Алматы облысының Ұйғыр ауданына ат басын тіредік. Аудандық кітапхананың жағдайымен таныстық. Жағдайды көріп, жағамызды ұстадық…

Осыдан бірнеше жыл бұрын кітапхана саласына маңайламайтын жастарымыз бүгінде бұл салаға көптеп келе бастаған. Сонымен қатар 2008 жылы Талдықорғанда облыс әкімі Серік ҮМБЕТОВтің төрағалық етуімен “Облыс тұрғындарына кітапхана қызметін көрсетуді тиімді ұйымдастыру және оны одан әрі жақсарту туралы” алқа мәжілісі болып өткен еді. Сол жиында облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы әмбебап кітапхананың директоры Мақпал НҰРҒАЛИЕВА республикалық автоматтандырылған кітапханалық ақпараттық жүйесі (РАБИС) бағдарламасына облыс кітапханаларын көшіру жайында ұсыныс айтқан болатын. Бұл болашақта өз шешімін таппақшы. Бірақ оған арнайы 1 кабинет, компьютерлер керек. Бұл мәселе де өз кезегінде тығырыққа тіреліп отыр. Мұнда қазір бар-жоғы 4 компьютер бар. Ал өзге ауылдардағы ауылдық кітапханаларда тіпті телефон байланысы да жоқ екен”. Авторы: Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ.

Форум мақсаты – Еуразиялық Іскерлік конгресін құру”. “1-2 шілдеде Елордада өтетін “Дағдарыстан кейінгі кезеңде тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету” атты III Астана экономикалық форумы осы жылы ғаламдық экономика дамуының маңызды мәселелерін талқылау үшін әлемнің 50-ден артық елінен 2000-нан астам саяси және іскерлік топтар өкілдерінің, жетекші ғалымдардың, қоғам және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосады…

… Форумның мақсаты – Еуразия кеңістігінде инвестициялық ықтымақтастық пен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге бағытталған Еуразиялық іскерлік конгресін құру.

Алқалы жиынның алғашқы күні әлемнің мемлекеттік-жеке әріптестік орталықтарының конференциясы өтпекші. Бұл шараға МЖӘ орталықтарының төрағалары, орталық және жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары мен сарапшылар қатысады. Сондай-ақ форум аясында исламдық қаржыландыру механизміне арналған ғылыми конференция өткізу де жоспарлануда. Мақсаты – Қазақстанда исламдық қаржыландырудың тұтас жүйесін қалыптастыру. Конференцияға қаржы институттарының төрағалары, шағын және орта бизнес өкілдері, Қазақстандағы инвестициялық қор жетекшілері, т.б. қатыспақ. Сарапшылар бұл дағдарыстық кезеңдегі экономиканы құлдыратпауға бағытталған ұлттық инновациялық жүйе деп бағалап отыр. Сонымен қатар форум аясында инновациялық тенологияның дамуында маңызды роль атқаратын компаниялар мен лауазымды тұлғалар қатысатын Инновациялық Конгресс болмақ. Бұл жерде Қазақстан мен Орта Азиядағы ұлттық инновациялық экономиканың дамуы мен инновациялық саясат туралы Финляндия, Норвегия, Германия, Корея, Франция және Израиль мемлекеттерінің өкілдері ой бөліседі. Сондай-ақ индустриялды-инновациялық жобалар мен ғылыми жұмыстардың көрмесі де ұйымдастырылмақ”.

ALASHAINASY.KZ. “Әлемдік футбол – үлкен саясат алаңы”. “Футбол десе, қаны қызбайтын пенде жоқ. Cананы сиқырлайтын бұл ойында бүкіл елдің, аймақтың, ауылдың намысы сынға түседі. Содан да болар, футболшылар шеберлік сынасып жатқан кезде, алаң сыртындағы екі тараптың өзара қарсы жанкүйерлерінің жиі-жиі тәртіп бұзып, сойқан салатын әдеті үйреншікті жайт. Көбінесе, қайғылы оқиғалармен аяқталатын жанкүйерлер “соғысының” саяси астары қатпар-қатпар. Өйткені әлемдік футбол спорт қана емес, үлкен саясаттың алаңы болып отыр…

Футбол бірде қату елдерді дос етеді, бірде тату елдерді дұшпан етеді. Тарихта футбол матчтарының елдерді бітістіруші рөл атқарғанын ескермеуге болмайды. Мәселен, 1914 жылы Францияда бір-бірімен соғысқан неміс пен ағылшын солдаттарын футбол ойыны (немістер ағылшындарды 3:2 есебімен жеңді) бітістірді.1966 жылы қанға бөгіп жатқан Нигерияда соғысушы тараптар Пеленің ойынын тып-тыныш тамашалады. Футболдың жауласушы тараптарды біріктірмек түгілі, қырқыстырып жіберген оқиғалары да жетіп артылады. 1969 жылы Гондурас пен Сальвадор арасында футбол ойынынан от шықты. Екі ел арасындағы 1970 жылы Мексикада өтетін чемпионатқа жолдамаға іліктіретін футбол матчының 2-ші кезеңінде гондурастық жанкүйерлер жүздеген келімсек сальвадорлықтарды өлтіріп тастады…

Футбол дипломатиясы

Былтырлары ықылым тарихтан бері бір-бірімен ата жау Түркия мен Арменияны табыстырған, жақын еткен футбол болды. Түркия Президентінің екі ел арасындағы футбол матчын тамашалауға келуі тарихи оқиға еді. Түркия Арменияны Әзірбайжанның жері саналатын Таулы Қарабақты басып алғаны үшін кінәлайды. Ал Армения баяғы 1915 жылдары Түркиядағы “армян геноцидін” мойындауды қатаң талап етумен келеді. Қырғи-қабақ екі елдің арасын жақындатқан ойынды сарапшылар “футбол дипломатиясы” деп атап кетті. Сол сияқты футбол неміс жұртын біріктірген деседі. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тұңғыш рет біріккен Германия құрамасы (90 жылдарға дейін ГФР және ГДР болып екіге бөлініп келді) 1990 жылғы чемпионатта топ жарып, сол жеңіс екі бөлек коммунистік және капиталистік лагерьде өмір сүріп келген неміс ұлтының ың-шыңсыз бірігіп кетуіне көп себін тигізді.

Футболдық-саяси сөздік: Арбитр – Конституциялық Кеңес

Форвард – саяси партия немесе блоктың жетекшісі

Хавбек – ақпараттық шабуылға төтеп беруші қорғаушы саясаткер

Қақпашы – саяси күштердің соңғы үміті

Қосалқы ойыншы – сайлауда жеңіске жетуге мүмкіндігі жоқ, көлеңкеде қалған саясаткер.

Трансфер – саясаткерлерді бір командадан келесі командаға үлкен сомаға “сатып алу”.

ZHASALASH.KZ. “Кеден Одағына және бiрыңғай экономикалық кеңiстiкке енуге қарсымыз!”. “ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӘУЕЛСIЗДIГIНЕ ҚАТЕР ТӨНДIРУIНЕ ЖОЛ БЕРМЕЙМIЗ!

Елiмiздегi елуден астам қоғамдық бiрлестiктердi, демократиялық, оппозициялық саяси партияларды, зиялы қауым өкiлдерiн, тәуелсiз басылымдарды, жастар ұйымдарын бiрiктiрген “Тәуелсiздiктi қорғау” халықтық – демократиялық қозғалысы халыққа осындай үндеу жариялады. Ел басына тәуелсiздiктен айырылып қалу қаупi төнген сәтте кез келген саналы азамат, отаншыл патриот бүгiнгi билiктiң Ресей алдындағы дәрменсiздiгiне, одақ қамытын қайта кигiзiп, экономикалық, саяси, мемлекеттiк дербестiгiнен айырылуына төзе алмайды. Мұны редакцияға хабарласып, өз пiкiрлерiн бiлдiргендердiң сөзi де қуаттайды…”.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Аристотель мен Әл-Фараби қазір өмір сүрсе…”. “Немесе мектеп реформасы туралы ой

Жас жеткіншектерге беретін білім мен өмір үйлескенде, бірін-бірі толықтырып, жетілдіріп отырғанда ғана нәтиже береді.

Кезінде Платон: “Тақыр надандық ең үлкен жамандық емес, шала меңгерілген білімдерді жинай білу одан да жаман”, – деген екен. Қазіргі беріп отырған білім жиынтығы менің жеке пікірімше, осындай тәрізді. Пайдаға аспайтын құрғақ білім – арқалаған артық жүк. Оны түсінетін уақыт та келген сияқты. Сондықтан да, қарышты қадаммен алға басуымызды ойлап, ондай қажетсіз білім дағдыларынан дүр сілкініп, батыл арылуымыз қажет-ақ. Сонда ғана жаңғырып, жаңарып, өркениет кеңістігіне шыға алатын боламыз”. Авторы: Марат ҚАШҚЫНБАЕВ, Алматы облысы.

KAZ.GAZETA.KZ. Екібастұзда қуатты нан комбинаты іске қосылды. Елдің индустриализациялау картасына кірген, құны 1,1 млрд. теңге болатын жобаны “Энергия Капитал-1” ЖШС жүзеге асырып отыр.

Кәсіпорында 16 сағатта 24 мың тоқаш шығаратын германдық өндірістік және екі ауысымда 96 мың дана үш түрлі тоқаш шығаратын австриялық “KONIG” компанияларының екі өндірістік желілері жөндеуден өткен.

“Комбинат екібастұз халқын әртүрлі нан және тоқаш өнімдерімен қамтамасыз етеді”, — дейді оның басшысы Ақылбек ДҮРЖЕМБАЕВ.

Комбинаттың жанынан зейнеткерлер мен аймақтағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылар төмен бағамен нан сатып ала алатын дүкен ашылған.

Жаңа кәсіпорында 160 адам жұмыс істейді.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...