«Қырғызстандағы қақтығыстардан қаза тапқандар мен жарақат алғандар саны көбейіп отыр». «Саяси өрт сөндіру міндеті Қазақстан еншісіне бұйыра бере ме?». «Көші-қон – қоғам өмірінің айнасы»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 14 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қырғызстандағы қақтығыстардан қаза тапқандар мен жарақат алғандар саны көбейіп отыр”. “…Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің дүйсенбі күнгі күндізгі мәліметі бойынша, елдің оңтүстігіндегі этникалық қақтығыстан қаза тапқандар саны 117 адамға жетті. Олардың көпшілігі Ош облысында және біршама кісі Жалал-Абад облысында қаза болды. 800-ге жуық адам ауруханаға жатқызылып, екі жарым мыңға жуық кісіге медициналық жәрдем көрсетілген. Бейресми дерек көздері қақтығыстар барысында зардап шеккендер саны бұдан бірнеше есе көп дейді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі көрші елдегі қақтығыстардан зардап шегушілер арасында қазақстандықтар жоқ деп хабарлады. Министрліктің баспасөз хатшысы Ілияс ОМАРОВтың айтуынша, “қазіргі таңда мәліметтер тексеріліп жатыр”.

Алайда Қырғызстандағы қақтығыстар кезінде қаза тапқандардың арасында шетел азаматы бар екендігі анықталып отыр. Пәкістан сыртқы істер министрлігі Ош қаласындағы медициналық университеттің соңғы курс студенті Али РЕЗА этникалық жанжалдар кезінде қаза тапты деп хабарлады. Пәкістан және Үндістан үкіметтері қақтығыс ошағында оқитын жүздеген студенттер елдеріне шыға алмай отыр деп дабыл қақты…”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

Қырғыз-өзбек қақтығысы Ферғана оқиғасының 20 жылдығымен тұспа-тұс келді”. “…Оның пайымдауынша, мәселеге БҰҰ, ЕҚЫҰ тәрізді халықаралық ұйымдар араласпаса, этникалық қақтығыс ұлғая түсетін түрі бар…

1990 жылы маусым айында да Қырғызстанның Ош және Үзген қалаларында қырғыздар мен өзбектер арасында қақтығыс болған. Ресми деректер сонда 1200 адамның қаза тапқандығын куәландырса, тәуелсіз сарапшылар 10 мың адамның қаны төгілгенін айтады. Сол кезде Өзбекстан өзбектерінің Қырғызстан оңтүстігіне жасамақ болған қарулы жорығын жүгендеудің сәті түскен. Қазір де сарапшылар Қырғызстан оңтүстігіндегі жағдайдың Ферғана даласына тарау қаупінен сескенеді. Өйткені Ферғана – Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан шекараларының түйіскен тұсы”. Авторы: Дильбегим МАВЛОНИЙ.

AIKYN.KZ. “Түймебаев тесті қорытындылады кемшілікпен қалай күрескендігін де ашық айтты”. “Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында тестілеуге кірер кезде, тест тапсырушы талапкердің орнына кіріп бара жатқан 6 адам ұсталды. Тест барысында оқушылардан барлығы 4 761 ұялы телефон, 200-ден астам калькулятор, фотоаппарат және үлкен көлемдегі шпаргалка табылды.

ҰБТ тапсыру ережесін бұзғаны үшін 24 оқушы аудиториядан шығарылып, олардың ҰБТ-да жинаған ұпайлары жойылды” деді ҰБТ нәтижесін қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министрі Ж.ТҮЙМЕБАЕВ. Министрдің мәліметінше, маусым айының алғашқы онкүндігінде өткен жалпыұлттық білім бәсекесіне 107 543 түлек қатысқан. Оның 67 743 -і қазақ, 39 800-і орыс тілінде тест тапсырған. Бұлардың 43-і тесттегі 125 ұпайды түгел жинаған. ҰБТ-ға арналған 154 пунктің 49-ы қалалық, 105-і ауылдық жерде орналасқан. ҰБТ өткізу пункттеріне министрліктен 154 программист, 154 апелляциялық комиссияның төрағасы және 279 министрлік өкілі жіберілген. Ата-аналар қауымы мен үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ өкілдерінен құралған 2 бақылаушы тест барысында аудиторияларды қадағалап жүрген. Министрлік ҰБТ-ны ұйымдасқан түрде өткізу үшін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында арнайы штаб құрған. Республика бойынша ҰБТ-ның былтырғы орташа балы — 74,9 болса, биылғы орташа балл — 84,84-ке жетіп жығылған. Орташа балды есептеу кезінде аймақаралық қатысушылардың орташа пайызы есепке алынған. Ең жоғары орташа балл Астана қаласында — 97,43; Павлодар облысында — 94,36; Шығыс Қазақстан облысында — 93,29 және ең төменгі орташа балл: Жамбыл облысында — 76,16, Ақмола облысында — 79,27, Қостанай облысында — 80,16 пайызды көрсеткен. “Алтын белгіге” үміткер 3 632 түлектің 3573-і тестілеуге қатысып, оның 2529-ы өз білімін дәлелдеп, 100 балдан жоғары ұпай жинаған. Ал 11597 түлек 50 балға да жете алмаған. Министрдің сөзіне қарағанда, биылғы жылғы ҰБТ ережелеріне сәйкес жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсуге және гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін қажетті төменгі балл саны өзгертілді. Биылғы жылы ақылы оқуға тестілеу нәтижелері бойынша 50 балл, ал “Жалпы медицина” мамандығы бойынша кемінде 55 балл, оның ішінде бейімдік пәнінен кем дегенде 7 балл, ал қалған пәндерден ең төмені 4 балл жинаған талапкерлер ғана қабылданады. Республикалық апелляциялық комиссияның қарауына республика бойынша өткен жылы — 1138, биыл 538 өтініш түсіпті. Өтініштердің 117-сі қанағаттандырылған көрінеді”. Авторы: Қанат МАХАМБЕТ.

EGEMEN.KZ. “ЖИЫРМА ЖЫЛДА ЕУРОПА ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРДІ”. “11 маусымда Данияның астанасы Копенгаген қаласында “ЕҚЫҰ Копенгаген құжатының 20 жылдығы: мәртебесі мен келешегі” халықаралық конференциясы өз жұмысын аяқтады. Газетіміздің кешегі нөмірінде хабарлағанымыздай, ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттен келген үш жүзге тарта өкілдер қатысқан бұл беделді форум Қазақстан, Дания және Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюроның (ДИАҚБ) бірлескен бастамасымен өтті.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде ЕҚЫҰ-ның Іс басын-дағы төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВ, Данияның Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Лене ЭСПЕРСЕН ханым және ДИАҚБ директоры Янеш ЛЕНАРЧИЧ сөз сөйледі…

Адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын сақтау және қорғау демократияның дамуы, төзімсіздік және кемсітушілікпен күресу бірыңғай әрі бөлінбейтін қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі болып табылады. Сондықтан да ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығы Ұйым қызметінің гуманитарлық өлшеміне басым назар аударады, әрі оның дамуына өзіндік лайықты үлес қосуына ниетті.

Қазақстан үшінші өлшемнің көкейкесті мәселелері бойынша ондаған іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, 17-19 мамырда Варшавада өткен гуманитарлық өлшем бойынша жыл сайынғы семинар сот тәуелсіздігі мен қоғамның әділ сотқа қол жетуі тақырыбына арналды. Осы жылдағы алғашқы Қосымша кеңес гендерлік тепе-теңдік пен әйелдер-дің қоғамдық және саяси өмірге қатысуы тақырыбына арналған болатын. Биылғы жылдың аяғына дейін аз ұлттар өкілдеріне арналған білім беру және дін бостандығы бойыншы тағы екі қосымша кеңес, сонымен қатар, сайлау кезіндегі электрондық дауыс беру жөнінде семинар өткізілмек. Гуманитарлық өлшемінің айрықша іс-шарасы 29-30 маусымда Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның толеранттылық пен кемсітпеушілік жөніндегі жоғары деңгейдегі конференциясы болмақ…

.Саудабаев атап өткендей, Қазақстан өзінің жаңа техноло-гиялар саласындағы тәжірибесімен белгілі болған Дания бизнесінің Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысуына мүдделі.

Сапар аясында дипломатиялық паспорт иелерін визалық талаптан босату туралы ноталарымен алмасты. Визалық талаптарды жою, ең алдымен екі елдің ресми өкілдерінің, соның ішінде саяси, экономикалық, ғылыми және мәдени салаларындағы байланыс-тардың жеңілдеуіне жол ашады”. Авторы: Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ – Копенгагеннен.

ALASHAINASY.KZ. “Саяси өрт сөндіру міндеті Қазақстан еншісіне бұйыра бере ме?”. “…Бұл жолғы мәжілісте ШЫҰ-ның төрағалық тізгінін қайта қолына алған Қазақстан ұйымның 10 жылдық мерейтойлық саммитін 2011 жылы 15 маусымда Астанада өткізетін болды…

Осы арада аймақтағы тұрақсыздыққа (Қырғызстан, Ауғанстан) байланысты Қазақстан төрағалықта “өрт сөндіруші” міндетіне кіріспек…

Сонымен, саммит қорытындысы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Мемлекет басшылары кеңесінің 10-мәжілісінің декларациясы қабылданды. Декларацияда ұйым елдері Қырғызстандағы жағдайды реттеуде ортақ ұстанымын айқындап, оған алаңдаушылығын білдірген. Құжатта “Қырғызстандағы биліктің заңды жолға түсуі және жағдайдың тұрақталуы мақсатында жан-жақты көмек көрсетуге дайындық” көрініс тапты.

Сонымен қатар ШЫҰ елдерінің басшылары ұйымға жаңа мүшелерді қабылдау тәртібі туралы ережені бекіту туралы, ШЫҰ процедураларының ережесін бекіту туралы, ШЫҰ-ның өткен жылғы қызметі туралы ШЫҰ Бас хатшысының баяндамасын бекіту туралы, ШЫҰ-ның Өңірлік антитеррорлық құрылымының 2009 жылғы қызметі туралы, ШЫҰ-ның Өңірлік антитеррорлық құрылымы кеңесінің баяндамасын бекіту туралы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Мемлекет басшылары кеңесінің шешімдеріне қол қойды. Сонымен қатар Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан және Тәжікстанның сыртқы істер министрлері ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы және қылмыспен күрес туралы келісімдер жасасты”. Авторы: Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ.

JASQAZAQ.KZ. “Көші-қон – қоғам өмірінің айнасы”. “….Жүз мыңдаған жұрт тарихи Отанына оралып жатыр. Себебі, шетелдегі қандастарымызды елге әкелу – Қазақстанның ұзақ мерзімдік стратегиялық мақсатына сай. Сондықтан, репатриант мәселесі маңызды мемлекеттік шаралар қатарында. Мемлекет оған қыруар қаржы бөледі. Мемлекеттік бағдарламасы жасалған. “Оралмандар туралы” Заң қабылданған. Бірақ біздің бүгінгі тақырыбымыз сыртқы миграция емес. Бізде әлі толық зерттелмеген, болашағы болжанбаған құбылыс бар: ол – ішкі көшіп-қону мәселесі. ..

“Қазақстанның демографиялық есебінің” 2008 жылғы жинағында мынадай деректер келтіріледі: 1999 жылы ішкі көші-қон 232,4 мың адамды, 2006 жылы – 295,1 мың адамды, 2007 жылы – 311,7 мың адамды қамтыған. Көшіп-қонушылардың басым көпшілігі 18-40 жас аралығындағы қазақ ұлтының өкілдері: олар көшкіншілердің 1999 жылы – 69,4%-ын, 2006 жылы – 79,1%-ын, ал 2007 жылы – 83,3%-ын құрайды. Яғни сыртқы көші-қонда өзге ұлт өкілдерінің Қазақстаннан кетуі басым болса, ішкі көші-қонның негізін қазақтар құрайды екен. Біз бұл есептің қандай жолмен жасалғанын білмейміз. Дегенмен, ішкі көші-қонның ауқымы бұдан да зор болар деп ойлаймыз. Себебі, Қазақстанда бұрынғы құжатпен тіркелу институты жойылды да, ішкі миграция стихиялық бағытқа бет бұрды. Мысалы, жыл сайын ауыл мектебін бітірушілердің ауылда қалатыны некен-саяқ болуы әдетті жағдайға айналды. Олардың көбі еліміздің түпкір-түкпіріне шашырап кетуде. Ауылда олардың болашағына алаңдап, белсенді еңбекке жарамсыз ата-аналары қалуда…”. Автор: Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, философ-публицист.

KAZ.GAZETA.KZ. Қызылордада “Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау” (САРАТС-2) жобасының екінші кезеңі бойынша атқарылуы тиіс жұмыстарды қайта сараптаудан өткізу жөнінде мәжіліс болып өтті.

Мәжіліске облыстық басқарма басшылары, су шаруашылығы мамандары қатысты. Онда САРАТС-2 жобасы талқыланған қоғамдық тыңдауларда бірнеше ұсыныстар айтылғаны атап өтілді. Екінші кезеңге бетбұрыс жасалған шақта 2009-2010 жылдары су тапшылығы болатыны туралы мәселе көтерілген. Бірақ болжамдар теріске шығып отыр. Бүгінде Шардарадан төменге қарай 1400 текше метр су түсуде. Мұншалықты молшылықты тиімді пайдаланып қалу керек. Елбасы бастамасымен салынған Көксарай су реттегіші де әу баста жобада қарастырылмаған еді. Уақыт өте келе жоба осындай тиімділігі дәлелденген ірі-ірі өзгерістермен толығып жатыр. Оның үстіне ауыл шаруашылығына суды үнемдеу технологиялары батыл енгізілуде.

САРАТС-2 жобасының екінші кезеңі бойынша атқарылуы қажет жұмыстарды зерттеу және Көкарал бөгетінің алдына жиналатын суды 50 метр деңгейге көтеру мәселесін сараптау үшін жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына республикадағы алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу институттары мен халықаралық ұйымдар басшылары келісіміне сәйкес енгізілді. Жұмыс тобына Сарышығанақ жобасына балама болатын ұсыныс енгізу үшін жан-жақты зерттеулер жасау жүктеліп отыр. Жұмыс тобынан экологиялық, экономикалық, техникалық, инженерлік тұрғыдан терең зерделенген ұсыныстар күтілуде.

Жобаның 2-кезеңінің техника-экономикалық негіздемесін әзірлеуді Нидерланды елінің Arcadіs Euroconsult, Данияның DHІ Water & Envіronment, Ұлыбританияның Jacobs — Babtіe компанияларының қауымдастықтары және Қазгипроводхоз институты қолға алды….

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...