«Өңірлік қауіпсіздік – ортақ мүдде». «Іріленбейінше ірі табысқа жету қиын». «Шайынды су Балқашты шайып кетпесін»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 11 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Назарбаев билікте отырған кезде шетелге кеткендер елге қайтпайды”. “….Өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, Қазақстанның әрбір жоғары дәрежелі шенеунігінің шетелде қосымша паналайтын жері бар. Оның үстіне соңғы кездері тек ірі саясаткерлер ғана емес, өзінің діни, қоғамдық сеніміне байланысты қудалауға түскен қарапайым қазақстандықтар да шетелге қоныс аударуда. Қазіргі уақытта тек Чехияның өзінде балалы-шағалы екі жүзден астам Қазақстан азаматы жүр. Олар сол жерден саяси баспана алуға әрекеттенуде.

Қазақстан азаматтарының жаппай эмиграцияға кету мәселесінің айқын болғандығы сондай, Азаттық радиосы өзінің кезекті дөңгелек үстелін осы мәселеге арнап отыр….”. Авторы: Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ.

Ақшаларын даулаған кәсіпкерлер Болат Назарбаевқа талап қойды”. “…Алматының іргесіндегі салынып бітпеген “Үшқоңыр” автобекетінен сауда орындарын сатып алған төрт кәсіпкер маусымның 10-ы күні Алматыда шағын наразылық акциясын өткізді.

– Біз 2007 жылы әлі салынбаған “Үшқоңыр” автобекетінен сауда орындарын сатып алу үшін ақша төледік. Ол бекет әлі күнге жұмыс істемейді. Дегенмен өткен жылы “Үшқоңырдың” автобекет емес, сауда орталығы болып қайта тіркеуден өткендігін білдік. Енді біз шығынға батқалы отырмыз. Себебі, біз ақшамызды сауда орталығынан емес, автобекеттен орын алу үшін төлегенбіз. Ондағы ойымыз: халықаралық автобекетте келімді-кетімді кісі көп болып, тауарларымыз жақсы өтер деп үміттенген едік. Бірақ енді қаладан 30 шақырым жерде орналасқан сауда орталығына ешкім бармайтыны анық болып отыр”…

“Әлемнің ірі шаһарларының тәжірибесіне жүгіне отырып, 2007 жылдың 1-шілдесінен бастап автобекетті қала шетіне көшіру туралы шешім қабылданды”, – деген еді тұрғындармен кездесу барысында сол кездегі Алматының әкімі Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ. Сондай-ақ, Тасмағамбетовтың орнына қала әкімі болып келген Ахметжан ЕСІМОВ те қала шетінде халықаралық автобекет салу туралы бастаманы қостаған-ды.

2008 жылдың 13 қазанында, Алматы қаласына облысаралық және қалааралық жолаушылар мен жүк тасымалы, сондай-ақ халықаралық транзиттік тасымалды “Үш қоңыр” автобекетінде қабылдау жөнінде қаулы шықты. Бұл шектеу Алматыға солтүстік, батыс және солтүстік-шығыс аймақтардан келетін автокөліктерге қатысты енгізілді. 2007 жылы бас-аяғы 67 кәсіпкер құрылысы бітпеген автобекеттен сауда орындарын сатып алған болатын. 2008 жылы полиция мен өзге де билік өкілдері Алматыға келе жатқан жолаушы тасымалдайтын автобустарды Алматыға кіргізбей, жаңа автобекетке тоқтауға мәжбүрлеп көрді. Бірақ, “Үш қоңырды” халықаралық автобекетке айналдыру әрекеттері нәтижесіз аяқталған-ды”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

AIKYN.KZ. “Іріленбейінше ірі табысқа жету қиын”. “Кез келген елдің ұлттық қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі саналатын азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін азық-түлік өнімдерінің 80 пайызы ел ішінде өндірілуі керек. Бүгінгі таңда Қазақстанда ұн өнімдерінен басқа барлық түрдегі күнделікті тұтынылатын тағам өнімдерінің жартысынан астамы, кейбір тағамдар бойынша үштен екі бөлігінен аса сырттан тасымалданады.

Сол себепті де Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ биылғы Жолдауында 2014 жылға қарай азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80 пайыздан астамын отандық тағам өнімдері құрауы тиіс деген міндет жүктеді. Бұл межеге агроөнеркәсіптік кешенде еңбек өнімділігі мен тиімділігін кем дегенде екі есе көтеру арқылы жету белгіленіп отыр. Ол үшін жаңа құрал-жабдықтар, жаңа технологияларды енгізу арқылы ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеуді шұғыл арттырып, аграрлық-индустриялық әртараптандыру жұмыстары жедел жүргізілуі тиіс…

Қазақстанның Сүт одағының мәліметі бойынша, қазіргі күні республикада сүттің 5 пайызы ғана жаңа құрал-жабдықтар және заманауи технологиялармен қамтылған ірі шаруашылық кешендерінде өндіріледі. Қалған 95 пайыз сүт өндіріске тартылған он мыңдаған шағын жеке шаруашылықтардан жиналады. Бірақ сұраныстың азаюына байланысты өнімдерін өткізуде олар көптеген қиындықтарға кезігіп отыр. Егер бұл ауылдық жерлерде тұратын жүз мыңдаған азаматтардың жалғыз күнкөріс көзі екенін ескерсек, әлеуметтік тұрғыдан мәселенің қаншалықты өзекті екенін өздеріңіз-ақ шамалай беріңіз! Алайда шағын шаруашылықтардан жиналса да жергілікті сүттің сапасы шетелдік өнімнен артық болса артық та, ешқандай кем емес….”. Авторы:Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ.

EGEMEN.KZ. “ӨҢІРЛІК ҚАУІПСІЗДІК – ОРТАҚ МҮДДЕ”. “Бүгін Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің мәжілісі болады. Оның қорытындысында ШЫҰ-ға төрағалық Қазақстанға өтеді.

Ақтауда жұмыс сапарымен болған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ кеше Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің мәжілісіне қатысу үшін Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласына келді…

Шанхай ынтымақтастық ұйымы – 2001 жылдың 15 маусымында Шанхайда Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттерінің арасында құрылған халықаралық ұйым. Ұйымның негізгі мақсаты оған қатысушы елдер арасындағы өзара сенім мен тату көршілік қатынастарды нығайту, саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени шаралар бойынша тиімді ынтымақтастыққа ықпал ету, сондай-ақ өңірде қауіпсіздік пен тұрақтылықты бірлесіп қамтамасыз ету болып табылады.

Ұйымның тұрақты қызмет ететін екі органы: Пекинде орналасқан Хатшылығы және Өңірлік антитеррорлық құрылымның атқарушы комитеті бар. Қазіргі кезде ұйымға Өзбекстан төрағалық етеді…

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы бүгін болады. Алдымен ұйымға қатысушы мемлекеттер басшыларының шағын құрамдағы отырысы өтеді, одан соң Кеңес отырысы кеңейтілген құрамда жалғасады. Кеңес отырысынан соң қорытынды құжаттарға қол қойылады деп күтілуде. Сондай-ақ Кеңестің осы мәжілісінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету Қазақстанға өтеді”. Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Ташкенттен.

ЕСКЕРТКІШ МОНЕТАЛАРДЫ АЙНАЛЫСҚА ШЫҒАРУ ТУРАЛЫ”. “Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми хабары

“Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы” 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының № 2155 Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2010 жылғы 11 маусымда “Қазақстанның мешіттері мен шіркеулері” монеталар сериясынан номиналы 500 теңге “proof” сапасымен “Бекет-Ата ғибадатханасы”, “Қазақстанның флорасы” монеталар сериясынан номиналы 500 теңге “proof” сапасымен “Жабайы көкнәр” ескерткіш күміс монеталарын, “Қазақстанның қызыл кітабы” монеталар сериясынан номиналы 500 теңге “proof” сапасымен күмістен және номиналы 50 теңге нейзильбер қоспасынан жасалған “Бұйра бірқазан” ескерткіш монеталарды айналысқа шығарады…”.

Әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының 2010 жылғы Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі республикалық комиссияның хабарламасы”. “Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының 2010 жылғы Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссия аталған сыйлықты алу үшін алдын-ала іріктеуден өткен және конкурстың келесі кезеңіне жіберілген шығармалардың тізімін ұсынады….”.

TURKYSTAN.KZ. “ГОЛОЩЕКИНМЕН ТIРЕСКЕН ХАЛЫҚ КОМИССАРЫ. “Биылғы 2010 жылы, халқымыздың тарихында өзiндiк iз қалдырған iрi саяси оқиғалардың бiрi – Қазақ кеңестiк социалистiк республикасының құрылғанына – 90 жыл толды. Бұл оқиғаның құрылуы барысында пайда болған кеңестiк құрылыстың тарихы, тарихшыларымыз тарапынан әр алуан тұрғыдан бағаланғанымен де өз өмiрiн осы кеңестiк құрылыспен байланыстырып, халқының жарқын болашағы жолында күрескен қайраткерлердiң еңбегi әрдайым өзiнiң лайықты бағасын алуы ләзiм.

ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы халқымыздың тарихы Қазақ кеңестiк социалистiк автономиясының құрылуынан кейiнгi неше түрлi «эксперименттердi» басынан өткеруiмен, соның нәтижесiнде жартысына жуығы зұлымат аштықтың салдарынан қайғылы қазаға ұшырауымен және осы кеңестiк құрылыс барысында қазақтың ұлтжанды қайраткерлерiнiң ұлттық республика құру және ұлт мүддесi жолындағы табанды күрестерiнiң жарқын беттерiмен айрықша ерекшеленедi.

Өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы iрi мемлекет және қоғам қайраткерi Смағұл СӘДУАҚАСОВтың өмiр жолының бiр бел-белесi Республикадағы халқымыздың рухани-мәдени өмiрiнде ерекше орын алатын халық-ағарту комиссариатын басқарған кезеңi едi. С.Сәдуақасов бұл кезде бар болғаны жиырма бес жаста болатын…

Сондай-ақ, Халық ағарту комиссариатында iстейтiн жауапты қызметкерлерге С.Сәдуақасовты қаралап, еңбектер жазу жөнiнде арнайы тапсырма да берiлдi. Халық ағарту комиссариатының құрамына қызмет еткен А.БОЧАГОВ кейiннен өзiнiң естелiктерiнде былай деп мойындаған болатын: «В 1926-1927 годах в силу самой логики борьбы за генериальную линию нашей партии я взялся за подготовку брашюры об Алаш-орде, в которой, разумеется, говорилось о контреволюционном характере национального движенья в Казахстане. … Последние страницы брошюры были посвящены показу идентичности некоторых высказиваний С.Садуакасова и его сторонников с программными положениями алашордынцев в 1918-1919 годах». (Богачев А.К. У истоков. Воспоминания. Алма-Ата, 1971. с 101-102.)…”. Авторы: Досалы САЛҚЫНБЕК, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

ОҚУШЫЛАР МЕКТЕПСIЗ ҚАЛДЫ”. “Кезiнде үш жүздiң басын қосқан Ордабасы тауы – бүгiнде Оңтүстiк Қазақстан облысындағы үлкен бiр аудандардың бiрi. Осы ауданға қарайтын көршiлес Бiрлiк және Жамбыл (ескi атауы Тоқболат) елдi мекендерi бар. Бүгiнде бұл екi ауылдың мектеп оқушылары сан жақта шашырап, босып жүр. Олай дейтiнiмiз, аталмыш екi ауылға ортақ Қосжан Мүсiрепов атындағы үлкен бiр мектеп бар едi.

Абай Валиев мырза басқарған бұл мектеп 2008-2009 оқу жылдарынан кейiн екi ауылдың балаларына, яғни мыңдаған оқушының өмiрiне қауiп төнiп тұрғандықтан жабылып қалған. Негiзi 1990-1991 жылдары қаланған бұл мектеп 20 жылға жетпестен құлай бастаған. Бұл деген мектептiң құрылысы қалай болса солай жүргiзiлген деген сөз емес пе?! Осы уақытқа дейiн ауыл мұғалiмдерi 1-9 сынып оқушыларын 3-4 ауысымда 4-5 бөлмелi ескi кеңседе амалсыз оқытып келсе, 10-11 сынып оқушылары 7-8 шақырым жердегi Көлтоған (Мамаевка) ауылына қатынап оқуға мәжбүр. Мүмкiндiгi болған бiрен-саран оқушы ғана Бадам елдi мекенiндегi С.Сейфуллин атындағы орта мектепке бiржолата жайғасқан. Небәрi бiр-екi жылдың iшiнде жаңа мектеп салынып, көпшiлiктiң көңiлiн жайландырады екен деген сыбыс шыққанымен, ауыл тұрғындарының жағдайын әзiрге ешкiм сұрай қойған жоқ. Ауыл жастарының бiлiм алуына толыққанды жағдай жасай алмасақ, келешегiмiзден не үмiт күтемiз?! Елбасымыздың «Ауыл жылдары», «Дипломмен ауылға», «100 мектеп, 100 аурухана» сынды мемлекеттiк бағдарламасы қабылданып жатса да, бұл екi ауылдың бағы әлi жанбай тұр”. Авторы:Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ, ХҚТУ-дың журналистика бөлiмiнiң 1-курс студентi.

ALASHAINASY.KZ. “Шайынды су Балқашты шайып кетпесін”. “…Балқаш қаласының, Көкше теңіздің экологиялық хал-ахуалы туралы соңғы жылдары жиі әңгіме қозғалып келеді. Бетпақдаланың құмы Табақкеңтақыр атты тасты шөлге ұласатын, солтүстігінде Арқаның ұсақ шоқыларына жалғасар өңірдің шегінде орналасқан мысшылар қаласының экологиялық ахуалы шын мәнісінде сын көтермес жағдайда…

Осынау орайсыз шаруаның бір ұшы Балқашта құбырларды тазартумен айналысатын мекеменің жоқтығына барып тіреледі. Эколог мамандар бұл орайсыздықты осыдан бірер жыл бұрын “тарихи шешімін күткен мәселе” деп тапқан болатын. Қазір қаланы инженерлік қорғау жүйесіне керекті шаруалар шешімін күтіп, тазалау орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр

Жібек ҚОЙБАҒАРОВА, Балқаш қаласы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор:

– Қала маңында жинақталған тұрмыстық-өнеркәсіптік қалдықтарды залалсыздандыру тарапында, негізгі жұмыстар арнайы полигонда жүргізілуі керек. Мұндай полигон қаладан сегіз шақырым жерде орналасқан. Мұнда тұрмыстық қалдықтан гөрі өнеркәсіптік қалдықтар басым. Осының өзі едәуір мәселе тудырады. Мәселен, аталмыш полигонда қазір 4 298,634 мың тонна өнеркәсіп қалдықтары қордаланса, мұның 4 290,42 мың тоннасы қауіптілігі үш және төрт класты болатын заттар. Өнеркәсіп қалдықтарын залалсыздандыру жұмыстары небары 12 пайызға орындалып отыр. Жалпы, Балқаш аймағындағы зиянды қалдықтарды жою мәселесін шешу үшін салалық және аймақтық үлкен бағдарлама керек. Олай болмаған күйде, экологиялық ахуал жақсара қоймайды…”. Авторы: Серік Сағынтай, Қарағанды.

ABAI.KZ. “Әділ Тойғанбаев: “Құқықтық мемлекет құруға “шығындалғысы” келмегендер бәрінен ұтылады”. “Елбасы «Ұлт көшбасшысы» туралы заңға қол қоюдан бас тартқан күннен бір күн бұрын «Жұмадағы ЖҮЗДЕСУ» газетінің тілшісі Қазақ Ұлттық Конгрессінің көсемі Әділ ТОЙҒАНБАЕВпен сұхбаттасқан еді.

— Ұлт көшбасшысы деген лауазымды енгізу туралы бастама көтерілді. Ел басқарудың ең жоғары құзыреттері берілгелі отырған ұлт көшбасшысына қатысты сіздің көзқарасыңыз қандай? Бұл Конституцияда көрсетілген демократиялық жолдан ауытқи бастағанымыздың көрінісі емес пе?

— Бұл мәселеге біржақты баға беру қиын. Өйткені, “не” және “не үшін” деген сауалдардың арасында үлкен айырмашылық бар.

Басқарушы партия басшылығының Президентке ұсынып отырған қызметі жақсылықтың нышаны емес. Осы кезге дейін бір адамның билігі нығайып, жеке-дара билік ету тенденциясы етек ала бастағанын, президенттің өкілеттілігі күшейіп, елді шексіз басқару мүмкіншілігі берілетінін ауызекі әңгімеде ғана айтып жүрсек, енді бәрі ашықтан-ашық жасалғалы отыр. Шенеуніктердің қиялы бұдан басқа нәрсе ойлап табуға жетпеген сияқты. Жалпы, олардың бастамасы екі-ақ бағытта болады: уақытты тоқтатып қою және көзі тірі адамдардан монумент жасау. Тарихқа қатысты басқадай іс-шараға олардың шамасы жетпейтін секілді.

Шенеуніктердің жұтаң қиялы беделімізден айырады. Соның салдарынан билікті сақтап қалу үшін жөн-жосықсыз әңгіме айтып қана қоймай, енді оны ақылға сыймайтын тәсілмен іске асыру туралы бастама көтеріп, режімдер лигасының деңгейіне түсіп отырмыз. Бейнелі түрде айтсақ, Венесуэла лигасынан НИЯЗОВ кезіндегі Түркіменстан лигасына ауысып жатқан секілдіміз. Бұған дейін демократияны бер жақтарынан болса да жақтап келген ел басшылары енді әдеп пенен ұятты ысырып тастап, ашықтан-ашық авторитарлық арсыздыққа барып отырғандай  елестейді…

Бұл Қазақстанды Түркіменстанға айналдырғысы келетіндерге берілетін ең әділ әрі стратегиялық жағынан да ең дұрыс жауап болар еді. Сондай-ақ, бұл басқарушы команданы кәсіби негізде қайта жаңғыртамын деушілерге де жол ашар еді…

— Сонда қалай, Украинаның ұстанған жолы ең дұрысы болып тұр ма?

-Біз үшін ең маңыздысы — өз жолымызды, қазақ жолын табу. Бізге біреудің етегіне жармасудың қажеті де, мәні де жоқ. Ең алдымен бір нәрсені анықтап алу керек. Құқықтық мемлекет құруға “шығындалғысы” келмегендер түбі бәрінен ұтылады. Сарай маңындағылар демократиялық республика біздің ғана арман деп емес, олардың да өз пайдасы болатынын неғұрлым ертерек түсінсе, соғұрлым жақсы болмақ. Олар ойдан шығарып алған авторитарлық арба ешқайда апармайды”. (10/06/2010 «Жұмадағы ЖҮЗДЕСУ»).

KAZ.GAZETA.KZ. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Премьер-Министрдің атына сауал жолдаған сенатор Болат ЖЫЛҚЫШИЕВ Үкіметтен Оңтүстік Қазақстан облысына конго-қырым қанды безгегінен сақтану үшін қосымша қаражат бөлуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оңтүстік Қазақстан өңірі эпидемиологиялық, әсіресе конго-қырым қанды безгегі инфекциясының таралуы бойынша жағымсыз аймақ болып отыр. Эпидемиологияға қарсы жүйелі шаралардың қамтылмауы салдарынан соңғы жылдары бұндай кеселді жайттар орын алып келеді. 2009 жылғы шілде айында аталған жұқпалы дерттің 23 оқиғасы тіркелді. Онда 8 адам қайтыс болды. Ал ағымдағы жылдың өзінде қанды безгекті жұқтырудың 10 оқиғасы орын алып, 3 адам көз жұмды”, — деді Б. Жылқышиев.

Сенатордың айтуына қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі аталған жұқпалы нәубетпен күреске 380 млн. теңге бөлген. Ал жүргізілген шаралардың тиімділігі тек 40-45 күннен соң ғана белгілі болатын көрінеді. Сондықтан да, жүргізілген жүйелі шараларды ағымдағы жылғы маусым-шілде айларында тағы қайталау қажет…

Үкімет үйінде Қазақстан Республиасының Премьер-Министрі Кәрім МӘСІМОВтің төрағалығымен білім беру мәселелеріне арналған республикалық кеңес болды. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары, орталық атқарушы органдардың басшылары, облыс әкімдерінің әлеуметтік саланы басқаратын орынбасарлары, облыстық білім басқармаларының бастықтары, мемлекеттік және жеке жоғары оқу орындарының, мекемелерінің және білім беру қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысты, деп хабарлады ҚР Үкіметі басшысының баспасөз қызметі.

Кеңеске қатысушылар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жасаған 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жобасын егжей-тегжейлі қарады.

Білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі даму стратегиялық жоспарын жүзеге асырудың өзекті бағыттарының бірі. “Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысы, көңіл-күйлеріне байланысты”, деп атап көрсетті Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ “Жаңа онжылдық-жаңа экономикалық өрлеу-Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында…

Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім МӘСІМОВтің төрағалығымен “Астананың жаңа университеті” АҚ директорлар кеңесінің кезекті отырысы болды, деп хабарлады Үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Отырысқа қатысушылар университеттің даярлық орталығына оқытуға қабылдау ережелерін, оның Халықаралық консультативтік және Өнеркәсіптік кеңестерінің құрамын бекітті, сондай-ақ университет қызметін ұйымдастырудың басқа да мәселелерін қарады.

Астананың жаңа университетінің ашылуы 2010 жылғы маусымның 28-іне белгіленіп отыр, бұл күні жетекші халықаралық оқу орындарымен — университет әріптестерімен серіктестік келісімдерге қол қою жоспарлануда. Қазіргі кезде Қазақстанның барлық аймақтарында Астананың жаңа университетіне қабылдау емтихандары өтіп жатыр. Оған 3 мың талапкерден өтінім түсті, солардың ішінен 500 таңдаулы студент іріктеліп алынады.

Астананың жаңа университеті Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың бастамасымен білім мен ғылым жүйесін алға дамытуды қамтамасыз ету және халықаралық деңгейге шығару, елдің ғылыми-техникалық және инженерлік элитасын қалыптастыру үшін құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...